Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" № 4 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 54 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 мамырда № 7659 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 72 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 01.06.2018 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Азаматтардың және ұйымдардың конституциялық және өзге заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Заңының 11-бабы 4), 4-1) тармақшаларын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы "Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы" № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 7425 тіркелген, 2012 жылғы 26 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулықта:

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жүйелі түрде қысым жасау, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың тиісті дәрежеде бағаламаған көптеген немесе өрескел заң бұзушылықтар туралы өтініштер, сондай-ақ мемлекеттің, адамдар топтарының және жекелеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша үлкен қоғамдық резонансқа ие болған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар туралы өтініштер оқиға орнына бару арқылы тексеріледі.

      Осындай өтініштер бойынша тексеру жүргізу үшін бару туралы шешімді алдыңғы тексерулерді, соның ішінде төмен тұрған прокуратуралардың тексеру материалдарын алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасарымен келісілген құрылымдық бөлімше басшысының дәлелді баянаты негізінде Бас Прокурор қабылдайды.

      Тексеру Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітетін тексеру жоспары бойынша жүргізіледі.

      Тексеру жоспарына тексерудің атауы, тексеруге тартылатын лауазымды тұлғалар көрсетіле отырып, тексерілуге жататын мәселелердің тізбесі, тексерудің ұзақтығы (басталған және аяқталған күні) енгізілуі тиіс.

      Тексерудің нәтижелері орындалған іс-шаралар, туындауы мүмкін әлеуметтік салдарлар, шығарылған прокурорлық қадағалау актілері, арызданушылардың уәждері шешілгені туралы мәлімет немесе оларды шешуге арналған ұсыныстар көрсетілген қорытынды түрінде ресімделеді.".

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына жүктелсін.

      3. Бұйрық Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелері, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына, облыстардың, аудандардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға жолдансын.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Бас Прокуроры

А. Дауылбаев