Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында өтініштерді қарау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 72 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 маусымда № 17084 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 маусымдағы Заңының 21-бабына, 37-бабының 4) және 6) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес қоса тіркеліп отырған Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында өтініштерді қарау жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір бұйрықтары күші жойылды деп танылсын.

      3. Бас прокуратураның өтініштер және іс жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшесі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы прокуратурасы ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының басшыларына, облыстардың, аудандардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға жолдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы прокуратурасы ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының басшыларына, облыстардың, аудандардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Қ. Қожамжаров

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2018 жылғы 1 маусымдағы
№ 72 бұйрығына 1-қосымша

Қазақстан Республикасының прокуратурасы органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында өтініштерді қарау жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында өтініштерді қарау жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚПК), Қылмыстық-атқару кодексіне (бұдан әрі – ҚАК), Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – АПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне (бұдан әрі – ӘҚБтК), Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы "Әкімшілік рәсімдер туралы", 2007 жылғы 12 қаңтардағы "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы", 2017 жылғы 30 маусымдағы "Прокуратура туралы" заңдарына, басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде және білім беру ұйымында (бұдан әрі – прокуратура органдары) өтініштерді қарау мәселелерін нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) өтiнiш – өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық құжат түріндегі, бейнеконференцбайланыс, бейнеөтініш, ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу;

      2) арыз – адамның өз бостандығы мен құқықтарын немесе басқа адамдардың бостандығы мен құқықтарын iске асыруда жәрдем көрсету туралы өтiнiшхаты не заңдардың және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң бұзылуы, өтiнiштердi қарайтын субъектiлердiң, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшiлiктер туралы хабарлама не олардың қызметiн сынау;

      3) шағым – адамның өзiнiң немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қалпына келтiру немесе қорғау туралы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ олардың заңсыз шешiмдерiнiң күшiн жою туралы талабы;

      4) өтінішхат – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату, сотталғанға кешірім жасау туралы мәселелер бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы жазбаша нысанда баяндалған өтініш;

      5) депутаттық сауал – Парламент Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде Парламент сессиясында негізделген түсініктеме беруін немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы;

      6) депутаттың өтініші (депутаттық өтініш) – депутаттың, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары лауазымды тұлғасының прокуратура органдарына жолдаған депутаттық сауал түрінде ресімделмеген жеке немесе заңды тұлғаның өтінішін қарауды өтінген және ақпарат беру туралы өтініші;

      7) иесі бүркемеленген өтініш – ол бойынша авторын анықтау мүмкін емес, арыз берушінің қолтаңбасы, оның ішінде электронды цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы жоқ өтініш;

      8) бастапқы өтініш – осы прокуратура органында бұрын қаралмаған мәселе жөніндегі өтініш;

      9) өтініштің көшірмесі – алдыңғы өтініштің көшірмесі болып табылатын өтініш не мәтіні мен заңды күші түпнұсқасымен бірдей сол мәселені және сол бір тұлғаның мүддесін білдіретін өтініштің данасы;

      10) қайталама өтініш – бір мәселе бойынша бір тұлғадан екі реттен кем емес келіп түскен алдыңғы өтініш бойынша қабылданған шешім шағымдалатын, алдыңғы өтініштің уақтылы қаралмағаны туралы хабарланатын, өтінішті қарау мерзімі аяқталған, бірақ өтініш беруші жауап алмағаны туралы, алдыңғы өтінішті қараған кезде жол берілген басқа да кемшіліктер көрсетілген өтініш;

      11) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері – Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығымен бекітілген Бас прокуратураның құрылымында көзделген бөлімше.

      3. Осы Нұсқаулықтың ережелері жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен өзге де ұйымдар арқылы келіп түсетін, сондай-ақ депутаттық сауалдар мен өтініштерге қолданылады.

