"Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 10 маусымдағы № 207-V ҚРЗ

Қолданыстағы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

РҚАО-ның ескертпесі!
Заңға өзгерістер енгізу көзделген - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен
(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз).

      Осы Заң «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқару ерекшеліктерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) дербес кластерлік қор (бұдан әрі – Қор) – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органы болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
      2) «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы – Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес құрылған, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақ;
      3) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері (бұдан әрі – инновациялық кластер) – өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған инновациялық кластер қатысушыларының бірлестігі;
      4) «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері қатысушысының жобасы (бұдан әрі – қатысушының жобасы) – жаңа немесе жетілдірілген өндірістерді, технологияларды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені.

      2-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер
              туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы, арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы инновациялық кластерге және Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Инновациялық кластер құрудың және оның жұмыс
            істеуінің мақсаты

      Инновациялық кластер жаңа технологияларды жеделдетіп дамыту, зерттеулер жүргізудің, жаңа технологиялар әзірлеудің ұйымдық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларын одан әрі жетілдіру, оларды коммерцияландыруға жәрдем көрсету мақсатында құрылады және жұмыс істейді.

      4-бап. Инновациялық кластер қызметінің қағидаттары

      Инновациялық кластер қызметі:
      1) ғылымның, білімнің және өндірістің ықпалдастығы;
      2) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қатысушылардың жобаларын қаржыландырудың басымдығы;
      3) инновациялық кластер қатысушыларының қызметін қолдаудың экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігі;
      4) іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағыттарын дамыту;
      5) Қор қаржыландыратын қатысушылардың жобалары сараптамасының объективтілігі мен тәуелсіздігі;
      6) халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
      7) экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЛАСТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ

      5-бап. Инновациялық кластерді басқару

      1. Инновациялық кластерді дамыту және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында инновациялық кластерді басқаруды Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі жүзеге асырады, ол Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша құрылады.
      2. Инновациялық кластер қамқоршылық кеңесінің ережесін және құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      3. Қазақстан Республикасының Президенті Инновациялық кластер қамқоршылық кеңесінің Төрағасы болып табылады.

      6-бап. Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі

      Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесінің функцияларына:
      1) инновациялық кластерді дамытудың стратегиялық міндеттерін айқындау;
      2) кәсіпкерлерді, кәсіпкерлер қауымдастықтарын (одақтарын) шоғырландыру;
      3) инновациялық кластер қатысушыларының шетелдік әріптестермен ынтымақтастығын дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
      4) қатысушылардың жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру;
      5) қаржыландырылуы жүргізілген сараптама қорытындылары бойынша Қор мүлкі есебінен жүзеге асырылатын қатысушылардың жобаларын айқындау;
      6) осы Заңда және Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі туралы ережеде көзделген өзге де функциялар жатады.

      7-бап. Инновациялық кластердің қатысушылары

      1. Инновациялық кластердің қатысушылары өз қызметін Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған стратегиялық міндеттерге қол жеткізу үшін жүзеге асырады.
      2. Мыналар:
      1) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары, оның ішінде Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тысқары жерде жүзеге асыратын, ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары;
      2) Басқарушы комитет айқындайтын тәртіппен Қордың ұсынуы бойынша инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі енгізген заңды тұлғалар инновациялық кластердің қатысушылары болып табылады.
      Қор инновациялық кластер қатысушыларының тізбесіне енгізу үшін Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесіне ғылыми ұйымдар, тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорлар, білім беру ұйымдары, технологиялық парктер, салалық конструкторлық бюролар, технологияларды коммерцияландыру орталықтары, ұлттық даму институттары, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар мәртебесі бар заңды тұлғаларды ұсынады.

3-тарау. «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ПАРКІ» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      8-бап. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы
             экономикалық аймағын басқару

      1. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын басқаруды Қор жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қордың құрылтайшысы болып табылады. Қор өз қызметін Қор жарғысының негізінде жүзеге асырады.
      2. Қордың шетелдік қызметкерлерді басшы және жоғары білімді мамандар лауазымдарына тартуы шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттарды алмай жүзеге асырылады.
      3. Қордың функцияларына Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органының функциялары, Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған қатысушылардың жобаларын қаржыландыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар жатады.
      Инновациялық кластер қамқоршылық кеңесінің қатысушылардың жобаларын қаржыландыру туралы шешімі қатысушылардың жобалары сараптамасының қорытындысы негізінде қабылданады.
      Қатысушылардың жобаларына сараптама жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      9-бап. Қордың басқару органдары

      1. Басқарушы комитет Қордың жоғары басқару органы болып табылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Басқарушы комитеттің Төрағасы болып табылады.
      Басқарушы комитет туралы ережені, сондай-ақ оның құрамын Басқарушы комитеттің Төрағасы бекітеді.
      2. Басқарушы комитеттің айрықша құзыретіне:
      1) Қор жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      2) Қордың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін бекіту;
      3) Қордың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;
      4) Қордың сыртқы аудитін жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
      5) осы Заңға және Қор жарғысына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
      3. Басқарушы комитеттің құрамына құрылтайшының өкілдері, ғылыми және педагог қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар кіреді.
      4. Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты оның атқарушы органы жүзеге асырады, ол алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
      Қордың атқарушы органы Басқарушы комитеттің шешімдері негізінде және оларды орындау үшін әрекет етеді және оған есеп береді.
      Қордың атқарушы органының құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі мен өкілеттік мерзімдері Қор жарғысында айқындалады.
      5. Қордың атқарушы органы әрекеттерімен және (немесе) әрекетсіздігімен келтірген зиян үшін Қор алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      6. Қорда оның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.

      10-бап. Қордың мүлкі

      1. Қордың мүлкі:
      1) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
      2) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ғылыми-техникалық жұмыстарды жыл сайын қаржыландыру жөніндегі міндеттемені орындау шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы жіберген ақша;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды өткізуден және қызметтерді көрсетуден түскен түсімдер (кірістер);
      4) акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, сыйақылар (мүдде);
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен қалыптасады.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қор мемлекеттік тапсырма алуға құқылы.
      Қатысушылардың жобаларын қаржыландыру функцияларын қоспағанда, мемлекеттік тапсырма Қорға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органының функцияларын орындауға беріледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қор жер қойнауын пайдаланушыдан алған ақша тек Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған қатысушылардың жобалары шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын және ғылыми-техникалық жұмыстарды қаржыландыруға ғана пайдаланылады.
      Бұл ретте, Қор:
      1) ақшаны жіберу үшін банк шотын ашады;
      2) Қорға жер қойнауын пайдаланушылар жіберген ақшаның есебін әрбір жер қойнауын пайдаланушы бойынша жеке-жеке, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына және ғылыми-техникалық жұмыстарға ақшаны пайдалану есебін жүргізуге міндетті.
      4. Қордың осы бапқа сәйкес қалыптастырылған мүлкі оған меншік құқығымен тиесілі болады.
      5. Қор осы баптың 1-тармағының 1), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес қалыптастырылған мүлікті «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметі мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ Инновациялық кластердің қамқоршылық кеңесі айқындаған қатысушылардың жобаларын қаржыландыру үшін пайдаланады.
      6. Қор мүлкіне құрылтайшының мүліктік құқықтары болмайды.
      Құрылтайшы Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Қор құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      11-бап. Қорды қайта ұйымдастыру, тарату

      1. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қор жарғысына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
      2. Қор таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік Қордың құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      12-бап. Қазақстан Республикасының инновациялық кластер
              туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      13-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде құрылтайшы жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиісті заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру арқылы Қор құру туралы шешім қабылдайды.
      2. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органының функцияларын ол Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қор болып қайта құрылғанға дейін орындайды.

      14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н.Назарбаев