Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 562 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 21 маусымда № 18881 болып тіркелді.

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабы 1-тармағы 8-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты Е. Тургумбаев

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2019 жылғы 20 маусымдағы
№ 562 бұйрығымен
бекітілген

Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабы 1-тармағының 8-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және азаматтық және қызметтiк қаруды қауіпсіз ұстау тәртібін айқындайды.

      2. Азаматтық және қызметтiк қарудың иелері мен пайдаланушыларын, сондай-ақ атыс қаруын, газды тапаншалар мен револьверлерді, пневматикалық, электрлік қаруды сатып алатын адамдарды даярлау және қайта даярлау қару айналымына бақылау жасау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйымдарда жүргізіледі.

      3. Жеке күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлер "Күзет қызметі туралы" 2000 жылғы 19 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-1-бабы 4) тармақшасына сәйкес бекітілетін Жекеше күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына сәйкес мамандандырылған оқу орталықтарында қару иелері мен пайдаланушыларын даярлаудан және қайта даярлаудан өтеді.

      4. Қару иелері мен пайдаланушылары:

      1) қару мен патрондар олардың сақталуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ оларға бөгде тұлғалардың рұқсатын болдырмайтын шарттардың сақталуымен құлыпқа жабылатын сефтерде немесе металл шкафтарда, жәшіктерде сақтау. Бұл ретте қару оқсыз оралған күйінде болады;

      2) қаруды және патрондарды ұқыпты пайдалану және қару мен патрондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау;

      3) қауіпсіздік (қоса берілген қарудың әрбір моделі үшін пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың) талаптарын сақтау;

      4) қаруды оқсыз оралған күйінде тасымалдау қажет (қапта, кобурада, арнайы тарада, кейстерде, футлярда).

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 27.10.2020 № 739 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Қарудың иелері мен пайдаланушыларына:

      1) қажет болмаса қаруды оқтауға, сақтандырғышты сөндіруге, оқтау сәтіне дейін саусағын шүріппеге қоюға;

      2) егер қару оқталған болса да оны өзін-өзі қорғау жағдайларын қоспағанда, адамдарға, үй жануарларына, көлік құралдарына немесе олар пайда болуы мүмкін бағыттар бойынша, ғимараттарға, құрылыстарға, электр желілерінің сымдары мен тіреуіштеріне, сондай-ақ өзге де қауіпті бағыттарға бағыттауға;

      3) қару мен оның патрондарын сақтауға және алып жүруге берілген тиісті рұқсатсыз сақтауға, алып жүруге, тасымалдауға және пайдалануға;

      4) атыс үшін ақауы бар не бұзылған (жарықтары болса, майысқан, сырылған, тотыққан болса) қару мен оның патрондарын, сондай-ақ көзге көрінетін ақаулары бар (сынған, жарықтары бар, бұрандалары жоқ, адырнасы бұзылған) лақтырылатын қаруды пайдалануға;

      5) пайдаланатын қару модельдерінен атуға арналған қарудың патрондарын және зақымдаушы элеметтердің қуаты өздігінен ұлғайтылған патрондарды, қолдан жасалған зақымдаушы элементтерді (азаматтардың жеке пайдалану үшін жарақталған аңшылық атыс тегіс ұңғылы қарудың патрондарынан басқасы), жарамдылық мерзімі өтіп кеткен патрондарды, атылмай қалған патрондарды қолдануға;

      6) тұрақсыз жағдайда немесе көп ұңғылы қарудан біруақытта бірнеше ұңғыдан атуға;

      7) көзге көрінуі шектеулі, сондай-ақ шу, сыбдыр жағдайында анық көрінбейтін нысана бойынша атуға;

      8) қарудың құрама бөлшектері мен компоненттеріне өздігінен жөндеу жүргізуге, оларға тактикалық-техникалық сипаттамаларын өзгертетін конструктивтік өзгерістер енгізуге;

      9) қару мен оның патрондарын арнайы жабдықталған сақтау орындарынан тыс жерлерде қалдыруға, сондай-ақ оларды бөгде адамдарға беруге;

      10) есірткі құралдарын, психотроптық, уытқұмарлық және басқа да есеңгірететін заттарды пайдаланған күйде және (немесе) алкогольдік масаң күйде, зейінді төмендететін және ден қою жылдамдығын төмендететін дәрі-дәрмектің әсерінен, сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігінің және қару мен оның патрондарының сақталуының қаупін тудыратын қаруды алып жүруге, тасымалдауға және пайдалануға, оның патрондарын жарақтауға жол берілмейді.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 27.10.2020 № 739 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Азаматтық қару мен оның патрондарын қауіпсіз ұстау тәртібі

1-параграф. Газды пистолеттер мен револьверлер, механикалық шашыратқыштар, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жабдықталған аэрозольді және басқа да құрылғылар

      6. Газды пистолеттердің және револьверлердің (бұдан әрі – газды қару) иелері:

      1) газды қарудың патрондары герметикалық орамда сақтау, алып жүру және тасымалдау;

      2) газда қарудың патрондарын орамнан ашқаннан кейін патронда және орамның ішкі жағында ұнтақ түрінде көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттардың жоқ екеніне көз жеткізу;

      3) егер патрондары бар орамды ашқаннан кейін көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттардың (түшкіру, тамақтың жыбырлауы, көз бен мұрынның жануы, жас ағу, мұрыннан су ағу) әсері сезілсе газды қарудың патрондарын спиртке немесе спирт ерітіндісіне суланған тампонмен сүрту;

      4) герметизацияны болдырмау үшін патрондарды соққылар мен құлаудан қорғау;

      5) оқтау және оқсыздандыру кезінде газды қаруды жоғары не өзге де қауіпсіз бағытта бағыттауға;

      6) аэрозоль бұлтының әсер етуін болдырмау үшін атқан кезде газды қаруды қолды созып ұстау, атқаннан кейін бірден бірнеше метрге қарай кету;

      7) газды қарудың патрондарын, атылған гильзаларды және газды қарудың бөлшектерін ұстаған қолмен бетті, әсіресе көзді ұстамау қажет;

      8) оқ атқаннан кейін газды қаруды спиртке немесе құрамында кемінде 40 пайыз спирт бар ерітіндісіне суланған шүберекпен тазалап, полиэтилен пакетке орналастыру қажет.

      7. Механикалық шашыратқыштардың, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жабдықталған аэрозольді және басқа құрылғылардың иелеріне адамға 0,5 метрден астам қашықтықта орташа және ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтіретін механикалық шашыратқыштарды, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жабдықталған аэрозольді және басқа құрылғыларды қолдануға жол берілмейді.

      8. Көзден жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен жабдықталған механикалық шашыратқыштарды, аэрозольді және басқа да құрылғыларды 0,5 метрден астам қашықтықта қолдану адамның белсенді іс-қимылға қабілетін жоғалтуға әкеп соқтыруы, бірақ 30 минуттан аспауы тиіс.

      9. Газды қару иелеріне:

      1) қарсы жел кезінде және жабық шектелген кеңістіктің ішінде (бөлмеде, лифтте, көлік құралында), ұңғы кесіктен зақымдау объектісіне дейін кемінде 1 метр қашықтықта газды қаруды пайдалануға;

      2) мүгедектіктің айқын белгілері бар адамдарға, жүкті әйелдер мен балаларға газды қарудан атуға;

      3) бас пен мойынға газды қарудан жарақат салатын патрондармен атуға;

      4) оқпен және бытыра зарядтарымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қолдануға рұқсат етпеген заттарымен жарақталған газды қару патрондарын пайдалануға;

      5) ысырманың еркін жүрісімен газды қарудан ату кезінде мұндай қаруды бекітпеден ұстауға не қолын оның қозғалысы аймағына қоюға;

      6) газды қару мен оның патрондарын жанатын, тез тұтанатын және химиялық агрессивті материалдармен бір үй-жайда сақтауға;

      7) газды қаруды, оның патрондарын киімнің қалтасында алып жүруге, қыздыруға және оларға кір мен атмосфералық жауын-шашынның түсуіне жол беруге;

      8) созылатын атудың салдарын болдырмау үшін газды қару бекітпесін (барабанын) кескеннен кейін 5 секундтан кейін ашуға;

      9) газды қаруға кездейсоқ табылған патрондарды пайдалануға жол берілмейді.

2-параграф. Спорттық және аңшылық атыс қаруы

      10. Спорттық және аңшылық атыс қаруының (бұдан әрі – атыс қаруы) иелері:

      1) ұңғы арнасын (оқпандарды), атыс қаруының құрамдас бөліктерін уақтылы тазалау және майлау, оларда тотық пайда болуына жол бермеу;

      2) оқтау және оқсыздандыру кезінде атыс қаруын жоғарыға қарай не өзге де қауіпсіз бағытта бағыттау қажет.

      11. Атыс қаруы иелеріне:

      1) патрондарды атыс қаруының оқжатарына (барабанына) күшпен салуға не оны қағуға;

      2) созылатын атудың салдарын болдырмау үшін атыс қаруының бекітпесін (барабанын) атылмай қалғаннан кейін кемінде 5 секундтан кейін ашуға;

      3) кездейсоқ табылған патрондарды пайдалануға;

      4) бекітпенің еркін жүрісімен атыс қаруынан ату кезінде қаруды бекітпеден ұстауға не қолын оның қозғалысы аймағына қоюға;

      5) атыс қаруын және оның патрондарын жанатын, тез тұтанатын және химиялық агрессивті материалдармен бір үй-жайда сақтауға;

      6) қысқа ұңғылы атыс қаруын киімнің қалталарында алып жүруге;

      7) спорттық қаруды атыс тирлерінен, атыс алаңдарынан, атыс-аңшылық стенділерінен тыс жерлерде пайдалануға жол берілмейді.

3-параграф. Электр қаруы

      12. Электр қаруын және электр қуатын пайдалануға негізделген өзге де заттарды қолдану адамға ауырлығы орташа және ауыр дәрежедегі дене жарақаттарын келтірмеуі тиіс.

      13. Электр қуатын пайдалануға негізделген электр қаруы мен өзге де заттарды қолдану адамның белсенді іс-қимылға қабілетін жоғалтуға әкеп соқтыруы тиіс, бірақ 30 минуттан аспауы тиіс.

      14. Электр қару иесіне:

      1) мүгедектіктің айқын белгілері бар адамдарға, жүкті әйелдер мен балаларға қатысты электр қаруын қолдануға;

      2) электр қаруын қолдану кезінде жүрек, бас, мойын және кеуде тұсына электродтардың түйісуін болдырмау қажет;

      3) электр қаруын мақсатсыз пайдалануға жол берілмейді.

4-параграф. Пневматикалық қару

      15. Пневматикалық қару иесі оқтау немесе оқсыздандыру кезінде пневматикалық қаруды жоғарыға не өзге де қауіпсіз бағытта бағыттауға міндетті.

      16. Пневматикалық қару иесіне:

      1) пневматикалық қаруды елді мекендерде орамасыз алып жүруге және тасымалдауға, сондай-ақ осындай қаруды елді мекендерде атыс тирлерінен және атыс орындарынан, атыс-аңшылық стендтерінен тыс жерлерде пайдалануға;

      2) пневматикалық қарудың нақты моделіне арнайы арналмаған заттарды оқтар ретінде пайдалануға;

      3) атылған оқты қайта пайдалануға;

      4) қысқа ұңғылы пневматикалық қаруды киімнің қалтасында алып жүруге жол берілмейді.

5-параграф. Белгі беретін қару

      17. Белгі беретін қару иесі:

      1) оқтау және оқсыздандыру кезінде белгі беретін қаруды жоғары не өзге де қауіпсіз бағытта бағыттау;

      2) ұңғы оқпанын жоғары бағыттағаннан кейін ғана белгі беретін қарудан ату қажет.

      18. Белгі беретін қару иесіне:

      1) патронды белгі беретін қарудың оқжатарына күшпен салуға не оны қағуға;

      2) өрт қауіпті объектілерге жақын, сондай-ақ егер пиротехникалық зарядтың ұшу траекториясында кедергілер болса немесе олардың пайда болуы мүмкін болса белгі беретін қарудан атуға;

      3) белгі беретін қаруға оқтары бар патрондарды, сондай-ақ қолдан жасалған патрондарды, кездейсоқ табылған патрондарды пайдалануға;

      4) белгі беретін қару мен оның патрондарын жанатын, тез тұтанатын және химиялық агрессивті материалдармен бір үй-жайда сақтауға;

      5) белгі беретін қару мен оның патрондарын киімнің қалтасында алып жүруге жол берілмейді.

6-параграф. Лақтырылатын қару

      19. Лақтырылатын қарудың иесі лақтырылатын қаруды тек атыс сызығында және қатаң нысана бағытында оқтауы қажет.

      20. Лақтырылатын қарудың иесіне:

      1) оқталған, лақтырылатын қарумен қозғалуға (вольерлік аң аулаудан басқа);

      2) лақтырылатын қарудың істен шығуына әкеліп соғатындықтан, оқсыз атуға (адырнаны зақымдайтын элементсіз жіберу);

      3) лақтырылатын қарудан тігінен жоғары атуға;

      4) оқталған, лақтырылған қаруды басқа адамға беруге;

      5) лақтырылатын қаруды оқталған күйінде қалдыруға;

      6) саусақтарды және дененің басқа да бөліктерін адырна қозғалысы аймағында орналастыруға жол берілмейді.

3-тарау. Қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау тәртібі

      21. Бекетте қызмет атқару кезінде қару оқталады және сақтандырғышқа қойылады.

      22. Қабылдап алынған патрондар олардың санына және гильзада тоттанғаны, мыжылғаны, гильзаның аузына оқ бекітілуі, капсулада жасыл ұшасы мен басқа да ақаулықтардың болуы мәніне тексеріледі, ақаулы патрондар анықталған кезде басшыға хабарланады.

      23. Қаруды оқтау және оқсыздандыру тек ауысым басшысының, оның көмекшісінің нұсқауы бойынша белгіленген жерде жүргізіледі.

      24. Егер қаруды қолдану қажет болмаса, патрон салатын орындарға патронды салуға жол берілмейді.

      25. Ескерту ату кезінде қару жоғары немесе қауіпсіз жерге бағытталады.

      26. Қаруды қолданғаннан кейін егер атысты одан әрі жүргізу қажеттілігі туындамаса қару сақтандырғышқа қойылады, ұйым басшысына, ауысымның аға қызметкеріне баяндалады және тек олардың тікелей бақылауымен және олардың командасы бойынша қару оқсыздандырылады.

      27. Қызмет өткеру кезінде бекітілген қару қалдырылмайды және басқа адамдарға берілмейді.

      28. Қызметтік қаруды пайдаланушыларға:

      1) бекітілмеген (басқа адамға) қаруды алуға;

      2) қаруды оқталғанына немесе оқталмағанына қарамастан оны адамдарға, тұрғын үй-жайларға және күзетілетін объектілерге қарай бағыттауға;

      3) егер ол қызметтік қажеттілігінен туындамаса, атыс жүргізуге, сондай-ақ тұрғын үйлер, адамдар жаппай жиналатын орындар, өрт қаупі бар және жарғыш қаупі бар қоймалар бағытында атыс жүргізуге;

      4) қызмет өткеру кезінде қаруды бөлшектеуге, қажет болмаған жағдайда оны сақтандырғыштан алуға, патронды патрон салатын орындарға салуға және саусақты шүріппе ілмегіне қоюға;

      5) патрон салатын орында патроны бар бола тұра қызмет өткеруге;

      6) әскери қызмет өткеру кезінде оқжатарды ажыратуға және одан патрондарды алуға;

      7) қаруды белгіленбеген орындарда және ауысымның аға қызметкерінің рұқсатынсыз оқтауға және оқсыздандыруға жол берілмейді.

      29. Оқу-жаттығуларда, атыстарда және сабақтарда:

      1) қарумен және оқ-дәрілермен кез келген іс-әрекеттер тек атыс басшысының командасы бойынша жүргізіледі.

      2) атқыш әр оқтау алдында оқпанда бөгде заттардың (жердің, құмның, шүберектің және т.б.) болмауын тексереді.

      3) қаруды оқтау және оқсыздандыру тек атыс басшысының командасы бойынша жүргізіледі, бұл ретте қарудың оқпаны нысанаға қарай немесе ол көрсеткен бағытқа бағытталады.

      4) оқу немесе бос патрондарды пайдаланар алдында білім алушы олардың арасында жауынгерлік патрондардың болмауын жеке өзі тексереді.

      30. Сабақтар мен атудан кейін барлық қалған, пайдаланылмаған жауынгерлік, бос, шағын калибрлі немесе оқу патрондары атыс басшысына дереу тапсырылады.

      31. Қару атуға арналған жағдай мен басшының "ату" командасын қабылдағаннан кейін ғана сақтандырғыштан алынады.

      32. Атысты аяқтаған соң, қару дереу сақтандырғышқа қойылады.

      33. Ату дереу дербес немесе атыс басшысының командасы бойынша мына жағдайларда:

      1) нысана алаңында адамдардың, машиналар мен жануарлардың, атыстар ауданының үстінен төмен ұшатын ұшақтар мен тікұшақтар пайда болған;

      2) командалық (учаскелік) пунктте және панада (блиндажда) ақ туды (шамды) көтерген;

      3) оқ атуды жалғастыру қаупі туралы белгіленген белгіні қоршау бекетінен берген;

      4) оқ атудан өрт шыққан;

      5) атушы бағдарды, әсіресе түнде жоғалтқан жағдайда атыс тоқтатылады.

      34. Қызметтік қаруды пайдаланушыларға:

      1) қаруды жауынгерлік және бос патрондармен "ату" белгісіне (басшының, командирдің командаларына) дейін оқтауға;

      2) оқталғанына немесе оқсыздандырылғанына қарамастан, қаруды адамдарға, атыс орнына және тылға бағыттауға;

      3) ақаулы қарудан, ақаулы оқ-дәрілермен, атудың қауіпті бағыттарында, командалық (учаскелік) пунктте және паналарда (блиндаждарда) ақ туды көтерген кезде атуды бастауға;

      4) оқталған қаруды кез келген жерде қалдыруға немесе оны басқа адамдарға беруге, жеке қаруды басшының (командирдің) командасынсыз атыс позициясында (атуға арналған орындарда) қалдыруға жол берілмейді.