      4. "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 1-тармағына сәйкес прокуратура органдары мынадай өтініштерді:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша;

      2) мыналарды:

      физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өздерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың;

      шектелмеген адамдар қатарының;

      егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың алдын алуға, қажет болған жағдайда адамдардың, қоғамның және мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін қарайды.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген өтініштер мынадай:

      құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметінде заңдылықтың бұзылған немесе олардың орын алу қаупі болған;

      құзыретіне өтінішті қарау кіретін уәкілетті мемлекеттік органның не оның лауазымды тұлғасының қызметінде мүдделер қақтығысы болған;

      уәкілетті мемлекеттік органның не оның лауазымды тұлғасының шешіміне және іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) келіп түскен шағым болған жағдайларда прокуратура органдары қарайды.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тұлғалардың санаты мен жағдайлары "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 2 мамырдағы № 60 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16894 болып тіркелген) Мемлекеттік, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және олардың лауазымды тұлғалары, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар қызметінің, сондай-ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерінің, заңды күшіне енген сот актілерінің, атқарушылық іс жүргізудің, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сотта мемлекет мүдделерін білдіру өкілдігінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта егжей-тегжейлі қарастырылған.

      5. Осы Нұсқаулықтың 4-тармағының талабы қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласында белгіленген өтініштерге қолданылмайды.

      6. Жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламалар, қылмыстық іс бойынша өндірісті жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне берілетін шағымдар ҚПК-де, сондай-ақ ҚПК-ні қолдану мәселелері жөніндегі Бас Прокурордың нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіпте қаралады.

      Жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы өтініштер жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметінің заңнамаларында көзделген тәртіпте қаралады.

      7. Қылмыстық істер бойынша, оның ішінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелері бойынша, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот актілеріне наразылық келтіру туралы шағымдар мен қолдаухаттар тиісінше ҚПК-де, АПК және ӘҚБтК-де көзделген прокуратура органдарының өкілеттіктері тәртібінде және шегінде қаралады.

      8. Ұсталған, күзетпен ұсталған және қылмыстық жазасын өтеп жүрген адамдардың өтініштерін қарау тәртібі қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларымен айқындалады.

      9. Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау туралы арыздар "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңында көзделген тәртіппен қаралады.

      10. Мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдар "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңында көзделген тәртіпте қаралады.

      11. Мемлекеттік сатып алу саласындағы шағымды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

      12. Салық салу және кедендік реттеу мәселелері бойынша шағымдарды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер бар өтініштер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қаралады.

      14. Бұқаралық ақпарат құралдарының өтініштері Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасында көзделген тәртіпте қаралады.

      15. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың өтініштері, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда оларды қараудың өзге тәртібі көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.

      16. Нұсқаулықтың осы тарауында көзделген нормативтік құқықтық актілермен реттелмеген бөлікте Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың, "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және осы Нұсқаулықтың ережелері қолданылады.

2-тарау. Өтініш берудің рәсімі

      17. Өтініш онда қойылған мәселелерді шешу құзырына кіретін прокуратура органына немесе лауазымды тұлғасына жолданады.

      Жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ тілегі бойынша әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы, ал заңды тұлғаның – атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, шығыс нөмірі және өтініштің күні көрсетіледі.

      Өтінішке өтініш берушінің қолы қойылады немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.

      Өтініште субъектінің немесе әрекетіне шағым жасалып отырған лауазымды тұлғаның аты-жөні, лауазымы, өтініштің уәждері мен талаптары көрсетіледі.

      Сондай-ақ өтініш жеке және заңды тұлғаның өкілі арқылы беріледі. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      18. Жеке және заңды тұлғалардың жалпы қолжетімді ақпараттық жүйелерден келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат пен электронды цифрлық қолтаңба туралы заңнамаларының талаптарына сәйкес өтініштері қаралуға жатады.

      19. Прокуратура органдары лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ өтініштерді қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдеріне шағым тиісті прокурордың жасаған әрекеті (әрекетсіздігі) немесе қабылдаған шешімі туралы жеке немесе заңды тұлғаға белгілі болған кезден бастап бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған прокурорға үш айдан кешіктірілмей беріледі.

      Шағымдану мерзімінің өтіп кетуі орган немесе лауазымды тұлға үшін шағымды қараудан бас тартуға негіз бола алмайды. Мерзімнің өту себептері шағымды мән-жайы бойынша қарау кезінде анықталады және олар шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негіздердің бірі болып табылуы мүмкін.

      20. Иесі бүркемеленген өтініш, егер мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, қарауға жатпайды. Мұндай өтініш мемлекеттік органдарға олардың құзыреттеріне сәйкес қарау үшін дереу қайта жолдауға жатады.

      21. Мәселенің мәні жазылмаған өтініштер прокуратура органына, лауазымды тұлғаға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті түсініктеме бере отырып, өтініш берушіге қараусыз қайтарылады.

3-тарау. Тіркеу, есепке алу және өтініштерді қараудың мерзімдері мен талаптары

      22. Прокуратура органдарында өтініштерді есепке алуға және тіркеуге қойылатын жалпы талаптар Бас Прокурордың ведомстволық құқықтық актілерімен реттеледі.

      23. Қағаз тасығыштарда келіп түскен өтініштер, депутаттық сауалдар және қосымша тіркелген құжаттары бар өтініштер келіп түскен күні тіркеліп, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесіне (бұдан әрі – БАТЖ) енгізіледі.

      Бас прокуратураның Cаll-орталығына келіп түскен және заңнама талаптарына сәйкес келетін өтініштер дереу БАТЖ-да тіркеліп, қарау үшін Бас прокуратураның өтініштер және іс жүргізу құрылымдық бөлімшесіне, төмен тұрған прокуратураларда – осы жұмыс жүктелген қызметкерлерге жолданады.

      24. Бас прокуратураға келіп түскен өтініштер Бас Прокуратураның өтініштер және іс жүргізу құрылымдық бөлімшесімен Бас прокуратура басшылығына баяндауға жолданады немесе мәселенің мән-жайы бойынша қолдағы материалдар мен қадағалау өндірісі зерделене отырып, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне беріледі.

      Төмен тұрған прокуратураларда өтініштерді прокуратура басшылығына баяндауды немесе құрылымдық бөлімшелеріне жолдауды осы міндет жүктелген тұлғалармен жүзеге асырылады.

      25. Бас Прокуратураның өтініштер және іс жүргізу құрылымдық бөлімшесі мыналарды қарайды:

      1) төмен тұрған прокуратураларға, құзыреті бойынша өзге де мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жіберуге жататын бастапқы өтініштер, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінен (өтініштерді қарау нәтижесі туралы ақпарат жолдауды қажет етпейтін), Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының депутаттарынан, лауазымды тұлғаларынан (депутаттық сауалдардан басқа), Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінен, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Сотынан, басқа да орталық мемлекеттік органдардан, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтан, саяси партиялардан келіп түскен өтініштерді.

      Бастапқы өтініштер Бас прокуратураға түскен кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, өтініш берушіге жазбаша хабарлана отырып, төмен тұрған прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға және ұйымдарға қарау үшін жолданады;

      2) облыс прокуратурасының және оған теңестірілген прокуратураның жауабы жоқ қайталама өтініштерді.

      Қайталама өтініштер Бас прокуратураға келіп түскеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей бірінші басшының немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолы қойылып, оларды қараудың нәтижелері туралы хабарлама жолдау талап етіліп, тиісті прокуратура органдарына қарау және жауап беру үшін жолданады.

      Өтінішті қараған лауазымды тұлғалар БАТЖ-да (өтініштер бойынша хат алмасулар) прокуратура органдарының өтініш берушіге бұдан бұрын жіберген жауабының болуын анықтайды;

      3) прокуратура органдарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнаманы түсіндіруді талап ететін өтініштерді;

      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қарау тәртібінің бұзылуына байланысты прокуратура органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды.

      Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген талаптар прокуратура органдарына, оның ішінде Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне келіп түскен ұқсас сипаттағы өтініштерге қолданылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген талаптар прокуратура органдарына қолданылады.

      26. Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бар өтініштерді;

      2) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен келіп түскен, олар бойынша қарау нәтижесі туралы ақпарат ұсынуды талап ететін өтініштерді;

      3) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі және оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағалары бақылауға алған өтініштерді;

      4) депутаттық сауалдарды;

      5) Бас Прокурор және оның орынбасарлары бақылауға алған өтініштерді;

      6) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясының, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің жауаптары бар өтініштерді;

      7) заңды күшіне енген сот актілеріне кассациялық наразылық келтіру туралы, сондай-ақ сот актісінің орындалуын тоқтата тұру туралы өтінішхаттарды қарайды.

      ҚПК-нің 488-бабының талаптарына сәйкес келмейтін қылмыстық істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттар ҚПК-нің 486, 489-баптарының негізінде прокуратура органдарына келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, кері қайтарылады. Бұл ретте, кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат берген адамға өтінішхатты кері қайтаруға негіз болған кемшіліктерді жойғаннан кейін Бас прокуратураға қайталама өтініш жолдау немесе тікелей Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтініш беру құқығы түсіндіріледі.

      ҚПК-нің 487-бабымен көзделген кассациялық наразылық келтіру мерзімдері өтіп кеткен сот актілеріне кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхаттар прокуратура органдарына келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, тиісінше заңды түсіндіре отырып, қараусыз кері қайтарылады.

      8) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің құзыретіне кіретін өзге де өтініштер мен өтінішхаттарды қарайды.

      Осы тармақта көрсетілген өтініштерді облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорларға жіберуге жол берілмейді.

      27. Облыс прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралар:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының депутаттарынан, (депутаттық сауалдардан басқа), Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Сотынан, басқа да орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен, олар бойынша қарау нәтижесі туралы ақпарат ұсынуды талап ететін өтініштерді;

      2) Бас прокуратура бақылауына алған өтініштерді;

      3) облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралардың жауаптары бар өтініштер;

      4) облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралардың құзыретіне кіретін өзге де өтініштер мен өтінішхаттарды қарайды.

      28. Аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралар:

      1) облыс прокуратурасы және оған теңестірілген прокуратура бақылауға алған өтініштерді;

      2) аудандық және оған теңестірілген прокуратураның құзыретіне кіретін өтініштерді қарайды.

      29. Қылмыстық процесс мәселелері бойынша қайталама өтініштерді, олар бойынша төмен тұрған прокуратураның жауабы бар болған жағдайда, жоғары тұрған прокурор қарайды.

      Прокуратура органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығының сақталуын қадағалау мәселелері бойынша қайталама өтініш түскен кезде прокурор бұдан бұрын қаралған өтініш бойынша қолданылған шаралар туралы ақпараттарды қоса тіркей отырып, оны қарау үшін жоғары тұрған прокуратураға дереу жібереді.

      Осы талаптар ұстап алу, тiнту, алу, мүлікке тыйым салу, күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, құқықты қорғауды қамтамасыз ету кезіндегі заңдылықты бұзушылыққа қатысты шағымдарға, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізу барысында келіп түскен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның, прокурордың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне қолданылмайды.

      Бұдан бұрын Бас Прокурордың орынбасарлары жауап берген Бас прокуратураға қайталап келіп түскен өтініштер Бас Прокурордың қарауына жіберіледі.

      30. Қаралуы прокуратура органының құзыретіне кірмейтін өтініштер прокуратура органына, лауазымды тұлғаға келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ол туралы бір мезгілде өтініш берушіге хабарлана отырып, тиісті мемлекеттік органға, ұйымға, прокуратура органдарына жолдануы тиіс. Өтінішті құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, прокуратура органдарына уақтылы жібермей тұрып, өтініштерді қарау бойынша уәкілетті субъектілердің құзыретін түсіндіруге рұқсат етілмейді.

      Осы тармақта көрсетілген өтініш мыналардың:

      Бас прокуратурада – Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының, олардың орынбасарларының, өтініштер және іс жүргізу құрылымдық бөлімшесінің қызметкерлерінің;

      облыс прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда – облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың, облыс прокурорлары орынбасарларының және оларға теңестірілген прокурорлар орынбасарларының, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлардың өтініштер және іс жүргізу жөніндегі аға көмекшілерінің (көмекшілерінің);

      Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясында – Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының, проректорларының;

      Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде және оның аумақтық органдарында – басшыларының және оның орынбасарларының;

      аудандық және оларға теңестірілген прокуратураларда – аудандық және оларға теңестірілген прокурорлардың, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарларының қолы қойылып жіберіледі.

      31. Өтініште прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыреттеріне қатысты мәселелер болған кезде өтінішті қарау тиісті құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тапсырылады. Тапсырмада бірінші көрсетілген құрылымдық бөлімшенің басшысы өтініш берушіге жиынтық жауап әзірлеу үшін жауапты болып табылады.

      Бірлесіп орындаушы – құрылымдық бөлімшелердің басшылары өтінішті қарау мерзімі аяқталуынан күнтізбелік бес күн бұрын бірінші орындаушыға толық ақпарат беруді қамтамасыз етеді.

      32. Өтініштер бір құрылымдық бөлімшеден екіншісіне бөлімшелердің басшылары арасындағы келісім бойынша не прокуратура басшылығының тапсырмасы бойынша беріледі. Осындай жағдайларда өтінішті беру себебі көрсетіле отырып, өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға келіп түскен сәттен бастап тиісті баянатпен үш жұмыс күні ішінде ресімделеді.

      Өтінішті өтініш берушіге түпкілікті жауап әзірлеген құрылымдық бөлімше қарады деп есептеледі.

      33. Өтініштің көшірмесі түскен кезде бастапқы өтініш негізгі өтініш ретінде тіркеледі, ал келесілері негізгі өтінішке қосылып, бір өтініш ретінде қарастырылады, өтініш берушіге негізгі өтініш түскен күннен бастап есептелетін мерзім шегінде қарау нәтижесі туралы хабарланады.

      Егер көшірмесі негізгі өтініш қаралғаннан кейін түссе, күнтізбелік он күннің ішінде алдыңғы жіберілген жауаптың шығыс нөмірі мен күніне сілтеме жасай отырып, оның көшірмесі қоса тіркеліп, қабылданған шешімнің қысқаша мазмұны жазылған жауап жіберіледі.

      34. Өтінішті қарау мерзімі оның прокуратура органына келіп түскен күнінен бастап есептеледі.

      35. Шешілуі үшін басқа бөлімшелерден, төмен тұрған прокуратуралардан, өзге мемлекеттік органдардан, лауазымды және басқа тұлғалардан ақпарат (материалдар, істер) алуды немесе оқиға орнына барып тексеруді қажет етпейтін өтініштер күнтізбелік он бес күннің ішінде қаралады.

      Қаралуы үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алуды не оқиға орнына барып тексеруді қажет ететін өтініш субъектіге, лауазымды тұлғаға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.

      Аталған мерзімді есептеу, заңнама актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, құжаттарды (істерді) сұратуына және олардың прокуратура органына келіп түсуіне байланысты іс-шараларға қарамастан бастала береді.

      36. Қосымша зерделеу және тексеру жүргізу қажет болған жағдайда прокуратура басшысы немесе оның орынбасары өтінішті қарау мерзімін күнтізбелік отыз күнге ұзартады, және бұл туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге хабарланады.

      Егер өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді қажет етсе, прокуратура басшысы немесе оның орынбасары құрылымдық бөлімше басшысының баянаты негізінде өтінішті оның нақты орындалғанына дейін қосымша бақылауға алады, бұл туралы шешім қабылданған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге хабарланады. Өтінішті қарау мерзімін ұзарту туралы баянат оның қаралу мерзімінің аяқталуына кемінде бір күн қалғанда ресімделеді.

      37. Өтініш берушіге қабылданған шешім туралы жазбаша жауапты жолдаған күн өтініштің қарау мерзімінің аяқталуы болып саналады.

      Егер өтінішті қарауға белгіленген мерзім демалыс немесе мереке күніне келсе, соңғы күні болып одан кейінгі жұмыс күні есептеледі.

      38. Өтінішті қарау барысында:

      1) шағым, арыз берген тұлғаға немесе оның мүддесі үшін өтініш берген тұлғаға зиян келтіруге;

      2) өтінішті оны қарауға құзыреті жоқ немесе іс-әрекеті (әрекетсіздігі) шағымдалған лауазымды тұлғаға жолдауға;

      3) ол бойынша іс-әрекеті шағымдалған төмен тұрған прокурорлардың ғана қорытындылары (тұжырымдары) негізінде шешім қабылдауға;

      4) мәселенің әділ шешілуіне мүдделі емес деп ойлауға негіз бар тұлғаларға тексеруді жүктеуге;

      5) жеке тұлғаның, оның ішінде заңды тұлғаның мүддесін қорғайтын тұлғаның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы немесе мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметті, өзге де заңмен қорғалатын құпияларды жария етуге;

      6) өтінішке қатысы жоқ жеке тұлғаның жеке басы туралы мәліметтерді анықтауға жол берілмейді.

      39. Өтінішті қарау кезінде лауазымды тұлға ондағы келтірілген уәждерді жан-жақты және әділ тексеріп, өтінішке қатысты нақты мән-жайларды анықтайды және зерттейді. Қажет болған жағдайда іс-әрекеті мен шешімдеріне шағым келтірілген лауазымды және өзге тұлғалардан түсініктеме алады, қажетті материалдарды талап етеді және зерделейді, өтініш бойынша шешім қабылдауда заң нормаларын дұрыс айқындайды және қолданады.

      40. Депутаттық сауалдар (оның ішінде азаматтардың ақталу мәселелері бойынша) сауал келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей шешіледі.

      Депутаттық сауал бойынша барлық қажетті тексеру материалдары жауаптың немесе Қазақстан Республикасы Парламентінде жасалатын баяндаманың жобасымен бірге Бас Прокурорға сауалды қарау мерзімі аяқталуына дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.

      41. Өтініш мәтіне қатысты істерді, тексеру материалдары мен ақпаратты жолдау туралы мемлекеттік органдарға (орталық (облыстық) бөлімшелердің бірінші басшыларына жіберілетін сұраулардан басқа) және төмен тұрған прокуратураларға жіберілетін сұраулар, тапсырмаларға өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлға қол қояды.

      Азаматтық және қылмыстық істерді сұрату тәртібі тиісінше АПК мен ҚПК-пен айқындалады.

      Істерді, тексеру материалдарын және ақпараттарды сұрату туралы тапсырма өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.

      42. Өтінішті тексеру барысында жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдері өтініштерін қарап жатқан лауазымды тұлғаға уәждерін баяндайды және өтінішінің негізділігін растау үшін қосымша материалдар ұсынады немесе оларды сұрату туралы өтініш білдіреді.

      Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда лауазымды тұлғалар өз өкілеттігі шегінде құқық бұзушылықты жою, оның жолын кесу және алдын алу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша дереу және жан-жақты шаралар қабылдайды.

      43. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жүйелі түрде қысым жасау, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың тиісті дәрежеде бағаламаған көптеген немесе өрескел заң бұзушылықтар туралы өтініштер, сондай-ақ мемлекеттің, адамдар топтарының және жекелеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша үлкен қоғамдық резонансқа ие болған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар туралы өтініштер тиісті өңірлерде оқиға орнына барып тексеріледі.

      Осындай өтініштер бойынша тексеру жүргізу үшін оқиға орнына бару туралы шешімді алдыңғы тексерулерді, оның ішінде төмен тұрған прокуратуралардың тексеру материалдарын алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасарымен келісілген құрылымдық бөлімше басшысының дәлелді баянаты негізінде Бас Прокурор не Бас Прокурордың орынбасары қабылдайды.

      Бас Прокурорға енгізілген тексеріс жүргізу үшін сапарға шығу туралы баянат Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасарымен келісіледі.

      Тексеріс Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекіткен тексеру жоспары бойынша жүргізіледі.

      Тексеру жоспарына тексерудің атауы, тексеруге тартылатын лауазымды тұлғалар көрсетіле отырып, тексерілуге жататын мәселелердің тізбесі, тексерудің ұзақтығы (басталған және аяқталған күні) енгізіледі.

      Тексерудің нәтижелері орындалған іс-шаралар, туындауы мүмкін әлеуметтік салдарлар, енгізілген прокурорлық қадағалау актілері, арызданушылардың уәждері қаралғаны туралы мәлімет не оларды шешуге бағытталған ұсыныстар көрсетілген анықтама түрінде ресімделеді.

      44. Тексерулердің толықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оларды жүргізуге басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы білімдері бар тұлғалар (мамандар) тартылуы мүмкін.

      45. Қажет болған кезде Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары төмен тұрған прокурорларға нақты тексерілуі тиіс мән-жайлар мен орындау мерзімін көрсете отырып, өтініште баяндалған уәждерді тексеру туралы тапсырма береді.

      Сұратылған ақпаратқа тексеру материалдары, прокурорлық қадағалау актілерінің көшірмелері және басқа құжаттар талап етіледі.

      Тапсырманы дайындаған кезде орындау мерзімі өңірдің шалғайлығы мен тапсырылған жұмыстың көлемі ескеріле отырып белгіленеді.

      46. Тапсырманың сапасыз орындалуы немесе бар материалдарды тексеру барысында анықталған мәселелерді қосымша тексеру қажеттігі туындаған жағдайда, төмен тұрған прокурорларға ескертулер мен нақты мәселелерді, тапсырманы орындау мерзімін көрсете отырып, қосымша тексеріс жүргізу туралы тапсырма беріледі.

      47. Прокуратура органдары қызметкерлерінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне келіп түскен шағымдарды олардан жоғары тұрған лауазымды тұлғалар қарайды. Лауазымды тұлға өзінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне түскен шағымдарды өзінің түсініктемелерімен бірге дереу жоғары тұрған прокурордың қарауына жолдайды.

      48. Өтінішті қарау кезінде, жаңадан ашылған жағдайлардан басқа, соттың заң күшіне енген шешімімен немесе үкімімен анықталған фактілер қайта дәлелденбейді.

      49. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

      өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы – арыз иесінің барлық уәждерін не оның бір бөлігін қанағаттандыру үшін шара қолданылды;

      шешімді негіздей отырып, қанағаттандырудан бас тарту туралы – өтініште баяндалған арыз иесінің талаптары негізсіз деп танылды;

      өтініш бойынша түсініктеме беру туралы – құқықтық сипаттағы мәселелер түсіндірілді, оның ішінде өтініште қандай да бір талаптарды немесе өтінішхаттарды қанағаттандыру туралы өтініштер болмаған кезде не егерде өтінішті қарау кезінде ол бойынша прокуратура органдарымен шешім қабылданып қойылған болса;

      өтінішті қарауды тоқтату туралы.

      50. Егер өтініш берушінің қайта жазған өтінішінде жаңа уәждер мен жаңадан анықталған жағдайлар болмаса, ал алдыңғы өтініші бойынша жан-жақты тексеру материалдары болса және өтініш берушіге прокуратура органының бірінші басшысы белгіленген тәртіпте жауап берген болса, өтініш берушімен хат алмасу тоқтатылады.

      Хат алмасу лауазымды тұлғаның прокуратура органы басшысымен немесе оның орынбасарымен бекітілген негізделген қорытындысы негізінде (еркін түрде) тоқтатылады. Хат алмасуды тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осыған ұқсас өтініш түскен жағдайда оның қаралмайтыны түсіндіріле отырып, өтініш берушіге хабарланады. Өтініш берушінің жаңа уәждер мен жаңадан анықталған жағдайлар көрсетілмеген кейінгі өтініштері, ол туралы тіркелген кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ол туралы өтініш берушіге хабарлай отырып, қадағалау іс жүргізуіне тіркеледі.

      Егер өтініште жаңа уәждер мен жаңадан анықталған жағдайлар келтірілсе, хат алмасу қайта жалғасады. Мұндай жағдайларда өтініш осы Нұсқаулыққа сәйкес қаралады.

      51. Өтініш берушіге оның сұрауы бойынша өзінің өтінішіне қатысты материалдармен (танысу тәртібі процестік заңнамамен белгіленген сот істері мен материалдарынан басқа) танысуға, егер басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмаса, өтініштің қаралу кезінде қатысуына мүмкіндік беріледі.

      Өтініш берушіге құжаттармен танысуына мүмкіндік беру туралы жазбаша шешімді Бас прокуратурада Бас Прокурордың немесе жетекшілік ететін орынбасарларының келісімімен құрылымдық бөлімшелердің басшысы, төмен тұрған прокуратураларда – прокуратура басшысы немесе жетекшілік ететін орынбасар қабылдайды.

      Өтініш берушіні құжаттармен таныстырған лауазымды тұлға өтініш берушінің қандай материалдармен танысқаны туралы анықтама жасап, оны қадағалау ісіне тіркейді.

      52. Өтінішті бақылауға алған басшы сол өтінішті бақылаудан алады.

4-тарау. Өтінішке жауап жолдау

      53. Өтінішке Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе өтініш берген тілде негізделген және дәлелденген мазмұндағы және өтініш берушінің уәжін теріске шығаратын немесе растайтын нақты фактілер келтірілген, қабылданған шешімге шағым беру құқығы түсіндіріле отырып жауап әзірленеді.

      54. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша талап қою берілсе, наразылық немесе өзге прокурорлық қадағалау актісі енгізілсе, олардың қаралу нәтижелері жөнінде одан әрі ақпарат алу тәртібі түсіндіріле отырып, өтініш берушіге хабарланады.

      55. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың, прокурордың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген жеке және заңды тұлғаларға берілетін жауаптарға қол қою тәртібі ҚПК және Бас Прокурордың ҚПК қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

      56. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша жауаптар мынадай тәртіпте жолданады:

      1) Бас Прокурор не оның міндетін атқарушы тұлға:

      Бас Прокурордың орынбасарларының шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы;

      Бас Прокурордың орынбасарлары бұдан бұрын жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының және оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бақылауындағы;

      депутаттардан депутаттық сауалдар түрінде келіп түсетін;

      Бас Прокурордың жеке қабылдауынан келіп түсетін өтініштерге жауап береді.

      Бас Прокурор өзге де өтініштерге жауап беруі мүмкін;

      2) Бас Прокурордың орынбасарлары:

      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымы басшыларының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы;

      Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бұған дейін жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілерінен, кеңесшілерінен, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасарынан, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан келіп түскен, қарау нәтижесі туралы ақпарат беруді талап ететін;

      өтініштерді қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған;

      олардың жеке қабылдауынан келіп түскен;

      осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де өтініштерге жауап береді;

      3) Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе оны алмастыратын тұлғалар:

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарларынан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысынан, Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары депутаттарынан (депутаттық сауалдардан басқа), Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылымдық бөлімшелері басшыларынан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасарларынан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты алқаларының төрағаларынан, саяси партиялардың басшыларынан келіп түскен, қарау нәтижесі туралы ақпарат беруді талап ететін;

      қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда, бағынышты қызметкерлердің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы;

      сотқа дейінгі тергеу заңдылығының сақталуын қадағалау саласында қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған;

      осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа да өтініштерге жауап береді;

      4) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары:

      өтініштерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданған;

      өтініштің жағдайына түсіндірме беру туралы шешім қабылданған;

      осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа да өтініштерге жауап береді;

      5) облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, Бас прокуратура мекемелерінің, ведомстволарының және білім беру ұйымының басшылары немесе оларды алмастыратын тұлғалар:

      Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінен, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының депутаттарынан (депутаттық сауалдан басқасы), Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен, Бас прокуратурадан және басқа да орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен, қарау нәтижесі бойынша ақпарат жолдауды талап ететін;

      олардың орынбасарларының, оның ішінде олардың орынбасарларының қолымен бұдан бұрын жауап берілген алдыңғы өтініштерге қатысты мәселелер бойынша шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы;

      өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған;

      аудан және оларға теңестірілген прокурорлар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық органдарының басшылары бұдан бұрын жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа да өтініштерге жауап береді;

      6) облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, Бас прокуратура ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымы басшыларының орынбасарлары:

      облыстық прокуратуралардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Бас прокуратураның ведомстволарының, мекемелерінің және білім беру ұйымының, аудан және оларға теңестірілген прокурорларының бағынышты қызметкерлерінің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда;

      оларды қанағаттандыру туралы шешім қабылданған;

      өтініштің жағдайына түсіндірме беру туралы шешім қабылданған;

      осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа да өтініштерге жауап береді;

      7) аудан мен оларға теңестірілген прокурорлар немесе оларды алмастыратын тұлғалар:

      оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған;

      өтінішті қанағаттандыру туралы шешім қабылданған;

      өтініштің жағдайына түсіндірме беру туралы шешім қабылданған өтініштерге жауап береді.

5-тарау. Өтініштермен жұмысқа талдау жүргізу

      57. Прокуратура органдарындағы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыстың жай-күйі жүйелі талдауды қажет етеді.

      Талдау жұмыстарының мақсаты:

      1) жеке және заңды тұлғалардың өтініш беруіне ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау;

      2) қоғамдық қатынастардың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін ахуалдың дамуына болжам жасау;

      3) жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің бұзылуын туғызатын себептерді уақтылы жою;

      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың бірыңғай тәжірибесін қалыптастыру;

      5) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс жасауға байланысты ұйымдастыру қызметін жетілдіру болып табылады.

      Талдау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары, мекемелері және білім беру ұйымы, облыс прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратураларда жарты жылдық бойынша жүргізіледі. Талдау нәтижесі туралы Бас прокуратураның өтініштер және іс жүргізу құрылымдық бөлімшесіне келесі жарты жылдықтан кейінгі айдың 10-күніне хабарлайды.

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2018 жылғы 1 маусымдағы
№ 72 бұйрығына 2-қосымша

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізімі

      1. "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 7425 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2012 жылғы 26 сәуірде № 117-118 жарияланған);

      2. "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 54 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 7659 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2012 жылғы 9 шілдеде № 178-180 жарияланған);

      3. "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 17 қазандағы № 122 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 9889 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2014 жылғы 11 желтоқсанда № 243 жарияланған);

      4. "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 165 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 13049 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2016 жылғы 5 наурызда № 44 жарияланған).