Электр энергетикасы туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N 588 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136  Заңымен.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) авариялық бронь - электрмен үздiксiз жабдықтау объектiсiне берiлуi ол үшiн маңызды құрылғылардың жұмыс icтeуiн сақтайтын және тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерi жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлiмiн болғызбайтын ең төменгi қажеттi электр қуаты;

      2) авариялық бұзылыс - электр қондырғысы немесе оның элементтерi жұмысының технологиялық параметрлерiнiң олардың iстен шығуын немесе пайдалану кезiнде зақымдануын туындатқан, жол беруге болмайтын ауытқулары;

      3) жүйелiк авария - Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикасы жүйесiнiң тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөлiктерге бөлуге әкеп соққан электр энергетикасы объектiлерi жұмысы режимдерiнiң авариялық бұзылысы;

      4) жүйелiк қызметтер көрсету - жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, қуатты реттеу және резервтеу, электр энергиясын өндiру-тұтыну теңгерiмiн ұйымдастыру жөнiнде көрсететiн қызметтерi;

      5) жүйелiк оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;

      6) жылу желiлерiнiң күзет аймағы - жылу желiлерiн сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желiлердiң күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлiнген жер учаскелерi;

      7) жылу энергиясын беру - жасалған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдардың жылу желiлерi бойынша жылу энергиясын тасымалдау жөнiнде көрсететiн қызметi;

      8) жылу энергиясының бөлшек сауда нарығы - жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға қатысушылардың шарттар негiзiнде жүргiзiлетiн қатынастары жүйесi;

      9) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қолдануға рұқсат етiлген техникалық құрылғы;

      10) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенiмдi және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететiн электр станцияларының, электр беру желiлерi мен шағын станциялардың жиынтығы;

      11) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi электр қуатының резервi - шартта көзделген талаптарға сәйкес керектi құрылымы, шамасы, сондай-ақ диспетчерлендiруге әзiрлiк дәрежесi бар энергия өндiрушi ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;

      12) қосалқы қызметтер көрсету - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен электр қуатының қажеттi мөлшерлерi мен оралымды резервтерi құрылымының дайындығын қамтамасыз ету, активтi және реактивтi қуатты реттеу үшiн, энергия жүйесiн тогы жоқ жағдайдан шығару бойынша сатып алатын қызметтер көрсету;

      13) операциялық тәулiктер - жүйелiк оператор электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектiлерi жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының орындалуын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын ағымдағы тәулiктер;

      14) орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару - жүйелiк оператор жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi сенiмдiлiгiнiң нормативтiк деңгейiн және электр энергиясының нормативтiк сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келiсiлген жұмысын үздiксiз басқару процесі;

      15) өңiраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желiлерi - өңiрлер және (немесе) мемлекеттер арасында электр энергиясын берудi қамтамасыз ететiн, кернеуi 220 кB және одан жоғары электр беру желiлерi;

      16) өңiрлiк электр желiлiк компания - өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн пайдаланатын энергия берушi ұйым;

      17) электр энергиясының теңгерiмсiздiгi - электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты шамасының электр энергиясын өндiру-тұтынудың жүйелiк оператор бекiткен сағат сайынғы тәулiктiк кестесiндегi шамадан ауытқуы;

      18) техникалық диспетчерлендiру - Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру мен тұтыну режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру жөнiнде жүйелiк оператор көрсететiн қызмет;

      19) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негiзiнде тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

      20) уәкiлеттi орган - электр энергетикасы саласында бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      21) ұлттық электр желiсi - жекешелендiруге және оның алдындағы сатыларға жатпайтын шағын станциялардың, тарату құрылғыларының, кернеуi 220 кВ және одан жоғары өңiраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желiлерiнiң және электр станцияларының электр энергиясын берудi жүзеге асыратын электр беру желiлерiнiң жиынтығы;

      22) электр және жылу энергиясын коммерциялық есепке алу - электр және жылу энергиясын сатып алу-сату және беру шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшiн қажеттi электр және жылу энергиясын есепке алу;

      23) электр желiлерiнiң күзет аймағы - электр желiлерiн сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желiлердiң күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлiнген жер учаскелерi, су және әуе кеңiстiгi;

      24) электр қуатын реттеу - электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiсiнiң нақты электр жүктемесiнiң тәулiктiк кестеде жоспарланып немесе жоспарланбай айырбас электр энергиясының нөлдiк сальдосы сақталған жағдайда мәлiмделген электр жүктемесiнен ауытқуларының орнын толтыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметi;

      25) электр энергетикасы - электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну саласы;

      26) электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы, энергия берушi ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар және электр энергиясының бөлшек сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;

      27) электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелiк оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда жүргiзу операторы және электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметiн жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;

      28) электр энергиясына кепiлдiк берiп жеткiзушi - тұтынушыларды энергиямен жабдықтаушы басқа да барлық ұйымдар тұтынушының кiнәсi болмаса да энергиямен жабдықтауды тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;

      29) электр энергиясын беру - энергия берушi ұйымдардың электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес көрсететiн қызметi;

      30) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы - электр энергиясы бөлшек сауда нарығының субъектiлерi арасындағы (электр энергиясын сатып алу-сату, беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетiлетiн қызметтер ұсыну) шарттарының негiзiнде көтерме сауда нарығынан тыс жұмыс iстейтiн қатынастар жүйесi;

