Ұлттық архив қоры және архивтер туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Заңның тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2015 № 368-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      «облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың)», «облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың)», «облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық)» деген сөздер тиісінше «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың», «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың», «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың» деген сөздермен ауыстырылды;
      «мұрағат», «мұрағаттарды», «мұрағаттардың», «мұрағаттар», «мұрағаты», «Мұрағат», «мұрағаттарының», «мұрағаттары», «мұрағаттың», «мұрағаттарындағы», «мұрағаттардағы», «мұрағатқа», «Мұрағатының», «мұрағаттарда», «мұрағаттарға», «мұрағаттық», «мұрағаттарынан», «мұрағаттарында» және «мұрағатты» деген сөздер тиісінше «архив», «архивтерді», «архивтердің», «архивтер», «архиві», «Архив», «архивтерінің», «архивтері», «архивтің», «архивтеріндегі», «архивтердегі», «архивке», «Архивінің», «архивтерде», «архивтерге», «архивтік», «архивтерінен», «архивтерінде» және «архивті» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 28.10.2015 № 368-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, сақтау мен пайдалану және Қазақстан Республикасындағы архив ісін мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) архив ісі - мемлекеттік ұйымдар мен заңды және жеке тұлғалар қызметінің Ұлттық архив қорын қалыптастыру, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларын құру, олардың сақталуы мен пайдаланылуын ұйымдастыруға байланысты саласы;
      2) архивтік құжат - қоғам үшін маңыздылығына қарай, сондай-ақ меншік иесіне құнды, сақталынатын немесе сақталуға жататын құжат;
      3) архив - архив құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ архив мекемесі немесе мекеменің, ұйымның немесе кәсіпорынның пайдаланушылар мүдделері үшін архив құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
      4) архив қорлары - бір-бірімен тарихи немесе қисынды байланысты құжаттардың жиынтығы;
      5) архив коллекциясы - қор құрушылар қызметінде құрылған және бір немесе бірнеше белгілері бойынша біріктірілген құжаттардың жиынтығы;
      6) ведомстволық архив - Ұлттық архив қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кірмеген құжаттарды жинақтауды, уақытша сақтау мен пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғаның мекемесі немесе құрылымдық бөлімшесі;
      7) мемлекеттік архив - Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауға (сатып алуға), тұрақты сақтауға және пайдалануды ұйымдастыруға құқық берілген мемлекеттік мекеме;
      8) Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры - Ұлттық архив қорының мемлекет үшін бірден-бір маңызы бар және жойылған жағдайда орны толмайтын құжаттарының сақтандыру көшірмелерінің жиынтығы;
      9) құжат - материал көзінде дәлме-дәл жазып алынған, бір ізге түсіруге мүмкіндік беретін ақпарат;
      10) алып тасталды
      11) Ұлттық архив қоры - заңда белгіленген тәртіппен ұлттық құндылық деп танылған барлық архивтердің, архив қорлары мен коллекцияларының, деректі ескерткіштердің, тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар құжаттардың жиынтығы;
      12) ресми құжат - жеке немесе заңды тұлға жасаған, белгіленген тәртіппен ресімделіп, куәландырылған құжат;
      13) уәкiлеттi орган - архивтер мен құжаттаманы басқарудың орталық мемлекеттiк органы;
      14) жеке архив - Ұлттық архив қорының құжаттарын, сондай-ақ оның құрамына кірмеген құжаттарды жинақтауды, сақтауды, пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік емес заңды тұлғаның мекемесі немесе құрылымдық бөлімшесі немесе жеке адамның қызметі, құжаттарды жинақтауы (сатып алуы) нәтижесінде пайда болған архиві;
      15) арнайы мемлекеттік архив – архив мекемесі немесе осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органының бөлімшесі;
      16) адам құрамы жөніндегі құжаттар - қызметкерлердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттар кешенi және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның аударылуы туралы мәлiметтер;
      17) архив құжаттарын пайдаланушы - пайдалану мақсатында ақпарат алу үшiн архив құжаттарына жүгінетін жеке немесе заңды тұлға.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-бапты 18) және 19) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив
              қоры және мұрағат ісі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры (бұдан әрі - Ұлттық архив қоры) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды.
      2. Ұлттық архив қорына Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сақтаулы және халықаралық келісімдерге сәйкес Қазақстанға қайтарылуға тиісті архив құжаттары да жатады.
      3. Ұлттық архив қоры қоғам мен мемлекеттің қажеттерін қанағаттандыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға қызмет етеді.
      4. Архивтер ісін дамыту мен жетілдіруге қамқорлық жасауды мемлекет өз мойнына алады. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау барлық жеке және заңды тұлғалардың міндеті болып табылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры
             және архивтер туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының ұлттық архив қоры және архивтер туралы Заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік  құқықтық актілерінен тұрады.

2-тарау. Ұлттық архив қоры

      4-бап. Ұлттық архив қорының құрамы

      1. Ұлттық архив қорының құрамына:

      1) заң актілері және басқа да ресми құжаттар;

      2) басқару, ғылыми-зерттеу, жобалау-конструкторлық, технологиялық, патенттік-лицензиялық, картографиялық, геодезиялық, геологиялық, телеметриялық және басқа да арнаулы құжаттама;

      3) электрондық ақпараттық ресурстар, машинамен оқуға бағдарланған және дыбыстық-бейне құжаттама;

      4) тарих пен мәдениетті деректі ескерткіштері;

      5) жеке адам тегінің құжаттары және ұлттық құндылық болып табылатын өзге де құжаттама;

      6) Қазақстан Республикасының меншігіне түскен өзге де құжаттар;

      7) құжаттардың сақтандыру көшірмелері кіреді.

      2. Құжаттарды Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу тәртібі, олардың есебін жүргізіп, сақталуын ұйымдастыру осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Ұлттық архив қоры, Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қоры туралы ережелермен белгіленеді.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.07.15 N 337-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-бап. Ұлттық архив қорын қалыптастыру негіздері,
             толықтыру көздері

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивтерінің, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасы мемлекеттік архивтерінің, облыстар, қалалар, аудандар мемлекеттік архивтерінің және олардың филиалдарының, арнаулы мемлекеттік архивтердің, кітапханалардың, музейлердің құжаттары Ұлттық архив қорын қалыптастырудың негізі болып табылады.

      2. Ұлттық архив қорын толықтырудың көздері:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың, Конституциялық Кеңестің, Үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, соттардың, прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік заңды тұлғаларының, оның ішінде шет елдегілердің де ведомстволық архивтері;

      2) жеке архивтер болып табылады.

      3. Ұлттық архив қоры Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларының меншігіндегі архив құжаттарын сыйға тарту, өсиет етіп қалдыру, сатып алу жолымен де толықтырылуы мүмкін.

      4. Мемлекет Қазақстан аумағынан тыс жерлерде табылған Қазақстан Республикасының тарихи мұра құжаттарын қайтаруға шаралар қолданады, жинақталған және Қазақстан Республикасымен тарихи байланысты құжаттарды іздестіру мен Отанына қайтаруды көтермелеп, қаржыландырып отырады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Құжаттарды, архивтерді, архив қорлары мен
             коллекцияларын Ұлттық архив қорының құрамына
             жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерін
             белгілеу тәртібі

       Ескерту. Тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      1. Құжаттарды, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қорының құрамына жатқызу, оны қалыптастыру мен толықтыру көздерін белгілеу, сондай-ақ оларды Ұлттық архив қоры құрамынан шығарып тастау құжаттардың құндылығына мемлекеттік сараптама жасау негізінде жүргізіледі. Құжаттардың жасалған жері, мазмұны, сыртқы ерекшеліктері олардың құндылығының өлшемдері болып табылады. 

      2. Құжаттардың құндылығына мемлекеттік сараптаманы уәкілетті орган құратын Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құратын сараптау-тексеру комиссиялары жүргізеді.

      3. Уәкiлеттi орган сараптау-тексеру комиссиясының қорытындысы негізінде:

      1) Ұлттық архив қорын қалыптастыру мен толықтыру көздерінің тиісті атқарушы органдармен келісілген тізімдерін бекітеді;

      2) құжаттарды, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларын Ұлттық архив қоры құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығарып тастау туралы шешімдер қабылдайды. Саяси және идеологиялық пікірлер бойынша Ұлттық архив қоры құрамынан шығарып тастауға тыйым салынады;

      3) тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзімі мен жою тәртібiн белгілейдi.

      4. Ұлттық архив қорын қалыптастыру және толықтыру көздерi болып табылатын:

      1) республикалық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз;

      2) коммуналдық меншiктегi ұйымдардың құжаттарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының келісімінсіз;

      3) жеке меншіктегі ұйымдардың құжаттарын архивтің орналасқан жеріне қарай уәкілетті органның не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының келісімінсіз жоюға рұқсат етілмейді.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.06.04. N 162-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      7-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын меншіктену
             құқықтарына кепілдік беру мен оларды қорғау

      1. Ұлттық архив қорының құжаттары мемлекеттік және жеке меншікте болады.

      2. Мемлекеттік меншіктегі құжаттарға:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивтерінде және олардың филиалдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақтаулы тұрған, оның ішінде 1917 жылға дейін жасалған, арнаулы мемлекеттік архивтердегі, мемлекеттік кітапханалардағы және музейлердегі республикалық меншіктегі, Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорындағы құжаттар;

      1-1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің, Үкіметінің, орталық атқарушы органдарының, Жоғарғы Сотының, Бас прокуратурасының, Ұлттық Банкінің және басқа да мемлекеттік республикалық заңды тұлғалардың қызметі нәтижесінде жасалған және жасалып жатқан құжаттар;

      2) коммуналдық меншіктегі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, қалалық, аудандық мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдарында сақтаулы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, соттардың, прокуратураның, коммуналдық кәсіпорындар мен басқа да мемлекеттік заңды тұлғалардың қызметі нәтижесінде жасалған және жасалып жатқан құжаттар жатады.

      3. Жеке, мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің қызметі немесе жинауы (сатып алуы) нәтижесінде жасалған құжаттары жеке меншікке жатады.

      4. Уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын иелену және пайдалану құқықтары беріледі.

      5. Архив құжаты меншік иесінің келісімінсіз сот шешімі негізінде ғана алып қойылуы мүмкін. Архив құжаттарының түпнұсқалары сот-тергеу істері үшін алып қойылған жағдайда құжат иесіне олардың дубликаттары немесе көшірмелері қалдырылады. Сот (тергеу) процесі біткеннен кейін құжаттардың түпнұсқалары меншік иелеріне қайтарылады.

      6. Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту, яғни меншік құқығын беруге байланысты мәмілелер жасау объектісі бола алмайды, сондай-ақ оларды тұрақты сақтау үшін басқа мемлекеттерге әкетуге болмайды.

      7. Ұлттық архив қорының жеке меншіктегі құжаттары, меншік иесінің уәкілетті органмен алдын ала жазбаша келісімімен кейін ғана және аталған құжаттардың дубликаттарын немесе көшірмелерін мемлекеттік архивке тұрақты сақтауға тапсырған жағдайда сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектісі бола алады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тыс жерлерге әкетуге болады.

      8. Жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың құжаттарын меншіктену құқығын мемлекетке беру тараптардың келісімі бойынша жасалады. Жеке адамдар құжаттарын пайдалануға шектеу мерзімін архивке берілген кезден бастап 70 жылдан аспайтын уақытқа белгілей алады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256 , 2004.12.20 N 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Заңды тұлғалар қайта құрылған не таратылған
             жағдайда архив құжаттарына меншік құқығы

      1. Мемлекеттік ұйымдар жекешелендірілгенде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жекешелендірілгенге дейін жасалған Ұлттық архив қорының құжаттары мемлекеттік меншік мәртебесін сақтап қалады.

      2. Мемлекеттік заңды тұлғалардың шетел компаниясының немесе жеке адамның басқаруына берілген архивтері мемлекеттік меншік мәртебесін сақтап қалады және мемлекетке қайтарылуға тиіс.

      3. Заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған кезде Ұлттық архив қорының құжаттары мен адам құрамы жөнiндегi құжаттар өңделген күйде құқық мұрагерлерiне берiледi.

      4. Заңды тұлғалар таратылған кезде Ұлттық архив қоры құжаттарының және жеке құрам жөнiндегi құжаттардың одан әрi сақталатын орны туралы шешiмдi уәкiлеттi органмен келiсу бойынша тарату комиссиясы немесе банкроттықты басқарушы қабылдайды.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256; 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік
есебін жүргізу, оларды сақтау, сақталуын қамтамасыз
ету, тұрақты сақтауға беру

      9-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік
             есебін жүргізу

      1. Ұлттық архив қорының құжаттары, олардың меншік нысандарына қарамастан, орталықтандырылған мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

      2. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар құжаттардың құрамы туралы деректер есебiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргiзедi және осы деректердi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына ұсынады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       10-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен
              мазмұны және оны толықтыру көздері туралы
              деректер жиыны (каталогы)

      1. Уәкілетті орган Ұлттық архив қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздері туралы деректер жиынын (каталогын) жүргізіп отырады.

      2. Уәкілетті орган мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың сауалдарын қанағаттандыру үшін Ұлттық архив қоры Құжаттарының құрамы мен мазмұны туралы деректер жиынының (Каталогының) ақпаратына қол жеткізілуін және пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті, бұған осы Заңның 16-бабында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      11-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау

      1. Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары ведомстволық архивтерде уақытша сақталу сатысынан өтеді, содан соң Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты сақтауға ерекше құқық берілетін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік архивтері мен олардың филиалдарына беріледі.
      2. Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты сақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдары желісін Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдар бекітеді.
      3. Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, сақтау мен пайдалану үшін жеке және заңды тұлғалар ведомстволық және жеке архивтер құрады.
      4. Ұлттық архив қорының жеке меншіктегі құжаттарын сақтау және пайдалану жөніндегі міндеттемелер олардың меншік иелері уәкілетті органмен және (немесе) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасасқан шарттарда көрсетіледі.
      5. Мемлекет меншігі болып табылатын Ұлттық архив қоры құжаттарының ресми түпнұсқаларымен жеке архивтерді толықтыруға тыйым салынады.
      6. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
 

      12-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын
              қамтамасыз ету

      1. Ұлттық архив қоры құжаттарының меншік иелері олардың сақталуын қамтамасыз етуге және құжаттардың сақтандыру көшірмелерін жасауға міндетті.

      2. Ұлттық архив қорының құжаттары (мемлекеттік меншіктегі), сондай-ақ мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдарының үйлері, үй-жайлары мен жабдықтары иеліктен шығаруға жатпайды.

      3. Архив қорлары, архив коллекциялары, олардың бөлiктерi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының объектiлерiне жатқызылуы және тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң тiзiмiне енгiзiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын тұрақты
              сақтауға беру

      1. Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттары ведомстволық архивтерде сақтау мерзімі өткен соң мемлекеттік архивтерге тұрақты сақтауға берілуге тиіс.
      1-1. Ұлттық архив қорының құжаттарын өңдеу мен беру құжаттарды архивтерге беретiн заңды тұлғалардың күшi мен қаражаты есебiнен, уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес жүргiзiледi.
      2. алып тасталды
      3. Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге беруді ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті орган жүргізеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

4-тарау. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану

      14-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдалану
               тәртібі

      1. Алынып тасталды - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2. Ұлттық архив қорының ведомстволық және жеке архивтерде сақталатын құжаттарын пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      15-бап. Ұлттық архив қоры құжаттарын пайдаланудағы
              жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен
                мүдделеріне кепілдіктер

      1. Мемлекеттік меншік болып табылатын архив құжаттарындағы ақпараттар мемлекеттік интеллектуалдық меншігі ретінде Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік архивтері мен олардың филиалдарындағы құжаттар, сондай-ақ оларға арналған ақпарат жүйесі олар мемлекеттік архивтер мен филиалдарға келіп түскен соң бір жыл өткеннен кейін жұртшылықтың пайдалануы үшін ашылады.

      3. Ұлттық архив қорының жеке меншіктегі құжаттарын пайдалану меншік иесінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының мемлекеттік және ведомстволық архивтер мен олардың филиалдарында сақталатын, Ұлттық архив қорының пайдалану үшін ашық құжаттарын тегін пайдалануға құқығы бар. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына құжаттарды пайдалануды шектеу осы Заңның 16-бабында белгіленеді.

      5. Мемлекеттік, ведомстволық және жеке архивтер жеке және заңды тұлғаларға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құжаттар негізінде тиісті архивтік анықтамалар беріп отыруға міндетті. Заңды және жеке тұлғалардың архивтік құжаттан куәландырылған архивтік көшірмелер мен үзінділер алуға құқығы бар. Мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдары, ведомстволық және жеке меншік архивтер берген көшірмелер мен үзінділер түпнұсқалық заңды күші бар ресми құжаттар болып табылады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256; 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тарауды 15-1-баппен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      16-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын
              пайдаланудағы шектеулер

      1. Ұлттық архив қорының мемлекеттік және мемлекеттік емес құпиялары бар құжаттарын пайдаланудағы шектеулер, оларды құпиясыздандыру және жалпы пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

      2. Құжаттарды кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың пайдалануына тыйым салынады.

      3. Пайдалануға шектеу қоюға құқығы бар меншік иелерінің архив құжаттарын олардың өздері немесе құқық мұрагерлері (мұрагерлері) келісім бергенде ғана пайдалануға болады.

     16-1-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын
               пайдаланушылардың мiндеттерi

      Ұлттық архив қорының құжаттарын пайдаланушылар:

      1) пайдаланылатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      2) пайдаланылған құжаттар мәтiнiнiң өңiн айналдыруға және оны бұрмалауға жол бермеуге;

      3) құжаттарды жариялаған кезде олардың сақталу орнын және оның иесін көрсетуге міндетті.
      Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.11.10 N 256 Заңымен.

      17-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын коммерциялық
              мақсатта пайдалану

      1. Мемлекеттік архивтер ақылы негізде жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге құқылы. 
      Мемлекеттік архивтердің ақылы жұмыстары мен қызметтеріне тек қана:

      1) ұйымдар архивтерінің және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерінің жұмысын жетілдіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және енгізу;

      2) құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу;

      3) жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың қазіргі заманғы негіздерін оқыту жөніндегі курстар мен семинарларды өткізу;

      4) архив істері мен құжаттарды реставрациялау, түптеу, архивтік қораптар дайындау;

      5) архив құжаттарының сақтандыру көшірмелерін дайындау, мәтіндерін қалпына келтіру, микрофильмдердің, кино құжаттарының, фото негативтерінің, құжаттардың түрлі-түсті слайдтарының, сондай-ақ қағаздағы және электрондық негіздегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алу;

      6) архив қорларына ғылыми-анықтамалық аппарат жасауда және оны жетілдіруде әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

      7) тапсырыстар (өтінімдер) бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттағы ақпаратты анықтауды жүргізу және архив құжаттарының көшірмесін алу жатады.

      2. Құжаттарды коммерциялық жолмен пайдалану кезінде оларға меншік құқығы олардың меншік иесінде сақталады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.11.10 N 256, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05 N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.05.08 N 247 Заңдарымен.

5-тарау. Архив ісін мемлекеттік реттеу мен басқару

      18-бап. Архив ісін мемлекеттік реттеу

      1. Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын архив ісін мемлекеттік реттеу мәселелеріне:
      1) архив ісі мен құжат жасауда бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
      2) Ұлттық архив қорының құжаттарын басып шығару қағидаларын бекіту;
      2-1) Ұлттық архив қорының құжаттарын, басқа да архив құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің толықтыруы, сақтауы, есепке алуы және пайдалануы қағидаларын бекіту;
      2-2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларын бекіту;
      2-3) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін, олардың сақталу мерзімдерін көрсете отырып, бекіту;
      2-4) Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архив құжаттарын ведомстволық және жеке меншік архивтердің қабылдауы, сақтауы, есепке алуы және пайдалануы қағидаларын бекіту;
      3) Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелерді бекіту;
      4) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      5) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк архивтерінен шығатын мұрағат анықтамаларына және мұрағат құжаттарының көшiрмелерiне апостиль қою;
      7) Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша ақпараттық желі және деректер қорын құру;
      8) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      9) автоматтандырылған архивтік технологиялар әзiрлеу мен енгізуді ұйымдастыру;
      10) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың сұрау салулары мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін басып шығаруды және пайдалануды ұйымдастыру;
      11) Ұлттық архив қорын және Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі, Ұлттық архив қорының құжаттарын орталықтандырылған мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету;
      12) республикалық меншіктегі тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау және пайдалану;
      13) Қазақстан Республикасының тарихы жөнiндегi шет елдердегi архив құжаттарын жинау мен оларды елге қайтару;
      14) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      15) архив ісін басқару және жүргізу органдарының қызметіне әдістемелік басшылық жасау және оны үйлестіру;
      16) іс жүргізу мәселелеріне салааралық ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылық жасау және іс жүргізудің жай-күйі мен құжаттардың сақталуын бақылау;
      17) Ұлттық архив қоры құрамына жатқызылған және жеке архивтерде сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау;
      18) архив iсi жөнiндегi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкiлдiгін қамтамасыз ету;
      19) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асыратын қатынастарды мемлекеттiк реттеу және архив iсiн басқару мәселелерiне:
      1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында архив iсiнде және құжат жасауда бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік архивтерінің сақтауына қабылданған Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік архивтерінде сақталатын Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
      4) коммуналдық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;
      5) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      6) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
      7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мемлекеттік архивтерінде сақталатын Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;
      8) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында орналасқан, Ұлттық архив қорын толықтыру көздері болып табылатын ұйымдарда iс жүргiзудiң жай-күйiне, құжаттардың сақталуына ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау және бақылау жасау;
      9) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;
      10) сараптау-тексеру комиссиясы туралы ереженi бекiту;
      11) Ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
      12) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың тарихы бойынша архив құжаттарын жинау және қайтару;
      13) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 368-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-1-бап. Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған
                және жеке меншік архивтерде сақталатын
                құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау

      1. Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған және жеке меншік архивтерде сақталатын құжаттардың сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      19-бап. Архив ісін мемлекеттік басқару

      1. Архив iсiн мемлекеттiк басқаруды уәкiлеттi орган мен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті органның нұсқаулары жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
      3. алып тасталды
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасындағы архив ісін
              басқару мен жүргізу органдарының жүйесі

      Архив ісін басқару мен жүргізу органдарының жүйесіне:

      1) уәкiлеттi орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары);

      2) архив мекемелері: Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивтері, республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының орталық мемлекеттік архивтері, облыстардың, қалалардың, аудандардың мемлекеттік архивтері мен олардың филиалдары кіреді.

      21-бап. Архив ісін басқару мен жүргізу органдарын
              қаржыландыру және материалдық-техникалық
              жағынан қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасы уәкілетті органын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары, олардың жүйесіндегі архив мекемелерін қаржыландыру және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының арнаулы
               мемлекеттік архивтері

      1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінде арнаулы мемлекеттік архивтер құрылуы мүмкін.
      2. Арнайы мемлекеттік архивтер құру Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасының осы Заңда белгіленген тәртіппен арнаулы мемлекеттік архивтер құрылған мемлекеттік органдарына өздерінің қызметіне қатысты архив құжаттарын жинақтау (сатып алу), тұрақты сақтау және пайдалану құқығы беріледі.
      4. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік архивтері қызметінің тәртібі нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріcтер енгізілді - ҚР 2003.05.08 N 413, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.05.27 № 279-IV, 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

      23-бап. Халықаралық байланыстар мен қарым-қатынастар

      1. Ұлттық архив қоры құжаттарының меншік иелері - жеке және заңды тұлғалар халықаралық байланыстар мен тікелей қарым-қатынастар орнатып, жасап отыруға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасының мүдделеріне нұқсан келтірмесе, мемлекет архив құжаттарын бірлесіп пайдалану жөнінде Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің архив мекемелері арасындағы қарым-қатынастардың кеңейтілуіне жәрдемдеседі.

      24-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының архив ісі жөніндегі заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.

      25-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың
              архивті пайдалану құқығы

      1. Архив құжаттарын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын негіздерде пайдаланады.

      2. Өз мұрағаттарына Қазақстан азаматтарына кіруге шектеу көзделген мемлекеттердің азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында сондай шектеу белгіленуі мүмкін.

      26-бап. Ұлттық архив қорының құжаттарын Қазақстан
              Республикасынан тыс жерлерге әкету

      1. Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

      2. Қазақстан Республикасының уәкілетті органы Ұлттық архив қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша әкетуге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес рұқсат беруге құқылы.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      27-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры
              және архивтер туралы заңдарын бұзғаны үшін
              жауапкершілік

      1. Архив ісі жөніндегі заңдарды бұзуға кінәлі болған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      2. Ұлттық архив қорына келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтелуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті