Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 844 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 қарашадағы № 941 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 24.11.2015 № 941 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 506 бұйрығын қараңыз.


      «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 8-бабының 14) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 844 қаулысымен   
бекітілген      

Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртібін айқындайды.
      Ғарыш объектілері мен әскери (қосарлы) мақсаттағы техникалық құралдарды кәдеге жарату, сондай-ақ кәдеге жаратылғандарын өткізуберу, есепке алу және есептен шығару Қазақстан Республикасының қорғаныс туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) кәдеге жарату – өз ресурсы сарқылған, табиғи тозған, халық шаруашылығы қажеттілігінің мүддесінде оларды тиімді пайдалану және қосымша өнім мен шикізат алу мақсатында шарттық міндеттемелерге сәйкес жойылатын пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды бұзуды, бөлшектеуді, қайта өңдеуді қамтамасыз ететін ұйымдық-техникалық іс-шаралар мен технологиялық процестердің кешені болып табылатын ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың өмірлік циклінің соңғы сатысы;
      2) техникалық құралдар – ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерінің құрамына кіретін және пайдаланудың барлық кезеңдерінде олардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техниканың кез келген (механикалық, электр, электрмагниттік, электрондық) түрі.

2. Кәдеге жарату тәртібі

      3. Мыналар:
      1) сақтаудың кепілді мерзімі өткеннен кейінгі ғарыш аппараттары, тиісті макеттер мен оқу-жаттығу құралдары;
      2) тасымалдағыш зымырандардың, екпін алу блоктарының және ғарыш аппараттарының (оның ішінде дайындаушы зауытта орналасқан) жабдықтары;
      3) қайта жаңарту немесе күрделі жөндеу кезінде босайтын техникалық құралдар;
      4) пайдаланудан шығарылған техникалық құралдардың құрамдас бөліктері;
      5) мақсат бойынша пайдаланғаннан және Жерге қайта оралғаннан кейін ғарыш аппараттарының түсу аппараттары мен капсулалары кәдеге жаратуға жатады.
      4. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жаратуға ұсыну үшін:
      1) нормативтік-техникалық құжаттамада айқындалған пайдалану мерзімінің өтуі;
      2) табиғи тозу (пайдалану мерзімі өткенге дейін);
      3) ескірген жабдықты жоспарлы ауыстыру;
      4) қолайсыз климат факторларының, дүлей апаттардың, өрттің әсері салдарынан жөндеудің және қалпына келтірудің экономикалық тұрғыдан орынсыздығы;
      5) тікелей мақсаты бойынша пайдалану қажеттілігінің болмауы негіз болып табылады.
      5. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату үшін ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар кәдеге жаратылуға тиіс ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың тізбелерін ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жолдайды, онда:
      1) атауы, индексі;
      2) шығарылған жылы;
      3) зауыттық нөмірі (бар болса);
      4) саны;
      5) жиынтықтаушы бұйымдардың болуы;
      6) орналасқан немесе жиып қойылған жері;
      7) техникалық құжаттаманың болуы көрсетіледі.
      6. Уәкілетті орган кәдеге жаратылуға тиіс ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың тізбелерін алғаннан кейін бір ай мерзімде оларды ғарыш объектілері мен техникалық құралдарға қажеттілікті айқындау үшін уәкілетті органның қарамағындағы ұйымдарға жолдайды.
      7. Уәкілетті органның қарамағындағы ұйымдар кәдеге жаратылуға тиіс ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың тізбесін алғаннан кейін бір ай мерзімде тиісті ғарыш объектілері мен техникалық құралдарға қажеттілікке еркін нысандағы жазбаша өтінімді уәкілетті органға жолдайды немесе ондайдың жоқтығы туралы жазбаша хабарлайды.
      8. Уәкілетті орган ғарыш объектілері мен техникалық құралдарға қажеттілікке өтінімдерді алғаннан кейін кәдеге жаратылуға тиіс ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды уәкілетті органның қарамағындағы ұйымдарға:
      1) жеке меншіктегі ғарыш объектілері мен техникалық құралдар үшін – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында;
      2) мемлекеттік меншіктегі ғарыш объектілері мен техникалық құралдар үшін – Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беруді ұйымдастырады.
      9. Уәкілетті орган ғарыш объектілері мен техникалық құралдарға қажеттілік жоқ екендігі туралы хабарлама алған жағдайда бұл ғарыш объектілері мен техникалық құралдар кәдеге жаратуға жатады, ол туралы уәкілетті орган осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға екі ай мерзім ішінде жазбаша хабарлайды.
      10. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      1) ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың жекелеген жүйелері мен элементтерін өнеркәсіп бұйымдары және халық тұтынатын тауарлар ретінде пайдалану;
      2) жаңғырту және жаңа үлгілер жасау кезінде кәдеге жаратылатын ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың жиынтықтаушы бұйымдарын пайдалану;
      3) кәдеге жаратылатын ғарыш объектілері мен техникалық құралдар үлгілерінің жабдықтарын, агрегаттарын, тораптарын, бөлшектерін және материалдарын запас бұйымдар мен аспаптар ретінде пайдалану;
      4) кәдеге жаратылатын ғарыш объектілері мен техникалық құралдар үлгілерінің жабдықтарын, агрегаттарын, тораптарын, бөлшектерін және материалдарын ғарыш саласының мамандарын даярлау жөніндегі оқу мекемелері мен оқу орталықтарының зертханалық жабдықтары ретінде пайдалану;
      5) кәдеге жаратылатын ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды өнеркәсіптік қайта өңдеу және кәдеге жарату өнімдерін өндірісте, экономиканың басқа салаларында (қара, түсті және қымбат бағалы металл сынықтары, материалдар және заттар) пайдалану.
      11. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу процесі мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
      1) ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды қауіпсіз күйге келтіру;
      2) қорғау құжаттарының болуын тексеру (қажет болған жағдайда);
      3) құпиясыздандыру (қажет болған жағдайда);
      4) лицензиялау және (немесе) сертификаттау (қажет болған жағдайда);
      5) кәдеге жарату жөніндегі тікелей қызметті жүзеге асыру.
      12. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдардың меншік иелері оларды кәдеге жарату алдында жарылыс қаупі бар тораптар мен бөлшектерді алу, улы заттар болған ыдыстарды бейтараптандыру арқылы қауіпсіз күйге келтіруді қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар қауіптілігі жоғары жұмыстарға жатады және наряд-рұқсат бойынша орындалуға тиіс.
      13. Сериялық модельдерді қоспағанда, құрамында өнеркәсіптік меншік объектілері бар ғарыш объектілері мен техникалық құралдар қорғау құжаттарының болуы тұрғысынан тексерілуге тиіс.
      Қолданылу мерзімі өтпеген қорғау құжаты болған жағдайда кәдеге жарату патент иесінің келісімі бойынша жүргізіледі.
      14. Құпиялық белгісі бар ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды құпиясыздандыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      15. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәсілдері нормативтік-техникалық құжаттарда, халықаралық келісімдер мен шарттарда белгіленеді.
      16. Таңдап алынған технологияларға және экономикалық орындылығына байланысты ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату олар пайдаланылатын (сақталатын) жерде немесе ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды, сондай-ақ олардың құрамдас бөліктерін кәдеге жаратуды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдарда жүргізіледі.
      17. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары ғарыш техникасының нақты үлгісінің жобалау-конструкторлық ұйым әзірлеген және бекіткен техникалық процестеріне сәйкес экология, техникалық реттеу, өлшемдер бірліктерін қамтамасыз ету талаптары мен Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.
      18. Кәдеге жаратуға жататын мүлікті ол сақталатын жерлерден тыс, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келетін өнеркәсіптік алаңдарға немесе өндірістік цехтарға шығару кәдеге жаратуды жүргізетін ұйымдар қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
      19. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда шаруашылық жүргізу немесе шұғыл басқару құқығындағы немесе мемлекет қатысатын заңды тұлғаларда меншік құқығындағы ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары осы ұйымдардың меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі.
      Республикалық мемлекеттік мекемелерде шұғыл басқару құқығындағы ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      Ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларда меншік құқығындағы ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары олардың меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі.
      20. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жаратудан кейін алынған құрамдас бөліктер мен материалдық құндылықтарды өткізуді олардың меншік иелері жүргізеді.
      Ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жаратудан кейін алынған құрамдас бөліктер мен материалдық құндылықтарды өткізуді мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
      21. Ғарыш объектілері мен техникалық құралдар меншігінде болған ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату аяқталғаннан кейін оларды кәдеге жарату фактісін растайтын құжаттарды ғарыш объектілерінің тіркеліміне тиісті жазба енгізу үшін уәкілетті органға ұсынады.