Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1999 жылғы 16 шілде N 429

Қолданыстағы

      Осы Заңмен этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы субъектілері қызметін мемлекеттік реттеу және жүзеге асыру процестерінде туындайтын қатынастар реттеледі.

      1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) алкоголь өнімі - құрамында тағамдық өсімдік шикізатынан өндірілген этил спиртінің 1,5 проценттен астам көлемдік үлесі бар тамақ өнімі;
      2) айналым - экспорт, импорт, сатып алу, сақтау, көтерме және бөлшек саудада өткізу;
      3) көтерме саудада өткізу - уәкілетті орган бекіткен құжаттарға сәйкес алкоголь өнімін қойма үй-жайларынан шектеусіз көлемде шығару;
      4) бөлшек сауда - алкоголь өнімдерін (сырадан басқа) жабдықталған сауда залы бар және фискальдық жадылы бақылау-кассалық аппаратпен жарақталған стационарлық үй-жайларда, сондай-ақ стационарлық үй-жайлардың жанындағы жазғы алаңшаларда тұтыну немесе коммерциялық емес мақсатқа пайдалану үшін өткізу;
      5) этил спиртi - спирт ашытқыларын айыру немесе дәннен, картоптан, қант қызылшасынан, қант шикiзаты сiрнесiнен және басқа да қантты-крахмалды тағамдық өсiмдiк шикiзатынан, тағамдық емес шикiзаттан өндiрiлетiн этил спиртi шикiзатын тазарту жолымен алынатын өнiм, сондай-ақ коньяктiк және жүзiмдiк спирттер;
      6) стационарлық үй-жайлар - сумен, энергиямен және канализациямен жабдықталған, iргетасы бар және оларды тiреуiш конструкциясына зиян келтiрмей орнынан ауыстыру мүмкiн емес күрделi құрылыстар, ғимараттар немесе олардың бөлiктерi;
      7) қойма үй-жайлары - тек қана этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтауға, қабылдауға және беруге арналған және бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн арнаулы стационарлық үй-жайлар мен алаңшалар (этил спиртiн сақтау үшiн);
      8) фирмалық арнаулы дүкен - алкоголь өнiмiн өндiрушiге тиесiлi, сауда залымен жабдықталған және фискальдық жады бар бақылау-касса аппаратымен жарақталған және өз алкоголь өнiмiн бөлшек саудада өткiзуге ғана арналған стационарлық үй-жай;
      9) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтау - этил спиртi мен алкоголь өнiмiн қойма үй-жайларда орналастыру (қоймада жинау);
      10) өндіріс паспорты - қолда бар жабдықты пайдалануды, технологиялық процестi сақтауды реттейтiн, негiзгi шикiзатты, ингредиенттердi, қосалқы материалдарды жұмсау нормасын және дайын өнiмнiң, қосалқы өнiмдердiң шығу нормасын, сондай-ақ өндiрiс кезiндегi шығынның нормаларын белгiлейтiн негiзгi құжат;
      11) бiрыңғайландыру - өндiрiс, айналыс (айналым), пайдалану саласында ерекшелiк белгiлерi ұқсас белгiлi бiр өнiмдердi дәл тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;
      12) таңбалау - тұтынушыға ақпарат жеткiзетiн және этикеткалардағы, контрэтикеткалардағы, кольереткалардағы, буылып-түйiлген заттардағы мәтiн, шартты белгiлер және суреттер;
      13) кондицияланған сулар - стандарттарға сәйкестендiру мақсатында артық ерiтiндi тұздардан арылту және өзгеше өңдеу (жете тазарту).

      2-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн
             және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы
             Қазақстан Республикасының заңдары

      Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн
             және айналымын мемлекеттiк реттеу

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу деп этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн бақылау ұғылады.
      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi:
      1) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн және азаматтардың денсаулығын қорғау;
      2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және оған әкелiнетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң сапасын арттыру үшiн жағдай жасау;
      3) аталған өнiмдердiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы заңдардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттік реттеуге мыналар кіреді:
      1) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау;
      2) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортын реттеу;
      3) тағамдық және тағамдық емес шикізаттан дайындалған этил спиртiнiң және алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) ең төмен бағаларын белгiлеу;
      4) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында нормалар мен ережелердi белгiлеу;
      5) этил спирті мен алкоголь өнімінiң (сырадан басқа) өндiрiлуiнiң ең төменгi көлемiн белгiлеу;
      6) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында мемлекеттiк есепке алу мен есеп берудi жүзеге асыру, олардың өндiрiлуi мен айналымының өзара байланысты балансын жасау;
      7) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiне және айналымына, сондай-ақ сапасына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру;
      8) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеу мәселелерiне қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету, шет мемлекеттердiң этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы мәселелерiн реттеуге уәкілетті тиісті органдарымен және өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру.
      4. Тағамдық және тағамдық емес шикiзаттан дайындалған этил спиртiне және алкоголь өнiмiне ең төмен бағаны және этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң ең төмен көлемiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      5. Орталық және жергілiктi атқарушы органдарға уәкiлеттi органмен келiспей этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласын қозғайтын нормативтiк құқықтық және өзге де актiлер қабылдауға және (немесе) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.

      4-бап. Уәкiлеттi орган

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеудi мемлекеттiң атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларының арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
      3. Осы Заңның 5-бабына сәйкес уәкiлеттi орган алкоголь өнiмiн белгiлi бiр түрге жатқызуға құқылы.
      4. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тиiстi ережеге сәйкес реттеледi.

      5-бап. Алкоголь өнiмiнiң түрлерi

      1. Алкоголь өнiмiне мыналар жатады:
      1) арақтар және айрықша арақтар;
      2) коньяктар;
      3) бренди;
      4) ликер-арақ өнiмдерi;
      5) шараптар;
      6) маркалы шараптар;
      7) коллекциялық шараптар;
      8) шарап iшiмдiктерi;
      9) көпiршитiн шараптар, шампан;
      10) өңделген шарап материалы;
      11) сыра;
      12) басқа да күштi алкогольдi iшiмдiктер;
      13) басқа да әлсiз алкогольдi ішімдiктер.
      2. Арақтар мен айрықша арақтар дегенiмiз - арақ-спирт ерiтiндiсiн адсорбентпен арнайы өңдеумен алынған, сосын сүзгiден өткiзiлген ингредиенттер қосылған немесе олар қосылмаған, күштiлiгi 38-45, 50% және 56% күштi алкогольдi iшiмдiктер.
      3. Күштiлiгi 12-60% жемiс-жидек және хош иiстi өсiмдiк шикiзатын өңдеп, оларға қант шырынын, эфир майларын, жүзiм шараптарын, коньяк, лимон қышқылын және басқа да тағамдық өнiмдердi, сондай-ақ спирт пен суды қоса отырып алынған спиртте ұсталған түрлi шырындардың, морстардың, тұнбалар мен хош иiстi спирттердiң қоспасынан тұратын алкогольдi iшiмдiктер ликер-арақ бұйымдары болып табылады.
      Күштi ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - күштiлiгi 30%-тен 60%-ке дейiнгi ликер-арақ өнiмдерi.
      Күштiлiгi төмен ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - күштiлiгi 12%-тен 30%-ке дейiнгi ликер-арақ өнiмдерi.
      4. Жүзiм шараптары - жүзiм шырынын немесе болжырын (жүзiмнiң туралған жидегiн) этил спиртiн қоса отырып немесе оны қоспай спиртпен ашыту нәтижесiнде алынатын шараптар.
      5. Жемiс-жидек шараптары - жаңа пiскен жемiстердiң және жидектердiң шырындарын немесе болжырды қант және этил спиртiн қосып немесе оларды қоспай спирттiк ашыту жолымен әзiрленетiн шараптар.
      6. Маркалы шараптар - шектеулi аудандарда өсiрiлетiн жүзiмнiң белгiлi бір сорттарынан немесе олардың арнайы іріктелген қоспаларынан арнаулы технология бойынша алынатын, тiл үйiрер дәмiмен және хош иiсiмен (сәндiлiгiмен) сипатталатын және шөлмекке құймай тұрып кем дегенде міндетті түрде 2 жыл ұсталған сапасы жоғары және тұрақты шарап.
      7. Коллекциялық шарап - стационар резервуарда ұстау аяқталғаннан кейін шөлмекте кем дегенде үш жыл қосымша ұсталатын маркалы шарап.
      8. Көпiршитiн шараптар, шампан - өңделген шарап материалдарын шөлмектерде, резервуарларда немесе резервуарлар жүйесінде қысыммен қайталап ашыту кезiнде эндогендiк шығу тегiндегi көмiртегiнiң қос тотығын байытып әзiрленген шараптар.
      9. Газдалған (iнжу) - өңделген шарап материалын көмiртегiнiң қос тотығымен физикалық байыту арқылы әзiрленген шараптар.
      10. Хош иiстi шараптар - өсiмдiктiк татымды-хош иiстi шикiзаттарды, тағамдық дәмдi-хош иiстi қоспаларды (химиялық қоспадан басқа) пайдалана отырып әзiрленген шараптар.
      11. Шарап iшiмдiктерi - кемiнде жартысын жүзiм, жемiс шарап материалдары немесе олардың концентраттары құрайтын, қант, емен концентраты, тағамдық дәмдiк-хош иiстi табиғи дәмдеуiштер, бояғыштар мен су қосылған алкогольдi iшiмдiктер.
      12. Өңделген шарап материалы - шараптың осы атауына арналған технологиялық нұсқаулықтың талаптарына сәйкес келетiн және сүзгiден өткiзілген соң тұтыну ыдысына салып қоюға немесе құйып қоюға арналған шарап материалы.
      13. Коньяк - емен бөшкелерде немесе емен қалақшаларын пайдалана отырып эмальданған резервуарларда кемiнде үш жыл сақталған коньяк спиртiнен әзiрленген, сәндiк және дәмдiк ерекшелiгi бар күштi алкогольдi ішімдік.
      14. Бренди - коньяк, жүзiм спирттерiнен немесе шарап материалдарын этил спиртi мен емен ағашының түрлi компоненттерiн қоса отырып кез келген ашыған жемiс-жидек шикiзатын айдау арқылы алынатын спирттен өндiрiлетiн күштi алкогольдi iшiмдiк.
      15. Сыра - қыздырылған ашытқы сөлiн сыра ашытқысымен қосып ашыту жолымен алынатын көмiртегiнiң қос тотығымен байытылған әлсiз алкогольдi, көбiктi сусын.
      16. Басқа күштi алкогольдi сусындарға құрамында 30% және одан да көп этил спиртi бар ром, виски, джин, бальзамдар мен өзге де iшiмдiктер жатады.
      17. Басқа әлсiз алкогольдi сусындарға құрамында 30 %-тен аз спирт бар алкогольдi ішімдiктер жатады.

