Ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктерін белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 297 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 14 қаңтарда № 18176 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері белгіленсін.

      2. "Ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 29 ақпандағы № 64 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13663 болып тіркелген, 2016 жылғы 12 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А.Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қарашадағы
№ 297 қаулысына
қосымша

Ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері (бұдан әрі - Тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктері) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және ерікті түрде таратылатын банктердің тарату комиссияларының (бұдан әрі – тарату комиссиясы) қызметінің ерекшеліктерін айқындайды.

      2. Тарату комиссиясы ерікті түрде таратылатын банктің (бұдан әрі – банк) акционерлері жалпы жиналысының шешімімен банктің филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) банкті ерікті түрде таратуға рұқсат берген күннен бастап күнтізбелік 45 (қырық бес) күннен кешіктірмей құрылады.

      Тарату комиссиясының құрамын өзгерту банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

2-тарау. Тарату комиссияларының қызметін ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      3. Банктің тарату комиссиясы құрылған күннен бастап және банкті ерікті түрде тарату процесі аяқталғанға дейін:

      1) банктің органдарының және басшы қызметкерлерінің, оның ішінде банктің мүлікті басқару және міндеттемелерді өтеу жөніндегі өкілеттіктерінің, сондай-ақ олардың банкті басқару жөніндегі құқықтары тоқтатылады;

      2) банк атынан немесе банк есебінен жүзеге асырылатын іс-әрекеттер, егер оларды тарату комиссиясының төрағасы не тарату комиссиясының мүшесі, не төраға осы іс-қимылдарды атқаруға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат берген, тарату комиссиясында еңбек шарты немесе ақылы қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс істейтін тұлға (бұдан әрі – тартылған тұлға) жүзеге асырған жағдайда заңды күшке ие бола алады;

      3) тарату комиссиясы банкке қатысты мүліктік сипаттағы барлық талаптарды Тарату комиссияларының қызметі ерекшеліктерінің 5-тарауына және Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасына сәйкес қарайды.

      4. Тарату комиссиясы банктің ісін, оның ішінде оның кредиторлармен және акционерлермен есеп айырысуын қамтамасыз етуін аяқтау үшін шаралар қабылдайды.

      5. Тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясын басқарады. Тарату комиссиясының төрағасы болмаған кезде оның міндеттерін төрағаның тарату комиссиясы мүшелерінің арасынан тағайындаған орынбасары атқарады.

      6. Банктің филиалдары және (немесе) өкілдіктері болса, оларды сол жерде құрылатын тарату комиссиясының бөлімшесі (бұдан әрі – бөлімше) таратады.

      Бөлімшені тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен тағайындалған басшы тарату комиссиясы мүшелерінің арасынан тарату комиссиясы құрылған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей басқарады.

      Бөлімше басшысы өз қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде жүзеге асырады.

      Тарату комиссиясының бөлімшесі және оның басшысы тарату комиссиясының төрағасына есеп береді.

      7. Тарату комиссиясы мүшесінің, тартылған қызметкердің немесе тартылған тұлғаның құқықтары мен міндеттері көрсетілген тұлғалардың тарату комиссиясының төрағасымен жасасқан еңбек шартында немесе ақылы қызмет көрсету шартында, сондай-ақ тарату комиссиясының төрағасы бекіткен көрсетілген қызметкерлердің қызметтік нұсқаулықтарында айқындалады.

      Жұмысқа қабылдау тарату комиссиясы төрағасының бұйрығымен ресімделеді.

      8. Тарату комиссиясының төрағасы шұғыл басшылықты жүзеге асырады, бөлімшелердің қызметін және оның басшыларының жұмысын бақылайды.

      9. Банкті ерікті түрде тарату рәсімі жартыжылдыққа бөліне отырып бір жылға жасалатын және тарату комиссиясы құрылған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде және кейіннен жоспарланған кезеңнің алдындағы айдың 10 (онынан) кешіктірмей уәкілетті органға мәлімет үшін ұсынылатын, тарату комиссиясының төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Тарату комиссиясы жұмыс жоспарының орындалуы туралы ақпаратты жартыжылдық қорытындылары бойынша уәкілетті органға ұсынады.

      Жұмыс жоспарында белгіленген мерзімдер бұзылған жағдайда тарату комиссиясы 10 (он) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тиісті құжаттардың көшірмелері қоса берілген жазбаша түсіндіруді ұсынады.

      10. Тарату комиссиясы банктің атынан іс-әрекет жасайды және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде дербес бола алады.

      11. Құрылған күннен бастап тарату комиссиясы:

      1) бірінші жұмыс күні:

      кассаны түгендеуді жүргізеді, ақша қалдығын банктің ағымдағы шотына аударады;

      уәкілетті органға және (немесе) банктің банк шоттары бар екінші деңгейдегі банктерге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14422 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларына (бұдан әрі - № 207 қағидалар) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қол қою үлгілері бар жаңа құжатты ұсынады;

      2) 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей банктің басшылығынан банктің құқық белгілеуші құжаттарын, мөрлерін (бар болса), мөртабандарын, ақпараттың электрондық тасымалдағыштарын, бағдарламалық қамтамасыз етуді, банктің бланкілерін және басқа да құжаттарын, құжаттар мен құндылықтарды қабылдау-өткізу туралы қажетті актілерді жасай отырып, қабылдайды;

      3) 10 (он) жұмыс күні ішінде:

      Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде кредиторлардың шағымдарын (өтініштерін) беру тәртібін, мерзімдері мен мекенжайларын (филиалдар желісі болған кезде – банк кредиторлары өз шағымдарын (өтініштерін) ұсынатын филиалдар мекенжайларын) міндетті түрде көрсетіп, банкті ерікті түрде тарату туралы ақпаратты жариялайды;

      банктің шоттарын салыстырып тексереді, оларды жабады және теңгемен және шетел валютасымен ағымдағы шоттарды ашады;

      заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын әділет органдарына және мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелеріне банктің ерікті түрде таратыла бастағандығы туралы хабарлайды;

      қабылдау-өткізу актісі бойынша банктің активтерін, оның ішінде мүлкін қабылдайды;

      уәкілетті органның банкті ерікті түрде таратуға рұқсат беру туралы шешімінің, акционерлердің жалпы жиналысының тарату комиссиясын құру туралы шешімінің көшірмелерін көруге қолжетімді жерде орналастырады;

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17313 болып тіркелген "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері есептілігінің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және оларды кіріс ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 137 қаулысына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тарату комиссиясы құрылған күнінде электрондық түрдегі екінші деңгейдегі банктердің баланстық шоттарындағы және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есепті есепке алу автоматтандырылған жүйе деректерін жеке электрондық тасымалдағышқа көшіре отырып (резервтік көшірмелер) басып шығарады. Бұл ақпарат электрондық түрде болмаған жағдайда қолда бар қағаз тасымалдағыштағы ақпарат негізге алынады;

      толық материалдық жауапкершілігі бар адамдар, оның ішінде банктің бухгалтерлік есебін жүргізудің және қаржылық және өзге есептілігін өңдеудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсаты бар адамдар тобын айқындайды;

      4) 30 (отыз) жұмыс күні ішінде:

      банктің басшыларымен, қажет болған кезде өзге де қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттарын бұзады;

      өз функциялары мен міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін адамдармен еңбек шарттарын немесе ақылы қызмет көрсету шарттарын жасайды;

      кредиторлардың тізімін жасайды, қолда бар құжаттар бойынша олардың мекенжайларын анықтайды және талдау есебі деректерімен салыстырып тексереді;

      банктің әрбір кредиторын банктің ерікті таратылуы туралы жазбаша хабардар етеді;

      кредиторлар туралы мәліметтер болмаған жағдайда, қолда бар деректемелерді және банк кредиторларын жазбаша хабарлау мүмкіндігінің болмау себептерін көрсетіп акт жасайды;

      5) банкті ерікті түрде таратудың бүкіл кезеңінде:

      банк кредиторлары талаптарының заңдылығын айқындайды және оларды банктің бекітілген аралық тарату балансына және кредиторлар талаптарының тізіліміне сәйкес қанағаттандырады;

      банктің активтерін анықтайды;

      банкті ерікті түрде тарату мақсатына сәйкес оның активтеріне иелік етеді;

      банктің құжаттарын және мүлкін, бағдарламалық қамтамасыз етуін және ақпараттың электрондық тасымалдағыштарын, сондай-ақ банктің басқа ақпаратын сақтау жөнінде шаралар қабылдайды;

      банктің дебиторларынан берешекті алу шараларын қабылдайды;

      банктің атынан талап қояды және сотта мүддесін білдіреді;

      6) кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін мүліктің жеткіліксіз болу фактісі анықталған жағдайда тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының банктік заңнамасының талаптарын ескере отырып сотқа банкті банкрот деп тану туралы өтініш береді.

      12. Тарату комиссиясы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13057 тіркелген "Ерікті түрде және мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссиясының есептері мен қосымша ақпаратының нысандарын, ұсыну мерзімдерін және кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 227 қаулысына сәйкес уәкілетті органға істелген жұмысы туралы есептерді және қосымша ақпаратты ұсынады.

      13. Тарату комиссиясы мүшелері мен қызметкерлері тарапынан Қазақстан Республикасының банктік заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда, тарату комиссиясының төрағасы Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу, қылмыстық сот ісін жүргізу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бір мезгілде уәкілетті органға хабарлай отырып, құқық қорғау органдарына немесе сотқа жүгінеді.

      14. Тарату комиссиясы сақталуға тиіс, оның ішінде тарату комиссиясының қызметіне байланысты құжаттарды мұрағатты және құжаттаманы басқару жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес есепке алуды, ресімдеуді және сақтауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша екінші деңгейдегі банктерге қойылатын барлық талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді.

3-тарау. Тарату комиссияларының тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру және бекіту ерекшеліктері мен тәртібі

      15. Банкті ерікті түрде таратуға байланысты барлық шығыстар осы банктің қаражаты есебінен ғана жүргізіледі.

      16. Тарату өндірісімен байланысты, оның ішінде тарату комиссиясының қызметін қамтамасыз етуге байланысты шығыстар кезектен тыс және тұрақты жүргізіледі.

      17. Тарату массасын жұмсау мақсатты пайдалану бойынша жүзеге асырылады. Тарату массасына қаражатты резервтеу 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.

      18. Тарату шығыстарының сметасы бекітілгенге дейін тарату комиссиясының бірінші кезектегі іс-шараларды өткізуіне байланысты шығыстарды жүзеге асыруы мынадай шығындар баптары бойынша жүргізіледі:

      1) банкті ерікті түрде тарату туралы хабарландыруды жариялау бойынша қызмет;

      2) байланыс қызметі (телекоммуникациялық шығыстар, телефонды, телеграфты пайдаланғаны үшін абоненттік төлем, қалааралық және халықаралық сөйлесулер, пошта және анықтамалық қызмет бойынша шығыстар, интернет-ресурстарды пайдаланғаны үшін шығыстар);

      3) коммуналдық қызметтер;

      4) қол қою үлгілері бар құжаттарды нотариатта куәландыру бойынша қызмет.

      19. Тарату комиссиясы банктің тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру және кредиторлар комитеті банктің тарату шығыстарының сметасын бекіту кезінде нақтылық, негізділік, орындылық және тарату шығыстарының дәйектілік қағидаттарын басшылыққа алады.

      Тарату шығыстарының нақтылық қағидаты тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру кезінде банктің нақты қаржылық жағдайын, оның ішінде кредиторлар алдындағы берешек көлемін негізге алу қажеттілігін білдіреді.

      Тарату шығыстарының негізділік қағидаты тарату өндірісінің белгілі бір кезеңінде болжанатын шығындардың объективтік қажеттілігі деп түсініледі.

      Тарату шығыстарының орындылық қағидаты тарату комиссиясы жұмсаған шығындар қойылған мақсатқа сәйкес келетінін, яғни тарату өндірісін және банктің кредиторларымен және акционерлерімен есеп айырысуды аяқтауға бағытталғандығын білдіреді.

      Тарату шығыстарының дәйектілік қағидаты тарату комиссиясының жұмсалған шығындарды құжаттық растауын білдіреді.

      20. Тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктеріне қосымшаға сәйкес нысан бойынша тарату шығыстарының сметасын тарату комиссиясы ол құрылғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде жасайды.

      Кредиторлар комитеті құрылғанға дейін тарату шығыстарының сметасын

      тарату комиссиясының төрағасы бекітеді.

      Тарату комиссиясының төрағасы және кредиторлар комитеті тарату шығыстары сметасының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      21. Кредиторлар комитеті бекіткен тарату шығыстарының сметасына тарату комиссиясының төрағасы енгізетін өзгерістер мен толықтыруларды кредиторлар комитеті алдын ала бекітеді.

      22. Егер тарату шығыстары алдыңғы кезеңде (айда, тоқсанда) жүзеге асырылмаса және оларды келесі кезеңде (айда, тоқсанда) жүзеге асыру қажеттілігі болса, көрсетілген шығыстар жоспарланып отырған кезеңнің тарату шығыстарының сметасына енгізілуі тиіс.

      23. Тарату шығыстарының сметасын бекітуден бас тарту үшін негіздемелер тарату комиссиясының Тарату комиссиялары қызметінің ерекшеліктерінің 19-тармағында көрсетілген тарату шығыстарының сметасын қалыптастыру қағидаттарын сақтауы көрсетілетін түсіндірме жазбаны және жоспарланған (жұмсалған) шығыстарды растайтын құжаттарды ұсынбау болып табылады.

      24. Тарату шығыстары сметасының басқа бабы бойынша үнемдеу есебінен бір шығындар бабы бойынша артық жұмсау жүзеге асырылмайды.

      25. Есептілік жасаған кезде пайдалынатын өлшем бірлігі теңгемен белгіленеді.

      26. Сметаға тарату комиссиясының төрағасы (ол болмаған кезеңде оның орынбасары), бас бухгалтер және орындаушы қол қояды.

      27. Тарату шығыстарының сметасында мынадай шығындар баптары көзделеді:

      1) еңбекке ақы төлеу шығыстары;

      2) бюджетке аударымдар бойынша шығыстар;

      3) әкімшілік шығыстар;

      4) тауар-материалдық құндылықтарды сатып алу шығыстары;

      5) іссапар шығыстары;

      6) көзделмеген шығыстар;

      7) басқа да шығыстар.

      28. Жоспарланып отырған және жұмсалған шығыстарды тарату комиссиясы шарттармен, шот-фактуралармен, чектермен және өзге құжаттармен растайды.

4-тарау. Тарату комиссиясының қолма-қол ақшаны кассада сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, кассалық құжаттарды жүргізу қағидаларын орындау, қолма-қол ақшаны, касса қалдықтарының лимиттерін жұмсауды қамтамасыз ету талаптары, сондай-ақ қолма-қол ақшаны тарату комиссиясының ағымдағы шотына тапсыру мерзімдері

      29. Тарату комиссиясының төрағасы, бас бухгалтері, тарату комиссиясының кассирі, бөлімшелерде – тарату комиссиясы бөлімшесінің басшысы, бухгалтері, бөлімше кассирі банктің тарату комиссиясының кассасына түскен ақшаның уақтылы кіріске алынуына бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ қолма-қол ақша мен құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      30. Қолма-қол ақшамен операцияларды орындайтын, сондай-ақ өзге құндылықтарға рұқсаты бар тарату комиссиясының қызметкерімен толық материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалады.

