Осы Заң электр және жылу энергиясын өндiру, беру және пайдалану процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық бронь - электрмен үздiксiз жабдықтау объектiсiне берiлуi ол үшiн маңызды құрылғылардың жұмыс iстеуiн сақтайтын және тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерi жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлiмiн болғызбайтын ең төменгi қажеттi электр қуаты;
2) авариялық бұзылыс - электр қондырғысы немесе оның элементтерi жұмысының технологиялық параметрлерiнiң олардың iстен шығуын немесе пайдалану кезiнде зақымдануын туындатқан, жол беруге болмайтын ауытқулары;
3) теңгерiмдеушi электр энергиясы - электр энергиясын өндiру-тұтынудың жүйелiк оператор бекiткен сағат сайынғы тәулiктiк кестесiн iске асыру кезiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жою үшiн пайдаланылатын электр энергиясы;
4) электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы - жүйелiк оператор мен электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметтi жүзеге асыратын энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, көтере тұтынушылар, өзге де ұйымдар арасында ағымдағы операциялық тәулiктерде Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiрудiң және (немесе) тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасында нақты уақыт режимiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жүйелiк оператордың табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеуi нәтижесiнде қалыптасатын өзара қарым-қатынастар жүйесi;
5) қосалқы қызметтер көрсету - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен энергия жүйесiн тогы жоқ жағдайдан шығару бойынша электр қуатының қажеттi мөлшерлерi мен оралымды резервтерi құрылымының дайындығын қамтамасыз ету, активтi және реактивті қуатты peттeу үшiн сатып алатын қызметтер көрсету;
6) электр энергиясына кепiлдiк берiп жеткiзушi - тұтынушыларды энергиямен жабдықтаушы басқа да барлық ұйымдар тұтынушының кiнәсi болмаса да энергиямен жабдықтауды тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;
7) электр энергиясының теңгерiмсiздiгi - электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты шамасының жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру-тұтынудың сағат сайынғы тәулiктiк кестесiнде бекiткен шамасынан ауытқуы;
8) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенiмдi және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететiн электр станцияларының, электр беру желiлерi мен шағын станциялардың жиынтығы;
9) электр және жылу энергиясын коммерциялық есепке алу - электр және жылу энергиясын сатып алу-сату және беру шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшiн қажеттi электр және жылу энергиясын есепке алу;
10) ұлттық электр желiсi - электр энергиясын мемлекетаралық және (немесе) өңiраралық берудi, электр станцияларының қуатын берудi қамтамасыз ететiн және жекешелендiру мен оның алдындағы сатыларға жатпайтын, кернеуi 220, 500, 1150 кВ электр беру желiлерiнiң, шағын станциялардың және тарату құрылғыларының жиынтығы;
11) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы - электр энергиясының спот - сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
12) операциялық тәулiктер - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiлерi жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының орындалуын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын ағымдағы тәулiктер;
13) электр энергиясының көтерме сауда нарығы - электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң арасындағы шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн, электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қарым-қатынастар жүйесi;
14) жылу энергиясын беру - жасалған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдардың жылу желiлерi бойынша жылу энергиясын тасымалдау жөнiнде көрсететiн қызметi;
15) электр энергиясын беру - жасалған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдардың электр энергиясын тасымалдау жөнiнде көрсететiн қызметi;
16) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негiзiнде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
17) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген техникалық құрылғы;
18) өңiрлiк электр желiлiк компания - өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн пайдаланатын энергия берушi ұйым;
19) электр қуатын реттеу - электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiсiнiң нақты электр жүктемесiнiң тәулiктiк кестеде жоспарланып немесе жоспарланбай айырбас электр энергиясының нөлдiк сальдосы сақталған жағдайда мәлiмделген электр жүктемесiнен ауытқуларының орнын толтыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметi;
20) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi электр қуатының резервi - шартта көзделген талаптарға сәйкес керектi құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендiруге әзiрлiк дәрежесi бар энергия өндiрушi ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;
21) жылу энергиясының бөлшек сауда нарығы - жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға қатысушылардың шарттар негiзiнде жүргiзiлетiн қатынастары жүйесi;
22) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы - электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi арасындағы (электр энергиясын сатып алу-сату, беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетiлетiн қызметтер ұсыну) шарттарының негiзiнде көтерме сауда нарығынан тыс жұмыс iстейтiн қатынастар жүйесi;
23) жүйелiк авария - Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикасы жүйесiнiң тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөлiктерге бөлуге әкеп соққан электр энергетикасы объектiлерi жұмыс режимдерiнiң авариялық бұзылысы;
24) жүйелiк қызметтер көрсету - жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, қуатты реттеу және резервтеу, электр энергиясын өндiру-тұтыну теңгерiмiн ұйымдастыру жөнiнде көрсететiн қызметтерi;
25) жүйелiк оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелік қызмeттep көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
26) электр энергиясының спот - сауда-саттығы (бұдан әрi - спот - сауда-саттық) - операциялық тәулiктерден бiр күн бұрын және соның iшiнде режимдерде қысқа мерзiмдiк негiзде электр энергиясының сағат сайынғы көлемiнде ұйымдастырылған сауда жүргiзу;
27) электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелiк оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда жүргiзу операторы және электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
28) электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы, энергия берушi ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
29) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесi - электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес әрбiр күнтiзбелiк тәулiкте электр энергиясын өндiру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтін жүйелік оператор бекiткен құжат;
30) техникалық диспетчерлендiру - жүйелiк оператор Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру мен тұтыну режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру жөнiнде көрсететiн қызмет;
31) уәкiлеттi орган - электр энергетикасы саласында бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
32) электр энергиясының орталықтандырылған саудасы - осы Заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерi электрондық сауда жүйесiнде ерiктi негiзде жүзеге асыратын электр энергиясын сатып алу-сату жөнiндегi мәмiлелер;
33) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару - жүйелiк оператор жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi сенiмдiлiгiнiң нормативтiк деңгейiн және электр энергиясының нормативтiк сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келiсiлген жұмысын үздiксiз басқару процесi;
34) электр энергетикасы - электр және жылу энергиясын өндiру, беру және пайдалану саласы;
35) энергетикалық сараптама - электр энергетикасы саласында қолданыстағы объектiлер, қайта жаңартылатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынатын объектiлердiң жобалары бойынша, электр және жылу желiлерiндегi энергетикалық жабдықтардағы технологиялық бұзылыстар мен аварияларды тексеру кезiнде, сондай-ақ олардағы өндiрiстiк жарақат алу жағдайларында Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкестiлiгiне жүргiзiлетiн сараптама;
36) энергия берушi ұйым - электр немесе жылу энергиясын берудi шарттар негiзiнде жүзеге асыратын ұйым;
37) энергия өндiрушi ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өндiрудi жүзеге асыратын ұйым;
38) энергиямен жабдықтаушы ұйым - өндiрiлген және (немесе) сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым.
2-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк
реттеудiң мақсаттары мен мiндеттерi
1. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеу:
1) энергия тұтынушылардың сұранысын барынша қанағаттандыру және электр, жылу энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын тұтынушылардың электр және жылу энергиясын жеткiзушiлердi таңдау құқығына кепiлдiк беретiн нарықта бәсекелестiк жағдайлар жасау жолымен қорғау;
2) Қазақстан Республикасы электр энергетикасы кешенiнiң сенiмдi және тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенiн елдiң шаруашылық-экономикалық және әлеуметтiк кешендерiнiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң ерекше маңызды жүйесi ретiнде басқарудың бiртұтастығы мақсатында жүзеге асырылады.
2. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi мыналар:
1) басқару бiртұтастығы, бәсекенi дамыту негiзiнде электр энергетикасы кешенiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi мен дамуы;
2) тұтынушылардың электр және (немесе) жылу энергиясын жеткiзушіні таңдау құқығы;
3) табиғи монополия сапасындағы қызметті реттеу, сондай-ақ отандық энергия өндiрушілердi қорғау үшiн жағдайлар жасау;
4) электр және жылу энергиясының реттелетiн нарығын құру мен жетiлдiру;
5) электр және жылу энергиясын ұтымды және үнемдi пайдалану;
6) жаңартылып отыратын және дәстүрлi емес энергия көздерiн пайдалану мен дамыту;
7) электр энергетикасы кешенiн дамыту мен қайта жарақтандыруға инвестициялар тарту;
8) қоршаған ортаны қорғау, электр беру желiлерiн, электр және энергия қондырғыларын пайдалану кезiндегi құрылыс сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгi жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындау үшiн жағдайлар жасау;
9) елдiң шалғай аудандарында энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру үшiн жағдайлар жасау;
10) Қазақстан Республикасының бiртұтас энергетикалық жүйесi жұмысының және электр энергиясы сапасының мемлекеттiк стандарттарын белгiлеу болып табылады.
3. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеу:
1) лицензиялауды;
2) тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеудi;
3) электр энергетикасы объектiлерiн монополиясыздандыру мен жекешелендiрудi;
4) электр энергиясын өндiрудiң, берудiң, техникалық диспетчерлендiру мен тұтынудың сенiмдiлiгiн, қауiпсiздiгi мен үнемдiлiгiн мемлекеттiк қадағалауды;
5) электр және жылу энергиясын өндiру, беру, техникалық диспетчерлендiру мен тұтыну саласындағы қызмет пен қатынастарды реттеудiң техникалық және технологиялық талаптары, сондай-ақ электр беру желiлерiн, электр және энергия қондырғыларын салу мен пайдаланудың сенiмдiлiгiн, үнемдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн нормалары бар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн, нормативтiк техникалық құжаттарды әзiрлеу мен бекiтудi қамтиды.
4-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) электр энергетикасын дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау туралы ережесiн бекiтедi;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес электр энергиясын сауда-саттықтарда (аукциондарда) өткiзiлетiн, сатып алынатын мүлiк (активтер) тiзбесiне енгiзу туралы шешiм қабылдайды.
5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) электр энергетикасын дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
3) өз құзыретi шегiнде стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзуге қатысады;
4) электр энергетикасы саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
5) электр және жылу энергиясын өндiру, беру және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
6) техникалық пайдалану және қауiпсiздiк техникасы, жабдықтарды пайдалану сипаттамалары, энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың технологиялық мұқтаждықтарына электр және жылу энергиясын жұмсау нормалары саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
7) электр энергетикасы объектiлерiн жобалау, салу, техникалық пайдалану және олардың қауiпсiздiк техникасы, жабдықтарды пайдалану және техникалық-экономикалық сипаттамалары, энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың технологиялық мұқтаждықтарына электр және жылу энергиясын жұмсау нормалары саласындағы нормативтiк техникалық құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;
8) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
9) кепiлдiк берiп жеткiзушiнi және оның жауапкершiлiк аймағын айқындау тәртiбiн бекiтедi;
10) энергетикалық сараптаманы жүргiзу әдiстемесiн, тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды;
11) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiн жасау тәртiбiн белгiлейдi;
12) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiмен электр байланысы жоқ аймақтар үшiн электр энергиясының көтерме сауда нарығы жұмыс iстеуiнiң және оны ұйымдастырудың ерекшелiктерiн айқындайды;
13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау
1. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң техникалық талаптары мен электр энергетикасы саласындағы қызметтiң лицензияланатын түрлерiне қойылатын талаптардың орындалуын қадағалауды, сондай-ақ электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауды мемлекеттiк энергетикалық қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - Мемэнергияқадағалау) жүзеге асырады.
2. Мемэнергияқадағалау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
1) электр энергетикасында қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын бұзған жағдайда оларға ұйғарымдар беруге;
2) электр және энергия қондырғыларына қол жеткiзуге;
3) электр және энергия қондырғыларының техникалық жағдайына және оларды пайдалану қауiпсiздiгiне тексеру жүргiзуге құқылы.
7-бап. Электр энергетикасындағы тарифтердi (бағаларды,
алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеу
1. Табиғи монополия субъектiлерiнiң өнiмдерi мен көрсетiлетiн қызметтерiне тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеудi табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Энергия берушi ұйымдарда электр энергиясын беру жөнiндегi шығындарды есепке алу табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен қызметтiң басқа да түрлерi бойынша шығындардан бөлек жүргiзiледi.
8-бап. Өндiрiстiк-технологиялық қызметке араласуға
жол берiлмеушiлiк
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар ұйымдардың электр және жылу энергиясын өндiру мен беруге немесе осы процестердi технологиялық басқаруға байланысты өндiрiстiк-технологиялық қызметiне араласуға құқылы емес.
9-бап. Қосарлас (шунтталатын) электр беру желiлерi мен
шағын станцияларды жобалау және салу
Қосарлас (шунтталатын) электр беру желiлерi мен шағын станцияларды жобалау және салу уәкiлеттi органға, табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органға және жүйелiк операторға алдын ала хабарлай отырып және олармен келiсе отырып жүзеге асырылады.
3-тарау. Электр энергиясы нарығындағы жүйелік
оператор мен энергияны өндіру, беру және тұтыну
қатынастарына қатысушылар
1. Жүйелiк оператор мынадай функцияларды орындайды:
1) шартқа сәйкес ұлттық электр желiсi бойынша электр энергиясын беру жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi, оған техникалық қызмет көрсету мен оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды қамтамасыз етедi;
2) электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасау мен тәулiктiк кестесiн қалыптастыруды қоса алғанда, шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң жұмыс режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыра отырып, техникалық диспетчерлендiру жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi жұмысының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етедi;
4) электр қуатын реттеу жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;
5) электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн табиғи реттеу жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;
6) электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн бұдан кейiн қаржылық реттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде энергия өндiрушi ұйымдар арасындағы қуат резервтерiнiң көлемiн, құрылымын, таратылуын және қуат резервтерiнiң iске қосылуын айқындайды;
8) нақты уақыт режимiндегi электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы мен жүйелiк және қосалқы көрсетiлетiн қызметтер нарығының жұмыс iстеуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады;
9) iргелес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс режимдерiн басқару мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнiнде өзара iс-қимыл жасайды;
10) электр энергиясын коммерциялық есепке алудың, электр энергиясы көтерме сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң релелiк қорғау мен аварияға қарсы автоматикасының бiрлескен құрылғыларының бiртұтас ақпараттық жүйесiн, автоматтандырылған жүйесiн құру жөнiнде техникалық және әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
11) ұлттық электр желiсiне электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң қол жеткiзуi үшiн тең жағдайларды қамтамасыз етедi;
12) Қазақстан Республикасының электр энергиясы көтерме сауда нарығына қатысушыларды коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi қозғамайтын ақпаратпен қамтамасыз етедi;
13) электр станцияларының, шағын станциялардың негiзгi жабдықтарын, электр беру желiлерiн, релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын, технологиялық басқару және олардың жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету жүйелерiн жөндеуге шығаруды келiседi;
14) су электр станцияларының су-шаруашылық теңгерiмдерiн ескере отырып олардың жұмыс режимдерiн және Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң жұмыс режимдерiн әзiрлеуге қатысады;
15) электр энергиясының теңгерiмдерiн ұзақ мерзiмдi болжауды әзiрлеудi жүзеге асырады.
2. Жүйелiк оператордың мынадай жағдайларда:
1) технологиялық және өндiрiстiк мұқтаждықтарға;
2) iргелес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен бiрге электр энергиясы ток ағымдарының шарттық шамаларын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Жүйелiк оператор Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару:
1) электр энергиясын сатып алу-сату, беру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу шарттарының талаптарын iске асыратын Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн басқарудан;
2) электр энергиясының мемлекетаралық ток ағымдары режимдерiн басқарудан;
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде технологиялық бұзылыстарды болдырмауды, оқшауландыруды және жоюды қамтамасыз етуден;
4) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi қуат резервтерiн оралымды басқарудан;
5) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң сенiмдi және тұрақты жұмысын қамтамасыз ететiн релелiк қорғау, аварияға қарсы және режимдiк автоматика жүйелерiнiң құрылымын, принциптерін, орналасқан жерлерiн, көлемдерi мен қондырғыларын айқындаудан;
6) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестелерiн қалыптастыру мен бекiтуден;
7) электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасаудан тұрады.
5. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару және тиiстi өкiмдер беру электр энергиясының сапалық сипаттамасының ағымдағы мәнi - қуаты, жиiлiгi және кернеуi негiзiнде жүзеге асырылады.
11-бап. Орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк
басқаруды жүзеге асыру кезiндегi электр
энергиясын өндiру, беру және тұтыну
режимi жөнiндегi өкiмдер
1. Жүйелiк оператордың орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару кезiндегi электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерi жөнiндегi өкiмдерi электр энергиясы көтерме сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
2. Жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимi жөнiндегi жедел өкiмдердi орындамайтын электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр қондырғыларын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқарудағы электр жүйелерiнен ажыратуға құқылы.
12-бап. Электр энергиясын өндiру мен беруге
қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Электр энергиясын өндiру мен беруге қатысушылардың:
1) жасалған шарттар негiзiнде жүйелiк қызмет көрсетудi пайдалануға;
2) жүйелiк оператордан электр энергиясын өндiру және беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру үшiн қажеттi техникалық ақпаратты алуға құқығы бар.
2. Электр энергиясын өндiру мен беруге қатысушылар:
1) жүйелiк операторға Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат пен электр станциялары жұмысының техникалық-экономикалық көрсеткiштерi жөнiнде (өндiру, шиналардан жiберу, өзiндiк қажеттiлiктер, шиналардан электр энергиясын жiберуге жұмсалатын үлестiк шығыстар) нақты ақпарат беруге;
2) коммерциялық есепке алу аспаптарына жүйелiк операторды жiберуге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарында және стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес электр энергиясының сапасын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi стандартты жиiлiктi реттеу мен ұстап тұруды жасалған шарттар негiзiнде жүйелiк оператормен бiрлесе отырып жүзеге асыруға;
5) нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес негiзгi және қосалқы жабдықты, аварияға қарсы және режимдiк автоматика, релелiк қорғау, диспетчерлiк технологиялық басқару құралдарын жұмыс жағдайында ұстауға;
6) уәкiлеттi орган айқындайтын көлемде өз объектiлерiнде жаңа релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын орнатуға және олардың пайдаланылып келе жатқандарын жетiлдiруге мiндеттi.
13-бап. Электр энергиясын өндiру мен беруге
қатысушыларға қойылатын талаптар
1. Өңiрлiк электр желiлiк компаниялары олардың желiлерiне қосылған электр энергиясы бөлшек сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестелерiн сақтауын және өңiрлiк электр желiлiк компанияларының желiлерi мен ұлттық электр желiсi арасында жүйелiк оператормен келiсiлген электр энергиясы сальдо-ток ағымдарының сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Энергиямен жабдықтау тұтынушының кiнәсiнсiз тоқтатылған жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйым - электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушi тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды шарт негiзiнде қамтамасыз етедi.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өзiнiң тұтынушыларын энергиямен жабдықтау мақсатында энергия өндiрушi ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
4. Энергия өндiрушi ұйымдар жүйелiк қызмет пен қосалқы қызмет көрсету нарығының ұйымдастырылуы және жұмыс iстеуi ережелерiнде белгiлеген тәртiппен қуат резервтерiн, көлемiн, құрылымын ұстап тұруды және орналастыруды қамтамасыз етедi.
5. Электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар жүйелiк оператор электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн табиғи реттеу нәтижелерi бойынша беретiн теңгерiмдеушi электр энергиясы көлемдерiнiң есептерi негiзiнде электр энергиясын өндiру-тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасындағы электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығында қаржылық реттеу үшiн өзара мiндеттемелер атқарады.
6. Электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi меншiк нысанына қарамастан нақты уақыт режимiнде теңгерiмдеушi тетiкке (нарыққа) қатысуға мiндеттi.
7. Энергия өндiрушi ұйымдар - су электр станциялары суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңiнде өндiрiлетiн электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықтарда сатуға мiндеттi.
14-бап. Электр және жылу энергиясының нарығы
1. Қазақстан Республикасында энергиямен жабдықтау электр және жылу энергиясы нарықтарының жұмыс iстеуi жағдайларында жүзеге асырылады.
2. Электр және жылу энергиясы нарықта тауар болып табылады.
3. Электр энергиясының нарығы екi деңгейден: электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарықтарынан, ал жылу энергиясының нарығы бiр деңгейден - бөлшек сауда нарығынан тұрады.
4. Энергия өндiрушi ұйымдар мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдар - электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға тиiс.
5. Жүйелiк оператор, өңiрлiк электр желiлерi компаниялары мен электр желiлерiн иеленетiн өзге де ұйымдар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нарықтың барлық қатысушыларының электр энергиясы нарығына еркiн қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
6. Энергия берушi ұйымның энергия өндiрушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарды орындаған жағдайда оларды электр және жылу жүйелерiне қосудан, сондай-ақ оларға электр немесе жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.
7. Электр немесе жылу энергиясы нарығында электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну кезiнде туындайтын қатынастар электр энергетикасындағы тиiстi шарттармен реттеледi.
15-бап. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы
1. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы:
1) нарыққа қатысушылар жасасатын тараптардың келiсiмдерiмен белгiленетiн жеткiзу бағалары мен талаптары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының негiзiнде жұмыс iстейтiн электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығынан;
2) электр энергиясын қысқа мерзiмдi (спот - сауда-саттық), орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) негiзде сатып алу-сату үшiн ұйымдастырылған сауда алаңынан тұратын электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығынан;
3) жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiнде бекiткен Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты және шарттық шамалары арасында операциялық тәулiкте туындайтын сағат сайынғы теңгерiмсiздiктердi табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеу мақсатында жұмыс iстейтiн нақты уақыт режимiндегi теңгерiмдеушi нарықтан;
4) мемлекеттiк стандарттармен белгiленген Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi жұмысының сенiмдiлiгi мен электр энергиясының сапасын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен сатып алуы негiзiнде де, жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне тиiсiнше қызметтер көрсету негiзiнде де жұмыс iстейтiн жүйелік және қосалқы көрсетiлетiн қызметтер нарығынан тұрады.
2. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы:
1) спот - сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;
2) электр энергиясының орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;
3) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткiзуiне тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi;
4) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған саудасының ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келуiн айқындайды;
5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарында электр энергиясын сатып алу-сату жөнiнде жасалған мәмiлелердi тiркеу мен есепке алуды жүзеге асырады;
6) өз құзыретi шегiнде электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерiн орталықтандырылған сауда-саттықта қалыптасқан электр энергиясының индикативтiк бағалары жөнiндегi ақпаратпен және басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етедi.
16-бап. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы
1. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қол жеткiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Өңiрлiк электр желiлерi компаниялары электр энергиясын оның баланстық тиесiлiк шекараларында электр желiлерi бойынша беру функцияларын жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқарудың сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң (облыстың) шегiнде бiр өңiрлiк электр желiсi компаниясы жұмыс iстеуге тиiс.
4. Шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлерге энергиямен жабдықтаушы өзге ұйымдарға қарағанда артықшылықтар беруге болмайды.
17-бап. Электр энергиясының көтерме сауда
нарығындағы шарттар
1. Электр энергиясын сатып алу-сату, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу жөнiнде қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының
Азаматтық кодексiне
, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жасалатын шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында:
1) тәулiктiк электр тұтыну кестесi;
2) энергия өндiрушi ұйымдардың электр қуатын резервтеу тәртiбi болуға тиiс.
3. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу жөнiнде қызметтер көрсету шарттарында шарт бойынша уақтылы ақы төленбеген жағдайда энергиямен жабдықтауды немесе тиiстi қызметтер көрсетудi тоқтату жағдайлары мен тәртiбi болуға тиiс.
18-бап. Электр және жылу энергиясының бөлшек сауда
нарығындағы шарттар
1. Бөлшек сауда нарығында электр және жылу энергиясын сатып алу-сату энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен тұтынушылар жасасатын шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдар бөлшек сауда нарығында жасасатын шарттарда электр және жылу энергиясының бөлшек сауда нарығына барлық қатысушылар үшiн тең жағдайлар болуға мiндеттi.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткiзетiн электр энергиясының бағалары мен оларды беру жағдайлары тараптардың келiсiмi бойынша энергия берушi ұйымның тарифiн ескере отырып, сатып алу-сату шартына сәйкес белгiленедi.
4. Өңiрлiк электр желiлерi бойынша электр энергиясын беру энергиямен жабдықтаушы ұйым немесе тұтынушы өңiрлiк электр желiсi компаниясымен Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген үлгi нысан бойынша жасасатын электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтер көрсету шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлер мен тұтынушылар арасындағы энергиямен жабдықтау шарты жария шарт болып табылады.
19-бап. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың
құқықтары мен мiндеттерi
1. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың:
1) жасалған шарттарға сәйкес электр және жылу энергиясын алуға;
2) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiзбеуден немесе сапасыз жеткiзуден келтiрiлген нақты нұқсанның орнын толтыруды талап етуге;
3) шарттар жасасуға және оларды орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу үшiн сотқа жүгiнуге;
4) пайдаланған электр энергиясы үшiн сараланған тарифтiк есепке алу жүйелерi бойынша ақы төлеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзуге құқығы бар.
2. Электр және жылу энергиясын тұтынушылар:
1) тұтынушылардың меншiгiндегi электр және энергия қондырғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiсiнше техникалық жағдайда ұстап тұруға, электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерiне сәйкес олардың техникалық жағдайына қойылатын талаптарды орындауға;
2) электр және жылу энергиясын сатып алу-сату шартында айқындалған энергия тұтыну режимдерiн сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетика жүйесiндегi электр энергиясының стандарттық жиiлiгiн ұстап тұруға бағытталған нормативтiк талаптарды орындауға;
4) жасалған шарттарға сәйкес босатылған, берiлген және тұтынылған электр және (немесе) жылу энергиясының ақысын уақтылы төлеуге;
5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ Мемэнергияқадағалау қызметкерлерiн электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн жiберуге;
6) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен электр энергетикасы қондырғылары объектiлерiн қайта жаңарту және кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосуға және шығындарды өтеуге мiндетті.
5-тарау. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi авариялық бұзылыстар кезінде электр энергетикасы объектілерін басқару
20-бап. Авариялық бұзылыстардың алдын алу және
оны жою үшiн қолданылатын шаралар
1. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi авариялық бұзылыстардың сыныптамасын, оларды болдырмау және жою үшiн қолданылатын шараларды жүзеге асыру тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Жүйелiк аварияларды жою үшiн жүйелiк оператор меншiк нысанына қарамастан кез келген энергия өндiрушi ұйымдардың резервтiк қуаттарын және тұтынушылардың автономиялық қоректену көздерiн тартады.
3. Авариялық бұзылыстарды жою үшiн қуат жетiспеген кезде жүйелiк оператордың су электр станцияларының авариялық резервiн пайдалану үшiн гидротораптар арқылы суды шығындаудың бекiтiлген кестелерiне жедел өзгерiстер енгiзуге құқығы бар.
4. Электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы өтей алмайтын теңгерiмсiздiк туындаған кезде жүйелiк оператордың Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр тогының нормативтiк жиiлiгiн ұстап тұру мақсатында электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.
21-бап. Авариялық бронь бойынша энергиямен жабдықтау
1. Жүйелiк авария туындаған кезде тұтынушыларды энергиямен жабдықтау электрмен үздiксiз жабдықтауды қажет ететiн, қызметiнiң тоқтатылуы адамдар өмiрiне қатер төндiретiн, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарға әкеп соқтыратын шаруашылық инфрақұрылым ұйымдары үшiн технологиялық себептерге орай электр қуатын авариялық бронь мөлшерiнде берудi қамтамасыз ететiн, энергия берушi ұйымдар әзiрлейтiн схемалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Бюджет қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекемелерге авариялық бронь мемлекеттiк мекемелердiң электр энергиясын тұтыну жөнiндегi шығыстарына көзделген қаражат шегiнде, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар мен өзге де ұйымдар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ресiмделген тиiстi банктiк кепiлдiгi болған жағдайда берiледi.
22-бап. Электр энергетикасы объектiлерiнiң сақталуын
және тұтастығын қамтамасыз ету
1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектiлерiн күзетудi арнаулы әскерилендiрiлген күзет қызметтерi немесе Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң бөлiмшелерi жүзеге асырады. Мұндай объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Электр және жылу желiлерiн күзету ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Энергия өндiрушi, энергия берушi ұйымдардың электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру мен берудiң бiртұтас технологиялық процесiне қатысатын мүлкi бөлiнбейтiн мүлiк болып табылады.
4. Электр энергетикасының объектiлерiн және (немесе) оның жекелеген бөлiктерiн меншiк нысанына қарамастан сатып алу-сату, жалға немесе сенiмдi басқаруға беру уәкiлеттi орган мен табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органды алдын ала хабардар етiп және олармен келiсе отырып жүзеге асырылады.
23-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы
туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен жауапты болады.
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң:
1) 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 2-тармағы мен 14-бабының 4-тармағын;
2) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 6-тармағы мен 16-бабының 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. 10-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында және 2-тармағының 2) тармақшасында белгiленген нормалар 2005 жылдың 31 желтоқсанына дейiн қолданылады.
3. "Электр энергетикасы туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы
Заңының
(Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 20, 729-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
25-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Энергия берушi ұйымдар электр және (немесе) жылу энергиясын беру жөнiндегi қызметтi энергиямен жабдықтау жөнiндегi қызметтен бөлудi 2004 жылғы 1 қазанға дейiн жүзеге асырсын.
2. Өңірлік электр желісі компаниялары электр энергиясын беру жөніндегі қызметті энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлуді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар құру жолымен 2004 жылғы 1 қазанға дейін жүзеге асырсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті