Білім туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 7 маусым N 389

Жаңартылған

      Осы Заң бiлiм беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы аядағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін белгілейді және Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
       Ескерту. Мәтін бойынша "орталық атқарушы органдары", "орталық атқарушы органдар", "орталық атқарушы органдардың" деген сөздер тиiсiнше "орталық атқарушы органы", "орталық атқарушы орган", "орталық атқарушы органның" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен .  

  1-тарау. Жалпы ережелер

  1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) адъюнктура - әскери оқу орындарында біліктілігі жоғары ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      2) академия - жоғары кәсіптік білім мен жоғары оқу орнынан кейін кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын; өндірістік, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметтің белгілі бір саласы үшін жоғары кәсіптік білімі бар мамандар даярлауды, қайта даярлауды және (немесе) олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын; ғылымның немесе мәдениеттің көбінесе бір саласында ғылыми зерттеулерді орындайтын жоғары оқу орны; 
      2-1) бiлiм беру ұйымдарын аккредитациялау - кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң білiм бағдарламаларын iске асыратын ұйымдардың мәртебесiн бiлiм бағдарламаларының тiзбесiн белгiлей отырып, олардың үлгiсi (жоғары оқу орны) мен түрiне қарай (институт, академия, университет) мемлекеттiң тануы (кезектi мерзiмге растауы). Бұл ұйымдардың бiтiрушiлерге аталған бағдарламалар бойынша бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар беруге құқығы бар; 
      3) аспирантура, докторантура - оқу орындары мен ғылыми мекемелерде білiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны; 
      3-1) ассистентура-тағылымдама - өнер оқу орындарында жоғары бiлiктi ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны; 
      4) бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттay - тиiстi бiлiм беру деңгейiнде олар көрсететiн білiм беру қызметiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарт талаптарына сәйкестiгiн бақылау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм; <*>
      4-1) педагогикалық қызметкерлердi аттестаттау - педагогикалық қызметкердiң бiлiктiлiк деңгейiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм; <*>
      5) бакалавр, магистр - жоғары кәсiптiк бiлiмнiң тиiстi бiлiм беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берiлетiн академиялық дәреже; <*>
      6) гимназия - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, оқушыларды олардың бейiмдiлiгi мен қабiлетiне сәйкес тереңдетiп, салаға бөлiп, саралап оқытуды көздейтiн, жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны; 
      6-1) мемлекеттiк атаулы стипендия - Қазақстан Республикасының Президентi және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайтын стипендия; <*>
      7) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы - мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландыру; кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орындарынан кейiн кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн сатып алу; конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру гранттары мен кредиттерiн беру арқылы iске асырылатын, тиiстi мемлекеттiк органдар белгiлейтiн бiлiктi жұмысшылар мен мамандар даярлау жоспары; 
      8) мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорны - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Ұлттық Банкi не жергiлiктi атқарушы орган құратын ұйым; 
      9) мемлекеттiк бiлiм беру мекемесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын бiлiм беру мекемесi; 
      10) девианттық мiнез-құлық - балалар мен жасөспiрiмдердiң әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемi жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемi кетiп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгiлерi бар, қоғамға қауiптi әрекеттер жасауы; 
      11) дистанциялық оқыту (алыстан бiлiм беру) - оқыту нысандарының бiрi, электрондық және телекоммуникациялық құралдар арқылы бiлiм беру ұйымдарынан алыста орналасқан адамдардың оқу-танымдық қызметi мен дамуына нысаналы және әдiстемелi түрде ұйымдастырылған басшылық жасау; 
      12) қосымша бiлiм беру - азаматтардың, қоғам мен мемлекеттiң бiлiмге деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатымен барлық деңгейдегi қосымша бiлiм беру бағдарламаларының негiзiнде жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесi; 
      13) доцент, профессор: 
      тиiстi жоғары оқу орны беретiн академиялық атақ; 
      жоғары оқу орнының немесе ғылыми-зерттеу ұйымының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органы беретiн ғылыми атақ; 
      14) рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдары - дiн қызметкерлерiн даярлаудың кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары;
      14-1) бiрыңғай ұлттық тестiлеу - кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарына қабылдау емтихандарымен бiрiктiрiлген жалпы орта бiлiм беретiн оқу орындарында жоғары сатыда бiлiм алушыларды қорытынды мемлекеттiк аттестаттау нысандарының бiрi; <*>
      15) жеке педагогикалық қызмет - жеке нысанда бiлiм беру қызметiн көрсетуге бағытталған қызмет; 
      16) институт - кәсiптiк жоғары бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулердi жүзеге асыратын жоғары оқу орны; 
      17) интернаттық ұйымдар - белгiлi бiр санаттағы азаматтардың жатын орын берiле отырып, бiлiм алу құқығына мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз ететiн орта бiлiм беру жүйесiнiң ұйымдары; 
      18) интернатура - медициналық жоғары оқу орындарының студенттерiн нақты мамандық бойынша бiр жылдық даярлау нысаны; 
      19) бiлiм алушыларды қорытынды мемлекеттiк аттестаттау - олардың тиiстi бiлiм деңгейiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандартын меңгеру дәрежесiн анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;<*>
      19-1) атаулы стипендия - тиiстi бiлiм беру бағдарламаларын ойдағыдай меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өмiрiне белсене қатысатын неғұрлым қабiлеттi бiлiм алушыларды көтермелеу үшiн жеке немесе заңды тұлғалар тағайындайтын стипендия; <*> 
      20) бiлiктiлiк - бiтiрушiнiң бiлiмi туралы құжатында көрсетiлген кәсiптiк қызметтi орындауға немесе бiлiмiн жалғастыруға деген кәсiби даярлығының түрi мен дәрежесi; 
      20-1) қабылдау квотасы - I, II топтағы мүгедектер, бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар, ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды, сондай-ақ жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдау үшiн бөлiнетiн бiлiм беру гранттары мен кредиттерiнiң шектi саны; <*> 
      21) колледж - орта кәсiптiк бiлiмi бар мамандар даярлаудың бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орны;
      21-1) кешендi тестiлеу - ақпараттық технологияларды қолдану арқылы бiрнеше оқу пәндерi бойынша бiр мезгiлде өткiзiлетiн емтихан нысаны; <*> 
      22) лицей - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, оқушыларды кәсiби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны; <*>
      23) шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзiндiк нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы бiлiм беретiн мектеп; 
      24) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау - басқа мемлекеттерде, халықаралық немесе Қазақстан Республикасында құрылған шетелдiк оқу орындарында (олардың филиалдарында) бiлiм алған азаматтарға берiлген құжаттардың баламалылығын анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм; 
      25) бiлiм беру - қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсiби бiлiктiлiгінiң жоғары деңгейiне қол жеткiзудi мақсат ететiн үздiксiз тәрбиелеу мен оқыту процесi; 
      26) бiлім беру гранты - бiлiм алушыларға кәсiптiк бiлiмге төлеу үшiн тегiн берiлетiн нысаналы ақша сомасы; 
      27) бiлiм беру кредитi - бiлiм алушыларға кәсiптiк бiлiм алуға төлеу үшiн берiлетiн нысаналы кредит;
      27-1) бiлiм беру мониторингi - бiлiм беру процестерiн жүзеге асырудың нәтижелерi мен шарттарының, бiлiм алушылар контингентiнiң, бiлiм беру ұйымдары желiсiнiң жай-күйiн және өзгерiстер серпiнiн жүйелi түрде байқау, талдау, бағалау және болжау; <*> 
      28) жалпы бiлiм беретiн мектеп - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, әрқайсысы дербес жұмыс iстей алатын үш сатыдан: бастауыш, негiзгi және жоғары сатылардан тұратын жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны; <*>
      28-1) бiлiм алушыларды аралық аттестаттау - бiр оқу пәнiнiң оны бiтiргеннен кейiнгi бiр бөлiгiнiң немесе бүкiл көлемiнiң мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргiзiлетiн рәсiм;
      28-2) аралық мемлекеттiк бақылау - бiлiм сапасын бiлiм беру ұйымдарына тәуелсiз бақылаудың бiр түрi; <*> 
      29) кәсiптiк мектеп - жалпы орта, кәсiптiк бастауыш бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн даярлауды қамтамасыз ететiн орта оқу орны; 
      30) кәсiптік лицей - жалпы орта, бастауыш кәсiптiк бiлiмнiң бiлім беру бағдарламаларын iске асыратын және бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жұмысшы кадрларын даярлауды жүзеге асыратын орта оқу орны; 
      31) кәсiп - адамның бiлiмi туралы тиiстi құжаттармен расталған кәсiбiнiң, еңбек қызметiнiң негiзгi түрi; 
      32) клиникалық ординатура - жоғары оқу орнынан кейiн тереңдетiлген медициналық бiлiм алу нысаны; 
      33) мамандық - бiлiмi туралы тиiстi құжаттармен расталған белгілi бiр қызмет түрi үшiн қажеттi, мақсатқа сай даярлау және жұмыс тәжiрибесi арқылы алынған бiлiм, шеберлiк және дағдылар кешенi; 
      34) стипендия - бiлiм алушыларға олардың тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеу үшiн берiлетiн ақша сомасы; 
      35) студенттiк кредит - бiлiм алушыларға тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеуге берiлетiн нысаналы кредит; 
      36) университет - мамандықтардың кең ауқымы бойынша жоғары кәсiптiк және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын; жоғары кәсiптiк бiлiмi бар мамандарды, ғылыми және ғылыми-педагог қызметкерлердi қайта даярлауды және (немесе) олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыратын; iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзетiн; өзiнiң қызмет саласында жетекшi ғылыми және әдiстемелiк орталық болып табылатын көп салалы жоғары оқу орны; 
      37) оқу бағдарламасы - әрбiр оқу пәнi бойынша меңгерiлуге тиiстi бiлiмнiң, шеберлiк пен дағдылардың мазмұны мен көлемiн айқындайтын құжат; 
      38) оқу жоспары - тиiстi бiлiм беру деңгейiндегi оқу пәндерiнiң тiзбесi мен көлемiн, оларды зерделеу тәртiбi мен бақылау нысандарын регламенттейтiн негiзгi құжат; 
      39) бiлiм беру ұйымының филиалы - бiлiм беру ұйымының одан тыс жерде орналасқан және бiлiм беру бағдарламаларын осы Заңда белгiленген шекте iс жүзiне асыратын құрылымдық бөлiмшесi; <*>
      39-1) штаттағы оқытушы - бiлiм беру ұйымының штат кестесiнде көзделген қызметтi атқаратын және жеке еңбек шартының негiзiнде лауазымдық мiндеттерiн орындайтын оқытушы; <*>
      40) экстернат - бiлiм алушы сабаққа үнемi қатыспай-ақ бiлiм беру бағдарламасына сәйкес оқу пәндерiн өз бетiнше оқитын оқыту нысандарының бiрi; <*>
      40-1) мектеп-гимназия (мектеп-лицей) - гимназияның жалпы бiлiм беру бағдарламаларын - гимназия сыныптарында; лицейдiң жалпы бiлiм беру бағдарламаларын лицей сыныптарында iске асыратын жалпы бiлiм беретiн орта оқу орны;
      41) элитарлық бiлiм - ерекше дарынды азаматтар үшiн мамандандырылған бiлiм беру ұйымдарында iске асырылатын білiм беру бағдарламалары бойынша алынатын бiлiм.
      41-1) эксперименттiк алаң - жаңа педагогикалық технологиялар мен бiлiм беру бағдарламаларын мақұлдаудан өткiзуге арналған эксперимент режимiнде бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымы. <*>
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  2-бап. Қазақстан Республикасының білiм беру
саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. <*>
       Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  3-бап. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың
принциптерi

      1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады: 
      1) Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының бiлiм алу құқықтарының теңдiгi; 
      2) әрбiр азаматтың интеллектуалдық дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшелiктерi ескерiле отырып, халықтың барлық деңгейдегi бiлiмге қол жеткiзуi; 
      3) бiлiм берудiң зайырлы сипаты; 
      4) жеке адамның бiлiмдiлiгiн ынталандыру және дарындылығын дамыту; 
      5) бiлiм беру сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ететiн бiлiм беру процесiнiң үздiксiздiгi;оқу мен тәрбиенiң бiрлiгi; 
      6) бiлiм беру ұйымдарының меншiк нысандары бойынша, оқу мен тәрбиенiң нысандары, бiлiм беру бағыттары бойынша алуан түрлi болуы; 
      7) бiлiм берудi басқарудың демократиялық сипаты және бiлiм беру ұйымдарының академиялық бостандықтары мен өкiлеттiгiн кеңейту; 
      8) бiлiм берудiң iзгiлiктi және дамытушы сипаты; 
      9) бiлiмнiң, ғылымның және өндiрiстiң интеграциялануы; 
      10) оқушыларды кәсiптiк бағдарлау; 
      11) бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру. 
      2. Бiлім беру ұйымдарында саяси партиялар мен дiни ұйымдардың (бiрлестіктердiң) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметiне жол берiлмейдi. 

