Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 25 наурызда № 20164 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабы 2-тармағының 2-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 18 наурыздағы № 3 хаттамасының 11-тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 2020 жылғы 23 наурыздағы отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің берген тапсырмасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі туралы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелеріне, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамына және "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Н. Мұқышевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2020 жылғы 25 наурыздағы
№ 109 бұйрығымен
бекітілген

Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі туралы қағидалары

1-тарау. Төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі

      1. Төтенше жағдай кезеңінде келесі мемлекеттік қызметтерді көрсету "Электрондық үкімет" веб-порталында (бұдан әрі – Портал) "Электрондық өтініш" сервисі (бұдан әрі – Сервис) арқылы берілген, осы Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) қосымшаға сәйкес электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылады:

      1) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;

      2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау;

      3) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар тағайындау;

      4) жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік төлем тағайындау;

      5) жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау;

      6) Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау;

      7) мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу;

      8) мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету;

      9) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды ресімдеу;

      10) мүгедектерге кресло-арбалар беру;

      11) мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету;

      12) үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      13) медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеу;

      14) оралман мәртебесін беру немесе ұзарту;

      15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;

      16) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      17) көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау;

      18) мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға (қорғаншыға) жәрдемақы тағайындау;

      19) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау;

      20) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау;

      21) мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау.

      2. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді Сервис арқылы алуға өтініш берген кезде көрсетілетін қызметті алушы тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (бұдан әрі – Стандарт) сәйкес өтінішті толтырады, сондай-ақ тиісті Стандарттың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың сканерленген нұсқаларын қамтитын электрондық файлдарды қоса береді және электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қояды.

      3. Өтінішті алушы (адресат) мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сәйкес көрсетіледі – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) тиісті филиалы, жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент).

      4. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы арқылы қол қойылған өтініш Портал арқылы Мемлекеттік корпорация филиалының, жергілікті атқарушы органның немесе Департаменттің электрондық құжат айналымы жүйесіне жіберіледі.

      5. Мемлекеттік корпорацияның филиалы, жергілікті атқарушы орган және Департамент 2 жұмыс күні ішінде электрондық өтінішті көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты жері бойынша сәйкесінше Мемлекеттік корпорация филиалының тиісті аудандық немесе қалалық бөліміне, қаланың немесе ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, Халықты жұмыспен қамту орталығына, Департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне (бұдан әрі – МӘС бөлімі) жібереді.

      6. Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы 2 жұмыс күні ішінде тиісті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің стандартына сәйкес құжаттардың сәйкестігін тексереді.

      7. Сұрақтар туындаған кезде Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы электрондық өтініште көрсетілген телефон нөмірі немесе электрондық пошта арқылы көрсетілетін қызметті алушымен байланысады.

      8. Келіп түскен құжаттар тиісті Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес келген жағдайда Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық немесе қалалық бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, халықты жұмыспен қамту орталығының және МӘС бөлімінің маманы тиісті ақпараттық жүйеде электрондық іс макетін (МӘС актісін) қалыптастырады.

      9. Келіп түскен электрондық іс макетін (МӘС актісін) көрсетілетін қызметті берушілердің қарауы осы Қағидаларда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету (көрсетуден бас тарту) нәтижесі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және көрсетілетін қызметті алушының Порталдағы жеке кабинетіне (техникалық мүмкіндік болған жағдайда) sms-хабарлама арқылы жіберіледі не Сервис арқылы келіп түскен өтінішке жауап түрінде жіберіледі.

      11. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне шағымдануы тиісті мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актімен реттеледі.

2-тарау. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібінің ерекшеліктері

1-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      12. Егер көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) алушы болса, егер көрсетілетін қызметті алушы және (немесе) оның отбасы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау критерийлеріне сәйкес келсе, тікелей байланысты болдырмау мақсатында көрсетілетін қызметті алушыға атаулы әлеуметтік көмек жаңа кезеңге өтінішсіз тағайындалуы мүмкін.

      13. Көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) оның отбасының атаулы әлеуметтік көмек тағайындау критерийлеріне сәйкестігін анықтау үшін халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберу арқылы көрсетілетін қызметті алушы және (немесе) оның отбасы туралы келесі мәліметтерді айқындайды:

      1) тұрғылықты жері бойынша тіркелу;

      2) жылжымайтын мүліктің болуы;

      3) көліктің болуы;

      4) жеке қосалқы шаруашылықтың болуы;

      5) алимент алу фактілері;

      6) кіріс мөлшері.

      Сұрақ туындаған жағдайда жұмыспен қамту орталығының қызметкері көрсетілетін қызметті алушыдан байланыс құралдары арқылы қосымша мәліметтерді сұратады.

      14. Отбасы құрамында өзгерістер болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері қолда бар деректер негізінде өтініш қалыптастырып, бұл туралы көрсетілетін қызметті алушыға хабарлайды.

      15. Осыдан кейін көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) оның отбасының жан басына шаққандағы кірісін алдын ала есептеу жүргізіледі. Егер көрсетілетін қызметті алушы және (немесе) оның отбасысы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 320 бұйрық) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларында көзделген атаулы әлеуметтік көмек тағайындау критерийлеріне сәйкес келмесе, халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері көрсетілетін қызметті алушыға байланыс құралдары арқылы бұл туралы хабарлайды.

      16. Тікелей байланысты болдырмау үшін учаскелік комиссия отбасы мүшелері құрамының өзгеруі жағдайында көрсетілетін қызметті алушы мен (немесе) отбасына тексеру жүргізбейді.

      17. Отбасына еңбекке қабілетті отбасы мүшесі қосылған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың қазіргі кезеңіне еңбекке қабілетті отбасы мүшесінің атына міндетті зейнетақы жарналарының түсуін тексереді. Қажет болған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері байланыс құралдары арқылы көрсетілетін қызметті алушыдан кірісін растайтын құжаттарды және (немесе) шартты ақшалай көмек тағайындауға әсер ететін өзге де құжаттарды алады. Келіп түскен құжаттар басып шығарылады және өтінішке қоса тіркеледі.

      18. Мемлекеттік қызметтерді көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушыға байланыс құралдары арқылы электрондық түрде жіберіледі.

      19. 12-18-тармақтармен реттелмеген атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың өзге де мәселелері № 320 бұйрықта айқындалады.

2-параграф. Төтенше жағдай кезеңінде "Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібінің ерекшеліктері

      20. Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуді және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындауды МӘС бөлімдері "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде куәландырылатын адамды бақылау тексеруінен өткізіп, бір жылдан аспайтын мерзімге жүргізеді.

3-тарау. Халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету тәртібі

      21. Азық-түлік және тұрмыстық жиынтығы:

      атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі, оның ішінде көп балалы отбасылардың, балаларына;

      карантин бекітілген тұрғылықты жерлерде тұратын ересек атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;

      карантин бекітілген тұрғылықты жерлерде тұратын он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, барлық жастағы бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, және де мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-анаға – төтенше жағдай кезеңінде беріледі.

      22. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері негізінде жасайды.

      23. Азық-түлік және тұрмыстық жиынтығының құрамын жергілікті атқарушы органдар экономикалық мүмкіндіктерге байланысты, бірақ екі айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде анықтайды.

      24. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 22 қаулысымен анықталған жеткізушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасайды.

      25. Жергілікті атқарушы органдар осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген тұлғалардың шоттарына азық-түлік және тұрмыстық жиынтығын сатып алу үшін ақша аудару арқылы азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ете алады.

      26. Жеткізушілер мемлекеттік сатып алу туралы шартқа сәйкес адресатқа дейін жеткізеді.

  Төтенше жағдай кезеңінде
әлеуметтік-еңбек саласындағы
кейбір мемлекеттік қызметтерді
көрсету қағидаларына
қосымша

"Электрондық үкімет" веб-порталының "Электрондық өтініш" сервисі арқылы әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініштің электрондық нысаны

      ЖСН _______________________

      Тегі ____________________

      Аты ________________________

      Әкесінің аты____________________

      E-mail ______________________

      Пошта адресі (көрсетілетін қызметті алушының тұрғылықты адресі)

      _________________________________________________________

      Телефон ____________________

      Мемлекеттік қызметтің атауы ______________________________

      Өңір________________________________________________________

      Қабылдаушы ____________________________________________________

      Мазмұны ____________________________________________________

      Өтінішке қоса берілген құжаттардың тізбесі:

Р/с №

Құжаттың атауы

Құжаттағы парақтардың саны

Ескертпе

1




2