ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 6 т. қараңыз
"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес, қоса беріліп отырған Банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу графигінің нысандары және қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынамалар (бұдан әрі – Тәртіп) бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін Тәртіпке 1 және 2-қосымшаларды қоспағанда, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Тәртіпке 3-қосымша 2020 жылғы 1 сәуірге дейін қолданылады.
7. 2020 жылғы 1 сәуірге дейін:
1) тоқтата тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылатындығы белгілене отырып, Тәртіптің 9-тармағы екінші абзацының қолданылуы:
"Қарыз алушымен – жеке тұлғамен жасалатын шартқа Тәртіпке 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынама қоса беріледі.";
2) тоқтата тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылатындығы белгілене отырып, Тәртіптің 10-тармағының:
"10. Шартқа оның тараптары қол қойған қарызды өтеу графигі қоса беріледі, онда:
шарттың нөмірі мен жасалған күні;
қарыз сомасы мен валютасы;
өтеу күндері және негізгі борышты, сыйақыны өтеу сомасы және олардың жиынтық мәні көрсетілген кезекті төлемдердің мөлшерлері;
келесі өтеу күніндегі негізгі борыштың қалдықтары;
төленуге тиіс негізгі борыш пен сыйақының жалпы жиынтық сомасы және олардың жиынтық мәні;
қарызды өтеу графигі жасалған күн көрсетіледі.
Сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі шарт бойынша қарызды өтеу графигі оның берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және шартта белгіленген тәртіппен қарыз алушыға (қоса қарыз алушыға) жіберіледі.
Егер қарыз алушы (қоса қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, қарызды беру күніне жасалған қарызды өтеу графигінде сондай-ақ қарыз алушының (қоса қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын қарыз талаптары өзгертілген кезде банк жаңа талаптарды ескере отырып банктік қарыз шарты бойынша жаңа қарызды өтеу графигін және қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынаманы жасайды және береді.
Қарыз алушының өтініші негізінде кредиттік желі шеңберінде қарыздың кезекті бөлігін беру кезінде қарыз алушыға банктік қарыз шарты бойынша қарызды өтеу графигі және қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынама беріледі.
Талаптары бойынша қарыздың мерзімі бір айдан аспайтын шартқа, талаптары бойынша овердрафт кредиті берілген шартқа, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімге Тәртіптің 9-тармағының және осы тармағының талаптары қолданылмайды.";
3) тоқтата тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылатындығы белгілене отырып, Тәртіптің 12-тармағы үшінші абзацының қолданылуы тоқтатыла тұрсын:
"Шарт Кодекстің 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен жасалған жағдайда, банктің және қарыз алушының қолы бар шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 11-тармағы бірінші және үшінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді және көрсетілген жүйелілікпен шарт бөлігінің (қосылу туралы өтініштің) бірінші бетінен бастап, Тәртіптің 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 10), 11), 12), 13) және 15) тармақшаларында көзделген талаптар қамтылады.".
Ұлттық Банк Төрағасы |
Е. Досаев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 248 қаулысына 1-қосымша |
Банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу графигінің нысандары және қарыз Алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынамалар
1-тарау. Жалпы ережелер
Осы Банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу графигінің нысандары және қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынамалар (бұдан әрі – Тәртіп) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) 34-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және банктік қарыз шартын жасасу тәртібін, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптарды, қарызды өтеу графигінің нысандарын және қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынамаларды айқындайды.
1. Тәртіптің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) банк – екінші деңгейдегі банк, оның ішінде Банктер туралы заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген банк операциясын жүргізген кезде ислам банкі, "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы, банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
2) банктер синдикаты – бірлескен қарыз операцияларын жүргізу және банктер синдикатына кіретіндердің заңдық және қаржылық дербестігін сақтап, қарыз алушының төлем қабілетсіздігі жағдайында әр қатысушы үшін ықтимал шығындарды төмендету мақсатымен біріктірілген екі және одан көп банк;
3) кредиттік желі – банктің қарыз алушыға банктік қарыз алу уақытын өзі белгілеуге мүмкіндік беретін талаптармен, бірақ кредиттеудің мұндай нысаны үшін банктің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларда және кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде қарыз алушыны кредиттеу міндеттемесі;
4) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – қарыз алушының өзіне немесе төлем карточкасын пайдалану жолымен кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) немесе өтініште (өтініштерде) қарызды алу сомасы мен уақытын айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған банктік қарыз шарты;
5) синдикатталған қарыз – банктер синдикатының қатысушылары болып табылатын екі және одан көп банк бірлесіп қалыптастырған және қарыз алушыға (байланысты қарыз алушылар тобына) бір банктік қарыз шарты негізінде (оған қажеттілігіне қарай басқа да құжаттарды қоса бере отырып) берген банктік қарыз;
6) сыйақы – банкке тиесілі ақшаның жылдық мөлшері есебінен қарыз сомасына не Тәртіпте көзделген жағдайларда белгіленген сомада пайыздық мөлшерде айқындалған берілген банктік қарыз үшін төлем.
2-тарау. Банктік қарыз шартын жасасу, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар
2. Банктік қарыз шартына (бұдан әрі – шарт) тараптар қол қояды және шарттардың тиісті түріне арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісуі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) қарыз алушының құқықтары;
3) банктің құқықтары;
4) банктің міндеттері;
5) банк үшін шектеулер;
6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
7) шарт талаптарына өзгерістер енгізудің тәртібі;
8) синдикатталған банктік қарыз берілген кезде – синдикатқа қатысушы әр банктің, оның ішінде қарыз алушы төлемге қабілетсіз болған жағдайда синдикатқа әр қатысушы үшін ықтимал залалдарының үлесін бөле отырып қарызына қатысу сомасы немесе үлесі;
9) банк шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға беру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен шарт шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қатысты қойылатын талаптар мен шектеулер қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатыны көзделетін талап.
3. Шарттың жалпы талаптарында мыналар қамтылады:
1) шарт жасасқан күн;
2) бизнес-жоспарға немесе қарыздың техника-экономикалық негіздемесіне және (немесе) қарыз алушы берген өтінішке сәйкес келетін банктік қарыздың (бұдан әрі – қарыз) мақсаты.
Талаптары бойынша қарыздың мерзімі бір айдан аспайтын шартқа, талаптары бойынша овердрафт кредиті берілген шартқа, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімге осы тармақшаның талаптары қолданылмайды;
3) қарыз сомасы мен валютасы;
4) қарыздың мерзімі;
5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), шартты жасау күніне "Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7663 болып тіркелген) сәйкес шынайы жылдық тиімді салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері.
Талаптары бойынша қарыздың мерзімі бір айдан аспайтын шартта, талаптары бойынша овердрафт кредиті берілген шартта, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгіленген сомада көрсетуге жол беріледі.
6) шартта өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі көзделген болса, өзгермелі сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі;
7) өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);
8) қарызды өтеу әдісі: аннуитеттік (тең төлемдермен өтеу арқылы) немесе сараланған (негізгі борышты тең үлеспен өтеу арқылы) немесе Банктер туралы заңның 39-бабы 2-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген талаптарға сәйкес банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс;
9) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
10) негізгі борышы уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері. Жеке тұлғаға қарыз беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ Банктер туралы заңда көзделген есептеу тәртібі көрсетіледі;
11) кредит беру шарттары комиссияларды және басқа төлемдерді алуды көздемейтін жағдайларды қоспағанда, қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алынуға тиісті комиссиялардың және басқа да төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшерлері;
12) қарызды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтан терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша) кезеңділігі;
13) қамтамасыз етусіз берілген қарызды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);
14) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
15) шарттың қолданылу мерзімі;
16) қарыз алушы-заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
17) қарыз алушының (қоса қарыз алушының) ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы банкке кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;
18) банктің пошталық мекен-жайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы туралы деректер.
4. Қарыз алушының құқықтары мынадай мүмкіндікті көздейді:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған жеке тұлғаның шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыны төлей отырып, қарызды қайтару;
2) негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен жағдайда одан кейінгі жұмыс күні тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеуді жүргізу;
3) өтініш бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша берешекті өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда алу;
4) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы өтініш бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы мәліметті жазбаша нысанда алу;
5) бір жылға дейін мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты ай өткен соң, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жыл өткен соң тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының басқа түрлерін төлемей, қарызды ішінара немесе толық көлемде мерзімінен бұрын өтеу;
Осы тармақтың 4) тармақшасының және осы тармақтың бірінші абзацының ережелері шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күннен кейін негізгі қарызды мерзімінен бұрын өтеу жағдайларына қолданылады және банк қарызды мерзімінен бұрын өтеуге келісім берген жағдайларда не егер ол шартта көзделсе, 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Кодекс (Ерекше бөлім) 722-бабы 1-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес) қолданылады.
6) шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай оларды өзгерту туралы хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банк ұсынған жақсартатын талаптардан шартта көзделген тәртіппен бас тартуға;
7) алынатын қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Өтініштер туралы заң) 8-бабында белгіленген мерзімде банкке жазбаша өтініш жасау және жауап алу;
8) міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жеке тұлға банкке баруға және өзінің банктік қарыз шартының талаптарына, оның ішінде:
шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуге;
шетел валютасымен берілген банктік қарыз бойынша негізгі борыштың қалдық сомасының валютасын ұлттық валютаға өзгертуге;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;
шарттың қолданылу мерзімін өзгертуге;
мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсыну;
9) Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке қабылданған шешім туралы ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен ақпарат береді.
5. Жеке тұлғамен жасалған ипотекалық қарыз шартында жасалған қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін қарыз алушының банк омбудсманына Банктер туралы заңға сәйкес жазбаша өтініш беру құқығы болады.
6. Мүмкіндіктерді көздейтін банктің құқықтары мынадай шарттардан тұрады:
1) Банктер туралы заңның 34-бабының 3-тармағында көзделген, сондай-ақ шартта белгіленген жағдайларда шарттың талаптарын қарыз алушы үшін оларды жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгерту;
2) күнтізбелік қырық күннен аса қарыздың кезекті бөлігі мен (немесе) сыйақы төлемін қайтару үшін бекітілген мерзімді бұзған кезде қарыз сомасын және ол бойынша сыйақыны мезгілінен бұрын қайтаруды талап ету.
7. Банктің міндеттері мынадай талаптарды қамтиды:
1) шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алмай, қарыз берілген күннен бастап есептелген сыйақыны ұстай отырып кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарызгер – жеке тұлғадан қайта алу;
2) қарыз алушының өтініші бойынша үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ақысыз, айына кем дегенде бір рет шарт бойынша борышты өтеу есебіне түсетін ақшаны бөлу (негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға) туралы ақпаратты жазбаша нысанда беру;
3) шарт бойынша берілген ақшаны ішінара немесе толық мерзімінен бұрын банкке қайтару туралы қарыз алушының өтініші бойынша ақысыз, үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оны негізгі борышқа, сыйақыға, комиссияларға, тұрақсыздық айыбына және айыппұл санкцияларының өзге де түрлеріне, сондай-ақ төленуге жататын басқа да сомаларға бөлінген, қайтарылуға тиісті соманың мөлшері туралы хабардар ету.
Осы тармақшаның ережесі шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн өткен соң негізгі борышты мерзімінен бұрын қайтару жағдайларына қолданылады және банк қарызды мерзімінен бұрын қайтаруға келіскен не Кодекстің (Ерекше бөлім) 722-бабы 1-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес шартта бұл көзделген жағдайларда қолданылады;
4) қарыз алушыны шарт талаптарының жақсару жағына қарай оларды өзгерту туралы шартта көзделген тәртіпте хабардар ету;
5) шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі бар болған жағдайда қарыз алушыны шартта көзделген тәсілмен және мерзімде, бірақ міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мерзім өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы хабардар ету;
6) Өтініштер туралы заңның 8-бабында белгіленген мерзімде қарыз алушының жазбаша өтінішін қарау және оған жазбаша жауап дайындау;
7) Банктер туралы заңның 36-бабында көзделген қарыз алушы – жеке тұлғаның жазбаша өтінішін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарау және қарыз алушыға жазбаша нысанда мыналар:
шарт талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісуі;
шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстары;
мұндай бас тартудың дәлелді себебін көрсетумен шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды;
8) банктің шарт бойынша құқығы (талап етуі) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі – талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде:
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ осындай басқаға беруге байланысты қарыз алушының дербес деректерінің өңделетіні туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен;
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банктік қарызды өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) үшінші тұлғаға өткені туралы шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін) хабардар етуге;
9) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу болған жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыны жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімдерде:
міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындағаны және мерзімі өткен берешек мөлшерін көрсете отырып, ипотекалық қарыз шарты бойынша төлемдер енгізу қажеттігі;
объективті себептер болған кезде, ипотекалық қарыз шартының талаптарын, оның ішінде Банктер туралы заңның 34-1-бабының 7-тармағында көзделген талаптарын өзгерту арқылы берешекті реттеу мүмкіндігі туралы хабардар етеді.
8. Банкке қойылған шектеулерде мыналар көзделеді:
1) шарт жасасу күніне белгіленген қарызға қызмет көрсету бойынша комиссиялар мен өзге де төлемдердің мөлшерлерін және есептеу тәртібін бір жақты тәртіппен ұлғайту жағына өзгерту;
2) жасалған шарт аясында комиссиялардың жаңа түрлерін және өзге де төлемдерді бір жақты тәртіппен енгізу;
3) қарыз беру туралы шартпен сақтандыру шартын жасасу туралы және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын анықтау мақсатында бағалау жүргізуге талаптар көзделген болса қарыз алушыны, кепіл берушіні сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдау кезінде шектеу, сондай-ақ қарыз алушыға өзінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру міндетін жүктеу;
4) мына жағдайларды қоспағанда, жасалған шарт аясында бір жақты тәртіппен жаңа қарыздар беруді тоқтата тұру:
банктің шартта көзделген жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындаған кезде;
қарыз алушының шарт бойынша банк алдындағы өз міндеттемелерін бұзуы;
халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін Банктің ішкі кредиттік саясатына сәйкес банк жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы;
банктің шартты тиісінше орындауына ықпал ететін Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының өзгеруі;
5) мына жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен шарт жасасу күніне белгілеген сыйақы мөлшерлемесін бір жақты тәртіппен өсіру жағына өзгерту:
шартпен көзделген жағдайларда, қарыз алушының қарыз алу және қызмет көрсетумен байланысты дәйекті ақпарат ұсыну бойынша өз міндеттемелерін бұзуы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – Кодекс) және 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Ерекше бөлім) көзделген жағдайларда, сондай-ақ шартта көзделген мынадай жағдайларда банкте міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап ету құқығының туындауы:
банктің алдын ала жазбаша хабарламасыз, жиынтығында акционерлік қоғамның (шаруашылық серіктестіктің) акцияларының он және одан көп пайызын (қатысу үлесін) иеленетін қарыз алушының қатысушылары (акционерлері) құрамының өзгеруі;
қарыз алушымен және (немесе) кепіл берушімен кепілге қойылған мүліктің құжаттар бойынша және нақты болуын, мөлшерін, жай-күйін және оны сақтау талаптарын, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке кепілге қойылған мүлікке талап етуді беру кепіл ұстаушы болып табылатын банктің тексеру құқығын бұзуы;
6) бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толығымен мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге түрлерін өндіріп алу.
Осы тармақшаның ережесі шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн өткен соң негізгі борышты мерзімінен бұрын қайтару жағдайларына қолданылады және банк қарызды мерзімінен бұрын қайтаруға келіскен не Кодекстің (Ерекше бөлім) 722-бабы 1-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес шартта бұл көзделген жағдайларда қолданылады;
7) негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне түскен болса және қарыз алушы сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу одан кейінгі жұмыс күні жүргізген жағдайда тұрақсыздық айыбын немесе басқа айыппұл санкцияларын өндіріп алу.
9. Жеке тұлғамен шартты жасасқанға дейін банк Банктер туралы заңның 39-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген іс-шараларды жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда банк оның ішкі қағидаларына сәйкес сараланған және аннуитеттік төлемдер әдістерімен банктік қарызды өтеу графиктерінің жобаларын есептеу кезінде қолданылатын кезеңділікпен есептелген қарызды өтеу графиктерінің қосымша жобаларын ұсынуы мүмкін.
Банк кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алатын жеке тұлғамен шарт жасасқанға дейін қарыз алушыға Тәртіпке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынаманы береді.
10. Шартқа оның тараптары қол қойған, Тәртіпке 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған қарызды өтеу графигі қоса беріледі.
Сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі шарт бойынша қарызды өтеу графигі оның берілу күніне жасалады және одан кейін кезекті төлемдердің мөлшерлері түзетіледі және шартта белгіленген тәртіппен қарыз алушыға (қоса қарыз алушыға) жіберіледі.
Егер қарыз алушы (қоса қарыз алушы) жеке тұлға болып табылса, қарызды беру күніне жасалған қарызды өтеу графигінде сондай-ақ қарыз алушының (қоса қарыз алушының) таңдаған әдісі туралы белгісі бар банк ұсынған өтеу әдістерінің тізбесі болады.
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес қарыз алатын қарыз алушы (қоса қарыз алушы) жеке тұлғамен жасалатын шартқа шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын титулдық парақ қоса беріледі.
Титулдық парақ шарттың алғашқы парақтары түрінде жазылады және онда қарыз мөлшері мен мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, өтеу әдісі мен тәсілі, егер қарыз алушы шарттағы негізгі қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге құқылы болса – қарыз алушының осы құқықты пайдалану үшін тиісті өтінішпен банкке жүгіну қажеттілігі туралы ақпарат, шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері, қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың кешіктірілу себептері, кірістер және шарттың талаптарын өзгерту туралы оның өтінішін анықтайтын басқа да расталған жағдайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтініш беру құқығы туралы ақпарат көрсетіледі.
Шарт мәтіні титулдық парақтан кейін жазылады.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімін өзгертуге әкеп соғатын қарыз талаптары өзгертілген кезде банк жаңа талаптарды ескере отырып, жаңа қарызды өтеу графигін жасайды және қарыз алушыға береді.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) ұлғайтуға, қарыз мерзімін ұлғайтуға, сыйақы мөлшерлемесін ұлғайтуға, сондай-ақ қарыз валютасын өзгертуге әкеп соғатын қарыз талаптары өзгертілген кезде банк жаңа талаптарды ескере отырып, жаңа титулдық парақ жасайды және қарыз алушыға береді.
Қарыздар төлем карточкасын пайдалану жолымен берілетін кредиттік желіні қоспағанда, шарттың немесе қарыз алушының өтініші негізінде кредиттік желі шеңберінде қарыздың кезекті бөлігін беру кезінде қарыз алушыға қарызды өтеу графигі және осы тармақтың талаптарына сәйкес титулдық парақ беріледі.
Талаптары бойынша қарыз мерзімі бір айдан аспайтын шартқа, талаптары бойынша овердрафт кредиті берілген шартқа, сондай-ақ кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімге Тәртіптің 9-тармағының және осы тармағының талаптары қолданылмайды.
Банк кредиттік желі ашу туралы келісім шеңберінде берілген қарыздар (транштар) бойынша қарыз алушыға шартта көзделген тәсілмен алынған қарыздың (қарыздардың) сомасы, сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшері, қарызды (қарыздарды) өтеу мерзімдері, төлемдердің күндері, қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы және мөлшерлері (бар болса) туралы мәліметтер қамтылатын ақпаратты ұсынады.
11. Шарт банк пен қарыз алушының арасында жазбаша нысанда қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасын қоса берумен, қазақ және орыс тілдерінде, ал шетелдік тұлғалармен шарт жасасқан жағдайда – қазақ тілінде және тараптарға қолайлы тілде жасалады.
Шартта банктің ішкі құжаттарына және шарттың қолданылу мерзімі ішінде біржақты түрде өзгертілуі мүмкін және қарыз алушының қарауына қол жетімді емес басқа құжаттарға сілтеме жасауға жол берілмейді.
Шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, "Тimеs New Rоmаn" шрифтінің мөлшері он екіден кем емес, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегінісін қолдана отырып теріледі.
Тәртіптің 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14) және 15) тармақшаларында және 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген талаптар шартта титулдық парақтан кейін көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі.
Кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімді, сондай-ақ оның шеңберінде шартты (шарттарды) жасау немесе қарыз алушының кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және соның (солардың) негізінде кезекті қарызды беру жүзеге асырылатын өтінішті (өтініштерді) беруі арқылы кредиттік желі ұсыну кезінде:
кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде кредиттік желінің жалпы сомасы мен жалпы мерзімі көрсетіледі;
Тәртіптің 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 11) және 15) тармақшаларында көзделген талаптар шартта немесе өтініште титулдық парақтан кейін көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі;
Тәртіптің 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында, 3-тармағының 7), 9), 10), 12), 13), 14), 16), 17) және 18) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда, оларды шартта немесе өтініште қосымша көрсету талап етілмейді.
12. Тараптар Кодекстің 381-бабына сәйкес шарттың элементтері бар аралас шарт жасасқан кезде аралас шарт Тәртіптің 11-тармағының бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді.
Шарт бөлігінде аралас шартта Тәртіптің 11-тармағының төртінші бөлігінде көрсетілген талап ескеріле отырып, Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес міндетті талаптар қамтылады.
Кодекстің 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен шарт жасалған жағдайда, банктің және қарыз алушының қолдары бар шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 11-тармағының бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптарына сәйкес келеді, Тәртіптің 11-тармағының төртінші бөлігінде көзделген, титулдық парақтан кейін тиісті жүйелілікпен шарттың бөлігінде (қосылу туралы өтініште) көрсетілетін талаптарды қамтиды.
13. Тәртіптің 11-тармағының бірінші бөлігін қоспағанда, Тәртіпте көзделген талаптар шарттың шет мемлекеттің құқығымен реттелетіндігі көзделген, Қазақстан Республикасының бейрезиденттері болып табылатын кредитор банктердің қатысуымен синдикатталған қарыз беру жөніндегі шарттарға, сондай-ақ банкаралық қарыздар беру кезінде Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын кредитор банктер арасында жасалатын шартқа қолданылмайды.
Қарыз алушы – жеке тұлғаға арналған банктік қарыз шарты бойынша жадынама _________________ жағдай бойынша (күні, айы, жылы)
1 | Қарыз сомасы және валютасы | |
2 | Қарыз мерзімі | |
3 | Төлемдер саны | |
4 | Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері | |
5 | Дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері | |
6 | Қарызды беру және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы және мөлшерлері | |
7 | Өтелетін жалпы сома | |
8 | Сыйақының жиынтық сомасы | |
9 | Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері | |
10 | Сақтандыру шарттарын ұзарту мерзімі | |
11 | Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатты пайдаланбағаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және сол сияқты) |
1)_______________________________ |
12 | Банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық почта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы) |
Ескертпе:
Осы Жадынамада көрсетілген қарыз беру талаптары клиенттің оның кірістері мен міндеттемелері туралы ауызша ақпараты негізінде есептелді және банктік қарыз талаптарын таныстыру мен басқа банктердің қарыз талаптарымен салыстыру мақсатында болжамды болып табылады.
Банктік қарызды алған кезде өзіңізге қосымша қаржылық міндеттемелер алатыныңызды ескертеміз. Қарыздың мерзімін өткізіп алған жағдайда, банк:
Сіздің банк шоттарыңыздағы ақшадан өндіріп алуға (егер мұндай өндіріп алу шартта ескертілген жағдайда);
борыш сомасын өндіріп алу туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;
соттан тыс (кепіл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртіппен қанағаттандыруға кепіл берушінің жазбаша келісімі болса) немесе сот тәртібімен кепілден өндіріп алуға;
берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге тапсыруға (шартта банктің осындай құқығы болса);
банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап ету) үшінші тұлғаға беруге (қарыз алушының келісімі болса) құқылы.
________________ №___________ Банктік қарыз шартына (күні, айы, жылы) _________________ (күні, айы, жылы) Қарызды өтеу графигі
Қарыз алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)/атауы | ||
Қарыз алушының ЖСН/БСН | ||
Қарыз сомасы және валютасы | __________ | |
Сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері: | __________ жылдық пайыз /теңге | |
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері: | __________ жылдық пайыз | |
Қарыз мерзімі: | __________ (күні, айы, жылы) | |
Қарыз алушының (қоса қарыз алушының) таңдаған қарызды өтеу әдісі | __________ (аннуитеттік, дифференциалды немесе банктің ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс) |
Төлем күні | Кезеңдегі төлемдер | Негізгі борыш қалдығы | |||
Төлем сомасы | Сыйақы | Негізгі борыш | |||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | |
БК | - | - | - | ҚС | |
… | ТС1 | … | … | НБ1 | |
… | ТС2 | … | … | НБ2 | |
… | … | … | … | … | |
… | ТСn | … | … | 0 | |
Жиыны: | … | … | … | - | |
Банктің деректемелері | Қарыз алушының (қоса қарыз алушының) деректемелері |
Түсіндірмелер:
БК – қарыз беру күні;
ҚС – берілген қарыз сомасы;
НБ1, НБ2 – негізгі борыш қалдығы (5-4 бағандар айырмасы);
ТС1, ТС2, ТСn – кезекті төлемдер сомасы (3+4 бағандар сомасы);
n – кезеңдер саны.
Қарызды өтеу графигі шарттың талаптарына сәйкес өзге ақпаратпен және есептермен толықтырылуы мүмкін.
Банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушыға – жеке тұлғаға арналған жадынама _________________ (күні, айы, жылы) жағдай бойынша
1 | Қарыз сомасы және валютасы | |
2 | Қарыз мерзімі | |
3 | Төлемдер саны | |
4 | Сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері | |
5 | Дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері | |
6 | Банкпен банктік қарыз шартын жасасу сәтінде немесе банктік қарыз шартына қосымша келісім жасасу сәтінде қарыз алушы төлеген комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы және мөлшерлері | |
7 | Өтелетін жалпы сома | |
8 | Сыйақының жиынтық сомасы | |
9 | Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері | |
10 | Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатты пайдаланбағаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және сол сияқты) |
1)_______________________________ |
11 | Сақтандыру шартын жасау қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері | |
12 | Банктің байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық почта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы) |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 23 желтоқсандағы № 248 қаулысына 2-қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасы кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6877 болып тіркелген, 2011 жылғы 31 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 226-227 (26625) жарияланған);
2. "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Банктік заем шартының міндетті талаптарының тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8308 болып тіркелген, 2013 жылғы 18 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 129 (28068) жарияланған);
3. "Кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 ақпандағы № 74 қаулысымен бекітілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін банк қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 7-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8436 болып тіркелген, 2013 жылғы 12 маусымда "Заң газеті" газетінде № 85 (2286) жарияланған);
4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне кредиттеу жөніндегі құжаттамаға талаптарды белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 145 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9719 болып тіркелген, 2014 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
5. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 28 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 9-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10715 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 6 мамырда жарияланған);
6. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 30 қазандағы № 200 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12376 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 18 қаңтарда жарияланған);
7. "Банктік заем шартының міндетті талаптарының тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 9 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13427 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 29 сәуірде жарияланған);
8. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 249 қаулысымен бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16267 болып тіркелген, "Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде 2018 жылғы 5 ақпанда жарияланған);
9. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 257 қаулысымен бекітілген Өзгерістер енгізілетін банк қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17753 болып тіркелген, "Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде 2018 жылғы 27 қарашада жарияланған);
10. "Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 18 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қаңтардағы № 3 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18254 болып тіркелген, "Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде 2019 жылғы 6 ақпанда жарияланған).