"Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 165 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 11 ақпанда 13049 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 72 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 01.06.2018 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Прокуратура органдарында жеке және заңды тұлғалар өтініштерін қараудың сапасы мен жеделдігін арттыру мақсатында, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4), 4-1) тармақшаларын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7425 болып тіркелген, "Казахстанская правда" № 117-118 газетінде 2012 жылғы 26 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында және мекемелерінде өтініштермен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы "Прокуратура туралы", "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы, "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы заңдарына, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару, 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодекстеріне, басқа да заңнамалық актілерге сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволарында, мекемелерінде (бұдан әрі – органдар) өтініштерді қарау мәселелерін нақтылайды.";

      2-тармақтың бірінші тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өтiнiш - өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, ұсыныс, арыз, шағым, сауал немесе үн қосу;";

      4, 5, 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламалар, қылмыстық іс бойынша өндірісті жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне берілетін шағымдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде (бұдан әрі – ҚПК), сондай-ақ ҚПК-ін қолдану мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген тәртіпте қаралады.

      5. Қылмыстық істер бойынша, соның ішінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот актілеріне наразылық келтіру туралы шағымдар мен қолдаухаттар сәйкесінше ҚПК-де, Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі – АПК) және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде көзделген прокуратура органдарының өкілеттіктері тәртіпте және шегінде қаралады.

      6. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен келіп түскен өтініштермен жұмыс жасау тәртібін 2009 жылғы 4 маусымдағы № 01-30.13қбп. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құжаттарымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында жұмыс істеу Ережесімен айқындалады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Иесі бүркемеленген өтініш, егер мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда, қарауға жатпайды. Мұндай өтініш дереу мемлекеттік органдарға олардың құзыреттеріне сәйкес қарау үшін жолдауға жатады.";

      18-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бас прокуратураның Cаll-орталығына келіп түскен және оның Регламенті талаптарына сай келетін өтініштер дереу БАТЖ-да тіркеліп, қарау үшін Бас прокуратураның Өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаментіне, төменгі тұрған прокуратураларда - осы жұмыс жүктелген қызметкерлерге жолданады.";

      19-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Бас Прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті Бас прокуратураға келіп түскен өтініштерді Бас прокуратура басшылығына мәлімдейді немесе мәселенің мән-жайы бойынша Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, қолдағы материалдар мен қадағалау іс жүргізулері зерделене отырып беріледі.";

      20-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Бас Прокурорына не оны ауыстыратын тұлғаның қарауына:";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Бас Прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті:

      1) бастапқы өтініштер, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, лауазымды тұлғаларынан (депутаттық сауалдардан басқа), Қазақстан Республикасы Үкіметінен, Қауіпсіздік Кеңесінен, Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотынан, басқа орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен ақпарат жолдауды талап етпейтін және төмен тұрған прокуратураларға, аумақтылық не ведомстволық бағыныстылығы бойынша басқа ведомстволарға жолданатын өтініштерді.

      Бастапқы өтініштердің барлығы Бас прокуратураға түскен сәттен үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тиісті төмен тұрған прокуратураларға немесе ведомстволарға қарау үшін жолданып, ол жайында өтініш берушіге жазбаша хабарланады;

      2) облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың жауабы қоса тіркелмеген тұлғадан сол бір мәселе бойынша келіп түскен қайталама өтініштерді.

      Облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың жауабы қоса тіркелмей келіп түскен қайталама өтініштер Бас прокуратураға келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей бірінші басшының немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолы қойылып, оларды қараудың нәтижелері туралы хабарлауды беру талабымен тиісті прокуратураларға қарау және жауап беру үшін жолданады.

      Арызданушы өтініште облыс прокурорының немесе оны ауыстыратын тұлғаның жауабын алғандығы туралы көрсеткен жағдайда, өтініш алдын ала БАТЖ-да жауаптың іс жүзінде бары тексерілгеннен кейін ғана төмен тұрған прокуратураға жолдауға жатады. Егер облыс прокурорының, оған теңестірілген прокурордың немесе оны ауыстыратын тұлғаның жауабы бар болса, өтініш Бас прокуратурада қарауға жатады;

      3) ҚПК-нің 423, 488-баптарының, АПК-нің 441, 436-баптарының талаптарына сәйкес келмейтін қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар.

      Егер қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар ҚПК-нің 423, 488-баптарының және АПК-нің 441-бабының талаптарына сәйкес келмейтін болса, ол тиісінше ҚПК-нің 489-бабында, АПК-нің 442-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес қараусыз кері қайтарылады. Бұл ретте, кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухат берген тұлғаға, қолдаухатты кері қайтару үшін негіз болған кемшіліктерді жойғаннан кейін, Бас прокуратураға қайталама өтініш жолдау немесе тікелей Жоғарғы Сотқа сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтініш беру құқығы түсіндіріледі.

      АПК-нің 436-бабының 1-бөлігімен және ҚПК-нің 487-бабымен көзделген кассациялық наразылық келтіру мерзімдері өтіп кеткен сот актілеріне кассациялық наразылық келтіру туралы қолдаухаттар, тиісінше заңды түсіндіре отырып қараусыз кері қайтарылады;

      4) өтініштерді қарау және жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өкілдерін прокуратура органдарында қабылдау тәртібі туралы заңнаманы түсіндіруді талап ететін өтініштерді қарайды.

      Осы тармақтың 1), 2) тармақшаларының екінші бөліктерімен көзделген талаптар, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, прокуратураның ведомстволары мен мекемелеріне, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларына түскен, осындай сипаттағы өтініштерге қолданылады.

      Үлкен қоғамдық резонансқа ие болған азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу туралы, мемлекеттің, адамдар тобының және жекелеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын, түрлі теріс зардаптарға әкеп соғуы мүмкін мәселелер бойынша, сондай-ақ Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмалары бар бастапқы өтініштер Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне жолдануы тиіс.

      Осы өтініштерді кейін қарау үшін төменгі тұрған прокуратураларға жолдауға жол берілмейді.

      Осы тармақшаның 3 және 4-тармақтарында көзделген талаптар прокуратура органдары мен мекемелеріне, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларына түскен өтініштерге қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 26-1-тармақпен толықтырылсын:

      "26-1. Өтініштерді қарау бойынша 19, 21-22, 24-26-тармақтарында көзделген талаптар прокуратураның ведомстволары мен мекемелеріне келіп түскен өтініштеріне қатысты қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 53-1-тармақшамен толықтырылсын:

      "53-1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың, прокурордың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген жеке және заңды тұлғалардың жауаптарына қол қою тәртібі ҚПК және Бас Прокурордың ҚПК қолдану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.";

      54-тармақтың 3), 4), 5), 6), 7), 8) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе оны ауыстыратын тұлғалар:

      бағынышты қызметкерлерінің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда;

      түсіндіру сипатындағы өтініштерге;

      осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      4) тармақша алынып тасталсын;

      5) облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, Бас прокуратураның мекемелері мен ведомстволарының басшылары, немесе оларды ауыстыратын тұлғалар:

      олардың орынбасарларының шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы, оның ішінде, олардың орынбасарларының қолымен жауап берілген алдыңғы өтініштерге қатысты мәселелелер бойынша;

      Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінен, Парламентінен, Үкіметінен, Бас прокуратурадан және басқа орталық органдардан түскен, қаралу нәтижелері бойынша ақпарат жолдауды талап ететін;

      бұрын аудан прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор жауап берген алдыңғы өтініштерге қатысты;

      егер қарау нәтижелері бойынша оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданса;

      осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      6) облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың, Бас прокуратура ведомстволары мен мекемелері басшыларының орынбасарлары:

      облыстық прокуратуралардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың, Бас прокуратураның ведомстволары мен мекемелерінің бағынышты қызметкерлерінің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы, қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған өтініштерді қоспағанда;

      түсіндіру сипаттағы;

      осы тармақтың 1) - 5) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      7) аудан прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар немесе оларды ауыстыратын тұлғалар:

      аудан прокурорлары, оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарлары мен бағынышты қызметкерлердің шешімдеріне және (немесе) іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым беру туралы;

      егер қарау нәтижелері бойынша оларды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданса;

      түсіндіру сипаттағы;

      осы тармақтың 1) - 6) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа өтініштерге жауап береді;

      8) өтінішті тікелей шешетін лауазымды тұлға:

      өтініштің қанағаттандырылғаны туралы жауап береді.";

      7-тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Өзге ережелер

      55. Өтініштерді, депутаттық сауалдарды қарау нәтижелері әр құрылымдық бөлімше есебінің негізі болып табылатын өтініштер бойынша жүргізілген электрондық тіркеу карточкасында көрсетіледі. Карточкаларды орындаушылар толтырады, олар карточкада көрсетілетін мәліметтердің дәйектілігіне толық жауапты береді.

      Өтініштер бойынша есеп беру – өтініштер мен депутаттық сауалдарды шешумен тікелей айналысатын құрылымдық бөлімшелерге жүктеледі.

      56. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыстың жай-күйін талдауды Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, прокуратураның ведомстволары мен мекемелері, облыс прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралар тоқсан сайын жүргізеді. Талдау нәтижелері туралы Бас прокуратураның Өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаменті талданатын тоқсаннан кейінгі айдың 5-іне дейін хабардар етіледі.

      57. Өтініштермен жұмыс жүргізудің ұйымдастырылуына прокуратура органдардың, ведомстволары мен мекемелерінің бірінші басшылары жеке жауап береді.

      Өтініштердің дер кезінде және сапалы қаралуына, оларға жауап беру тәртібінің сақталуына, өтініштер бойынша есептің дұрыс жасалуына тиісті бақылау жасау жауапкершілігі Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, органдары, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына жүктеледі.

      Өндірісіне өтініш келіп түскен лауазымды тұлға оның сапалы әрі дер кезінде қаралуына жеке жауап береді.".

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволары мен мекемелерінің басшыларына, облыстардың және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелсін.

      3. Бас Прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаментінің бастығына бұйрық жолдансын:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін;

      2) баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      3) Бас Прокурордың орынбасарларына, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, ведомстволары мен мекемелеріне, Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың прокурорларына орындау үшін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Бас Прокуроры

А. Дауылбаев