Білім туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1999 жылғы 7 маусым N 389

Жаңартылған

      Осы Заң бiлiм беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы аядағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін белгілейді және Қазақстан Республикасы азаматтарының білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
      ЕСКЕРТУ. Мәтін бойынша "орталық атқарушы органдары", "орталық атқарушы органдар", "орталық атқарушы органдардың" деген сөздер тиiсiнше "орталық атқарушы органы", "орталық атқарушы орган", "орталық атқарушы органның" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) адъюнктура - әскери оқу орындарында біліктілігі жоғары ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      2) академия - жоғары кәсіптік білім мен жоғары оқу орнынан кейін кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын; өндірістік, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметтің белгілі бір саласы үшін жоғары кәсіптік білімі бар мамандар даярлауды, қайта даярлауды және (немесе) олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын; ғылымның немесе мәдениеттің көбінесе бір саласында ғылыми зерттеулерді орындайтын жоғары оқу орны;
      2-1) бiлiм беру ұйымдарын аккредитациялау - кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң білiм бағдарламаларын iске асыратын ұйымдардың мәртебесiн бiлiм бағдарламаларының тiзбесiн белгiлей отырып, олардың үлгiсi (жоғары оқу орны) мен түрiне қарай (институт, академия, университет) мемлекеттiң тануы (кезектi мерзiмге растауы). Бұл ұйымдардың бiтiрушiлерге аталған бағдарламалар бойынша бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар беруге құқығы бар;
      3) аспирантура, докторантура - оқу орындары мен ғылыми мекемелерде білiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      3-1) ассистентура-тағылымдама - өнер оқу орындарында жоғары бiлiктi ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
      4) бiлiм беру ұйымдарын аттестаттау - тиiстi бiлiм беру деңгейiнде олар көрсететiн білiм беру қызметiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарт талаптарына сәйкестiгiн бақылау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
      5) бакалавр, магистр - жоғары кәсiптiк бiлiмнiң тиiстi бiлiм беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берiлетiн академиялық дәреже мен бiлiктiлiк;
      6) гимназия - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, оқушыларды олардың бейiмдiлiгi мен қабiлетiне сәйкес тереңдетiп, салаға бөлiп, саралап оқытуды көздейтiн, жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны;
      7) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы - мемлекеттiк бюджет есебiнен қаржыландыру; кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орындарынан кейiн кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн сатып алу; конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру гранттары мен кредиттерiн беру арқылы iске асырылатын, тиiстi мемлекеттiк органдар белгiлейтiн бiлiктi жұмысшылар мен мамандар даярлау жоспары;
      8) мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорны - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Ұлттық Банкi не жергiлiктi атқарушы орган құратын ұйым;
      9) мемлекеттiк бiлiм беру мекемесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылатын бiлiм беру мекемесi;
      10) девианттық мiнез-құлық - балалар мен жасөспiрiмдердiң әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемi жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемi кетiп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгiлерi бар, қоғамға қауiптi әрекеттер жасауы;
      11) дистанциялық оқыту (алыстан бiлiм беру) - оқыту нысандарының бiрi, электрондық және телекоммуникациялық құралдар арқылы бiлiм беру ұйымдарынан алыста орналасқан адамдардың оқу-танымдық қызметi мен дамуына нысаналы және әдiстемелi түрде ұйымдастырылған басшылық жасау;
      12) қосымша бiлiм беру - азаматтардың, қоғам мен мемлекеттiң бiлiмге деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатымен барлық деңгейдегi қосымша бiлiм беру бағдарламаларының негiзiнде жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесi;
      13) доцент, профессор:
      тиiстi жоғары оқу орны беретiн академиялық атақ;
      жоғары оқу орнының немесе ғылыми-зерттеу ұйымының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органы беретiн ғылыми атақ;
      14) рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдары - дiн қызметкерлерiн даярлаудың кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары;
      15) жеке педагогикалық қызмет - жеке нысанда бiлiм беру қызметiн көрсетуге бағытталған қызмет;
      16) институт - кәсiптiк жоғары бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулердi жүзеге асыратын жоғары оқу орны;
      17) интернаттық ұйымдар - белгiлi бiр санаттағы азаматтардың жатын орын берiле отырып, бiлiм алу құқығына мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз ететiн орта бiлiм беру жүйесiнiң ұйымдары;
      18) интернатура - медициналық жоғары оқу орындарының студенттерiн нақты мамандық бойынша бiр жылдық даярлау нысаны;
      19) бiлiм алушыларды қорытынды мемлекеттiк аттестаттау - олардың тиiстi бiлiм деңгейiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандартын меңгеру дәрежесiн анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн, нәтижелерi бойынша бiлiмi туралы құжат (куәлiк, аттестат, қызмет куәлiгi, диплом) берiлетiн рәсiм;
      20) бiлiктiлiк - бiтiрушiнiң бiлiмi туралы құжатында көрсетiлген кәсiптiк қызметтi орындауға немесе бiлiмiн жалғастыруға деген кәсiби даярлығының түрi мен дәрежесi;
      20-1) қабылдау квотасы - ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына қабылдау үшiн бөлiнетiн бiлiм беру гранттары мен кредиттерiнің шектi саны;
      21) колледж - орта кәсiптiк бiлiмi бар мамандар даярлаудың бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орны;
      22) лицей - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, жоғары сатыдағы оқушыларды кәсiби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны;
      23) шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзiндiк нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы бiлiм беретiн мектеп;
      24) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау - басқа мемлекеттерде, халықаралық немесе Қазақстан Республикасында құрылған шетелдiк оқу орындарында (олардың филиалдарында) бiлiм алған азаматтарға берiлген құжаттардың баламалылығын анықтау мақсатымен жүргiзiлетiн рәсiм;
      25) бiлiм беру - қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсiби бiлiктiлiгінiң жоғары деңгейiне қол жеткiзудi мақсат ететiн үздiксiз тәрбиелеу мен оқыту процесi;
      26) бiлім беру гранты - бiлiм алушыларға кәсiптiк бiлiмге төлеу үшiн тегiн берiлетiн нысаналы ақша сомасы;
      27) бiлiм беру кредитi - бiлiм алушыларға кәсiптiк бiлiм алуға төлеу үшiн берiлетiн нысаналы кредит;
      28) жалпы бiлiм беретiн мектеп - негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын, әрқайсысы дербес жұмыс iстей алатын үш сатыдан: бастауыш, негiзгi және жоғары сатылардан тұратын жалпы орта бiлiм беретiн оқу орны;
      29) кәсiптiк мектеп - жалпы орта, кәсiптiк бастауыш бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн даярлауды қамтамасыз ететiн орта оқу орны;
      30) кәсiптік лицей - жалпы орта, бастауыш кәсiптiк бiлiмнiң бiлім беру бағдарламаларын iске асыратын және бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жұмысшы кадрларын даярлауды жүзеге асыратын орта оқу орны;
      31) кәсiп - адамның бiлiмi туралы тиiстi құжаттармен расталған кәсiбiнiң, еңбек қызметiнiң негiзгi түрi;
      32) клиникалық ординатура - жоғары оқу орнынан кейiн тереңдетiлген медициналық бiлiм алу нысаны;
      33) мамандық - бiлiмi туралы тиiстi құжаттармен расталған белгілi бiр қызмет түрi үшiн қажеттi, мақсатқа сай даярлау және жұмыс тәжiрибесi арқылы алынған бiлiм, шеберлiк және дағдылар кешенi;
      34) стипендия - бiлiм алушыларға олардың тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеу үшiн берiлетiн ақша сомасы;
      35) студенттiк кредит - бiлiм алушыларға тамағына, тұруына және оқу әдебиетiн сатып алуына жұмсалатын шығындарды iшiнара өтеуге берiлетiн нысаналы кредит;
      36) университет - мамандықтардың кең ауқымы бойынша жоғары кәсiптiк және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын; жоғары кәсiптiк бiлiмi бар мамандарды, ғылыми және ғылыми-педагог қызметкерлердi қайта даярлауды және (немесе) олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыратын; iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзетiн; өзiнiң қызмет саласында жетекшi ғылыми және әдiстемелiк орталық болып табылатын көп салалы жоғары оқу орны;
      37) оқу бағдарламасы - әрбiр оқу пәнi бойынша меңгерiлуге тиiстi бiлiмнiң, шеберлiк пен дағдылардың мазмұны мен көлемiн айқындайтын құжат;
      38) оқу жоспары - тиiстi бiлiм беру деңгейiндегi оқу пәндерiнiң тiзбесi мен көлемiн, оларды зерделеу тәртiбi мен бақылау нысандарын регламенттейтiн негiзгi құжат;
      39) бiлiм беру ұйымының филиалы - бiлiм беру ұйымының одан тыс жерде орналасқан және бiлiм беру бағдарламаларын толық көлемiнде iс жүзiне асыратын құрылымдық бөлiмшесi;
      40) экстернат - ерекше санаттағы адамдарға арналған оқыту нысандарының бiрi, мұнда олар бiлiм беру ұйымдарына үнемi бармай-ақ, бiлiм беру бағдарламаларын өз бетiнше меңгередi және қорытынды мемлекеттiк аттестаттауға жiберiледi;
      40-1) мектеп-гимназия (мектеп-лицей) - гимназияның жалпы бiлiм беру бағдарламаларын - гимназия сыныптарында; лицейдiң жалпы бiлiм беру бағдарламаларын лицей сыныптарында iске асыратын жалпы бiлiм беретiн орта оқу орны;
      41) элитарлық бiлiм - ерекше дарынды азаматтар үшiн мамандандырылған бiлiм беру ұйымдарында iске асырылатын білiм беру бағдарламалары бойынша алынатын бiлiм.
      41-1) эксперименттiк алаң - жаңа педагогикалық технологиялар мен бiлiм беру бағдарламаларын мақұлдаудан өткiзуге арналған эксперимент режимiнде жұмыс iстейтiн орта оқу орны.
      ЕСКЕРТУ. 1-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

2-бап. Қазақстан Республикасының білiм беру
саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңдары мемлекеттiк саясат принциптерiн айқындайды, азаматтардың бiлiм алуға конституциялық құқығының iске асырылуын қамтамасыз етедi, орталық және түрлi деңгейдегi жергiлiктi атқарушы органдар арасында бiлiм беру саласындағы құзыреттi шектейдi, бiлiм беру процесi субъектiлерiнiң арасындағы қатынасты реттейдi, олардың құқықтарын, мiндеттерiн, өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн белгiлейдi.

3-бап. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың
принциптерi

      1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының бiлiм алу құқықтарының теңдiгi;
      2) әрбiр азаматтың интеллектуалдық дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшелiктерi ескерiле отырып, халықтың барлық деңгейдегi бiлiмге қол жеткiзуi;
      3) бiлiм берудiң зайырлы сипаты;
      4) жеке адамның бiлiмдiлiгiн ынталандыру және дарындылығын дамыту;
      5) бiлiм беру сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ететiн бiлiм беру процесiнiң үздiксiздiгi;оқу мен тәрбиенiң бiрлiгi;
      6) бiлiм беру ұйымдарының меншiк нысандары бойынша, оқу мен тәрбиенiң нысандары, бiлiм беру бағыттары бойынша алуан түрлi болуы;
      7) бiлiм берудi басқарудың демократиялық сипаты және бiлiм беру ұйымдарының академиялық бостандықтары мен өкiлеттiгiн кеңейту;
      8) бiлiм берудiң iзгiлiктi және дамытушы сипаты;
      9) бiлiмнiң, ғылымның және өндiрiстiң интеграциялануы;
      10) оқушыларды кәсiптiк бағдарлау;
      11) бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру.
      2. Бiлім беру ұйымдарында саяси партиялар мен дiни ұйымдардың (бiрлестіктердiң) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметiне жол берiлмейдi.

4-бап. Азаматтардың бiлiм беру саласындағы құқықтарының
мемлекеттiк кепiлдiктерi

      1. Азаматтардың бiлiм алу құқығын мемлекет Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бiлiм беру жүйесiн дамыту және бiлiм алу үшiн тиiстi әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар жасау арқылы қамтамасыз етедi.
      2. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына тегiн жалпы орта бiлiм мен кәсiптiк бастауыш бiлiм алуға және егер азамат осы деңгейлердiң әрқайсысында бiрiншi рет бiлiм алатын болса, конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттар шегiнде тегiн кәсiптiк орта бiлiм мен кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алуға кепiлдiк бередi. Бiлiм алушыларға бiлiмнiң тегiн берiлуi мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын ұстауды бюджеттен қаржыландыру, бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн сатып алуды бюджеттен төлеу, не мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын беру арқылы iске асырылады.
      3. Кәсiптiк бiлiм алу үшін конкурстық негiзде берiлетiн мемлекеттiк бiлiм беру кредитi мен мемлекеттік студенттiк кредиттi қамтитын мемлекеттiк бiлiм беру кредитiнiң жүйесi де құрылады.
      Конкурс шарттары мемлекеттiк бiлiм беру гранттары мен кредиттердi тиiстi деңгейдегi бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруге мейлiнше қабiлеттi және даярлығы бар азаматтардың алуына кепiлдiк беруге тиiс.
      Мемлекеттiк емес бiлiм беру кредитiн дамытуды мемлекет салық салу жөнiнен жеңiлдiктер беру арқылы ынталандырады.
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру гранты, мемлекеттiк бiлiм беру кредитi мен мемлекеттiк студенттiк кредит туралы ереженi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      5. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың бiлiм алуы кезеңiнде оларды ұстау шығындарын толық немесе iшiнара көтередi.
      Әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн азаматтардың санатына:
      жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
      даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар, мүгедектер және бала кезiнен мүгедектер;
      көп балалы отбасыларының балалары;
      азаматтардың заңмен айқындалатын өзге де санаттары жатады.
      Әлеуметтiк көмектiң мөлшерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      6. Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы жалпы бiлiм беретiн мектепке бара алмайтын азаматтар үшiн үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегiн оқыту ұйымдастырылады.
      7. Мемлекет даму мүмкiндiктерi шектеулi азаматтардың бiлiм алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуiне және әлеуметтiк бейiмделуiне жағдай жасауды қамтамасыз етедi.
      8. Мемлекет тұрғындар саны аз елдi мекендерде тұратын балалардың орта бiлiм алу құқығын қамтамасыз ету үшiн шағын жинақталған мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс iстеуiне кепiлдiк бередi.
      9. Мемлекет ерекше дарынды азаматтардың элитарлық бiлiм, оның iшiнде шетелде бiлiм алуына қажеттi жағдай жасайды.

5-бап. Оқыту және тәрбиелеу тiлi

      1. Бiлiм беру ұйымдарындағы тiл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Меншiк нысандарына қарамастан, барлық оқу орындары әрбiр бiлiм деңгейi үшiн мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандартқа сәйкес мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiн бiлу мен дамытуды, сондай-ақ орыс тiлiн және бiр шетел тiлiн оқып-үйренудi қамтамасыз етуге тиiс.
      3. Ұлттық топтар үшiн олардың ана тілдерiн оқып-үйренуiне жағдай жасалады, ал олар жинақы тұратын жерлерде өз тілдерiнде оқытатын бiлiм беру ұйымдары немесе бөлiмшелерi (сыныптар, топтар және басқалар) құрылуы мүмкiн.

6-бап. Бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi
стандарттары

      1. Қазақстан Республикасында әрбiр бiлiм беру деңгейi бойынша:
      бiлiмнiң мазмұнына;
      оқып және тәрбиеленiп жатқандардың оқу жүктемесiнiң ең көп көлемiне;
      бiлiм сапасын мемлекеттiк бақылаудың ережелерi мен рәсiмдерiне;
      бiлiм алушылардың даярлық деңгейiне;
      бiлiм алушылардың белгiлi бiр бiлiм беру бағдарламаларын меңгеруiн куәландыратын құжаттардың нысандарына қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттары белгіленедi.
      2. Тиiстi бiлiм беру деңгейлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттары меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан барлық бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндетті.
      3. Бiлiм берудiң мемлекеттік жалпы мiндеттi стандарттарын әзiрлеу, бекiту тәртiбi мен олардың қолданылу мерзiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

7-бап. Бiлiм беру жүйесi

      Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесi өзара iс-қимыл жасайтын:
      1) меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан бiлiм беру ұйымдарының;
      2) бiлiм берудiң түрлi деңгейлерiне арналған сабақтас бiлiм беру бағдарламалары мен бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттарының;
      3) бiлiм беру бағдарламаларының iске асырылуы мен бiлiм беру жүйесiнiң дамытылуын қамтамасыз ететiн бiлiм берудi басқару органдары мен оларға қарасты ұйымдардың жиынтығы болып табылады.

8-бап. Бiлiм беру жүйесiнiң мiндеттерi

      1. Бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау.
      2. Бiлiм беру жүйесiнiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру үшiн жағдайлар жасау;
      2) жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамыту, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыру, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы интеллектiн байыту;
      3) азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке, мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халық дәстүрлерiн қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез келген көрiнiстерге төзбеуге тәрбиелеу;
      4) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмiрiне қатысу қажеттiгiн, жеке адамның өз құқықтары мен мiндеттерiне саналы көзқарасын қалыптастыру;
      5) әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баурау, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк тiлдi, орыс, шетел тiлдерiн меңгеру;
      6) бiлiм беру ұйымдарының еркiндiгiн, дербестiгiн кеңейту, бiлiм беру iсiн басқаруды демократияландыру және орталықсыздандыру;
      7) оқытудың жаңа технологияларын енгiзу, бiлiм берудi ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желiлерге шығу;
      8) еңбек рыногында бәсекелесуге қабiлеттi бiлiктi жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру;
      9) жұмыстан босатылған қызметкерлердi және жұмыспен қамтылмаған халықты қайта оқыту және қайта даярлау;
      10) алуан түрлi және көп қызметтi бiлiм беру ұйымдарының тиiмдi дамуына жәрдемдесу.

2-тарау. Білім беру ұйымдары

9-бап. Бiлiм беру ұйымдары

      1. Бiлiм беру ұйымдары бiр немесе бiрнеше бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын және (немесе) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң күтiмi мен тәрбие алуын қамтамасыз ететiн заңды тұлғалы болып табылады.
      Бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды және жеке тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
      2. Бiлiм беру ұйымдарында лицензия алған кезден бастап бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығы пайда болады және ол мерзiмi бiткен, қайтарылып алынған немесе ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезден бастап тоқтатылады.
      3. Бiлiм беру ұйымдарының мәртебесiн (үлгiсiн, түрiн) олардың құрылтайшылары айқындайды және ол осы Заңның талаптарын, бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiндегi бiлiктiлiк талаптарын, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Үлгi ереже ескерiле отырып, олардың жарғыларында көрсетiледi.
      Бiлiм беру ұйымдарының мәртебесiн бекiту немесе өзгерту мемлекеттiк аттестаттау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      4. Бiлiм беру ұйымдары:
      1) мемлекеттiк (бiлiм беру мекемелерi мен бiлiм беру кәсiпорындары);
      2) мемлекеттiк емес (жеке меншiк, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң бiлiм беру ұйымдары);
      3) халықаралық болуы мүмкiн.
      5. Бiлiм беру ұйымдары:
      1) мектепке дейiнгi, мектептен тыс, арнаулы және жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар;
      2) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк және қосымша кәсiптік бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындары болып бөлiнедi.
      6. Жеке адамды тәрбиелеуде, оқытуда, кәсiби қалыптастыруда орасан зор үлес қосқан жекелеген мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарына Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен ерекше мәртебе берiлуi мүмкiн.
      Жекелеген жағдайларда ерекше мәртебенi Қазақстан Республикасының Президентi беруi мүмкiн.
      6-1. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредитациялау Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн тәртiппен мемлекеттiк аттестаттау негiзiнде жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

10-бап. Бiлiм беру ұйымының жарғысы

      1. Бiлiм беру ұйымының жарғысында мыналар белгіленуге тиiс:
      1) атауы, орналасқан жерi (заңды мекен-жайы);
      2) құрылтайшылары;
      3) бiлiм беру ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны, үлгiсi мен түрi;
      4) бiлiм беру ұйымының мiндетi мен қызметi;
      5) бiлiм беру процесiнiң мақсаты, iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының тiзбесi;
      6) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау тәртiбi;
      7) бiлiм беру процесiн ұйымдастыру (оның iшiнде оқыту және тәрбиелеу тiлi (тiлдерi), бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң сабақ режимi);
      8) бiлiмдi ағымдағы бақылау, бiлiм алушыларды аралық аттестаттау жүйесi, оларды өткiзудiң нысандары мен тәртiбi;
      9) ақылы бiлiм беру қызметiн көрсетудiң тiзбесi мен тәртiбi;
      10) бiлiм беру ұйымдары мен бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң және (немесе) олардың ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң қатынастарын регламенттеу мен ресiмдеу;
      11) бiлiм беру ұйымдарына құрылтайшы бекiтiп берген меншiк объектiлерiнiң пайдаланылу тәртiбi;
      12) бiлiм беру ұйымының өз қызмет процесiнде сатып алған меншiгiн қалыптастыру тәртiбi;
      13) бiлiм беру ұйымын қаржыландыру көздерi, олардың қызметiн материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету;
      14) кәсiпкерлiк қызметiнiң болуы және түрлерi;
      15) құрылтайшының құзыретi;
      16) бiлiм беру ұйымының құрылымы, басқару органдарын құру тәртiбi, олардың құзыретi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi;
      17) бiлім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң штатын толықтыру тәртiбi, еңбекке ақы төлеу шарттары, олардың құқықтары мен мiндеттерi;
      18) бiлім беру ұйымының қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртiбi;
      19) бiлiм беру ұйымының жарғысын өзгерту тәртiбi.
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының жарғысында алқалы басқару органдары, олардың құрылу тәртiбi мен құзыретi көзделуге тиiс.
      3. Бiлiм беру ұйымының жарғысында оның қызметiне қатысты және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.
      4. Бiлiм беру ұйымының жарғысын оның құрылтайшылары бекітедi.

11-бап. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру
және тарату

      1. Бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларының келiсiмiмен құрылады.
      3. Құрылтайшылар таратылатын бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушыларына басқа бiлiм беру ұйымдарында оқу жылын аяқтап шығу үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.

12-бап. Бiлiм беру қызметiн лицензиялау

      1. Ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың (бұдан әрi - лицензиат) бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес мамандықтар бойынша лицензиялануға тиiс.
      2. Бiлiм беру ұйымдарының филиалдары бiлiм беру ұйымдарының құрамында лицензияланады. Филиал туралы Ереже мен тiркеу құжаттары лицензиарға табыс етiлуге тиiс.
      3. Бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына лицензияны (рұқсатты) бiлiм берудi басқаратын мемлекеттiк орган (лицензиар):
      1) осы тармақтың 3) тармақшасында аталғандардан басқа, жалпы бастауыш, жалпы негiзгi немесе жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беретiн заңды тұлғаларға, сондай-ақ мектеп жасына дейiнгi және мектептен тыс ұйымдарға - облыстық, республикалық маңызы бар қала мен астананың білiм беру басқармалары (департаменттерi);
      2) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына - Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы;
      3) жалпы орта бiлiм беретiн халықаралық, шетелдiк, мемлекеттiк емес, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бередi.
      4. Халықаралық және шетелдiк оқу орындары немесе олардың Қазақстан Республикасының аумағында құрылған филиалдары Қазақстан Республикасының оқу орындары сияқты шартпен және сондай тәртiппен лицензиялануға тиiс.
      5. Лицензия алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
      1) нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн белгіленген үлгiдегi арыз;
      2) лицензиаттың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;
      3) қызметтiң жекелеген түрлерiмен шұғылдану құқығы үшiн лицензиялық алым төлегенiн растайтын құжат;
      4) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
      5) жұмыс бабындағы оқу жоспарлары.
      Лицензиялар құжаттар тапсырылған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiледi.
      Лицензия беруден бас тартылған жағдайда лицензия беру үшiн белгiленген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге жазбаша түрде дәлелденген жауап қайтарылады.
      6. Кәсiптiк мектептердiң, кәсiптiк лицейлердiң, колледждер мен жоғары оқу орындарының бiлiм беру қызметiн олар үшiн жаңа кәсiптер мен мамандықтар бойынша лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негiздерде жүргiзiледi.
      7. Лицензиардың қажет болған жағдайда лицензияны беру, керi қайтарып алу немесе оның қолданылуын тоқтата түру мәселелерiн алқалы түрде және жария қарау үшiн консультациялық-кеңесшi орган құруға құқығы бар.
      8. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізу құқығына берiлген лицензияны кері қайтарып алуға немесе оның қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар.
      Лицензияның қолданылуын алты ай мерзiмге дейiн тоқтата тұруға:
      бiлiктілiк талаптарына сәйкессiздiктiң анықталуы;
      бiлiм беру сапасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес келмеуi негiз болады.
      Лицензияны керi қайтарып алуға:
      лицензиаттың лицензиядағы талаптарды орындамауы;
      лицензиатқа өзiнiң жүзеге асыруына лицензиясы бар қызмет түрiмен айналысуына соттың тыйым салуы;
      лицензияның қолданылуын лицензиар тоқтатқан себептердiң жойылмауы негiз болып табылады.
      9. Бiлiктiлiк талаптары мен бiлiм беру қызметiн лицензиялау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 12-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .
      Ескерту. 12-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен .

13-бап. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi қабылдау

      1. Азаматты бiлiм беру ұйымына қабылдау кезiнде сол ұйым оны және (немесе) оның ата-анасын немесе өзге де заңды өкiлдерiн бiлiм беру ұйымының жарғысымен, бiлiм беру қызметiн жүргізу құқығына берiлген лицензиямен, қабылдау тәртiбiн және оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыруды реттейтiн басқа да құжаттармен таныстыруға мiндеттi.
      2. Құрылтайшы бастауыш жалпы, негiзгi жалпы және орта жалпы бiлiм беру сатыларында мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына қабылдаудың осы аумақта тұратын және тиiстi деңгейде бiлiм алуға құқығы бар барлық азаматтардың қабылдануын қамтамасыз ететiн тәртiбiн белгiлейдi.
      3. Азаматтарды кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптік бiлiм алу үшiн бiлiм беру ұйымына қабылдау тәртiбiн тиiстi түрдегi оқу орындарына қабылдаудың Yлгі ережелерiне сәйкес бiлiм беру ұйымы белгiлейдi.
      Бюджеттен қаржыландыру, бiлiм беру гранттары мен кредиттер арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алуға конкурс өткiзу кезiнде көрсеткiштер бiрдей болған жағдайда жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, дәрiгерлiк-әлеуметтiк сараптама комиссиясының қорытындысына сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және үздiк бiлiмi туралы құжаттары (куәлiктерi, аттестаттары, дипломдары) бар азаматтардың басым құқығы болады.
      "Алтын белгi" белгiсiмен марапатталған оқушылардың мемлекеттiк бiлiм беру грантын алуға құқығы бар және олар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырмай қабылданады. "Алтын белгi" белгiсi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарының жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың ағымдағы жылғы жеңiмпаздары болып табылатын (I, II, III дәрежелi дипломдармен марапатталған) түлектерi, сондай-ақ республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстарының (I, II, III дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздары таңдаған мамандықтар олимпиаданың, ғылыми жарыстың, конкурстың олар жеңiмпаз болып табылатын пәнiне сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын алуға құқығы бар және олар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсырмай қабылданады.
      Ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарына ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша оқуға түскен кезде, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде оларды қабылдау квотасы көзделедi.
      Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарына оқуға түскен кезде, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн мөлшерде оларды қабылдау квотасы көзделедi.
      4. Рухани (дiни) бiлiм беру ұйымдарына қабылдау орта бiлiмi бар азаматтар арасынан жүзеге асырылады.
      5. Кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң мемлекеттiк құпиялармен жұмыс iстеудi талап ететiн жекелеген мамандықтары бойынша азаматтарды қабылдау мамандандырылған мемлекеттiк оқу орындарында және басқа да мемлекеттiк оқу орындарының факультеттерiнде (бөлiмдерiнде) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша ғана жүзеге асырылады.
      Мұндай мамандықтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      6. Бiлiм беру ұйымдарына азаматтарды қабылдау тәртiбiн осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде құрылтайшы белгiлейдi және ол бiлiм беру ұйымының жарғысында бекiтiледi.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

14-бап. Оқу-тәрбие процесiн ұйымдастыру

      1. Барлық деңгейдегi бiлiм беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде әзiрленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Жалпы негiзгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн бiлiм беру бағдарламаларын меңгеру бiтiрушiлердi мiндеттi мемлекеттiк қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
      3. Бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларды аралық аттестаттаудың нысандарын, тәртiбiн және мерзiмдiлiгін таңдауда дербес болады.
      4. Бiлiм беру ұйымдарында тәртiп бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң, педагогтардың адамдық қадiр-қасиетін өзара құрметтеу негiзiнде сақталады. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдiстерiн қолдануға жол берiлмейдi.
      5. Кәмелетке толмаған бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ата-аналарына және өзге де заңды өкiлдерiне бiлiм беру процесiнiң барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ бiлiм алушылардың үлгерiм бағаларымен танысу мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
      6. Оқу орындарында оқыту төмендегiдей нысандарда: күндiзгi, сырттай, кешкi оқу, дистанциялық оқыту және экстернат нысандарында жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Бiлiм алудың әртүрлi нысандарын ұштастыруға жол берiледi.
      7. Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары бiлiм беру бағдарламаларының құрамдас бөлiгi болып табылады және бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң елжандылық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты ынта-ықыласы мен қабiлеттерiн дамытуға бағытталуға тиiс.
      8. Бiлiм беру ұйымдарында нәсiлдiк, ұлттық, дiни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристiк және де халықаралық құқық пен iзгiлiктiң жалпы танылған принциптерiне қайшы келетiн өзге идеяларды таратуға тыйым салынады.
      9. Әскерге шақырылуға дейiнгi және шақырылу жасындағы оқушы жастардың негiзгi жалпы бiлiм беру базасындағы бастапқы әскери даярлығы - жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында (арнаулы оқу орындарын қоспағанда), кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында, ал студенттердің әскери даярлығы жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

15-бап. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы

      1. Бiлiм алушылардың кәсiптiк практикасы мамандар мен жұмысшылар даярлаудың бiр бөлiгi болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиiстi ұйымдарда жүргiзiледi және бiлiм беру ұйымдарындағы оқыту процесiнде алған бiлiмдi бекiтуге практикалық дағдылар алу мен озық тәжiрибенi меңгеруге бағытталған.
      2. Кәсiптiк практиканың түрлерi, мерзiмi мен мазмұны бiлiм беру ұйымдарының оқу жоспарларымен және бағдарламаларымен белгiленедi.
      3. Бiлiм беру ұйымдары кәсiптiк практиканы өткiзу үшiн шарттық негiзде практика базасы ретiндегi ұйымдарды анықтайды, олармен практиканы өткiзудiң бағдарламаларын және күнтiзбелiк кестесiн келiседi.
      Шарттарда бiлiм беру ұйымдарының, практика базасы болып табылатын ұйымдардың және бiлiм алушылардың мiндеттерi белгiленедi.
      4. Кәсiптiк практикаға жұмсалатын шығындарды бiлiм беру ұйымдары мен практика базасы болып табылатын ұйымдар қарастырады.
      Бұл шығындардың мөлшерi жасалған шарттарда белгіленедi.
      5. Практиканы дайындау мен өткiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарының және практика базасының басшылары жауапты болады.

16-бап. Бiлiм туралы құжаттар

      1. Лицензиясы бар және жалпы бiлiм (мектепке дейiнгi бiлiмнен басқа) мен (немесе) кәсiптiк бiлiм беретiн бағдарламаларды iске асыратын бiлiм беру ұйымдары мемлекеттiк қорытынды аттестаттаудан өткен азаматтарға бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi (сатысы) туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттар бередi.
      Мемлекеттiк үлгiдегi құжаттардың нысанын және оларды беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      2. Тиiстi бiлiм деңгейi туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжат келесi деңгейдегi бiлiм беретiн ұйымдарда бiлiм алуды жалғастырудың қажеттi шарты болып табылады.
      Кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген бiлiктiлiгіне, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi туралы құжаттарында көрсетiлген ғылыми дәрежелерiне сәйкес азаматтардың кәсiптiк қызметпен, оның iшiнде бiлiм деңгейiне бiлiктiлiк талаптары қойылатын қызметпен айналысуға құқығы бар.
      3. Бiлiм алуды аяқтамаған азаматтарға белгіленген үлгiдегi анықтама берiледi.
      4. Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарын бiтiргенi туралы құжаттардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде танылуы тиiстi халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде жүзеге асырылады.
      5. Шетелдiк бiлiм беру ұйымдары берген бiлiм туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келiсiмдер) негiзiнде танылады.
      Бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган белгiлейдi.
      Халықаралық шарттар (келiсiмдер) болмаған жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алған бiлiмi туралы құжаттарының Қазақстан Республикасында танылуы және тиiстi куәлiктер берiлуi білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

17-бап. Қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi
басқару органдары

      Бiлiм алушылар мен бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң мүдделерiн қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi басқару органдары бiлдiре алады, кәсiби белгiлерi бойынша бiлiм беру ұйымдарының әдiстемелiк және оқу-әдiстемелiкбiрлестiктерi, ғылыми-әдiстемелiк, ғылыми-техникалық бiрлестiктерi, басқа да кеңестер мен комиссиялар сондай органдар ретiнде әрекет ете алады.
      Бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiктерi мен қоғамдық ынталы және қоғамдық өзiн-өзi басқару органдарының өзара қатынастары олардың арасындағы шартпен белгiленедi.
      Оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер қызметiнiң ережесiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 17-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

3-тарау. Білім беру бағдарламалары мен білім
деңгейлері

18-бап. Бiлiм беру бағдарламалары

      1. Бiлiм беру бағдарламалары тиiстi деңгейлер мен олардың сатыларының бiлiм беру мазмұнын айқындайды. Қазақстан Республикасында жалпы бiлiм беретiн (негiзгi және қосымша) және кәсiптiк (негiзгi және қосымша) болып бөлiнетiн бiлiм беру бағдарламалары iске асырылады.
      2. Жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар жеке адамның жалпы мәдениетiн қалыптастыру, жеке адамды қоғамдағы өмiрге бейiмдеу мiндеттерiн шешуге, кәсiптi, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшiн негiз жасауға бағытталған.
      3. Кәсiптiк бағдарламалар тиiстi кәсiбилiгi мен бiлiктiлiгi бар жұмысшылар мен мамандар даярлауға, бiлiм алушылардың кәсiптiк және жалпы бiлiм деңгейiн дәйектi түрде арттыруға бағытталған.
      4. Негiзгi жалпы бiлiм беретiн бағдарламалар мен негiзгi кәсiптiк бағдарламалар тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының негiзiнде әзiрленедi.
      5. Қосымша бiлiм беретiн бағдарламалар азаматтардың, қоғамның, мемлекеттiң бiлiмге және мәдениетке деген қажеттерiн жан-жақты қанағаттандыру мақсатында iске асырылады.
      Қосымша бiлiм беру бағдарламаларына:
      1) тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарынан тыс жалпы бiлiм беру және кәсiби даярлық жүргiзiлетiн бiлiм беру ұйымдарында;
      2) қосымша бiлiм беру ұйымдарында;
      3) жеке педагогикалық қызмет арқылы iске асырылатын әртүрлi бағыттағы бiлiм беру бағдарламалары жатады.
      6. Ерекше дарынды бiлiм алушылардың әлеуеттi мүмкiндiктерiн мейлiнше толық дамыту үшiн дарынды балаларға арнап мамандандырылған мектептерде iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
      7. Азаматтардың жекелеген санаттары үшiн психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң даму ерекшелiктерi мен әлеуеттi мүмкiндiктерi ескерiлген арнаулы білiм беру бағдарламалары әзiрленедi.
      8. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткiзу, бiлiм берудiң жаңа мазмұнын енгiзу үшiн бiлiм беру ұйымдарында эксперимент тәртiбiмен iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары әзiрленуi мүмкiн.

19-бап. Бiлiм берудiң балалар мен жасөспiрiмдерге
арналған қосымша дамыту бағдарламалары

      1. Бiлiм берудiң қосымша дамыту бағдарламалары мектептен тыс ұйымдарда iске асырылады.
      2. Мемлекет мемлекеттiк мектептен тыс ұйымдардың бiлiм беру қызметтерiне қол жеткiзудi қамтамасыз етедi.
      3. Мектептен тыс ұйымдар балалардың жеке басының дамуына, кәсiптiк бағдарын айқындауына, шығармашылық еңбегiне, олардың қабiлеттерiн iске асыруына, қоғам өмiрiне бейiмделуiне, азаматтық сана-сезiмiнiң, жалпы мәдениетінің, салауатты өмiр салтының қалыптасуына, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына жағдай жасайды.
      4. Мектептен тыс ұйымдарға балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық сарайлары, үйлерi, орталықтары, кешендерi, студиялары;
      жас техниктердiң, туристердiң, натуралистердiң станциялары мен базалары;
      балалардың музыкалық, көркемөнер және спорт мектептерi, өнер мектептерi; ынта-ықыластары бойынша клубтар; спорттық, сауықтыру, туристiк лагерьлер; балалар парктерi, стадиондар, галереялар және басқа да ұйымдар жатады.
      5. Мектептен тыс ұйымдардың қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi ережемен белгiленедi.

20-бап. Арнаулы бiлiм беру бағдарламалары

      1. Арнаулы бiлiм беру бағдарламаларын арнаулы бiлiм беру ұйымдары iске асырады.
      2. Дамуында түрлi ауытқулары мен кенжелеушiлiгi бар, емделуге және психологиялық-педагогикалық тұрғыда түзелуге, диагноз қоюға мұқтаж балалар үшiн арнаулы ұйымдар (оңалту орталықтары, бала бақшалары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) құрылады.
      3. Ұзақ емделуге мұқтаж адамдар үшiн, сондай-ақ әдеттегi бiлiм беру ұйымдарында оқытуға кедергiсi болатын даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдер үшiн толық мемлекет қамтамасыз ететiн арнаулы түзету ұйымдары ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспiрiмдер бұл ұйымдарға ата-аналарының және өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар арқылы жiберiледi.
      Даму мүмкiндiктерi шектеулi балалар мен жасөспiрiмдердi кәсiптiк даярлауға мемлекет жәрдемдеседi.
      4. Девианттық мiнез-құлықты адамдар үшiн адамгершiлiк сипатта ерекше ұсталатын бiлiм беру ұйымдары мен арнаулы бiлiм беру ұйымдары құрылады, олар тәрбиелеу мен оқытуды, әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз етедi және оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
      Балалар мен жасөспiрiмдердi арнаулы ұйымдарға жiберу аудан, қала әкiмдерi жанындағы кәмелетке толмағандар iстерi жөнiндегi комиссия арқылы, ал ерекше режимде ұстау ұйымдарында сот шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.

21-бап. Жалпы және кәсiптiк бiлiм беру

      1. Iске асырылатын бiлiм беру бағдарламаларының сипатына қарай бiлiм беру жалпы бiлiм және кәсiптiк білiм беру болып бөлiнедi.
      2. Жалпы бiлiм беруге:
      1) мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқыту;
      2) жалпы бастауыш бiлiм беру;
      3) жалпы негiзгi бiлiм беру;
      4) жалпы орта бiлiм беру;
      5) жалпы қосымша бiлiм беру кiредi.
      Жалпы бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi жалпы бiлiм беру бағдарламасымен белгiленедi.
      3. Кәсiптiк білім беруге:
      1) кәсiптiк бастауыш бiлiм беру;
      2) кәсiптiк орта бiлiм беру;
      3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
      4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру;
      5) қосымша кәсiптiк бiлiм беру кiредi.
      Кәсiптiк бiлiм берудiң әрбiр сатысындағы бiлiм беру мазмұны тиiстi кәсiптiк бағдарламамен белгіленедi.

22-бап. Бiлiм деңгейлерi

      Бiлiм беру бағдарламаларының үздiксiздiгi мен сабақтастығы принципi негiзiнде мынадай бiлiм деңгейлерi белгiленедi:
      1) мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту;
      2) орта бiлiм беру;
      3) кәсiптiк жоғары бiлiм беру;
      4) жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру.

23-бап. Мектепке дейiн тәрбиелеу мен оқыту

      1. Мектепке дейiнгi тәрбие отбасында және (немесе) мектепке дейiнгi ұйымда жүзеге асырылады.
      2. Мектепке дейiнгi ұйымдар отбасымен қатар бiр жастан алты (жетi) жасқа дейiнгi мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқытуды, олардың дене және психикалық денсаулығын қорғап, нығайтуды, дамуында ауытқуы бар балалардың жеке қабiлеттерiн дамытуды және оған мұқтаж балаларға қажеттi түзету жасауды жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттiк бiлiм беру мен денсаулық сақтауды басқару органдары мектепке дейiнгi ұйымдар мен отбасына қажеттi әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетудi ұйымдастырады.
      4. Бес (алты) жастағы балаларды мектепке барар алдында даярлау мiндеттi және ол отбасында, мектепке дейiнгi ұйымда немесе мектепте жалпы бiлiм беру бағдарламаларының шеңберiнде жүзеге асырылады. Ол мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында тегiн жасалады.

24-бап. Орта бiлiм беру

      1. Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Орта білiм алу мiндеттi.
      2. Мемлекеттiк күндiзгi жалпы бiлiм беретiн оқу орындарынан он алты жасқа дейiнгi балаларды шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, бiлiм беру ұйымының жарғысын өрескел және бiрнеше мәрте бұзғаны үшiн бiлiм беру басқармасы органдарының шешiмi бойынша ерекше жағдайларда ғана жол берiледi. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешiм қорғаншы және қамқоршы органдардың келiсiмiмен қабылданады.
      3. Орта бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi негiзгi деңгей болып табылады және жалпы, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм берудi қамтиды. Орта бiлiм берудiң мiндеттілiгi мен оған қол жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн мемлекет орта бiлiм беру ұйымдарының сақталуына және дамуына жәрдемдеседi.
      4. Жалпы орта бiлiм үш сатылы: бастауыш (1-4 сыныптар), негiзгi (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 (12) сыныптар) жалпы орта бiлiм беретiн оқу орнында кезең-кезеңмен алынады.
      Мектептiң бiрiншi сыныбына балалар алты немесе жетi жастан бастап қабылданады.
      Аталған сатылар бiрге немесе дербес жұмыс iстеуi мүмкiн. Олар тиiсiнше жалпы бастауыш, жалпы негiзгi, жалпы орта бiлiм берудi iске асырады. Жалпы бiлiм беретiн оқу орнының бастауыш, негiзгi және жоғары сатыларының бiлiм беру бағдарламалары сабақтас болып табылады, әрбiр келесi бағдарлама алдыңғысына негiзделедi.
      5. Жалпы орта бiлiмнiң көп нұсқалылығына, бiлiм берудiң ауқымды инфрақұрылымын қалыптастыруға жалпы орта бiлiм беретiн ұйымдардың әралуан түрлерi мен үлгiлерiн: жалпы бiлiм беретiн мектеп, гимназия, лицей, мектеп-гимназия, мектеп-лицей және басқаларды құру арқылы қол жеткiзiледi.
      6. Кәсiптiк бастауыш бiлiм кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлерде негiзгi жалпы бiлiм беру базасында алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол еңбек қызметiнiң түрлi бағыттары бойынша бiлiктi еңбек қызметкерлерiн (жұмысшыларды, қызметкерлердi) даярлауға бағытталған.
      Кәсiптiк мектепте оқу мерзiмi - екi-үш жыл, кәсiптiк лицейде - үш жыл, ерекше күрделi кәсiптер бойынша, сондай-ақ бiрегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшiн - төрт жылға дейiн болады.
      Жекелеген кәсiптер бойынша кәсiптiк бастауыш бiлiм беру қысқартылған оқыту мерзiмiндегi жалпы орта бiлiм беруге негiзделуi мүмкiн.
      Кәсiптiк оқыту тiкелей өндiрiсте, оқу-өндiрiстiк комбинаттарда, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлайтын басқа да оқу-өндiрiстiк құрылымдарда жүзеге асырылуы мүмкiн.
      7. Кәсiптiк орта бiлiм колледждерде, училищелерде негiзгi жалпы білiм беру базасында конкурстық негiзде алынып, жалпы орта бiлiм алумен ұштастырылады және ол кәсiптiк орта бiлiм алып шығатын мамандар даярлауға бағытталған.
      Колледжде, училишеде оқу мерзiмi - үш-төрт жыл. Ұқсас мамандықтар бойынша жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiмi бар азаматтардың қысқартылған, жеделдетiлген бағдарламалар бойынша кәсiптiк орта бiлiм алуына болады.
      Тиiстi лицензиясы болған жағдайда колледждерде, училищелерде жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
      Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған бiлiм беру бағдарламалары бойынша қысқартылған мерзiмде ақылы негiзде екiншi кәсiптiк орта бiлiм ала алады.
      Колледждер мен училищелерде ұқсас мамандықтар бойынша республикалық оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер құрылады.
      8. Кәсiптiк бастауыш немесе кәсiптiк орта бiлiм берудiң кәсiптiк бiлiм беру бағдарламалары шегiнде алынатын кәсiптiк бiлiмнiң бейiнi ескерiле отырып, жалпы орта бiлiм берудiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарты iске асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

25-бап. Кәсiптiк жоғары бiлiм беру

      1. Кәсiптiк жоғары бiлiмдi орта бiлiмi бар азаматтар алады.
      2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негiзде тегiн кәсiптiк жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
      3. Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының мынадай түрлерi белгiленедi: университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище).
      Жоғары оқу орындарында тиiстi лицензиялары болған жағдайда жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламалары iске асырылуы мүмкiн.
      4. Бiрыңғай оқу-ғылыми-өндiрiстiк кешен ретiнде жұмыс iстейтiн жоғары оқу орнының құрамына жоғары оқу орнының құрылымдық бiрлiктерiнiң немесе заңды тұлға мәртебесi бар оқу, ғылыми, өндiрiстiк және басқа да бөлiмшелер кiре алады.
      Медициналық бiлiм беру ұйымдары қаржыландырылуы Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылатын клиникалық базасы болған жағдайда ғана жұмыс iстеуi мүмкiн.
      5. Қазақстан Республикасында кәсiптiк жоғары бiлiмнiң мынадай құрылымы белгiленедi:
      1) қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк пен "бакалавр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi төрт жылдық жоғары базалық бiлiм (бакалавриат);
      қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға бiлiктiлiк нен "магистр" академиялық дәрежесiнiң берiлуiмен расталатын, оқу мерзiмi: жоғары базалық бiлiм негiзiнде - екi жылдық; жоғары арнаулы бiлiм негiзiнде бiр жылдық жоғары ғылыми-педагогикалық бiлім;
      2) тиiстi мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда,қорытынды аттестаттаудан ойдағыдай өткен адамға "кәсiптiк жоғары бiлiмi бар маман" тиiстi бiлiктiлiгiнiң берiлуiмен расталатын, оқү мерзiмi кемiнде төрт жылдық жоғары арнаулы бiлiм.
      Медициналық бiлiм берудiң жекелеген мамандықтары бойынша оқу мерзiмi жетi жыл болады және соңғы оқу жылы интернатура нысанында ұйымдастырылады.
      Интернатурадан өтпеген бiтiрушiлер клиникалық практикаға жiберiлмейдi.
      Университеттер мен академиялар бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, кәсiптiк жоғары бiлiм берiлетiн нақты мамандықтар бойынша кадрлар даярлау құрылымын белгiлейдi.
      6. Кәсiптiк орта бiлiмi бар азаматтар қысқартылған, жеделдетiлген бiлiм бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтар жөнiнде жоғары кәсiптiк бiлiм алуы мүмкiн.
      Кәсiптiк жоғары бiлiмi бар азаматтар ақылы негiзде қысқартылған мерзiмде екiншi кәсiптiк жоғары бiлiм алуы мүмкiн.
      Кәсiптiк жоғары бiлiм берудiң көп деңгейлi құрылымы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      7. Жоғары оқу орны өзiнiң ғылыми қызметiнде Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алады.
      8. Жоғары оқу орнының тәрбиелеу мiндеттерi студенттердiң, оқытушылар мен қызметкерлердiң бiрлескен оқу, ғылыми, шығармашылық, өндiрiстiк қызметiмен iске асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 25-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

26-бап. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру

      1. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң жоғары сатысы ретiнде бiлiктiлiгi жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлауды көздейдi.
      Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмдi арнаулы жоғары бiлiмi немесе "магистр" академиялық дәрежесi бар бiлiктi мамандықтағы азаматтар алады.
      2. Ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау жоғары оқу орындарының клиникалық ординатурасында, ассистентура-тағылымдамасында адъюнктурасында және докторантурасында, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, сондай-ақ ғылым кандидаттарын аға ғылыми қызметкер қызметiне, iзденушiлiкке ауыстыру, шығармашылық демалыстар беру нысанында жүзеге асырылады.
      3. Аспирантура мен адъюнктурада оқу мерзiмi күндiзгi оқу нысанында - үш жылдан, сырттай оқу нысанында - төрт жылдан, магистр дәрежесi бар адамдар үшiн тиiсiнше екi және үш жылдан аспауға тиiс.
      Ассистентура-тағылымдамада тағылымдамадан өту мерзiмi күндiзгi оқу нысаны бойынша - екi жылдан, сырттай оқу нысаны бойынша үш жылдан аспауға тиiс.
      Докторантурада болу мерзiмi - үш жылдан, докторлық диссертация әзiрлеу үшiн аға ғылыми қызметкер қызметiне ауыстыру екi жылдан аспауға тиiс.
      4. Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм туралы ереженi Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 26-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

27-бап. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды
қайта даярлау

      1. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау қосымша кәсiптiк білiм берудiң негiзгi нысандары болып табылады және кәсiптiк бiлiмдерi мен дағдыларын тереңдету, жаңа кәсiптер мен мамандықтарды игерту мақсатында тиiстi бiлiм беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
      2. Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды бiлiм беру ұйымдары, ұйымдар, ғылыми және оқу орталықтары, мемлекеттiк жұмыспен қамту қызметi жүргiзедi. Олар мемлекет есебiнен де, шарт негiзiнде де жүзеге асырылуы мүмкiн.

4-тарау. Білім беру жүйесін басқару

28-бап. Білiм беру жүйесiн басқару органдары

      1. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдары, жергiлiктi атқарушы органдар және жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары жүзеге асырады.
      2. Барлық бiлiм беру ұйымдарына жалпы ғылыми-әдiстемелiк басшылықты, олардың ведомстволық бағыныштылығына және меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
      3. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомстволық мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарына тiкелей басшылықты тиiстi орталық атқарушы органдар жүзеге асырады.
      4. Бiлiм беру жүйесiн басқару органдарының мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорындарының бюджеттен тыс қаражат есебiнен сатып алған мүлкiне билiк етуге, олардың бюджеттен тыс қаражат есебiнен жүзеге асыратын қызмет көрсетуi мен жұмысына баға белгiлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк бiлім беру кәсiпорындарына бөлiнген бюджеттiк сомалар шегiнен тыс еңбекке ақы төлеу қорларын белгiлеуге құқығы жоқ.

29-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бiлiм беру
саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi және iске асырады;
      2) бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      3) кәсiптiк жоғары бiлiмi және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiмi бар, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаражат алатын ұйымдарда кәсiптiк орта бiлiмi бар мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
      4) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша бiлiм беру жүйесiнiң қызметiн осы Заңға сәйкес реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi;
      5) бiлім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша республикалық бюджеттен қаражат алатын мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
      ЕСКЕРТУ. 29-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

30-бап. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы
орталық атқарушы органның құзыретi

      Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы мынадай мiндеттердi атқарады:
      1) бiлiм беру саласында салалық үйлестiрудi жүзеге асырады;
      2) <*>
      3) бiлiм беру ұйымдарының қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) бiлiм беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялау мен аттестаттауды жүргiзу үшiн үлгi ережелердi (нұсқаулықтарды, регламенттердi) әзiрлейдi және бекiтедi;
      5) мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен, өзге де орталық атқарушы органдармен бiрлесiп, бiлiм беру мен ғылым саласында нысаналы және халықаралық бағдарламаларды әзiрлейдi және iске асырады;
      6) меншiк нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарындағы оқу жылының басталу және аяқталу уақытын белгiлейдi;
      7) бiлiм беру ұйымдарының үлгiлерi мен түрлерi бойынша сыныптардың (топтардың) санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес толықтырылуын айқындайды;
      8) мүдделi министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушiлермен және басқа да әлеуметтiк әрiптестермен өзара iс-қимыл жасай отырып, кадрлар даярлау бойынша кәсiптер мен мамандықтар тiзбесiн белгiлейдi;
      9) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсiптiк орта бiлiм, кәсiптiк жоғары бiлiм және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттiк аккредитациялаумен аттестаттауды жүргiзедi;
      9-1) оқу-әдiстемелiк бiрлестiктер мен кәсiптiк-бiлiм беру бағдарламаларын оқу- және ғылыми-әдiстемелiк, ақпараттық қамтамасыз ету жөнiндегi кеңестердiң жұмысын үйлестiредi;
      9-2) кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аккредитациялауды ұйымдастырады және жүргiзедi;
      10) оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдарды дайындау және басып-шығару, оқу-ғылыми жабдықтарын әзiрлеу мен өндiру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      11) бiлiм беру ұйымдарына арналған оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттердi пайдалануға рұқсат етедi;
      12) бiлiм мен ғылымға бағытталатын бюджеттiк қаржы үшiн бағдарламалар мен тақырыптарды iрiктеуге, iске асыруға қатысады;
      13) республикалық бюджеттен қаржыландыру есебiнен конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастырады;
      14) бiлiм беру ұйымдарына, магистратураға, аспирантура мен докторантураға оқуға қабылдаудың жалпы тәртiбiн және үлгi ережелерiн бекiтедi;
      15) ведомостволық бағыныстағы бiлiм беру ұйымдары мен республикалық бағыныштағы кәсiпорындардың жарғыларын бекітедi;
      16) бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарының, ведомостволық бағыныстағы ұйымдардағы бюджет және қаржы тәртiбiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындалуына мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асырады;
      17) мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында еңбекке ақы төлеудiң мемлекеттiк нормативтерi туралы ұсыныстар әзiрлейдi;
      18) республикалық бюджеттен ұсталатын ведомостволық бағыныстағы ұйымдардың белгiленген тәртiппен қаржыландырылуын жүзеге асырады;
      19) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ведомостволық бағыныстағы мемлекеттiк жоғары оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының бiрiншi басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
      20) облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, басқа да орталық атқарушы органдардың мемлекеттiк колледждерiнiң, жоғары оқу орындарының бiрiншi басшыларын тағайындауға және қызметтен босатуға келiсiм бередi;
      21) салалық көтермелеу жүйесiн жасайды және бекiтедi;
      22) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жоспарлайды және ұйымдастырады;
      23) шетелдiк әрiптестермен келiссөздер жүргiзiп, өз құзыретi шегiнде бiлiм беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келiсiмдерге) және бағдарламаларға қол қояды;
      24) жасалған шарттарға (келiсiмдерге) сәйкес заңдарда белгіленген тәртiппен шет елдерде өз өкiлдiктерiн және Қазақстан Республикасында шетелдiк әрiптес ұйымдардың өкiлдiктерiн ашады;
      24-1) бiлiм туралы құжаттарды нострификациялау тәртiбiн белгiлейдi;
      25) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктердi жүзеге асырады.
      ЕСКЕРТУ. 30-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

31-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың
бiлiм беру саласындағы құзыретi

      1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
      1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағындағы жергiлiктi атқарушы органдар ұсынған бiлiм беру ұйымдарын дамыту бағдарламаларын бекiтедi, олардың орындалуы туралы есептердi тыңдайды;
      2) ауылдық (селолық) жерлерде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне отын сатып алуға жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беру туралы шешім қабылдайды;
      3) бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы шешiм қабылдайды.
      2. Жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясында белгiленген мiндеттi орта білiм алу құқығын қамтамасыз етедi; бiлiм берудi дамытуға бағытталатын жергiлiктi бюджеттi әзiрлейдi;
      2) мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн алуды жүзеге асырады, олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын қамтамасыз етедi;
      3) өз аумағындағы бiлiм беру ұйымдарының қызметi үшiн қажеттi материалдық-техникалық және басқа жағдайларды қамтамасыз етедi;
      4) бiлiм беру қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi;
      5) жетiм балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың белгiленген тәртiппен мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етiлуiн, олардың мiндетті түрде жұмысқа орналасуын және тұрғын үймен қамтамасыз етiлуiн жүзеге асырады;
      6) бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық қызмет көрсетудi ұйымдастырады;
      7) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен тегiн және жеңiлдiкпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
      8) ауылдық (селолық) жерлерде оқушыларды мектепке тегiн апару мен қайтып жеткiзiлуiн ұйымдастырады; жергiлiктi өкiлдi органдарға бiлiм алушылардың қоғамдық көлiкте жеңiлдiкпен жүрiп-тұруы туралы ұсыныстар енгізедi;
      9) бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң жұмыспен қамту қызметi арқылы жұмысқа орналасуына жәрдемдеседi;
      10) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдарында жұмысшылар мен мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын бекiтедi;
      11) бiлiм беру объектiлерiн салу мәселелерiн үйлестiредi;
      12) ауылдық (селолық) жердегi білім беру ұйымдарына келген жас мамандар үшiн тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етедi;
      13) аудандық бiлім берудi басқару органдарының бiрiншi басшыларын және орталық атқарушы органдармен келiсе отырып облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың бiлiм берудi басқару органдарының, сондай-ақ жергiліктi бюджеттен қаражат алатын колледждердiң бiрiншi басшыларын тағайындайды және босатады.
      ЕСКЕРТУ. 31-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.11.22. N 484 Заңымен .

32-бап. Жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдарының
құзыретi

      Облыстардың (қалалардың, аудандардың), республикалық маңызы бар қала мен астананың жергiлiктi бiлiм берудi басқару органдары:
      1) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын бiлiм беру ұйымдарының құрылтайшылары болады;
      2) мектеп жасына дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың есебiн жүргiзедi және олардың орта бiлiм алғанға дейiнгi оқуын ұйымдастырады;
      3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға қамқоршылық және қорғаншылық жасауды ұйымдастырады, оларды балалар үйлерiне немесе интернаттық ұйымдарға орналастырады;
      4) меншiк нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жергiлiктi бағыныстағы бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi мазмұнының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары талаптарына сәйкес келуiне мезгiл-мезгiл бақылау жасауды ұйымдастырады және оны өз құзыретi шегiнде жүргiзiп отырады;
      5) бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес педагог қызметкерлердi аттестаттауды өткiзедi және оларға бiлiктiлiк разрядтарын бередi;
      6) кәсiптiк мектептерде, кәсiптiк лицейлер мен колледждерде жұмысшылар мен мамандар даярлауға конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлім беру тапсырысын орналастырады;
      7) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мектепке дейiнгi тәрбие және оқу ұйымдарының, мектептен тыс ұйымдар мен орта бiлiм беру ұйымдарының басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады;
       8) мектепке дейiнгi, жалпы орта, кәсiптiк бастауыш және кәсiптік орта бiлiм беру мәселелерi бойынша жоғары тұрған органдарға статистикалық есеп берiп отырады;
      9) жергiлiктi бюджеттен қаражат алатын мемлекеттік бiлім беру ұйымдарының жарғыларын бекiтедi;
      10) аймақтық деңгейде педагог кадрларды қайта даярлауды, олардың бiлiктiлiгiн арттыруды, әдiстемелiк кабинеттер желiсi арқылы әдiстемелiк қамтамасыз етудi жоспарлайды және ұйымдастырады;
      11) өз құзыретi шегiнде бiлiм беру ұйымдарын лицензиялау мен аттестаттауды жүргiзедi.
      ЕСКЕРТУ. 32-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

33-бап. Білiм беру ұйымдарының құзыретi

      1. Бiлiм беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарында, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережелер мен бiлiм беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесiн жүзеге асыруда, кадрларды iрiктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысы уәкiлеттi басқару органдарымен келiсiм бойынша өз орынбасарларын тағайындайды және қызметiнен босатады. Оларды тағайындау және қызметтен босату тәртiбi бiлiм беру ұйымының жарғысымен белгiленедi.
      3. Бiлiм беру ұйымының құзыретiне мынадай мiндеттер жатады:
      1) жарғының жобасын әзiрлеу;
      2) iшкi тәртiп ережелерiн әзiрлеу және бекiту;
      3) оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, оқу процесiнiң күнтiзбелiк кестелерiн әзiрлеу және бекіту;
      4) осы Заңда және тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Yлгi ережеде өзгеше көзделмесе, бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер контингентiн бiлiм беру қызметiн жүргiзу құқығына берiлген лицензияға сәйкес қалыптастыру;
      5) оқу-тәрбие процесiн әдiстемелiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру және жетiлдiру;
      6) бiлiм алушылардың үлгерiмiне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргiзу;
      7)
      8) өздерiнiң қаржы қаражаты шегiнде және республикалық нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген шектеулердi ескере отырып, мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы қызметкерлердiң жалақысы мен лауазымдық айлықақысының ставкаларын белгiлеу;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң лауазымдық айлықақыларына үстеме ақы мен қосымша ақы, оларға сыйлық берудiң тәртiбi мен мөлшерiн белгiлеу;
      10) бiлiм беру ұйымдарын нормативтiк талаптарға сәйкес материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, жарақтау мен жабдықтау;
      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жарғылық қызметтi жүзеге асыру үшiн қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерiн тарту;
      12) қоғамдық тамақтандыру ұйымдары бөлiмшелерiнiң және медициналық ұйымдардың жұмыс iстеуiне қажеттi жағдайлар жасау, олардың жұмыстарына бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлер мен қызметкерлердiң денсаулықтарын қорғау және нығайту мақсатында бақылау жасау;
      13) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қосымша жеңiлдiктер мен материалдық қамтамасыз ету түрлерiнiң уақытылы берiлiп отыруын қамтамасыз ету;
      14) тәрбиеленушiлер мен бiлiм алушылардың күтiмi мен тұру жағдайларының белгiленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
      15) оқытушылық (педагогикалық) ұйымдар мен бiрлестiктердiң қызметiне жәрдемдесу;
      16) құрылтайшылар мен мүдделi адамдарға қаржылық және материалдық ресурстардың түсуi мен жұмсалуы туралы есеп беру;
      17) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагог қызметкерлерiне тиiстi оқу орнының доцентi және профессоры академиялық атақтарын беру. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аттестаттау органының алдында доцент және профессор ғылыми атақтарын беру туралы өтiнiш жасау;
      18) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және бiлiм беру ұйымының жарғысында көзделген өзге де қызметтi жүзеге асыру.
      ЕСКЕРТУ. 33-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

34-бап. Бiлiм беру ұйымдарын басқару

      1. Бiлiм беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңдарына, тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымы туралы Үлгi ереже мен бiлiм беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Бiлiм беру ұйымының кеңесi, қамқоршылық кеңес, жалпы жиналыс, педагогикалық (әдiстемелiк) кеңес және басқа да нысандар мемлекеттік бiлiм беру ұйымын алқалы басқару нысандары болып табылады. Алқалы басқару органдарын сайлау тәртібiн қоса алғанда, олар туралы Ереженi бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекітедi.
      3. Бiлiм беру ұйымын тiкелей басқаруды меңгерушi, директор, ректор немесе өзге де басшы жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымының басшысын құрылтайшы тағайындайды.
      5. Бiлiм беру ұйымы басшысының мәртебесi, бiлiм беру ұйымының алқалы басқару органдарының құрамы, өкiлеттiгi, оларды сайлау және қызмет тәртiбi, олардың арасындағы өкілеттiктiң ара-жiгiн ажырату тиiстi үлгiдегi бiлiм беру ұйымдары туралы Үлгi ережемен белгiленiп, олардың жарғыларымен бекiтiледi.
      6. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының басшыларына өздерiнiң қызметтерiн бiлiм беру ұйымдары iшiндегі немесе одан тыс жерлердегi басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк басшылықтан басқа) қызметтермен қоса атқаруға рұқсат етiлмейдi.
      7. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары, олардың филиалдары (бөлiмдерi) басшыларының қызметтiк мiндеттерiн қоса атқаруға болмайды.

35-бап. Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасау

      1. Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасау бiлiм беру саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қамтамасыз етуге, бiтiрушiлер мен мамандар даярлау сапасын арттыруға, бiлiм берудi қаржыландыруға бөлiнетiн мемлекеттiк бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға бағытталған.
      Бiлiм сапасына мемлекеттiк бақылау жасауды мемлекеттiк бiлiм берудi басқару органдары мезгiл-мезгiл аттестаттау және тексеру нысанында жүзеге асырады.
      2. Бiлiм беру ұйымдарының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарын орындауына және бiлiм беру қызметiн лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптарын сақтауына мемлекеттiк бақылау жасаудың негiзгi нысаны мемлекеттiк аттестаттау болып табылады.
      Бiлiм беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау мен аккредитациялау өткiзу шығындары бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларының есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттiк бiлiм берудi басқару органдары, меншiк нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарына жоспарлы түрде бес жылда бiр рет аттестаттау мен аккредитациялау өткiзiп отырады.
      4. Бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттау туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      ЕСКЕРТУ. 35-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

5-тарау. Білім беру процесі субъектілерінің
құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері

36-бап. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң
құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бiлiм беру ұйымын және қабылдау шарттарына сәйкес бiлiм алу нысандарын таңдауға құқығы бар.
      Бiлiм алушылар тiлек бiлдiрген жағдайда бiлiм беру ұйымы олармен тараптардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлетiн оқу шартын (келiсiм-шартын) жасасуға мiндеттi.
      2. Бiлiм алатын азаматтар бiлiм алушылар немесе тәрбиеленушiлер болып табылады.
      Бiлiм алушыларға оқушылар, студенттер, магистранттар, курсанттар, тыңдаушылар, тағлымдамадан өтушiлер, аспиранттар, адъюнктер және докторанттар жатады.
      Тәрбиеленушiлерге мектепке дейiнгi, интернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетiн адамдар жатады.
      3. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң:
      1) мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттарына сәйкес бiлiм алуға;
      2) Бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмiмен жалпы мiндеттi мемлекеттiк бiлiм беру стандарттары шеңберiнде жеке оқу жоспарлары, жеделдетiлген бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуға;
      3) өзiнiң бейiмдiлiгi мен қажеттерiне қарай қосымша бiлiм беру қызметiн пайдалануға, бiлiм алуға, оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстар таңдауға;
      4) бiлiм беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;
      5) Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен оқу орнына қайта қабылдануға және бiреуiнен екiншiсiне, бiр мамандықтан екiншiсiне немесе оқудың бiр нысанынан екiншiсiне, мемлекеттiк емес оқу орнынан мемлекеттiк оқу орнына ауысуға;
      6) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бiлiм беру ұйымдары кiтапханаларының ақпараттық ресурстарын тегiн пайдалануға, оқулықтармен тегiн қамтамасыз етiлуге;
      7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен халықты жұмыспен қамту саласының жағдайы туралы ақпарат алуға және кәсiби-диагностикалық зерттеуден өтуге;
      8) өз пiкiрi мен сенiмiн еркiн бiлдiруге;
      9) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне;
      10) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегi табыстары үшiн көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.
      4. Меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық бiлiм беру ұйымдарының күндiзгi оқу нысаны бойынша бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiнiң:
      1) жергiліктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша қоғамдық көлiкте (таксиден басқа) жеңiлдiкпен жүруге;
      2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылудан кейiнге қалдырылуға құқығы бар.
      5. Бiлiм беру ұйымдарында негiзгi жұмысынан қол үзбей (сырттай, кешкi және дистанциялық оқу нысандары бойынша) оқитын азаматтарға, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарында көзделген реттердi қоспағанда, жұмыс берушiлер жалақысын сақтап және сақтамай ақы төленетiн және ақы төленбейтiн қосымша демалыстар, жұмыстан бос күндер беруi де мүмкiн.
      6. Меншiк нысандарына қарамастан, бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлердiң келесi деңгейдегi бiлiм беру ұйымына түсу кезiнде және жұмысқа орналасу кезiнде құқықтары тең болады.
      7. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк стипендиялар төленедi.
      8. Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi бiлiм беру ұйымдары өздерi белгiлеген тәртiппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етедi.
      9. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi оқу процесiнен алаңдатуға жол берiлмейдi.
      10. Мемлекет жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшiн балалар үйлерiн, интернаттық ұйымдар, сондай-ақ отбасылық үлгiсiндегi балалар үйлерiн құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
      Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар балалар үйлерi мен интернаттық ұйымдарда тәрбиеленедi, оларды мемлекет толық қамтамасыз етiп отырады.
      11. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да жеңiлдiктер берiледi.
      12. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер мемлекеттiк жалпы мiндетті бiлiм беру стандарттары көлемiнде бiлiмдi, шеберлiк пен практикалық дағдыларды меңгеруге, iшкi тәртiп ережелерiн сақтауға, бiлiм беру ұйымының жарғысында көзделген басқа да талаптарды орындауға мiндеттi.
      13. Бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлер өздерiнiң денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және дене бiтiмiн өздiгiнен жетiлдiруге ұмтылуға мiндеттi.
      14. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң мiндеттерiн бұзғаны үшiн оларға бiлiм беру ұйымының жарғысында, не шартта (келiсiм-шартта) көзделген тәртiптiк ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн.

37-бап. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң
денсаулығын сақтау

      1. Бiлiм беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесi бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулық жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. Бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң ауыруына жол бермеу, денсаулығын нығайту, дене бiтiмiн жетілдiру, салауатты өмiр салтын ынталандыру жөнiндегi қажеттi шаралардың орындалуы қамтамасыз етiледi.
      2. Бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң оқу жүктемесi, сабақ режимi мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарттар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және бiлiм беру органдарының ұсыныстары негiзiнде әзiрленген бiлiм беру ұйымдары бекiтетiн ережелермен айқындалады.
      3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң денсаулығына үнемi бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетудi жүзеге асырады. Бiлiм беру ұйымдары медициналық пункттерге орындар бередi.
      4. Мектепке дейiнгi және орта бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жыл сайын тегiн медициналық тексеруден өтiп тұруға мiндетті.
      5. Бiлiм беру ұйымдарындағы сабақ кестесi бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тамақтануы мен белсендi демалысы үшiн ұзақтығы жеткiлiктi үзiлiс жасалуын көздеуге тиiс.
      Жергiлiктi атқарушы органдар және бiлiм беру ұйымдарының басшылары бiлiм беру ұйымдарында ақылы тамақтандыруды ұйымдастыру үшiн жағдай жасайды. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледi.
      6. Бiлiм беру ұйымдарында оқудың, тәрбиелеудiң, еңбек ету мен демалудың салауатты және қауiпсiз жағдайларын жасау үшiн жауапкершiлiк олардың басшылары мен құрылтайшыларына, ал бақылау жасау - тиiстi мемлекеттiк органдарға жүктеледi.

38-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкiлдердiң
құқықтары мен мiндеттерi

      1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерiнiң:
      1) бiлiм беру ұйымын баланың қалауын, жеке басының бейiмдiлiгi мен ерекшелiктерiн ескере отырып таңдауға;
      2) ата-аналар комитеттерi арқылы бiлiм беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
      3) бiлiм беру ұйымдарынан өз балаларының үлгерiмi, тәртiбi және оқу жағдайлары жөнiнде ақпарат алуға;
      4) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнiнде консультациялық көмек алуға құқығы бар.
      2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер:
      1) балаларға өмiр сүруi мен оқуы үшiн салауатты және қауiпсiз жағдайлар жасауға, олардың интеллектуалдық және дене күшiн дамытуын, адамгершiлiк жағынан қалыптасуын қамтамасыз етуге;
      2) бес (алты) жасында балалардың мектепке барар алдындағы дайындығын қамтамасыз етуге, ал алты (жетi) жастан бастап жалпы бiлiм беретiн мектепке беруге;
      3) бiлiм беру ұйымдарымен ынтымақтастық жасауға;
      4) балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге мiндеттi.

39-бап. Педагогикалық қызметпен айналысу құқығы

      1. Бiлiм беру ұйымдарында тиiстi кәсiптiк бiлiмi бар азаматтардың педагогтiк қызметпен айналысу (оқыту және тәрбиелеу) құқығы бар.
      2. Тиiстi кәсiптiк бiлiмi жоқ азаматтарға педагогтiк қызметпен айналысу құқығы қажеттi мамандар болмағанда ғана бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмi бойынша берiледi.
      3. Бiлiм беру ұйымдарындағы педагогтiк қызметке сот үкiмiмен оған тыйым салынған адамдар жiберiлмейдi.

40-бап. Бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне
ақы төлеу жүйесi

      1. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен айқындалады.
      Бюджеттен алынатын қаражат есебiнен ұсталатын мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу туралы Ереженi еңбек саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып, бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекiтедi.
      2. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң жалақысы мен қызметтiк айлықақылары олардың бiлiктiлiгiне, қызмет мiндеттерiне сәйкес белгiленедi.
      3. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары өздерiнде бар еңбекке ақы төлеу қаражатының шегiнде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет есебiнен үстеме, қосымша ақылардың, сыйлықтардың және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдердiң мөлшерiн өздерi белгiлеуi мүмкiн.
      Бюджет қаражатынан ынталандыру сипатында төленетiн төлемдер жалақының кепiлдi бөлiгi бойынша берешек болмаған жағдайда ғана жасалуы мүмкiн.
      4. Бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне бiлiктiлiгi жоғары ғылыми кадрларды аттестаттау саласындағы Қазақстан Республикасының уәкiлетті органы берген тиiстi диплом болған жағдайда ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми атақтары үшiн, ғылым кандидатына бiр айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде қосымша ақы белгіленедi.
      5. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi үшiн нормативтік оқу жүктемесі аптасына:
      1) жалпы бiлiм беретiн оқу орнының бастауыш сатысы үшiн - 20 сағаттан;
      2) жалпы бiлiм беретiн оқу орнының негiзгi және жоғары сатылары, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта бiлiм беру ұйымдары үшiн - 18 сағаттан;
      3) мектепке дейiнгi ұйымдар үшiн - 24 сағаттан;
      4) мектептен тыс ұйымдар үшiн - 18 сағаттан (балалардың, жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнде - 24 сағаттан) аспайтын етiп белгiленедi;
      5) мемлекеттiк жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мемлекеттiк тапсырысты және мемлекеттiк бiлiм беру кредитiн анықтау кезiнде студенттер мен оқытушылардың орташа арақатынасы (бiр оқытушыға келетiн студенттердiң орташа саны) тиiсiнше күндiзгi оқу нысаны үшiн - 8:1, ал медициналық жоғары оқу орындары үшiн - 6:1, кешкi оқу нысаны үшiн - 16:1 және сырттай оқу нысаны үшiн - 32:1 болуын негiзге ала отырып есептеледi.
      Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiнде педагог қызметкерлерге арналған нормативтiк оқу жүктемесiн бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi осы Заңда белгiленген шекте реттеп отырады.
      6. Бiлiм беру ұйымдарының қызметкерлерiне ауылдық (селолық) жерлерде жұмыс iстегенi үшiн, экологиялық апат аймақтарында тұрғаны үшiн, сыныпқа басшылық жасағаны үшiн, дәптерлердi, жазба жұмыстарын тексергенi үшiн, оқу кабинеттерiне меңгерушiлiк еткенi, пәндердi тереңдетiп оқытқаны үшiн қосымша ақы және Қазақстан Республикасының Үкiметi көздеген басқа да ақылар төленедi.
      7. Өз қаражаты есебiнен Еңбекке ақы төлеу жөнiндегi ереженi тиiстi оқу орындары (құрылтайшылар) айқындайды.
      8. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудi олардың құрылтайшылары немесе соған уәкiлдiк берiлген адам айқындайды.
      ЕСКЕРТУ. 40-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен.  Z010207_

41-бап. Білiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары
мен мiндеттерi, олардың әлеуметтік кепiлдiктерi

      1. Бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi бiлiм беру ұйымдарының жарғыларымен, iшкi тәртiп ережелерiмен және қызметтiк нұсқаулықтармен айқындалады.
      2. Педагогтiк қызмет атқаратын адамдар педагог қызметкерлер болып есептеледi. Педагог қызметкерлер мен оларға теңдестiрiлген адамдар қызметiнiң тiзбесiн, сондай-ақ бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң үлгi штаттарын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейдi.
      3. Бiлiм беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
      1) кәсiптiк қызмет үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етiлуге;
      2) мемлекеттiк жалпы мiндеттi стандарт сақталған жағдайда педагогтiк қызметтi ұйымдастырудың тәсiлдерi мен нысандарын еркiн таңдауға;
      3) ғылыми зерттеулер тақырыбын және олардың нәтижелерiн педагогикалық практикада пайдалану нысандарын еркiн таңдауға;
      4) оқу орнын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
      5) жұмыстан қол үзе отырып, құрылтайшының қаражаты есебiнен бес жылда бiр рет ұзақтығы төрт айдан аспайтын уақытта өздерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруға;
      6) санатын көтеру, қызметiнде өсу мақсатында мерзiмiнен бұрын аттестатталуға;
      7) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру мекемелерiнiң педагог қызметкерлерi мен оларға теңдестiрiлгендер үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк 56 күнге; әдiстемелiк қызмет орындарының қызметкерлерi, мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың педагог қызметкерлерi үшiн - күнтiзбелiк 42 күнге ақы төленетiн демалыс алуға;
      8) жеке педагогикалық қызметке;
      9) өзiнiң кәсiптiк абыройы мен қадiр-қасиетiн қорғауға;
      10) бiлiм беру ұйымдары мен олардың қызметкерлерiнiң бiлiм беру және экономикалық қызметiнiң көзi болып табылатын материалдық активтер (ғылыми, әдiстемелiк еңбектер, патенттер, бағдарламалық қамтамасыз ету, бiлiм беру және ақпарат технологиялары және басқалар) нысанындағы интеллектуалдық меншiгiн меншiктiң басқа түрлерiмен бiрдей қорғауға;
      11) бiлiм беру ұйымы әкiмшілiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiне шағым жасауға;
      12) педагогикалық қызметтегi табыстары үшiн материалдық және моральдық жағынан көтермеленуге, ордендермен және медальдармен, құрметтi атақтармен, белгiлермен және грамоталармен марапатталуға құқығы бар.
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үй алуға;
      2) ауылдық (селолық) жерлерде тұрып жұмыс iстейтiндер - жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейтiн мөлшерде коммуналдық қызмет көрсету мен отын шығындары бойынша жеңiлдiктер (ақшалай өтемдер) алуға;
      3) жеке меншігінде малы барлардың жемшөппен, малын жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей қамтамасыз етілуге құқығы бар.
      4-1. Ауылдық (селолық) жерлерде жұмыс істейтін білім беру мамандарына жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында қызметтердің осы түрлерімен айналысатын мамандардың ставкаларымен салыстырғанда кемінде 25 процент жоғары айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгіленуі мүмкін.
      5. Педагог қызметкерлердi олардың негiзгi қызметiне тән емес қызметтердi атқаруға қызметкерлердiң өз келiсiмiнсiз тартуға жол берiлмейдi.
      6. Мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарының эксперимент режимiнде жұмыс iстейтiн педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қосымша ақы төленедi.
      7. Педагог қызметкерлер:
      1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тиiстi мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес бiлiм, шеберлiк және дағды алуын қамтамасыз етуге;
      2) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жеке және шығармашылық қабiлеттерiн ашып, оны дамытуына жәрдемдесуге;
      3) өз бiлiктiлiгiн арттыруға;
      4) педагогтiк әдеп нормаларын сақтауға;
      5) бiлiм алушылардың, тәрбиеленушiлердiң қадiр-қасиетiн құрметтеуге;
      6) салауатты өмiр салтын жүргізiп, оны бiлiм алушылар, тәрбиеленушiлер арасында насихаттауға мiндеттi.
      ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгерді және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.22. N 484 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

42-бап. Еңбек қатынастары және бiлiм беру ұйымы
басшысының жауапкершiлiгi

      1. Қызметкер мен бiлiм беру ұйымының еңбек қатынастары жеке еңбек шартымен реттеледi. Жеке еңбек шартының ережелерi еңбек туралы заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
      2. Бiлiм беру ұйымының басшысы:
      1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң, бiлiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
      2) өзiнiң құзыретiне жатқызылған мiндеттердi орындамағаны;
      3) мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандартының талаптарын орындамағаны;
      4) тәрбиеленушiлердiң, бiлiм алушылардың және бiлiм беру ұйымы қызметкерлерiнiң оқу-тәрбие процесi кезiндегi өмiрi мен денсаулығы;
      5) қаржы-шаруашылық қызметінiң жай-күйі, соның iшiнде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
      6) нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген өзге де тәртiп бұзушылықтар үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
      ЕСКЕРТУ. 42-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

6-тарау. Білім беру экономикасы

43-бап. Бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
      1) жалпы орта және кәсiптiк бастауыш бiлiм алуына - мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiн ұстауды бюджеттен қаржыландыру;
      2) кәсiптiк орта бiлiм алуына - 10-11 (12) сыныптардың жалпы бiлiм беру бағдарламасы бойынша оқу кезеңiнде бiр оқушыға шаққанда бюджеттiк қаржыландыру;
      3) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм алуына - мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы мемлекеттік кепiлдiктердiң негiзi болып табылады.
      2. Мемлекет бiлiм беруге жыл сайын бюджет қаржысын бөлудi оның басымдығын ескере отырып қамтамасыз етедi.
      3. Қазақстан Республикасының Yкiметi халықтың тығыздығына және елдi мекендердiң алыстығына қарай білiм беру ұйымдары желiлерiнiң кепiлдi мемлекеттік нормативтерiн бекiтедi.
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру бiлiм беру деңгейлерi бойынша жалпыға бiрдей мiндеттi мемлекеттiк стандарттармен белгiленген талаптарды сақтау арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн ақшалай және заттай нормаларды, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу нормаларын ескере отырып, республикалық және жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Шағын жинақталған мектептердi қаржыландыру iсiнде бiлiм алушылар санына қатысы жоқ шығындар ескерiлуге тиiс.
      Өзге қаржылық және материалдық түсiмдердi, оның iшiнде валюталық түсiмдердi мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен пайдаланады.
      5. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдарын қаржыландыру бiлiм беру қызметін сату, құрылтайшылардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк аттестаттаудан өткен кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн мемлекеттiк емес ұйымдар конкурстық негiзде мемлекеттiк бiлiм беру кредитiн немесе гранттарын алған адамдарды оқуға қабылдау жолымен мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орындауға қатыса алады.
      ЕСКЕРТУ. 43-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

44-бап. Бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық
базасы

      1. Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау мен дамыту республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты мен осы Заңда белгiленген өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      2. Бiлiм беру ұйымдарының мүлiктi өз жарғыларында белгiленген тәртiппен иеленуге және пайдалануға құқығы бар.
      3. Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беретiн мемлекеттiк ұйымдардың құрылымын өзгерту мен оларды жекешелендiру, бiлiм беру қызметiнiң бейiнi сақталмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып жүргiзiледi.
      4. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымдарын қолдау мақсатында оларға мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының босатылған үйлерi мен тиiстi материалдық базасы заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып, жекешелендiру жолымен берiлуi мүмкiн.

45-бап. Бiлiм беру саласындағы кәсiпкерлiк қызмет

      1. Бiлiм беру ұйымдары өздерiнiң жарғысына сәйкес бiлiм беру мен өзге де ақылы қызмет көрсету есебiнен кiрiс келтiретiн қызметпен айналыса алады.
      Қызмет көрсету мен жұмыс бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
      Бұл қызметтен түсетiн табысты бөлу тәртiбiн өз жарғысына сәйкес ұйым дербес белгiлейдi.
      2. Жеке педагогтiк еңбек қызметi кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қарастырылып, тiркелуге тиiс.
      Жеке педагогтiк еңбек қызметiне лицензия берiлмейдi.
      3. Ақылы бiлiм беру қызметiн көрсетудi iске асыратын білiм беру ұйымдары мен бiлiм алушы, тәрбиеленушi, оның ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерi арасындағы қарым-қатынас бiлiм беру деңгейiн, оқу мерзiмiн, оқуға төленетiн ақы мөлшерiн, өзге де жағдайларды белгiлейтiн шартпен реттеледi.
      4. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен ақылы бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге құқылы.
      Ақылы бiлiм беру қызметiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының шеңберiнде қаржыландырылатын негiзгi бiлiм беру қызметiнiң орнына көрсетуге болмайды.
      5. Мемлекеттiк емес бiлiм беру ұйымының бiлiм беру қызметiн көрсеткенi үшiн, соның iшiнде мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде оқытқаны үшiн ақы алуға құқығы бар.
      ЕСКЕРТУ. 45-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

7-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет

46-бап. Халықаралық ынтымақтастық

      1. Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдары және халыкаралық шарттар, келiсiмдер, конвенциялар негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Бiлiм беру ұйымдарының өз жұмыстарының ерекшелiктерiне сәйкес шетелдiк бiлiм беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тiкелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екi жақты және көп жақты шарттар жасасуға, бiлiм саласындағы халықаралық үкiметтiк емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кiруге құқығы бар.
      3. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк оқу орындарын, шетелдiк бiлiм беру ұйымдарының филиалдарын құру халықаралық шарттар мен мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде, сондай-ақ білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың арасындағы шарттардың (келiсiмдердiң) негiзiнде жүзеге асырылады.
      Жоғарыда аталған бiлiм беру ұйымдарының жарғыларын құрылтайшы елдердiң Үкiметтерi (уәкiлеттi органдары) бекiтедi.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық оқу орындарының және басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, шетелдiк оқу орындары филиалдарының бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензияланады.
      Бұл бiлiм беру ұйымдарын аттестаттауды құрылтайшылар құратын бiрлескен комиссиялар өткiзедi.
      5. Аталған бiлiм беру ұйымдары мен олардың филиалдары бiтiрушiлерге:
      1) егер олардағы оқу процесi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жалпы мiндеттi бiлiм беру стандарттары негiзiнде ұйымдастырылса, Қазақстан Республикасында қабылданған;
      2) егер оқу процесi тиiстi мемлекеттердiң бiлiм беру бағдарламалары бойынша жүргiзiлсе, сол мемлекетте қабылданған бiлiм беру туралы құжаттар бередi. Бұл жағдайда бiлiм туралы алынған құжаттар Қазақстан Республикасында нострификациялануға тиiс.
      6. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттердің зайырлы оқу орындарында оқуға, даярлануға, бiлiктiлiгін арттыруға, қайта даярлаудан және тағлымдамадан өтуге құқығы бар. Бұл құқық бiлiм алушылармен, білiм беру ұйымдарымен, өзге де заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық шарттар мен нысаналы бағдарламаларға сәйкес жасалатын тiкелей шарттар бойынша iске асырылады.
      7. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында, халықаралық шарттарда, келiсiмдерде белгіленген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарымен жасалған келiсiм-шарттар бойынша бiлiмге және педагогтiк қызметпен айналысуға құқықты Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.
      ЕСКЕРТУ. 46-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

47-бап. Шетелдегi қазақ диаспорасының бiлiм алуға деген
қажеттерiн қанағаттандыру

      1. Мемлекет шетелдегi қазақ диаспорасының бiлiм алуға деген қажеттерiн қанағаттандыруға жәрдемдеседi.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында бiлiм алуға құқығы бар.
      3. Шетелдегi қазақ диаспорасына арналған бiлiм беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 47-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.06.11. N 207 Заңымен .

48-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

8-тарау. Білім беру саласындағы заңдарды бұзғаны
үшін жауапкершілік

49-бап. Бiлiм беру саласындағы заңдарды бұзғаны
үшiн жауапкершiлiк

      Бiлiм беру саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

9-тарау. Өтпелі ережелер

50-бап. Осы Заңды күшiне енгiзу

      1. 40-баптың 1999 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшiне енгiзiлетiн 4-тармағын қоспағанда, осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енгiзiледi.
      2. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын және осы Заң күшіне енгізілгенге дейін стипендия алуға құқығы бар білім алушылар оқу орнын бітіргенге дейін бұл құқығын бұрынғы тәртіппен сақтайды.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті