Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2267 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 222 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 14.04.2022 № 222 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу ережесі бекітілсін.

      2. "Халықтың, сондай-ақ шаруашылық қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ онда өндіруге, қолдануға және сатуға тыйым салу жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 ақпандағы № 218 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 10, 118-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2267 қаулысымен
бекітілген

Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және
(немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға
арналған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына
әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге
тыйым салу ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне, "Тағам өнімінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді (бұдан әрі - өнім) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу тәртібін белгілейді.

2. Халықтың пайдалануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе)
өзге де қызметте пайдалануға арналған өнімдерді әкелуге,
өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу тәртібі

      2. Инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адамның денсаулығы үшін ықтимал қауіпті өнімдердің әкелінуінен Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын және аумағын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды жүргізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық бақылауға жататын өнімдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, өндірілетін, қолданылатын және өткізілетін өнімдерді санитариялық-эпидемиологиялық тексеруді жүргізеді.

      3. Санитариялық-эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамы санитариялық-эпидемиологиялық тексеру актісін толтырады.

      4. Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнім:

      1) санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмегенде;

      2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган беретін қауіпсіздікті куәландыратын құжат болмағанда;

      3) санитариялық паспорты болмағанда (мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын объектіні, көлік құралын пайдаланған немесе қолданған кезде);

      4) өнімнің жасандылығы анықталғанда;

      5) жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі белгіленбегенде, жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі аяқталғанда;

      6) жәндіктер, кеміргіштер және олардың сол өнімде болған іздері анықталғанда;

      7) инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупі төнгенде, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижесі бойынша ол халықтың денсаулығы мен тіршілік ету ортасы үшін қауіпті деп танылғанда Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, қолдануға және өткізуге тыйым салынады.

      5. Халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді өндіруге:

      1) өндіріс объектілері мен технологиялары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға және техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмегенде;

      2) өндіріс объектісінің санитариялық паспорты болмағанда;

      3) өнімдерді өндірудің технологиялық процесін сақтау үшін қажетті өндірістік және технологиялық жабдық, аппаратура, мүкәммал болмағанда;

      4) халық үшін әлеуетті қауіп төндіретін, өндіріске алғаш рет енгізілетін және бұрын пайдаланылмаған заттар мен олардың негізінде дайындалатын материалдар мен препараттардың мемлекеттік тіркеуі болмағанда;

      5) жаңа өнім өндіруге, технологияға, жабдыққа санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмағанда;

      6) тыйым салынған тағамдық қоспаларды, ингредиенттер мен шикізаттарды пайдаланғанда;

      7) инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупі төнгенде;

      8) мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін өндіріс объектісінде ветеринариялық-санитариялық қорытынды болмағанда тыйым салынады.

      6. Осы Ереженің 4 және 5-тармақтарында санамаланған бұзушылықтар анықталған кезде санитариялық-эпидемиологиялық тексеру актісінің негізінде бас мемлекеттік санитариялық дәрігер дереу халықтың пайдалануы мен қолдануына, кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімді әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу туралы қаулы шығарады.

      Көрсетілген қаулы шығарылғаннан кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамы үш күн ішінде Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес сотқа талап өтініш береді.