"Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 22-НҚ нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы 5 ақпандағы № 1-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 5 ақпанда № 35703 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 22-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12720 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) апелляция – кандидаттың біліктілік емтиханының қорытындысы бойынша қабылданған шешімді қайта қарау туралы жазбаша өтініші;

      2) апелляциялық комиссия – кандидаттардың апелляцияларын қарау үшін құрылатын комиссия;

      3) біліктілік емтиханы – кандидаттың сертификаттау пәндері бойынша емтихан модулін орындау рәсімі;

      4) білімді растау жөніндегі ұйым – мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер кандидаттарды оқытатын ұйым;

      5) емтихан модулі – тест сұрақтарынан және тест нысанындағы ахуалдық тапсырмалардан тұратын тапсырмалар көлемі;

      6) кандидат – тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер Қазақстан Республикасының азаматы;

      7) кандидаттың білімін растауы – біліктілік емтиханын офлайн режимде тапсыру арқылы кандидаттың білім деңгейін бағалау;

      8) қадағалаушылар – біліктілік емтиханын өткізу процесін қадағалауды жүзеге асыратын адамдар;

      9) Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) – тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдардың кәсіби, іскерлік қасиеттерін айқындайтын консультативтік-кеңесші орган;

      10) мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау (бұдан әрі – сертификаттау) – білімін растау және Ұлттық комиссияда өтетін әңгімелесу арқылы кандидатқа тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін беру рәсімі;

      11) мемлекеттік аудитор сертификаты – Ұлттық комиссия электрондық және қағаз жеткізгіштерде беретін, арнайы қорғау дәрежесі бар, кандидатқа тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін беруді растайтын белгіленген үлгідегі құжат;

      12) Ұлттық комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) – қызметі Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 23-НҚ нормативтік қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12680 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссия туралы ережемен (бұдан әрі – Ұлттық комиссия туралы ереже) айқындалатын Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата);

      13) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде тұрақты географиялық айқындалатын орналасқан орны жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке пайдаланудағы байланыс құралы;

      14) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесін қамтитын ақпараттық жүйе.";

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Біліктілік емтиханы тест сұрақтарынан және тест нысанындағы ахуалдық тапсырмалардан тұрады.

      Біліктілік емтиханы кандидаттың қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде өтеді.

      7. Пәндер бойынша біліктілік емтихандарын өткізудің күнтізбелік жылға арналған кестесін Жоғары аудиторлық палатамен және уәкілетті органмен келісім бойынша Орталық айқындайды.";

      13, 14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Үлгілік тест сұрақтарының және тест нысанындағы ахуалдық тапсырмалардың тізбесін Орталық Жоғары аудиторлық палатамен, уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлейді және Орталықтың интернет-ресурсына орналастырады.

      14. Бухгалтерлік есеп және аудит саласында ұлттық және (немесе) халықаралық кәсіби біліктілігі бар, тиісті сертификаттардың бағыттары бойынша жұмыс істейтін кандидаттар сертификаттау пәндері бойынша жекелеген емтихандарды тапсырудан босатылады. Емтихан тапсырудан босату Орталықтың ұлттық және (немесе) халықаралық кәсіби сертификаттарды берген тиісті ұйымдардан алынған растайтын құжаттарды ұсынуы негізінде Жұмыс органының шешімі бойынша мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) кандидаттар мынадай:

      "аудитор";

      АССА (Association of Chartered Certified Accountants) (Сертификатталған алқа бухгалтерлер қауымдастығы);

      АСА (Associated Chartered Accountant) (Қауымдастырылған дипломды бухгалтер) біліктіліктерінің бірі болған жағдайда, "Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" және "Қаржылық есептілік аудиті" пәндері бойынша емтихандар тапсырудан босатылады;

      2) кандидаттар мынадай:

      "кәсіби бухгалтер";

      DipIFR (Diploma in International Financial Reporting) (Халықаралық қаржылық есептілік бойынша диплом) біліктіліктерінің бірі болған жағдайда, "Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады;

      3) кандидаттар мынадай:

      CIPFA (The Chartered Institute of Public Finance and Accountancy) (Мемлекеттік секторға арналған халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша диплом);

      CIPFA DipIPSAS-пен (Diploma in international public sector accounting standards) (Мемлекеттік сектордағы бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттары бойынша диплом) бірге CIPFA public auditor (Chartered Institute of Public Finance and Accountancy Public Auditor) (Дипломды мемлекеттік қаржы және бухгалтерлік есеп институты мемлекеттік аудитор) біліктіліктерінің бірі болған жағдайда, "Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" және "Қаржылық есептілік аудиті" пәндері бойынша емтихандар тапсырудан босатылады;

      4) кандидаттар IPSAS АССА (Certificate in International Public Sector Accounting Standards) (Мемлекеттік сектордағы бухгалтерлік есептің халықаралық стандарттары бойынша сертификат) біліктілігі болған жағдайда, "Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау" пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

      15. Орталық емтихан модульдері бойынша біліктілік емтиханын олар келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде Жоғары аудиторлық палатамен және уәкілетті органмен келісілгеннен кейін ұйымдастырады.

      Тест сұрақтары мен тест нысанындағы ахуалдық тапсырмаларды қамтитын емтихан модульдері қолданыстағы заңнаманы, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын ескере отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленеді және жылына 2 (екі) рет жаңартылуға жатады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Біліктілік емтиханынан өту кезінде кандидатқа:

      - біліктілік емтиханын өткізуге арналған үй-жайға электрондық құрылғыларды (соның ішінде ұялы телефондар мен өзге де электрондық жабдықтарды) алып кіруіне. Мұндай құрылғылар біліктілік емтиханын өткізу уақытында ұяшықтары бар арнайы шкафтарға сақтауға қойылады;

      - басқа адамдармен сөйлесуіне, материалдармен алмасуына;

      - біліктілік емтиханын өткізуге арналған үй-жайдан қағаз және электрондық жеткізгіштердегі ақпаратты алып шығуына, қадағалаушылардың еріп жүруінсіз үй-жайдан шығуына жол берілмейді.

      Кандидат осы тармақтың талаптарын бұзған кезде кандидаттың емтихан процесі тоқтатылып, ол үй-жайдан шығарылады, ал біліктілік емтиханының қолда бар аралық нәтижелерінің күші жойылады. Қадағалаушылар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік емтиханы рәсімдерінің бұзылғаны туралы акт жасайды.

      Қадағалаушылардың құрамына: Жоғары аудиторлық палатаның екі өкілі, уәкілетті органның бір өкілі, Орталықтың бір өкілі кіреді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Біліктілік емтиханын өткізу кезінде Жоғары аудиторлық палатаның және уәкілетті органның өкілдері біліктілік емтиханының барлық кезеңіне қатысады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Сертификаттаудың әр пәні бойынша біліктілік емтиханының ұзақтығы екі сағаттан (120 минут) аспайды.";

      24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Егер дұрыс жауаптардың саны тест тапсырмалары бойынша мүмкін болатын жүз (100) пайыздың кемінде жетпіс (70) пайызын құраса, кандидат әр пән бойынша біліктілік емтиханынан өткен болып есептеледі.

      25. Тестілеу нәтижелері ведомоспен ресімделеді және оған 2 (екі) жұмыс күні ішінде Орталықтың өкілдері қол қояды.";

      26-тармақ алып тасталсын;

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Біліктілік емтиханының қорытындыларымен келіспеген кандидаттардың өтініштерін қарау үшін Орталық Жоғары аудиторлық палатамен және уәкілетті органмен келісе отырып, сертификаттаудың тиісті мамандану (пән) салаларының сарапшылары болып табылатын, кемінде үш мүшеден тұратын апелляциялық комиссия құрады.";

      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өту үшін мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге:

      мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесінде аудит жүргізумен байланысты бағыттар бойынша (талдамалық, әдіснамалық, сапаны бақылау, заң тұрғысынан сүйемелдеу);

      және (немесе) бухгалтерлік есепті, бюджеттік есепті, салықтық әкімшілендіруді, бюджетті, мемлекеттік қаржыны, мемлекеттік сатып алуды болжауды, жоспарлауды және орындауды жүзеге асыруға байланысты экономикалық, қаржы салаларында, сондай-ақ аудиторлық қызметте;

      және (немесе) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және (немесе) заң тұрғысынан сараптауға байланысты құқықтық салада;

      және (немесе) аудит саласындағы халықаралық ұйымдарда кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі бар;

      және (немесе) кемінде 2 (екі) жыл ішкі мемлекеттік аудитор немесе мемлекеттік аудитордың ассистенті жұмыс тәжірибесі бар кандидат жіберіледі.";

      3-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-параграф. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін құжаттарды ұсыну тәртібі";

      43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге кандидат (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін Тізбенің 9-тармағында көрсетілген құжаттарды "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы жібереді.

      44. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар мен мәліметтер келіп түскен күні оларды қабылдап, тіркейді.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және/немесе мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Құжаттар құрылымдық бөлімшенің жауапты қызметкеріне 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберіледі.";

      44-тармақтан кейін мынадай мазмұндағы 3-2-параграфтың тақырыбымен толықтырылсын:

      "3-1-параграф. Көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын қарау тәртібі";

      45-тармақ алып тасталсын;

      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының ұсынған құжаттарын:

      1) көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың 38 және 40-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігі;

      2) осы Қағидалардың 41 және 43-тармақтарына сәйкес құжаттарды ресімдеудің толықтығы, анықтығы және дұрыстығы;

      3) құжаттарын қайта берген адамдар үшін осы Қағидалардың 60-тармағында көрсетілген талаптардың сақталуы тұрғысынан тексеруді ұйымдастырады.

      Тізбенің 10-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға негіздер болған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға Кодекстің 73-бабына сәйкес алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдауды өткізу уақыты, күні және орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.

      Қарау нәтижелері бойынша әңгімелесуге жіберу не Ұлттық комиссияда өтетін әңгімелесуге жіберуден дәлелді бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Осы тармақта көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін құжаттарды қайта беруге тыйым салуға әкеп соқпайды.";

      51 және 52-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "51. Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 38, 40, 41, 43 және 60-тармақтарында және Тізбенің 9-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтуге жіберіледі және көрсетілетін қызметті беруші өтініштің тіркелген күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оған Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтуге жіберу туралы хабарламаны "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысы арқылы қысқа мәтіндік хабарлама жолдау арқылы жібереді.

      52. Көрсетілетін қызметті алушылардың кезектілігі олардың өтініштерінің ақпараттық жүйеде тіркелген күні мен нөміріне қарай айқындалады.";

      52-тармақтан кейін мынадай мазмұндағы 3-2-параграфтың тақырыбымен толықтырылсын:

      "3-2-параграф. Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өту";

      мынадай мазмұндағы 52-1-тармақпен толықтырылсын:

      "52-1. Ұлттық комиссияның отырыстары Ұлттық комиссия туралы ережеге сәйкес тоқсанына кемінде 1 (бір) рет өткізіледі.";

      53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "53. Көрсетілетін қызметті беруші әңгімелесу өткізілетін күнге дейін 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей әңгімелесу өткізілетін орынды, күнді және уақытты көрсете отырып, әңгімелесуге жіберілген адамдардың тізімін өзінің интернет-ресурсына орналастырады және көрсетілетін қызметті алушыға Ұлттық комиссияның отырысына шақыру туралы хабарламаны "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы "жеке кабинетіне" жібереді, сондай-ақ осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер әрбір көрсетілетін қызметті алушы бойынша қорытынды дайындайды.";

      60-тармақтан кейін мынадай мазмұндағы 3-3-параграфтың тақырыбымен толықтырылсын:

      "3-3-параграф. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне шағымдану тәртібі";

      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "62. Қағаз жеткізгіштегі тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор сертификаты осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор сертификаттарын беруді есепке алу журналы бойынша көрсетілетін қызметті алушының жеке өзіне не сенімхат бойынша оның өкіліне беріледі.

      Тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор сертификатының бланкісін үйлестіруді, сақтауды, есепке алуды және пайдалануды көрсетілетін қызметті берушінің Ұлттық комиссия қызметін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.";

      63-тармақ алып тасталсын;

      64-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "64. Электрондық нұсқасы жоқ, қағаз жеткізгіштегі тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор сертификаты жоғалған, бүлінген кезде көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге оның телнұсқасын алу туралы өтінішін көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы жолдайды, ол электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйесінде құжаттар келіп түскен күні тіркеледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор сертификатының телнұсқасын берген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жоғалған, бүлінген, зақымданған сертификаттардың жарамсыздығы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.";

      1 және 4-қосымшалар осы нормативтік қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес редакцияда жазылсын;

      6-қосымша алып тасталсын;

      6-1-қосымша осы нормативтік қаулыға 3-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Жоғары аудиторлық палата аппаратының Жоспарлау және сертификаттау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулының Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы
А. Смаилов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық
палатасының
2025 жылғы 5 ақпандағы
№ 1-НҚ Нормативтік қаулыға
1-қосымша
  Мемлекеттік аудитор
біліктілігін иеленуге үміткер
адамдарды сертификаттау
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  "Зерттеулер, талдау
және тиімділікті бағалау
орталығы" ЖШС
___________________________
___________________________
(өтініш берушінің аты,
әкесінің аты
(болған жағдайда), тегі)

ӨТІНІШ

      Мемлекеттік аудитор біліктілігіне білімді растау жөніндегі біліктілік емтиханын тапсыруға рұқсат беруіңізді сұраймын.

      Үйінің мекенжайы, жұмысының/үйінің және ұялы телефондарының нөмірі:

      __________________________________________________________________________

      Электрондық поштасының мекенжайы:_______________________________

      Жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат.

      Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау қағидаларымен таныстым және олармен келісемін.

      Толтырылған күні: 20___жылғы "____" ________ ________________

      (қолы)

  Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық
палатасының
2025 жылғы 5 ақпандағы
№ 1-НҚ Нормативтік қаулыға
2-қосымша
  Мемлекеттік аудитор біліктілігін
иеленуге үміткер адамдарды
сертификаттау қағидаларына
4-қосымша

"Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" ЖШС Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер кандидаттың білімін растау туралы құжат Электрондық дерекқорда 20___ жылғы "___" ________ № ____ болып тіркелген

      Осы құжат___________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      (кандидаттың аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі) (бұдан әрі – А.Ә.Т.)

      мынадай сертификаттау пәндері бойынша оң нәтиже алғандығын растайды:

Біліктілік емтиханының атауы

Нәтиже (балл)

1.

Қоғамдық сектор үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау


2.

Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау


3.

Қаржылық есептілік аудиті


4

Сәйкестік аудиті


5

Тиімділік аудиті


      Құжаттың қолданылу мерзімі 20__ жылғы "_____" ______________

      Басшы _______________________________________________________

      (А.Ә.(болған жағдайда), Т. (қолы)

      Мөрдің орны (болған жағдайда)

  Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық
палатасының
2025 жылғы 5 ақпандағы
№ 1-НҚ Нормативтік қаулыға
3-қосымша
  Мемлекеттік аудитор
біліктілігін иеленуге үміткер
адамдарды сертификаттау
қағидаларына
6-1-қосымша

"Мемлекеттік аудитор сертификатын беру" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі

1

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы

Мемлекеттік аудитор сертификатын беру

2

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы

3

Мемлекеттік қызметті көрсету тәсілдері

"Электрондық үкіметтің" веб-порталы (www.egov.kz), телнұсқаны беру кезінде көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы

4

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі

6 (алты) ай ішінде

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған), қағаз нысанда

6

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Мемлекеттік аудитор сертификатын беру немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді түрде бас тарту

7

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін

8

Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі

Жұмыс кестесі:
1) көрсетілетін қызметті беруші демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбі – жұма аралығында сағат 8.30-дан 17.30-ға дейін, түскі асқа үзіліс сағат 12.30-дан 13.30-ға дейін.
Құжаттар демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбі – жұма аралығында сағат 12.30-дан 13.30-ға дейін түскі асқа үзіліспен сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін қабылданады;
2) "электрондық үкіметтің" веб-порталы: тәулік бойы (жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда). Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

9

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан сұратылатын құжаттар мен мәліметтер тізбесі

1) кандидат үміт білдірген тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігі көрсетілген өтініш осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша автоматты түрде қалыптасады;
2) жеке басын куәландыратын құжаты туралы мәліметтер;
3) жоғары білімінің болуын растайтын құжаттың қосымшаларымен бірге электрондық көшірмесі.
Шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттардың көшірмелеріне "Болашақ" халықаралық стипендиясын иеленушінің шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми орталықтары мен зертханалары берген, сондай-ақ өзара тану және баламалылығы туралы халықаралық шарттың (келісімнің) қолданылу аясына жататын білім туралы құжаттарды қоспағанда, білім беру саласындағы уәкілетті орган берген осы білім туралы құжаттарды тану немесе нострификациялау туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі.
Білімі туралы құжаттарға "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы берген "Болашақ" халықаралық стипендиясы стипендиантының мәртебесі туралы ақпарат қоса беріледі.
Өзара тану және баламалылығы туралы халықаралық шарттың (келісімнің) қолданылу аясына жататын білім туралы құжаттардың көшірмелеріне білім беру саласындағы уәкілетті орган берген білім туралы осы құжаттарды тану туралы анықтамалардың көшірмелері қоса беріледі.
Егер құжат (диплом/сертификат) және оған қосымшалар шет тілінде болса, белгіленген тәртіппен нотариат куәландырған қазақ және (немесе) орыс тіліндегі аудармасы ұсынылады.
4) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжат (ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған жағдайда құжаттың электрондық көшірмесі қоса беріледі).
Қажет болған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы функционалдық міндеттеріне сәйкес салаларда жұмыс өтілінің болуын растайтын құжаттарды қоса береді.
5) бухгалтерлік есеп, аудит және қаржы саласында ұлттық немесе халықаралық кәсіби біліктілік берілгені туралы құжаттың электрондық көшірмесі (болған жағдайда);
6) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Орталық берген мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдар үшін білімді растау жөніндегі құжаттардың электрондық көшірмесі;
7) жеке деректерін (тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда) өзгертуі туралы мәліметтерді растайтын құжаттың электрондық көшірмесі;
8) 3x4 көлеміндегі 1 (бір) электрондық фотосурет (жеке іске);
9) дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру туралы өтініш осы Қағидаларға 5-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша автоматты түрде қалыптасады;
10) жоғары санатты мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдар үшін мемлекеттік аудитор сертификатының электрондық көшірмесі;
11) осы Қағидалардың 41-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген халықаралық кәсіби біліктіліктердің бірін иелену туралы құжаттың электрондық көшірмесі.
Осы тармақтың 3), 4), 5), 6), 10) және 11) тармақшаларында көзделген құжаттар персоналды басқару қызметінің (кадр қызметі) қолымен (болған жағдайда) және мөрімен (мөртабанымен) куәландырылған не нотариат куәландырған нысанда ұсынылады.
Көрсетілетін қызметті алушының таратылуы шектелген ақпаратты қамтитын құжаттарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері қабылдайды.
Жеке басын куәландыратын құжат туралы, қосымшалары бар жоғары білім дипломы туралы, тегін, әкесінің атын, анықтама деректерін өзгерту туралы мәліметтерді
көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысы арқылы бір реттік парольді беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған көрсетілетін қызметті алушының келісімі болған жағдайда, іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисінен өтініш берген кезде заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы туралы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы, сондай-ақ көрсетілген қызметті алушының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы туралы мәліметтерді алады (сервисте мәліметтер болған кезде).
Көрсетілетін қызметті алушылардан мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйелерден немесе цифрлық құжаттар сервисінен алуға болатын құжаттар мен мәліметтерді талап етуге рұқсат етілмейді.

10

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;
4) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы;
5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе қызметтің жекелеген түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;
6) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген шешімі болып, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнаулы құқығынан айырылуы;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған көрсетілетін қызметті алушыға қатысты;
8) өтініш беру сәтінде заңнамада белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылықтың болуы;
9) Ұлттық комиссияның тиісті деңгейдегі мемлекеттік аудитор біліктілігін беруден бас тартуы.
10) көрсетілетін қызметті алушының Ұлттық комиссияға әңгімелесуге келмеуі.

11

Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

Мемлекеттік қызметті көрсету орнының мекенжайы Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының www.esep.gov.kz интернет-ресурсының "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" бөлімінде орналастырылған.