"Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңын басшылыққа ала отырып Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1 Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (Б.А.Есенғалиев) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3 Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары М.Н. Манкеевке жүктелсін.
4 Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Батыс Қазақстан облысының әкімі | Г. Искалиев |
2019 жылғы 19 қарашадағы № 300 Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысына қосымша |
Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 2-тармағы 17-10) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленген және Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – Батыс Қазақстан облысы аумағында аграрлық азық- түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық- түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру– сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;
5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;
6) Комиссияның жұмыс органы - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган. "Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі-Жұмыс органы) болып табылады;
7) мамандандырылған ұйым – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетігін іске асыратын ұйым;
8) сатып алу интервенциялары – Батыс Қазақстан облысының аумағында бағалар төмендеген кезде мамандандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
9) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар.
3. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері осы Қағидаларға сәйкес іске асырылады.
4. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерінің тиімді және уақтылы қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан облысының әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерініске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі 5.комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады және оның құрамын бекітеді.
5. Облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасары Комиссияның төрағасы болып табылады, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері Комиссия мүшелері болып табылады. Комиссия өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады.
6. Комиссияның сандық құрамы тақ болуы және кемінде тоғыз адамнан тұруы тиіс. Бұл ретте комиссия мүшелерінің үштен екісі жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болуы тиіс. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
7. Комиссияның құзыретіне мыналар жатады:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шешім қабылдау;
2) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану тетігін іске асыру мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін анықтау;
3) Қағидаларға сәйкес қарыз беруге кәсіпкерлік субъектісін анықтау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін анықтау бойынша мамандандырылған ұйымдардың ұсыныстарын қарау.
8. Комиссияның жұмысын ұйымдастыруды Комиссияның жұмыс органы қамтамасыз етеді.
9. Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында қарастырады.
10. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
11. Шарттар мен қосымша келісімдер жасасу Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының 43-бабының 14-тармағы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12590 болып тіркелген) бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
12. Шартқа азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алу және тауар интервенцияларын жүзеге асыру туралы шарт енгізіледі.
13. Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының ауыспалы активтерімен заттай және ақшалай мәндегі жаңа шарт жасасады.
Егер комиссияның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын сату сатып алынатын бағадан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда ақшалай мәндегі ауыспалы активтер сатып алу және өткізу бағасының айырмасы шегеріле отырып беріледі.
Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатын жергілікті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етеді.
14. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорының қызметі бойынша мамандандырылған ұйымның үстеме шығыстары азық-түлік тауарларына тіркелген және нарықтық бағалар арасындағы айырма есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қазандағы № 1382 "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасын мақұлдау туралы" қаулысымен бекітілген Тұжырымдамаға сәйкес екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне уақытша бос қаражатты орналастырудан түскен кірістер есебінен жабылады.
15. Жұмыс органы ай сайын, әр айдың 20-сына дейін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынады.
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша тетіктерді іске асыру тәртібі
16. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тетіктерін іске асырады.
17. Осы Қағидалармен регламенттелмеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың ерекшеліктері (егжей-тегжейі) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдалануды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.
3. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары қызметінің тәртібі
18. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларының қызметі өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
19. Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану жөніндегі тетікті іске асыру мақсатында Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік балансының (өндіріс көлемі, азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, запастардың болуы), егіс алаңдары (жоспарлы), егіннің болжамды шығымы, өткен күнтізбелік жыл ішінде қалыптасқан бағалар туралы мәліметтердің, сондай-ақ өзге де мәліметтер негізінде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатыпалынатын азық-түлік тауарларының тізбесін, сондай-ақ шекті сауда үстемесін айқындайды.
20. Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуға қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген тізімнен қалыптастырылады.
21. Мамандандырылған ұйым жүзеге асыратын әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларына шекті сауда үстемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 282 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11245 болып тіркелген) сәйкес жергілікті атқарушы органдар бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерінен 10% немесе одан төмен бағаларды ұстауды есепке ала отырып қалыптастырылады.
22. Комиссия облыс әкіміне сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және олар бойынша шекті сауда үстемесін бекіту туралы ұсынымдар енгізеді.
23. Облыс әкімі Комиссияның ұсынымдары негізінде сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізбесін және шекті сауда үстемесін бекітеді.
24. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарларын тікелей тауар өндірушілерден және (немесе) ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алу жүзеге асырылады.
25. Өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алынатын азық-түлiк тауарлары "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде оның қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.
26. Мамандандырылған ұйым статистикалық деректер және басқа да көздер негізінде өңірдің азық-түлік тауарларының ішкі нарығына және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің нарықтарына тұрақты негізде талдау (өндіріс көлемі және азық- түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі, олардың тауарларының жылжытылуы, қорлардың, бағалардың болуы) жүргізеді, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін айқындайды және сатып алу интернвенциялары туралы шешімді қабылдайды.
27. Азық-түлік тауарларын өндірумен байланысты шығындарды алдын ала қаржыландыру жолымен азық-түлік тауарларының жоспарланған көлемін кепілді сатып алу мақсатында мамандандырылған ұйымның өндірушілерден және/немесе ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей азық-түлік тауарларын сатып алудың фьючерстік және форвардтық шарттарын жасасуына жол беріледі.
28. Мамандандырылған ұйымның азық-түлік тауарларын сатып алу жөніндегі фьючерстік және форвардтық шарттарын жасасуы Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 166-бабының 4-тармағы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 мамырдағы №787 "Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың, оның ішінде кепілдендірілген тапсырысты орналастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысымен бекітілген ереже негізінде жүзеге асырылады.
29. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары мамандандырылған ұйымның қоймаларында және (немесе) мамандандырылған ұйым мен жауапты сақтау жөніндегі қызметтерді жеткізушілер арасында жасалған шарттар бойынша, қоймаларда осы Қағидалардың 30-тармағында көзделген жағдайлар басталғанға дейін сақталады.
30. Өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалануды тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлік тауарларын жаңарту жолымен мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
31. Жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг және өңірдің ішкі нарығына талдау жүргізеді.
32. Мамандандырылған ұйым әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері ұлғайған жағдайда 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.
33. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларының сақталу мерзімдерін қамтамасыз етеді.
34. Өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу немесе кейін дәл сондай көлемдегі жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылғы жаңа шығымнан азық-түлік тауарларын жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін азық түлік тауарларын қайтару жолымен жүзеге асырылады.
35. Мамандандырылған ұйым тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын сақтау мерзімдеріне бақылау жүргізеді, азық-түлік тауарларын сақтау мерзімі аяқталғанға дейін алпыс күндік мерзім басталған жағдайда Жұмыс органына жазбаша хабарлайды.
36. Өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын тауар интервенциялары, азық-түлік тауарларын жаңарту үшін мамандандырылған ұйымдар өздердерінің өткізу нүктелері және (немесе) азық-түлік тауарларын өткізетін сауда объектілері арқылы, сондай-ақ өңдеу кәсіпорындары шекті сауда үстемесі шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өткізуді жүзеге асырады.
37. Бұл ретте өңдеу кәсіпорны өндірген дайын азық-түлік тауарының бағасы облыстың әкімі бекіткен шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасынан аспайды және мамандандырылған ұйымның өңдеу кәсіпорнымен жасасқан өткізу туралы шартында айтылады.
38. Жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халыққа жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.
4. Кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі
39. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында облыстың Жұмыс органы мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасау жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық шарттарымен жүзеге асырылады.
40. Кәсіпкерлік субъектісіне мамандандырылған ұйыммен жасалған шартқа сәйкес өз міндеттемелерін орындау үшін қарыз беріледі.
41. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бекітілген төмендетілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі.
42. Қарыз беру үшін кәсіпкерлік субъектілерін Комиссия кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарға (өлшемшарттарға) сәйкес айқындайды.
43. Кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар (өлшемдер):
1) кәсіпкерлік субъектілерінде азық-түлік тауарларын тиісінше сақтауға және азық-түлік тауарларымен сатып алу және өзге де операцияларды орындауға арналған және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тежеуге бағытталған шаралар кешенін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін сауда-логистикалық инфрақұрылымның (қойма құрылыстары, арнайы жабдығы бар үй-жайлар және басқалар) болуы;
2) банк өнімдері (кредиттер, лизингтер, есеп айырысу шоттарына қызмет көрсету бойынша берешек) бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы;
3) мемлекеттік сатып алу бойынша жосықсыз өнім берушілер тізімінде болмауы және мамандандырылған ұйымалдында орындалмаған және (немесе) уақтылы орындалмаған міндеттемелерінің болмауы;
4) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі "Сауда қызметін реттеу туралы" Заңы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 5 ақпандағы № 131 "Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекiту туралы" қаулысымен бекітілген талаптарды сақтай отырып, қызметін жүзеге асыру талаптары қойылады.
44. Комиссия кәсіпкерлік субъектісін анықтағаннан кейін мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектісіне пайызсыз негізде айналым қаражатын толықтыруға қарыз береді.
45. Кәсіпкерлік субъектісі міндетті түрде мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандыру шарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.
46. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.
47. Қаржыландыру көзі жергілікті атқарушы органдар бөлетін ақшалай қаражат болып табылады.
48. Қарыз мерзімі өткен берешекті қайта қаржыландыруға берілмейді.
49 Қарыз тек ұлттық валютада беріледі.