Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 шілдедегі N 83 Конституциялық заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Атауға өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      Осы Конституциялық заң Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының сабақтастығын, елдегі бұдан кейінгі әлеуметтік-экономикалық және демократиялық өзгерістерді қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның жене азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен Елбасы ретінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси және құқықтық жағдайын анықтайды.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті", "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің" деген сөздерден кейін тиісінше "- Елбасының", "- Елбасына", "- Елбасы", "- Елбасы", "- Елбасын", "- Елбасымен", "- Елбасының" деген сөздермен толықтырылды - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      1-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің —
              Елбасының мәртебесі және өкілеттігі

      Осы Конституциялық заңда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Конституциясында, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заңда және республиканың басқа заңдарында көзделген өкілеттіктерімен қатар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының саяси-құқықтық мәртебесі, өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Елбасының айрықша құзыреттері мен кепілдіктері айқындалады.
      Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырыла отырып, «Халық қаһарманы» (Народный герой) атағының иегері болады.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы:
      1) Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;
      2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдын да, республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.
      Мемлекеттің ішкі жене сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен — Елбасымен келісіледі.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 02.01.2012 № 526-IV Конституциялық заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің
             - Елбасының ордені мен жыл сайынғы бейбітшілік
              және прогресс сыйлығын тағайындау

      Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне мыналарды тағайындайды:
      1) мемлекеттік награда - "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" ордені, онымен марапаттау азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген ерекше еңбегі үшін жүргізіледі;
      2) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының жыл сайынғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы, оны Қазақстан Республикасының Президенті демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін береді.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне —
              Елбасына ешкімнің тиіспеушілігі

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған, сондай-ақ олар тоқтатылғаннан кейін — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, одан жауап алуға не оның жеке басын тексеруге болмайды.
      Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына тиесілі мүлікке де қолданылады.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ оның қорының мүлкіне қандай да бір шектеу қойылмайды.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығы мен оларға қол сұғылмауына кепілдік беріледі.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4-бап. Қызметті қамтамасыз ету

      Өз өкілеттіктерін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету және оның мәртебесін жүзеге асыру үшін қызметтік үй-жай бөлінеді, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Кеңсесі құрылады, Кеңсе өз міндеттерін орындау үшін соның алдында ғана жауапты болады.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының республикалық бюджет қаражаты есебінен ұсталатын Кеңсесінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы белгілейді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет туралы заңнама қолданылады.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Кеңсесін орналастыру үшін ұйымдастыру техникасымен (оның ішінде жалпы желіге де, барлық қолда бар құқықтық базалар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге де қосылған жеке компьютерлермен, көшіру-көбейту техникасымен, факсимильді байланыс аппараттарымен), байланыс құралдарымен, оның ішінде үкіметтік байланыспен, қажетті офистік жиһазбен жабдықталған жеке қызметтік үй-жай беріледі, сондай-ақ ол көліктік қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңдарымен.

      5-бап. Байланыспен қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының өмір бойы Қазақстан Республикасының аумағында үкіметтік байланыспен және жергілікті атқару органдарында, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда бар басқа да байланыс түрлерін тегін пайдалануға құқығы бар, сондай-ақ байланыс қызметтерін кезектен тыс алуға құқылы. Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының пошта және телеграф жөнелтімдерінің барлық түрлері үкімет жөнелтімдері дәрежесінде жіберіледі (беріледі), сұрыпталады және жеткізіледі.

      6-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін
             — Елбасын күзету

      РҚАО-ның ескертпесі!
      6-баптың бірінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 04.07.2014 № 232-V Конституциялық заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін — Елбасын күзету Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жүктеледі.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына ол үнемі тұратын немесе уақытша болатын жерлерінде өмір бойы мемлекеттік күзет беріледі.
      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен - Елбасымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі.

      7-бап. Тұрғын үймен қамтамасыз ету

      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына қажетті мемлекеттік қызмет көрсетіле отырып қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай меншігіне беріледі.

      8-бап. Көлікпен қамтамасыз ету

      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына - өмір бойы жүргізушілерімен бірге жеке автомобиль, ал онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қызметтік автокөлікті пайдалану құқығы беріледі.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өмір бойы елде көлікпен тегін жүруге және ресми адамдар мен делегацияларға арналған залдарды тегін пайдалануға құқылы.

      9-бап. Қор, мұражайлар, бюстер, жеке мұрағат және жеке
              кітапхана

      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындаған кезеңде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қорын, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын құрады және қалыптастырады.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының жеке кітапханасы мен жеке мұрағаты ұлттық игілік болып табылады және мемлекет меншігінде болады.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының туған жерінде және Қазақстан Республикасының астанасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының мұражайлары құрылады және оның бюстері орнатылады.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10-бап. Медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз
               ету

      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің - Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күнге дейін оларға көрсетіліп келген көлемі мен түрлеріндегі тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14  № 289-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      11-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру

      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы жасына қарамастан Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алуға құқылы. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің - Елбасының зейнетақысы Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының өсуі есепке алынып көтеріліп отырады.
      Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің - Елбасының өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Президентінің жылдық лауазымдық жалақысына тең сомада міндетті мемлекеттік сақтандырылуға тиіс.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен - Елбасымен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.
      Осы Конституциялық заңда көзделген кепілдіктермен қатар өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына және оның отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де кепілдіктер берілуі мүмкін.

      12-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің -
               Елбасының қызметін қамтамасыз етудің қаржыландыру
               көздері және өзге де мәселелері

      Осы Конституциялық заңда көзделген шығыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзетуге, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын сақтауға көзделген шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Конституциялық Заңымен.

      13-бап. Осы Конституциялық заңды күшіне енгізу тәртібі

      2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілетін 2 және 9-баптардың нормаларын қоспағанда, осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті