Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыру қағидаларын бекiту туралы

Қаулы Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясы 1998 жылғы 31 желтоқсан N 20 Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1998 жылғы 31 желтоқсан N 683

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеу мақсатында және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Z970077_ Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 05 наурыздағы заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөнiндегі ұлттық комиссиясы (бұдан әрi "Ұлттық комиссия" деп аталады) қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыру қағидалары бекiтiлсiн (қоса берiлдi).
      2. Жоғарыда аталған Қағидалардың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде тiркелген сәттен бастап күшiне енгізiлетiндігi белгiленсiн.
      3. Бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдар жоғарыда аталған Қағидалар күшiне енгiзiлген күннен бастап үш айдың iшiнде:
      1) өздерiнiң ұйымдық құрылымын және өз қызметкерлерiнiң біліктілігін жоғарыда аталған Қағидалардың 2-бөлiмiнiң талаптарына сәйкестендiруге;
      2) өздерiнiң Iшкi қағидаларын және Регламенттерiн (олар жоғарыда аталған Қағидалардың 1-тармағының 2) және 12) тармақшаларында айқындалған) жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкестендiруге мiндеттi.
      4. Жоғарыда аталған Қағидалар Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде тiркелген сәттен бастап Ұлттық комиссияның 1997 жылғы 02 қыркүйектегі N 139 қаулысымен бекiтiлген және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгінде 1997 жылғы 16 қазанда 403 V970403_ нөмiрмен тiркелген Бағалы қағаздар рыногындағы брокерлiк және дилерлiк қызмет туралы ереженiң күшi жойылған деп танылсын.
      5. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау басқармасы:
      1) осы Қаулыны және жоғарыда аталған Қағидаларды (олар күшiне енгiзiлгеннен кейiн) "Қазақстан қор биржасы" ЖАҚ-ның, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары қауымдастықтарының (оларға осы Қаулыны және жоғарыда аталған Қағидаларды олардың мүшелерінің назарына жеткiзу жөнiндегi мiндеттi жүктей отырып), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" ЖАҚ-ның және бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi, бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметтi, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын және "Қазақстан қор биржасы" ЖАҚ-ның және бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары қауымдастықтарының мүшелері болып табылмайтын ұйымдардың назарына жеткізсін;
      2) осы Қаулыны және жоғарыда аталған Қағидаларды (олар күшіне енгізгеннен кейін) бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензия алуға ниет білдірген ұйымдардың назарына жеткізсін;
      3) осы Қаулының және жоғарыда аталған Қағидалардың орындалысына бақылау жасасын.

      Ұлттық комиссияның Төрағасы

      Комиссияның мүшелері
                                      Қазақстан Республикасы

Бағалы қағаздар жөнiндегі ұлттық комиссиясының 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 20 қаулысымен бекiтiлдi


            Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында
               брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыру
                                Қағидалары

      Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексiне (Жалпы бөлiм), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 1997 жылғы 05 наурыздағы және "Қазақстан Республикасында бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу туралы" 1997 жылғы 05 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар брокерлiк және дилерлік қызметтi (бұдан әрi "Брокерлiк-дилерлiк қызмет" деп аталады) жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбiн белгiлейдi.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидаларда қолданылған ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
      1) "Брокер-дилер" - тиiстi лицензияның негізiнде Брокерлiк-дилерлік қызметтi жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген ұйым;
      2) "Брокер-дилердің iшкi қағидалары" - Брокер-дилердiң оның клиенттерiмен өзара қарым-қатынастарын реттейтiн нормативтiк актiлерi, оның iшiнде брокерлiк қызмет көрсету және/немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстау жөніндегі шарт жобасы, тарифтер және Брокер-дилердiң өзге де ықтимал нормативтiк актiлерi;
      3) "Инвестициялық шешiм" - бағалы қағаздарды сатып алу немесе иесiздендiру туралы не Брокер-дилердiң немесе оның клиентiнiң бағалы қағаздар портфелiн қалыптастыру (осы Қағидалармен рұқсат етілген жағдайларда) не осындай портфельдiң құрылымын өзгерту не осындай портфельдi жою мақсатында бағалы қағаздармен өзге де мәмiле жасау туралы шешiм;
      4) "Клиент" - Брокер-дилердiң әлеуеттi немесе жұмыс жасап жүрген клиентi (оның есебiнен және мүддесiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасалады немесе жасалған тұлға) немесе (егер бұл контекстке сәйкес болса) заңды тұлға - клиенттiң өкiлi;
      5) "Клиенттiк тапсырыс" - осы Қағидаларға сәйкес ресiмделген, клиенттiң Брокер-дилерге берген және мазмұнында осы клиенттiң есебiнен және мүддесiнде бағалы қағаздармен мәмiлелердi осындай құжаттармен айқындалған шарттарда бағалы қағаздармен мәміле жасауға нұсқау көрсетiлген құжат;
      6) "Мүдделер келiспеушiлiгi" - Брокер-дилердiң мүддесi мен оның мiндеттемелерi (оның клиентiнiң сенiмдi өкiлi немесе комиссионерi ретiнде) өзара үйлеспеген жағдаят;
      7) "Ұлттық комиссия" - Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы;
      8) "Резидент еместер" - олар "Валютаны реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 24 желтоқсандағы заңы 1-бабының оныншы бөлiгiнде айқындалған;
      9) "Сауда-саттық ұйымдастырушы" - бағалы қағаздармен сауда-саттық ұйымдастырушы;
      10) "Бiрiншi басшы" - заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басшысы немесе заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын тұлға;
      11) "Тiзiлiм ұстаушы" - ол "Акционерлiк қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шiлдедегі заңы 2-бабының он екiншi бөлiгінде айқындалған;
      12) "Брокер-дилердің регламентi" - Брокер-дилердiң оның органдарының, құрылымдық бөлімшелерiнiң, лауазымды тұлғалары және қызметкерлерi қызметтерiнiң шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ Брокер-дилердiң жекелеген жұмыс түрлерiн (операцияларды) орындау шарттары мен тәртiбiн, оның iшiнде Брокер-дилер қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын реттейтiн нормативтiк актiлерi және Брокер-дилердiң өзге де ықтимал нормативтiк актiлерi;
      13) "ӨРҰ" - Брокерлер-дилерлердiң өзiн-өзi реттейтiн ұйымы;
      14) "Бағалы қағаздың үлгiсi (Бағалы қағаздардың үлгiсi)" сапасы бiркелкi, көптеген бағалы қағаздарды басқасынан (оның iшiнде осы эмитент шығарған бағалы қағаздардың басқа үлгiлерiнен) бiржақты ажыратуға мүмкiндiк беретiн сипаттарды иеленген көптеген жабық бағалы қағаздар;
      15) "Сауда-саттық ұйымдастырушының Сауда жүйесi (Сауда жүйесi)" - өзара байланысты үйлердiң, қондырғылардың, мүлiктердiң, бағдарламалық-техникалық құралдардың, Iшкi құжаттардың және Сауда-саттық ұйымдастырушының мүшесi - Брокерлер-дилерлер арасындағы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасалатын өзге де қажеттi активтер мен рәсiмдердiң жиынтығы.
      2. Брокерлiк-дилерлiк қызмет Қазақстан Республикасының Конституциясымен және өзге де заңдарымен (оның iшiнде осы Қағидалармен), сондай-ақ қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шарттармен (келiсiмдермен) реттеледi.
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бекiтiлген ӨРҰ және Сауда-саттық ұйымдастырушының қағидаларымен осы ӨРҰ және Сауда-саттық ұйымдастырушысы мүшелерінің брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруын реттейтiн қосымша нормалар белгiленуi мүмкiн.
      3. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетiлген нормативтiк құқықтық және нормативтiк актiлермен реттелмеген бөлiкте Брокерлiк-дилерлiк қызмет Брокерлер-дилерлердiң Iшкi қағидаларына және Регламентiне, Брокер-дилерлер мен олардың клиенттерінің арасында жасалған брокерлiк қызмет көрсету жөнiндегі шарттарға және егер олар Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген заңдарға қайшы келмесе дәстүрлерге (оның iшiнде iскерлiк айналыс дәстүрлерiне) сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Брокерлiк-дилерлiк қызмет Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртiпте лицензиялауға жатады.
      5. Брокер-дилер Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиялардың мынадай түрлерiнiң бiрiн иелене алады:
      1) бiрiншi санатты лицензия - нақтылы ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығымен (бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу құқығымен);
      2) екiншi санатты лицензия - клиенттердiң шоттарын жүргізу құқығынсыз (бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу құқығынсыз).
      6. Бiрiншi санатты лицензияны иеленген Брокер-дилер осы Қағидаларда бiрiншi санатты брокер-дилер, екiншi санатты лицензияны иеленген - екiншi санатты Брокер-дилер деп аталады.
      7. Брокер-дилердiң Iшкi қағидалары (тарифтердi қоспағанда) және Регламентi (осы Қағидалардың 69-тармағында белгiленген шектеудi қоспағанда) Брокерлiк-дилерлiк қызметтi лицензиялау шарттары мен тәртiбi реттелетiн нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген тәртiпте Ұлттық комиссиямен немесе ӨРҰ-ның қағидаларымен белгiленген тәртiпте осы Брокер-дилер мүшесі болып табылатын немесе мүшесi болуға ниеттi ӨРҰ-мен (ӨРҰ-на осындай өкiлеттiктердi Ұлттық комиссияның беру шартымен) келiсуге жатады.
      8. Брокер-дилерлердiң филиалдары мен өкiлдiктерi Ұлттық комиссияның жекелеген нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген тәртіпте құрылады және жабылады.
      9. Брокер-дилердiң қызметiн реттейтiн нормаларды Брокер-дилердің сақтауына бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген құқықтары мен мiндеттерiне сәйкес Ұлттық комиссия, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына және ӨРҰ мен Сауда-саттық ұйымдастырушының қағидаларына сәйкес осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ мен Сауда-саттық ұйымдастырушылар жүзеге асырады.
      10. Осы Қағидалардың күшi Қазақстан Республикасының банктiк қызметтi реттейтiн заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгінде Брокерлер-дилерлер болып табылатын банктерге қолданылады.

       2-тарау. Брокер-дилер қызметкерлерінің ұйымдық құрылымы
                       және біліктілігі

      11. Бiрiншi санатты Брокер-дилердiң ұйымдық құрылымына мiндеттi түрде мынадай:
      1) негiзгі функциясы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау болып табылатын (бұдан әрi "Сауда бөлiмшесi" деп аталады);
      2) негізгі функциясы бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi орындау және осы Брокер-дилердiң және оның клиентiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргiзу болып табылатын (бұдан әрi "Бэк-офис" деп аталады) бөлiмшелер кiру керек.
      12. Бiрiншi санатты Брокер-дилердiң төменде аталған қызметкерлерi Ұлттық комиссияның қолданылып жүрген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң мынадай түрлерiн иелену керек:
      1) бiрiншi басшы немесе оның Брокерлiк-дилерлiк қызметтiң жүзеге асырылуына жетекшiлiк жасайтын орынбасары - бiрiншi санатты (бағалы қағаздармен мәмілелер жасау жөніндегі жұмыстарды орындауға рұқсат ету құқығымен); <*>
      2) Сауда бөлiмшесiнің басшысы - бiрiншi санатты;
      3) Сауда бөлiмшесінің бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға қатысатын барлық қызметкерлерi (тек қана техникалық функцияларды орындайтын тұлғаларды қоспағанда) - бiрiншi санатты;
      4) Бэк-офистiң басшысы - екiншi санатты (бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу жөнiндегі тіркеуге және орындауға рұқсат ету құқығымен); <*>
      5) Бэк-офистiң бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi орындауға және осы Брокер-дилердiң және оның клиентiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргізуге қатысатын барлық қызметкерлерi (тек қана техникалық функцияларды орындайтын тұлғаларды қоспағанда) - екiншi санатты.
      ЕСКЕРТУ. 12-тармақ өзгертілді - ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық
               комиссиясының 1999.04.20. N 30 V990782_ қаулысымен.

      13. Бiрiншi санатты Брокер-дилердiң қызметкерлерi иеленетiн, Ұлттық комиссияның қолданылып жүрген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң жалпы саны мынаны құрау керек:
      1) бiрiншi санатты - кемiнде үш;
      2) екiншi санатты - кемiнде екi.
      14. Бiрiншi санатты Брокер-дилердiң бiрiншi басшысы немесе оның Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға жетекшілік жасайтын орынбасары лауазымын осы Қағидалардың 13-тармағының талаптарын сақтау шартымен Сауда бөлiмшесiнiң басшысы лауазымымен немесе осы Брокер-дилердiң Бэк-офисiнiң басшысы лауазымымен қоса атқаруға рұқсат етiледi.
      15. Екiншi санатты Брокер-дилердiң ұйымдық құрылымын олар Қазақстан Республикасының заңдарына және осы Брокер-дилердiң оның органдарының құзырлығын реттейтiн құрылтай құжаттарына сәйкес дербес түрде айқындайды.
      16. Екiншi санатты Брокер-дилердiң төменде аталған қызметкерлерi Ұлттық комиссияның қолданылып жүрген бiрiншi санатты бiлiктiлiк куәлiктерiн иелену керек:
      1) бiрiншi басшы немесе оның Брокерлiк-дилерлiк қызметтiң жүзеге асырылуына жетекшілік жасайтын орынбасары;
      2) Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшенiң басшысы;
      3) Брокерлік-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын барлық қызметкерлерi (тек қана техникалық функцияларды орындайтын тұлғаларды қоспағанда).
      17. Екiншi санатты Брокер-дилердiң қызметкерлерi иеленетiн, Ұлттық комиссияның қолданылып жүрген бiрiншi санатты біліктілік куәлiктерiнiң жалпы саны кемiнде үш дананы құрау керек.
      18. Брокерлер-дилерлердiң филиалдары мен өкiлдiктерінің ұйымдық құрылымына және қызметкерлерiне қойылатын талаптар Ұлттық комиссияның жекелеген нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      19. Брокерлер-дилерлердiң осы Қағидалардың 12 және 16 тармақтарының талаптарына сәйкес келмейтiн қызметкерлерiне инвестициялық шешiмдер қабылдауға, бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға және орындауға, сондай-ақ бiрiнші санатты Брокерлер-дилерлердiң және олардың клиенттерінің бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргiзуге қатысуға тыйым салынады.
      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгінде белгiленген тыйым салуға, өзге де ықтимал жағдайлардан басқа, Брокерлер-дилерлердiң осы Қағидалардың 12 және 16 тармақтарының талаптарына сәйкес келмейтiн қызметкерлерiне инвестициялық шешiмдер қабылдауға, бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға және орындауға, сондай-ақ Банктiк емес ұйымдар - бiрiншi санатты Брокерлер-дилерлердiң және олардың клиенттерінің бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргізуге қатысты кез-келген құжаттарға (Брокер-дилердiң Iшкi құжаттарын және Регламентiн, шарттарды, төлем құжаттарын, бағалы қағаздарды аудару (есептен шығару/есепке алу) туралы бұйрықтарды, Ұлттық комиссияға берiлетiн есептердi қоса отырып) қол (бұрыштама) қою құқығына тыйым салу кiредi.

      3-тарау. Брокер-дилердің шарт жасау алдындағы міндеттері

      20. Брокер-дилер өз клиенттерінің алдында олар үшiн осы Брокер-дилермен шарттық қатынастарға кiру жөнiндегі және/немесе осындай қатынастарды ұстап тұру жөнiндегi ниеттер бөлiгіндегі елеулi мәнi бар ақпаратты осы Қағидалардың 21-25 тармақтарымен белгiленген тәртiпте ашуға мiндеттi.
      21. Брокер-дилердiң клиенттерге қызмет көрсетуге қатысатын, тек қана техникалық функцияларды орындайтын тұлғаларды қоспау мүмкiндiгімен, барлық қызметкерлерi (бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға және осы бiрiншi санатты Брокер-дилердiң және олардың клиенттерiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға қатысатын қызметкерлердi қоса):
      1) олардың лауазымдары мен жеке өздерiн куәландыратын анық реквизиттерiнің болуына (үстелге қоятын табличкалары, бэйдждерi және оларға ұқсас басқа заттар);
      2) клиенттердiң бiрiншi талап етуi бойынша өздерiнiң қызметтiк куәлiктерiн көрсетуге;
      3) Ұлттық комиссияның оларға берiлген бiлiктiлiк куәлiктерiнiң түпнұсқаларын клиенттер үшiн көруге қолайлы орындарға орналастыруға мiндеттi.
      22. Брокер-дилердің бас офисінің және филиалдарының үй-жайларындағы оның клиенттері үшін қолайлы орындарда:
      1) осы Брокер-дилерге Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      2) осы Қағидалардың және Ұлттық комиссияның Брокерлiк-дилерлiк қызметтiң жүзеге асырылуын реттейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң көшiрмелерi;
      3) осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ және Сауда-саттық ұйымдастырушының Брокерлiк-дилерлiк қызметтiң жүзеге асырылуын реттейтiн қағидаларының (оларды Ұлттық комиссияның бекiткендiгi туралы мәлiметтердi көрсетiп) көшiрмелерi;
      4) Брокер-дилердiң бiрiншi басшысы немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолымен және мөр таңбасымен куәландырылған оның барлық Iшкi құжаттарының (Брокер-дилердiң типография тәсiлiмен басылған Iшкi құжаттары), олардың Ұлттық комиссиямен келiсiлгендiгі жөнiнде белгі қойылған көшiрмелерi (Брокер-дилердiң Iшкi құжаттарының Ұлттық комиссиямен келiсiлгендiгін растайтын құжаттың келiсiлген күнiн және нөмiрiн көрсетiп) орналастырылу керек.
      23. Брокер-дилер клиенттiң бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн мыналарды беруге мiндеттi:
      1) шаруашылық қызметi туралы есеп құрамындағы соңғы есептi кезеңдегі өзiнiң қаржылық есебiн (егер өткен күнтiзбелiк жыл соңғы есептi кезең болып табылса), балансты және кiрiс пен шығыс туралы есептi. Аталған есеп:
      типографиялық тәсiлмен басылған есеп; немесе
      баспасөз басылымында жарияланған баланс және кiрiс пен шығыс туралы есептiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi;
      Брокер-дилердiң бiрiншi басшысы немесе оны ауыстыратын тұлғаның және Брокер-дилердiң бас бухгалтерінің қолымен және Брокер-дилердiң мөр таңбасымен куәландырылған қаржылық есептiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi түрiнде берiледi;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарымен тиiстi санаттағы Брокерлер-дилерлер үшiн белгiленген қаржы тұрақтылығының мөлшерлерiн (нормативтерiн) әрбiр соңғы күнтiзбелiк төрт тоқсанның бiрiншi жұмыс күнiнiң басталу жағдайына осы Брокер-дилердiң сақтау деңгейi туралы мәлiметтердi;
      3) осы Брокер-дилердiң қызметiне соңғы он екi ай iшiнде Ұлттық комиссия мен ӨРҰ жүргiзген тексерiстер актілерiн;
      4) Ұлттық комиссияның, ӨРҰ-ның және Сауда-саттық ұйымдастырушылардың осы Брокер-дилерге, оның қызметкерлерiне және оның аффилиирленген тұлғаларына қатысты соңғы он екi ай iшiнде қабылданған шешiмдерiн;
      5) Брокерлік-дилерлiк қызметтiң жүзеге асырылуын реттейтiн, осы Қағидалардың 23-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес клиенттер үшiн қолайлы орындарда орналастырылмаған нормативтiк құқықтық және нормативтiк актiлердi, сондай-ақ бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеудiң шарттары мен тәртiбiн;
      6) клиент үшiн (оның пiкiрiнше) осы Брокер-дилермен шарттық қатынастарға кiру жөнiндегi және/немесе осындай қатынастарды ұстап тұру жөнiндегі ниеттер бөлігінде елеулi мәнi бар, осы Брокер-дилердiң қызметтiк және коммерциялық құпиясы бар ақпарат құжаттарды (құжаттардың бөлiгін) қоспағанда, өзге де ықтимал құжаттарды.
      24. Брокер-дилер клиентке осы Қағидалардың 22 және 23-тармақтарында көрсетiлген құжаттардың көшiрмелерiн беруден бас тартуға құқылы емес. Бұл ретте Брокер-дилер көшiрмелердi бергенi үшiн оларды дайындауға кеткен шығынның мөлшерiнен аспайтын мөлшерде клиенттен ақы алуға құқылы.
      25. Брокер-дилер бағалы қағаздармен осы клиенттiң есебiнен және мүддесiнде жасауға жоспарланған мәмiлеге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген шектеулер мен ерекше жағдайлар туралы клиенттi ескертуге мiндеттi.
      26. Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен және Регламентiмен, сондай-ақ осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен өз клиенттерi алдында ақпараттар ашу жөнiнде осы Брокер-дилердiң шарт жасау алдындағы қосымша мiндеттерi (осы Қағидалардың 21-25-тармақтарында айқындалған мiндеттерден басқа) белгiленуi мүмкiн.
      27. Брокер-дилер бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердiң параметрлерi (бағалары, көлемдерi және басқа ықтимал параметрлерi) (бағаны қағаздармен мәмiлелер жасауға өтiнiмдердiң (ұсыныстардың) параметрлерi) туралы нақты емес немесе жаңылдыруға әкеп соғатын мәлiметтердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өзге де тәсiлмен таратуға құқылы емес.
      Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген шарт осы Брокер-дилердiң мәмiлелерi мен өтiнiштерiне (ұсыныстарына) де басқа Брокерлер-дилерлер мен инвесторлардың мәмiлелерi мен өтiнiштерiне (ұсыныстарына) де, оның iшiнде Сауда-саттық ұйымдастырушылардың Сауда жүйесiнде тiркелген, қолданылады.
      28. Бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату туралы бұқаралық ақпарат құралдарына ақпараттар немесе өзге де тәсiлдермен хабарландырулар жариялау кезiнде Брокер-дилер өзiнiң толық атауын (акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанын немесе үлгісiн толық көрсетудiң орнына тиiстi абревиатураларды қолдануға рұқсат етiле отырып, мысалы, "ЖШС", "ЖАҚ", "ААҚ"), сондай-ақ Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензияның берiлген күнiн және нөмiрiн көрсетуге мiндеттi.

      4-тарау. Брокерлік қызмет көрсету жөніндегі шарт.
               Клиенттік тапсырыс

      29. Брокерлiк қызмет көрсету жөнiндегі шарт (бұдан әрi "Брокерлiк шарт" деп аталады) жазбаша нысанда жасалауға жатады.
      Брокерлiк шартпен реттелетiн қатынастарға Қазақстан Республикасы заңдарының тапсырыс шартына немесе комиссия шартына қатысты (Брокер-дилер осы Брокерлiк шартқа сәйкес кiмнiң атынан әрекет жасайтындығына қатысты) белгiленген күшi қолданылады.
      Егер бұл Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларында көзделсе және клиенттiң талабына қайшы болмаса, Брокерлiк шартты жасасу кезiнде қолды көшiру үшiн факсимильдiк құралдарды қолдануға рұқсат етiледi.
      Егер бұл Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларында көзделсе, Брокерлiк шартты хаттармен, жеделхаттармен және өзге де құжаттармен алмасу арқылы Қазақстан Республикасы заңдарының шарттарды осындай тәсiлдермен жасасуға қатысты нормаларын сақтау шартымен жасасуға рұқсат етiледі.
      30. Бiрiншi санатты Брокер-дилердiң жасасқан Брокерлiк шарты бiр мезгiлде бағалы қағаздарды нақтылы ұстау туралы шарт ретiнде де бола алады.
      31. Брокерлiк шарттың бiр жолғы да (бағалы қағаздармен бiр немесе бiрнеше өзара байланысты мәмiлелер жасау мақсатында), тұрақты да (Брокерлiк шартпен белгiленген кезең iшiнде клиентке брокерлiк қызмет көрсету мақсатында) сипаты болады.
      Брокерлiк шарттың бiр жолғы сипаты жағдайында оның клиент тапсырысы ретiнде күшi болады және онда осы Қағидалардың 43-тармағында белгіленген нормалар болу керек.
      Брокерлiк шарттың тұрақты сипаты жағдайында бағалы қағаздармен жекелеген мәмiлелер оған сәйкес жекелеген клиенттiк тапсырыстар негізiнде жасалады. Бұл ретте Брокерлiк шартта Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықтимал шарттардан басқа, Брокер-дилерге клиенттiк тапсырыстар ұсынудың рұқсат етiлген тәсiлдерi, Брокер-дилердiң клиенттiк тапсырыстарды қабылдағандығын растаудың тәртiбi және Брокер-дилердiң клиенттiк тапсырыстардың орындалысы туралы есептерді беру тәртібі көрсетілу керек.
      32. Брокерлiк шартта бағалы қағаздармен осы Брокерлiк шартқа сәйкес жасалған және Қазақстан Республикасының заңдарымен оған қатысты шектеулер мен ерекше шарттар белгiленген мәмiле туралы Брокер-дилердiң Ұлттық комиссияны хабардар ету құқығы көзделу керек.
      33. Брокерлiк шартта оның жекелеген шарттарының осы Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен (осындай Iшкi қағидалардың Ұлттық комиссиямен келiсiлген күнiн және оларды Ұлттық комиссиямен келiсiлгендiгiн растайтын құжаттың нөмiрiн мiндеттi түрде көрсетумен) және/немесе ӨРҰ-ның және осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын Сауда-саттық ұйымдастырушының қағидаларымен (осындай қағидалардың Ұлттық комиссияда бекiтiлгендiгi туралы мәлiметтердi мiндеттi түрде көрсетумен) айқындалатындығы көзделу керек.
      34. Бiрiншi санатты Брокер-дилер жасасқан Брокерлiк шартта оған осы Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен және Регламентiмен:
      1) оның осы Брокер-дилердiң клиентiнiң бағалы қағаздар портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылдауға құқығы бар қызметкерлерi айқындалу;
      2) оның осы Брокер-дилердiң клиентiнiң бағалы қағаздар портфеліне қатысты инвестициялық шешiмдердi қабылдаудың және ресiмдеудiң тәртiбi белгiлену;
      3) талдаудың негізiнде оның осы Брокер-дилердiң клиентiнiң бағалы қағаздар портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылданатын ақпарат көздерiн тiркеу тәртiбiнiң айқындалу шартымен клиенттiң бағалы қағаздар портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылдау құқығы берiлуi мүмкiн.
      35. Брокерлiк шартқа Брокер-дилердiң клиенттiң бағалы қағаздар портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылдау құқығы енгізiлген жағдайда, осындай әрбiр жекелеген инвестициялық шешiмнiң нысанасы болып табылатын активтердiң мөлшерi (мәмiленiң бағасы бойынша) осы Брокер-дилердiң Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп жүргiзу туралы заңдарына сәйкес есептелген өз капиталының жиырма бес процентiнен аспау керек; керiсiнше жағдайда аталған қызметтi Брокер-дилер тек қана бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензияның негiзiнде, Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiпте жүзеге асырады.
      36. Брокерлік шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде Брокер-дилер:
      1) оның қаржылық жай-күйiнiң төмендегі кету фактiлерi мен себептерi туралы (осы Брокер-дилердiң қаржылық тұрақтылық көрсеткiштерiнiң тиiстi санаттағы Брокерлер-дилерлер үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген мөлшерлерге (нормативтерге) сәйкес келмеуi);
      2) осы Брокер-дилерге, оның қызметкерлерiне және оның аффилиирленген тұлғаларына қатысты Ұлттық комиссия, ӨРҰ және Сауда-саттық ұйымдастырушылар қолданған кез келген тәртiптiк әрекеттерi туралы;
      3) бағалы қағаздармен Брокерлiк шартқа сәйкес жасалуға тиiстi (жасалған) мәмiлелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген және оны жасасқаннан кейiн күшiне енгiзiлген шектеулер мен ерекше шарттар туралы өзiнiң клиентiн ескертуге мiндеттi.
      37. Осы Қағидалардың 36-тармағында көзделген ескертпелер жазбаша түрде ресiмделу керек және клиентке Брокер-дилер поштамен, тiкелей, электрондық поштамен, факсимильдiк, телекстiк, телеграфтық хабарлаумен немесе өзге де ықтимал байланыс түрлерiмен осындай ескертпенi жiберуге негiз туындаған күннен (осы күндi қоса отырып) бастап үш жұмыс күнi iшiнде жiберу керек.
      38. Брокерлiк шартта оны қолдануды тоқтатудың негіздерi және Брокерлiк шартты қолдану тоқтатылған кезде тараптардың әрекет етуiнiң тәртiбi көзделу керек.
      Егер, Брокерлiк шартты қолдануды тоқтату сәтiне оның шоттарында және кассада клиентке тиесiлі ақшалар мен бағалы қағаздар (бiрiншi санатты Брокер-дилердiң нақтылы ұстауындағы бағалы қағаздарды қоспағанда) қалған жағдайда, олар клиенттiң Брокерлiк шартта көрсеткен немесе осы мақсаттар үшiн оның Брокер-дилерге арнайы берген реквизиттер бойынша Брокерлiк шартты қолдану тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде, егер Брокерлiк шартта ақшалар мен бағалы қағаздарды қайтарудың аса қысқа мерзiмi белгiленбесе, қайтарылу керек.
      Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерінің Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензия тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайдағы әрекет етулерiнiң ерекшелiктерi Ұлттық комиссияның жекелеген нормативтiк актiлерiмен белгiленедi.
      39. Брокерлiк шартты жасасу немесе орындау процесiнде Брокер-дилер клиентке мынадай қызметтер көрсетуге құқылы:
      1) инвестициялық шешiмдер қабылдау үшiн клиентке қажеттi ақпараттар беру жөнiндегі;
      2) клиентке бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау туралы ұсыныстамалар беру жөнiндегi (осы Қағидалардың 41-тармағының екiншi және үшiншi бөлiктерiнiң нормаларын ескере отырып);
      3) өзге де ықтимал ақпараттық, талдау және консультациялық қызметтер.
      40. Осы Қағидалардың 39-тармағында көрсетiлген қызметтердi көрсету кезiнде Брокер-дилер клиентке бағалы қағаздармен Брокерлiк шартқа сәйкес жасалатын мәмiлелер бойынша пайда алу немесе шығындардың болмауы жөнiнде кепiлдiк беруге құқылы емес.
      41. Брокерлiк шартты жасасу және орындау процесiнде Брокер-дилер мүдделер келiспеушіліктерiнiң туындау мүмкiндiктерi және фактiлерi туралы клиентке ескертуге мiндеттi.
      Егер мәмiленi орындау мүдделердiң келiспеушiлiгін туғызуға әкеп соқса, Брокер-дилерге бағалы Қағаздармен осындай мәмiле жасау туралы клиентке ұсыныстамалар беруге тыйым салынады. Брокерлiк шартпен аталған тыйым салуды бұзғаны үшiн бағалы қағаздармен жасалған, орындалуы мүдделердiң келiспеушіліктерiнiң туындауына әкеп соққан мәмiле сомасының кемінде үш процентiн құрайтын айып белгiлену керек.
      Осы баптың екiншi бөлiгімен белгiленген тыйым салу бұзылған жағдайда, Брокер-дилер клиентке Брокер-дилердiң тыйым салуды бұзуының нәтижесінде оған келтiрген шығындарды да, Брокерлiк шартпен белгiленген айыпты да төлеуге мiндеттi.
      42. Брокерлiк шартты жасасу және орындау процесiнде Брокер-дилер өзiнiң клиентi туралы мәлiметтердiң құпиялығын, сондай-ақ клиенттен алынған мәлiметтiң құпиялығын, егер Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген заңдармен, ӨРҰ-ның және осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын Сауда-саттық ұйымдастырушының қағидаларымен өзгеше белгіленбесе және клиент өзi туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ оның Брокер-дилерге берген ақпаратты жария етуге Брокер-дилерге құқық бермесе, сақтауға мiндеттi.
      43. Клиенттiк тапсырыста мынадай реквизиттер болу керек:
      1) осы клиенттiк тапсырысқа сәйкес бағалы қағаздармен жасасуға жататын мәмiленiң түрiн көрсету;
      2) клиенттiк тапсырыстың үлгiсiн көрсету (клиенттiк тапсырысты орындаудың рұқсат етiлген немесе талап етiлген тәсiлдерi);
      3) клиенттiк тапсырыстың қолданылу мерзiмi туралы мәлiметтер;
      4) клиенттiк тапсырысты қабылдаудың күнi және нақты уақыты;
      5) Брокер-дилердiң осы клиенттiк тапсырысты қабылдаған қызметкерi туралы мәлiметтер;
      6) Брокер-дилердiң бағалы қағаздармен осы клиенттiк тапсырысқа сәйкес жасасуға жататын мәмiленi жасау туралы ұсыныстамасының бар екендiгі туралы мәлiметтер;
      7) клиенттiң тiлегі бойынша осы клиенттiк тапсырысқа сәйкес жасасуға жататын мәмiленiң мақсатын көрсету;
      8) Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен және/немесе осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен белгiленген өзге де ықтимал реквизиттер.
      44. Осы қағидалардың 43-тармағының 4)-7) тармақшаларында көрсетiлген клиенттiк тапсырыстың реквизиттерi Брокер-дилердiң уәкiлеттi қызметкерiнiң куәландыруына жатады.
      45. Клиенттiң Брокер-дилерге тiкелей тапсыруына жататын клиенттiк тапсырыстың нысаны және клиенттiк тапсырыс даналарының саны Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен және/немесе осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен белгіленедi.
      46. Реквизиттер осы Қағидалардың 44-тармағына сәйкес куәландырылғаннан кейiн клиенттiк тапсырыстың екiншi данасы (клиенттiң Брокер-дилерге байланыс құралдары арқылы берген клиенттiк тапсырыстың көшiрмесi) клиентке қайтарылуға жатады.
      47. Брокер-дилер:
      1) клиенттiк тапсырыстың мазмұны бойынша клиентпен келiспеушілік болған кезде;
      2) бағалы қағаздармен осы клиенттiк тапсырысқа сәйкес жасасуға жататын мәмiленiң Қазақстан Республикасының заңдарына анық қайшылығы болған кезде;
      3) бағалы қағаздармен осы клиенттiк тапсырысқа сәйкес жасалуға жататын мәміленi тиiстi дәрежеде (Қазақстан Республикасының заңдарына және Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларына және/немесе осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларына сәйкес) орындалуын қамтамасыз етуге клиенттiң қабілеттілігіне сенiмсiздiк болған кезде клиенттiк тапсырысты орындауға қабылдауға құқылы емес. Осындай клиенттiк тапсырысқа орындауға қабылданған жағдайда, Брокер-дилерге осы клиенттiк тапсырмаға сәйкес жасалған мәмiле бойынша мiндеттемелердi бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен және Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен және/немесе осы Брокер-дилер мүшесi (қатысушысы) болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен белгіленген жауапкершілік жүктеледi.

      5-тарау. Бағалы қағаздармен мәміле жасау

      48. Брокер-дилер бағалы қағаздармен мәмiленi өз есебiнен және мүддесiнде де (дилер ретiнде), өзiнiң клиентiнiң есебiнен және мүддесiнде де (сенiмдi өкiл немесе комиссионер ретiндегi брокер ретiнде) жасауға құқылы.
      49. Клиенттiк тапсырыстар, егер Брокерлік шартпен бiр клиенттiң клиенттiк тапсырыстарына қатысты өзгеше көзделмесе, оларды қабылдаудың тәртiбiмен орындалуға жатады.
      50. Өз клиентiнiң есебiнен және мүддесiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау кезiнде екiншi санатты Брокер-дилер осы клиенттiң ақшасын өзiнiң банктiк шотына (өзiнiң кассасына) қабылдауға құқылы емес.
      51. Брокер немесе дилер ретiнде бағалы қағаздармен Брокер-дилердiң жасаған кез келген мәмілелерi тек бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында (Сауда-саттық ұйымдастырушының Сауда жүйесiнде) ғана жасалуға (осы Қағидалардың 52 тармағымен белгiленген ерекшелiктердi қоспағанда) жатады.
      Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген норма, бағалы қағаздармен тиiстi мәмiленi бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында (Сауда-саттық ұйымдастырушының Сауда жүйесiнде) ғана жасау шартымен және осы Қағидалардың 53 және 56-тармақтарының нормаларын сақтау шартымен осы бағалы қағаздарға қатысты Брокер-дилердiң брокер немесе дилер ретiнде бiр мезгілде сатушы (сатып алушы) болғандықтан оның бағалы қағаздарды сатып алуына (сатуына) (дилер немесе брокер ретiнде) тыйым салуды бiлдiрмейдi.
      52. Осы Қағидалардың 51-тармағының бiрiншi бөлігінде белгіленген норма мына жағдайларға қолданылмайды (Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ерекшелiктердi қоспағанда):
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық болып табылмайтын мемлекеттiк емес бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға;
      2) Брокер-дилердiң дилер ретiнде мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды жеке тұлға - меншiк иелерiнен (бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммерциялық өкiлдерi болып табылмайтын өкiлдерiнен) бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында бiр сатушыдан 50 көп емес дана сатып алуына;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарымен, оның iшiнде басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес эмиссияланған, мәмiлелер жасауға;
      4) шетелдiк эмитенттердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысқа жiберiлмеген бағалы қағаздарымен мәмiлелер жасауға;
      5) шетелдiк эмитенттердiң Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысқа жiберiлген бағалы қағаздарымен резидент еместермен мәмiлелер жасасуға;
      6) бағалы қағаздармен (оның iшiнде Брокер-дилердiң өзiнiң эмиссиялаған) оларды бағалы қағаздардың бастапқы рыногында орналастыру кезiнде мәмiлелер жасауға;
      7) акционерлiк қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында жұмыс жасайтын Брокер-дилердiң өз акцияларын Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы; <*>
      8) акцияларды қоспағанда Қазақстан Республикасының заңдарына және осы бағалы қағаздардың эмиссия проспектісіне (шығарылым шарттарына) сәйкес брокер-дилердің өз бағалы қағаздарын сатып алуы. <*>

      Ескерту: 52-тармағының 7-тармақшасы өзгертiлдi, жаңа 8-тармақшамен
               толықтырылды - ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясы
               1999 жылғы 30 қыркүйектегi N 44 қаулысымен. V990924_

      53. Брокер ретiнде әрекет жасай отырып Брокер-дилер тиiстi Сауда-саттық ұйымдастырушының Сауда жүйесiнде тiркелген осы үлгiдегi бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға қарсы өтiнiштiң (ұсыныстың) ең жақсы бағасынан нашар баға бойынша бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға құқылы емес.
      54. Қарсы өтiнiштiң (ұсыныстың) ең жақсы бағасынан нашар баға (осы Қағидалардың 53-тармағында көзделген) деп:
      1) бағалы қағаздарды осы Брокер-дилер сатқан кезде - осы үлгiдегi бағалы қағаздарды сатып алудың ең жоғарғы (ең жақсы) бағасынан төмен баға;
      2) бағалы қағаздарды осы Брокер-дилер сатып алған кезде - осы үлгiдегi бағалы қағаздарды сатудың ең төменгі (ең жақсы) бағасынан жоғары баға түсiнiледi.
      55. Брокерлер-дилерлерге бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердiң бағасымен және бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға өтiнiштердiң (ұсыныстардың) бағаларымен айла-шарғы жасауға, оның iшiнде өз клиенттерiнiң өкiлдерiн, сондай-ақ басқа Брокер-дилерлердi және олардың клиенттерiн бағалы қағаздарға сұраныс пен олардың ұсыныстарының жай-күйi туралы бұрмалау мақсатында өз араларында келiсу арқылы және өзге де ықтимал тәсiлдермен, тыйым салынады.
      56. Брокер ретiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау кезiнде Брокер-дилер клиенттiк тапсырманы аса жақсы орындау үшiн барлық ықтимал күштердi салуға мiндеттi.
      Клиенттiк тапсырыста көрсетiлген мақсатына қайшы келетiн бағалы қағаздармен мәмiле жасауға Брокер-дилер құқылы емес.
      Мүдделер келiспеушіліктерi туындаған жағдайда Брокер-дилер бағалы қағаздармен мәмiлелердi клиенттерінің мүдделерiн өзiнен жоғары ұстауға сүйене отырып жасауға мiндеттi.
      57. Брокер ретiнде клиенттiң атынан әрекет жасай отырып Брокердилер бағалы қағаздармен мәмiлелердi жасау үшiн басқа бiреуге сенім бiлдiруге құқылы, егер осындай сенiм бiлдiру Брокерлiк шартта көзделсе не егер Брокер-дилер есебiнен және мүддесiнде бағалы қағаздармен осы мәмiле жасалатын өз клиентiнiң мүддесiн қорғау мақсатында жағдаяттың әсерiнен осыған ықтиярсыз болса. Бұл ретте бағаны қағаздармен мәмiленi жасау үшiн тек басқа Брокер-дилерге сенiм білдiрiлуi мүмкiн.
      Бағалы қағаздармен мәмiле жасау үшiн Брокер-дилердiң басқа бiреуге сенiм бiлдiруi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      6-тарау. Есеп жүргізуді ұйымдастыру

      58. Бiрiншi санатты Брокер-дилерге тиесілі ақшалар мен бағалы қағаздарға оның клиенттерiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларынан бөлек есеп жүргiзiлуге жатады. Бiрiншi санатты Брокер-дилер бұл мақсаттар үшiн орталық депозитарийде, тiзiлiм ұстаушыларда және банктерде (банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда) оған және оның клиенттерiне тиесілі бағалы қағаздар мен ақшаларға есеп жүргiзуге және сақтауға арналған жеке шоттар ашады.
      Ұлттық комиссия Брокерлер-дилерлерге (оның iшiнде екiншi санатты Брокерлер-дилерлерге) ақша шоттарын ашуға рұқсат етiлетiн банктердiң (банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың) тiзбесiн белгiлеуге құқылы.
      59. Клиенттен келiп түскен бағалы қағаздар мен ақшаларды бiрiншi санатты Брокер-дилердiң орталық депозитарийде, тiзiлiм ұстаушылардағы және банктердегі (банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы) оның клиенттерiне тиесiн бағалы қағаздар мен ақшаларға есеп жүргізуге және сақтауға арналған шоттарға салуына жатады.
      60. Егер ӨРҰ-ның, тiркеушілердiң өзiн-өзi реттеу ұйымының және орталық депозитарийдiң қағидаларымен өзгеше көзделмесе, бiрiншi санатты бiр Брокер-дилердiң барлық клиенттерінің бағалы қағаздары (ақшалары) орталық депозитарийдегі (тiзiлiм ұстаушыдағы, банктегi (банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдағы)) осы Брокер-дилердiң атына ашылған бiр шотқа есепке алынады және сақталады.
      61. Бiрiншi санатты Брокер-дилер әрбiр жеке клиентке осы клиентке тиесiлі бағалы қағаздар мен ақшаларға есеп жүргiзуге және сақтауға арналған жеке шоттар, сондай-ақ осы Брокер-дилерге тиесiлi бағалы қағаздар мен ақшаларға есеп жүргізуге және сақтауға арналған жеке шоттар ашады.
      Жеке шоттар әрбiр жеке шот үшiн бiрегей нөмiрлердi иелену керек. Осы мақсаттар үшiн Ұлттық комиссияның жекелеген нормативтiк құқықтық актiлерiмен немесе ӨРҰ-ның қағидаларымен жеке шоттарды нөмiрлеудiң қағидалары белгiленуi мүмкiн.
      62. Жеке шот (жеке шоттар) ашу мақсатында клиенттiң бiрiншi санатты Брокер-дилерге ұсынуына жататын құжаттардың тiзбесi мен мазмұны осы Брокер-дилер мүшесi болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен немесе осындай қағидалар болмаған кезде, осы Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен белгiленедi.
      63. Брокер-дилер ол мүше болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен немесе осындай қағидалар болмаған кезде осы Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен белгiленген тәртiпте:
      1) клиенттiк тапсырыстарға және олардың орындалысына (орындалмауына);
      2) бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге;
      3) бағалы қағаздармен орындалған мәмiлелерге;
      4) бағалы қағаздармен орындалмаған мәмiлелерге;
      5) жеке шоттардағы бағалы қағаздарға және олардың санының өзгерiстерiне;
      6) жеке шоттардағы ақшаларға және олардың санының өзгерiстерiне;
      7) бағалы қағаздар бойынша түскен және орналастырылған кiрiстерге;
      8) клиенттердiң наразылықтарына және оларды қанағаттандыру жөнiндегі шараларға;
      9) клиенттiк тапсырыстардың орындалысы туралы клиенттер берген есептерге нақты және қажеттi (есеп жүргізу мәлiметтерiне өзгерiстер енгiзу үшін негіздер туындаған күні) есеп жүргізуге мiндеттi.
      64. Клиенттiң жеке шот ашу және жүргізу мақсатында ұсынған құжаттарын Брокер-дилер осы жеке шот жабылған күннен бастап бес жыл iшiнде сақтайды.
      Негізiнде есеп жүргізу мәлiметтерiне өзгерiстер жасалған құжаттар осындай өзгерiстер болған күннен бастап бес жыл iшiнде Брокер-дилердiң сақтауына жатады.
      65. Брокерлер-дилерлердiң қаржы-шаруашылық қызметiне есеп жүргізудiң және олардың қаржылық есеп берулерiнiң тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

      7-тарау. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі бақылау жасау

      66. Брокер-дилер өзiнiң клиенттерiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларының, сондай-ақ ондағы оның клиенттерi туралы ақпараттың (оның iшiнде осы Брокер-дилердiң оның клиенттерінің есебiнен және мүддесiнде бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелер туралы) қауiпсiздiгін (осы тарауда бұдан әрi "Қауiпсiздiк" деп аталады) қамтамасыз етуге мiндеттi.
      67. Брокер-дилердiң регламентiмен, өзге де ықтимал нормалардан басқа:
      1) құжаттарды тiркеу, сақтау және архивке өткiзу, құжаттарға және архивтегi құжаттарға рұқсат ету, архивтегi құжаттардың мәлiметтерiн қалпына келтiру;
      2) электрондық мәлiметтер көлемiнiң сақталысын қамтамасыз ету;
      3) бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау және орындау кезiнде, сондай-ақ осы Брокер-дилердiң және оның клиенттерiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргiзу кезiнде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдарға (оның iшiнде электрондық мәлiметтер көлемiне) рұқсат ету;
      4) өрт қауiпсiздiгінің және апаттардан және өзге де қарсы тұруға болмайтын күштерден алдын-ала ескерту арқылы қорғау;
      5) электр жүйесi өшiп қалған және төменде аталған жүйелердiң қалыпты режимде жұмыс iстеулерi үшiн пайдаланылатын өзге де ресурстар жоғалып кеткен (жетiспеген) жағдайларда Брокер-дилер жүйесiнiң бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау және орындау жөнiндегі, сондай-ақ осы Брокер-дилердiң және оның клиенттерінің бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргізу жөнiндегi жұмыс қабілеттілігін ұстап тұру қағидалары кiретiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету нормалары белгiленедi.
      68. Қауiпсiздiктi қамтамасыз ету нормалары сондай-ақ ӨРҰ-ның қағидаларымен белгіленуi мүмкiн.
      69. Осы Брокер-дилер мүшесi болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен немесе осындай қағидалар болмаған кезде, осы Брокер-дилердiң Регламентiмен қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген нормалары қызметтiк құпия ретiнде айқындалуы мүмкiн. Бұл ретте Брокер-дилердiң Регламентi аталған нормалар бөлiгінде Ұлттық комиссиямен келiсуге жатпайды.
      70. Брокер-дилер бағалы қағаздармен мәмiлелер жасаудың (оның iшiнде Брокерлiк шарттар мен клиенттiк тапсырыстарды орындаудың дұрыстығына), сондай-ақ осы Брокер-дилер мен оның клиенттерiнiң бағалы қағаздары мен ақшаларына есеп жүргiзудiң дұрыстығына iшкi бақылау жасауды (осы тарауда бұдан әрi "Iшкi бақылау жасау" деп аталады) жүзеге асыруға мiндеттi.
      Iшкi бақылау жасауды жүзеге асырудың нормалары осы Брокер-дилер мүшесi болып табылатын ӨРҰ-ның қағидаларымен немесе осындай қағидалар болмаған кезде, осы Брокер-дилердiң Iшкi қағидаларымен белгiленедi. Бұл ретте Брокер-дилердiң iшкi бақылау жасау объектiсi болып табылатын әрекеттердi тiкелей орындайтын қызметкерiне iшкi бақылау жасауды жүзеге асыруға рұқсат етiлмейдi.
      71. Брокер-дилер айына кемiнде бiр рет жеке шоттардағы бағалы қағаздар мен ақшалар санына өзiнiң есеп жүргізу мәлiметтерiн орталық депозитарийдiң, тiзiлiм ұстаушылардың және банктердiң (банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдағы) осы Брокер-дилерге ашылған шоттардағы бағалы қағаздар мен ақшалардың саны туралы мәлiметтермен салыстырып тексерiс жүргізуге міндетті.

      8-тарау. Брокер-дилердің андеррайтингтік қызметі

      72. Бiрiншi санатты Брокер-дилер андеррайтер ретiнде болуға (өзi дербес немесе эмиссиялық синдикат құрамында) құқылы.
      Егер эмиссиялық синдикаттың көмегімен жүзеге асырылатын бағалы қағаздар эмиссиясын орналастыру Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында да, шетелдiк мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногында да жүргiзiлген жағдайда, осындай мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi шетелдiк ұйымдар эмиссиялық синдикаттың мүшелерi ретiнде болуға құқылы.
      73. Эмиссиялық синдикаттың мүшелерi - Брокерлер-дилерлер арасында жасасқан бiрлескен қызмет туралы шартта (осы тарауда бұдан әрi "Андеррайтерлер арасындағы шарт" деп аталады) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген өзге де ықтимал нормалардан басқа мынадай:
      1) эмиссиялық синдикат мүшелерiнiң арасынан бiреуiн эмиссиялық синдикаттың қалған мүшелерi және тұтас эмиссиялық синдикат атынан үшiншi тұлғалар алдында әрекет жасайтын оның басқарушысы ретiнде тағайындау туралы;
      2) қажеттiлiгіне орай: эмиссиялық синдикат мүшелерiнің бiр немесе одан да көбiн оның қосымша басқарушысы ретiнде тағайындау туралы;
      3) эмиссиялық синдикат басқарушысының, сондай-ақ оның қосымша басқарушысының өкiлеттiктерi мен функцияларын айқындау туралы;
      4) эмиссиялық синдикат мүшелерінің арасындағы құқықтарды, мiндеттердi және жауапкершіліктердi бөлу туралы;
      5) андеррайтерлер арасындағы шарттың қолданылу мерзiмi (эмиссиялық синдикаттың жұмыс iстеу мерзiмi) туралы.
      74. Бағалы қағаздар эмитентi мен андеррайтер (эмиссиялық синдикат) арасындағы қатынастар андеррайтингтiк келiсiммен реттеледi, оны эмиссиялық синдикатпен жасасқан жағдайда, эмиссиялық синдикат мүшелерiнiң атынан эмиссиялық синдикаттың басқарушысы қол қояды.
      Андеррайтингтiк келiсiм андеррайтерлер арасында шарт жасасуға дейiн де одан кейiн де жасалуы мүмкiн. Бұл ретте бiрiншi жағдайда андеррайтингтiк келiсiмде андеррайтердiң ол басқарушысы болатын эмиссиялық синдикатты құруға құқығы көзделу керек.
      75. Андеррайтингтiк келiсiммен бағалы қағаздар эмиссиясын орналастырудың мынадай тәсiлдерінің бiрi белгілене алады:
      1) андеррайтер (эмиссиялық синдикат) эмитенттен осы эмиссияның барлық бағалы қағаздарын оларды кейiннен басқа инвесторларға қайта сату және/немесе оларды өзiнiң бағалы қағаздар портфелiнде (эмиссиялық синдикат мүшелерiнiң бағалы қағаздар портфелiнде) сақтау мақсатында сатып алатын "нақты мiндеттемелер" ("firm commitment") немесе "сатып алынған мәмiле" ("bought dеаl") тәсiлi;
      2) андеррайтер (эмиссиялық синдикат) осы эмиссияның барлық бағалы қағаздарын оларды эмитентке осы эмиссияны толық емес орналастыру тәуекелiн жүктей отырып жария ұсыну арқылы орналастыру жөнінде барлық ықтимал күш салуға мiндеттенетiн "аса жақсы күштер" ("best effort") тәсілі;
      3) бағалы қағаздар эмиссиясын орналастырудың бағалы қағаздар рыногында брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыру практикасында пайдаланылып жүрген немесе андеррайтингтiк келiсiм тараптары арасында жаңадан туындаған өзге де тәсiлi ("резервтiк мiндеттемелер" ("standby соммitмеnts"), "барлығы немесе ештеңе" ("all or nоnе") тәсілі).
      76. Егер андеррайтингтiк келiсiмінің шарттарына қайшы келмесе, андеррайтер (эмиссиялық синдикаттың басқарушысы) орналастырылатын эмиссияның бағалы қағаздарын сату үшiн эмиссиялық синдикаттың мүшелерi болып табылмайтын (егер бағалы қағаздар эмиссиясын эмиссиялық синдикат жүзеге асырса) басқа Брокерлер-дилерлердi (өздерiнiң бағалы қағаздар рыногында брокерлік және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi шетелдiк ұйымдар) тартуға құқылы.
      77. Андеррайтингтiк келiсiмде андеррайтердiң (эмиссиялық синдикат басқарушысының және егер бұл андеррайтерлер арасындағы шартта көзделсе, эмиссиялық синдикаттың өзге де мүшелерінің) осы келiсiмге сәйкес орналастырылатын эмиссияның бағалы қағаздарымен жасасқан мәмiлелердiң бағаларын (бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға өтiнiмдердiң (ұсыныстардың) бағаларын) орналастыру кезеңi iшiнде және ол аяқталғаннан кейiнгi осы келiсiммен айқындалған мерзiм iшiнде (бiрақ

бiр айдан кем емес) ұстап тұру жөнiндегі мiндеттемесi болу керек.
     78. Осы тарауда белгiленген нормаларды сондай-ақ иеленушiлер 
сататын бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде қолдануға болады 
(андеррайтингтiк келiсiмнің тарабын эмитенттен бағалы қағаздардың 
иеленушіге тиiстi ауыстырумен).
     
     Ұлттық комиссияның Төрағасы
     
Оқығандар:     
          Багарова Ж.А.
          Икебаева А.Ж.