  4-бап. Азаматтардың бiлiм беру саласындағы құқықтарының
мемлекеттiк кепiлдiктерi

      1. Азаматтардың бiлiм алу құқығын мемлекет Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бiлiм беру жүйесiн дамыту және бiлiм алу үшiн тиiстi әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етедi. 
      2. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына тегiн жалпы орта бiлiм мен кәсiптiк бастауыш бiлiм алуға және егер азамат осы деңгейлердiң (олардың сатыларының) әрқайсысында бiрiншi рет бiлiм алатын болса, конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттар шегiнде тегiн кәсiптiк орта бiлiм мен кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алуға кепiлдiк бередi. Бiлiм алушыларға бiлiмнiң тегiн берiлуi мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын ұстауды бюджеттен қаржыландыру, бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн сатып алуды бюджеттен төлеу, не мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын беру арқылы iске асырылады. <*>
      3. Кәсiптiк бiлiм алу үшін конкурстық негiзде берiлетiн мемлекеттiк бiлiм беру кредитi мен мемлекеттік студенттiк кредиттi қамтитын мемлекеттiк бiлiм беру кредитiнiң жүйесi де құрылады. 
      Конкурс шарттары мемлекеттiк бiлiм беру гранттары мен кредиттердi тиiстi деңгейдегi бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруге мейлiнше қабiлеттi және даярлығы бар азаматтардың алуына кепiлдiк беруге тиiс. 
      Мемлекеттiк емес бiлiм беру кредитiн дамытуды мемлекет салық салу жөнiнен жеңiлдiктер беру арқылы ынталандырады. 
      4. <*>
      5. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың бiлiм алуы кезеңiнде оларды ұстау шығындарын толық немесе iшiнара көтередi. 
      Әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн азаматтардың санатына: 
      жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; 
      даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар, мүгедектер және бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар; <*>
      көп балалы отбасыларының балалары; 
      азаматтардың заңмен айқындалатын өзге де санаттары жатады. 
      Әлеуметтiк көмектiң мөлшерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 
      6. Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы жалпы бiлiм беретiн мектепке бара алмайтын азаматтар үшiн үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегiн оқыту ұйымдастырылады. 
      7. Мемлекет даму мүмкiндiктерi шектеулi азаматтардың бiлiм алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуiне және әлеуметтiк бейiмделуiне жағдай жасауды қамтамасыз етедi. 
      8. Мемлекет тұрғындар саны аз елдi мекендерде тұратын балалардың орта бiлiм алу құқығын қамтамасыз ету үшiн шағын жинақталған мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс iстеуiне кепiлдiк бередi. 
      9. Мемлекет ерекше дарынды азаматтардың элитарлық бiлiм, оның iшiнде шетелде бiлiм алуына қажеттi жағдай жасайды. 
       Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

  5-бап. Оқыту және тәрбиелеу тiлi

      1. Бiлiм беру ұйымдарындағы тiл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 
      2. Меншiк нысандарына қарамастан, барлық оқу орындары әрбiр бiлiм деңгейi үшiн мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандартқа сәйкес мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiн бiлу мен дамытуды, сондай-ақ орыс тiлiн және бiр шетел тiлiн оқып-үйренудi қамтамасыз етуге тиiс. 
      3. Ұлттық топтар үшiн олардың ана тілдерiн оқып-үйренуiне жағдай жасалады, ал олар жинақы тұратын жерлерде өз тілдерiнде оқытатын бiлiм беру ұйымдары немесе бөлiмшелерi (сыныптар, топтар және басқалар) құрылуы мүмкiн. 

  6-бап. Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi
стандарттары

      1. Қазақстан Республикасында әрбiр бiлiм беру деңгейi бойынша: 
      бiлiмнiң мазмұнына; 
      оқып және тәрбиеленiп жатқандардың оқу жүктемесiнiң ең көп көлемiне; 
      бiлiм алушылардың даярлық қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей стандарттары белгiленедi. <*>
      2. Тиiстi бiлiм беру деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттары меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан барлық бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндетті.
      3. <*>
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

  7-бап. Бiлiм беру жүйесi

      Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесi өзара iс-қимыл жасайтын:
      1) меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан бiлiм беру ұйымдарының;
      2) бiлiм берудiң түрлi деңгейлерiне арналған сабақтас бiлiм беру бағдарламалары мен бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарының; 
      3) бiлiм беру бағдарламаларының iске асырылуы мен бiлiм беру жүйесiнiң дамытылуын қамтамасыз ететiн бiлiм берудi басқару органдары мен оларға қарасты ұйымдардың жиынтығы болып табылады. 

  8-бап. Бiлiм беру жүйесiнiң мiндеттерi

      1. Бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау. 
      2. Бiлiм беру жүйесiнiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады: 
      1) бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау; 
      2) жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы интеллектiн байыту; 
      3) азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу; 
      4) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру; 
      5) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгеру; 
      6) бiлiм беру ұйымдарының еркiндiгiн, дербестiгiн кеңейту, бiлiм беру iсiн басқаруды демократияландыру және орталықсыздандыру;
      7) оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу;
      8) еңбек рыногында бәсекелесуге қабiлеттi бiлiктi жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру;
      9) жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту және қайта даярлау;
      10) алуан түрлi және көп қызметтi бiлiм беру ұйымдарының тиiмдi дамуына жәрдемдесу.

  2-тарау. Білім беру ұйымдары

  9-бап. Бiлiм беру ұйымдары

      1. Бiр немесе бiрнеше бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және (немесе) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң күтiмi мен тәрбие алуын қамтамасыз ететiн заңды тұлғалар бiлiм беру ұйымдары болып табылады.
      Бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
      Бiлiм беру ұйымдарының қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерiмен және солардың негiзiнде әзiрленген жарғылармен реттеледi.
      2. Бiлiм беру ұйымының бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ол қайтарып алынған немесе жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
      3. Бiлiм беру ұйымының мәртебесiн (үлгiсiн, түрiн) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiндегi бiлiктiлiк талаптары, тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережелерi ескерiле отырып, оның жарғыларында көрсетiледi.
      Бiлiм беру ұйымдарының мәртебесiн растау немесе өзгерту мемлекеттiк аттестаттау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      4. Бiлiм беру ұйымдары:
      1) мемлекеттiк (бiлiм беру мекемелерi және бiлiм беру кәсiпорындары);
      2) жеке меншiк болуы мүмкiн.
      5. Бiлiм беру ұйымдары:
      1) мектепке дейiнгi, мектептен тыс, арнаулы және жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар;
      2) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, жоғары кәсiптiк, жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк және қосымша кәсiптiк бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары болып бөлiнедi.
      Бiлiм беру ұйымдары түрлерiнiң номенклатурасын Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
      6. <*>
       Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен ,   2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  10-бап. Бiлiм беру ұйымының жарғысы

      1. Бiлiм беру ұйымының жарғысында мыналар белгіленуге тиiс:
      1) атауы, орналасқан жерi (заңды мекен-жайы);
      2) құрылтайшылары;
      3) бiлiм беру ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны, үлгiсi мен түрi;
      4) бiлiм беру ұйымының мiндетi мен қызметi;
      5) бiлiм беру процесiнiң мақсаты, iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының тiзбесi;
      6) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау тәртiбi;
      7) бiлiм беру процесiн ұйымдастыру (оның iшiнде оқыту және тәрбиелеу тiлi (тiлдерi), бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң сабақ режимi);
      8) бiлiмдi ағымдағы бақылау, бiлiм алушыларды аралық аттестаттау жүйесi, оларды өткiзудiң нысандары мен тәртiбi;
      9) ақылы бiлiм беру қызметiн көрсетудiң тiзбесi мен тәртiбi;
      10) бiлiм беру ұйымдары мен бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң және (немесе) олардың ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң қатынастарын регламенттеу мен ресiмдеу;
      11) бiлiм беру ұйымдарына құрылтайшы бекiтiп берген меншiк объектiлерiнiң пайдаланылу тәртiбi;
      12) бiлiм беру ұйымының өз қызмет процесiнде сатып алған меншiгiн қалыптастыру тәртiбi;
      13) бiлiм беру ұйымын қаржыландыру көздерi, олардың қызметiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;
      14) кәсiпкерлiк қызметiнiң болуы және түрлерi;
      15) құрылтайшының құзыретi;
      16) бiлiм беру ұйымының құрылымы, басқару органдарын құру тәртiбi, олардың құзыретi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;
      17) бiлім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң штатын толықтыру тәртiбi, еңбекке ақы төлеу шарттары, олардың құқықтары мен мiндеттерi;
      18) бiлім беру ұйымының қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртiбi;
      19) бiлiм беру ұйымының жарғысын өзгерту тәртiбi.
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының жарғысында алқалы басқару органдары, олардың құрылу тәртiбi мен құзыретi көзделуге тиiс.
      3. Бiлiм беру ұйымының жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
      4. Бiлiм беру ұйымының жарғысын оның құрылтайшылары бекітедi.

  11-бап. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру
және тарату

      1. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 
      2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларының келiсiмiмен құрылады. 
      3. Құрылтайшылар таратылатын бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушыларына басқа бiлiм беру ұйымдарында оқу жылын аяқтап шығу үшiн шаралар қолдануға мiндеттi. 

  12-бап. Бiлiм беру қызметiн лицензиялау

      1. Ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың (бұдан әрi - лицензиат) бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялануға тиiс. <*> 
      2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары олар үшiн лицензияға жеке қосымшалар берiле отырып, бiлiм беру ұйымдарының құрамында лицензияланады. Филиал туралы Ереже мен тiркеу құжаттары лицензиарға табыс етiлуге тиiс. <*>
      3. <*>
      4. Халықаралық және шетелдiк оқу орындары немесе олардың Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдары Қазақстан Республикасының оқу орындары сияқты шартпен және сондай тәртiппен лицензиялануға тиiс.
      5. Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
      1) нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн белгіленген үлгiдегi арыз;
      2) лицензиаттың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
      3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен шұғылдану құқығы үшiн лицензиялық алым төлегенiн растайтын құжат;
      4) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
      5) жұмыс бабындағы оқу жоспарлары;
      6) штаттағы оқытушылардың бар екенiн растайтын құжат; <*>
      7) дербес оқу-материалдық базасының бар екендiгiн растайтын құжаттар. <*>
      Лицензиялар құжаттар тапсырылған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
      Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензия беру үшiн белгiленген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге жазбаша түрде дәлелденген жауап қайтарылады. 
      6. Кәсiптiк мектептердiң, кәсiптiк лицейлердiң, колледждер мен жоғары оқу орындарының бiлiм беру қызметiн олар үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негiздерде жүргiзiледi. 
      7. Лицензиардың қажет болған жағдайда лицензияны беру, керi қайтарып алу немесе оның қолданылуын тоқтата түру мәселелерiн алқалы түрде және жария қарау үшiн консультациялық-кеңесшi орган құруға құқығы бар.
      8. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізу құқығына берiлген лицензияны кері қайтарып алуға немесе оның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар.
      Лицензияның қолданылуын алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұруға:
      көрсеткiштердiң бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарымен белгiленгеннен төмендеп кетуi;<*>
      бiлiм беру сапасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес келмеуi негiз болады.
      Лицензияны керi қайтарып алуға:
      лицензиаттың лицензиядағы талаптарды орындамауы;
      лицензиатқа өзiнiң жүзеге асыруына лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына соттың тыйым салуы;
      лицензияның қолданылуын лицензиар тоқтатқан себептердiң жойылмауы;
      лицензиаттың лицензия алу кезiнде көрiнеу дәйексiз ақпарат беруi негiз болып табылады. <*>
      9. <*>
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2001.12.24. N 276  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  13-бап. Бiлiм беру ұйымдарына бiлiм алушылар мен
                тәрбиеленушiлердi қабылдауға қойылатын
                жалпы талаптар

