Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Көкпекті аудандық мәслихатының "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы" 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7396 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Көкпекті аудандық мәслихат хатшысы | Т. Сарманов |
Көкпекті аудандық мәслихатының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы № 26-3/1 шешіміне қосымша |
|
Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 шешімімен бекітілген |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Көкпекті ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық стастистика бюросының Абай облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін, мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен қаржылық кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;
6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган- жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Абай облысы Көкпекті ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Көкпекті ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсетілетін көмек түсiнiледi.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж алушылардың санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мерекелік күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде бір рет көрсетіледі:
1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға, төрт және одан көп бiрге тұратын кәмелет жасқа толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға, оның iшiнде орта, кәсiптiк, ортадан кейінгі білім беру мекемелерінде, жоғарғы оқу орнында күндiзгi оқу нысаны бойынша оқитын балалар, кәмелет жасқа толғаннан кейiн оқу орнын аяқтаған уақытқа дейiн (жиырма үш жасқа толғанға дейiн) – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.
2) Жеңіс күні - 9 Мамыр:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі-КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргiзілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскері қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 42 500 (қырық екі мың бес жүз) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 70 000 (жетпіс мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғаныстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде.
3) Қазақстан Республикасының Конституция күні – 30 тамыз:
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға (мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне) – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде.
4) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан:
бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануында болған адамдарға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарымен сотталған адамдар - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндерде болған адамдар - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: КСРО Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, СКРО Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, КСРО Iшкi iстер халық комиссариаты - Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi - Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, КСРО Прокуратурасы мен КСРО iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша болған адамдарға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерде болған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
КСР Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуда болған адамдарға - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде;
ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына - 13 000 (он үш мың) теңге мөлшерінде.
7. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) өмірлік қиын жағдайда деп танылған тұлғалар (отбасылар) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселенген шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып бір рет көрсетіледі, келесі негіздер бойынша:
жетімдік;
ата-ана қамқорлығының жоқтығы;
кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;
кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі;
дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм фнкцияларының тұрақты бұзылуы;
әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;
жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
баспанасыздық (тұрақты тұратын жері жоқ адамдар);
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;
пробация қызметінің есебінде болуы;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде табиғи зілзаланың немесе өрттің пайда болған жері бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір мезгілде көрсетіледі;
3) өмірлік қиын жағдайда деп танылған тұлғалар (отбасылар), жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспаса бір рет көрсетіледі;
4) туберкулез ауруымен амбулаторлық есепте тұрған тұлғаларға - жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген шамасынан аспайтын болса ай сайын 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ұсынылады;
5) диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған он сегіз жасқа дейінгі балаларға (балалардың ата-аналарының бірінің немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініші негізінде) жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде ай сайын беріледі.
Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
8. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 50 (елу) айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдары мен қатысушылары үшін әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 1 000 000 (бір миллион) теңгені құрайды.
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне Үлгілік қағидаларының 13-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін қоса бере отырып, өтініш береді.
11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
12. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
13. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
3 тарау. Қорытынды ереже
14. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.