Төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 25 наурызда № 20164 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 20.07.2020 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі туралы қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 20.07.2020 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелеріне, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамына және "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Н. Мұқышевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 109 бұйрығымен
бекітілген

Төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 20.07.2020 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Қоғидалар жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 01.04.2020 № 118 бұйрығымен (01.04.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

1-тарау. Төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі

      1. Төтенше жағдай кезеңінде келесі мемлекеттік қызметтерді көрсету "Электрондық үкімет" веб-порталындағы (бұдан әрі - Портал) "Электрондық өтініш" сервисі (бұдан әрі - Сервис) арқылы осы Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) қосымшаға сәйкес толтырылған, сондай-ақ интернет-ресурс арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылады:

      1) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;

      2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау;

      3) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау;

      4) жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау;

      5) жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау;

      6) қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау;

      7) мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

      8) мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету;

      9) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

      10) мүгедектерге кресло-арбалар беру;

      11) мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету;

      12) үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      13) медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      14) оралман мәртебесін беру немесе ұзарту;

      15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

      16) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      17) көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      18) бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау;

      19) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау;

      20) мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау;

      21) өз бетінше жұмысқа орналасуы үшін шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама беру немесе ұзарту;

      22) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру;

      23) ақталған адамға куәлік беру;

      24) "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

      25) жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдемдесу;

      26) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау;

      27) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау;

      28) мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау;

      29) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау;

      30) еңбекке қабілеттілігін жоғалту жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау;

      31) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау;

      32) жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындау.

      Төтенше жағдайдың қолданысы тоқтатылған жағдайда шектеу шаралары, оның ішінде карантин сақталған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 20) тармағында көрсетілген қызметті қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметтер өтініш берушінің таңдауы бойынша тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсетуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен немесе осы Қағидаларда белгіленген тәсілмен және тәртіппен берілген электрондық өтініш негізінде шектеу шаралары, оның ішінде карантин алынғанға дейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, осы тармақтың бірінші бөлігінің 20) тармақшасында көрсетілген қызметті көрсетуге өтініш Портал арқылы берілген жағдайда, төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін шектеу шараларының, оның ішінде карантиннің қолданысы сақталған кезде көрсетілетін қызметті алушыны куәландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұрғылықты жер бойынша куәландырудан өтуге мүмкіндік бермейтін шектеу шаралары, оның ішінде карантин қолданылатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде (бұдан әрі - МӘС бөлімі) жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) тәуелсіз жұмыскер – дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын(қатысушыларын) және акционерлік қоғамның құрылтайшыларын, акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооператив мүшелерін қоспағанда, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын жеке тұлға;

      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.07.2020 № 268 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Көрсетілетін қызметті алушы Сервис арқылы жоғарыда көрсетілген қызметтерді алуға өтініш берген кезде тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (бұдан әрі - Стандарт) сәйкес өтінішті толтырады, сондай-ақ тиісті Стандарттың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың сканерленген нұсқаларын қамтитын электрондық файлдарды қоса береді және электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі - ЭЦҚ) немесе SMS арқылы жіберілген бір реттік парольмен қол қояды.

      Бұл ретте тиісті Стандарттың 9-тармағында көрсетілген өтініш электрондық файл түрінде өтініш берушінің қолтаңбасынсыз қоса беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2-1. Көрсетілетін қызметті алушылардың төтенше жағдай және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында шектеу шаралары, оның ішінде карантин қолданылған кезеңде жарамдылық мерзімі өткен жеке басын куәландыратын құжаттар оларды ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қолданылады.

      Бұл ретте қызметтер төтенше жағдай режимінің қолданылуы тоқтатылған күнді қоса алғанда, ал тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында шектеу шаралары, оның ішінде карантин қолданылған жағдайларда - олар тоқтатылғанға дейін көрсетілетін болады.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      2-2. Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға негіздер төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзімде немесе төтенше жағдай кезеңінде басталған жағдайда көрсетілген мерзім ішінде өтініш бермеген өтініш беруші төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін үш ай ішінде аталған төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттарды қоса бере отырып өтініш бере алады.

      Бұл ретте, аталған төлемдерді тағайындау төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзімде немесе төтенше жағдай кезеңінде тағайындау негіздері туындаған күннен бастап жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 08.05.2020 № 169 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      3. Өтінішті алушы (адресат) мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сәйкес көрсетіледі - "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) тиісті филиалы, жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменті (бұдан әрі - Департамент).

      4. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы арқылы немесе SMS арқылы жіберілген бір реттік парольмен қол қойылған өтініш Портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының электрондық құжат айналымы жүйесіне, қаланың немесе ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, халықты жұмыспен қамту орталығына, жергілікті атқарушы органға немесе Департаментке жіберіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік корпорацияның филиалы, жергілікті атқарушы орган және Департамент 2 жұмыс күні ішінде электрондық өтінішті көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының тиісті аудандық немесе қалалық бөліміне, қаланың немесе ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, халықты жұмыспен қамту орталығына, МӘС бөліміне жібереді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы 2 жұмыс күні ішінде тиісті Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес құжаттардың сәйкестігін тексереді.

      7. Сұрақтар туындаған кезде Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы электрондық өтініште көрсетілген телефон нөмірі немесе электрондық пошта арқылы көрсетілетін қызметті алушымен байланысады.

      8. Келіп түскен құжаттар Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес келген жағдайда Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы тиісті ақпараттық жүйеде электрондық іс макетін (МӘС актісін) қалыптастырады.

      9. Келіп түскен электрондық іс макетін (МӘС актісін) көрсетілетін қызметті берушілердің қарауы осы Қағидаларда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне (техникалық мүмкіндік болған жағдайда) sms-хабарлама арқылы жіберіледі не Сервис арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне немесе ұялы байланыстың абоненттік құрылғысына қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама ұсынылған жағдайда хабарлау процесін қайта болдырмау үшін көрсетілетін қызметті алушыға электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жауап берілмейді.

      11. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне шағымдануы тиісті мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен реттеледі.

2-тарау. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібінің ерекшеліктері

1-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      12. Көрсетілетін қызметті алушы 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) алушы болып табылған жағдайда тікелей байланысты болдырмау мақсатында көрсетілетін қызметті алушыға келесі тоқсанға ақпараттық жүйеде көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш 2020 жылғы 2-тоқсанының табысын есепке ала отырып, автоматты түрде қалыптастырылады.

      2020 жылғы 2-тоқсан үшін отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде бірыңғай жиынтық төлем төлеуге байланысты тәуелсіз жұмыскерлердің 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі табысы, төтенше жағдай әрекеті кезеңінде қызметінің шектеулеріне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, төтенше жағдай әрекеті кезеңінде азық-түлік–тұрмыстық жинақтарды сатып алуға бөлінген ақшалай қаражаттың мөлшері, төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған шығындарды өтеу жеке тұлғаның табысы ретінде қаралмайды.

      Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы беру атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мерзімінің ұзартылуымен бір мезгілде ұзартылады. Азық-түлік жиынтығының түрі баланың жасын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезіндегі баланың жасына негізделе айқындалады және оның ұзартылу мерзіміне ұсынылады. 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасы құрамы және/немесе кірісі өзгерген жағдайда, тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері келесі тоқсанда олар жүгінген күннен бастап қайта есептеледі.

      Тікелей байланысты болдырмау мақсатында Халықты жұмыспен қамту орталығы мен өтініш беруші арасында шартты ақшалай көмек тағайындауға әлеуметтік келісімшарт жасасу, сондай-ақ отбасының (адамның) өмірлік қиын жағдайдан шығуы үшін жеке жоспар жасау уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылған № 320 бұйрыққа 6, 7-қосымшаларға, әлеуметтік келісімшартқа қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде ұзарту кезінде 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік келісімшарт көрсетілетін қызметті алушының қолы талап етілмей,2020 жылғы 2-тоқсанның әлеуметтік келісімшарт шаралары бойынша автоматты түрде қалыптастырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.07.2020 № 268 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

      13. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға алғаш рет жүгінген жағдайда, тікелей байланысты болдырмау үшін учаскелік комиссия байланыс құралдары арқылы көрсетілетін қызметті алушыға және (немесе) отбасына зерттеу жүргізеді.

      14. Мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушыға байланыс құралдары арқылы электрондық түрде жіберіледі.

      15. 12-14-тармақтармен реттелмеген атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері № 320 бұйрықпен айқындалады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      16. Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеуді МӘС бөлімдері "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес мүгедектікті бір жылдан аспайтын мерзімге белгілеп, сырттай жүргізеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.07.2020 № 268 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

      17. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзім ішінде және төтенше жағдай уақытында келген және көрсетілген мерзімде қайта куәландырудан өтпеген адамдарға мүгедектіктің, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері қайта куәландырудың бұрын белгіленген күнінен бастап үш айға автоматты түрде ұзартылады. Төтенше жағдай режимі аяқталған ай толық есепке алынады.

      Әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тиісті шектеу шаралары, оның ішінде карантиннің сақталуы кезеңінде, он алты және он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды қоспағанда, қайта куәландыру мерзімі жоғарыда аталған кезеңге сәйкес келетін, қайта куәландырудан өтпеген адамдарға мүгедектік, жалпы еңбек қабілетінен айырылу дәрежесін, кәсіптік еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының белгіленген мерзімдерін автоматты түрде үш айға ұзарту ай сайын жүзеге асырылады.

      Он алты және он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды қайта куәландыру тіршілік тынысының шектелу дәрежесін ескере отырып, алдыңғы куәландыру мәліметтеріне сәйкес қолда бар құжаттардың негізінде сырттай жүргізіледі.

      Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі МӘС бөлімінің сараптамалық қорытындысына шағымданған жағдайда, МӘС әдіснама және бақылау бөлімі МӘС актісінің және ұсынылған құжаттардың негізінде сырттай куәландыру жүргізеді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.07.2020 № 268 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз) бұйрығымен.

3-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдем көрсету" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      18. Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу тұрғылықты жер бойынша "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай:

      1) еңбек қызметін растайтын (бар болса);

      2) білімі, біліктілігі, арнайы білімдерінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы (бар болса) құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.

      19. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.

      20. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде оған лайықты жұмыс таңдауда жәрдем көрсетеді.

      21. Халықты жұмыспен қамту орталығы осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген мерзімде жұмыс іздеп жүрген адам үшін лайықты жұмыс таңдап бермеген жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері көрсетілген мерзім аяқталған соң бір жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры немесе ол уәкілеттік берген адам ЭЦҚ арқылы қол қоятын, жұмыс іздеп жүрген адамның құжаттары қоса берілген жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім жобасын қалыптастырады және оны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - "Еңбек нарығы" ААЖ) арқылы жібереді.

      22. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган "Еңбек нарығы" ААЖ арқылы алынған ақпараттың дәйектілігін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде тексеруді жүзеге асырады.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның бірінші басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам "Еңбек нарығы" ААЖ-да жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешімге электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қояды.

      23. Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға жәрдемдесудің 18-22-тармақтарда реттелмеген мәселелері "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 259 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 13 шілдеде № 17199 болып тіркелген) бекітілген Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.

4-параграф. "Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау", "Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау", "Мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау", "Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау", "Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау", "Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау", "Жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау", "Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау", "Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау" мемлекеттік қызметтерін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      Ескерту. 4-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын адамдарға төлемдер мүгедектіктің және (немесе) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің ұзартылған мерзіміне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 08.05.2020 № 169 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-1. Өтініш беруші Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 26 наурыздағы № 110 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20174 болып тіркелген) бекітілген Төтенше жағдай кезеңінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға және нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жеке тұлғаларға әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру қағидаларында көзделген әлеуметтік төлем (бұдан әрі - төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік төлем) алған жағдайда, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді тағайындау (қайта есептеу) үшін кірісті есептеген кезде өтініш берушінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасында төтенше жағдай болған айлар есептен алып тасталады және көрсетілген кезең алдындағы немесе одан кейінгі басқа тікелей айлармен алмастырылады.

      Ескерту. 24-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      24-2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеген кезде төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік төлемді алған кезең зейнетақы жүйесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қосылады.

      Ескерту. 24-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      24-3. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы төтенше жағдай кезеңінде ұсынылған құжаттарды толықтыра отырып 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергі кірісі туралы құжаттарды ұсынған жағдайда аталған төлемдердің мөлшерін өзгерту төтенше жағдай кезеңінде бастапқы тағайындау күнінен бастап көрсетілетін қызметті берушінің шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-4. Төтенше жағдай кезеңінде қолданылу мерзімі өткен зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылардың жеке басын куәландыратын құжаттар, оларды ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда, төтенше жағдай режимі аяқталатын айды қоса алғанда жүзеге асырылатын төлем кезінде ескеріледі.

      Ескерту. 24-4-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 17.04.2020 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-5. "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша iске асыру жөнiндегi одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 224 қаулысына сәйкес "0" коэффициенті қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесінде көзделген адамдардың зейнетақы жүйесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ кірісі жұмыс берушінің анықтамалары негізінде ескеріледі.

      Ескерту. 24-5-тармақпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.05.2020 № 189 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі

      25. Төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтық:

      атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға;

      тұрақты негізде мемлекеттік бюджет есебінен медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді және бас бостандығынан айыру орындарындағы мүгедектерді қоспағанда, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға;

      тұрақты негізде мемлекеттік бюджет есебінен медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерді және бас бостандығынан айыру орындарындағы мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге;

      мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға;

      халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тiркелген жұмыссыздарға ұсынылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген бірнеше санаттарға жататын әрбір адамға тек бір негіз бойынша ғана азық-түлік-тұрмыстық жиынтық беріледі немесе ақшалай қаражат аударылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтық беру немесе ақшалай қаражат аудару төтенше жағдай жарияланған айдан бастап және төтенше жағдай режимінің қолданылуы аяқталған айды қоса алғанда, осы Қағидалардың 27-тармағына сәйкес айқындалған құрамда (мөлшерде) ай сайын жүзеге асырылады.

      Шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген және 2020 жылғы шілдедегі және (немесе) тамыздағы жағдай бойынша тиісті мәртебесі бар адамдарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтығын беру немесе ақша қаражатын аудару осы Қағидалардың 27-тармағына сәйкес айқындалған құрамда (мөлшерде) тиісінше 2020 жылғы шілде және (немесе) тамыз үшін жүзеге асырылады.

      Азық-түлік-тұрмыстық және тұрмыстық жиынтықты беру немесе ақша қаражатын аудару шілде айы үшін 2020 жылғы 30 тамыздан және тамыз айы үшін 30 қыркүйектен кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 15.08.2020 № 321 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде жасайды.

      27. Азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтың құрамын жергілікті атқарушы органдар экономикалық мүмкіндіктерге байланысты, бірақ екі айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде айқындайды.

      28. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 22 қаулысында айқындалған өнім берушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасайды.

      29. Жергілікті атқарушы органдар азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алу үшін осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген адамдардың шоттарына ақша аудару арқылы азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ете алады.

      30. Өнім берушілер мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес адресатқа дейін жеткізуді жүзеге асырады.

  Төтенше жағдай кезеңінде
әлеуметтік-еңбек саласындағы
кейбір мемлекеттік қызметтерді
көрсету және халықтың
жекелеген санаттарын
азық-түлік және тұрмыстық
жиынтығымен қамтамасыз ету
қағидаларына қосымша

"Электрондық үкімет" веб-порталының "Электрондық өтініш" сервисі арқылы әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініштің электрондық нысаны

      ЖСН ___________________________________________________________________________

      Тегі ____________________________________________________________________________

      Аты ____________________________________________________________________________

      Әкесінің аты_____________________________________________________________________

      E-mail __________________________________________________________________________

      Пошта адресі (көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты адресі)

      ________________________________________________________________________________

      Телефон ________________________________________________________________________

      Мемлекеттік қызметтің атауы ______________________________________________________

      Өңір____________________________________________________________________________

      Қабылдаушы ____________________________________________________________________

      Мазмұны _______________________________________________________________________

      Өтінішке қоса берілген құжаттардың тізбесі:

Р/с №

Құжаттың атауы

Құжаттағы парақтардың саны

Ескертпе

1




2