      31. Тарату комиссиясының кассасында (бұдан әрі – касса) жасалатын қолма-қол ақшамен жасалатын операциялардың есебі "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына, қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      32. Тарату комиссиясы қолма-қол ақшаны және құндылықтарды сақтау, сондай-ақ кассалық операциялар мен құжаттарды жүргізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 3 наурыздағы № 58 қаулысымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1482 болып тіркелген Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда кассалық операцияларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жүргізу қағидаларында белгіленген және банкке ерікті түрде таратылу процесіне сәйкес келетін бөлігінде қолданылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырады.

      33. Қолма-қол ақшамен касса операцияларын жасау үшін ұлттық валютамен төмендегі шекте касса қалдығының күн сайынғы лимиті белгіленеді:

      1) тарату комиссиясының бас кеңсесінде – 2 500 000 (екі миллион бес жүз мың) теңге;

      2) тарату комиссиясының бөлімшесінде – 500 000 (бес жүз мың) теңге.

      34. Күнделікті лимит сомасынан асып кеткен жағдайда, тарату комиссиясының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарынан, екінші деңгейдегі банктерден, мүлікті өткізуден, дебиторлық берешекті өндіруден алынған қолма-қол ақшаны сақтауы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызмет көрсететін филиалында немесе екінші деңгейдегі банкте ақшаны алған күнді есептемегенде, кемінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қолма-қол ақша оларды сақтау мерзімі аяқталғаннан кейін келесі жұмыс күні тарату комиссиясының ағымдағы шотына есептеледі.

      35. Қолма-қол ақша тарату комиссиясының қызметкерлеріне тарату өндірісіне байланысты мақсаттарға есепке беріледі.

      36. Банктің ағымдағы шоттары теңгеде және қажет болса шетел валютасында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалында банктің бас кеңсесі орналасқан жерде ашылады.

      37. Банктің филиалдарын немесе өкілдіктерін қоса алғанда, кассаның лимитін қоспағанда, банктің барлық ақшасы банктің бас кеңсесінің ағымдағы шотына есептеледі.

      38. Банктің тарату комиссиясының бөлімшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары арқылы тарату комиссиясы бөлімшелерінің кассасы арқылы банктің бас офисіне келіп түсетін ақшаны есептейді, және тарату шығыстарын, сондай-ақ кредиторлармен есеп айырысу үшін банктің бас офисінің тарату комиссиясынан ақша алады.

      39. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары банктің тарату комиссиясынан қабылданған шетел валютасын тозу дәрежесі бойынша сұрыптау және түпнұсқалығын және төлемін тексеру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығына жібереді, кейіннен ақшаны банктің тарату комиссиясының ағымдағы шотына есептейді. Банктің тарату комиссиясының ағымдағы шотынан шетел валютасын беру қолма-қол ақшасыз тәртіпте жүзеге асырылады. Егер сұрыптау барысында төлем жасауға болмайтын, сондай-ақ айналымға жарамсыз шетел валютасы анықталса банктің тарату комиссиясы оны екінші деңгейлі банктер немесе Ұлттық пошта операторы арқылы сатады немесе айырбастайды.

      40. Банкті және оның филиалдарын (өкілдіктерін) таратуды аяқтаған соң тарату комиссиясы банктің ағымдағы шоттарын №207 Қағидаларда белгіленген тәртіп бойынша жабады.

      41. Таратылған банкке берешегі жоқ жеке немесе заңды тұлғаның жазбаша сұратуы бойынша тарату комиссиясы сұрату келіп түскен күннен бастап 3 (үш) банктік күннің ішінде банк клиенттерінің банктік шоттарына ерікті түрде таратылу процесі басталғаннан кейін келіп түскен (келіп түсетін) немесе бұрын банктің клиенттері болып табылған адамдардың жабық шоттарына келіп түскен ақшаны қайтарады.

5-тарау. Тарату комиссияларының банк активтерін басқаруы және кредиторлардың шағым-талаптарын (өтініштерін) қарауы бойынша қойылатын талаптар

      42. Банк активтеріне жататын банктің жеке меншік мүлкі, жеке және заңды тұлғаларға берілген қарыздар, сондай-ақ банктің басқа да талаптары тарату массасын қалыптастыру үшін негіз болып табылады.

      43. Банктің тарату комиссиясы құрылған күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде банк қызметкерлерінің қатысуымен банктің мүлкін (активтерін), жеке шоттарын, кредиттік және өзге де шарттарды түгендеуді, сондай-ақ баланс шоттарының және меморандум шоттарының барлық қалдықтарын салыстырып тексеруді жүргізеді. Түгендеудің қорытындысы бойынша акт жасалады.

      Бухгалтерлік есеп деректерінің дәйектілігін қамтамасыз ету мақсатында тарату комиссиясы түгендеуді жылына кемінде 1 (бір) рет, сондай-ақ мынадай жағдайларда міндетті түрде:

      материалдық жауапты және лауазымды адамдар, оның ішінде тарату комиссиясының төрағасы және (немесе) бас бухгалтері ауысқан кезде;

      қымқыру немесе асыра пайдалану, сондай-ақ мүліктің бүліну фактілері анықталған кезде;

      дүлей зілзалалар, өрт, апаттар немесе қиын-қыстау жағдаяттарда туындаған басқа да төтенше жағдайларда жүргізеді.

      44. Кредиттік құжаттама, оның ішінде банктік қарыз шарттары және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты өзге де шарттар қолда бар құжаттарды қоса бере отырып сипатталуға және одан кейін тіркеу журналымен (есеп кітабымен) салыстырып тексерілуге тиіс. Айырмашылық анықталған кезде не құжаттар болмағанда себептері көрсетіліп акт жасалады.

      45. Банктер туралы заңның 74-1-бабында көрсетілген активтерді қоспағанда, банктің түгендеу жолымен анықталған барлық активтері мен талаптары тарату конкурстық массасына енгізілуге тиіс. Таратудың басында банктің балансына енгізілмеген және түгендеу барысында анықталған активтер банктің аралық тарату балансында көрсетіледі.

      46. Түгендеу барысында анықталған мүліктің кем шығуы аралық тарату балансына енгізіледі және жеке шотта есепке алынады.

      47. Тарату комиссиясы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Заңына сәйкес бағалаушы (бағалаушылар) тарта отырып банктің мүлкіне бағалау жүргізеді.

      48. Банктегі ақша кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жеткіліксіз болған жағдайда, тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіпте және кредиторлар комитеті бекіткен мүлікті сату жоспарына сәйкес мүлікті сатады.

      Ғимараттар мен үйлер, банктің басқа да жылжымайтын мүлік объектілері, олардың құнына қарамастан, 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлімі) 910 және 916-баптарында көзделген тәртіпте тек аукцион арқылы сатылады.

      49. Банктің мүлкін сату жоспарын тарату комиссиясының төрағасы бекітеді және оны бекіткен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға назарда ұстау үшін жіберіледі.

      50. Тарату комиссиясы таратылатын банктің мүлкін мына:

      1) сатылатын мүлікке осы өңірдегі мүліктің ұқсас түріне нарық бағасынан кем емес баға белгілеу;

      2) мүлікті мүмкіндігінше неғұрлым жоғары бағамен өткізу;

      3) мүлікті сатудан болатын шығынды азайту талаптары мен мақсаттарына қарай сатады.

      51. Бағалаушы жүргізген мүлік бағалау туралы есеп болған кезде ғана берешекті өтеу есебінде, оның ішінде сот шешімін орындау есебінде беріледі.

      52. Тарату комиссиясы берілген қарыздар бойынша кредиттік шарттарды өтеудің нақтылығы мен перспективалары, борышкерлердің мүліктік жағдайы нысанасына талдау жасайды және кредиттік пакетті қалыптастырады. Кредиттік пакетті иеліктен шығару немесе талап етуді беру туралы шешім кредиторлар комитетінің отырысында қабылданады.

      53. Кредиторлардың шағым-талап қоюы (өтініш беруі), оларды тарату комиссиясының қарауы және қабылдауы, сондай-ақ банктің аралық тарату балансын қалыптастыру мен бекіту Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4181 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы № 40 қаулысымен (бұдан әрі - № 40 қағидалар) бекітілген Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының 92, 93, 94, 95, 96, 97, 98, 99, 100, 101, 103 және 103-1-тармақтарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      54. Тарату комиссиясы кредиторлар талаптарының тізілімін кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олардың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында жасайды және ол 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Респубикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 51-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес келеді.

      Кредиторлардың талап ету тізіліміне банк кредиторларының даусыз және тарату комиссиясы дұрыс деп шешкен кредиторлар талаптары енгізіледі.

      55. Сот шешімдері бойынша орындау құжаттары дұрыс деп шешілген талаптар болып табылады және олар аралық тарату балансында және кредиторлардың талаптар тізілімінде тиісті кезектілік бойынша орындалмаған сома мөлшерінде ескеріледі.

      Заңды күшіне енген сот шешімдері бойынша банктің ағымдағы шотына қойылған орындау құжаттары тарату комиссиясының төрағасына кредиторлардың талаптарын есепке алу үшін беріледі.

      56. Ерікті түрде таратылатын банктің кредиторлар комитетін қалыптастыру және қызметінің ерекшеліктері № 40 қағидалардың 86, 88, 89, 90, 91, 92 және 93-тармақтарымен белгіленеді.

  Ерікті түрде таратылатын
банктердің тарату комиссиялары
қызметінің ерекшеліктеріне
қосымша
  Нысан

_______________________________________________________________ (банктің атауы) ____________ жылғы _____ тоқсандағы тарату шығыстарының сметасы

Шығыстар баптарының атауы

Жоспарланатын шығыстар сомасы
(теңгемен)

1

2

3

Ай


1.

Еңбекақы төлеу шығыстары


1.1.

тарату комиссиясының төрағасына және мүшелеріне, сондай-ақ еңбек шарттары негізінде жұмыс істейтін банк қызметкерлеріне еңбекақы төлеу


1.1.1.

лауазымдық жалақы


1.1.2.

жеке табыс салығы


1.1.3.

міндетті зейнетақы жарналары


1.1.4.

міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар


1.2.

ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың қызметіне ақы төлеу


1.2.1.

көрсетілген қызметтерге ақы төлеу


1.2.2.

жеке табыс салығы


1.2.3.

міндетті әлеуметтік медициналық аударымдар


2.

Бюджетке аударымдар бойынша шығыстар


2.1

әлеуметтік салық


2.2

әлеуметтік аударымдар


2.3

мүлік салығы


2.4

көлік құралына салық


2.5

жер салығы


2.6

қосымша құн салығы


2.7

жер телімдерін пайдалану үшін төлем, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем


2.8

өзге салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер


3.

Әкімшілік шығыстар


3.1

қызметтік және шаруашылық мұқтаждар үшін көлік жалдау қызметтері


3.2

байланыс қызметтері


3.3

үйлер мен ғимараттарды күзету және сигнализация қызметтері


3.4

көлікті күзету қызметтері


3.5

көлік тұрағын ұсыну қызметтері


3.6

көлікті тіркеу қызметтері


3.7

көлікті техникалық тексеру қызметтері


3.8

көлікті сақтандыру қызметтері


3.9

қызметкерді жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу қызметтері


3.10

коммуналдық қызметтер


3.11

негізгі құрал-жабдықтарды ағымдағы жөндеу, оларға техникалық, сервистік қызмет көрсету (тексеру) жұмыстары


3.12

үй-жайды жалдау


3.13

жылжымайтын мүлікке құқықты және тиісті құжаттаманы тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеу қызметтері


3.14

мүлікті бағалау қызметтері


3.15

бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау қызметтері


3.16

жылыту жүйесін іске қосуға дайындау қызметтері


3.17

сантехникалық жұмыстар


3.18

мүлікті сақтау қызметтері


3.19

мемлекеттік бажды төлеу


3.20

нотариалдық куәландыру және апостильдеу қызметтері


3.21

мүлікті тасымалдау, тиеу, түсіру қызметтері


3.22

терезелерге темір тор, есіктер дайындау және орнату жұмыстары


3.23

аукциондар өткізу қызметтері


3.24

инкассация қызметтері


3.25

сараптама жүргізу қызметтері


3.26

аудит жүргізу қызметтері


3.27

құжаттарды аудару қызметтері


3.28

телефон нөмірлерін орнату, ауыстыру немесе басқа жерге орнату


3.29

акционерлер тізілімін актуалды жай-күйде ұстау бойынша тіркеушінің қызметтері


3.30

банк шотына қызмет көрсету, банк шотын ашусыз жүзеге асырылған ақша аударымдары мен төлемдері бойынша қызметтер


3.31

жеке сот орындаушыларының қызметтері


3.32

құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу және оларды мұрағатқа тапсыру қызметтері


3.33

қызметті тоқтатуды мемлекеттік тіркеу үшін алым төлеу


3.34

коллекторлық қызметтер


4

Тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу шығыстары


4.1

офис жабдықтарын жұмыс бабында ұстау


4.2

көлік құралдарын ұстау


4.3

үй-жайларды ұстау


4.4

қағаз және бланк өнімдерін сатып алу


4.5

кеңсе тауарларын сатып алу


4.6

жанар-жағар май материалдарын сатып алу


5

Іссапар шығыстары


6

Болжанбаған шығыстар


7

Басқа да шығыстар


Бір айдың жиынтығы








Бір айдың жиынтығы








Бір айдың жиынтығы








Барлығы тоқсан ішінде





      Тарату комиссиясының төрағасы

      ___________________________________________ _______________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)            (қолы)

      Бас бухгалтер __________________________________________ _______________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)            (қолы)

      Орындаушы _________________________________ ______________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)      (қолы)

      Орындаушының телефон нөмірі ______________________________

      (қаланың коды, телефон нөмірі)

  Тарату шығыстарының сметасы нысанына қосымша

Тарату шығыстарының сметасы нысанын толтыруға түсініктеме

      Тарату шығыстарының сметасын (бұдан әрі – Смета) жасаған кезде еңбекақы төлеу бөлігін есептеуде жасалған ебек шарттары, қызметке қабылдау туралы бұйрықтар мен ақылы қызмет көрсету шарттары негізге алынады. "Еңбекақы төлеу шығыстары" бабы тарату комиссиясының төрағасы бекітетін штат кестесіне сәйкес қалыптастырылады.

      Штат кестесіне тарату комиссиясының төрағасы, мүшелері, еңбек шарттары мен ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша қызмет көрсететін тұлғалар енгізіледі.

      Бюджетке аударымдар бойынша шығыстар Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      Сметаға тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу шығыстарын енгізген кезде тарату комиссиясы тиісті аймақта белгіленген тарифтік торлар мен ортанарықтық бағалар негізінде есеп жүргізеді.

      Іссапарға жіберілген қызметкердің іссапар шығыстарына іссапарда болған күнтізбелік күндер үшін жұмсалатын тәуліктік ақы, соның ішінде жолға кеткен уақыт шығыстары, сондай-ақ тұрғын үй жалдау шығындары, іссапар орнына баратын және кері қайтатын көлік шығыстары жатқызылады.

      Тарату комиссиясы жоспарламаған, мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бес жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, кезек күттірмейтін мұқтаждарға жұмсалатын шығындар болжанбаған шығыстар болып табылады.

      "Болжанбаған шығыстар" шығындарының бабы бойынша Смета және олар бойынша артық шығын баптары бойынша көзделген шығыстар жүзеге асырылмайды.