"Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 26 тамыздағы № 459 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 28 тамызда № 19299 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ассистент – Халықты жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу функцияларын орындайтын жұмыскері;

      2) атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдары немесе "Қазпочта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      3) әлеуметтік бейімдеу шаралары – "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында айқындалған мүгедектерді әлеуметтік оңалту шараларын, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын іс-шаралар кешені;

      4) әлеуметтік бейімсіздік – жеке адамның әлеуметтік ортамен өзара байланысының бұзылуы;

      5) әлеуметтік депривация – адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыру мүмкіндігін шектеу және (немесе) одан айрылу;

      6) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант (бұдан әрі – консультант) – Халықты жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға және күнкөрісі төмен адамға (отбасыға) оның (олардың) кедейлік шегінде болуымен байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын жұмыскері;

      7) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жекелеген санаттағы жұмыспен қамтығандар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не оралман, сондай-ақ "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Халықты жұмыспен қамту туралы заң) көзделген жағдайларда өзге адамдар мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал Халықты жұмыспен қамту туралы заңда көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

      8) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;

      9) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      10) жиынтық табыс – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

      11) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесі (бұдан әрі – Үлгілік тізбе) – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган бекіткен және әлеуметтік келісімшарт жасау кезінде пайдалану үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларының тізбесі;

      12) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылғандардың жекелеген санаттары қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды, сондай-ақ Халықты жұмыспен қамту туралы заңда көзделген өзге де адамдарды Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;

      13) күнкөрісі төмен адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);

      14) отбасы – бірлесіп тұрып жатқан, өз табыстары мен мүлігін толығымен немесе ішінара біріктірген, бір елді мекен шеңберінде тіркелген тауарларды, қызметтерді бірлесіп пайдаланатын адамдар тобы;

      15) отбасыға берілетін көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – Халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      16) уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      17) учаскелік комиссия – "Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 29-ө бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5562 болып тіркелген) бекітілген Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      18) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия – "Кейбір үлгілік құжаттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 7 маусымдағы № 482 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13867 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 482 бұйрық) бекітілген аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;

      19) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия – № 482 бұйрықпен бекітілген халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия туралы Үлгілік ережеге сәйкес облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;

      20) халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – Орталық) – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға.";

      3, 4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) Заңның 2-бабының 1-2-тармағына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

      Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы мүшелері Заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалады.

      4. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам немесе отбасы атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша Орталыққа, ал тұрғылықты жері бойынша Орталық болмаған жағдайда – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне (бұдан әрі – әкім) жүгінеді.

      Тұрақты тұрғылықты жері болмаған жағдайда тұратын орны бір елді мекен шеңберінде, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуға жүгінген күннің алдында алты ай ішінде уақытша келу (тұру) орны бойынша мынадай жағдайларды қоспағанда, тіркелумен расталады:

      1) төтенше жағдайлар;

      2) мынадай негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайлар:

      әлеуметтік бейімделмеу мен әлеуметтік депривацияға әкелген қатаң қарым-қатынас;

      үйінің болмауы (тұратын орны жоқ адамдар);

      бостандығынан айыру орындарынан босатылған.

      Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда Орталық немесе әкім атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мақсатында өтініш берушіні Тұрақты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына уақытша тіркеуге тұруына ықпалдасады.

      5. Үміткер адам немесе отбасы жүгінуі процесінде оған консультация беріледі, оның барысында:

      1) ақпарат беріледі:

      шартсыз және шартты ақшалай көмек алу шарттары туралы;

      жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысу шарттары туралы;

      әлеуметтік келісімшарт жасасу қажеттілігі, әлеуметтік келісімшартқа қатысушы тараптардың міндеттемелері және әлеуметтік келісімшартты бұзу шарттары туралы;

      атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін азайту және (немесе) тоқтата тұру шарттары туралы;

      мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен сұратылатын мәліметтер тізбесі туралы ақпарат беріледі;

      мемлекеттік органдар ен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріндегі жоқ мәліметтерді растайтын құжаттар беру мүмкіндігі туралы;

      2) адамның немесе отбасының жан басына шаққандағы орташа табысын және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін алдын ала есептеу жүргізіледі.