      6-бап. Дәм айыру комиссиясы

      1. Дәм айыру комиссиясын этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндірушілердiң қоғамдық ұйымдары құрады және ол импортталатын және өндiрiлетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) сапасына баға берудi жүзеге асырады.
      2. Дәм айыру комиссиясының қорытындысы уәкілетті органның шешiм қабылдауы үшiн ұсыным сипатында болады.
      3. Дәм айыру комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету бойынша шығындарды дәм айыруға ұсынған этил спиртi мен алкоголь өнiмiн шығарушы-ұйымдар және импорттаушылар көтередi.
      4. Дәм айыру комиссиясы туралы ереженi уәкiлеттi орган бекiтедi.

      7-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң
             шарттары

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге өндiру лицензиясы және паспорты болған жағдайда жол берiледi.
      2. Өндiру паспортын өндiрушiнiң өзi жасайды.
      3. Өндiру паспортын бекiту үшiн қажеттi мәлiметтер тiзбесiн стандарттау жөнiндегi органмен келiсе отырып, уәкілеттi орган белгiлейдi.
      4. Алкоголь өнiмiн өндiру үшiн тек тағамдық шикiзаттан өндiрiлген этил спиртi пайдаланылады.
      5. Технологиялық желiлердi суды кондициялаушы жабдықтармен, спирт өлшейтiн аппараттармен және жасап шығару көлемi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн есептеушi бақылау аспаптарымен жарақтамай этил спиртi мен алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) өндiруге тыйым салынады.
      6. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн стационарлық өндiрiстiк үй-жайларда және өндiрушiге меншiк құқығымен тиесiлi және тиiстi бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн жабдықтарда өндiруге болады.
      7. Екi және одан да көп лицензиатқа этил спиртi мен алкоголь өнiмiн бiр құрал-жабдықпен және бiр стационарлық үй-жайда өндiруге тыйым салынады.
      8. Өндiруге лицензияда көрсетiлген мекен-жай бойынша ғана жол берiледi.

      8-бап. Алкоголь өнiмiн таңбалау

      1. Өндiрiлетін (экспортталатыннан басқа) және импортталатын алкоголь өнімiн таңбалау мемлекеттiк тілде және орыс тілінде өнімнің атауы, дайындаушы-лицензиат және оның тұрған жерi туралы ақпаратты, өнiмге арналған стандарттың белгiсiн, ыдыстың сыйымдылығын, этил спиртінiң көлемдiк үлесiнен процент есебiмен күштiлiгiн, қанттың мөлшерiн, лицензияның нөмiрiн қамтуға тиiс.
      2. Арақтарды және айрықша арақтарды таңбалау оларды әзiрлеуде пайдаланылған спирттiң сорты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.
      3. Шараптарды таңбалау құйылған күнiн және оны құюды жүзеге асырған ұйымның атауын қамтуға тиiс.
      4. Маркалы шараптарды таңбалау - ұсталу мерзiмi туралы, коллекциялық шараптарда - шарап әзiрленген жүзiмнiң жиналған жылы туралы, шампанда құйылған күнi туралы ақпараттарды қамтуға тиiс.
      5. Алкоголь өнiмiнiң барлық түрлерiн таңбалау "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.

      9-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi айналымының
             шарттары

      1. Алкоголь өнімін:
      1) базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршіктерде, шатырларда, ларектерде, қолдан, жаймалардан, автомашиналардан, сондай-ақ өзге де белгiленбеген орындарда (сырадан басқа);
      2) шыққан жерi анықталмаса;
      3) алкоголь өнiмiн сақтау мен өткiзуге лицензиясы болмаса;
      4) балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустағы аумақтарда;
      5) он сегiз жасқа жетпеген адамдарға сатуға тыйым салынады.
      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң айналымы кезiнде:
      1) алкоголь өнiмiн сәйкестiк сертификатынсыз (және белгiлерiнсiз) өткiзуге;
      2) алкоголь өнiмiн акциздiк алым таңбаларынсыз өткiзуге (сырадан басқа);
      3) стандарттарға сәйкес келмейтiн және (немесе) зиянды қоспалардың жол берiлетiн шектi шоғырлануы асырыла өндiрiлген этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өткiзуге;
      4) жарамдылық мерзiмi өткен алкоголь өнiмiн өткiзуге;
      5) этикеткасы жоқ шөлмектердегi, пластик, қаңылтыр (сырадан басқа) ыдыстардағы алкоголь өнiмiн өткiзуге;
      6) лас, анық сынық белгiлерi бар, тұрқы бұзылған, зақымдалған тығындармен тығындалған шөлмектердегi, жалпы лайсаң, жат қоспалары, түбiнде тұнбалары бар (коллекциялық шараптардан басқа) алкоголь өнiмдерiн бөлшек саудамен өткiзуге тыйым салынады.
      3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң тиiстi лицензиясыз айналымына тыйым салынады.

      10-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты және
              импорты

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортын алкоголь өнiмiн өндiруге, этил спиртiн сақтау мен өткiзуге немесе алкоголь өнiмiн сақтау мен көтерме саудада өткiзуге уәкiлеттi орган беретiн лицензиясы бар тұлғалар тиiстi лицензияның негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспортына этил спиртiн өндiруге, сақтауға және өткiзуге немесе алкоголь өнiмiн өндiруге, сақтауға және көтерме саудада өткiзуге тиiстi лицензиялар болған жағдайда ғана жол берiледi.
      3. Бос қоймаларда этил спиртiн өңдеу мен алкоголь өнiмiн өндiруге тыйым салынады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты мен импорты бойынша уақытша тыйым салулар белгiлеуi мүмкiн.

      11-бап. Этил спиртiн өткiзудiң шарттары мен тәртiбi

      1. Этил спиртiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен:
      1) берiлген квота шегiнде фармацевтикалық және мемлекеттiк медициналық кәсiпорындарға қызметтiң тиiстi түрiне арналған өздерiнiң лицензияларын көрсеткен кезде акциз төлемдерiн төлемей-ақ;
      2) акциз төлемдерiн төлей отырып:
      алкоголь өнімін (сырадан басқа) өндірушілерге;
      этил спиртін техникалық мақсаттарда пайдаланатын немесе алкогольді емес өнім өндіру кезінде олар тиісті уәкілетті орган бекіткен шығыс нормалары мен қажеттерiн табыс еткен кезде ұйымдарға өткiзуге болады.
      2. Қызметтiң тиiстi түрiне лицензиясы бар дәрiханалардың этил спиртiн өткiзуiн қоспағанда, этил спиртiн бөлшек саудада өткiзуге жол берiлмейдi.

      12-бап. Алкоголь өнiмiн сақтау және көтерме саудамен
              өткiзу

      1. Өндiрушілер алкоголь өнiмiн тек алкоголь өнiмiн сақтауға және көтерме саудамен өткiзуге лицензиясы бар шаруашылық жүргiзушi объектiлерге немесе өздерiнiң бөлшек саудадағы фирмалық мамандандырылған жеке дүкендерi арқылы өткiзуге құқылы.
      2. Алкоголь өнiмiн сақтау және көтерме саудада өткiзу жөнiндегi қызметке тиiстi лицензия болғанда ғана жол берiледi.
      3. Сақтау және көтерме саудада өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырушы импорттаушылар мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлер алкоголь өнiмiн бөлшек сауда ұйымдарына ғана не тиiстi лицензиясы бар көтерме саудада сатушыларға ғана өткiзуге құқылы.
      4. Екi немесе одан да кеп лицензиаттың алкоголь өнiмдерiн бiр үй-жайда сақтау және көтерме саудамен өткiзу жөнiндегi қызметiне тыйым салынады.

      13-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi өндiрiлуiнiң
              және айналымының көлемiн декларациялау

      1. Этил спиртiн өндiрудi, сақтауды, өткiзудi және пайдалануды, алкоголь өнiмдерiн өндiрудi, сақтауды және көтерме саудамен өткiзудi жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органға этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы декларацияларын тапсыруға мiндеттi.
      2. Декларация тапсыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      14-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сату жөнiндегi
              жарнама мен ұсыныстар

      Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сату жөніндегi бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама мен ұсыныстарда қызметтің осы түріне арналған лицензияның нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiлуге тиiс.

      15-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi
              және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау

      1. Қазақстан Республикасының аумағында этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы:
      1) уәкiлеттi орган;
      2) алкоголь өнiмiнiң бөлшек саудасы үшiн - жергiлiктi атқарушы органдар беретiн лицензиялардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Лицензия иелiктен айырылмайды, яғни оны лицензиаттың басқа жеке және заңды тұлғаларға беруiне болмайды.
      3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымына арналған лицензиялар барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
      4. Этил спирті мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiне арналған лицензия, лицензияда көрсетiлген негiзгi өндiру орнында этил спиртiн сақтау мен өткiзуге және алкоголь өнiмiн сақтауға және көтерме саудамен өткiзуге құқық бередi.
      5. Филиалдар ашу кезiнде лицензиат белгiленген тәртiппен лицензиардан этил спиртiн өндiру, сақтау және өткiзу, алкоголь өнiмiн өндiру, сақтау және көтерме саудамен өткiзу рұқсатын алуға мiндеттi.
      6. Қызметтiң мынадай түрлерi лицензиялануға тиiс:
      1) этил спиртiн өндiру;
      2) алкоголь өнiмiн өндiру;
      3) этил спиртiн сақтау және өткiзу;
      4) алкоголь өнiмiн сақтау және көтерме саудамен өткiзу (сырадан басқа);
      5) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импорты;
      6) алкоголь өнiмiнiң бөлшек саудасы (сырадан басқа).
      7. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын лицензиялаудың ережелерi мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

      16-бап. Лицензияларды берудiң шарттары

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына лицензия бiлiктiлiк деңгейi қызметтiң тиiстi түрi үшiн қойылатын талаптарға сай келетiн субъектiге берiледi.
      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметке қойылатын біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      17-бап. Лицензия беруден бас тартуға шағымдану

      1. Егер лицензия осы Заңмен белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе арыз берушiге бас тарту негiзсiз болып көрiнсе, ол осы әрекеттерге бiр ай мерзiм iшiнде сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
      2. Сот бас тартудың негiзсiздiгiн не лицензияның белгiленген мерзiмде берiлмеу фактiсiн айқындай отырып, лицензиарды лицензия беруге мiндеттейтiн сот шешiмi заңды күшiне енгеннен бастап лицензиар он күн iшiнде орындауға тиiс шешiм шығарады.

      18-бап. Шаруашылық жүргiзушi субъектiлердi лицензия
              алуға тексеру

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, этил спиртiн сақтау мен өткізуге, алкоголь өнімін сақтауға және өткізуге шаруашылық жүргізуші субъектілердiң лицензия алуға бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатында тексерудi шарттық негiзде лицензиар уәкiлеттi органы болып табылатын мамандандырылған мемлекеттiк кәсiпорын ғана жүргiзедi.
      2. Тексеру үшiн ақының мөлшерiн монополияға қарсы органмен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгілейдi.

      19-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру

      1. Лицензиар этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, этил спиртiн сақтау мен өткiзуге, алкоголь өнiмiн сақтауға және өткiзуге, этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортына арналған лицензияның қолданылуын мынадай жағдайларда:
      1) осы Заң немесе лицензия беру ережелерi бұзылғанда;
      2) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы көлемдерiн декларациялаудың белгiленген тәртiбi бұзылғанда;
      3) лицензиардың өзiнiң құзыретiнiң шегiндегi талаптары орындалмағанда;
      4) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн осы Заңның 7-бабында белгiленген талаптарды бұза отырып өндiргенде;
      5) стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiргенде немесе өткiзгенде;
      6) лицензиарға мәлiметтердi беруден бас тартқанда немесе бұрыс ақпаратты бергенде;
      7) акциз төлемдерiн үнемi төлемегенде;
      8) алкоголь өнiмiн таңбалау ережелерi бұзылғанда;
      9) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн лицензияда көрсетiлмеген мекен-жайда өндiргенде, сақтағанда немесе өткiзгенде;
      10) этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң өндiрiсi көлемi мен айналымы жөнiндегi декларацияларды бұрмаласа және (немесе) белгiленген мерзiмдерде табыс етпесе;
      11) лицензиат дәрменсiз болғанда;
      12) этил спиртiн өткiзу алкоголь өнiмдерiн көтерме және бөлшек саудамен өткiзу тәртiбiн бұзғанда;
      13) шыққан жері белгiсiз алкоголь өнiмі саудада бар екені анықталса;
      14) алкоголь өнiмiн сақтауға және көтерме саудамен өткiзуге лицензиясы жоқ шаруашылық жүргiзушi субъектiден алкоголь өнiмiнiң бөлшек саудасымен айналысатын субъект сатып алғанда алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұру себебiн көрсете отырып тоқтата тұруға құқылы.
      2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жолсыздықты құжаттамамен растау арқылы жүргiзiледi.
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы мәселенi қарау лицензиаттың қатысуымен жүргiзiледi.
      4. Лицензиат келмеген жағдайда оған хабардар етілгеннен кейін, лицензияның қолданылуын тоқтата түру туралы шешiмдi лицензиар оның қатысуынсыз қабылдайды.
      5. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептерi жойылғаннан кейін лицензиар лицензия күшiн қайтадан қалпына келтiредi.
      6. Лицензиат лицензияны тоқтата тұру жөнiндегi заңсыз әрекетке осы Заңға сәйкес сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

      20-бап. Лицензияны қайтарып алу

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, сақтау мен өткiзуге, этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортына арналған лицензиялар:
      1) лицензиат лицензиядағы талаптарды орындамаған;
      2) лицензиатқа жүзеге асыруға лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуға сот тыйым салған;
      3) лицензиардың лицензияның қолданылуын тоқтата тұруына себепшi болған жәйттер жойылмаған жағдайда сот тәртiбiмен қайтарылып алынуы мүмкін.
      2. Қайтарып алынған жағдайда жаңа лицензия қайтарып алынған күннен бастап бiр жыл өткен соң қайтадан берiлуi мүмкiн.
      3. Сот шешiмiмен лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу туралы хабарландыруды алған соң қызметтің лицензияланатын түрiн жүзеге асыру, лицензиялық тәртiп белгiленген қызметтi лицензиясыз жүзеге асыру кезiнде осы Заңда басқа да нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      21-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнімi өндiрiлуiнiң
              және айналымының ережелерi мен шарттарын
              бұзғандығы үшiн жауапкершiлiк

      1. Белгiленген стандарттарға сәйкес келмейтiн және (немесе) шыққан жерi анықталмаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелiнген этил спиртi мен алкоголь өнiмi сот тәртiбiмен тәркiленуге жатады.
      2. Тағамдық емес спирттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелiнген этил спиртiнен және (немесе) белгiленген стандарттарға сәйкес келмейтін және (немесе) шыққан жері анықталмаған алкоголь өнiмiн өндiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
      3. Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы жөнiндегi қызметтi тиiстi лицензиясыз жүзеге асырудан алынған кiрiс тиiстi бюджетке алынуға жатады.
      4. Лицензиясыз қызметтiң объектiсi болып табылатын этил спиртi мен алкоголь өнiмi сот тәртiбiмен тәркiленуге жатады.
      5. Мемлекет пайдасы үшін бас тарту режимінде тәркіленген және ресімделген этил спирті мен алкоголь өнімдерін пайдаланудың, ұқсатудың немесе жоюдың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті