Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 429 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заңмен этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы субъектілері қызметін мемлекеттік реттеу және жүзеге асыру процестерінде туындайтын қатынастар реттеледі.

      1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) алкоголь өнiмi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрiлiк зат ретiнде тiркелген, құрамында спиртi бар медициналық мақсаттағы өнiмдi қоспағанда, тағамдық шикiзаттан және (немесе) құрамында спиртi бар тамақ өнiмiнен этил спиртi пайдаланылып өндiрiлген, этил спиртiнiң көлемдiк үлесi бiр жарым проценттен астам болатын тамақ өнiмi;

      2) айналым - экспорт, импорт, сатып алу, сақтау, көтерме және бөлшек саудада өткізу;

      3) көтерме саудада өткізу - уәкілетті орган бекіткен құжаттарға сәйкес алкоголь өнімін қойма үй-жайларынан шектеусіз көлемде шығару;

      4) бөлшек саудада өткiзу - алкоголь өнімдерін (сырадан басқа) жабдықталған сауда залы бар және фискальдық жадылы бақылау-кассалық машинамен  жарақталған стационарлық үй-жайларда, сондай-ақ стационарлық үй-жайлардың жанындағы жазғы алаңшаларда тұтыну немесе коммерциялық емес мақсатқа пайдалану үшін сату;

      5) этил спиртi - спирт ашытқыларын айыру немесе дәннен, картоптан, қант қызылшасынан, қант шикiзаты сiрнесiнен және басқа да қантты-крахмалды тағамдық өсiмдiк шикiзатынан өндiрiлетiн этил спиртi шикiзатын тазарту жолымен, шарап материалынан төте немесе екі мәрте айдап айыру жолымен және тағамдық емес шикiзаттан өзге де жолмен алынатын өнiм;

      6) стационарлық үй-жайлар - сумен, энергиямен және канализациямен жабдықталған, iргетасы бар және оларды тiреуiш конструкциясына зиян келтiрмей орнынан ауыстыру мүмкiн емес күрделi құрылыстар, ғимараттар немесе олардың бөлiктерi;

      7) қойма үй-жайлары - тек қана этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтауға, қабылдауға және беруге арналған және бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн арнаулы стационарлық үй-жайлар мен алаңшалар (этил спиртiн сақтау үшiн); P070732

      8) фирмалық арнаулы дүкен - сауда залымен жабдықталған, фискальдық жады бар бақылау-касса машинасымен жарақталған және өзiнiң алкоголь өнiмiн бөлшек саудада өткiзуге арналған стационарлық үй-жай;

      9) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн сақтау - этил спиртi мен алкоголь өнiмiн қойма үй-жайларда орналастыру (қоймада жинау);

      10) өндіріс паспорты - қолда бар жабдықты пайдалануды, технологиялық процестi сақтауды реттейтiн, негiзгi шикiзатты, ингредиенттердi, қосалқы материалдарды жұмсау нормасын және дайын өнiмнiң, қосалқы өнiмдердiң шығу нормасын, сондай-ақ өндiрiс кезiндегi шығынның нормаларын белгiлейтiн негiзгi құжат;

      11) бiрыңғайландыру - өндiрiс, айналыс (айналым), пайдалану саласында ерекшелiк белгiлерi ұқсас белгiлi бiр өнiмдердi дәл тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;

      12) таңбалау - тұтынушыға ақпарат жеткiзетiн және этикеткалардағы, контрэтикеткалардағы, кольереткалардағы, буылып-түйiлген заттардағы мәтiн, шартты белгiлер және суреттер;

      13) кондицияланған сулар - стандарттарға сәйкестендiру мақсатында артық ерiтiндi тұздардан арылту және өзгеше өңдеу (жете тазарту);

      14) мемлекет меншiгiне өткен этил спиртi немесе алкоголь өнiмi - сот шешiмi негiзінде тәркiленген, мемлекет меншiгiне өтеусiз өткен, мемлекет пайдасына тауардан бас тартудың кедендік рәсімінде декларацияланған этил спирті немесе алкоголь өнiмi;

      15) пластикалық ыдыс - полиэтилен полистирол және өзге полимерлiк материал негiзiндегi тұтыну ыдысы;

      16) аралас полимерлік ыдыс - iшкi жағы тағам сақтайтын полимерлік материалдан жасалған аралас полимерлік материалдардан дайындалған тұтыну ыдысы;

      17) есепке алу-бақылау таңбасы - қажетті қорғау дәрежесi бар, алкоголь өнiмінің айналымын (экспорттан басқа) есепке алу және бақылауды жүзеге асыру мақсатымен оны (шарап материалы мен сырадан басқасын) бiрдейлендiруге арналған арнайы бiржолғы жапсырма;

      18) қаңылтыр ыдыс - iшкi жағы тағам сақтайтын материалмен қапталған арнаулы қаңылтырдан жасалған тұтыну ыдысы;

      19) тұтыну ыдысы - тұтынушыға алкоголь өнiмiмен қоса келiп түсетiн, көлiктiк ыдыс өз функциясын атқармайтын және Қазақстан  Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы орталық атқарушы органы пайдалануға рұқсат еткен материалдардан жасалған ыдыс;

      20) құрамында спиртi бар тамақ өнiмi - тағамдық шикiзаттан өндiрiлген, этил спиртiнiң көлемдiк үлесi бiр жарым проценттен астам болатын тамақ өнiмi;

      21) сусыз спирт - құрамында су жоқ, есеп-қисапта қолданылатын шартты ұғым ретiнде пайдаланылатын жүз проценттiк спирт немесе абсолюттiк алкоголь;

      22) ілеспе жүкқұжат – уәкілетті орган белгілеген тәртіппен этил спиртінің және (немесе) алкоголь өнімінің қозғалысын бақылауға арналған құжат.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 , 2004.12.13. N 11 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа енгiзiледi), 2010.06.30 N 297-IV (қолданысқа  енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн
             және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы
             Қазақстан Республикасының заңдары

      Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      3-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн
             және айналымын мемлекеттiк реттеу

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу деп этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленетiн бақылау ұғылады.

      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi:

      1) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiн және азаматтардың денсаулығын қорғау;

      2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және оған әкелiнетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң сапасын арттыру үшiн жағдай жасау;

      3) аталған өнiмдердiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу саласындағы заңдардың сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттік реттеуге мыналар кіреді:

      1) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау;

      2) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортын реттеу;

      3) тағамдық және тағамдық емес шикізаттан дайындалған этил спиртiнiң және алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) ең төмен бағаларын белгiлеу;

      4) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында нормалар мен ережелердi белгiлеу;

      5) этил спирті мен алкоголь өнімінiң (сырадан басқа) өндiрiлуiнiң ең төменгi көлемiн белгiлеу;

      6) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласында мемлекеттiк есепке алу мен есеп берудi жүзеге асыру, олардың өндiрiлуi мен айналымының өзара байланысты балансын жасау;

      7) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiне және айналымына, сондай-ақ сапасына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастыру;

      8) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеу мәселелерiне қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету, шет мемлекеттердiң этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы мәселелерiн реттеуге уәкілетті тиісті органдарымен және өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      9) алып тасталды

      4. Тағамдық және тағамдық емес шикiзаттан дайындалған этил спиртiне және алкоголь өнiмiне ең төмен бағаны және этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң ең төмен көлемiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. .V990994

      5. Орталық және жергілiктi атқарушы органдарға уәкiлеттi органмен келiспей этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы саласын қозғайтын нормативтiк құқықтық және өзге де актiлер қабылдауға және (немесе) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.

      6. Акциз ставкаларын қоспағанда, осы Заңда көзделген ерекшеліктер "Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен регламенттелетін биоотын өндірісіне және айналымына қолданылмайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2010.11.15 № 352-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      4-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Ескерту. 4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.30  N 297-IV(2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын реттеудi мемлекеттiң атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

      2. Уәкiлеттi орган өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында:

      1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердiң жеке және заңды тұлғаларының арасынан консультанттар мен сарапшыларды тартады;

      2) дәм айыру комиссиясы туралы ереженi , дәм айыру ережелерiн бекiтедi;

      3) техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша өндiрiстiң паспортын бекiту үшiн қажеттi мәлiметтер тiзбесiн белгiлейдi;

      4) этиль спиртi мен алкоголь өнiмi өндiрiсiнiң және айналымының декларациясын ұсыну тәртiбiн айқындайды;

      5) осы Заңның 5-бабына сәйкес алкоголь өнiмiн белгiлi бiр түрге жатқызады;
      6) алып тасталды

      7) технологиялық желiлердi спирт өлшейтiн аппараттармен және өндiру көлемi туралы ақпаратты автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн есептеушi бақылау аспаптарымен жарақтау жөнiндегi талаптарды белгiлейдi ;

      8) этил спирті мен алкоголь өнімін өткізу және тасымалдау кезінде оларға ілеспе жүкқұжаттарын ресімдеу, тапсырыс беру, алу, беру, есепке алу, сақтау және табыс ету тәртібін бекітеді.

      3. алып тасталды

      4. Уәкiлеттi органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн тиiстi ережеге сәйкес реттеледi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.11 N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 № 297-IV (қолданысқа  енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      5-бап. Алкоголь өнiмiнiң түрлерi

      1. Алкоголь өнiмiне:

      1) арақтар және айрықша арақтар;

      2) ликер-арақ өнiмдерi;

      3) шарап материалы;

      4) шараптар;

      5) коньяк;

      6) бренди;

      7) сыра жатады.

      2. Арақтар мен айрықша арақтар дегенiмiз - арақ-спирт ерiтiндiсiн адсорбентпен арнайы өңдеумен алынған, сосын сүзгiден өткiзiлген ингредиенттер қосылған немесе олар қосылмаған, күштiлiгi отыз сегiз - қырық бес процент, елу процент және елу алты процент  алкоголь өнiмi.

      3. Ликер-арақ өнiмдерi - жемiс-жидек және хош иiстi өсiмдiк шикiзатын өңдеп, оларға қант шырынын, эфир майларын, шарап материалын, жүзiм шараптарын, коньяк, лимон қышқылын және басқа да тағамдық өнiмдердi, сондай-ақ спирт пен суды қоса отырып алынған спиртте ұсталған түрлi шырындардың, морстардың, тұнбалар мен хош иiстi спирттердiң қоспасынан тұратын этил спиртiнiң көлемдiк үлесi бiр жарым проценттен басталатын алкоголь өнiмi.
      Күштi ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - этил спиртiнiң көлемдiк үлесi отыз проценттен басталатын ликер-арақ өнiмдерi.
      Күштiлiгi төмен ликер-арақ өнiмдерi дегенiмiз - этил спиртiнiң көлемдiк үлесi бiр жарымнан отыз процентке дейiнгi ликер-арақ өнiмдерi.

      4. Шарап материалы - этил спиртiнiң көлемдiк үлесi жиырма екi жарым процентпен аспайтын, хош иiстi және дәмдiк қоспаларды қоспай, тағамдық шикiзаттан өндiрiлген этил спиртiн және (немесе) дистилляттарды қоспай немесе қосып, жүзiмдi, жүзiм шырынын не жемiс немесе жидек шырынын спиртпен ашыту нәтижесiнде алынған, құрамында спиртi бар тамақ өнiмi, ол шарап ашыту және ликер-арақ өнiмiн, төте немесе екi мәрте айдап айыру жолымен алынған этил спиртiн өндiру үшiн шикiзат ретiнде пайдаланылады.

      5. Шарап - шарап материалдарынан өндiрiлген, этил спиртiнiң көлемдiк үлесi жиырма екi проценттен аспайтын алкоголь өнiмi.
      6 - 12. алып тасталды

      13. Коньяк - этил спиртiнiң көлемдiк үлесi қырық - қырық бес процент болатын, сәндiк және дәмдiк ерекшелiгi бар, төте немесе екi мәрте айдап айыру жолымен алынған этил спиртiнен дайындалған және емен бөшкелерде немесе емен қалақшалары пайдаланыла отырып, эмальданған резервуарларда кемiнде үш жыл сақталған алкоголь өнімі.

      14. Бренди - этил спиртiнiң көлемдiк үлесi отыз жетi жарымнан қырық бес процентке дейiн болатын, түпкiлiктi өнiмдегi сусыз этил спиртiнiң көлемiнен елу проценттен аспайтын мөлшердегi шарап материалдарынан алынған, емен сүрегін қатыстырып кемiнде алты ай сақталған этил спиртiн қосып немесе қоспай шарап дистиллятынан дайындалған алкоголь өнiмi.

      15. Сыра - қыздырылған ашытқы сөлiн сыра ашытқысымен қосып ашыту жолымен алынатын көмiртегiнiң қос тотығымен байытылған әлсiз алкогольдi, көбiктi сусын.
      16. алып тасталды
       17. алып тасталды
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 , 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Дәм айыру комиссиясы

      1. Дәм айыру комиссиясын этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндірушілердiң қоғамдық ұйымдары құрады және ол импортталатын және өндiрiлетiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң (сырадан басқа) сапасына баға берудi жүзеге асырады.

      2. Дәм айыру комиссиясының қорытындысы уәкілетті органның шешiм қабылдауы үшiн ұсыным сипатында болады.

      3. Дәм айыру комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету бойынша шығындарды дәм айыруға ұсынған этил спиртi мен алкоголь өнiмiн шығарушы-ұйымдар және импорттаушылар көтередi.
      4. алып тасталды
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      7-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiрудiң
             шарттары

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге өндiру лицензиясы және паспорты болған жағдайда жол берiледi.

      2. Өндiру паспортын өндiрушiнiң өзi жасайды және бекітеді.
      3. алып тасталды

      4. Алкоголь өнiмiн өндiру үшiн тек тағамдық шикiзаттан өндiрiлген этил спиртi пайдаланылады.

      5. Технологиялық желiлердi суды кондициялаушы жабдықтармен, спирт өлшейтiн аппараттармен және жасап шығару көлемi туралы ақпаратты уәкiлеттi органға автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн есептеушi бақылау аспаптарымен жарақтамай этил спиртi мен алкоголь өнiмiн (қос тотықты көмiртекпен қанықтырылғаннан басқа) өндiруге тыйым салынады.

      6. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiн стационарлық өндiрiстiк үй-жайларда және өндiрушiге меншiк құқығымен тиесiлi және тиiстi бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн жабдықтарда өндiруге болады.

      7. Екi және одан да көп лицензиатқа этил спиртi мен алкоголь өнiмiн бiр құрал-жабдықпен және бiр стационарлық үй-жайда өндiруге тыйым салынады.

      8. Өндiруге лицензияда көрсетiлген мекен-жай бойынша ғана жол берiледi.

      9. Этил спиртiн және алкоголь өнiмiн өндiру техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде, стандарттардың немесе өзге де құжаттардың ережелерiнде белгiленген талаптарға сай жүзеге асырылуға тиiс.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 Заңымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      8-бап. Алкоголь өнiмiн таңбалау

      1. Өндiрiлетін (экспортталатыннан басқа) және импортталатын алкоголь өнімiн таңбалау мемлекеттiк тілде және орыс тілінде өнімнің атауы, дайындаушы-лицензиат және оның тұрған жерi туралы ақпаратты, өнiмге арналған стандарттың белгiсiн, ыдыстың сыйымдылығын, этил спиртінiң көлемдiк үлесiнен процент есебiмен күштiлiгiн, қанттың мөлшерiн, лицензияның нөмiрiн қамтуға тиiс.

      2. Арақтарды және айрықша арақтарды таңбалау оларды әзiрлеуде пайдаланылған спирттiң сорты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.

      3. Шараптарды таңбалау құйылған күнiн және оны құюды жүзеге асырған ұйымның атауын қамтуға тиiс.

      4. Маркалы шараптарды таңбалау - ұсталу мерзiмi туралы, коллекциялық шараптарда - шарап әзiрленген жүзiмнiң жиналған жылы туралы, шампанда құйылған күнi туралы ақпараттарды қамтуға тиiс.

      5. Алкоголь өнiмiнiң барлық түрлерiн таңбалау "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      9-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi айналымының
             шарттары

      1. Алкоголь өнімін:

      1) базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршіктерде, шатырларда, ларектерде, қолдан, жаймалардан, автомашиналардан, сондай-ақ өзге де белгiленбеген орындарда (сырадан басқа);

      2) шыққан жерi анықталмаса;

      3) алкоголь өнiмiн сақтау мен өткiзуге лицензиясы болмаса;

      4) балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустағы аумақтарда;

      5) жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға өткізуге тыйым салынады.

      2. Этил спиртiнің және (немесе) алкоголь өнiмiнiң айналымы кезiнде:

      1) алкоголь өнiмiн сәйкестiк сертификатынсыз (және белгiлерiнсiз) өткiзуге;
      2) алкоголь өнімін (шарап материалы мен сырадан басқа) есепке алу-бақылау таңбаларынсыз не сәйкестендіруге келмейтін есепке алу-бақылау таңбаларымен алып өтуге және одан әрі өткізу мақсатында сақтауға және өткізуге (экспорттан басқа);

      3) стандарттарға сәйкес келмейтiн және (немесе) зиянды қоспалардың жол берiлетiн шектi шоғырлануы асырыла өндiрiлген этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өткiзуге;

      4) жарамдылық мерзiмi өткен алкоголь өнiмiн өткiзуге;

      5) алкоголь өнiмiн (шарап материалынан, сырадан және күштiлiгi он екi процентке жетпейтiн күштiлiгi төмен ликер-арақ өнiмдерiнен басқасын) қаңылтыр ыдыста, этикеткасы жоқ шөлмектерде және пластик ыдыстарда өткiзуге;

      5-1) алкоголь өнiмiн аралас полимер ыдыстарда, оның iшiнде полиэтиленмен қапталған картон орамда және картон қорабына салынған фольгаланған полиэтилен пакетiнде өткiзуге;

      6) лас, анық сынық белгiлерi бар, тұрқы бұзылған, зақымдалған тығындармен тығындалған шөлмектердегi, жалпы лайсаң, жат қоспалары, түбiнде тұнбалары бар (коллекциялық шараптардан басқа) алкоголь өнiмдерiн бөлшек саудамен өткiзуге;

      7) алкоголь өнiмiн осы Заңның 8-бабына сәйкес тиiстi таңбалаусыз өткiзуге;

      8) этил спиртіне және (немесе) алкоголь өніміне арналған ілеспе жүкқұжатсыз этил спиртін немесе алкоголь өнімін алып өтуге тыйым салынады.

      3. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң тиiстi лицензиясыз айналымына тыйым салынады.
      4. алып тасталды
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.03.10. N 534 , 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.16. N 186-IV , ҚР 2010.06.30 N 297-IV (қолданысқа  енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      10-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты және
              импорты

      1. Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан этил спиртiнiң немесе шарап материалының импорты этил спирті немесе шарап материалы жасап шығаруға пайдаланылатын алкоголь өнімін өндіруге лицензиясы болған кезде этил спиртінің немесе алкоголь өнімінің импортына берілетін лицензия бойынша жүзеге асырылады.
      Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан алкоголь өнімінің (шарап материалынан басқа) импорты алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге лицензиясы болған кезде алкоголь өнімінің импортына берілетін лицензия бойынша жүзеге асырылады.

      1-1. Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан этил спиртiнiң және (немесе) шарап материалының импорты жасап шығаруға этил спиртi немесе шарап материалы пайдаланылатын алкоголь өнiмiн өндiруге лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан алкоголь өнімінің (шарап материалынан басқа) импорты алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
      1-2. Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) этил спирті мен алкоголь өнімінің импорты мен экспортын Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғалары ғана жүзеге асыруға құқылы.

      2. Этил спиртiнің экспортына этил спиртін өндiруге арналған лицензия болған кезде ғана жол берiледi.
      Алкоголь өнімін өндiруге, алкоголь өнiмін (сырадан басқа) сақтауға, көтерме саудада өткiзуге арналған лицензиялардың болуы алкоголь өнімiнің экспортына құқық бередi.     

      3. Еркін қоймаларда этил спиртi мен шарап материалын өндіруге және өңдеуге, сондай-ақ алкоголь өнiмiн өндiруге тыйым салынады.

      4. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң экспорты мен импорты бойынша уақытша тыйым салулар белгiлеуi мүмкiн.

      5. Айналымына осы Заңның 9-бабының 2-тармағында тыйым салынған этил спирті мен алкоголь өнiмiн Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.03.10 N 534, 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Этил спиртiн сақтаудың және өткiзудің тәртiбi
              мен шарттары

      1. Этил спиртiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен:

      1) берiлген квота шегiнде фармацевтикалық және мемлекеттiк медициналық кәсiпорындарға қызметтiң тиiстi түрiне арналған өздерiнiң лицензияларын көрсеткен кезде акциз төлемдерiн төлемей-ақ;

      2) акциз төлемдерiн төлей отырып:
      алкоголь өнімін (сырадан басқа) өндірушілерге;
      этил спиртін техникалық мақсаттарда пайдаланатын немесе алкогольді емес өнім өндіру кезінде олар тиісті уәкілетті орган бекіткен шығыс нормалары мен қажеттерiн табыс еткен кезде ұйымдарға өткiзуге болады.

      1-1. Этил спиртін сақтау мен өткiзу этил спиртiн өндiруге лицензия болғанда ғана өндiрушiнiң қойма жайларынан жүзеге асырылады.

      2. Қызметтiң тиiстi түрiне лицензиясы бар дәрiханалардың этил спиртiн өткiзуiн қоспағанда, этил спиртiн бөлшек саудада өткiзуге жол берiлмейдi.

      2-1. Этил спиртiн сақтау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 Заңымен .

      12-бап. Алкоголь өнiмiн сақтау және өткiзу

      1. Өндiрушi алкоголь өнiмiн фирмалық арнаулы дүкендер арқылы және алкоголь өнiмдерiн сақтауға және көтерме саудада өткiзуге лицензиясы бар тұлғаларға өткiзуге құқылы.

      2. Импорттаушылар және алкоголь өнімін (сырадан басқа) сақтауға, көтерме саудада өткiзуге арналған лицензиясы бар тұлғалар алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткiзуге арналған тиiстi лицензиясы бар тұлғаларға ғана алкоголь өнiмiн өткiзуге құқылы.     
      3. алып тасталды

      4. Екi немесе одан да кеп лицензиаттың алкоголь өнiмдерiн бiр  қойма үй-жайында сақтау және көтерме саудамен өткiзу жөнiндегi қызметiне тыйым салынады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 , 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      12-1-бап. Этил спирті мен алкоголь өнімін тасымалдау
                 шарттары

      Этил спирті мен алкоголь өнімін өткізу (босату) және тасымалдау кезінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен міндетті түрде ілеспе жүкқұжаттар ресімделеді.
      Ескерту. Заң 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.06.30 № 297-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмi өндiрiлуiнiң
              және айналымының көлемiн декларациялау

      1. Этил спиртiн өндiрудi, сақтауды, өткiзудi және пайдалануды, алкоголь өнiмдерiн өндiрудi, сақтауды және көтерме саудамен өткiзудi жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органға этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы декларацияларын тапсыруға мiндеттi.
      2. алып тасталды
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       14-бап.

      Ескерту. 14-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. N 264 Заңымен.

      15-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi
              және айналымы жөнiндегi қызметтi лицензиялау

      1. Қазақстан Республикасының аумағында этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрілуi және айналымы (экспорттан басқа):

      1) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiсiне және импортына, алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге - уәкiлеттi орган;

      2) алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері беретін лицензиялардың негізінде жүзеге асырылады.

      1-1. Кеден одағына мүше мемлекеттерден этил спирті мен алкоголь өнімінің импорты лицензиялауға жатпайды.

      2. Лицензия иелiктен айырылмайды, яғни оны лицензиаттың басқа жеке және заңды тұлғаларға беруiне болмайды.

      3. Лицензия әрбір қызмет объектісіне нақты мекенжай бойынша беріледі.
      Алкоголь өнімінің импортына лицензия осы Заңның 5-бабының 1-тармағында көрсетілген түрлер және сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес олардың атаулары бойынша беріледі.
      Лицензия барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап:
      1) отыз жұмыс күнінен кешiктiрілмей – субъектілерге этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге, сондай-ақ орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге;
      2) он бес жұмыс күнінен кешiктiрілмей – субъектілерге этил спиртiнің және (немесе) алкоголь өнiмiнің импортына;
      3) он жұмыс күнінен кешiктiрмей – шағын бизнес субъектілеріне алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге беріледі.

      4. Осы тармақта белгiленген жағдайларды қоспағанда, этил спиртін өндiруге лицензиясы болмаса этил спиртiн сақтауға және өткiзуге тыйым салынады.
      Алкоголь өнімін (сырадан басқа) өндіруге лицензия өндірушіге:
      алкоголь өнімін өндіруге арналған этил спиртін қойма үй-жайларда, лицензияда көрсетілген алкоголь өнімінің өндірісі орналасқан жерде сақтауға;
      өзі өндірген алкоголь өнімін лицензияда көрсетілген өндіріс орналасқан жерде сақтауға және алкоголь өнімін сақтауға және көтерме саудада өткізуге лицензиясы бар субъектілерге көтерме саудада өткізуге құқық береді.
      Өндiрiс аумағында алкоголь өнiмiн сақтау, көтерме саудада өткiзу жөнiндегі қызмет лицензиялауға жатпайды.
      5. алып тасталды

      6. Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуіне және айналымына байланысты жекелеген қызмет түрлері Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға тиіс.

      7. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын лицензиялаудың ережелерi мен шарттарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.

      8. Алкоголь өнімін сақтау, көтерме және бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті лицензиялаған кезде уәкілетті орган қызмет объектісі орналасқан жер бойынша өзінің аумақтық органдарының қызметкерлерін тартуға құқылы.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 , 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 N 297-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      16-бап. Лицензияларды берудiң шарттары

      1. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына лицензия бiлiктiлiк деңгейi қызметтiң тиiстi түрi үшiн қойылатын талаптарға сай келетiн субъектiге берiледi.
      2. Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы жөнiндегi қызметке қойылатын біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      17-бап. Лицензия беруден бас тартуға шағымдану

      1. Егер лицензия осы Заңмен белгiленген мерзiмде берiлмесе немесе арыз берушiге бас тарту негiзсiз болып көрiнсе, ол осы әрекеттерге бiр ай мерзiм iшiнде сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
      2. Сот бас тартудың негiзсiздiгiн не лицензияның белгiленген мерзiмде берiлмеу фактiсiн айқындай отырып, лицензиарды лицензия беруге мiндеттейтiн сот шешiмi заңды күшiне енгеннен бастап лицензиар он күн iшiнде орындауға тиiс шешiм шығарады.

      18-бап. <*>

      Ескерту. 18-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру

      1. Лицензиар этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiруге, алкоголь өнiмiн (сырадан басқа) сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткiзуге, спиртi мен алкоголь өнiмiнiң импортына арналған лицензияның қолданылуын мынадай жағдайларда:

      1) осы Заң немесе лицензия беру ережелерi бұзылғанда;

      2) этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi және айналымы көлемдерiн декларациялаудың белгiленген тәртiбi бұзылғанда;

      3) лицензиардың өзiнiң құзыретiнiң шегiндегi талаптары орындалмағанда;

      4) этил спиртi мен алкоголь өнiмiн осы Заңның 7-бабында белгiленген талаптарды бұза отырып өндiргенде;

      5) стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтiн этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндiргенде немесе өткiзгенде;

      6) лицензиарға мәлiметтердi беруден бас тартқанда немесе бұрыс ақпаратты бергенде;

      7) салықтар мен бюджетке төленетiн басқа да мiндетті төлемдердi үнемi төлемегенде;

      8) алкоголь өнiмiн таңбалау ережелерi бұзылғанда;

      9) лицензияда көрсетілмеген мекен-жайда этил спиртi мен алкоголь өнiмiн өндіргенде, алкоголь өнiмiн сақтағанда, көтерме және бөлшек саудада өткiзгенде;

      10) этил спиртi мен алкоголь өнiмдерiнiң өндiрiсi көлемi мен айналымы жөнiндегi декларацияларды бұрмаласа және (немесе) белгiленген мерзiмдерде табыс етпесе;

      11) лицензиат дәрменсiз болғанда;

      12) этил спиртiн өткiзу алкоголь өнiмдерiн көтерме және бөлшек саудамен өткiзу тәртiбiн бұзғанда;

      13) шыққан жері белгiсiз алкоголь өнiмі саудада бар екені анықталса;

      14) осы Заңның 15-бабының 6-тармағы көзделген қызмет түрлерiне лицензиясы жоқ тұлғалардан этил спирті мен алкоголь өнiмiн сатып алғанда алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұру себебiн көрсете отырып тоқтата тұруға құқылы.

      2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жолсыздықты құжаттамамен растау арқылы жүргiзiледi.

      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы мәселенi қарау лицензиаттың қатысуымен жүргiзiледi.

      4. Лицензиат келмеген жағдайда оған хабардар етілгеннен кейін, лицензияның қолданылуын тоқтата түру туралы шешiмдi лицензиар оның қатысуынсыз қабылдайды.

      5. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептерi жойылғаннан кейін лицензиар лицензия күшiн қайтадан қалпына келтiредi.

      6. Лицензиат лицензияны тоқтата тұру жөнiндегi заңсыз әрекетке осы Заңға сәйкес сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 534 , 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      20-бап. Лицензиядан айыру

      Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуіне және айналымына байланысты қызмет түрлеріне берілген лицензиядан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      21-бап. Этил спиртi мен алкоголь өнімi өндiрiлуiнiң
              және айналымының ережелерi мен шарттарын
              бұзғандығы үшiн жауапкершiлiк

      1. Белгiленген стандарттарға сәйкес келмейтiн және (немесе) шыққан жерi анықталмаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелiнген этил спиртi мен алкоголь өнiмi сот тәртiбiмен тәркiленуге жатады.

      2. Тағамдық емес спирттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелiнген этил спиртiнен және (немесе) белгiленген стандарттарға сәйкес келмейтін және (немесе) шыққан жері анықталмаған алкоголь өнiмiн өндiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      3. Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы жөнiндегi қызметтi тиiстi лицензиясыз жүзеге асырудан алынған кiрiс тиiстi бюджетке алынуға жатады.

      4. Лицензиясыз қызметтiң объектiсi болып табылатын этил спиртi мен алкоголь өнiмi сот тәртiбiмен тәркiленуге жатады.

      5. Мемлекет меншiгiне өткен этил спиртi мен алкоголь өнiмi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген ережелерге сәйкес пайдаланылады немесе жойылады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.03.10. N 534 Заңымен .

      Қазақстан Республикасының
      Президенті