      31) электр энергиясының көтерме сауда нарығы - электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң арасындағы шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн, электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қарым-қатынастар жүйесi;

      32) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы - электр энергиясының спот - сауда-саттығын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;

      33) электр энергиясының орталықтандырылған саудасы - осы Заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерi электрондық сауда жүйесiнде ерiктi негiзде жүзеге асыратын электр энергиясын сатып алу-сату жөнiндегi мәмiлелер;

      34) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесi - электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату және электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарықтарындағы көтерме сауда нарығына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес әрбiр күнтiзбелiк тәулiкте электр энергиясын өндiру мен тұтынудың сағат сайынғы шамаларын регламенттейтiн жүйелiк оператор бекiткен құжат;

      35) электр энергиясының спот - сауда-саттығы (бұдан әрi - спот - сауда-саттық) - операциялық тәулiктерден бiр күн бұрын және соның iшiнде режимдерде қысқа мерзiмдiк негiзде электр энергиясының сағат сайынғы көлемiнде ұйымдастырылған сауда жүргiзу;

      36) электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы - ағымдағы операциялық тәулiктерде Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiрудiң және (немесе) тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасында нақты уақыт режимiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жүйелiк оператордың табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеуi нәтижесiнде жүйелiк оператор мен электр энергиясының көтерме сауда нарығында қызметтi жүзеге асыратын энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, көтерме тұтынушылар, өзге де ұйымдар арасында қалыптасатын өзара қарым-қатынастар жүйесi;

      37) электр энергиясының теңгерiмдiлiгi - электр энергиясын өндiру-тұтынудың жүйелiк оператор бекiткен сағат сайынғы тәулiктiк кестесiн iске асыру кезiнде туындайтын теңгерiмсiздiктердi жою үшiн пайдаланылатын электр энергетикасы;

      38) энергетикалық сараптама - жұмыс iстеп тұрған объектiлер, қайта жаңартылатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынатын объектiлердiң жобалары бойынша, электр және жылу желiлерiндегi энергетикалық жабдықтардағы технологиялық бұзылыстар мен аварияларды тексеру кезiнде, сондай-ақ олардағы өндiрiстiк жарақат алу жағдайларында Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкестiлiгiне жүргiзiлетiн электр энергетикасы саласындағы сараптама;

      39) энергия берушi ұйым - электр немесе жылу энергиясын берудi шарттар негiзiнде жүзеге асыратын ұйым;

      40) энергиямен жабдықтаушы ұйым - өндiрiлген және (немесе) сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын жеке және заңды тұлғаларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;

      41) энергия өндiрушi ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өндiрудi жүзеге асыратын ұйым.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209 , 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы
               туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

  2-тарау. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеу

       3-бап. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк
               реттеудiң мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеу:

      1) энергия тұтынушылардың сұранысын барынша қанағаттандыру және электр, жылу энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын тұтынушылардың электр және жылу энергиясын жеткiзушiлердi таңдау құқығына кепiлдiк беретiн нарықта бәсекелестiк жағдайлар жасау жолымен қорғау;

      2) Қазақстан Республикасы электр энергетикасы кешенiнiң қауiпсiз, сенiмдi және тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы кешенiн елдiң шаруашылық-экономикалық және әлеуметтiк кешендерiнiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң ерекше маңызды жүйесi ретiнде басқарудың бiртұтастығы мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi мыналар:

      1) басқару бiртұтастығы, бәсекенi дамыту негiзiнде электр энергетикасы кешенiнiң тиiмдi қауiпсiз, жұмыс iстеуi мен дамуы;

      2) тұтынушылардың электр және (немесе) жылу энергиясын жеткiзушіні таңдау құқығы;

      3) табиғи монополия сапасындағы қызметті реттеу, сондай-ақ отандық энергия өндiрушілердi қорғау үшiн жағдайлар жасау;

      4) электр және жылу энергиясының реттелетiн нарығын құру мен жетiлдiру;

      5) электр және жылу энергиясын ұтымды және үнемдi тұтыну;

      6) жаңартылып отыратын және дәстүрлi емес энергия көздерiн пайдалану мен дамыту;

      7) электр энергетикасы кешенiн дамыту мен қайта жарақтандыруға инвестициялар тарту;

      8) қоршаған ортаны қорғау, электр беру желiлерiн, электр және энергия қондырғыларын пайдалану кезiндегi құрылыс сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгi жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындау үшiн жағдайлар жасау;

      9) елдiң шалғай аудандарында энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру үшiн жағдайлар жасау;

      10) Қазақстан Республикасының бiртұтас энергетикалық жүйесi жұмысының және электр энергиясы сапасының мемлекеттiк стандарттарын белгiлеу болып табылады.

      3. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк реттеу:

      1) лицензиялауды;

      2) тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеудi;

      3) электр энергетикасы объектiлерiн монополиясыздандыру мен жекешелендiрудi;

      4) электр энергиясын өндiрудiң, берудiң, техникалық диспетчерлендiру мен тұтынудың сенiмдiлiгiн, қауiпсiздiгi мен үнемдiлiгiн мемлекеттiк қадағалауды;

       5) электр энергетикасы саласындағы техникалық реттеудi қамтиды.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136 , 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.

       4-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:

      1) электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

      2) электр энергетикасын дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi;

      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау туралы ережесiн бекiтедi;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес электр энергиясын сауда-саттықтарда (аукциондарда) өткiзiлетiн, сатып алынатын мүлiк (активтер)  тiзбесiне  енгiзу туралы шешiм қабылдайды;

      5) электр энергетикасы саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

       5-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

       Уәкiлеттi орган :

      1) электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

      2) электр энергетикасын дамыту бағдарламаларын әзiрлейдi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      3) электр энергетикасы саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;

      4) электр энергетикасы саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      5) техникалық регламенттерді қоспағанда, өз құзыреті шегінде электр және жылу энергиясын өндіру, беру және тұтыну саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;

      6) техникалық регламенттердi қоспағанда, техникалық пайдалану және қауiпсiздiк техникасы, жабдықтарды пайдалану сипаттамалары, энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың технологиялық мұқтаждықтарына электр және жылу энергиясын жұмсау нормалары саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;

      7) электр энергетикасы объектiлерiн жобалау, салу, техникалық пайдалану және олардың қауiпсiздiк техникасы, жабдықтарды пайдалану және техникалық-экономикалық сипаттамалары, табиғи монополиялар субъектiлерi болып табылмайтын энергия өндiрушi ұйымдардың технологиялық мұқтаждықтарына электр және жылу энергиясын жұмсау нормалары саласындағы нормативтiк техникалық құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;

      8)  (алып тасталды - 2007.07.27.  N 316 )

      9) кепiлдiк берiп жеткiзушiнi және оның жауапкершiлiк аймағын айқындау тәртiбiн бекiтедi;

      10) энергетикалық сараптаманы жүргiзу әдiстемесiн, тәртiбi мен мерзiмдерiн  айқындайды ;

      11) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiн жасау тәртiбiн белгiлейдi;

      11-1) жүйелік операторды және электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы нарығының операторын белгілейді;

      12) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiмен электр байланысы жоқ аймақтар үшiн электр энергиясының көтерме сауда нарығы жұмыс iстеуiнiң және оны ұйымдастырудың ерекшелiктерiн айқындайды;

      13) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136 , 2006.07.05. N  166 , 2006.12.29. N  209 , 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

       6-бап. Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау мен бақылау

      1. Энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган электр энергетикасы саласындағы қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады.

      2. Энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган:

      1) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы  нормативтiк құқықтық актiлерiнiң  техникалық талаптарының орындалуын;

      2) электр станциялары энергетикалық жабдықтарының, электр және жылу желiлерiнiң, сондай-ақ тұтынушылардың электр мен жылу пайдалану құрылғыларының пайдаланылуы мен олардың техникалық жай-күйін қадағалауды жүзеге асырады.

      3)  (алып тасталды - 2007.07.27.  N 316 )

      3. Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау мен бақылау тексеру жолымен жүзеге асырылады.

      4. Электр энергетикасы объектiлерiн тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкiн.

      5. Уәкiлеттi орган бекiткен жұмыс жоспары тексерудiң негiзi болып табылады. Жұмыс жоспары өздерiне қатысты тексеру жүргiзу көзделiп отырған объектiлер тiзбесiн және тексеру жүргiзу кезеңiн қамтуға тиiс.

      6. Жоспарлы тексеру алдыңғы тексерулерге қатысты жұмыс жоспары заңдарда белгiленген уақыт аралықтарын ескере отырып жүргiзiлетiн, алдын ала жоспарланған iс-шара болып табылады.

      7. Жоспардан тыс тексеру мынадай жағдайларда:

      1) электр энергетикасы объектiлерiндегi авариялық технологиялық бұзушылықтар саны өткен кезеңмен салыстырғанда өскен жағдайда;

      2) мемлекеттiк энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi органға келiп түскен жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың өтiнiштерi бойынша жүргiзiледi.

      8. Электр энергетикасы объектiсiнiң басшысына анықталған бұзушылықтарды жою үшiн орындау мерзiмi мен орындалуына жауапты тұлғалар көрсетiлген белгiленген үлгiдегi нұсқама берiледi немесе объект басшылығы анықталған бұзушылықтарды жою жөнiндегi iс-шаралар жоспарын оған негiздегі әзiрлейтiн акт жасайды, ол мемлекеттiк энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi органға табыс етiледi.

      9. Энергетикалық қадағалау мен бақылау:

      1) электр және жылу энергиясының сапасы жөнiндегi техникалық талаптардың сақталуына;

      2) өз құзыретi шегiнде электр және жылу энергиясын пайдалану  ережелерiнiң  сақталуына;

      3) электр және жылу энергиясының ұтымды және үнемдi пайдаланылуына, оны өндiру, беру, тұтыну режимдерiн оңтайландыруға;

      4) электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң күзгi-қысқы жағдайлардағы жұмысқа дайындығына жүргiзiледi.

      10. Энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган:

      1) электр энергетикасы кәсiпорындарының объектiлер мен жабдықтардың қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындығын бағалау жөнiндегі комиссияларына қатысады;

      2) электр станцияларының, жылу және электр желiлерiнiң жұмысындағы Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикасы жүйесiн бiрнеше бөлiктерге бөлуге, электр және жылу энергиясын тұтынушыларды жаппай шектеуге, iрi электр жабдығын бүлдiруге әкеп соққан iрi технологиялық бұзушылықтарды тексерудiң есебiн жүргiзедi.

      11. Энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:

      1) электр және энергия құрылғыларына қол жеткiзуге;

      2) электр станциялары энергетикалық жабдықтарының, электр және жылу желiлерiнiң, сондай-ақ тұтынушылардың электр жабдықтарының техникалық жай-күйiн кезең-кезеңмен тексерудi жүзеге асыруға;

      3) электр және энергия құрылғыларының техникалық жай-күйi мен пайдалану қауiпсiздiгiне бақылауды жүзеге асыру үшiн электр және жылу энергиясын өндiрудi, беру мен бөлудi және оларды қайта сату мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының техникалық пайдалану ережелерi мен қауiпсiздiк ережелерiн бiлуiне бiлiктiлiк тексерулерiн ұйымдастыруға;

      4) энергетикалық объектiлерде электр және жылу энергиясын қауiпсiз және ұтымды өндiру, беру, бөлу мен пайдалану бойынша энергетикалық сараптама жүргізуді ұйымдастыруға, энергияны үнемдеу саясатының орындалуын бақылауға, заңды тұлғалардың энергетикалық тиiмдiлiгiн зерттеуге;

      5) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi жүзеге асыруға;

      6) қадағалауындағы энергетикалық жабдыққа зерттеу жүргiзу, энергетикалық ұйымдарды кешендi тексеру кезiнде және электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң энергетикалық жабдықтарының жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарды тексеру кезiнде сарапшыларды тартуға;

      7) энергияны үнемдеу бағдарламаларын, нормативтiк-әдiстемелiк актiлерiн, құқықтық және экономикалық тетiктерiн әзiрлеудi ұйымдастыруға;

      8) ұйымдардың меншiк иелерiне аварияларға, жазатайым жағдайлар мен электр энергетикасы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң өзге де техникалық талаптарын өрескел бұзуға жол берген кiнәлi тұлғаларды тәртiптiк жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгiзуге немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғаларды Қазақстан Республикасының  заңдарына   сәйкес  әкiмшiлiк және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы материалдарды тиiстi мемлекеттiк органдарға жiберуге құқылы.
       Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз),  2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       7-бап. Электр энергетикасындағы тарифтердi (бағаларды,
               алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеу

      1. Табиғи монополия субъектiлерiнiң өнiмдерi мен көрсетiлетiн қызметтерiне тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеудi табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын  мемлекеттiк орган  Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

      2. Энергия берушi ұйымдарда электр энергиясын беру жөнiндегi шығындарды есепке алу табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган  белгiлеген   тәртiппен  қызметтiң басқа да түрлерi бойынша шығындардан бөлек жүргiзiледi.

       7-1-бап. Электр энергетикасы саласындағы лицензиялау
 
      Электр энергетикасы саласындағы қызметтің жекелеген түрлері Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.
       Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       8-бап. Өндiрiстiк-технологиялық қызметке араласуға
               жол берiлмеушiлiк

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар ұйымдардың электр және жылу энергиясын өндiру мен беруге немесе осы процестердi технологиялық басқаруға байланысты өндiрiстiк-технологиялық қызметiне араласуға құқылы емес.

       9-бап. Электр станцияларын, электр беру желілері мен
             шағын станцияларды жобалау және салу

      1. Қосалқы (шунтталатын) электр беру желілері мен шағын станцияларды жобалау және салу  уәкілетті органға , табиғи монополиялар салаларындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын  мемлекеттік органға  және  жүйелік операторға  алдын ала хабарлай отырып және олармен келісе отырып жүзеге асырылады.

      2. Электр станцияларын, электр беру желілері мен шағын станцияларды жобалау және салу, сондай-ақ оларды пайдалану концессиялық келісімдер негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      3. Концессиялық келісімдер негізінде салынған кернеуі 220 кВ және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері, шағын станциялар мен тарату құрылғылары осы келісімдердің қолданылу кезеңінде концессионердің уақытша иеленуінде және пайдалануында болады және концессиялық келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлттық электр желісі құрамына беріледі.

      4. Концессиялық келісімдер негізінде салынған кернеуі 220 кВ және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерін, шағын станцияларды, тарату құрылғыларын орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, сондай-ақ пайдалануды  жүйелік оператор  шарттар негізінде жүзеге асырады.
       Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136  Заңымен.

           2-1-тарау. Электр энергетикасы саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы талаптары

       Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.  

       9-1-бап. Жалпы ережелер

      1. Электр жабдықтарын, электр және жылу желiлерiн, тұтынушылар қондырғыларын пайдалану кезiндегi ұйымдастырушылық iс-шаралары адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тиiс.

      2. Электр жабдықтары, электр және жылу желiлерi, электр және жылу энергиясын өндiруге, беру мен пайдалануға арналған тұтынушылар қондырғылары, электр және жылу энергиясы техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.

      3. Тұтынушылардың электр энергиясын қабылдау шығыстарындағы электр энергиясының сапа көрсеткiштерi белгiленген нормаларға сәйкес келуге тиiс.
      Электр энергиясының сапасын бағалау тәртiбi электр энергиясын беруге арналған шарттарда белгiленедi.

      4. Мыналар:
      жұмыс кернеуiнiң атаулы мәннен барынша ауытқуы;
      кернеу жиiлiгiнiң ауытқуы;
      кернеудiң өнеркәсiптiк жиiлiгiнен кернеу артуының рұқсат етiлетiн ұзақтығы электр энергиясы сапасының сипаттамалары болып табылады.

      5. Магистральдық және тарату құбырларында жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған жылу энергиясының параметрлерi ұсталынатын температура кестесiне, желiлiк судың қауiпсiз және сапалық сипаттамалары көрсеткiштерiне сәйкес келуге тиiс.

       9-2-бап. Электр энергетикасы саласындағы жабдықтар мен
               электр қондырғыларын жобалау кезiндегi
               қауiпсiздiк талаптары

      1. Электр желiлерiн жобалау және пайдалану кезiнде осы Заңға және техникалық регламенттерге сәйкес электр энергиясына белгiленген талаптардың орындалуы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      2. Электр және жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға арналған электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтары, тұтынушылардың қондырғылары техникалық регламенттерде белгiленген техникалық талаптарға сәйкес келуге тиiс.

       9-3-бап. Электр және жылу энергиясын өндiру, беру және
               тұтыну кезiнде пайдаланылатын 
               электр-техникалық жабдықтар мен материалдарға
               қойылатын қауiпсiздiк талаптары

      1. Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн және оның аумағына әкелiнетiн электр-техникалық жабдықтар мен материалдар техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келуге және Қазақстан Республикасының  заңнамасында  көзделген жағдайларда сәйкестiктi растау рәсiмiнен өткiзiлуге тиiс.

      2. Электр-техникалық жабдықтар мен материалдар адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн  талаптарға  сәйкес келуге тиiс.

      3. Техникалық регламенттерде қойылатын талаптарға сәйкестiгi расталуға жататын электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтарын, тұтынушылардың қондырғыларын сәйкестiктi растау саласындағы құжатсыз пайдалануға беруге жол берiлмейдi.

      4. Электр станцияларының, электр және жылу желiлерiнiң жабдықтары, тұтынушылардың қондырғылары қауiпсiз жағдайларды қамтамасыз ететiн, техникалық жағынан жарамды күйде болуға тиiс.  

  3-тарау. Электр энергиясы нарығындағы жүйелік
оператор мен энергияны өндіру, беру және тұтыну
қатынастарына қатысушылар

       10-бап. Жүйелiк оператор

      1.  Жүйелiк оператор  мынадай функцияларды орындайды:

      1) шартқа сәйкес ұлттық электр желiсi бойынша электр энергиясын беру жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi, оған техникалық қызмет көрсету мен оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды қамтамасыз етедi;

      2) электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасау мен тәулiктiк кестесiн қалыптастыруды қоса алғанда, шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң жұмыс режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыра отырып, техникалық диспетчерлендiру жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;

      3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi жұмысының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етедi;

      4) электр қуатын реттеу жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;

      5) электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн табиғи реттеу жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;

      6) электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн бұдан кейiн қаржылық реттеудi Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленген  тәртiппен жүзеге асырады;

      7) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде энергия өндiрушi ұйымдар арасындағы қуат резервтерiнiң көлемiн, құрылымын, таратылуын және қуат резервтерiнiң iске қосылуын айқындайды;

      8) нақты уақыт режимiндегi электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы мен жүйелiк және қосалқы көрсетiлетiн қызметтер нарығының жұмыс iстеуiн ұйымдастыруды  жүзеге асырады ;

      9) iргелес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс режимдерiн басқару мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнiнде өзара iс-қимыл жасайды;

      10) электр энергиясын коммерциялық есепке алудың, электр энергиясы көтерме сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң релелiк қорғау мен аварияға қарсы автоматикасының бiрлескен құрылғыларының бiртұтас ақпараттық жүйесiн, автоматтандырылған жүйесiн құру жөнiнде техникалық және әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;

      11) ұлттық электр желiсiне электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң қол жеткiзуi үшiн тең жағдайларды қамтамасыз етедi;

      12) Қазақстан Республикасының электр энергиясы көтерме сауда нарығына қатысушыларды коммерциялық және  заңмен  қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi қозғамайтын ақпаратпен қамтамасыз етедi;

      13) электр станцияларының, шағын станциялардың негiзгi жабдықтарын, электр беру желiлерiн, релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын, технологиялық басқару және олардың жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету жүйелерiн жөндеуге шығаруды келiседi;

      14) су электр станцияларының су-шаруашылық теңгерiмдерiн ескере отырып олардың жұмыс режимдерiн және Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң жұмыс режимдерiн әзiрлеуге қатысады;

      15) электр энергиясының теңгерiмдерiн ұзақ мерзiмдi болжауды әзiрлеудi жүзеге асырады.

      2. Жүйелiк оператордың мынадай жағдайларда:

      1) технологиялық және өндiрiстiк мұқтаждықтарға;

      2) iргелес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен бiрге электр энергиясы ток ағымдарының шарттық шамаларын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Жүйелiк оператор Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асырады.

      4. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару:

      1) электр энергиясын сатып алу-сату, беру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу шарттарының талаптарын iске асыратын Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн басқарудан;

      2) электр энергиясының мемлекетаралық ток ағымдары режимдерiн басқарудан;

      3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде технологиялық бұзылыстарды болдырмауды, оқшауландыруды және жоюды қамтамасыз етуден;

      4) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi қуат резервтерiн оралымды басқарудан;

      5) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнiң сенiмдi және тұрақты жұмысын қамтамасыз ететiн релелiк қорғау, аварияға қарсы және режимдiк автоматика жүйелерiнiң құрылымын, принциптерін, орналасқан жерлерiн, көлемдерi мен қондырғыларын айқындаудан;

      6) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiнде электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестелерiн қалыптастыру мен бекiтуден;

      7) электр энергиясының көтерме сауда нарығындағы электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасаудан тұрады.

      5. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару және тиiстi өкiмдер беру электр энергиясының сапалық сипаттамасының ағымдағы мәнi - қуаты, жиiлiгi және кернеуi негiзiнде жүзеге асырылады.

       11-бап. Орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк
                басқаруды жүзеге асыру кезiндегi электр
                энергиясын өндiру, беру және тұтыну
                режимi жөнiндегi өкiмдер

      1. Жүйелiк оператордың орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқару кезiндегi электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерi жөнiндегi өкiмдерi электр энергиясы көтерме сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.

      2. Жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимi жөнiндегi жедел өкiмдердi орындамайтын электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр қондырғыларын орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқарудағы электр жүйелерiнен ажыратуға құқылы.

       12-бап. Электр энергиясын өндiру мен беруге
                қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Электр энергиясын өндiру мен беруге қатысушылардың:

      1) жасалған шарттар негiзiнде жүйелiк қызмет көрсетудi пайдалануға;

      2) жүйелiк оператордан электр энергиясын өндiру және беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру үшiн қажеттi техникалық ақпаратты алуға құқығы бар.

      2. Электр энергиясын өндiру мен беруге қатысушылар:

      1) жүйелiк операторға Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпарат пен электр станциялары жұмысының техникалық-экономикалық көрсеткiштерi жөнiнде (өндiру, шиналардан жiберу, өзiндiк қажеттiлiктер, шиналардан электр энергиясын жiберуге жұмсалатын үлестiк шығыстар) нақты ақпарат беруге;

      2) коммерциялық есепке алу аспаптарына жүйелiк операторды жiберуге;

      3) техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес электр энергиясының сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;

      4) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi стандартты жиiлiктi реттеу мен ұстап тұруды жасалған шарттар негiзiнде жүйелiк оператормен бiрлесе отырып жүзеге асыруға;

      5) техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес негiзгi және қосалқы жабдықты, аварияға қарсы және режимдiк автоматика, релелiк қорғау, диспетчерлiк технологиялық басқару құралдарын жұмыс жағдайында ұстауға;

      6)  уәкiлеттi орган  айқындайтын көлемде өз объектiлерiнде жаңа релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын орнатуға және олардың пайдаланылып келе жатқандарын жетiлдiруге мiндеттi.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.  

       13-бап. Электр энергиясын өндiру мен беруге
                қатысушыларға қойылатын талаптар

      1. Өңiрлiк электр желiлiк компаниялары олардың желiлерiне қосылған электр энергиясы бөлшек сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестелерiн сақтауын және өңiрлiк электр желiлiк компанияларының желiлерi мен ұлттық электр желiсi арасында жүйелiк оператормен келiсiлген электр энергиясы сальдо-ток ағымдарының сақталуын қамтамасыз етедi.

      2. Энергиямен жабдықтау тұтынушының кiнәсiнсiз тоқтатылған жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйым - электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушi тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды шарт негiзiнде қамтамасыз етедi.

      3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өзiнiң тұтынушыларын энергиямен жабдықтау мақсатында энергия өндiрушi ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.

      3-1. Энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын:

      1) тұтынушыларға, энергиямен жабдықтайтын ұйымдарға, энергия беруші ұйымдарға (электр энергиясының өз желілеріндегі және шаруашылық мұқтаждарына нормативтік шығындарын жабу үшін) және электр энергиясын орталықтандырылмаған сатып алу-сату нарығында жасалатын шарттар негізінде экспортқа;

      2) электр энергиясын орталықтандырылған сауда нарығында;

      3) электр энергиясын теңгерімдеуші нарықта сатуды жүзеге асыруға міндетті.

      4. Энергия өндiрушi ұйымдар жүйелiк қызмет пен қосалқы қызмет көрсету нарығының ұйымдастырылуы және жұмыс iстеуi ережелерiнде белгiлеген тәртiппен қуат резервтерiн, көлемiн, құрылымын ұстап тұруды және орналастыруды қамтамасыз етедi.

      5. Электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар жүйелiк оператор электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн табиғи реттеу нәтижелерi бойынша беретiн теңгерiмдеушi электр энергиясы көлемдерiнiң есептерi негiзiнде электр энергиясын өндiру-тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасындағы электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығында қаржылық реттеу үшiн өзара мiндеттемелер атқарады.

      6. Электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi меншiк нысанына қарамастан нақты уақыт режимiнде теңгерiмдеушi тетiкке (нарыққа) қатысуға мiндеттi.

      7. Энергия өндiрушi ұйымдар - су электр станциялары суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңiнде өндiрiлетiн электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықтарда сатуға мiндеттi.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  4-тарау. Электр энергиясы нарығының жұмыс істеуі
негізінде энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру

       14-бап. Электр және жылу энергиясының нарығы

      1. Қазақстан Республикасында энергиямен жабдықтау электр және жылу энергиясы нарықтарының жұмыс iстеуi жағдайларында жүзеге асырылады.

      2. Электр және жылу энергиясы нарықта тауар болып табылады.

      3. Электр энергиясының нарығы екi деңгейден: электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарықтарынан, ал жылу энергиясының нарығы бiр деңгейден - бөлшек сауда нарығынан тұрады.

      4. Энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын кепілдікпен берушілер және электр энергиясын кейін сату мақсатында сатып алуды жүзеге асыратын ұйымдар электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта табиғи монополиялар салаларындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган  белгілеген  тәртіппен сатып алуға немесе сатуға тиіс.

      5. Жүйелiк оператор, өңiрлiк электр желiлерi компаниялары мен электр желiлерiн иеленетiн өзге де ұйымдар табиғи монополиялар салаларындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган  белгiлеген  тәртiппен нарықтың барлық қатысушыларының электр энергиясы нарығына еркiн қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.

      6. Энергия берушi ұйымның энергия өндiрушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарды орындаған жағдайда оларды электр және жылу жүйелерiне қосудан, сондай-ақ оларға электр немесе жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.

      7. Электр немесе жылу энергиясы нарығында электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну кезiнде туындайтын қатынастар электр энергетикасындағы тиiстi шарттармен реттеледi.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136 , 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       15-бап. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы

      1. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы:

      1) нарыққа қатысушылар жасасатын тараптардың келiсiмдерiмен белгiленетiн жеткiзу бағалары мен талаптары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының негiзiнде жұмыс iстейтiн электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығынан;

      2) электр энергиясын қысқа мерзiмдi (спот - сауда-саттық), орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) негiзде сатып алу-сату үшiн ұйымдастырылған сауда алаңынан тұратын электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығынан;

      3) жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiнде бекiткен Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты және шарттық шамалары арасында операциялық тәулiкте туындайтын сағат сайынғы теңгерiмсiздiктердi табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеу мақсатында жұмыс iстейтiн нақты уақыт режимiндегi теңгерiмдеушi нарықтан;

      4) мемлекеттiк стандарттармен белгiленген Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi жұмысының сенiмдiлiгi мен электр энергиясының сапасын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен сатып алуы негiзiнде де, жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне тиiсiнше қызметтер көрсету негiзiнде де жұмыс iстейтiн жүйелік және қосалқы көрсетiлетiн қызметтер нарығынан тұрады.

      2. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы:

      1) спот - сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;

      2) электр энергиясының орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;

      3) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткiзуiне тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi;

      4) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған саудасының ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келуiн айқындайды;

      5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарында электр энергиясын сатып алу-сату жөнiнде жасалған мәмiлелердi тiркеу мен есепке алуды жүзеге асырады;

      6) өз құзыретi шегiнде электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерiн орталықтандырылған сауда-саттықта қалыптасқан электр энергиясының индикативтiк бағалары жөнiндегi ақпаратпен және басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етедi.

       16-бап. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы

      1. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қол жеткiзу тәртiбiн табиғи монополиялар салаларындағы қызметті бақылау мен реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган  айқындайды .

      2. Өңiрлiк электр желiлерi компаниялары электр энергиясын оның баланстық тиесiлiк шекараларында электр желiлерi бойынша беру функцияларын жүзеге асырады.

      3.  алып тасталды - 2006.04.11. N  136  Заңымен.

      4. Шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлерге энергиямен жабдықтаушы өзге ұйымдарға қарағанда артықшылықтар беруге болмайды.
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136 , 2007.07.27.  N 316  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       17-бап. Электр энергиясының көтерме сауда
                нарығындағы шарттар

      1. Электр энергиясын сатып алу-сату, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу, электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөнiнде қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiне , осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де  нормативтiк   құқықтық   актiлерiне  сәйкес жасалатын шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.

      2. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында:

      1) тәулiктiк электр тұтыну кестесi;

      2) энергия өндiрушi ұйымдардың электр қуатын резервтеу тәртiбi болуға тиiс.

      3. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу жөнiнде қызметтер көрсету шарттарында шарт бойынша уақтылы ақы төленбеген жағдайда энергиямен жабдықтауды немесе тиiстi қызметтер көрсетудi тоқтату жағдайлары мен тәртiбi болуға тиiс.
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136  Заңымен.

       18-бап. Электр және жылу энергиясының бөлшек сауда
                нарығындағы шарттар

      1. Бөлшек сауда нарығында электр және жылу энергиясын сатып алу-сату энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен тұтынушылар жасасатын шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

      2. Энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдар бөлшек сауда нарығында жасасатын шарттарда электр және жылу энергиясының бөлшек сауда нарығына барлық қатысушылар үшiн тең жағдайлар болуға мiндеттi.

      3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткiзетiн электр энергиясының бағалары мен оларды беру жағдайлары тараптардың келiсiмi бойынша энергия берушi ұйымның тарифiн ескере отырып, сатып алу-сату шартына сәйкес белгiленедi.

      4. Өңiрлiк электр желiлерi бойынша электр энергиясын беру энергиямен жабдықтаушы ұйым немесе тұтынушы өңiрлiк электр желiсi компаниясымен Қазақстан Республикасының Үкiметi  белгiлеген  үлгi нысан бойынша жасасатын электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтер көрсету шартының негiзiнде жүзеге асырылады.

      5. Электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлер мен тұтынушылар арасындағы энергиямен жабдықтау шарты жария шарт болып табылады.

       19-бап. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың
                құқықтары мен мiндеттерi

      1. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың:

      1) жасалған шарттарға сәйкес электр және жылу энергиясын алуға;

      2) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiзбеуден немесе сапасыз жеткiзуден келтiрiлген нақты нұқсанның орнын толтыруды талап етуге;

      3) шарттар жасасуға және оларды орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу үшiн сотқа жүгiнуге;

      4) тұтынылған электр энергиясы үшiн сараланған тарифтiк есепке алу жүйелерi бойынша ақы төлеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзуге құқығы бар.

      2. Электр және жылу энергиясын тұтынушылар:

      1) тұтынушылардың меншiгiндегi электр және энергия қондырғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiсiнше техникалық жағдайда ұстап тұруға, электр және жылу энергиясын пайдалану  ережелерiне  сәйкес олардың техникалық жағдайына қойылатын талаптарды орындауға;

      2) электр және жылу энергиясын сатып алу-сату шартында айқындалған энергия тұтыну режимдерiн сақтауға;

      3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетика жүйесiндегi электр энергиясының стандарттық жиiлiгiн ұстап тұруға бағытталған нормативтiк талаптарды орындауға;

      4) жасалған шарттарға сәйкес босатылған, берiлген және тұтынылған электр және (немесе) жылу энергиясының ақысын уақтылы төлеуге;

      5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ  мемлекеттiк  энергетикалық қадағалау мен бақылау жөнiндегi органның қызметкерлерiн электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн жiберуге;

      6) қосымша қуаттарды қосқан кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі  белгілеген  тәртіппен электр энергетикасы қондырғылары объектілерін кеңейту және реконструкциялау үшін энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың шығындарын өтеуге міндетті.
       Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2006.04.11. N  136  Заңдарымен.

  5-тарау. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi авариялық бұзылыстар кезінде электр энергетикасы объектілерін басқару

       20-бап. Авариялық бұзылыстардың алдын алу және
                оны жою үшiн қолданылатын шаралар

      1. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi авариялық бұзылыстардың сыныптамасын, оларды болдырмау және жою үшiн қолданылатын шараларды жүзеге асыру тәртiбiн уәкiлеттi орган  айқындайды .

      2. Жүйелiк аварияларды жою үшiн жүйелiк оператор меншiк нысанына қарамастан кез келген энергия өндiрушi ұйымдардың резервтiк қуаттарын және тұтынушылардың автономиялық қоректену көздерiн тартады.

      3. Авариялық бұзылыстарды жою үшiн қуат жетiспеген кезде жүйелiк оператордың су электр станцияларының авариялық резервiн пайдалану үшiн гидротораптар арқылы суды шығындаудың бекiтiлген кестелерiне жедел өзгерiстер енгiзуге құқығы бар.

      4. Электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы өтей алмайтын теңгерiмсiздiк туындаған кезде жүйелiк оператордың Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiндегi электр тогының нормативтiк жиiлiгiн ұстап тұру мақсатында электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.

       21-бап. Авариялық бронь бойынша энергиямен жабдықтау

      1. Жүйелiк авария туындаған кезде тұтынушыларды энергиямен жабдықтау электрмен үздiксiз жабдықтауды қажет ететiн, қызметiнiң тоқтатылуы адамдар өмiрiне қатер төндiретiн, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарға әкеп соқтыратын шаруашылық инфрақұрылым ұйымдары үшiн технологиялық себептерге орай электр қуатын авариялық бронь мөлшерiнде берудi қамтамасыз ететiн, энергия берушi ұйымдар әзiрлейтiн схемалар бойынша жүзеге асырылады.

      2. Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .

      3. Бюджет қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекемелерге авариялық бронь мемлекеттiк мекемелердiң электр энергиясын тұтыну жөнiндегi шығыстарына көзделген қаражат шегiнде, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар мен өзге де ұйымдар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ресiмделген тиiстi банктiк кепiлдiгi болған жағдайда берiледi.

       22-бап. Электр энергетикасы объектiлерiнiң сақталуын
                және тұтастығын қамтамасыз ету

      1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектiлерiн күзетудi арнаулы әскерилендiрiлген күзет қызметтерi немесе Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң бөлiмшелерi жүзеге асырады. Мұндай объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      2. Электр және жылу желiлерiн күзету, электр және жылу желілерінің күзет аймақтарында жұмыс жүргізу ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .

      3. Энергия өндiрушi, энергия берушi ұйымдардың электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру мен берудiң бiртұтас технологиялық процесiне қатысатын мүлкi бөлiнбейтiн мүлiк болып табылады.

      4. Электр энергетикасының объектiлерiн және (немесе) оның жекелеген бөлiктерiн меншiк нысанына қарамастан сатып алу-сату, жалға немесе сенiмдi басқаруға беру  уәкiлеттi орган  мен табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын  мемлекеттiк органды  алдын ала хабардар етiп және олармен келiсе отырып жүзеге асырылады.
       Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136  Заңымен.

       23-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы
                туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiлеген тәртiппен жауапты болады.

  6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

       24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң:

      1) 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 2-тармағы мен 14-бабының 4-тармағын;

      2) 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 13-бабының 6-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. 10-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында және 2-тармағының 2) тармақшасында белгiленген нормалар 2007 жылдың 31 желтоқсанына дейiн қолданылады.

      3. "Электр энергетикасы туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 20, 729-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.11. N  136  Заңымен.

       25-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер

      1. Энергия берушi ұйымдар электр және (немесе) жылу энергиясын беру жөнiндегi қызметтi энергиямен жабдықтау жөнiндегi қызметтен бөлудi 2004 жылғы 1 қазанға дейiн жүзеге асырсын.

      2. Өңірлік электр желісі компаниялары электр энергиясын беру жөніндегі қызметті энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлуді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар құру жолымен 2004 жылғы 1 қазанға дейін жүзеге асырсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті