Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2021 жылғы 12 шілдедегі № 101 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 шілдеде № 23513 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабының 23) тармақшасына және "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 17.01.2023 № 31 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы (бұдан әрі - Академия):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Академия ректорына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Г. Нурдаулетов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2021 жылғы 12 шілдедегі
№ 101 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында (бұдан әрі – Академия) қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      1-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық-білім беру порталы – ақпараттық-телекоммуникациялық желінің көмегімен білім беру процесіне қатысушылардың білім беру сипатындағы ақпараттық ресурстар мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуіне арналған ақпараттық жүйе;

      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – аппараттық-бағдарламалық кешенді және телекоммуникациялар желісін қолдана отырып жүзеге асырылатын электрондық ақпараттық ресурстармен және ақпараттық өзара іс-қимыл әдістермен жұмыстың әдістер жиынтығы;

      3) асинхронды оқыту форматы – белгілі бір орын мен уақытқа байланысты емес білім беру процесіне қатысушылардың, оның ішінде ақпараттық жүйелердің және басқа байланыс құралдарының көмегімен өзара іс-қимылын болжайтын қашықтан оқыту;

      4) білім алушының цифрлық ізі – бұл ақпараттық жүйеде тіркелген білім беру қызметінің нәтижелері туралы верификацияланған деректер жиынтығы;

      5) қашықтан оқыту – оқытушы мен білім алушылардың қашықтағы өзара әрекеттесуі кезінде, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;

      6) синхронды оқыту форматы – білім алушылар ақпарат алатын, онымен өз бетінше немесе топтарда жұмыс істей алатын, оны басқа қатысушылармен және оқытушылармен кез келген жерден барлығына бірдей уақыт кезеңінде талқылай алатын ақпараттық жүйелердің және басқа да байланыс құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, білім беру процесіне қатысушылардың нақты уақытта тікелей байланысын (стриминг) көздейтін қашықтан оқыту.

      Ескерту. Қағидалар 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 12.04.2024 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Академияда қашықтан оқыту жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша білім беру жүйесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін ақпараттық-білім беру порталының базасында (бұдан әрі – білім беру порталы) жүзеге асырылады.

      3. Төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда Академияда оқу процесі қашықтан оқыту форматында жүргізіледі.

      4. Қашықтан оқыту асинхронды және (немесе) синхронды оқыту форматы арқылы ұйымдастырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 12.04.2024 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Қашықтан оқыту бойынша білім алушылармен оқу сабақтары басталғанға дейін білім беру порталымен таныстыру бойынша кіріспе курс өткізіледі.

2-тарау. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      6. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 55 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13671 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру қағидаларында көзделген оқу-әдістемелік құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      6-1. Қашықтан оқыту үшін пәндердің және (немесе) модульдердің тізбесін Академия дербес айқындайды. Бұл ретте күндізгі нысанда білім беру бағдарламасының жалпы көлемінен кредиттердің жиырма пайызынан аспайтын бөлігі зерделенеді.

      Ескерту. Қағидалар 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 12.04.2024 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Қашықтан оқыту үшін Академияда мынадай электрондық оқу-әдістемелік құжаттар жасалады:

      1) білім беру бағдарламасы;

      2) жұмыс оқу жоспары;

      3) академиялық күнтізбе;

      4) жұмыс оқу бағдарламалары;

      5) дәрістің конспектілері (бейнедәрістер);

      6) практикалық және семинарлық сабақтардың материалдары;

      7) білім алушының өзіндік жұмысы және оқытушының жетекшілік етуімен білім алушының өзіндік жұмысы үшін тапсырмалар;

      8) аралық бақылауды ұйымдастыру бойынша материалдар (бақылау жұмыстары, тест тапсырмалары, жеке тапсырмалар);

      9) қорытынды бақылауды ұйымдастыру бойынша материалдар (тесттік емтихан тапсырмалары, емтиханға сұрақтар, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);

      10) қашықтан консультациялар өткізу кестесі;

      11) аралық бақылау және емтихандар кестесі;

      12) өзге де оқу-әдістемелік құжаттар.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 12.04.2024 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Оқыту қызметінің барлық түрлері:

      1) қашықтан оқытуды сүйемелдеуді жүзеге асыратын бейінді Институттың оқытушысы мен оқу-әдістемелік бөлімшесі қызметкерінің білім алушылармен телекоммуникациялық құралдарды немесе Академияда аралық және қорытынды аттестаттаудан өту кезінде тікелей байланысты пайдалана отырып қарым-қатынас жасау;

      2) білім алушының оқу материалдарымен өзіндік жұмысы (дәріс материалдары, тапсырмалар, қосымша әдебиеттер) арқылы жүзеге асырылады.

      8-1. Академия білім алушыларға консультациялық қолдау көрсетуді және білім беру бағдарламасын меңгеру процесінде білім алушының пәнді сақтауына, сабаққа қатысуына, логирленуіне қатаң мониторингті, материалдарды зерделеу барысына және тапсырмалардың уақтылы орындалуына, оның цифрлық ізі арқылы оқу жетістіктерін бағалауға бақылау жасауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. Қағидалар 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Бас Прокурорының 12.04.2024 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Кем дегенде айына бір рет білім алушылар үшін оқу сабақтары білім беру порталында оқу сабақтарының кестесіне сәйкес нақты уақыт режимінде өткізіледі.

      10. Оқу сабақтарын өткізу үшін оқыту тақырыбы бойынша құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының және басқа да ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Шақырылған адамдарды оқу сабақтарына жіберу кафедра меңгерушісінің баянаты негізінде бейінді Институт директорының рұқсатымен жүзеге асырылады.

      11. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 64 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13660 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, оларға аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Білім беру порталында тапсырмаларды орындамаған білім алушы келесі тапсырманы орындауға және тиісінше аралық бақылауды тапсыруға жіберілмейді.

      Дәлелді себептер болған жағдайда (ауырғанына байланысты, жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты, қызметтік қажеттілікке байланысты) бейінді Институт директорының атына жазылған баянат негізінде (растайтын құжаттарды қоса бере отырып) білім алушыға жекелеген кесте бойынша орын алған академиялық берешектерін пысықтау мүмкіндігі беріледі.

      13. Қашықтан оқыту бойынша білім алушылар академиялық күнтізбеге және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 60 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13657 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім алушылардың кәсіптік практикасын және тағылымдамасын ұйымдастыру және одан өту қағидаларына сәйкес кәсіптік практикадан және тағылымдамадан өтеді.

3-тарау. Қосымша білім берудің оқу бағдарламасы бойынша қашықтан білім беру бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      14. Қосымша білім берудің оқу бағдарламасы бойынша қашықтан білім беру құқық қорғау органдары, оның ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрған қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары түрінде оқу жоспарлары және (немесе) бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Қашықтан оқыту бойынша оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында Академия келесі оқу-әдістемелік құжаттарды әзірлейді:

      1) оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары;

      2) дәріс және практикалық, оның ішінде бейне дәрістер, кейстік тапсырмалар түріндегі материалдар кіретін оқу материалдары;

      3) оқу сабақтарының кестесі;

      4) білімнің кіріс және шығыс бақылауын, аралық тестілік емтихандық тапсырмалар өткізуге арналған материалдар.

      16. Оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары мен оқу сабақтарының кестесі оқыту тілінде әзірленеді және оларды уәкілетті адамдар бекітеді.

      17. Қашықтан оқытуды өткізу үшін Академия құқық қорғау органдарының кадр қызметтерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, құрамында жиырмадан кем емес білім алушылар тобын қалыптастырады.

      18. Оқу процесін тиісті түрде ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін ақпараттық-білім беру порталының мүмкіндіктерін, қолдану тәртібін, сондай-ақ тиісті оқу курсы бойынша сабақ кестесін Академия құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелерінің назарына жеткізеді.

      19. Қашықтан оқыту кезеңінде Академияның бейінді Институты оқу процесін есепке алады, бақылау, мониторинг жүргізеді және құқық қорғау органдарының кадр қызметтерімен өзара іс-қимыл жасайды.

      20. Қашықтан оқыту кезеңінде оқу процесіне бақылауды жүргізу мақсатында аралық тестілік және (немесе) кейстік тапсырмаларды белгілеуге жол беріледі, оларды орындамаған жағдайда білім алушы одан әрі қашықтан оқуға және қорытынды тестілеуді тапсыруға жіберілмейді.