Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 450-ІІ Заңы.

Жаңартылған

      Кишиневте 2002 жылғы 7 қазанда жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісім бекітілсін.

Қазақстан Республикасының


Президенті


Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымының
құқықтық мәртебесi туралы
КЕЛIСIМ

      (2003 жылғы 18 қыркүйекте күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Ұжымдық қауіпсiздiк туралы шартқа қатысушы мемлекеттер,

      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы Шартты (бұдан әрi - Шарт) негізге ала отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптерiн басшылыққа ала отырып,

      Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымының (бұдан әрi - Ұйым) мақсаттары мен принциптерiн тиiмдi iске асыру үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етуге ниет білдiре отырып,

      төмендегілер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнің мақсаттары үшiн келтiрiлген төмендегi терминдер мынаны білдiредi:

      "Тараптар" - осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер;

      "мүше-мемлекеттер" - Ұйымға мүше-мемлекеттер;

      "Кеңес" - Ұйым Жарғысының IV-тарауына сәйкес құрылған Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi;

      "болу мемлекетi" - аумағында Ұйым Хатшылығы орналасатын немесе оның iс-шарасы өткiзiлетiн мүше-мемлекет;

      "Ұйым органдары" - Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi, Сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесi, Қорғаныс министрлерiнiң кеңесi, Ұйымға мүше-мемлекеттер Қауiпсiздiк кеңесi хатшыларының комитетi;

      мүше мемлекеттердің өкілдері" - мүше мемлекеттердің Ұйым жанындағы Тұрақты және Тұрақты Өкілдерін қоспағанда, Ұйым шеңберінде өткізілетін іс-шараларға қатысатын делегациялардың басшылары мен мүшелерін қоса алғанда, Ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері;

      "Ұйым жанындағы Тұрақты және Тұрақты Өкіл" (бұдан әрі - Тұрақты өкіл) - Ұйымға мүше мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тағайындайтын, Ұйым мәселелері жөніндегі қызмет және Ұйым Жарғысының IV тарауына сәйкес құрылған Тұрақты кеңестегі жұмыс үшін өзін жіберген мемлекет қажетті өкілеттіктер берген өкіл;

      "Ұйым жанындағы мүше мемлекеттің тұрақты өкілдігі" (Өкілдік) - ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет Ұйым жанындағы оның мүдделерін білдіру үшін жіберетін Тұрақты өкіл басшылық жасайтын тұрақты сипаттағы миссия;

      "Өкілдіктің үй-жайлары" - өкілдіктің басшылық резиденциясын, сондай-ақ оларға меншік құқығы кімге тәуелді болмасын оларға қарасты жер телімдерін қоса алғанда өкілдіктің мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимараттар мен құрылыстар;

      "Өкілдік қызметкерлері" - Тұрақты өкіл мен Өкілдік персоналының мүшелері;

      "Өкілдік персоналының мүшелері" - Өкілдіктің дипломатиялық персоналының, әкімшілік-техникалық персоналы мен қызмет көрсетуші персоналының мүшелері;

      "Дипломатиялық персонал мүшелері" - дипломатиялық дәрежесі бар Өкілдік персоналының мүшелері;

      "Әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері" - өкілдікке әкімшілік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын Өкілдік персоналының мүшелері;

      "Қызмет көрсетуші персонал мүшелері" - Өкілдікке қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындайтын Өкілдік персоналының мүшелері;

      "Хатшылық" - Ұйымның тұрақты әрекет ететiн жұмыс органы;

      "Бас хатшы" - Кеңес тағайындайтын, Хатшылықты басқаратын Ұйымның жоғары әкiмшiлік лауазымды тұлғасы;

      "Бас хатшының орынбасары" - Ұйымның жоғарғы әкімшілік лауазымды адамының орынбасары, тізбесін Кеңес айқындайтын, Хатшылықтағы лауазымдарға әрбір мүше мемлекетке бекітіп берілген квоталарға сәйкес белгіленген тәртіппен бекітілетін адамдар қатарындағы лауазымды адам;

      "лауазымды тұлғалар" - тiзбесiн Кеңес анықтайтын, әрбiр мүше-мемлекетке бекiтiліп берiлген лауазымдар квотасына сәйкес Ұйымға мүше-мемлекеттердің ұсынымы бойынша Ұйым шеңберiнде белгiленген тәртiппен бекiтiлетін тұлғалар;

