Ғарыш қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 528-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғарыш айлағы – ғарыш объектілерін дайындауды қамтамасыз етуге және ұшыруды жүзеге асыруға арналған техникалық құралдар, құрылғылар, ғимараттар, құрылыстар мен жер учаскелері кешені;

      2) ғарыш аппараты – ғарыш кеңістігін зерттеу және (немесе) пайдалану мақсатында ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған техникалық құрылғы;

      3) ғарыш жүйелерінің ұлттық операторлары – ғарыш жүйелерін құруды, пайдалануды және дамытуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      4) ғарыш жүйесі – ғарыш кеңістігіндегі міндеттерді шешуге арналған функционалдық-өзара байланысты орбиталық және жерүсті техникалық құралдарының жиынтығы;

      4-1) ғарыш жүйесін техникалық пайдалану – конструкторлық-технологиялық және пайдалану құжаттамасына сәйкес ғарыш жүйесінің құрамдас бөліктерін, оларды сақтандыруды қоса алғанда, жұмыс күйінде ұстап тұру мақсатында техникалық операцияларды орындау процесі;

      5) ғарыш зымыран кешені – ғарыш аппараты бар тасымалдағыш зымыранды қабылдауды, сақтауды, ұшыруға дайындауды және ұшыруды қамтамасыз ететін тасымалдағыш зымыран мен техникалық құралдардың, құрылыстардың, технологиялық жабдықтың және коммуникациялардың жиынтығы;

      6) ғарыш кеңістігі — әуе кеңістігінен тыс жайылған кеңістік;

      7) ғарыш қызметi – ғылыми, экономикалық, экологиялық, қорғаныс, ақпараттық және коммерциялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге және пайдалануға бағытталған қызмет;

      8) ғарыш қызметіне қатысушылар – осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      9) ғарыш қызметі саласындағы жоба – ғарыш қызметін жүзеге асыруға бағытталған ғарыш техникасы мен технологияларын жасау, пайдалану және кәдеге жарату жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;

      10) ғарыш қызметі саласындағы қосарлы мақсаттағы жоба – әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін, сондай-ақ қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсаттары үшін іске асырылатын ғарыш қызметі саласындағы жоба;

      11) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган – ғарыш қызметі саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      12) ғарыш объектісi – ғарыш аппараты және (немесе) оны ғарыш кеңістігіне шығару құралы және олардың құрамдас бөліктері;

      13) ғарыш саласының объектілері – ғарыш қызметіне қатысушылардың ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде пайдаланатын өндірістік объектілері, ғимараттары, құрылыстары және басқа да жылжымайтын мүлкі;

      14) ғарыштық қызметтер – ғарыш техникасы мен технологияларын пайдалана отырып көрсетілетін қызметтер;

      15) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі – жаһандық навигациялық спутниктік жүйе пайдаланушыларын координаттық-уақыттық параметрлерді, оның ішінде географиялық координаттар мен биіктіктерді, қозғалыс жылдамдығы мен бағытын, уақытты айқындау дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін қосымша ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған техникалық және бағдарламалық құралдар кешені;

      16) жаһандық навигациялық спутниктік жүйе – жерүсті, су және әуе объектілерінің координаттық-уақыттық (географиялық координаттары мен биіктіктерінің, қозғалыс жылдамдығы мен бағытының, уақыттың) параметрлерін айқындауға арналған ғарыш жүйесі;

      17) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау – ғарыш кеңістігінен құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін байқау мен өлшеу арқылы Жер беті мен қойнауы туралы ақпарат алу процесі;

      17-1) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректері – Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппаратынан тікелей алынған бастапқы деректер, сондай-ақ оларды алдын ала өңдеу (радиометриялық және геометриялық түзетулер) нәтижесінде алынған материалдар;

      17-2) кеңістіктік деректер – орналасқан жері мен өзіне неғұрлым тән қасиеттерінің сипаттамасын қамтитын объектілер туралы деректер жиынтығы;

      17-3) кеңістіктік деректер инфрақұрылымы – заңды және жеке тұлғалардың оларға қолжетімдігін қамтамасыз ету негізінде кеңістіктік деректерді жинау, өңдеу, сақтау, тарату және пайдалану үшін қажетті ақпараттық ресурстар мен аппараттық-бағдарламалық құралдар жүйесі;

      18) Қазақстан Республикасының ғарышкерлігіне кандидат (бұдан әрi – ғарышкерлікке кандидат) – алдын ала iрiктеуден өткен және ғарышкер бiлiктiлiгiн алу үшiн даярлыққа жiберiлген Қазақстан Республикасының азаматы;

      19) Қазақстан Республикасының ғарышкерi (бұдан әрi – ғарышкер) – даярлықтан өткен, ғарышкер (сынаушы ғарышкер, зерттеушi ғарышкер, нұсқаушы ғарышкер) бiлiктiлiгiнің және ғарышкер мәртебесiнің берілгені туралы құжаттар алған Қазақстан Республикасының азаматы;

      20) спутниктік навигация – объектiлердiң координаттық-уақыттық параметрлерiн айқындау үшін жаһандық навигациялық спутниктiк жүйенi пайдалана отырып, навигация міндеттерін шешу процесі;

      21) спутниктік навигациялық қызметтер – объектілердің координаттық-уақыттық параметрлерін айқындау жөніндегі қосымша (жаһандық навигациялық спутниктік жүйелер стандартты түрде ұсынатын қызметтерге қатысты) қызметтерге қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған қызмет;

      22) тасымалдағыш зымыран – ғарыш аппараттарын ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған техникалық құрылғы;

      23) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы – ұшу барысында тасымалдағыш зымырандардың істен шыққан және бөлінген элементтері және (немесе) фрагменттері құлайтын (қонатын) жер учаскесі;

      24) ғарыш аппараты транспондері – ғарыш аппаратында орнатылған және Жер – ғарыш – Жер сигналдарын қайта таратуға арналған радиохабар тарататын құрылғылар жиынтығы;

      25) ұшыру қызметтері – ғарыш аппараттарын ғарыш кеңістігіне шығару мақсатында тасымалдағыш зымырандар ұшыруды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;

      26) шығару құралы – ғарыш аппараттарын ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған тасымалдағыш зымыран, екпіндеткіш блок, авиациялық зымыран-ғарыш жүйесі.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру қағидаттары

      Ғарыш қызметін жүзеге асыру қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін сақтау, қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) ғарыш қызметін дамытудың басым бағыттарын қолдау;

      3) ғарыш қызметін экономикалық ынталандыру;

      4) ғарыш қызметін жүзеге асыру салдарынан туындаған жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеу;

      5) экологиялық талаптарды, техникалық реттеу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтау;

      6) ғарыш қызметі саласындағы халықаралық құқық нормаларын сақтау;

      7) ғарыш кеңістігін және Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымын тиімді және ұтымды пайдалану;

      8) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүдделерi сақталатын жағдайда ғарыш қызметін дамытуға инвестициялар тартуды ынталандыру.

4-бап. Ғарыш қызметінің бағыттары

      Қазақстан Республикасында ғарыш қызметі мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) ғарыш саласының объектілерін құру және пайдалану;

      2) ғарыш кеңістігін, планеталарды және күн-жер байланыстарын зерттеу;

      3) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау;

      4) координаттық-уақыттық және навигациялық қамтамасыз ету;

      5) ғарыштық байланыс жүйелерін құру және пайдалану;

      6) ғарыш объектілерін ұшыруды жүзеге асыру;

      7) ғарыштық қызметтердің ұлттық нарығын дамыту және әлемдік нарықтағы ғарыштық қызметтерді кеңейту;

      8) ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Ғарыш инфрақұрылымын құру және пайдалану жөніндегі ғарыш қызметінің түрлері

      Қазақстан Республикасында ғарыш инфрақұрылымын құру және пайдалану мақсатында ғарыш қызметiнiң мынадай түрлерi жүзеге асырылады:

      1) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар;

      2) жобалау-конструкторлық және технологиялық әзірлемелер;

      3) ғарыш техникасының эксперименттік, тәжірибелік және коммерциялық үлгілерін жасау және сынау;

      4) ғарыш техникасын техникалық пайдалану, жөндеу және жаңғырту;

      5) ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату;

      6) түпкі тұтынушыларға ғарыштық қызметтер көрсету.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Ғарыш қызметінің материалдық және кадрлық негіздері

      Қазақстан Республикасы ғарыш қызметінің материалдық және кадрлық негіздері мыналар болып табылады:

      1) ғылыми, ғылыми-технологиялық және тәжірибелік-эксперименттік базалар;

      2) жобалау-конструкторлық және өндірістік базалар;

      3) ғарыш техникасын пайдалану жөніндегі база;

      4) түпкі тұтынушыларға ғарыштық қызметтер көрсету жөніндегі база;

      5) ғарыш қызметіне қатысушылардың кадрлық құрамы.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Ғарыш қызметін қаржыландыру

      Ғарыш қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

2-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ

8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғарыш қызметі саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      2) Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастығы мәселелерін үйлестіреді;

      3) Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібін бекітеді;

      4) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      5) Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар ұшыруды одан тыс жерлерде жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдер қабылдайды;

      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      7) ғарыш қызметі саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;

      8) "Байқоңыр" ғарыш айлағын дамыту және экономикалық қолдау жөніндегі іс-шараларды айқындайды;

      9) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      10) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      11) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      12) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын айқындайды;

      13) - 18) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      19) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 08.04.2016 № 490-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      1. Ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган):

      1) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді қоса алғанда, ғарыш қызметі саласындағы жобалар мен бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

      3) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда, одан тыс жерлерде ғарыш объектілерін ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібін әзірлейді;

      5) ғарышкерлікке кандидаттарды іріктеу және ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін беру тәртібін бекітеді;

      6) ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде, сондай-ақ ол қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда бiржолғы өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      7) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы лицензиялауды жүзеге асырады;

      8) ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;

      9) ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      10) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асырады;

      11) ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн бекітеді;

      12) ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;

      13) ғарыш объектілерінің тіркелімін жүргізеді;

      14) ғарыш объектілері тіркелімінің нысанын бекітеді;

      15) Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ережені бекітеді;

      16) өз құзыреті шегінде ғарыш қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды;

      16-1) ғарыш инфрақұрылымы объектілерін құруға, пайдалануға және дамытуға арналған шығындар нормативтерін әзірлейді және бекітеді;

      17) ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi;

      18) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес ғарыш қызметі саласындағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар әзірлеуді ұйымдастырады;

      19) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсыну тәртібін бекітеді;

      20) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ұлттық операторының ғарыш түсірілімдерін жоспарлау, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін алу, өңдеу және тарату тәртібін белгілейді;

      21) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі ұлттық операторының спутниктік навигациялық қызметтерді ұйымдастыру және ұсыну тәртібін айқындайды;

      22) алып тасталды - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      23) Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiнде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын, Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш зымыран кешендерiн құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын бекітеді;

      24) пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртібін айқындайды;

      25) ғарыш қызметі саласындағы аяқталған жобалар бойынша нәтижелерді қабылдау тәртібін белгілейді;

      26) ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде өз құзыреті шегінде іздестіру, авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ аварияларды тергеп-тексеруге қатысады;

      27) ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптаманы жүзеге асыру тәртібін айқындайды;

      28) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті органның ғарыш қызметі саласындағы қосарлы мақсаттағы жобаларды іске асыру жөніндегі функциялары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып іске асырылады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 490-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптама

      1. Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға міндетті салалық сараптама жүргізілуге тиіс.

      2. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларға салалық сараптаманы уәкілетті орган орындылығын, техникалық мүмкіндігін, экономикалық тиімділігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына, ғарыш қызметi саласындағы техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкестігін айқындау мақсатында жүзеге асырады.

      3. Ғарыш қызметі саласындағы жобаларға салалық сараптама уәкілетті органға жоба бойынша материалдар ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      Бастапқы сараптама жүргізілген кезде уәкілетті органның анықтаған ескертпелері жойылғаннан кейін ғарыш қызметі саласындағы жобаларға қайта жүргізілетін салалық сараптама жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      4. Ғарыш қызметі саласындағы салалық сараптаманың оң қорытындысынсыз ғарыш қызметі саласындағы жобаларды іске асыруға тыйым салынады.

11-бап. Ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу

      1. Мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларына тиесiлi ғарыш объектілері, сондай-ақ осы ғарыш объектiлерiне құқықтар;

      2) ғарыш кеңiстiгiне Қазақстан Республикасының аумағынан ұшырылатын, шетелдік жеке немесе заңды тұлғаларға тиесiлi ғарыш объектiлерi мемлекеттiк тiркеуге жатады.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу деп ғарыш объектілерін есепке алу, мемлекеттің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ғарыш объектісіне құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын тану және растау актісі түсініледі.

      Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген ғарыш объектілерін мемлекеттік тіркеу деп оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеместен, ғарыш объектілері тіркеліміндегі жазба түсініледі.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ғарыш объектілері ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттiк тіркеу тәртібіне сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады.

      Мемлекеттік тіркеу уәкілетті органға өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күніне дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.

      4. Ғарыш объектілеріне құқықтар оларды мемлекеттік тіркеген кезден бастап туындайды және уәкілетті орган берген мемлекеттік тіркеу туралы куәлікпен расталады.

      5. Ғарыш объектiлерiн және оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын тәртіппен және мөлшерлерде алым алынады.

      6. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) өтініш;

      2) ғарыш объектісіне құқық белгілейтін құжаттың электрондық нұсқасы;

      3) алып тасталды - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке алым сомасы төленгенін растайтын құжат.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      6-1-тармақ 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілді және 31.12.2015 дейін қолданыста болды - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

      6-1. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операция жүргізілген кезде ғарыш объектісіне құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) өзгеруін мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) өтініш;

      2) активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарттың нотариат куәландырған көшірмесі (тапсыру актісі немесе одан үзінді көшірме қоса беріле отырып);

      3) ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке алым сомасы төленгенін растайтын құжат.

      6-2. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында, 61-4-бабында көзделген операцияны жүргізу кезінде ғарыш объектісіне құқықтарды өзгертуді (құқықтар ауыртпалығын) мемлекеттік тіркеу үшін мынадай құжаттар қоса береді:

      1) өтініш;

      2) активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарттың, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның активтер мен талап ету құқықтарын сатып алуын көздейтін шарттың (тапсыру актісі немесе одан үзінді-көшірме қоса беріле отырып), талап ету құқықтарын (талаптарын) басқаға беру туралы талапты қамтитын шарттың нотариат куәландырған көшірмелері;

      3) ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін алым сомасының бюджетке төленгенін растайтын құжат.

      7. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:

      1) өтініш берушінің мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық емес топтамасын ұсынуы;

      2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынуы;

      3) ғарыш объектісіне билік етуді шектейтін немесе жоятын ғарыш объектісіне құқықтар ауыртпалығының болуы;

      4) ғарыш объектісіне билік ету құқығын шектейтін немесе жоятын заңды күшіне енген сот шешімі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасының талабы "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында, 61-4-бабында көзделген операцияны жүргізген жағдайда ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде қолданылмайды.

      8. Мемлекеттік тіркеуден бас тартылған кезде уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бас тартудың себептерін көрсете отырып, өтініш берушіге жазбаша уәжді түрде жауап жібереді.

      9. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға болады.

      10. Мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіздер жойылған кезде мемлекеттік тіркеуге өтінішті қайтадан беруге болады.

      11. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырғаннан кейін, сондай-ақ өтініш беруші уәкілетті органға ғарыш объектісін жойған немесе кәдеге жаратқан фактісін растайтын құжаттарды ұсынған кезде уәкілетті орган ғарыш объектілері тіркелімінде тиісті жазба жүргізеді.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау

      Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

13-бап. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау

      Осы Заңның 5-бабының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жеке және заңды тұлғалардың ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметі, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер

      1. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғарыш қызметін ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етуге және ғарыш техникасы мен технологияларының жаңа үлгілерін әзірлеуге бағытталған іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және ғарыштық эксперименттерді қамтиды.

      Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғылым саласындағы уәкілетті орган үйлестіретін ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде орындалады. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар ғалымдар, жоғары білікті мамандар мен ғылыми қызметкерлер, Қазақстан Республикасының ғылыми және қоғамдық ұйымдары, жоғары оқу орындары тартыла отырып, уәкілетті органның басшылығымен әзірленеді және іске асырылады.

      2. Ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу кезінде алынған зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерін құру

      Ғарыш жүйелерін және ғарыш зымыран кешендерін құру ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерінің, олардың құрамдас бөліктерінің ғылыми зерттеулерін және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, оларды жобалауды, жасауды, монтаждауды, салуды, сынақтан өткізуді, сондай-ақ пайдалануға беруді қамтиды.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану

      1. Ғарыштық байланыс жүйесін пайдалануды реттеу оны тиімді пайдалануға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдық және техникалық шаралар кешенін білдіреді.

      2. Ғарыштық байланыс жүйесі жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мұқтажы үшін ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсынуға арналған.

      3. Алып тасталды - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Алып тасталды - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін пайдалану

      1. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ғарыш түсірілімдері арқылы ғылыми, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және қорғаныс міндеттерін шешу мақсатында Жер беті және жер беті құрылымы туралы кеңістіктік деректерді жинауға, жаратылыстық табиғи параметрлер мен құбылыстардың, табиғи ресурстардың, қоршаған ортаның, сондай-ақ антропогендік факторлар мен түзілімдердің сипаттамасын және уақытша құбылмалылығын сипаттауға арналған.

      2. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп айқындайтын тәртіппен ғарыш түсірілімдерін жоспарлайды, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін алады, өңдейді және жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына таратады.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін пайдалану

      1. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі тұтынушыларға жаһандық навигациялық спутниктік жүйенің тұтастығы туралы ақпарат, сондай-ақ координаттық-уақыттық параметрлерді айқындаудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін ақпарат ұсынуға арналған.

      2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында спутниктік навигациялық қызметтерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп айқындайтын тәртіппен ұйымдастырады және ұсынады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Ғарыш зымыран кешендерiн пайдалану

      1. Ғарыш зымыран кешендерi ғарыш объектілерін ғарыш кеңістігіне ұшыруға арналған.

      2. Ғарыш зымыран кешендерiн қолдану арқылы ғарыш объектілерін ұшыру Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібіне сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімі болған кезде жүзеге асырылады.

3-1-тарау. Ғарыш жүйелерінің ұлттық операторлары

      Ескерту. Заң 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-1-бап. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы

      1. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, ғарыштық байланыс жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам.

      2. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:

      1) ғарыштық байланыс жүйесін техникалық пайдалануды қамтамасыз етеді;

      2) байланыс, оның ішінде ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсыну бойынша қызметтерді, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге кең жолақты қолжетімділік қызметтерін көрсетеді;

      3) байланыс саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының ғарыш аппараттары транспондерлерін резервке қою, сондай-ақ ұлттық ғарыш аппараттарының қамту аймақтарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде кеңейту мақсатында шетелдік ғарыштық байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

19-2-бап. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы

      1. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы – Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға.

      2. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:

      1) Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін техникалық пайдалануды қамтамасыз етеді;

      2) ғарыштық түсірілімдерді жоспарлайды және Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ұсыну бойынша қызмет көрсетеді;

      3) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау және спутниктік навигация деректері негізінде кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құрады және дамытады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

19-3-бап. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы

      1. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы – дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға.

      2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:

      1) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің техникалық пайдаланылуын қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының барлық аумағында жеке және (немесе) заңды тұлғаларға дәлдігі жоғары спутниктік навигация қызметтерін көрсетеді;

      3) жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің навигациялық өрісінің тұтастығын бақылауды жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

4-тарау. ҒАРЫШ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

20-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері

      1. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері оның ғарыш саласының негiзiн құрайды және:

      1) жерүстi ғарыш инфрақұрылымының объектiлерiн;

      2) ғарыш объектiлерiн қамтиды.

      2. Ғарыш инфрақұрылымы объектілері стратегиялық объектілер болып табылады.

21-бап. Жерүстi ғарыш инфрақұрылымы объектілері

      Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілеріне мыналар жатады:

      1) ғарыштық зерттеулердің ғылыми-технологиялық және тәжірибелік-эксперименттік базасы;

      2) ғарыш қызметін қамтамасыз етуге арналған ғарыш техникасы мен ғарыш зымыран кешендері өндірісінің құралдары;

      3) ғарыш айлақтары;

      4) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары;

      5) ғарыш объектілерін басқаратын жерүсті кешендері;

      6) ғарыш объектілерінен ақпарат қабылдауға, оны өңдеу мен таратуға арналған жерүсті нысаналы кешендер.

      Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің сақталуы және қауіпсіз пайдаланылуы мақсатында, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, күзет аймақтары – солардың шегінде аймақтарды белгілеу мақсатымен сыйыспайтын қызметке шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын жер учаскелері белгіленеді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Ғарыш техникасы өндірісінің құралдары

      1. Ғарыш техникасы өндiрiсiнiң құралдарына ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюролары мен құрастыру-сынау кешенi жатады.

      2. Қазақстан Республикасы үшiн жасалатын ғарыш техникасы өндiрiсiне арналған мемлекеттiк тапсырмалардың тiзбесiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      3. Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ғарыш аппараттарын өндіруді өздерінің өндірістік мүмкіндіктері шегінде, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы мен құрастыру-сынау кешені жүзеге асырады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

23-бап. "Байқоңыр" ғарыш айлағы

      1. "Байқоңыр" ғарыш айлағы ғарыш инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып табылады және оған техникалық, ұшыру, қондыру кешендері, ғарыш объектілерін ұшыруды дайындауға және жүзеге асыруға арналған жер учаскелері кіреді.

      2. "Байқоңыр" ғарыш айлағы стратегиялық объект болып табылады және жекешелендіруге жатпайтын мүлiктiк кешенді білдіреді.

24-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерін таңбалау

      Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінде уәкілетті орган халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайтын таңбалар болуға тиіс.

25-бап. Ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату

      Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері және техникалық құралдар уәкілетті орган және халықаралық шарттар айқындайтын тәртіппен кәдеге жаратылуға жатады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

26-бап. Ғарыш саласы объектісін жалға беру

      Ғарыш саласы объектісін ғарыш қызметінің халықаралық немесе шетелдік қатысушысына жалға беру тәртібі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

5-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

27-бап. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Ғарыш қызметі адамдар денсаулығының сақталуы мен қоршаған ортаның қорғалуы, жеке және заңды тұлғалар мүлкінің қорғалуы қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.

      Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін уәкілетті орган – белгіленген қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде қамтамасыз етеді.

      2. Ғарыш қызметін жүзеге асыру салдарынан туындаған жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі.

      Зиян жәбірленушінің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, оның емделуіне және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындар, аурудың күтіміне байланысты шығындар ескеріле отырып, толық көлемде өтелуге жатады.

      3. Ғарыш объектісін штаттық ұшыру жүргізілгенге дейін ғарыш қызметіне қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктердің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан құлау аудандарының координаттарын жолдайды.

      4. Ғарыш объектісін ұшыруды жүргізу салдарынан адамдар немесе жануарлар өлімі болған, сондай-ақ азаматтарға және қоршаған ортаға залал келтірілген жағдайда, ғарыш қызметіне қатысушылар келтірілген залалды осы баптың 2-тармағына сәйкес өтеуге тиіс.

      5. Шетелдік жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі ғарыш объектісі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдармен алдын ала келісілген жағдайда оның ғарыш кеңістігіне шығарылуы немесе Жерге қайтып оралуы процесінде ол Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы қауіпсіз ұшып өтуін жүзеге асыра алады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезіндегі аварияларды тексеру

      Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тексерілуге жатады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған қоршаған ортаны және өңірлердегі халық денсаулығының жай-күйін экологиялық бақылау

      1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингін қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.

      2. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаға өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

      3. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау және денсаулық caқтау саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметін жүзеге асыруға байланысты қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ашық болып табылады, ол хабар тарату және байланыс жүйесін пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға жатады.

30-бап. Ғарыш қызметіндегі тыйым салулар мен шектеулер

      1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде:

      1) адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіруге;

      2) жаппай қырып-жою қаруын орбитаға шығаруға, ғарыш кеңістігінде орналастыруға;

      3) ғарыш техникасын және (немесе) аспан денелерін қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін пайдалануға;

      4) ғарыш кеңістігінің ластануы жөніндегі халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзуға тыйым салынады.

      2. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірілген, қоршаған ортаға материалдық нұқсандар немесе залал келтірілген кезде жекелеген жоба шеңберіндегі ғарыш қызметі Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес шектеледі немесе оған тыйым салынады.

6-тарау. ҒАРЫШКЕРЛІККЕ КАНДИДАТТЫҢ, ҒАРЫШКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ
ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ

31-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесі.Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді даярлау

      1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.

      2. Ғарышкерлер Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағын қалыптастырады. Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ереже негізінде әрекет етеді.

      3. Мемлекет ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді даярлауды, қайта даярлауды қамтамасыз етеді.

      4. Ғарышкердің ғарышқа ұшуға даярлығы және оны орындауы ғарыш қызметіне тиісті қатысушымен (ғарышқа ұшу жүзеге асырылған жағдайда ұшу-ғарыштық сынауларды және (немесе) ғылыми зерттеулер мен эксперименттерді жүргізетін тапсырыс берушімен) жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асырылады, онда тараптардың міндеттемелері айқындалады.

      5. Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің даярлықта, қайта даярлықта болған уақыты, сондай-ақ оның ғарыш қызметі саласындағы жұмыс уақыты ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жұмыс өтіліне кіреді.

32-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мертіккен, ауырған немесе қаза тапқан (қайтыс болған)жағдайдағы кепілдіктер

      1. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бюджет қаражаты есебінен:

      1) І топтағы мүгедекке – 3000 айлық есептік көрсеткіш;

      2) ІІ топтағы мүгедекке – 2000 айлық есептік көрсеткіш;

      3) ІІІ топтағы мүгедекке – 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      2. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлеріне бюджет қаражаты есебінен 6000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      3. Осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көзделген біржолғы өтемақыны төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Егер ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің қаза табуы (қайтыс болуы), мертігуі немесе ауруы қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты емес мән-жайлармен байланысты болғандығы белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.

      5. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, мемлекет аталған адам қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап алты ай өткен соң қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді бөліп беруді немесе ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үйді қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне тегін беруді не егер ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үй басқа мемлекеттің аумағында болған жағдайда, қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің қалауына қарай Қазақстан Республикасының елді мекеніндегі мемлекеттік тұрғын үй қорынан соған ұқсас тұрғын үй беруді қамтамасыз етеді.

      6. Осы баптың 5-тармағының ережесі ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің және оның мұрагерлерінің меншігінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын жай болмаған жағдайда қолданылады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 490-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

33-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу

      Қаза тапқан (қайтыс болған) ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді жерлеу тұрғылықты жері бойынша не оның туыстарының қалауы бойынша Қазақстан Республикасының басқа жерінде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасатуға және орнатуға байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеледі.

34-бап. Ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету

      1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оның жыл сайынғы профилактикалық тексерілуі, медициналық және санаториялық-курорттық емделуі қамтамасыз етіледі.

      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.

      3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қолданылмайды.

35-бап. "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерді материалдық қамтамасыз ету

      "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерге лауазымдық жалақысына 2,9 мөлшеріндегі арттыру коэффициенті белгіленеді.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

36-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президентi

Н. НАЗАРБАЕВ