Спортпен шұғылдану кезiнде және оқу мақсатында қаруды қолданудың қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 203 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 шiлдеде № 33185 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Спортпен шұғылдану кезiнде және оқу мақсатында қаруды қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
Министрінің міндетін атқарушы
С. Құранбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
Министрінің міндетін атқарушы
2023 жылғы 28 шілдедегі
№ 203 бұйрығымен
бекітілген

Спортпен шұғылдану кезiнде және оқу мақсатында қаруды қолданудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спортпен шұғылдану кезiнде және оқу мақсатында қаруды қолданудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 6-тармағына сәйкес әзірленді және спортпен шұғылдану кезінде және оқу мақсатында қаруды қолданудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар барлық дене шынықтыру және спорт ұйымдарында (бұдан әрi - ұйымдар) қолданылады.

      3. Атыс тирлерде (атыс орындарында) атыс жүргiзілетiн арнайы орындарда және стендттерде iрi калибрлi, кiшi калибрлi, пневматикалық (үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары және калибрі 4,5 миллиметрден астам) және стендтi қарудан атыс, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 22 қыркүйектегі № 637 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21281 болып тіркелген) Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге қорытындылар беру кезіндегі рұқсат талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне сәйкес жүргізіледі.

      4. Атыс тирлерде (атыс орындарында) және стендттерде қатаң түрде спорт жұмысының жоспары (күнтiзбелiк жоспары) немесе ұйымның басшысы бекіткен сабақ кестесi бойынша жүргізіледі.

      5. Спорттың атыс түрлері бойынша (оқ ату, стендті, практикалық) оқу-жаттығу сабақтарын атыс басшылары өткізеді.

      6. Атысты басқаруға жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар, нұсқаушылар, спорт төрешілері жiберiледi.

      Нұсқаушылар атыс жетекшiлiгiне рұқсат алу үшiн Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 13 маусымдағы № 536 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18849 болып тіркелген) Азаматтық және қызметтік қарудың иелері мен пайдаланушыларын даярлау және қайта даярлау бағдарламасына сәйкес азаматтық және қызметтік қарудың иелері мен пайдаланушыларын азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуіне даярлау (қайта даярлау) бағдарламаларынан өтеді.

      7. Атыс тирінде (атыс орнында) және стендте атыс басшысы атысқа қатысушылардың осы Қағидаларды, пысықталатын жаттығулардың шарттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 562 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18881 болып тіркелген) Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын (бұдан әрі - Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидалары) сақтауын қамтамасыз етеді.

      8. Спортшыға немесе атыс басшысына қару-жарақ бөлмесінен қару беру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 1 шілдедегі № 602 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18961 болып тіркелген) Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидаларының (бұдан әрі - Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидалары) талаптарына сәйкес қол қою арқылы жүзеге асырылады.

      9. Атыс тирлерде (атыс орындарында) және стендттерінде қызметкерлердi, спорт клубының мүшелерiн, спортшыларын және атыс басшыларын өткiзу рұқсат қағазы бойынша, ал атушы спортшыларды - атыс орнын жалға алған ұйымдардың әкiмшiлiгi растаған тiзiм бойынша, жеке басын куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ қаруды сақтау және алып жүру құқығына рұқсаттар көрсету арқылы жүргiзiледi.

      10. Қаруды тазалау және оларды атуға дайындау ұйымның арнайы бөлінген орнында жүргізіледі.

      11. Спорттық жарыстар, оқу-жаттығу жиындарын өткізу кезінде басқа елді мекендердің спортшылары мен командаларының қатысуымен оларды өткізу орындарында спорттық-бұқаралық іс-шаралардың ұйымдастырушылары қару мен патрондарды уақытша сақтауды ұйымдастырады, осы мақсатта Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы қағидаларының талаптарына сәйкес қару мен патрондарды сақтау үшін белгіленген стационарлық үй-жайлар пайдаланылады.

2-тарау. Спортпен шұғылдану кезiнде және оқу мақсатында қаруды қолдану мен қауіпсіздік тәртібі

      12. Атыс кезіндегі қауіпсіздік оның барлық қатысушыларының жоғары тәртібімен, атыстарды нақты ұйымдастырумен және осы Қағидалар мен қауіпсіздік шараларының Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларына сәйкес сақталуымен қамтамасыз етіледі.

      Әрбір атыс тирінде (атыс орнында) және стендте осы Қағидалардың негізінде ерекшеліктер мен жергілікті жағдайларды ескере отырып, атысқа қатысушылардың барлығы жақсы бiлуi және орындауы тиiсті Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларына сәйкес нұсқаулық әзiрленедi және көрнекi жерге iлiнедi.

      13. Атыс тирінде (атыс орнында) және стендте атқыштар мен айналасындағы адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етiледі, сондай-ақ атыс аймағына адамдар мен жануарлардың өтiп кету мүмкiндігі шектеледі.

      14. Қарудың материалдық бөлігін меңгермеген, оны қолдана алмайтын және Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын бiлмейтiн атқыштарға атуға рұқсат берілмейді.

      15. Атыс шеңберінен немесе арнайы жасалған жаттығу аймағынан тыс кез-келген қару тысқапта, қаптамада, қорапта (жәшікте) немесе қапшықта болады, бекітпесі ашық және қауіпсіздік жалаушасы салынған, стендтік қару жиналған түрінде, ал жартылай автоматты қарудың бекітпесі ашық болады. Қару қаптамадан, орамнан, қапшықтан атыс аймағында шығарылады.

      Атыс тирінің (атыс орындарының) аумағында қаруды тысқапсыз, қаптамасыз алып жүруге, қарудың оқпанына салынған қауіпсіздік жалаушасы анық көрінетін кезде ғана рұқсат беріледі, бұл ретте қарудың оқпаны қауіпсіз бағытқа бағытталған болады.

      Спорттық жарыстар өткізу кезінде қару-жарақпен арнайы бөлінген орындарда патронсыз, ашық ысырмамен және қауіпсіздік жалаушасы салынған дайындық қалпында жаттығуға рұқсат етіледі.

      16. Траншеялық стендтегі атқыш сол жағындағы атқыш атуға дайындалғаннан кейiн ғана мылтықты жаба алады. Атқыш бiр жердегi ату орнынан екiншi жерге мылтықты ашық түрде, ал автоматты мылтықты - оғы алынған, ұңғысы жоғары көтерiлген күйде көшуi тиiс. Атқыш бесiншi атыс орнынан бiрiншi орынға ауысуы кезiнде мылтық ағытылуы керек, патрондар мен гильзалар одан алынуы тиiс.

      17. Оқталатын патрондардың саны "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабы 1-тармағымен бекітілетін Спорт түрі бойынша қағидалармен айқындалады.

      18. Жаттығуларды орындау кезiнде және дайындық кезiнде атқыштың патрондар мен оқжатар алынғаннан кейiн ғана қаруды ұңғысын атыс желісіне қаратып қоюына (қолынан шығаруына) болады. Бұл ретте винтовкалар мен тапаншалардың оқтамалары ашық қалады, ал оқпандарға қауіпсіздік жалаушалары енгізіледі.

      Жаттығуды орындау кезінде атудың барлық түрлерінде атыс желісінен қару атыс басшысының пәрмен бергенде шығарылады.

      19. Атыс аймағында адамдар немесе жануарлар байқалған кезде әрбiр атқыш атыс басшысы "тоқта" және "оқты ал" пәрмен бергенде немесе өз еркімен оқ атуды тоқтатуы тиіс.

      20. Жаттығуда соңғы рет атқаннан кейiн (немесе "тоқта" және "оқты ал" деген пәрмендер берiлгеннен кейiн) атқыш қаруды босатып, оқпанға қауіпсіздік жалаушасын қояды.

      21. Мыналарға:

      атыс үшiн ақауы бар қару беруге;

      атыс желісінен тыс немесе оқу-жаттығу процесі үшін арнайы белгілінген орыннан тістұрып атысқа дайындалуға және нысанаға немесе басқа да заттарға көздеуге;

      атыс басшысының рұқсатынсыз атыс желісінде қаруды оқтауға немесе атуға;

      қарумен кез-келген қимыл жасағанда (атыс кезiнде, қайта оқтау кешiгу, атылмай қалуы ) қаруды атыс желісінен басқа жаққа бұруға;

      атыс аймағында адамдар немесе жануарлар болған кезде қаруды ұстауға;

      ақауы бар қарудан оқ атуға;

      атыс желісінде оқталған қаруды немесе құлыпты жабық қалдыруға;

      қаруды қараусыз қалдыруға атқыш қарамағындағы қаруды оның рұқсатынсыз қолға алуға немесе ұстауға;

      оқталған қаруды атыс желісінен алып шығуға;

      жаттығуды орындауға жатпайтын заттарды (раманы, тросты, жабдықтарды, жалаушаны, қалқанның нөмiрлерiн) атуға;

      стендiлiк мылтықтарда иыққа асатын белбеудiң болуына;

      жабық стендiлiк мылтықты көрермендерге қарай бұруға, сондай-ақ мылтықтан патрондар мен атылған гильзаларды шығармай ату орнынан кетуге;

      басқа бiр атқыштың нысанасын көздеуге және оны атуға, атыс шебiнде пайда болған құстар мен жануарларды атуға;

      жабық стендiлiк мылтықпен атыс алаңынан тыс жерде жаттығуға жол берілмейді.

      22. Атыс үзiлген жағдайда (техникалық және басқа да себептермен) барлық атқыштардың мылтықтары ашық болады. Мылтықты атыс басшысын пәрмен бергеннен кейiн жабуға болады.