      "қызметкерлер" - Ұйым шеңберiнде мамандар ретiнде өздерімен жасалған шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн тұлғалар;

      "Ұйым үй-жайлары" - Ұйымның ресми мақсаттары үшiн пайдаланылатын және Ұйымға болу мемлекетi ұсынған барлық үй-жайлар, ғимараттар немесе ғимараттардың бөлiгi;

      "отбасы мүшелері" - Бас хатшының, Өкілдік өкілдерінің және Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің, Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің күйеуі (әйелі), кәмелетке толмаған балалары мен оның асырауындағы адамдар .

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.10.24 N 74-IV; 17.04.2020 № 317-VI Заңдарымен.

I. Ұйымның құқықтық қабiлеттiлiгi, артықшылықтары
мен иммунитеттерi

2-бап

      Ұйым әрбiр мүше-мемлекеттiң аумағында Ұйым Жарғысына сәйкес өз мақсаттарын iске асыру үшiн қажеттi құқықтық қабiлеттiлiктi пайдаланады.

3-бап

      Ұйымның мүлiгi мен активтерiне қол сұғылмайды. Олар Ұйымның өзi иммунитеттен бас тартқан жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк немесе соттық қол сұғудың кез келген түрiнен иммунитеттi пайдаланады.

      Ұйымның үй-жайы, сондай-ақ оның мұрағаттары мен құжаттары, соның iшiнде қызметтiк хат-хабарлар орналасқан орнына қарамастан тiнтуге, реквизициялауға, тәркілеуге немесе қол сұғудың кез келген басқа түрiне жатпайды.

      Болу мемлекетiнiң тиiстi билiк және басқару органдарының өкiлдерi Бас хатшының немесе оны алмастыратын адамның келiсiмiнсiз Ұйымның үй-жайына кiре алмайды.

      Болу мемлекетінің тиiстi билiк және басқару органдарының шешiмi бойынша кез келген iс-қимылдарды орындау Ұйымның үй-жайларында тек Бас хатшының немесе оны алмастыратын адамның келiсiмiмен ғана орын алуы мүмкiн.

      Ұйымның үй-жайы Тараптардың бiрiнiң заңы бойынша iздестiруде жүрген немесе мүше-мемлекетке не үшiншi тарапқа ұстап беруге жататын адамдарға баспана бола алмайды.

      Ұйым үй-жайларының қол сұғылмаушылығы оларды Ұйымның функцияларымен сәйкес келмейтiн немесе Тараптардың қауiпсiздiгiне, жеке немесе заңды тұлғалардың мүдделерiне залал келтiретiн мақсаттарға пайдалануға құқық бермейдi.

      Болу мемлекетi Ұйымның үй-жайларын барлық басып кiрулерден және залал келтiруден қорғау үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.

4-бап

      Ұйым мүше-мемлекеттерде қызмет көрсетудiң (қызметтiң) нақты түрлерiне төлеудi қоспағанда, тiкелей салықтар мен алымдардан, баждар мен басқа да төлемдерден босатылады.

      Ұйымның ресми пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүлiктер мүше-мемлекеттерде бұл үшiн белгiленген жерлерден тыс немесе тиiстi кедендiк органның және осыған ұқсас қызмет көрсету түрiнiң жұмыс уақытынан тыс тасымалдау, сақтау, кедендiк ресiмдеу үшiн алымдарды қоспағанда, өзге халықаралық ұйымдар үшiн көзделген тәртiпте кедендiк баж, салықтар салудан және осымен байланысты алымдардан босатылады. Оларды басқа мақсаттарда пайдалану, соның iшiнде оларды сату немесе пайдалануға беру болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес кедендік төлемдердi төлеуге және басқа да талаптарды орындауға әкелiп соғады.

5-бап

      Ұйым өзінің ресми байланыс құралдарына қатысты болу мемлекетi дипломатиялық миссияларға ұсынатын жағдайдан қолайлырақ жағдайларды пайдаланады.

6-бап

      Ұйым Ұйымның жалауын, эмблемасын немесе басқа да рәмiздерiн ол орналасқан үй-жайларда iлiп қоюына және оларды қызметтiк автокөлiк құралдарында пайдалануына болады. Ұйымның рәміздерін басқа жерлерде орналастыру болу мемлекетімен келісуге жатады.

7-бап

      Ұйым мүше-мемлекеттердiң заңнамаларын сақтай отырып, өзiнiң мақсаттары мен функцияларына сәйкес жариялануы оның органдарының шешiмдерiмен көзделген баспа өнiмдерiн шығарады және таратады.

8-бап

      Болу мемлекетi шаруашылық шарттардың негiзiнде Ұйым бюджетiнiң қаражаттары есебiнен оның функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi үй-жайлармен қамтамасыз етуде Ұйымға көмек көрсетедi.

9-бап

      Ұйым осы Келiсiмде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге байланысты кез келген терiс пайдаланудың алдын алу мақсатында мүше-мемлекеттердiң билiк және басқару органдарымен тұрақты ынтымақтастықты жүзеге асырады.

9 1 -бап

      Ұйымның артықшылықтары мен иммунитеттерін белгілейтін осы Келісімнің ережелері Ұйымның Біріккен штабына қолданылады.

      Ескерту. 9 1 -баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.10.24 N 74-IV Заңымен.

II. Ұйым Бас хатшысының, лауазымды тұлғалары мен
қызметкерлерiнiң артықшылықтары мен иммунитеттерi

10-бап

      Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi халықаралық қызметкерлер болып табылады және Тараптардың билiк органдарынан немесе ресми тұлғаларынан нұсқаулар сұрауға немесе алуға тиiс емес.

      Әрбiр Тарап Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi функцияларының халықаралық сипатын мүлтiксiз құрметтеуге және оларға ықпал етпеуге мiндеттенедi.

11-бап

      Егер Бас хатшы, Бас хатшының орынбасарлары, олармен бірге тұратын отбасы мүшелері болу мемлекетінің азаматтары болмаса, олар 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында дипломатиялық агент және оның отбасы мүшелері үшін көзделген көлемде артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

12-бап

      Ұйымның лауазымды тұлғалары және болу мемлекетiнде олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi:

      а) айтылған немесе жазылған және лауазымды тұлғалар ретiнде жасалған iстерi үшiн қылмыстық, азаматтық және әкiмшiлiк жауапқа тартылмайды;

      б) жалақысына және Ұйым төлейтiн өзге де сыйлық ақыларына салық салудан босатылады;

      в) барлық мiндеттi мемлекеттiк борыштылықтан босатылады;

      г) көші-қон жөнiндегi шектеуден және шетел азаматтары ретiнде тiркеуден босатылады;

      д) бастапқы шұғылдануға арналған заттар мен өзге де мүлiктер үшiн белгiленген жерлерден тыс немесе тиiстi кедендiк органның және осыған ұқсас қызмет көрсету түрiнiң жұмыс уақытынан тыс тасымалдау, сақтау, кедендiк ресiмдеу үшiн алымдарды қоспағанда, кедендік баж, салықтар салудан және осымен байланысты алымдардан босатылады. Айтылған заттар мен мүлiктердi өзге мақсаттарға пайдалану, соның iшiнде сату, пайдалануға беру кедендiк төлемдердi төлеуге және болу мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес басқа да талаптарды орындауға әкелiп соғады;

      e) халықаралық дағдарыс кезiнде дипломатиялық өкiлдер пайдаланатын оралу жөнiндегi жеңiлдiктердi пайдаланады.

      "Б", "г", "д", "e" тармақтары болу мемлекеттерiнің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерiне қолданылмайды.

      Ұйымның лауазымды тұлғалары мен олардың болу мемлекетiнiң азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерi, егер Ұйымның өтiнiшi бойынша болу мемлекетiнiң құзыреттi органдары аталған тұлғаларға қажеттi уақытша кейiнге қалдыруды ұсынған жағдайда әскери борыштылықтан босатылады.

13-бап

      Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтердi қоспағанда, жеке басының немесе өзге адамдардың мүддесi үшiн коммерциялық немесе кез келген басқа қызметпен айналысуға құқылы eмec.

      Осы Келiсiмнің 11 және 12-баптарына сәйкес болу мемлекетiнде салық салудан босатылған адамдар, егер олар осы бапта аталған қызметтерден табыс алатын болса, ондай қызметтерден алатын жиынтық табысын декларацияда көрсетедi және болу мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес оған салық төлейдi.

14-бап

      Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi кез келген көлiк құралдарын пайдаланумен байланысты үшiншi адамның денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлуi мүмкiн залалдан сақтандыруға қатысты болу мемлекетiнiң заңнамасында көзделген талаптарды сақтауы тиiс.

15-бап

      Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi мыналарды ұсыну жағдайларынан басқа, олардың қызметтік мiндеттерiн тiкелей орындау кезiнде жасайтын iс-қимылдарына қатысты болу мемлекетiнiң юрисдикциясына жатпайды:

      а) Ұйымға, лауазымды тұлғаға немесе қызметкерге, оны басқаратын адамға тиесiлі көлiк құралдарынан туындаған жол-көлiк оқиғасына байланысты залалдың орнын толтыру талап арыздарын;

      б) қайтыс болуына немесе дене жарақатына, лауазымды тұлға немесе қызметкер тарапынан туындаған iс-қимылдарға байланысты талап арыздарды.

      Болу мемлекетiнің азаматтары болып табылмайтын Ұйым қызметкерлерi көші-қон жөнiндегi шектеулерден және шетелдiктер ретiнде тiркеуден босатылады.

16-бап

      Ұйымның лауазымды тұлғаларының немесе қызметкерлерiнiң құжаттары болу мемлекетінде кез келген уақытта және ақпарат таратушыларға қарамастан қол сұғылмайды.

17-бап

      Болу мемлекетінің азаматтары болып табылмайтын Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi орналасқан тұрғын үйлер болу мемлекетiнде қол сұғылмайды және олар тiнтуден, реквизициядан, тұтқындаудан және атқарушылық iс-әрекеттерден иммунитеттi пайдаланады.

18-бап

      Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер олардың жеке пайдасы үшiн емес, Ұйымның мүддесiнде өздерiнiң ресми функцияларын тиiмдi, тәуелсiз орындау үшiн ұсынылады.

19-бап

      Бас Хатшы, лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерi тағайындалған жерге жүру кезiнде болу мемлекетiнің аумағына кiрген сәттен бастап немесе, егер олар осы аумақта болса, Бас хатшы немесе лауазымды тұлға өз мiндеттерiн орындауға кiрiскен сәттен бастап осы Келiсiмде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.

      Бас хатшының немесе лауазымды тұлғаның функциялары аяқталған жағдайда оның артықшылықтары мен иммунитеттерi, сондай-ақ онымен бiрге тұратын оның отбасы мүшелерiнiң артықшылықтары мен иммунитеттерi, әдетте, осы адамның болу мемлекетiн тастап кеткен сәтiнен немесе осы сәттердiң қайсысы бiрiншi түсетiндiгiне байланысты жасау үшiн орынды мерзiмнiң аяқталуы бойынша тоқтатылады.

      Бас хатшының немесе лауазымды тұлғаның отбасы мүшелерiнің артықшылықтары мен иммунитеттерi олар отбасы мүшелерi болудан қалған жағдайда тоқтатылады. Егер осындай адамдар орынды мерзiм iшiнде болу мемлекетiн тастап кету ниетiнде болса, онда олардың артықшылықтары мен иммунитеттерi олар кеткен уақытқа дейiн сақталады.

      Ұйымның Бас хатшысы немесе лауазымды тұлғасы қайтыс болған жағдайда оның бiрге тұратын отбасы мүшелерi олар болу мемлекетін тастап кеткен сәтке дейін немесе осы сәттердің қайсысы бiрiншi түсетiндiгiне байланысты болу мемлекетiн тастап кетудiң орынды мерзiмi аяқталғанға дейiн оларға ұсынылған артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануды жалғастырады.

20-бап

      Осы Келiсiмге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын барлық тұлғалар олардың артықшылықтары мен иммунитеттерi үшiн залалсыз түрде болу мемлекетiнiң заңнамасын құрметтеуге мiндеттi. Олар сондай-ақ осы мемлекеттің iшкi iстерiне араласпауға мiндетті.

21-бап

      Ұйымның пiкiрi бойынша иммунитет әдiлдiктi жүзеге асыруға кедергi жасаған жағдайда және иммунитеттен бас тарту ол ұсынған мақсаттарға залал келтiрмесе, Ұйым оның лауазымды тұлғасының иммунитетiнен бас тарта алады. Бас хатшыға қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Кеңеске тиесiлі.

      Иммунитеттен бас тарту айқын көрсетiлуi керек.

21 1 -бап

      Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің (осы Келісімнің 11-бабында көрсетілгендерді қоспағанда) артықшылықтары мен иммунитеттерін белгілейтін осы Келісімнің ережелері, mutatis mutandis Ұйымның Біріккен штабының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына қолданылады.

      Ескерту. 21 1 -баппен толықтырылды - ҚР 2008.10.24 N 74-IV Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

III. Өкілдіктің және Өкілдік қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттері

      Ескерту. ІІІ-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.10.24 N 74-IV Заңымен.

22-бап

      Мүше мемлекеттер Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдіктерді (Өкілдіктер) құруы мүмкін.

23-бап

      Өкілдік басшысының функциясын жүзеге асыратын Тұрақты өкілден басқа, Өкілдік Өкілдік қызметкерлерін қамтуы мүмкін.

      Ескерту. 23 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

24-бап

      Өкілдіктер, Тұрақты өкілдер мен өкілдіктің басқа да қызметкерлері - Өкілдіктің дипломатиялық персонал, мүшелері, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналының мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тиісінше 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының мәні бойынша мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне, дипломатиялық агенттіктеріне, дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналына және олардың отбасы мүшелеріне берілетін көлемде артықшылықтарды, иммунитттерді және жеңілдіктерді пайдаланады.

      Ескерту. 24 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

25-бап

      Өкілдік өз ғимараттарында жіберуші тараптың және Ұйымның туы мен эмблемасын орналастыру құқығына ие.

      Осы бапта көзделген құқықтарды жүзеге асырған кезде болатын мемлекеттің заңдары, ережелері және салт-дәстүрлері назарға алынады.

26-бап

      Болатын мемлекет жіберуші мемлекеттің қаражаты есебінен жіберуші мемлекетке Өкілдік үшін қажетті ғимараттарды алуға немесе сатып алуға көмек көрсетеді.

27-бап

      Жіберуші мемлекет Хатшылықты және болатын мемлекетті:

      а) Тұрақты өкілді, Өкілдіктің басқа қызметкерлерін тағайындау туралы, олардың лауазымдары мен атақтары, олардың келуі мен соңғы кетуі немесе Өкілдіктегі олардың функцияларын тоқтату туралы, сондай-ақ олардың Өкілдіктегі қызметі уақытында олардың мәртебесіне ықпал ететін кез келген басқа да өзгерістер туралы;

      ә) Тұрақты өкілді немесе Өкілдіктің басқа қызметкерінің отбасы мүшесі болып табылатын және онымен бірге тұратын кез келген адамның келуі және соңғы кетуі туралы және тиісті жағдайларда осы немесе өзге де адамның отбасының осындай мүшесі болуы немесе болмауы туралы;

      б) Өкілдіктегі әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал жұмысының басталуы мен оны тоқтату туралы;

      в) Келісімнің 38-бабына сәйкес қол сұғылмайтын үй-жайлардың орналасқан жері туралы хабардар етеді, сондай-ақ осындай үй-жайларға сәйкестендіру үшін қажет болуы мүмкін кез келген басқа да мәліметтерді хабарлайды.

      Ескерту. 27 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

28-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерге құқығы бар әрбір адам өз постысына отыру үшін барған кезде болатын мемлекеттің аумағына келген сәтінен бастап немесе егер ол адам болатын мемлекеттің аумағында әлдеқашан болса, онда оны тағайындау туралы Ұйым немесе жіберуші мемлекет болатын мемлекетке хабарлаған сәттен бастап оларды пайдаланады.

      Егер артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын адамның функциялары аяқталса, оның артықшылықтары мен иммунитеттері, әдетте, бұл адам болатын мемлекеттің аумағынан кеткен сәтінен бастап немесе осыны іске асыру үшін белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін тоқтатылады. Алайда осындай адамның Өкілдіктің қызметкері ретінде өз функциясын орындау кезінде жасаған іс-қимылдарына қатысты иммунитет қолданысын жалғастырады.

      2. Тұрақты өкіл немесе Өкілдіктің басқа қызметкері қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері олардың құқығы бар артықшылықтар мен иммунитеттерді болатын мемлекеттің аумағынан кету үшін белгіленген мерзім аяқталғанға дейін пайдалануды жалғастырады.

      3. Тұрақты өкіл, Өкілдіктің басқа да қызметкері немесе онымен бірге тұратын оның отбасы мүшесі қайтыс болған жағдайда, болатын мемлекеттің аумағы шегінде сатып алынған және ол қайтыс болғанға дейін тыйым салынған барлық мүлікті қоспағанда, болатын мемлекет қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкін әкетуге рұқсат береді. Болатын мемлекеттегі жылжымалы мүлікке мұрагерлікке әр түрлі салықтар қайтыс болған адамның осы мемлекетте Тұрақты өкіл, Өкілдіктің басқа қызметкері немесе оның отбасы мүшесі ретінде болып табылуына байланысты салынбайды.

      Ескерту. 28 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

29-бап

      Тұрақты өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, әдеттегідей, жіберуші мемлекеттің азаматтары болып табылуы тиіс.

      Жіберуші мемлекет Тұрақты өкілді немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерін өзінің басқа өкілдігі дипломатиялық персоналының мүшесі ретінде тағайындауы мүмкін, сондай-ақ өзінің басқа өкілдігі дипломатиялық персоналының мүшесін Тұрақты өкіл немесе Өкілдіктің басқа да қызметкері ретінде тағайындауы мүмкін.

      Болатын мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын Тұрақты өкіл өз функцияларын орындау кезінде жасаған ресми іс-қимылдарға қатысты заңдық иеліктен тек иммунитетті және қол сұғылмаушылықты пайдаланады.

      Болатын мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын Өкілдіктің басқа да қызметкерлері тек болатын мемлекет жол беретін мөлшерде ғана артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Алайда болатын мемлекет осы тұлғаларға өзінің заңдық иелігін Өкілдіктің функцияларын жүзеге асыруда тиісті түрде араласпайтындай етіп жүзеге асыруы тиіс.

      Ескерту. 29 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

30-бап

      Осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер үшін залалсыз Тұрақты өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері болатын мемлекеттің заңнамасын құрметтеуге және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.

      Ескерту. 30 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

31-бап

      Тұрақты өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар пайдаланатын немесе оларға тиесілі барлық көлік құралдарына қатысты үшінші тұлғалардың алдындағы жауапкершілігін сақтандыру туралы міндеттерді орындауы тиіс.

      Өкілдіктің үй-жайлары және Тұрақты өкілдің, Өкілдіктің басқа да қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің орналасқан тұрғын үй-жайлары Тұрақты өкілдің, Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің өздерінің ресми функцияларын орындаумен үйлеспейтін мақсаттарға пайдаланбауы тиіс.

      Ескерту. 31 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

32-бап

      Егер олар болатын мемлекеттің азаматтары болып табылмаса немесе онда тұрақты тұрмайтын болса, Тұрақты өкілдің отбасы мүшелері және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері Өкілдіктің қызметкерлері пайдаланатын сондай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      Ескерту. 32 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

33-бап

      Жіберуші мүше мемлекет Тұрақты өкілдің және Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің иммунитетінен оның пікірі бойынша иммунитет әділ сотты жүзеге асыруға кедергі болатын жағдайларда одан бас тартылуы мүмкін және иммунитеттен бас тарту оны берумен байланысты мақсаттарға зиян келтірмейді.

      Бас тарту айқын сипатталған болуы тиіс.

      Егер жіберуші мүше мемлекет Тұрақты өкілдің немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерінің азаматтық талапқа қатысты иммунитетінен бас тартпаса, ол істің әділ шешілуі үшін бар күшін салады.

      Тұрақты өкіл немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің іс қозғауы оны негізгі талаппен тікелей байланысты кез келген қарсы талапқа қатысты иммунитетке сүйену құқығынан айырады.

      Ескерту. 33 -бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.04.2020 № 317-VI Заңымен.

34-бап

      Егер мемлекеттік қауіпсіздік мақсаттары бойынша кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы заңдар мен ережелерге қайшы келмейтін жағдайда, болатын мемлекет мүше мемлекеттердің барлық өкілдерінің олардың функцияларын орындау үшін қажетті мөлшерде өзінің аумағы бойынша жылжуларын және жол жүру еркіндігін қамтамасыз етеді.

35-бап

      Болатын мемлекет және Ұйым Өкілдікке олардың өз функцияларын орындауда көмек көрсетеді.

IV. Мүше-мемлекеттер өкiлдерінің
артықшылықтары мен иммунитеттерi

      Ескерту. ІІІ-V-тараулар мен 22-35-баптар тиісінше IV-VI-тараулар және 36-49-баптар деп саналды - Қазақстан Республикасының 2008.10.24 N 74-IV Заңымен.

36-бап

      Мүше-мемлекеттердiң өкiлдерi ресми функцияларды орындау кезiнде және мүше-мемлекеттерде Ұйым ұйымдастыратын iс-шараларды өткiзу орнына жүру уақытында мынадай артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады:

      а) жеке тұтқындаудан немесе ұстаудан, сондай-ақ олардың осы ретте жасалуы мүмкiн барлық iс-қимылдарына қатысты болу мемлекетінің юрисдикциясынан иммунитеттi;

      б) тұрғын үйiнiң қол сұғылмаушылығы;

      в) алып жүрiлетiн жүгiн және қол жүгiн, егер олардың құрамында ресми немесе жеке пайдалануына арналмаған заттар мен өзге де мүлiктер, немесе әкелуi мен әкетуiне тыйым салынған немесе мүше-мемлекеттiң заңнамасымен реттелетiн заттар мен өзге де мүлiктер жоқ деп болжауға елеулi негiздер болмаса кедендiк тексерiлуден босатылуы. Тексеру қажет болған жағдайда мұндай тексеру мүше-мемлекеттің аталған өкілінің немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қатысуымен ғана жүргiзiлуi тиiс;

      г) көші-қон бойынша шектеулерден және шетелдiктер ретiнде тіркеуден босатылуы.

37-бап

      Мүше-мемлекеттердің өкiлдерi пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер оларға жеке пайдасы үшiн емес, Ұйымның мүддесiнде өз функцияларын тиiмдi, тәуелсiз орындау үшiн ұсынылады.

      Мүше-мемлекеттердің өкiлдерi болу мемлекетiнде ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтердi қоспағанда, жеке пайдасы немесе басқа тұлғалардың пайдасы мүддесiнде коммерциялық немесе кез келген басқа қызметпен айналысуға тиiс емес.

38-бап

      Мүше-мемлекеттердің өкiлдерi орналасқан үй-жайлар, олардың қызметтiк қажеттiлiк үшiн пайдаланып жүрген жабдықтары мен басқа да мүлiгi, сондай-ақ көлiк құралдары тiнтуден, реквизициядан, тұтқындаудан және атқарушылық iс-әрекеттерден иммунитеттi пайдаланады.

39-бап

      Мүше-мемлекеттер өкiлдерiнің құжаттарына кез келген уақытта және ақпарат таратушыға қарамастан қол сұғылмайды.

40-бап

      Бағыттаушы мүше-мемлекет оның пiкiрi бойынша иммунитет әдiл сотты жүзеге асыруға кедергi келтiрген жағдайда және иммунитеттен бас тарту ол ұсынылған мақсаттарға залал келтiрмесе өз өкiлiнiң иммунитетiнен бас тарта алады.

      Бас тарту айқын көрсетiлуi керек.

      Бағыттаушы мүше-мемлекет азаматтық талапқа қатысты өз өкiлiнiң иммунитетiнен бас тартпаса, онда ол барлық күштi iстiң әділетті шешілуіне салады.

      Мүше-мемлекеттiң өкiлiмен iс қозғауы оны негiзгi талаппен тікелей байланысты кез келген қарсы талапқа қатысты юрисдикцияның иммунитетiне сiлтеме жасау құқығынан айырады.

V. Еңбек қарым-қатынастары және әлеуметтiк
қамтамасыз ету

41-бап

      Ұйым Бас хатшысының, лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерiнiң еңбек қарым-қатынастарын Ұйым реттейдi.

      Ұйымның техникалық және қызмет көрсету қызметкерлерінің еңбек қарым-қатынастары болу мемлекетiнiң ұлттық заңнамасымен реттеледi.

41 1 -бап

      Ұйымға квота негізінде жұмысқа жіберілген лауазымды тұлғаларға Ұйымдағы жұмысы аяқталғаннан кейін жіберуші мемлекеттің шешімі бойынша лауазым ұсынылады.

      Ескерту. 41 1 -баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2008.10.24 N 74-IV Заңымен.

42-бап

      Ұйымның Бас хатшысына, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiне және олардың отбасы мүшелерiне әлеуметтiк қамтамасыз ету (сақтандыру) жөнiнде жәрдемақы тағайындау және төлеу Ұйым Бас хатшысының, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң ресми функцияларын орындау кезеңiне болу мемлекетiнiң заңнамасымен белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады. Бұл ретте әлеуметтiк және медициналық сақтандыру қорларына аудару болу мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес Ұйымның бюджетiнен жүргiзiледi.

43-бап

      Ұйымның Бас хатшысын, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру, олар азаматтары болып табылатын мүше-мемлекеттердiң заңнамасы бойынша жүзеге асырылады. Бұл peттe Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi азаматтары болып табылатын мүше-мемлекеттердiң тиiстi қорларына мүше-мемлекеттердiң заңнамасымен белгiленген зейнетақымен қамсыздандыруға аудару Ұйым бюджетiнен жүргiзіледi.

      Ұйымның Бас хатшысына, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiне зейнетақы төлеу жөнiндегi шығындарды олар азаматтары болып табылатын мүше-мемлекеттер көтередi.

44-бап

      Әлеуметтiк қамтамасыз ету бойынша зейнетақы немесе жәрдемақы тағайындау кезiнде сақтандыру немесе еңбек өтіліне олар азаматтары болып табылатын мүше-мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Ұйымның Бас хатшысы, лауазымды тұлғасы немесе қызметкерi ретiндегi жұмыс мерзiмi саналады.

VІ. Қорытынды ережелер

45-бап

      Осы Келiсiмдi қолданумен немесе түсiндiрумен байланысты даулы мәселелер мүдделi Тараптардың кеңес берулер және келiссөздер жолымен шешіледi.

46-бап

      Осы Келiсiм бекiтуге жатады және бекiту туралы соңғы жазбаша хабарламаны Бас хатшы болып табылатын депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшiне енедi.

47-бап

      Осы Келiсiм оған Ұйым Жарғысының 19-бабына сәйкес Ұйым мүшелiгiне кiретiн кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашылған. Осы Келiсiмге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.

      Қосылатын мемлекет үшiн осы Келiсiм депозитарийдiң бекiту туралы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.

48-бап

      Кез келген Тарап осы Келiсiмнен депозитарийге жазбаша хабарлама жiберу жолымен шығуы мүмкiн.

      Осы Келiсiмнiң күшi осы Тарапқа қатысты депозитарийдiң осындай хабарламаны алған күнiнен бастап 6 айдың аяқталуы бойынша тоқтатылады.

49-бап

      Осы Келiсiмге осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Өзгерiстер мен толықтырулар депозитарийге тиiстi хабарламаны жiберу жолымен кез келген Тараптан ұсынылуы мүмкiн.

      Өзгерiстер мен толықтырулар туралы хаттамалар бекiтуге жатады және осы Келiсiмнiң 46-бабында көзделген тәртiпте күшiне енедi.

      2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқалық данада жасалды.

      Келiсiмнің түпнұсқалық данасы депозитарийде сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.

      Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.10.24 N 74-IV Заңымен.

Армения Республикасы үшiн

Қырғыз Республикасы үшiн

(қолы)

(қолы)

Беларусь Республикасы үшiн

Ресей Федерациясы үшiн

(қолы)

(қолы)

Қазақстан Республикасы үшiн

Тәжiкстан Республикасы үшiн

(қолы)

(қолы)