"Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 10 маусымдағы № 207-V ҚРЗ

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) дербес кластерлік қор (бұдан әрі – Қор) – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органы болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
      2) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы – Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес құрылған, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақ;
      3) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері (бұдан әрі – инновациялық кластер) – өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған инновациялық кластер қатысушыларының бірлестігі;
      4) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушысының жобасы (бұдан әрі – қатысушының жобасы) – жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-бапты 5), 6) және 7) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 407-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы, арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы инновациялық кластерге және Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Инновациялық кластер құрудың және оның жұмыс
            істеуінің мақсаты

      Инновациялық кластер жаңа технологияларды жеделдетіп дамыту, зерттеулер жүргізудің, жаңа технологиялар әзірлеудің ұйымдық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларын одан әрі жетілдіру, оларды коммерцияландыруға жәрдем көрсету мақсатында құрылады және жұмыс істейді.

      4-бап. Инновациялық кластер қызметінің қағидаттары

      Инновациялық кластер қызметі:
      1) ғылымның, білімнің және өндірістің ықпалдастығы;
      2) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қатысушылардың жобаларын қаржыландырудың басымдығы;
      3) инновациялық кластер қатысушыларының қызметін қолдаудың экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігі;
      4) іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттарын дамыту;
      5) Қор қаржыландыратын қатысушылардың жобалары сараптамасының объективтілігі мен тәуелсіздігі;
      6) халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
      7) экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЛАСТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ

      5-бап. Инновациялық кластерді басқару

      1. Инновациялық кластерді дамыту және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында инновациялық кластерді басқаруды Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады, ол Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша құрылады.
      2. Инновациялық кластер қамқоршылық кеңесінің ережесін және құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      3. Қазақстан Республикасының Президенті Инновациялық кластер қамқоршылық кеңесінің Төрағасы болып табылады.

      6-бап. Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі

      Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесінің функцияларына:
      1) инновациялық кластерді дамытудың стратегиялық міндеттерін айқындау;
      2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
      3) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
      4) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
      5) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
      6) осы Заңда және Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі туралы ережеде көзделген өзге де функциялар жатады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      7-бап. Инновациялық кластердің қатысушылары

      1. Инновациялық кластердің қатысушылары өз қызметін Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған стратегиялық міндеттерге қол жеткізу үшін жүзеге асырады.
      2. Мыналар:
      1) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары, оның ішінде Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тысқары жерде жүзеге асыратын, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары;
      2) Басқарушы комитет айқындайтын тәртіппен инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне Қор енгізген заңды тұлғалар инновациялық кластердің қатысушылары болып табылады.
      Қор инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне ғылыми ұйымдарды, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорларды, білім беру ұйымдарын, технологиялық парктерді, салалық конструкторлық бюроларды, технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, ұлттық даму институттарын, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компаниялар мәртебесі бар заңды тұлғаларды енгізуге құқылы;
      3) Қор осы тармақтың 2) тармақшасының екінші бөлігінде аталмаған өзге де тұлғаларды Басқарушы комитет бекіткен қатысушылар жобаларына сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысы негізінде инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне енгізеді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақты 4) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 407-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      8-бап. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы
              экономикалық аймағын басқару

      1. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқаруды Қор жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың құрылтайшысы болып табылады. Қор өз қызметін Қор жарғысының негізінде жүзеге асырады.
      2. Қордың шетелдік қызметкерлерді басшы және жоғары білімді мамандар лауазымдарына тартуы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттарды алмай жүзеге асырылады.
      3. Қордың функцияларына мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органының функциялары;
      2) қатысушылардың жобаларын қаржыландыру;
      3) кәсіпкерлерді, кәсіпкерлер қауымдастықтарын (одақтарын) шоғырландыру;
      4) инновациялық кластер қатысушыларының шетелдік әріптестермен ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
      5) қатысушылардың жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақты 5-1) және 5-2) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 407-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      9-бап. Қордың басқару органдары

      1. Басқарушы комитет Қордың жоғары басқару органы болып табылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Басқарушы комитеттің Төрағасы болып табылады.
      Басқарушы комитет туралы ережені, сондай-ақ оның құрамын Басқарушы комитеттің Төрағасы бекітеді.
      2. Басқарушы комитеттің айрықша құзыретіне:
      1) Қор жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      2) Қордың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін бекіту;
      3) Қордың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;
      4) Қордың сыртқы аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
      5) осы Заңға және Қор жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
      3. Басқарушы комитеттің құрамына құрылтайшының өкілдері, ғылыми және педагог қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар кіреді.
      4. Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты оның атқарушы органы жүзеге асырады, ол алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
      Қордың атқарушы органы Басқарушы комитеттің шешімдері негізінде және оларды орындау үшін әрекет етеді және оған есеп береді.
      Қордың атқарушы органының құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі мен өкілеттік мерзімдері Қор жарғысында айқындалады.
      5. Қордың атқарушы органы әрекеттерімен және (немесе) әрекетсіздігімен келтірген зиян үшін Қор алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      6. Қорда оның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.

      10-бап. Қордың мүлкі

      1. Қордың мүлкі:
      1) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
      2) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық жұмыстарды және (немесе) қатысушылардың жобаларын жыл сайын қаржыландыру жөніндегі міндеттемені орындау шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы жіберген ақша;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды өткізуден және қызметтерді көрсетуден түскен түсімдер (кірістер);
      4) акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақылар (мүдде);
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақты 4-1) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 407-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен қалыптасады.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қор мемлекеттік тапсырма алуға құқылы.
      Қатысушылардың жобаларын қаржыландыру жөніндегі функцияларды қоспағанда, мемлекеттік тапсырма Қорға өз функцияларын орындауға беріледі.
      2-1. Қор қатысушылардың жобаларын жүргізілген сараптама  қорытындылары бойынша өз мүлкі есебінен қаржыландыру үшін айқындайды.
      3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қор жер қойнауын пайдаланушыдан алған ақша тек қатысушылардың жобаларын қаржыландыруға ғана пайдаланылады.
      Қор өз функцияларын жүзеге асыру үшін осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жіберген ақша сомасының үштен аспайтын пайызын пайдаланады.
      Бұл ретте Қор:
      1) ақшаны жіберу үшін банк шотын ашады;
      2) Қорға жер қойнауын пайдаланушылар жіберген ақшаның есебін әрбір жер қойнауын пайдаланушы бойынша жеке-жеке, сондай-ақ қатысушылардың жобаларын қаржыландыруға ақшаны пайдалану есебін жүргізуге міндетті.
      Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ақша жіберген жер қойнауын пайдаланушының қатысушының жобасын іске асыру нәтижесінде алынған күзет құжатын, осындай жобаның нақты құнын оның қаржыландыру үлесіне барабар сатып алуға басқа тұлғалардың алдында басым құқығы болады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      10-бапты 3-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 17.11.2015 № 407-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Қордың осы бапқа сәйкес қалыптастырылған мүлкі оған меншік құқығымен тиесілі болады.
      5. Қор осы баптың 1-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес қалыптастырылған мүлікті «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының және инновациялық кластердің қызметін қамтамасыз ету, жұмыс істеуі және оны дамыту, сондай-ақ қатысушылардың жобаларын қаржыландыру үшін пайдаланады.
      6. Қор мүлкіне құрылтайшының мүліктік құқықтары болмайды.
      Құрылтайшы Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Қор құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      11-бап. Қорды қайта ұйымдастыру, тарату

      1. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қор жарғысына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
      2. Қор таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік Қордың құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      12-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер
              туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      13-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде құрылтайшы жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру арқылы Қор құру туралы шешім қабылдайды.
      2. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органының функцияларын ол Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қор болып қайта құрылғанға дейін орындайды.

      14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н.Назарбаев