      1. Азаматты бiлiм беру ұйымына қабылдау кезiнде сол ұйым оны және (немесе) оның ата-анасын немесе өзге де заңды өкiлдерiн бiлiм беру ұйымының жарғысымен, бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензиямен, қабылдау тәртiбiн және оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды регламенттейтiн басқа да құжаттармен таныстыруға мiндеттi.
      Қабылдау тәртiбi тиiстi үлгiдегi оқу орындарына қабылдау ережелерiне сәйкес белгiленедi.
      2. Осы аумақта тұратын және тиiстi сатыда бiлiм алуға құқығы бар барлық азаматтардың қабылдануын қамтамасыз ететiн бастауыш жалпы, негiзгi жалпы және орта жалпы бiлiм беру сатыларындағы бiлiм беру ұйымдарына, сондай-ақ кәсiптiк бастауыш бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдаудың тәртiбiн құрылтайшы белгiлейдi.
      3. Азаматтарды кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары бiлiм алу үшiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдау азаматтардың өтiнiшi бойынша конкурстық негiзде жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары азаматтардың бiлiм алу құқықтарын сақтауға кепiлдiк берiп, неғұрлым қабiлеттi және тиiстi деңгейдегi бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруге дайындығы бар азаматтарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиiс.
      Конкурс:
      1) ағымдағы жылғы бiрыңғай ұлттық тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдарының негiзiнде;
      2) осы Заңның 35-бабының 6-тармағында аталғандарға жатпайтын адамдар үшiн кешендi тестiлеу нысанында өткiзiлген түсу емтихандарының нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдарының негiзiнде өткiзiледi.
      Бiлiм беру гранттарын (гранттар болмаған жағдайда - кредиттердi) алуға конкурс өткiзiлген кезде:
      1) "Алтын белгi" белгiсiмен марапатталған оқушылардың;
      2) тiзбесiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдарымен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандығының олар жеңiмпазы болып табылатын олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) ағымдағы жылғы жеңiмпаздарының басым құқығы болады.
      Бiлiм беру гранттары мен кредиттерiн алуға арналған конкурсты өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек-балалардың және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар азаматтардың басым құқығы болады.
      4. Азаматтарды жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алу үшiн жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу ұйымдарына қабылдау Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен конкурстық негiзде азаматтардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады.
      5. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде:
      1) I, II топтағы мүгедектер, бала кезiнен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшiн;
      2) ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшiн;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшiн;
      4) жетiм балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн қабылдау квотасы көзделедi.
      6. Азаматтарды арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететiн мамандықтарға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      Мамандықтардың және арнаулы немесе шығармашылық емтихандар еткiзу тәртiбiнiң тiзбесi Yлгiлiк қабылдау ережелерiмен белгiленедi.  (РҚАО-ның ескертуі:  V001118  ;  V001245  ;  V022136  қараңыз)
      7. Рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау орта бiлiмi бар азаматтар арасынан жүзеге асырылады.
      8. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жекелеген мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын қабылдау мамандандырылған мемлекеттiк оқу орындарында және басқа да мемлекеттiк оқу орындарының факультеттерiнде (бөлiмдерiнде) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша ғана жүзеге асырылады.
      Мамандықтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      9. Бiлiм беру ұйымдарына азаматтарды қабылдау тәртiбiн осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде құрылтайшы белгiлейдi және ол бiлiм беру ұйымының жарғысында бекiтiледi.
       Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  14-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру

      1. Бiлiм беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. <*>
      2. Жалпы негiзгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру бiлiм алушыларды мiндеттi мемлекеттiк қорытынды аттестаттаумен аяқталады. <*>
      3. Бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларды аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртiбiн және мерзiмдiлiгін таңдауда дербес болады. 
      4. Бiлiм беру ұйымдарында тәртiп бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң, педагогтардың адамдық қадiр-қасиетін өзара құрметтеу негiзiнде сақталады. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдiстерiн қолдануға жол берiлмейдi. 
      5. Кәмелетке толмаған бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне бiлiм беру процесiнiң барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ бiлiм алушылардың үлгерiм бағаларымен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      6. Оқу орындарында оқыту төмендегiдей нысандарда: күндiзгi, сырттай, кешкi оқу, дистанциялық оқыту және экстернат нысандарында жүзеге асырылуы мүмкiн. 
      Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi. 
      7. Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары бiлiм беру бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады және бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң елжандылық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынта-ықыласы мен қабiлеттерiн дамытуға бағытталуға тиiс. 
      8. Бiлiм беру ұйымдарында нәсiлдiк, ұлттық, дiни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристiк және де халықаралық құқық пен iзгiлiктiң жалпы танылған принциптерiне қайшы келетiн өзге идеяларды таратуға тыйым салынады. 
      9. Әскерге шақырылуға дейiнгi және шақырылу жасындағы оқушы жастардың негiзгi жалпы бiлiм беру базасындағы бастапқы әскери даярлығы - жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында (арнаулы оқу орындарын қоспағанда), кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында, ал студенттердің әскери даярлығы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

       14-1-бап. Оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру

      Оқу-тәрбие процесiн қамтамасыз ету және жетiлдiру, оқытудың жаңа технологияларын әзiрлеу және енгiзу, педагогикалық қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз ету мақсатында бiлiм беру ұйымдарында оқу-әдiстемелiк жұмыс жүзеге асырылады.
       Ескерту. 14-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  15-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы

      1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бiр бөлiгi болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және бiлiм беру ұйымдарындағы оқыту процесiнде алған бiлiмдi бекiтуге практикалық дағдылар алу мен озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған. 
      2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi стандарттарының талаптарына сәйкес жұмыстық оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгiленедi. <*>
      3. Бiлiм беру ұйымдары кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн шарттық негiзде практика базасы ретiндегi ұйымдарды анықтайды, олармен келiсiлген практиканы өткiзудiң бағдарламаларын және күнтiзбелiк кестесiн бекiтедi. <*>
      Шарттарда бiлiм беру ұйымдарының, практика базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi белгiленедi. 
      4. Кәсiптiк практикаға жұмсалатын шығындарды бiлiм беру ұйымдары мен практика базасы болып табылатын ұйымдар қарастырады. 
      Бұл шығындардың мөлшерi жасалған шарттарда белгіленедi. 
      5. Практиканы дайындау мен өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарының және практика базасының басшылары жауапты болады. 
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  16-бап. Бiлiм туралы құжаттар

      1. Лицензиясы бар, мемлекеттiк аттестаттаудан өткен және жалпы бiлiм беру (мектепке дейiнгiнi қоспағанда) мен (немесе) кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қорытынды мемлекеттiк аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi (сатысы) туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi. <*>
      2. Тиiстi бiлiм деңгейi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат келесi деңгейдегi бiлiм беретiн ұйымдарда бiлiм алуды жалғастырудың қажеттi шарты болып табылады. 
      Кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген бiлiктiлiгіне, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген ғылыми дәрежелерiне сәйкес азаматтардың кәсiптiк қызметпен, оның iшiнде бiлiм деңгейiне бiлiктiлiк талаптары қойылатын қызметпен айналысуға құқығы бар. 
      3. Бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға белгіленген үлгiдегi анықтама берiледi. 
      4. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарын бiтiргенi туралы құжаттардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде танылуы тиiстi халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде жүзеге асырылады. 
      5. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
      Бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
      Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алған бiлiмi туралы құжаттарының Қазақстан Республикасында танылуы және тиiстi куәлiктер берiлуi білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен .    

   17-бап. Бiлiм беру жүйесiндегi бiрлестiктер

      Бiлiм беру жүйесiндегi бiлiм беру қызметi субъектiлерiнiң мүдделерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және жұмыс iстеп тұрған олардың бiрлестiктерi бiлдiре алады.
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен ,   бап жаңа редакцияда - 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен білім
деңгейлері

  18-бап. Бiлiм беру бағдарламалары

      1. Бiлiм беру бағдарламалары тиiстi деңгейлер мен олардың сатыларының бiлiм беру мазмұнын айқындайды. Қазақстан Республикасында жалпы бiлiм беретiн (негiзгi және қосымша) және кәсiптiк (негiзгi және қосымша) болып бөлiнетiн бiлiм беру бағдарламалары iске асырылады. 
      2. Жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар жеке адамның жалпы мәдениетiн қалыптастыру, жеке адамды қоғамдағы өмiрге бейiмдеу мiндеттерiн шешуге, кәсiптi, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшiн негiз жасауға бағытталған. 
      3. Кәсiптiк бағдарламалар тиiстi кәсiбилiгi мен бiлiктiлiгi бар жұмысшылар мен мамандар даярлауға, бiлiм алушылардың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйектi түрде арттыруға бағытталған. 
      4. Негiзгi жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар мен негiзгi кәсiптiк бағдарламалар тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының негiзiнде әзiрленедi. 
      5. Қосымша бiлiм беретiн бағдарламалар азаматтардың, қоғамның, мемлекеттiң бiлiмге және мәдениетке деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатында iске асырылады. 
      Қосымша бiлiм беру бағдарламаларына: 
      1) тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарынан тыс жалпы бiлiм беру және кәсiби даярлық жүргiзiлетiн бiлiм беру ұйымдарында; 
      2) қосымша бiлiм беру ұйымдарында; 
      3) жеке педагогикалық қызмет арқылы iске асырылатын әртүрлi бағыттағы бiлiм беру бағдарламалары жатады. 
      6. Ерекше дарынды бiлiм алушылардың әлеуеттi мүмкiндiктерiн мейлiнше толық дамыту үшiн дарынды балаларға арнап мамандандырылған мектептерде iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi. 
      7. Азаматтардың жекелеген санаттары үшiн психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлген арнаулы білiм беру бағдарламалары әзiрленедi. 
      8. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткiзу, бiлiм берудiң жаңа мазмұнын енгiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарында (эксперименттiк алаңдарда) эксперимент тәртiбiмен iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленуi мүмкiн. <*>
       Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  19-бап. Бiлiм берудiң балалар мен жасөспiрiмдерге
арналған қосымша дамыту бағдарламалары

      1. Бiлiм берудiң қосымша дамыту бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда iске асырылады. 
      2. Мемлекет мемлекеттiк мектептен тыс ұйымдардың бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi. 
      3. Мектептен тыс ұйымдар балалардың жеке басының дамуына, кәсiптiк бағдарын айқындауына, шығармашылық еңбегiне, олардың қабiлеттерiн iске асыруына, қоғам өмiрiне бейiмделуiне, азаматтық сана-сезiмiнiң, жалпы мәдениетінің, салауатты өмiр салтының қалыптасуына, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына жағдай жасайды. 
      4. Мектептен тыс ұйымдарға балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық сарайлары, үйлерi, орталықтары, кешендерi, студиялары; 
      жас техниктердiң, туристердiң, натуралистердiң станциялары мен базалары; 
      балалардың музыкалық, көркемөнер және спорт мектептерi, өнер мектептерi; ынта-ықыластары бойынша клубтар; спорттық, сауықтыру, туристiк лагерьлер; балалар парктерi, стадиондар, галереялар және басқа да ұйымдар жатады. 
      5. Мектептен тыс ұйымдардың қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi ережемен белгiленедi. 

  20-бап. Арнаулы бiлiм беру бағдарламалары

      1. Арнаулы бiлiм беру бағдарламаларын арнаулы бiлiм беру ұйымдары iске асырады. 
      2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кенжелеушiлiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзелуге, диагноз қоюға мұқтаж балалар үшiн арнаулы ұйымдар (оңалту орталықтары, бала бақшалары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) құрылады. 
      3. Ұзақ емделуге мұқтаж адамдар үшiн, сондай-ақ әдеттегi бiлiм беру ұйымдарында оқытуға кедергiсi болатын даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдер үшiн толық мемлекет қамтамасыз ететiн арнаулы түзету ұйымдары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспiрiмдер бұл ұйымдарға ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар арқылы жiберiледi. 
      Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдердi кәсiптiк даярлауға мемлекет жәрдемдеседi. 
      4. Девианттық мiнез-құлықты адамдар үшiн адамгершiлiк сипатта ерекше ұсталатын бiлiм беру ұйымдары мен арнаулы бiлiм беру ұйымдары құрылады, олар тәрбиелеу мен оқытуды, әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз етедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
      Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы ұйымдарға жiберу аудан, қала әкiмдерi жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия арқылы, ал ерекше режимде ұстау ұйымдарында сот шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады. <*>
       Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  21-бап. Жалпы және кәсiптiк бiлiм беру

      1. Iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының сипатына қарай бiлiм беру жалпы бiлiм және кәсiптiк білiм беру болып бөлiнедi.
      2. Жалпы бiлiм беруге:
      1) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту;
      2) жалпы бастауыш бiлiм беру;
      3) жалпы негiзгi бiлiм беру;
      4) жалпы орта бiлiм беру;
      5) жалпы қосымша бiлiм беру кiредi.
      Жалпы бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi жалпы бiлiм беру бағдарламасымен белгiленедi.
      3. Кәсiптiк білім беруге:
      1) кәсiптiк бастауыш бiлiм беру;
      2) кәсiптiк орта бiлiм беру;
      3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
      4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру;
      5) қосымша кәсiптiк бiлiм беру кiредi.
      Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi кәсiптiк бағдарламамен белгіленедi.

  22-бап. Бiлiм деңгейлерi

      Бiлiм беру бағдарламаларының үздiксiздiгi мен сабақтастығы принципi негiзiнде мынадай бiлiм деңгейлерi белгiленедi:
      1) мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту;
      2) орта бiлiм беру;
      3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
      4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру.

  23-бап. Мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту

      1. Мектепке дейiнгi тәрбие отбасында және (немесе) мектепке дейiнгi ұйымда жүзеге асырылады.
      2. Мектепке дейiнгi ұйымдар отбасымен қатар бiр жастан алты (жетi) жасқа дейiнгi мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқытуды, олардың дене және психикалық денсаулығын қорғап, нығайтуды, дамуында ауытқуы бар балалардың жеке қабiлеттерiн дамытуды және оған мұқтаж балаларға қажеттi түзету жасауды жүзеге асырады. 
      3. Мемлекеттiк бiлiм беру мен денсаулық сақтауды басқару органдары мектепке дейiнгi ұйымдар мен отбасына қажеттi әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетудi ұйымдастырады. 
      4. Бес (алты) жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау мiндеттi және ол отбасында, мектепке дейiнгi ұйымның мектеп алдындағы топтарында немесе жалпы бiлiм беретiн мектептер, лицейлер мен гимназиялардың мектеп алдындағы сыныптарында жалпы бiлiм беру бағдарламаларының шеңберiнде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн жасалады. <*>
       Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  24-бап. Орта бiлiм беру

      1. Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Орта білiм алу мiндеттi. 
      2. Мемлекеттiк күндiзгi жалпы бiлiм беретiн оқу орындарынан он алты жасқа дейiнгi балаларды шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, бiлiм беру ұйымының жарғысын өрескел және бiрнеше мәрте бұзғаны үшiн бiлiм беру басқармасы органдарының шешiмi бойынша ерекше жағдайларда ғана жол берiледi. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешiм қорғаншы және қамқоршы органдардың келiсiмiмен қабылданады. 
      3. Орта бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi негiзгi деңгей болып табылады және жалпы, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм берудi қамтиды. Орта бiлiм берудiң мiндеттілiгi мен оған қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн мемлекет орта бiлiм беру ұйымдарының сақталуына және дамуына жәрдемдеседi. 
      4. Жалпы орта бiлiм үш сатылы: бастауыш (1-4 сыныптар), негiзгi (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 (12) сыныптар) жалпы орта бiлiм беретiн оқу орнында кезең-кезеңмен алынады. 
      Мектептiң бiрiншi сыныбына балалар алты немесе жетi жастан бастап қабылданады. 
      Аталған сатылар бiрге немесе дербес жұмыс iстей алады. Олар тиiсiнше жалпы бастауыш, негiзгi жалпы, жалпы орта бiлiм берудi iске асырады. Жалпы бiлiм беретiн оқу орнының мектепке дейiнгi, бастауыш, негiзгi және жоғары сатыларының бiлiм беру бағдарламалары сабақтас болып табылады, әрбiр келесi бағдарлама алдыңғысына негiзделедi. <*> 
      5. Жалпы орта бiлiмнiң көп нұсқалылығына, бiлiм берудiң ауқымды инфрақұрылымын қалыптастыруға жалпы орта бiлiм беретiн ұйымдардың әралуан түрлерi мен үлгiлерiн: жалпы бiлiм беретiн мектеп, гимназия, лицей, мектеп-гимназия, мектеп-лицей және басқаларды құру арқылы қол жеткiзiледi. 
      6. Кәсiптiк бастауыш бiлiм кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлерде негiзгi жалпы бiлiм беру базасында алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметкерлердi) даярлауға бағытталған. 
      Кәсiптiк мектепте оқу мерзiмi - екi-үш жыл, кәсiптiк лицейде - үш жыл, ерекше күрделi кәсiптер бойынша, сондай-ақ бiрегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшiн - төрт жылға дейiн болады. 
      Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш бiлiм беру қысқартылған оқыту мерзiмiндегi жалпы орта бiлiм беруге негiзделуi мүмкiн. 
      Кәсiптiк оқыту бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру құқығына белгiленген тәртiппен берiлген лицензиясы болған кезде, тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн. <*>
      7. Кәсiптiк орта бiлiм колледждерде, училищелерде негiзгi жалпы білiм беру базасында конкурстық негiзде алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол кәсiптiк орта бiлiм алып шығатын мамандар даярлауға бағытталған. 
      Колледжде, училишеде оқу мерзiмi - үш-төрт жыл. Ұқсас мамандықтар бойынша жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiмi бар азаматтардың қысқартылған, жеделдетiлген бағдарламалар бойынша кәсiптiк орта бiлiм алуына болады. 
      Тиiстi лицензиясы болған жағдайда колледждерде, училищелерде жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн. 
      Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша қысқартылған мерзiмде ақылы негiзде екiншi кәсiптiк орта бiлiм ала алады.
      Колледждер мен училищелерде ұқсас мамандықтар бойынша республикалық оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер құрылады.
      8. Кәсiптiк бастауыш немесе кәсiптiк орта бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламалары шегiнде алынатын кәсiптiк бiлiмнiң бейiнi ескерiле отырып, жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарты iске асырылады.
       Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  25-бап. Кәсiптiк жоғары бiлiм беру

      1. Кәсiптiк жоғары бiлiмдi орта бiлiмi бар азаматтар алады.
      2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн кәсiптiк жоғары бiлiм алуға құқығы бар. 
      3. Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының мынадай түрлерi белгiленедi: университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище).
      Жоғары оқу орындарының филиалдары мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм беру стандарттарының әлеуметтiк-гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми пәндерi циклдарының көлемiнде кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады. <*>
      Бiлiм алушылардың мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм беру стандарттарының жалпы кәсiптiк және арнайы пәндер жөнiндегi оқу бағдарламаларын меңгеруi филиал құрған жоғары оқу орындарында жалғастырылады. <*>
      Жоғары оқу орындарында тиiстi лицензиялары болған жағдайда жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн. 
      4. Бiрыңғай оқу-ғылыми-өндiрiстiк кешен ретiнде жұмыс iстейтiн жоғары оқу орнының құрамына жоғары оқу орнының құрылымдық бiрлiктерiнiң немесе заңды тұлға мәртебесi бар оқу, ғылыми, өндiрiстiк және басқа да бөлiмшелер кiре алады. 
      Медициналық бiлiм беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы болған жағдайда ғана жұмыс iстеуi мүмкiн. 
      5. Қазақстан Республикасында кәсiптiк жоғары бiлiмнiң мынадай құрылымы белгiленедi: 
      1) қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк пен "бакалавр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi төрт жылдық жоғары базалық бiлiм (бакалавриат); 
      қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк нен "магистр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi: жоғары базалық бiлiм негiзiнде - екi жылдық; жоғары арнаулы бiлiм негiзiнде бiр жылдық жоғары ғылыми-педагогикалық бiлім; 
      2) тиiстi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда,қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға "кәсiптiк жоғары бiлiмi бар маман" тиiстi бiлiктiлiгiнiң берiлуiмен расталатын, оқү мерзiмi кемiнде төрт жылдық жоғары арнаулы бiлiм. 
      Медициналық бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша оқу мерзiмi жетi жыл болады және соңғы оқу жылы интернатура нысанында ұйымдастырылады. 
      Интернатурадан өтпеген бiтiрушiлер клиникалық практикаға жiберiлмейдi. 
      Университеттер мен академиялар бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, кәсiптiк жоғары бiлiм берiлетiн нақты мамандықтар бойынша кадрлар даярлау құрылымын белгiлейдi. 
      6. Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар жеделдетiлген оқыту мерзiмiмен қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтар жөнiнде жоғары кәсiптiк бiлiм алуға құқылы. <*>
      Кәсiптiк жоғары бiлiмi бар азаматтар ақылы негiзде жеделдетiлген оқыту мерзiмiмен қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша екiншi кәсiптiк жоғары бiлiм алуы мүмкiн. 
      Кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң көп деңгейлi құрылымы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. <*>
      7. Жоғары оқу орны өзiнiң ғылыми қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады. 
      8. Жоғары оқу орнының тәрбиелеу мiндеттерi студенттердiң, оқытушылар мен қызметкерлердiң бiрлескен оқу, ғылыми, шығармашылық, өндiрiстiк қызметiмен iске асырылады. 
       Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен .   

  26-бап. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру

      1. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң жоғары сатысы ретiнде бiлiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлауды көздейдi. 
      Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмдi арнаулы жоғары бiлiмi немесе "магистр" академиялық дәрежесi бар бiлiктi мамандықтағы азаматтар алады. 
      2. Ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау жоғары оқу орындарының клиникалық ординатурасында, ассистентура-тағылымдамасында адъюнктурасында және докторантурасында, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, сондай-ақ ғылым кандидаттарын аға ғылыми қызметкер қызметiне, iзденушiлiкке ауыстыру, шығармашылық демалыстар беру нысанында жүзеге асырылады. 
      3. Аспирантура мен адъюнктурада оқу мерзiмi күндiзгi оқу нысанында - үш жылдан, сырттай оқу нысанында - төрт жылдан, магистр дәрежесi бар адамдар үшiн тиiсiнше екi және үш жылдан аспауға тиiс. 
      Ассистентура-тағылымдамада тағылымдамадан өту мерзiмi күндiзгi оқу нысаны бойынша - екi жылдан, сырттай оқу нысаны бойынша үш жылдан аспауға тиiс. 
      Докторантурада болу мерзiмi - үш жылдан, докторлық диссертация әзiрлеу үшiн аға ғылыми қызметкер қызметiне ауыстыру екi жылдан аспауға тиiс. 
      4. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм туралы ереженi Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi. 
       Ескерту. 26-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен .  

  27-бап. Қосымша кәсiптiк бiлiм беру

      1. Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысының шегiнде қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң негiзгi мiндеттерi технологиялар мен өндiрiсте болып жатқан өзгерiстерге байланысты оларға қойылатын талаптарды ұдайы арттыруды ескере отырып, жұмысшылардың, қызметшiлердiң, мамандардың бiлiктiлiгiн үздiксiз арттыру, еңбек нарығы құрылымының өзгеруiне байланысты қосымша мамандықтар алу арқылы кәсiби бiлiмдi, дағдылар мен iскерлiктi тереңдету және кәсiби мүмкiндiктердi кеңейту болып табылады.
      2. Қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң негiзгi нысандары бiлiктiлiктi арттыру мен кадрларды қайта даярлау болып табылады.
      3. Қосымша кәсiптiк бiлiм берудiң оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын бiлiм беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар мен қосымша бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ нысанасы бiлiм беру қызметi болып табылатын тиiстi құрылымдық бөлiмшелерi бар өзге де заңды тұлғалар бекiтедi және iске асырады.
      4. Қосымша кәсiптiк бiлiм беру бюджет қаражаты есебiнен де, ақылы негiзде де жүзеге асырылуы мүмкiн.
      5. Бiлiм беру ұйымдарының педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру кемiнде бес жылда бiр рет жүзеге асырылады. 
       Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  4-тарау. Білім беру жүйесін басқару

        28-бап. <*>

       Ескерту. 28-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  29-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бiлiм беру
саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
      2) бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      2-1) еңбек нарығының кадрларға ағымдағы және болашақтағы қажеттiгiнiң тұрақты мониторингi жүйесiн құрады; <*> 
      3) жұмыс берушiлер мен басқа да әлеуметтiк серiктестердiң кәсiптiк бiлiм беру проблемаларын шешуге қатысуын қамтамасыз етедi және кәсiптiк жоғары бiлiмi мен жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi бар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын ұйымдарда кәсiптiк орта бiлiмi бар мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi; <*>
      4) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша бiлiм беру жүйесiнiң қызметiн осы Заңға сәйкес реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
      4-1) мемлекеттiк бiлiм беру гранты, мемлекеттiк бiлiм беру және мемлекеттiк студенттiк кредиттер туралы ережелердi бекiтедi;
      4-2) бiлiм берудiң жалпыға бiрдей мiндеттi мемлекеттiк стандарттарын әзiрлеу, бекiту тәртiбiн және оның қолданылу мерзiмдерiн айқындайды;
      4-3) Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредиттеу және бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау ережелерiн бекiтедi;
      4-4) бiлiктiлiк талаптарын және бiлiм беру қызметiн лицензиялау тәртiбiн бекiтедi;
      4-5) мемлекеттiк үлгiдегi бiлiм туралы құжаттардың түрлерi мен нысандарын және оларды берудiң тәртiбiн айқындайды;
      4-6) халықтың тығыздығына және елдi мекендердiң қашықтығына қарай бiлiм беру ұйымдары желiсiнiң кепiлдiк берiлген мемлекеттiк нормативiн бекiтедi;
      4-7) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң үлгi штаттарын, сондай-ақ Педагогикалық қызметкерлер мен оларға теңестiрiлген тұлғалар лауазымдарының тiзбесiн айқындайды;
      4-8) жеке адамның тәрбиесiне, бiлiм алуына және кәсiби қалыптасуына зор үлес қосқан мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына ерекше мәртебе беру туралы шешiм қабылдайды және Қазақстан Республикасының Президентiне жекелеген мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс енгiзедi;
      5) бiлім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;
      6) бiлiм беру мониторингiн жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi; <*>
      7) мемлекеттiк атаулы стипендияны белгiлейдi;
      8) "Алтын белгi" белгiсi туралы ереженi бекiтедi. <*>
       Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

  30-бап. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы
орталық атқарушы органның құзыретi

      Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы мынадай мiндеттердi атқарады:
      1) бiлiм беру саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, олардың бiлiм беру саласындағы мемлекет кепiлдiк берген әлеуметтiк игiлiктердiң минимумын алуын қамтамасыз етедi;
      1-1) бiлiм беру саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асырады, бiлiм беру саласындағы салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
      1-2) ұсынылатын бiлiм беру қызметiн көрсетудiң сапасына талдау жасайды және әдiстемелiк әрi әдiснамалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      2) <*>
      3) бiлiм беру ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      3-1) бiлiм беру сапасын басқаруды жүзеге асырады, бiлiм беру сапасын бағалау мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi, техникалық және технологиялық нормаларды қабылдайды; <*>
      3-2) бiлiм беру мониторингiн және бiлiм берудi басқару жүйесiн ақпараттық қамтамасыз етудi жүзеге асырады, бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық жүйесiн ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу ережесiн бекiтедi; <*> 
      3-3) бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнiң үлгiлiк (базистiк) оқу бағдарламаларын және оқу жоспарларын әзiрлеудi ұйымдастырады және бекiтедi; <*>
      3-4) сырттай, кешкi және экстернат нысанында бiлiм алуға жол берiлмейтiн кәсiптер мен мамандықтардың тiзбесiн белгiлейдi; <*>
      3-5) жоғары кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында экстернат нысанында бiлiм алуға рұқсат бередi; <*>
      4) жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм берудiң мемлекеттiк стандарттарын бекiтедi;
      4-1) аралық мемлекеттiк бақылау өткiзудiң ережесiн бекiтедi;
      5) бiлiм беру мен ғылым саласында нысаналы және халықаралық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады; <*>
      6) меншiк нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарындағы оқу жылының басталу және аяқталу уақытын белгiлейдi; 
      7) бiлiм беру ұйымдарының үлгiлерi мен түрлерi бойынша сыныптардың (топтардың) санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес толықтырылуын айқындайды; 
      8) мүдделi министрлiктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушiлермен және басқа да әлеуметтiк әрiптестермен өзара iс-қимыл жасай отырып, кадрлар даярлау бойынша кәсiптер мен мамандықтар тiзбесiн белгiлейдi; <*>
      8-1) бiлiм алушылардың үлгерiмiне, оларды аралық және қорытынды мемлекеттiк аттестаттауға ағымдағы бақылау жүргiзудiң нысанын әзiрлейдi және тәртiбiн бекiтедi; <*>
      8-2) бiрыңғай ұлттық тестiлеудi және кешендi тестiлеудi өткiзудiң ережелерi мен технологиясын әзiрлейдi және бекiтедi; <*> 
      8-3) санының асып кетуi кезектен тыс мемлекеттiк аттестаттауға алып келетiн аралық мемлекеттiк бақылаудан өтпеген бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың шектi санын бекiтедi; <*> 
      8-4) техникалық еңбек пен қызмет көрсету еңбегiнiң кәсiптерi (мамандықтары) бойынша кәсiптiк дайындық деңгейiн растаудың және бiлiктiлiк берудiң тәртiбiн әзiрлеп, бекiтедi; <*>
      9) бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру құқығына:
      жоғары кәсiптiк және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң негiзгi және қосымша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғаларға;
      республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын, мамандандырылған бiлiм беру бағдарламаларын және кәсiптiк орта бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғаларға;
      дiни бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғаларға (дiни оқу орындары);
      халықаралық және шетелдiк заңды тұлғаларға лицензия бередi; 
      9-1) бiлiм беру ұйымдарында оқу-әдiстемелiк жұмысты ұйымдастыру тәртiбiн бекiтедi; <*>
      9-2) кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредитациялауды ұйымдастырады және жүргiзедi; 
      9-3) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан (медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда), кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына, сондай-ақ кәсiптiк орта бiлiм беру және мамандандырылған бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын ведомстволық бағынысты бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды ұйымдастырады және жүргiзедi;
      10) жалпы орта бiлiм беретiн республикалық бiлiм беру ұйымдарын, сондай-ақ халықаралық келiсiмдерге сәйкес шетелдiк мектептерде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдiстемелiк кешендермен қамтамасыз етедi, шығармашылық сайыс негiзiнде оқулықтар, оқу-әдiстемелiк кешендер мен оқу-әдiстемелiк құралдарын дайындау мен басып шығару жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады және бiлiм беру ұйымдарына оқу әдебиеттерiн таңдаудың тетiгiн жасайды;<*>
      10-1) жалпы орта бiлiм беретiн республикалық бiлiм беру ұйымдарын, сондай-ақ халықаралық келiсiмдерге сәйкес шетел мектептерiнде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдiстемелiк кешендермен қамтамасыз етедi;
      11) бiлiм беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттердi, соның iшiнде электрондық жеткiзгiштегi әдебиеттердi пайдалануға рұқсат етедi; <*>
      11-1) мектептен тыс республикалық маңызы бар iс-шаралар өткiзудi ұйымдастырады;
      12) <*>
      12-1) жалпы бiлiм беру пәндерi бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды, орындаушылардың және кәсiби шеберлiктiң республикалық конкурстарын өткiзудi ұйымдастырудың ережесiн бекiтедi; <*>
      13) бюджет қаражаттары есебiнен конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастырады; <*>
      14) бiлiм беру ұйымдарына, магистратураға, аспирантура мен докторантураға оқуға қабылдаудың жалпы тәртiбiн және үлгi ережелерiн, сондай-ақ бiлiм беру қызметтерiн ақылы көрсету шартының үлгiлiк нысанын бекiтедi; <*>
      14-1) кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларды ауыстырудың және қайта қабылдаудың ережелерiн бекiтедi; <*>
      14-2) күндiзгi оқыту нысанындағы бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушыларға академиялық демалыстар берудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн бекiтедi; <*>
      14-3) осы Заңның 14-бабында көзделген нысандар бойынша оқыту ережелерiн бекiтедi;
      15) ведомстволық бағынысты бiлiм беру ұйымдары мен кәсiпорындарының құрылтай құжаттарын бекiтедi;
      16) бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының, ведомостволық бағыныстағы ұйымдардағы бюджет және қаржы тәртiбiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындалуына мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асырады; 
      16-1) бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға берiлетiн анықтама нысанын бекiтедi; <*>
      16-2) бiлiм беру қызметiнде бiлiм беру ұйымдары пайдаланатын қатаң есептегi құжаттардың нысанын әзiрлейдi және бекiтедi; <*>
      17) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында еңбекке ақы төлеудiң мемлекеттiк нормативтерi туралы ұсыныстар әзiрлейдi; 
      18) бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын ведомостволық бағыныстағы ұйымдардың белгiленген тәртiппен қаржыландырылуын жүзеге асырады; 
      19) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомостволық бағыныстағы мемлекеттiк жоғары оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының бiрiншi басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
      19-1) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық қызметкерлерiнiң (профессорлық-оқытушылық құрам, ғылыми қызметкерлер) лауазымдарына конкурстық орналасудың ережесiн бекiтедi; <*> 
      20) <*>
      21) салалық көтермелеу жүйесiн жасайды және бекiтедi;
      21-1) педагогикалық қызметкерлердi аттестаттау ережесiн бекiтедi; <*> 
      22) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жоспарлайды және ұйымдастырады;
      23) шетелдiк әрiптестермен келiссөздер жүргiзiп, өз құзыретi шегiнде бiлiм беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) және бағдарламаларға қол қояды;
      24) <*>
      24-1) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн белгiлейдi;
      25) <*>
       Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).     

  31-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың
бiлiм беру саласындағы құзыретi

      1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағындағы жергiлiктi атқарушы органдар ұсынған бiлiм берудi дамыту бағдарламаларын бекiтедi, олардың орындалуы туралы есептердi тыңдайды; 
      2) ауылдық (селолық) жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отын сатып алуға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылдайды; 
      3) бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы шешiм қабылдайды. 
      2. Облыстың жергiлiктi атқарушы органы:
      1) бiлiм берудi дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi және мәслихаттың бекiтуiне енгiзедi;
      2) азаматтарға кәсiптiк бастауыш бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      3) кәсiптiк орта бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыруды қамтамасыз етедi;
      4) арнайы бiлiм беру бағдарламалары бойынша жалпы бiлiм берудi - қамтамасыз етедi;
      5) дарынды балаларға мамандандырылған бiлiм беру ұйымдарында жалпы бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      6) кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта бiлiм беретiн, арнайы және мамандандырылған бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын, сондай-ақ балалар-жас өспiрiмдер мектептерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрады, қайта құрады және таратады;
      7) бастауыш кәсiптiк, орта кәсiптiк бiлiмдi мамандар даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
      8) кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беретiн мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесiнiң түзеу мекемелерiндегi жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi қоспағанда), сондай-ақ арнайы және мамандандырылған бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына қолдау көрсетедi және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      9) мiндеттi жалпы орта бiлiм беретiн ұйымдар үшiн, сондай-ақ арнайы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын ұйымдар үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердi сатып алуды және жеткiзудi ұйымдастырады;
      10) облыс ауқымындағы мектеп олимпиадаларын өткiзудi қамтамасыз етедi;
      11) балаларға спорт бойынша қосымша бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      12) кадрларды қайта даярлауды және бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      13) балалар мен жасөспiрiмдердiң психикалық денсаулығын тексерудi және халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсетудi қамтамасыз етедi;
      14) дамуында проблема бар балалар мен жасөспiрiмдердi оңалтуды және әлеуметтiк бейiмдеудi қамтамасыз етедi;
      15) белгiленген тәртiппен жетiм балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк қамтамасыз етудi, оларды мiндеттi түрде жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      16) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiлiм алушылардың жекелеген санаттарын тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
      17) кәсiптiк орта бiлiм беретiн ұйымдардың бiтiрушiлерiн жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседi;
      18) мәслихатқа бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүруi туралы ұсыныстар енгiзедi.
      3. Республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) бiлiм берудi дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi және мәслихаттың бекiтуiне енгiзедi;
      2) мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды мiндеттi орта бiлiм алғанға дейiн оқытуды ұйымдастырады;
      3) кешкi (ауысымды) оқу нысанын және интернат үлгiсiндегi ұйымдар арқылы ұсынылатын жалпы орта бiлiм берудi қоса алғанда, азаматтарға мiндеттi орта бiлiм берудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      4) азаматтардың кәсiптiк бастауыш бiлiм алуын қамтамасыз етедi;
      5) азаматтардың кәсiптiк орта бiлiм алуын қамтамасыз етедi;
      6) мектеп жасына дейiнгi бiлiм алу мен тәрбие берудi қамтамасыз етедi;
      7) жалпы бастауыш, жалпы негiзгi және жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарын, мектеп жасына дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарды, сондай-ақ арнайы және мамандандырылған бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрады, қайта құрады және таратады;
      8) жалпы бастауыш, жалпы негiзгi және жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта бiлiм берудiң негiзгi және қосымша бiлiм беру бағдарламаларын, арнайы және мамандандырылған бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың бiлiм беру қызметiн лицензиялауды, сондай-ақ оларды мемлекеттiк аттестаттауды жүргiзудi ұйымдастырады;
      9) кәсiптiк орта бiлiмдi мамандар даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
      10) бiлiм алушылардың бiрыңғай ұлттық тестiлеуге қатысуын ұйымдастырады;
      11) мiндеттi жалпы орта бiлiм беретiн мекемелер үшiн, сондай-ақ арнайы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын мекемелер үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендердi сатып алуды және жеткiзудi ұйымдастырады;
      12) балалар мен жасөспiрiмдер үшiн қосымша бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      13) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесiнiң түзеу мекемелерiндегi жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi қоспағанда) қолдау көрсетедi және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      14) арнайы бiлiм беру бағдарламалары бойынша жалпы бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      15) дарынды балаларға мамандандырылған бiлiм беру ұйымдарында жалпы бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      16) республикалық маңызы бар қала, астана ауқымындағы мектеп олимпиадаларын өткiзудi қамтамасыз етедi;
      17) балалар мен жасөспiрiмдердiң психикалық саулығын тексерудi және халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультативтiк көмек көрсетудi қамтамасыз етедi;
      18) дамуында проблема бар балалар мен жасөспiрiмдердi оңалтуды және әлеуметтiк бейiмдеудi қамтамасыз етедi;
      19) кадрларды қайта даярлауды және бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      20) белгiленген тәртiппен жетiм балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк қамтамасыз етудi, оларды мiндеттi түрде жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      21) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiне медициналық қызмет көрсетудi ұйымдастырады;
      22) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарын тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
      23) бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерiн жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседi;
      24) мәслихатқа бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүруi туралы ұсыныстар енгiзедi.
      4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:
      1) бiлiм берудi дамыту бағдарламаларын iске асырады;
      2) кешкi (ауысымды) оқу нысанын және интернат үлгiсiндегi ұйымдар арқылы ұсынылатын жалпы орта бiлiм берудi қоса алғанда, азаматтарға мiндеттi орта бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      3) мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды мiндеттi орта бiлiм алғанға дейiн оқытуды ұйымдастырады;
      4) арнайы және мамандандырылған, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта құрады және таратады;
      5) арнайы және мамандандырылған, сондай-ақ мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарды қоспағанда, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта бiлiм берудiң негiзгi және қосымша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың бiлiм беру қызметiн лицензиялауды, сондай-ақ оларды мемлекеттiк аттестаттауды ұйымдастырады;
      6) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесiнiң түзеу мекемелерiндегi жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi қоспағанда) қолдау көрсетедi және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      7) мiндеттi жалпы орта бiлiм беретiн мекемелер үшiн оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн сатып алуды және жеткiзудi қамтамасыз етедi;
      8) балалар мен жасөспiрiмдер үшiн қосымша бiлiм берудi қамтамасыз етедi;
      9) аудан (қала) ауқымында мектеп олимпиадаларын өткiзудi ұйымдастырады;
      10) белгiленген тәртiппен жетiм балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттiк қамтамасыз етудi, оларды мiндеттi түрде жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерге медициналық қызмет көрсетудi ұйымдастырады;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарын тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
      13) бiлiм беру ұйымдарының бiтiрушiлерiн жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседi;
      14) ауылдық жердегi бiлiм беру ұйымдарына жұмыс iстеуге келген жас мамандарды тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      15) мәслихатқа бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүруi туралы ұсыныстар енгiзедi.
      5. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi мектепке дейiнгi тәрбие беретiн бiлiм беру ұйымдарына қолдау көрсетедi және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi.
      Кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмi ауылдық (селолық) жерде бiлiм алушыларды мектепке дейiн және керi тегiн жеткiзудi ұйымдастырады.
       Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.22. N 484  Заңымен ,   2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

        32-бап. <*>

       Ескерту. 32-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының  2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  33-бап. Білiм беру ұйымдарының құзыретi

      1. Бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережелер мен бiлiм беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесiн жүзеге асыруда, кадрларды iрiктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
      1-1. Бiлiм беру ұйымдары өз қызметiн жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметi туралы хабардар етедi. <*> 
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысы уәкiлеттi басқару органдарымен келiсiм бойынша өз орынбасарларын тағайындайды және қызметiнен босатады. Оларды тағайындау және қызметтен босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен белгiленедi. 
      3. Бiлiм беру ұйымының құзыретiне мынадай мiндеттер жатады: 
      1) жарғының жобасын әзiрлеу; 
      2) iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу және бекiту; 
      3) оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесiнiң күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту; 
      4) осы Заңда және тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Yлгi ережеде өзгеше көзделмесе, бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер контингентiн бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияға сәйкес қалыптастыру;
      Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары оқу орындарының бiлiм алушылар контингентiн қалыптастыру тиiстi үлгiдегi Оқу орындарына қабылдаудың үлгiлiк ережелерiне сәйкес бiрыңғай ұлттық тестiлеудiң, кешендi тестiлеудiң нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттар баллдары конкурсының негiзiнде жүзеге асырылады; (РҚАО-ның ескертуі:  V001118  ;  V001245  қараңыз)  
      5) бiлiм беру процесi мен бiлiм беру технологияларының әдiстемелерiн, оның iшiнде дистанциялық бiлiм беру технологияларын пайдалану және жетiлдiру; <*>
      6) бiрыңғай ұлттық тестiлеудi және техникалық еңбек пен қызмет көрсету еңбегiнiң кәсiптерi (мамандықтары) бойынша бiлiктiлiктi берудi қоспағанда, бiлiм алушылардың үлгерiмiне ағымдық бақылау, оларға аралық және қорытынды аттестаттау жүргiзу;<*>
      7) <*> 
      8) өздерiнiң қаржы қаражаты шегiнде және республикалық нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген шектеулердi ескере отырып, мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы қызметкерлердiң жалақысы мен лауазымдық айлықақысының ставкаларын белгiлеу; 
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң лауазымдық айлықақыларына үстеме ақы мен қосымша ақы, оларға сыйлық берудiң тәртiбi мен мөлшерiн белгiлеу;
      9-1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету; <*> 
      10) бiлiм беру ұйымдарын нормативтiк талаптарға сәйкес материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, жарақтау мен жабдықтау; 
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарғылық қызметтi жүзеге асыру үшiн қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерiн тарту; 
      12) қоғамдық тамақтандыру ұйымдары бөлiмшелерiнiң және медициналық ұйымдардың жұмыс iстеуiне қажеттi жағдайлар жасау, олардың жұмыстарына бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлер мен қызметкерлердiң денсаулықтарын қорғау және нығайту мақсатында бақылау жасау; 
      13) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қосымша жеңiлдiктер мен материалдық қамтамасыз ету түрлерiнiң уақытылы берiлiп отыруын қамтамасыз ету; 
      14) тәрбиеленушiлер мен бiлiм алушылардың күтiмi мен тұру жағдайларының белгiленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету; 
      15) қоғамдық өзiн-өзi басқару, қоғамдық бiрлестiктер органдарының қызметiне жәрдемдесу; <*>
      16) құрылтайшылар мен мүдделi адамдарға қаржылық және материалдық ресурстардың түсуi мен жұмсалуы туралы есеп беру; 
      17) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагог қызметкерлерiне тиiстi оқу орнының доцентi және профессоры академиялық атақтарын беру. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органының алдында доцент және профессор ғылыми атақтарын беру туралы өтiнiш жасау. 
      18) <*>
       Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  34-бап. Бiлiм беру ұйымдарын басқару

      1. Бiлiм беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңдарына, тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымы қызметiнiң үлгiлiк ережелерi мен бiлiм беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бiлiм беру ұйымын алқалы басқарудың нысандары бiлiм беру ұйымының кеңесi (ғылыми кеңес), қамқоршылық кеңес, педагогикалық, әдiстемелiк (оқу-әдiстемелiк, ғылыми-әдiстемелiк) кеңестер және басқа да нысандар болып табылады, олардың жұмысын ұйымдастыру ережелерiн, оларды сайлау тәртiбiн қоса алғанда, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
      3. Бiлiм беру ұйымын тiкелей басқаруды меңгерушi, директор, ректор немесе өзге де басшы жүзеге асырады.
      4. Бiлiм беру ұйымының басшысын құрылтайшы тағайындайды.
      5. Бiлiм беру ұйымы басшысының мәртебесi, бiлiм беру ұйымының алқалы органдарының құрамы, өкiлеттiгi, сайлау тәртiбi және қызметi, олардың арасындағы өкiлеттiктiң ара-жiгiн ажырату тиiстi үлгiдегi Бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлiк ережелерiмен айқындалады және олардың жарғыларымен бекiтiледi.
      Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысы үш жылда бiр рет Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен аттестаттаудан өтедi.
      6. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының басшыларына өздерiнiң қызметтерiн бiлiм беру ұйымдары iшiндегi немесе одан тыс жерлердегi басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк басшылықтан басқа) қызметтермен қоса атқаруға рұқсат етiлмейдi.
      7. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары, олардың филиалдары (бөлiмдерi) басшыларының қызметтiк мiндеттерiн қоса атқаруға болмайды.
       Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  35-бап. Бiлiм беру жүйесiндегi мемлекеттiк бақылау

      1. Бiлiм беру жүйесiндегi мемлекеттiк бақылау мемлекеттiң азаматтардың бiлiм алуға құқығының сақталуын қамтамасыз етуге және негiзгi және қосымша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың өздерi жүзеге асыратын бiлiм беру қызметiнiң Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн, мемлекеттiк жалпыға бiрдей бiлiм беру стандарттарын және олардың алған лицензияларындағы талаптарды сақтауына бағытталған және бiлiм берудi мемлекеттiк басқару органдары оны өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      2. Бiлiм беру жүйесiндегi мемлекеттiк бақылау объектiлерi:
      1) негiзгi және қосымша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың бiлiм беру қызметi;
      2) бiлiм алушылардың тиiстi бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру деңгейi болып табылады.
      3. Мемлекеттiк бақылаудың негiзгi түрлерi:
      1) аралық мемлекеттiк бақылау;
      2) бiлiм алушыларды қорытынды мемлекеттiк аттестаттау;
      3) бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау;
      4) бiлiм беру ұйымдарын аккредиттеу;
      5) лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылау;
      6) бiлiм беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарын сақтауын бақылау болып табылады.
      4. <*>
      5. Аралық мемлекеттiк бақылау:
      1) тиiстi сатыдағы бiлiм беру бағдарламаларының мазмұнын бiлiм алушылардың меңгергенiн тексеру мақсатында жалпы орта бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында;
      2) бiлiм алушылардың кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандартының әлеуметтiк-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми және жалпы бейiндi пәндер циклына кiретiн жекелеген пәндердi игергенiн олар екiншi курсты бiтiргеннен кейiн (медициналық оқу орындарында - үшiншi курсты бiтiргеннен кейiн) тексеру мақсатында кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
      Аралық мемлекеттiк бақылаудан өтпеген бiлiм алушылардың Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы айқындаған тәртiпте аралық мемлекеттiк бақылаудан қайтадан өтуге құқығы бар.
      Аралық мемлекеттiк бақылаудан екiншi рет өтпеген студенттер - мемлекеттiк бiлiм беру гранттары мен кредиттерiнiң иелерi мемлекеттiк бiлiм беру гранты мен кредитi бойынша бiлiм алуды жалғастыру құқығынан айырылады және ақылы негiзде қайтадан оқу курсына қала алады.
      Аралық мемлекеттiк бақылаудан екiншi рет өтпеген ақылы бөлiмдердiң студенттерi ақылы негiзде қайтадан оқу курсына қала алады.
      Аралық мемлекеттiк бақылаудан өтпеген бiлiм алушылардың саны Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген шектi саннан асатын бiлiм беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттiк аттестаттауға жатады.
      Аралық мемлекеттiк бақылау жүргiзудiң ережелерiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
      6. Бiрыңғай ұлттық тестiлеу кәсiптiк орта бiлiм немесе жоғары кәсiптiк бiлiм беретiн Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарына ағымдағы жылы түсуге тiлек бiлдiретiн жалпы орта бiлiм беру ұйымының жоғары сатысында бiлiм алушылар үшiн жыл сайын жүзеге асырылады.
      Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы жылғы халықаралық олимпиадалардың қатысушылары бiрыңғай ұлттық тестiлеудi тапсырудан босатылады.
      7. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауды, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм берудi мемлекеттiк басқару органдары өздерiнiң құзыретiне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бiр рет өткiзедi.
      Бiлiм беру ұйымдарының филиалдарын мемлекеттiк аттестаттау бiлiм беру ұйымдары үшiн көзделген тәртiппен бiлiм беру ұйымының құрамында өткiзiледi.
      Алғашқы мемлекеттiк аттестаттау жаңадан құрылған:
      1) жалпы бастауыш, жалпы негiзгi, жалпы орта бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында төрт жылдан кейiн;
      2) кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында тиiстi деңгейдегi мамандардың бiрiншi бiтiруiнен кейiн бiр жылдан кешiктiрiлмей;
      3) мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарда үш жылдан кейiн өткiзiледi.
      8. Жоғары оқу орындарын акредиттеу олардың өтiнiштерi бойынша мемлекеттiк аттестаттау негiзiнде жүзеге асырылады.
       Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2004.07.09. N 597  Заңымен , өзгеріс енгізілді - 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

       35-1-бап. Бiлiм беру жүйесiн басқару органдарын
               ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Бiлiм беру жүйесiн басқару органдарын толық, дұрыс, салыстырмалы ақпаратпен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында бiлiм берудi тиiмдi басқарудың мүмкiндiктерiн қамтамасыз ететiн бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық жүйесi құрылады және жұмыс iстейдi.
      2. Бiлiм берудiң бiрыңғай ақпараттық жүйесi белгiленген көрсеткiштер бойынша бiлiм беру жүйесiндегi есептiң деректерiн, бiлiм беру мониторингiнiң деректерiн және Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы, бiлiм берудi басқарудың жергiлiктi мемлекеттiк органдары, бiлiм беру ұйымдары өз мiндеттерiн жүзеге асыру кезiнде алған өзге де деректердi қамтиды.
       Ескерту. 35-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .

  5-тарау. Білім беру процесі субъектілерінің
құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері

  36-бап. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң
құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бiлiм беру ұйымын және қабылдау шарттарына сәйкес бiлiм алу нысандарын таңдауға құқығы бар. 
      Бiлiм алушылар тiлек бiлдiрген жағдайда бiлiм беру ұйымы олармен тараптардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлетiн оқу шартын (келiсiм-шартын) жасасуға мiндеттi. 
      Азаматтар ақылы оқуға түскен кезде бiлiм беру ұйымы олармен бiлiм беру қызметiн ақылы көрсету шартын жасасуға мiндеттi. <*>
      2. Бiлiм алатын азаматтар бiлiм алушылар немесе тәрбиеленушiлер болып табылады. 
      Бiлiм алушыларға оқушылар, студенттер, магистранттар, курсанттар, тыңдаушылар, тағлымдамадан өтушiлер, аспиранттар, адъюнктер және докторанттар жатады. 
      Тәрбиеленушiлерге мектепке дейiнгi, интернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетiн адамдар жатады. 
      3. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң: 
      1) мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттарына сәйкес бiлiм алуға; 
      2) Бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмiмен жалпы мiндеттi мемлекеттiк бiлiм беру стандарттары шеңберiнде жеке оқу жоспарлары, жеделдетiлген бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуға; 
      3) өзiнiң бейiмдiлiгi мен қажеттерiне қарай қосымша бiлiм беру қызметiн пайдалануға, бiлiм алуға, оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстар таңдауға; 
      4) бiлiм беру ұйымдарын басқаруға қатысуға; 
      5) Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен оқу орнына қайта қабылдануға және бiреуiнен екiншiсiне, бiр мамандықтан екiншiсiне немесе оқудың бiр нысанынан екiншiсiне, мемлекеттiк емес оқу орнынан мемлекеттiк оқу орнына ауысуға; 
      6) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бiлiм беру ұйымдары кiтапханаларының ақпараттық ресурстарын тегiн пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен тегiн қамтамасыз етiлуге; <*> 
      7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен халықты жұмыспен қамту саласының жағдайы туралы ақпарат алуға және кәсiби-диагностикалық зерттеуден өтуге; 
      8) өз пiкiрi мен сенiмiн еркiн бiлдiруге; 
      9) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне; 
      10) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегi табыстары үшiн көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар. 
      4. Меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiнiң: 
      1) жергiліктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша қоғамдық көлiкте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге; 
      2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға; 
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылудан кейiнге қалдырылуға құқығы бар.
      4-1. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда бiлiм алушыға Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген мерзiмге және тәртiппен академиялық демалыс берiлуi мүмкiн. <*> 
      5. Бiлiм беру ұйымдарында негiзгi жұмысынан қол үзбей (сырттай, кешкi және дистанциялық оқу нысандары бойынша) оқитын азаматтарға, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, жұмыс берушiлер жалақысын сақтап және сақтамай ақы төленетiн және ақы төленбейтiн қосымша демалыстар, жұмыстан бос күндер беруi де мүмкiн. 
      6. Меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң келесi деңгейдегi бiлiм беру ұйымына түсу кезiнде және жұмысқа орналасу кезiнде құқықтары тең болады. 
      7. Бiлiм бepy ұйымдарында бiлiм алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк стипендиялар төленедi. <*>
      Мемлекеттiк атаулы стипендия жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң мейлiнше дарынды аспиранттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушы студенттерiне жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми кеңестерiнiң шешiмдерi негiзiнде төленедi.
      Жеке және заңды тұлғалар белгiлейтiн атаулы стипендиялар кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарында оқытудың күндiзгi нысанында бiлiм алушыларға тағайындалады.
      Атаулы стипендиялардың мөлшерiн және оларды төлеу тәртiбiн оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды. <*>
      8. Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi бiлiм беру ұйымдары өздерi белгiлеген тәртiппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етедi. 
      9. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқу процесiнен алаңдатуға жол берiлмейдi. 
      10. Мемлекет жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн балалар үйлерiн және жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша құрылатын отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарын, Жасөспiрiмдер үйлерiн, интернаттық ұйымдар, сондай-ақ отбасылық үлгiсiндегi балалар үйлерiн құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi. <*>
      Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар балалар үйлерi мен интернаттық ұйымдарда тәрбиеленедi, оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады. 
      11. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да жеңiлдiктер берiледi. 
      12. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттары көлемiнде бiлiмдi, шеберлiк пен практикалық дағдыларды меңгеруге, iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, бiлiм беру ұйымының жарғысында көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi. 
      13. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер өздерiнiң денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және дене бiтiмiн өздiгiнен жетiлдiруге ұмтылуға мiндеттi. 
      14. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң мiндеттерiн бұзғаны үшiн оларға бiлiм беру ұйымының жарғысында, не шартта (келiсiм-шартта) көзделген тәртiптiк ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн. 
       Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .

  37-бап. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң
денсаулығын сақтау

      1. Бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулық жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. Бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ауыруына жол бермеу, денсаулығын нығайту, дене бiтiмiн жетілдiру, салауатты өмiр салтын ынталандыру жөнiндегi қажеттi шаралардың орындалуы қамтамасыз етiледi. 
      2. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң оқу жүктемесi, сабақ режимi мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және бiлiм беру органдарының ұсыныстары негiзiнде әзiрленген бiлiм беру ұйымдары бекiтетiн ережелермен айқындалады. 
      3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулығына үнемi бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетудi жүзеге асырады. Бiлiм беру ұйымдары медициналық пункттерге орындар бередi. 
      4. Мектепке дейiнгi және орта бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жыл сайын тегiн медициналық тексеруден өтiп тұруға мiндетті. 
      5. Бiлiм беру ұйымдарындағы сабақ кестесi бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тамақтануы мен белсендi демалысы үшiн ұзақтығы жеткiлiктi үзiлiс жасалуын көздеуге тиiс.
      Жергiлiктi атқарушы органдар және бiлiм беру ұйымдарының басшылары бiлiм беру ұйымдарында ақылы тамақтандыруды ұйымдастыру үшiн жағдай жасайды. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледi.
      6. Бiлiм беру ұйымдарында оқудың, тәрбиелеудiң, еңбек ету мен демалудың салауатты және қауiпсiз жағдайларын жасау үшiн жауапкершiлiк олардың басшылары мен құрылтайшыларына жүктеледi.
       Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  38-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкiлдердiң
құқықтары мен мiндеттерi

      1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерiнiң:
      1) бiлiм беру ұйымын баланың қалауын, жеке басының бейiмдiлiгi мен ерекшелiктерiн ескере отырып таңдауға;
      2) ата-аналар комитеттерi арқылы бiлiм беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
      3) бiлiм беру ұйымдарынан өз балаларының үлгерiмi, тәртiбi және оқу жағдайлары жөнiнде ақпарат алуға;
      4) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнiнде консультациялық көмек алуға құқығы бар. 
      2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер: 
      1) балаларға өмiр сүруi мен оқуы үшiн салауатты және қауiпсiз жағдайлар жасауға, олардың интеллектуалдық және дене күшiн дамытуын, адамгершiлiк жағынан қалыптасуын қамтамасыз етуге; 
      2) бес (алты) жасында балалардың мектепке барар алдындағы дайындығын қамтамасыз етуге, ал алты (жетi) жастан бастап жалпы бiлiм беретiн мектепке беруге; 
      3) бiлiм беру ұйымдарымен ынтымақтастық жасауға; 
      4) балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге мiндеттi. 

  39-бап. Педагогикалық қызметпен айналысу құқығы

      1. Бiлiм беру ұйымдарында тиiстi кәсiптiк бiлiмi бар азаматтардың педагогтiк қызметпен айналысу (оқыту және тәрбиелеу) құқығы бар. 
      2. Тиiстi кәсiптiк бiлiмi жоқ азаматтарға педагогтiк қызметпен (жоғары оқу орындарын қоспағанда) айналысу құқығы қажеттi мамандар болмағанда ғана бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмi бойынша берiледi. <*>
      3. Бiлiм беру ұйымдарындағы педагогтiк қызметке сот үкiмiмен оған тыйым салынған адамдар жiберiлмейдi.
       Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  40-бап. Бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне
ақы төлеу жүйесi

      1. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен айқындалады. 
      Бюджеттен алынатын қаражат есебiнен ұсталатын мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу туралы Ереженi еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекiтедi. 
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң жалақысы мен қызметтiк айлықақылары мамандығы бойынша жұмыс стажы ескерiле отырып, олардың бiлiктiлiгiне, қызмет мiндеттерiне сәйкес белгiленедi. <*>
      3. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары өздерiнде бар қаражатының шегiнде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет есебiнен үстеме, қосымша ақылардың, сыйлықтардың және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдердiң мөлшерiн өздерi белгiлеуi мүмкiн. 
      Бюджет қаражатынан ынталандыру сипатында төленетiн төлемдер жалақының кепiлдi бөлiгi бойынша берешек болмаған жағдайда ғана жасалуы мүмкiн. 
      4. Бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне бiлiктiлiгi жоғары ғылыми кадрларды аттестаттау саласындағы Қазақстан Республикасының уәкiлетті органы берген тиiстi диплом болған жағдайда ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми атақтары үшiн, ғылым кандидатына бiр айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде қосымша ақы белгіленедi. 
      5. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi үшiн нормативтік оқу жүктемесі аптасына: 
      1) жалпы бiлiм беретiн оқу орнының бастауыш сатысы үшiн - 20 сағаттан; 
      2) жалпы бiлiм беретiн оқу орнының негiзгi және жоғары сатылары, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдары үшiн - 18 сағаттан; 
      3) мектепке дейiнгi ұйымдар, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алдындағы сыныптары үшiн - 24 сағаттан; <*>
      4) мектептен тыс ұйымдар үшiн - 18 сағаттан (балалардың, жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнде - 24 сағаттан) аспайтын етiп белгiленедi; 
      5) мемлекеттiк жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мемлекеттiк тапсырысты және мемлекеттiк бiлiм беру кредитiн анықтау кезiнде студенттер мен оқытушылардың орташа арақатынасы (бiр оқытушыға келетiн студенттердiң орташа саны) тиiсiнше күндiзгi оқу нысаны үшiн - 8:1, ал медициналық жоғары оқу орындары үшiн - 6:1, кешкi оқу нысаны үшiн - 16:1 және сырттай оқу нысаны үшiн - 32:1 болуын негiзге ала отырып есептеледi. 
      Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiнде педагог қызметкерлерге арналған нормативтiк оқу жүктемесiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi осы Заңда белгiленген шекте реттеп отырады. 
      6. Бiлiм беру ұйымдарының қызметкерлерiне ауылдық (селолық) жерлерде жұмыс iстегенi үшiн, сыныпқа басшылық жасағаны үшiн, дәптерлердi, жазба жұмыстарын тексергенi үшiн, оқу кабинеттерiне меңгерушiлiк еткенi, пәндердi тереңдетiп оқытқаны үшiн қосымша ақы және Қазақстан Республикасының Үкiметi көздеген басқа да ақылар төленедi. 
      7. Өз қаражаты есебiнен Еңбекке ақы төлеу жөнiндегi ереженi тиiстi оқу орындары (құрылтайшылар) айқындайды.
      8. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудi олардың құрылтайшылары немесе соған уәкiлдiк берiлген адам айқындайды.
       Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207   Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  41-бап. Білiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары
мен мiндеттерi, олардың әлеуметтік кепiлдiктерi

      1. Бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi бiлiм беру ұйымдарының жарғыларымен, iшкi тәртiп ережелерiмен және қызметтiк нұсқаулықтармен айқындалады. 
      2. Педагогтiк қызмет атқаратын адамдар педагог қызметкерлер болып есептеледi. 
      3. Бiлiм беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң: 
      1) кәсiптiк қызмет үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етiлуге; 
      2) бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпыға бiрдей мiндеттi стандарты сақталған жағдайда педагогтiк қызметтi ұйымдастырудың тәсiлдерi мен нысандарын еркiн таңдауға; <*> 
      3) ғылыми зерттеулер тақырыбын және олардың нәтижелерiн педагогикалық практикада пайдалану нысандарын еркiн таңдауға; 
      4) оқу орнын басқару органдарының жұмысына қатысуға; 
      5) жұмыстан қол үзе отырып, құрылтайшының қаражаты есебiнен бес жылда бiр рет ұзақтығы төрт айдан аспайтын уақытта өздерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруға; 
      6) санатын көтеру, қызметiнде өсу мақсатында мерзiмiнен бұрын аттестатталуға; 
      7) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру мекемелерiнiң педагог қызметкерлерi мен оларға теңдестiрiлгендер үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк 56 күнге; әдiстемелiк қызмет орындарының қызметкерлерi, мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың педагог қызметкерлерi үшiн - күнтiзбелiк 42 күнге ақы төленетiн демалыс алуға; 
      8) жеке педагогикалық қызметке; 
      9) өзiнiң кәсiптiк абыройы мен қадiр-қасиетiн қорғауға; 
      10) бiлiм беру ұйымдары мен олардың қызметкерлерiнiң бiлiм беру және экономикалық қызметiнiң көзi болып табылатын материалдық активтер (ғылыми, әдiстемелiк еңбектер, патенттер, бағдарламалық қамтамасыз ету, бiлiм беру және ақпарат технологиялары және басқалар) нысанындағы интеллектуалдық меншiгiн меншiктiң басқа түрлерiмен бiрдей қорғауға; 
      11) бiлiм беру ұйымы әкiмшілiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiне шағым жасауға; 
      12) педагогикалық қызметтегi табыстары үшiн материалдық және моральдық жағынан көтермеленуге, ордендермен және медальдармен, құрметтi атақтармен, белгiлермен және грамоталармен марапатталуға құқығы бар. 
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң: 
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үй алуға; 
      2) ауылдық (селолық) жерлерде тұрып жұмыс iстейтiндер - жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейтiн мөлшерде коммуналдық қызмет көрсету мен отын шығындары бойынша жеңiлдiктер (ақшалай өтемдер) алуға; 
      3) жеке меншігінде малы барлардың жемшөппен, малын жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей қамтамасыз етілуге құқығы бар. 
      4-1. Селолық жерде жұмыс iстейтiн бiлiм берудiң педагогикалық қызметкерлерiне жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша, қызметтердiң осы түрлерiмен қала жағдайында айналысатын педагогикалық қызметкерлердiң ставкаларымен салыстырғанда кемiнде жиырма бес процентке жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтiк ставкалар белгiленуi мүмкiн. <*>
      5. Педагог қызметкерлердi олардың негiзгi қызметiне тән емес қызметтердi атқаруға қызметкерлердiң өз келiсiмiнсiз тартуға жол берiлмейдi. 
      6. Мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарының эксперимент режимiнде жұмыс iстейтiн педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қосымша ақы төленедi. 
      7. Педагог қызметкерлер: 
      1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес бiлiм, шеберлiк және дағды алуын қамтамасыз етуге;
      2) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жеке және шығармашылық қабiлеттерiн ашып, оны дамытуына жәрдемдесуге;
      3) өз бiлiктiлiгiн арттыруға;
      3-1) кемiнде бес жылда бiр рет аттестаттаудан өтуге; <*>
      4) педагогтiк әдеп нормаларын сақтауға;
      5) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң қадiр-қасиетiн құрметтеуге;
      6) салауатты өмiр салтын жүргізiп, оны бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер арасында насихаттауға мiндеттi.
       Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.11.22. N 484  Заңымен ,   2001.06.11. N 207  Заңымен ,   2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  42-бап. Еңбек қатынастары және бiлiм беру ұйымы
басшысының жауапкершiлiгi

      1. Қызметкер мен бiлiм беру ұйымының еңбек қатынастары жеке еңбек шартымен реттеледi. Жеке еңбек шартының ережелерi еңбек туралы заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
      Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогикалық қызметкерлердiң (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердiң) лауазымдарға орналасуы конкурстық негiзде жүзеге асырылады. <*> 
      2. Бiлiм беру ұйымының басшысы: 
      1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң, бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны; 
      2) өзiнiң құзыретiне жатқызылған мiндеттердi орындамағаны; 
      3) мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандартының талаптарын орындамағаны; 
      4) тәрбиеленушiлердiң, бiлiм алушылардың және бiлiм беру ұйымы қызметкерлерiнiң оқу-тәрбие процесi кезiндегi өмiрi мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметінiң жай-күйі, соның iшiнде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      6) нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген өзге де тәртiп бұзушылықтар үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
       Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен .  

  6-тарау. Білім беру экономикасы

  43-бап. Бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
      1) жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм алуына - мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiн ұстауды бюджеттен қаржыландыру; 
      2) кәсiптiк орта бiлiм алуына - 10-11 (12) сыныптардың жалпы бiлiм беру бағдарламасы бойынша оқу кезеңiнде бiр оқушыға шаққанда бюджеттiк қаржыландыру; 
      3) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алуына - мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы мемлекеттік кепiлдiктердiң негiзi болып табылады. 
      2. Мемлекет жыл сайын бiлiм беруге, оның басымдығын ескере отырып, бюджет қаражатын бөледі.
      3. <*>
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру бiлiм беру деңгейлерi бойынша жалпыға бiрдей мiндеттi мемлекеттiк стандарттармен белгiленген талаптарды сақтау арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн ақшалай және заттай нормаларды, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу нормаларын ескере отырып, бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады. <*>
      Шағын жинақталған мектептердi қаржыландыру iсiнде бiлiм алушылар санына қатысы жоқ шығындар ескерiлуге тиiс. 
      Өзге қаржылық және материалдық түсiмдердi, оның iшiнде валюталық түсiмдердi мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен пайдаланады. 
      5. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру бiлiм беру қызметін сату, құрылтайшылардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады. 
      Мемлекеттiк аттестаттаудан өткен кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн мемлекеттiк емес ұйымдар конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру кредитiн немесе гранттарын алған адамдарды оқуға қабылдау жолымен мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орындауға қатыса алады. 
       Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.07.09. N 597  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  44-бап. Бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық
базасы

      1. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау мен дамыту бюджет қаражаты мен осы Заңда белгiленген өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      1-1. Түзеу мекемелерiнде мiндеттi жалпы орта және бастауыш кәсiптiк бiлiм беру үшiн үй-жайларды ұстауға және жарақтандыруға байланысты шығыстарды қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы жүзеге асырады. 
      2. Бiлiм беру ұйымдарының мүлiктi өз жарғыларында белгiленген тәртiппен иеленуге және пайдалануға құқығы бар. 
      3. Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн мемлекеттiк ұйымдардың құрылымын өзгерту мен оларды жекешелендiру, бiлiм беру қызметiнiң бейiнi сақталмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып жүргiзiледi. 
      4. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдарын қолдау мақсатында оларға мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының босатылған үйлерi мен тиiстi материалдық базасы заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып, жекешелендiру жолымен берiлуi мүмкiн.
       Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  45-бап. Бiлiм беру саласындағы кәсiпкерлiк қызмет

      1. Бiлiм беру ұйымдары өздерiнiң жарғысына сәйкес бiлiм беру қызметiн көрсету қызмет көрсету есебiнен кiрiс келтiретiн қызметпен айналыса алады. 
      Қызмет көрсету мен жұмыс бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi. 
      Бұл қызметтен түсетiн табысты бөлу тәртiбiн өз жарғысына сәйкес ұйым дербес белгiлейдi. 
      2. Жеке педагогтiк еңбек қызметi кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қарастырылып, тiркелуге тиiс. 
      Жеке педагогтiк еңбек қызметiне лицензия берiлмейдi. 
      3. Ақылы бiлiм беру қызметiн көрсетудi iске асыратын білiм беру ұйымдары мен бiлiм алушы, тәрбиеленушi, оның ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерi арасындағы қарым-қатынас бiлiм беру деңгейiн, оқу мерзiмiн, оқуға төленетiн ақы мөлшерiн, өзге де жағдайларды белгiлейтiн шартпен реттеледi. 
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен ақылы бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге құқылы.
      Ақылы бiлiм беру қызметiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының шеңберiнде қаржыландырылатын негiзгi бiлiм беру қызметiнiң орнына көрсетуге болмайды.
      5. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымының бiлiм беру қызметiн көрсеткенi үшiн, соның iшiнде мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде оқытқаны үшiн ақы алуға құқығы бар.
       Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен , 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

  7-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет

  46-бап. Халықаралық ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдары және халыкаралық шарттар, келiсiмдер, конвенциялар негiзiнде жүзеге асырылады. 
      2. Бiлiм беру ұйымдарының өз жұмыстарының ерекшелiктерiне сәйкес шетелдiк бiлiм беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тiкелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екi жақты және көп жақты шарттар жасасуға, бiлiм саласындағы халықаралық үкiметтiк емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кiруге құқығы бар. 
      3. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк оқу орындарын, шетелдiк бiлiм беру ұйымдарының филиалдарын құру халықаралық шарттар мен мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде, сондай-ақ білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың арасындағы шарттардың (келiсiмдердiң) негiзiнде жүзеге асырылады. 
      Жоғарыда аталған бiлiм беру ұйымдарының жарғыларын құрылтайшы елдердiң Үкiметтерi (уәкiлеттi органдары) бекiтедi. 
      4. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық оқу орындарының және басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, шетелдiк оқу орындары филиалдарының бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензияланады. 
      Бұл бiлiм беру ұйымдарын аттестаттауды құрылтайшылар құратын бiрлескен комиссиялар өткiзедi. 
      5. Аталған бiлiм беру ұйымдары мен олардың филиалдары бiтiрушiлерге: 
      1) егер олардағы оқу процесi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде ұйымдастырылса, Қазақстан Республикасында қабылданған; 
      2) егер оқу процесi тиiстi мемлекеттердiң бiлiм беру бағдарламалары бойынша жүргiзiлсе, сол мемлекетте қабылданған бiлiм беру туралы құжаттар бередi. Бұл жағдайда бiлiм туралы алынған құжаттар Қазақстан Республикасында нострификациялануға тиiс. 
      6. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттердің зайырлы оқу орындарында оқуға, даярлануға, бiлiктiлiгін арттыруға, қайта даярлаудан және тағлымдамадан өтуге құқығы бар. Бұл құқық бiлiм алушылармен, білiм беру ұйымдарымен, өзге де заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық шарттар мен нысаналы бағдарламаларға сәйкес жасалатын тiкелей шарттар бойынша iске асырылады. 
      7. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында, халықаралық шарттарда, келiсiмдерде белгіленген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарымен жасалған келiсiм-шарттар бойынша бiлiмге және педагогтiк қызметпен айналысуға құқықты Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады. 
       Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен .  

  47-бап. Шетелдегi қазақ диаспорасының бiлiм алуға деген
қажеттерiн қанағаттандыру

      1. Мемлекет шетелдегi қазақ диаспорасының бiлiм алуға деген қажеттерiн қанағаттандыруға жәрдемдеседi. 
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында бiлiм алуға құқығы бар.
      3. Шетелдегi қазақ диаспорасына арналған бiлiм беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207  Заңымен .  

  48-бап. <*>

       Ескерту. 48-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 597  Заңымен .

  8-тарау. Білім беру саласындағы заңдарды бұзғаны
үшін жауапкершілік

  49-бап. Бiлiм беру саласындағы заңдарды бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк

      Бiлiм беру саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

  9-тарау. Өтпелі ережелер

  50-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу

      1. 40-баптың 1999 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшiне енгiзiлетiн 4-тармағын қоспағанда, осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енгiзiледi.
      2. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын және осы Заң күшіне енгізілгенге дейін стипендия алуға құқығы бар білім алушылар оқу орнын бітіргенге дейін бұл құқығын бұрынғы тәртіппен сақтайды.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті