2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 24 қазандағы N 74-IV Заңы

      Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (бұдан әрі - Ұйым) қызметінің тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып,
      Ұйымның тұрақты әрекет ететін жұмыс органдарының және Ұйым жанындағы Өкілетті өкілдерінің қызметіне қажетті жағдай жасауды қамтамасыз етудің қажеттігін түсіне отырып,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынас туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
      2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына негізделе отырып,
      2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 35-бабына сәйкес,
       төмендегілер туралы келісті:
      1. Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1.1. 1-баптың жетінші абзацы "Ұйымның шеңберінде өткізілетін" деген сөздердің алдына "Ұйым жанындағы мүше мемлекеттердің Өкілетті өкілдерін қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын.
      1.2. 1-баптың жетінші абзацынан кейін мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші және он бесінші абзацтармен толықтырылсын:
      "Ұйым жанындағы Өкілетті өкіл" (бұдан әрі - Өкілетті өкіл) - Ұйымға мүше мемлекет оның ұлттық заңнамасына сәйкес тағайындайтын, жіберетін мемлекет Ұйымның мәселелері жөніндегі қызметі үшін және Ұйым Жарғысының IV тарауына сәйкес құрылған Тұрақты Кеңесте жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттік берген өкіл;
      "Ұйым жанындағы мүше мемлекеттің тұрақты өкілдігі" (Өкілдік) - ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет Ұйым жанындағы оның мүдделерін білдіру үшін жіберетін Өкілетті өкіл басшылық жасайтын тұрақты сипаттағы миссия;
      "Өкілдіктің үй-жайлары" - өкілдіктің басшылық резиденциясын, сондай-ақ оларға меншік құқығы кімге тәуелді болмасын оларға қарасты жер телімдерін қоса алғанда өкілдіктің мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимараттар мен құрылыстар;
      "Өкілдік қызметкерлері" - Өкілетті өкіл мен Өкілдік персоналының мүшелері;
      "Өкілдік персоналының мүшелері" - Өкілдіктің дипломатиялық персоналының, әкімшілік-техникалық персоналы мен қызмет көрсетуші персоналының мүшелері;
      "Дипломатиялық персонал мүшелері" - дипломатиялық дәрежесі бар Өкілдік персоналының мүшелері;
      "Әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері" - өкілдікке әкімшілік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын Өкілдік персоналының мүшелері;
      "Қызмет көрсетуші персонал мүшелері" - Өкілдікке қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындайтын Өкілдік персоналының мүшелері.
      1-баптың сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші және он үшінші абзацтары тиісінше он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы және жиырма бірінші абзацтар деп саналсын.
      1-баптың 21-абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "отбасы мүшелері" - Бас хатшының, Өкілдік өкілдерінің және Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің, Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің күйеуі (әйелі), кәмелетке толмаған балалары мен оның асырауындағы адамдар.
      1.3. I тарау мынадай мазмұндағы жаңа 9 1 -баппен толықтырылсын:

"9 1 -бап

      Ұйымның артықшылықтары мен иммунитеттерін белгілейтін осы Келісімнің ережелері Ұйымның Біріккен штабына қолданылады.".
      1.4. II тарау мынадай мазмұндағы жаңа 21 1 -баппен толықтырылсын:

"21 1 -бап

      Ұйымның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттерін белгілейтін осы Келісімнің ережелері, mutatis mutandis Ұйымның Біріккен штабының әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына қолданылады.".
      1.5. Мынадай мазмұндағы жаңа III тараумен толықтырылсын:

"III. Өкілдіктің және Өкілдік қызметкерлерінің артықшылықтары мен иммунитеттері

22-бап

      Мүше мемлекеттер Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдіктерді (Өкілдіктер) құруы мүмкін.

23-бап

      Өкілдік басшысының функциясын жүзеге асыратын Өкілетті өкілден басқа, Өкілдік Өкілдік қызметкерлерін қамтуы мүмкін.

24-бап

      Өкілдіктер, Өкілетті өкілдер мен өкілдіктің басқа да қызметкерлері - Өкілдіктің дипломатиялық персонал, мүшелері, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналының мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тиісінше 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының мәні бойынша мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріне, дипломатиялық агенттіктеріне, дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналына және олардың отбасы мүшелеріне берілетін көлемде артықшылықтарды, иммунитттерді және жеңілдіктерді пайдаланады.

25-бап

      Өкілдік өз ғимараттарында жіберуші тараптың және Ұйымның туы мен эмблемасын орналастыру құқығына ие.
      Осы бапта көзделген құқықтарды жүзеге асырған кезде болатын мемлекеттің заңдары, ережелері және салт-дәстүрлері назарға алынады.

26-бап

      Болатын мемлекет жіберуші мемлекеттің қаражаты есебінен жіберуші мемлекетке Өкілдік үшін қажетті ғимараттарды алуға немесе сатып алуға көмек көрсетеді.

27-бап

      Жіберуші мемлекет Хатшылықты және болатын мемлекетті:
      а) Өкілетті өкілді, Өкілдіктің басқа қызметкерлерін тағайындау туралы, олардың лауазымдары мен атақтары, олардың келуі мен соңғы кетуі немесе Өкілдіктегі олардың функцияларын тоқтату туралы, сондай-ақ олардың Өкілдіктегі қызметі уақытында олардың мәртебесіне ықпал ететін кез келген басқа да өзгерістер туралы;
      ә) Өкілетті өкілді немесе Өкілдіктің басқа қызметкерінің отбасы мүшесі болып табылатын және онымен бірге тұратын кез келген адамның келуі және соңғы кетуі туралы және тиісті жағдайларда осы немесе өзге де адамның отбасының осындай мүшесі болуы немесе болмауы туралы;
      б) Өкілдіктегі әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал жұмысының басталуы мен оны тоқтату туралы;
      в) Келісімнің 38-бабына сәйкес қол сұғылмайтын үй-жайлардың орналасқан жері туралы хабардар етеді, сондай-ақ осындай үй-жайларға сәйкестендіру үшін қажет болуы мүмкін кез келген басқа да мәліметтерді хабарлайды.

28-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерге құқығы бар әрбір адам өз постысына отыру үшін барған кезде болатын мемлекеттің аумағына келген сәтінен бастап немесе егер ол адам болатын мемлекеттің аумағында әлдеқашан болса, онда оны тағайындау туралы Ұйым немесе жіберуші мемлекет болатын мемлекетке хабарлаған сәттен бастап оларды пайдаланады.
      Егер артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын адамның функциялары аяқталса, оның артықшылықтары мен иммунитеттері, әдетте, бұл адам болатын мемлекеттің аумағынан кеткен сәтінен бастап немесе осыны іске асыру үшін белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін тоқтатылады. Алайда осындай адамның Өкілдіктің қызметкері ретінде өз функциясын орындау кезінде жасаған іс-қимылдарына қатысты иммунитет қолданысын жалғастырады.
      2. Өкілетті өкіл немесе Өкілдіктің басқа қызметкері қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері олардың құқығы бар артықшылықтар мен иммунитеттерді болатын мемлекеттің аумағынан кету үшін белгіленген мерзім аяқталғанға дейін пайдалануды жалғастырады.
      3. Өкілетті өкіл, Өкілдіктің басқа да қызметкері немесе онымен бірге тұратын оның отбасы мүшесі қайтыс болған жағдайда, болатын мемлекеттің аумағы шегінде сатып алынған және ол қайтыс болғанға дейін тыйым салынған барлық мүлікті қоспағанда, болатын мемлекет қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкін әкетуге рұқсат береді. Болатын мемлекеттегі жылжымалы мүлікке мұрагерлікке әр түрлі салықтар қайтыс болған адамның осы мемлекетте Өкілетті өкіл, Өкілдіктің басқа қызметкері немесе оның отбасы мүшесі ретінде болып табылуына байланысты салынбайды.

29-бап

      Өкілетті өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, әдеттегідей, жіберуші мемлекеттің азаматтары болып табылуы тиіс.
      Жіберуші мемлекет Өкілетті өкілді немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерін өзінің басқа өкілдігі дипломатиялық персоналының мүшесі ретінде тағайындауы мүмкін, сондай-ақ өзінің басқа өкілдігі дипломатиялық персоналының мүшесін Өкілетті өкіл немесе Өкілдіктің басқа да қызметкері ретінде тағайындауы мүмкін.
      Болатын мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын Өкілетті өкіл өз функцияларын орындау кезінде жасаған ресми іс-қимылдарға қатысты заңдық иеліктен тек иммунитетті және қол сұғылмаушылықты пайдаланады.
      Болатын мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын Өкілдіктің басқа да қызметкерлері тек болатын мемлекет жол беретін мөлшерде ғана артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Алайда болатын мемлекет осы тұлғаларға өзінің заңдық иелігін Өкілдіктің функцияларын жүзеге асыруда тиісті түрде араласпайтындай етіп жүзеге асыруы тиіс.

30-бап

      Осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер үшін залалсыз Өкілетті өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері болатын мемлекеттің заңнамасын құрметтеуге және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.

31-бап

      Өкілетті өкіл және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес олар пайдаланатын немесе оларға тиесілі барлық көлік құралдарына қатысты үшінші тұлғалардың алдындағы жауапкершілігін сақтандыру туралы міндеттерді орындауы тиіс.
      Өкілдіктің үй-жайлары және Өкілетті өкілдің, Өкілдіктің басқа да қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің орналасқан тұрғын үй-жайлары Өкілетті өкілдің, Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің өздерінің ресми функцияларын орындаумен үйлеспейтін мақсаттарға пайдаланбауы тиіс.

32-бап

      Егер олар болатын мемлекеттің азаматтары болып табылмаса немесе онда тұрақты тұрмайтын болса, Өкілетті өкілдің отбасы мүшелері және Өкілдіктің басқа да қызметкерлері Өкілдіктің қызметкерлері пайдаланатын сондай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

33-бап

      Жіберуші мүше мемлекет Өкілетті өкілдің және Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің иммунитетінен оның пікірі бойынша иммунитет әділ сотты жүзеге асыруға кедергі болатын жағдайларда одан бас тартылуы мүмкін және иммунитеттен бас тарту оны берумен байланысты мақсаттарға зиян келтірмейді.
      Бас тарту айқын сипатталған болуы тиіс.
      Егер жіберуші мүше мемлекет Өкілетті өкілдің немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерінің азаматтық талапқа қатысты иммунитетінен бас тартпаса, ол істің әділ шешілуі үшін бар күшін салады.
      Өкілетті өкіл немесе Өкілдіктің басқа да қызметкерлерінің іс қозғауы оны негізгі талаппен тікелей байланысты кез келген қарсы талапқа қатысты иммунитетке сүйену құқығынан айырады.

34-бап

      Егер мемлекеттік қауіпсіздік мақсаттары бойынша кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы заңдар мен ережелерге қайшы келмейтін жағдайда, болатын мемлекет мүше мемлекеттердің барлық өкілдерінің олардың функцияларын орындау үшін қажетті мөлшерде өзінің аумағы бойынша жылжуларын және жол жүру еркіндігін қамтамасыз етеді.

35-бап

      Болатын мемлекет және Ұйым Өкілдікке олардың өз функцияларын орындауда көмек көрсетеді".
      1.6. III—V тараулар мен 22-23-баптар тиісінше ІV-VІ тараулар және 36-49-баптар деп саналсын.
      1.7. Келісімнің V тарауы мынадай мазмұндағы жаңа 41 1 -баппен толықтырылсын:

"41 1 -бап

      Ұйымға квота негізінде жұмысқа жіберілген лауазымды тұлғаларға Ұйымдағы жұмысы аяқталғаннан кейін жіберуші мемлекеттің шешімі бойынша лауазым ұсынылады".
      1.8. 35-баптың (жаңа редакцияда - 49) екінші абзацындағы" 32-бабында" деген сөздер "46-бабында" деген сөздермен ауыстырылсын.
      2. Осы Хаттаманы қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді мүдделі Тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешеді.
      3. Осы Хаттама Келісімнің 32-бабында (жаңа редакцияда - 46) көзделген тәртіппен күшіне енгізіледі. Тараптардың әрқайсысы депозитарийді жазбаша хабардар ете отырып осы Хаттаманың уақытша қолданылуы туралы мәлімдеуі мүмкін.
      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

   Армения Республикасы үшін      Ресей Федерациясы үшін

   Беларусь Республикасы үшін     Тәжікстан Республикасы үшін

   Қазақстан Республикасы үшін    Өзбекстан Республикасы үшін 

   Қырғыз Республикасы үшін

       Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды

      ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары

      полковник                           Ә. Кулбаев