      Консультацияны Орталықтарда консультанттар, ал адам әкімге жүгінген жағдайда – әкімдер және (немесе) ассистенттер береді.

      6. Консультация беру нәтижелері бойынша адам немесе отбасы (бұдан әрі – өтініш беруші) өз тарапынан немесе отбасының атынан осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішпен жүгінеді.

      Бұл ретте, өтініші берушіге сәйкестендіру үшін өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі (төлқұжаты), Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктің тұруға ыхтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі), ал оралмандар үшін – оралман куәлігі болуы тиіс.

      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын бірлесіп тұрып жатқан еңбекке қабілетті отбасы мүшелері өтінішке "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 279 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11342 болып тіркелген) мемлекеттік көрсетілген қызмет стандартына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелуге өтініші қоса беріледі.

      Он алты жасқа толмаған адамның атынан ата-анасының немесе оның заңды өкілдерінің біреуінің еңбек қызметін жүзеге асыруға келісімі туралы еркін нысанда жазылған өтініш беріледі.

      Үшінші адамның атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды беруі атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар адамның нотариат куәландырған сенімхаты бойынша жүргізіледі.

      Өтініш беруші құжаттардың көшірмелері мен түпнұсқасын салыстыру үшін береді.";

      7-тармақта:

      1) тармақша мәтініне орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілінде өзгермейді;

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) табыстар туралы (жалақы, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті жалға беру, жылжымайтын және (немесе) жылжымалы мүлікті сатудан түскен табыстар);";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) үш ай ішінде қатар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінгеннің алдыңғы тоқсанда алимент туралы не берешектің болуы туралы;";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде тұрғылықты жері бойынша өтініш беруші мемлекеттік органның немесе ұйымның тиісті ақпараттық жүйелерінде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды береді, ал өтініш берушінің ондай мүмкіндігі болмаса, Орталық тұратын жері бойынша, ауылдық жерде – әкім тиісті мемлекеттік органға және (немесе) ұйымға жазбаша сұрау салуды ресімдейді.";

      9-тармақ алып тасталсын;

      10, 11, 12, 13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Өтініш берушінің өтінішін қарау барысында әкім немесе Орталық:

      1) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ақпараттық жүйелерден алынған, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардан және (немесе) ұйымдардан жазбаша түрде алынған мәліметтердің толықтығын, сондай-ақ өтініш иесі берген мемлекеттік органның немесе ұйымның тиісті ақпараттық жүйелерінде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттардың болмауына байланысты тексереді;

      2) жазбаша түрде тиісті мемлекеттік өтініш беруші ұсынған құжаттарды және өтініш иесі берген мемлекеттік органның немесе ұйымның тиісті ақпараттық жүйелерінде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттардың болмауына байланысты сканерлейді. Құжаттардың электрондық көшірмелері әкімнің немесе Орталық маманының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады.

      Құжаттарды сканерлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда – алынған құжаттарды көшіруді жүзеге асырады. Құжаттардың қағаз көшірмелері әкімнің немесе Орталық маманының қолымен куәландырылады, одан кейін өтініш берушіден алынған құжаттардың түпнұсқалары үзбелі талонмен бірге оған қайтарылады;

      3) сканерлеу (көшіру) сапасын және құжаттардың электрондық және (немесе) қағаз көшірмелерінің осы Қағидалардың 6 және 8-тармақтарына сәйкес алынған түпнұсқаларға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      11. Әкім немесе Орталық осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтінішті қабылдаудан мынадай жағдайларда бас тарту туралы дереу қолхат береді:

      мемлекеттік органдардың және ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтердің болмауына байланысты өтініш берушінің тапсырған құжаттарының қолдану мерзімі өтіп кеткенін және (немесе) дұрыс емес екенін белгілеген;

      ақпараттық жүйелерде атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға, төлеу немесе өтініш беру фактілерін растайтын мәліметтердің болуы.

      12. Өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін талаптарға сәйкес болған жағдайда:

      1) әкім бір жұмыс күні ішінде:

      осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тіркеу журналында өтінішті тіркейді және өтініш берушіге өтінішке үзбелі талон береді. Ақпараттық жүйелерге рұқсат болған кезде – осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тіркеудің электрондық журналында тіркейді;

      Осы Қағидалардың 6, 7 және 8-тармақтарда көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды қамтитын құжаттар топтамасын (бұдан әрі – құжаттар топтамасы) немесе атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттардың электрондық топтамасын (бұдан әрі - ЭПД) қалыптастырады және оны өзінің қолымен немесе ЭЦҚ арқылы куәландырады;

      Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салуды рәсімдеген жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға және (немесе) ұйымдарға сұрау салу жүзеге асырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш иесін жазбаша сұрау салумен хабардар ету арқылы құжаттар топтамасын немесе ЭҚП қалыптастыру пакетін әзірлеу мерзімі сұрау салуға жауап алғанға дейін, бірақ күнтізбелік 30 күннен артық емес күнге дейін ұзартылады;

      өтініш қабылданғаннан кейін өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша учаскелік комиссияның қорытындысын дайындау үшін оны және қалыптастырылған құжаттар топтамасын учаскелік комиссияға береді;

      Әкім учаскелік комиссияның қорытындысын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей учаскелік комиссияның қорытындысын қоса бере отырып, өтініш берушінің құжаттар топтамасын Орталыққа береді;

      2) Орталық бір жұмыс күні ішінде:

      осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тіркеудің электрондық журналында өтінішті тіркейді және өтініш берушіге өтінішке үзбелі талон береді;

      құжаттарды қабылдаған күні еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін, олардың өтініштері бойынша Халықты жұмыспен қамту туралы заңның 13-бабына сәйкес жұмыс іздеуші адам ретінде тіркейді;

      құжаттар пакетін немесе өтініш берушінің ЭҚП-сын қалыптастырады және оны өзінің қолтаңбасымен немесе ЭЦҚ арқылы куәландырады;

      Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жазбаша сұрау салуды рәсімдеген жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға және (немесе) ұйымдарға сұрау салу жүзеге асырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш иесін жазбаша хабарламамен хабардар ету арқылы құжаттар топтамасын қалыптастыру пакетін әзірлеу мерзімі жазбаша сұрау салу жіберілген күннен бастап сұрау салуға жауап алғанға дейін, бірақ күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылады;

      өтініш қабылданғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша учаскелік комиссияның қорытындысын дайындау үшін оны және қалыптастырылған құжаттар топтамасын учаскелік комиссияға береді.

      13. Учаскелік комиссия әкімнен немесе Орталықтан құжаттар пакеті келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізеді және оның нәтижелері бойынша қорытынды дайындайды және оны әкімге немесе Орталыққа жібереді.

      Өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау өтініш берушінің, ал ол болмаған жағдайда – кәмелеттік жастағы әрекетке қабілетті отбасы мүшесінің қатысуымен жүргізіледі.

      14. Орталық мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерді (құжаттарды), сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтердің болмауынан өтініш беруші ұсынған құжаттарды немесе әкімнен алынған құжаттар пакеті мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:

      1) көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрін айқындайды: шартсыз немесе шартты ақшалай көмек;

      2) адамның (отбасының) жиынтық табысын "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5757 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің қағидаларына (бұдан әрі – Жиынтық табысты есептеу қағидалары) сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсан алдындағы тоқсан үшін есептейді.

      Қажет болған жағдайда ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малын, құсын және жер учаскесін (жер үлесін) кіріс бермейді деп айқындайды;

      3) біржолғы шартты ақшалай көмек тағайындауды келісу үшін алынған өтініш берушінің мәліметтерін (құжаттарын) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның қарауына жібереді;

      4) адамға (отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау (төлем кезеңін ұзарту, төлем мөлшерін өзгерту, тағайындаудан бас тарту, төлемді тоқтату) туралы электрондық шешім жобасын (бұдан әрі – электрондық шешім жобасы) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес дайындайды, олар ЭҚП қалыптастыруды тікелей жүзеге асыратын Орталық маманының, Орталықтың құрылымдық бөлімшесі басшысының және Орталық басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады;

      5) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық шешім жобасын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтінішті электрондық тіркеу журналында тіркеуді жүзеге асырады.";

      15-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау (төлем мөлшерін өзгерту, тағайындаудан бас тарту, төлемді тоқтату) немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдауды, ол туралы өтініш берушіні Орталық немесе әкім арқылы, немесе ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірге хабарлама жолдау арқылы, ал бас тартылған жағдайда – оның себебін көрсете отырып жазбаша хабарландыруды жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудан Заңның 2-бабының 2-тармағына сәйкес бас тартылады:

      1) жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асатын адамдарға (отбасыларға);

      2) кәмелетке толмаған балаларды, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларды, жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын адамдарды, сондай-ақ екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, отбасының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан еңбекке қабілетті мүшелеріне;

      3) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған ақпарат ұсынған адамдарға (отбасыларға).";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасы құрамы және табысы өзгерген жағдайда көрсетілген мән-жайлар орын алған күннен бастап қайта есептеледі.

      Атаулы әлеуметтік көмек алушы атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің немесе оны алу құқығының өзгеруіне негіз болатын мән-жайлар туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Орталықты, ал ауылдық жерде әкімді аталған мән-жайлар туралы хабардар етеді.

      Алушы атаулы әлеуметтік көмек мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақытында хабардар етпеген кезде, көмек мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған сәттен бастап, бірақ оны тағайындау күнінен ерте емес қайта есептеледі, ал өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға әкелген дәйексіз мәліметтерді ұсынғаны анықталған жағдайда адамға (отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Атаулы әлеуметтік көмек түрінің (шартты немесе шартсыз ақшалай көмек) өзгеруіне негіз болатын мән-жайлар туындаған жағдайда алушы 10 күнтізбелік күн ішінде Орталықты, ал ауылдық жерде әкімді аталған мән-жайлардың туындауы туралы хабардар етеді.

      Бұрын тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті төлеу атаулы әлеуметтік көмек түрінің өзгеруіне негіз болатын мән-жайлар туындаған айды қосып төленеді.

      Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау туындаған мән-жайларды ескере отырып осы Қағидаларда белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Отбасының табысы және отбасының құрамы өзгерген жағдайда шартсыз ақшалай көмектің мөлшері өтініш беру айынан бастап төлемді тағайындау мерзімі соңына дейінгі мерзімге дейін қайта есептеледі.";

      23 және 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Шартты ақшалай көмек жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті күнкөрісі төмен адамдарға, сондай-ақ өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеушілері болып табылатын жеке тұлғалар ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

      Шартты ақшалай көмекті уәкілетті орган әлеуметтік келісімшарттың қолданылу мерзіміне (он екі айға) өтініш жасалған айдан бастап тағайындайды және әлеуметтік келісімшартта белгіленген кезеңге ай сайын немесе бір рет төленеді.

      Әлеуметтік келісімшартқа сәйкес жүргізілетін біржолғы төлемнің кезеңі әрі дегенде үш ай мерзімге белгіленеді.

      Біржолғы төлем әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (бұрын алған қарыздарды өтеуді, тұрғын үй сатып алуды қоспағанда) ғана қолданылады.

      Біржолғы төленген шартты ақшалай көмекті пайдалану мерзімі әлеуметтік келісімшартта анықталады, бірақ үш айдан аспайды.

      Біржолғы шартты ақшалай көмекті қайта төлеу бұрын берілген соманың мақсатты пайдалануы расталғаннан кейін ғана мүмкін болады.

      Алушы әлеуметтік келісімшарт белгіленген біржолғы шартты ақшалай көмекті мақсатты пайдалану мерзімі аяқталған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде ассистентті (консультантты) біржолғы шартты ақшалай көмекті мақсатты пайдаланғаны туралы хабардар етеді және растайтын құжаттардың көшірмелерін, сонымен қатар олардың түпнұсқаларын салыстыра тексеру үшін ұсынады.

      Әлеуметтік келісімшартты іске асыруды мониторингілеу жолымен біржолғы шартты ақшалай көмектің қаражатын мақсатты емес пайдалану фактісі анықталған жағдайда ассистент (консультант) анықтаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде көрсетілген факт бойынша Орталыққа хабарлайды.

      Орталық пен уәкілетті орган осы Қағидалардың 34, 35 және 36-тармақтарында көзделген шараларды орындайды.

      24. Шартты ақшалай көмекті тағайындау шарты:

      әлеуметтік келісімшарт жасасу, онда тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары әлеуметтік бейімдеу шаралары;

      табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы.";

      26, 27, 28, 29 және 30-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Орталық ақпараттық жүйелерден алынған немесе әкім ұсынған мәліметтер пакеті негізінде:

      1) оларды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің санын айқындайды;

      2) оларды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту туралы заңның 13-бабына сәйкес жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті адамдарды және жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыс іздеуші адамдар ретінде тіркеуді жүзеге асырады;

      3) бос орын болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту туралы заңның 13-бабында белгіленген мерзімдерге сәйкес жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелген еңбекке қабілетті адамдарға немесе еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне бар бос орындар (лайықты жұмыс) туралы хабарламалар жібереді, олардың жұмысқа тұруына жәрдемдеседі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіби бағдарлау мен кәсіби оқуына қызметтер ұсынады

      Хабарлама тіркелген еңбекке қабілетті адамдарға немесе еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне өтініш берушіге ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы беріледі;

      4) мынадай:

      біржолғы шартты ақшалай көмекті төлеу;

      ұсыну туралы шешім уәкілетті органның құзыретінен шығатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларын көрсету кезінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияға шартты ақшалай көмек тағайындауды келісу үшін құжаттар пакетін алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде береді;

      5) учаскелік комиссияның қорытындысын немесе учаскелік комиссияның қорытындысы бар құжаттарды әкімнен, сондай-ақ қажеттігіне қарай жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шаралары қамтылған жеке жоспарды құрастырады және осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік келісімшарт жасайды.

      Әлеуметтік келісімшартта осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесінде ұсынылған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларын орындау жөніндегі тараптардың міндеттемелері көрсетіледі;

      6) әлеуметтік келісімшарт жасасқан күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ЭҚП-ны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымымен, сондай-ақ талаптар қол қойған әлеуметтік келісімшартпен қоса атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін уәкілетті органға жолдайды.

      27. Жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмысыссыз ретінде тіркелген еңбекке жарамды адамдар олардың біліктілігі, білім деңгейі немесе лайықты жұмыстың көлік қолжетімділігіне сәйкес келмеуіне байланысты бас тартқан кезде Орталық халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады.

      Еңбекке жарамды адамдар немесе отбасы мүшелері лайықты жұмыстан не жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларынан бас тартқан жағдайда, еңбек қызметін немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуын дәлелсіз себептермен тоқтатқан кезде Орталық және уәкілетті орган бас тартқан күннен бастап бір жұмыс күні ішінде, ал өзге жағдайларда әлеуметтік келісімшартты сүйемелдеу туралы консультанттың есебін алған күннен бастап осы Қағидалардың 28, 29, 30-тармақтарында көзделген шараларды қабылдайды.

      28. Әлеуметтік келісімшартты іске асырудың ай сайынғы мониторингі барысында ассистент (консультант) айқындаған Әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер орындалмаған кезде Орталық бір жұмыс күні ішінде әлеуметтік келісімшартты сүйемелдеу туралы консультанттың жауабын алған күннен бастап:

      1) осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуы туралы қорытындысын дайындайды;

      2) 18 жасқа дейінгі балаларды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын адамдарды, олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) және жеті жасқа дейінгі баланы күтіп-бағуды жүзеге асыратын отбасы мүшелерінің бірін қоспағанда, әлеуметтік келісімшарт қолданысының қалған кезеңіне 50% көлемінде бір ай ішінде шартты ақшалай көмек мөлшерін азайту туралы электронды шешім жобасын қалыстастырады;

      3) әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуы туралы қорытындыны қоса алғанда, шартты ақшалай көмектің мөлшерін азайту туралы электрондық шешім жобасын осы Қағидалардың 13-тармағында айқындалған тәртіппен уәкілетті органға жібереді.

      29. Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалмағаны қайта анықталған кезде Орталық бір жұмыс күні ішінде әлеуметтік келісімшартты сүйемелдеу туралы әлеуметтік жұмыс бойынша консультанттың есебін алған күннен бастап:

      осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік келісімшартты бұзу туралы қорытынды дайындайды;

      18 жасқа дейінгі балаларды, кәмелетке толғаннан кейін оқу орындарын бітірген уақытына дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын адамдарды және отбасы мүшелерінің жеті жасқа дейінгі балаға күтімді жүзеге асыратын бір мүшесін қоспағанда, отбасыға берілетін шартты ақшалай көмекті тоқтату туралы электрондық шешім жобасын қалыптастырады.

      отбасыға берілетін шартты ақшалай көмекті тоқтату туралы электрондық шешім жобасын әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуы туралы қорытындымен қоса осы Қағидалардың 14-тармағында көзделген тәртіппен уәкілетті органға жолдайды.

      30. Уәкілетті орган отбасыға төленетін шартты ақшалай көмектің мөлшерін азайту немесе оны тоқтату туралы шешімді осы Қағидалардың 15 және 16-тармақтарында айқындалған тәртіппен және мерзімде қабылдайды.";

      31-тармақ алып тасталсын;

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Әлеуметтік келісімшартты іске асырудың мониторингі ай сайын жүргізіледі:

      ауданда (қалада) – консультант;

      ал ауылдық жерде – ассистент жүргізеді.

      Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мониторингі мынадай негіздерде жүргізіледі:

      ақпараттық жүйелерден әлеуметтік төлемдердің түскені туралы және "Еңбек нарығы" ААЖ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету барысында түскен деректер;

      біржолғы ақшалай қаражатты нысаналы пайдалануды растайтын отбасының еңбекке жарамды мүшесі беретін құжаттар;

      ассистент (консультант) әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттеменің орындалмағаны туралы фактісі анықталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде ол туралы Орталыққа хабарлайды.

      Орталық және уәкілетті орган осы Қағидалардың 28, 29, 30-тармақтарында көзделген шараларды қабылдайды.";

      35 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Алушыға атаулы әлеуметтік көмек төлеу уәкілетті органның шешімі негізінде ақшалай нысанда жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

      36. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың шешімі негізінде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде қазынашылық органдарына төлеуге шешім қабылдаған айдан кейінгі айдың 5-күніне қарай ай сайын тағайындалған сомаларды төлем ведомосына енгізуді қамтамасыз етеді.

      Төлем айына төлеу ведомосын қалыптастырғаннан кейін пайда болған сомалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес одан кейінгі айда енгізілуге жатады.

      Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу ай сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-күніне қарай жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 36-1-тармақпен толықтырылсын:

      "36-1. Атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында өтініш берушінің жалған ақпараты және (немесе) дұрыс емес мәліметтерін көрсететін фактілер мен мәліметтер анықталған жағдайда, орталық немесе әкім ауылды жерде тиісті фактілер немесе мәліметтер анықталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органды жазбаша түрде хабардар етеді.

      Артығымен төленген немесе негізсіз төленген сомалар туралы фактілер белгіленген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде уәкілетті орган атаулы әлеуметтік көмек алушыға атаулы әлеуметтік көмекті ерікті түрде қайтару туралы жазбаша хабарлама жібереді. Хабарлама жіберілген күннен бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады.

      Атаулы әлеуметтік көмек алушы артығымен төленген немесе негізсіз төленген соманы ерікті түрде толық көлемде алушыға хабарлама жіберілген күннен бастап бір айлық мерзімде қайтармаса, уәкілетті орган артығымен төленген немесе оған негізсіз төленген соманы қайтару бойынша сот тәртібімен шаралар қабылдайды. Сотқа арыз атаулы әлеуметтік көмек алушының тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінде көзделген тәртіппен беріледі.

      Бұл ретте ағымдағы қаржы жылында артығымен төленген немесе негізсіз төленген сома ағымдағы қаржы жылында пайдалану үшін уәкілетті органның ағымдағы шотына қайтарылады. Артығымен төленген немесе негізсіз төленген сома өткен қаржы жылында жоғары тұрған бюджетке қайтарылады.";

      37-тармақ алып тасталсын;

      10-қосымша алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Нурымбетов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі