Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 28 наурыздағы № 53/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 сәуірде № 16750 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 02.07.2019 № 147/НҚ (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 02.07.2019 № 147/НҚ (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
Б. Атамқұлов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2018 жылғы 28 наурыздағы
№ 53/НҚ бұйрығымен бекітілген

Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімін сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізу жөніндегі өлшемшарттар

      Ескерту. Өлшемшарттар жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 02.07.2019 № 147/НҚ (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-6-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін, сондай-ақ электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) Бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімін сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне (нен) (бұдан әрі – тізілім) енгізу (алып тастау) туралы, сондай-ақ тізілімде қамтылған мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу бойынша өтінімдерді қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – мемлекеттік органдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтының, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және электрондық өнеркәсіп саласындағы ұйымдар мен сарапшылардың өкілдерін тарта отырып, бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімін енгізу жөніндегі өлшемшарттар, сондай-ақ тізілімде қамтылған мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу үшін және осы Қағидалардың талаптары негізінде тізілімге (нен) енгізу (алып тастау) туралы өтінімдерді қарау үшін уәкілетті орган құратын алқалы орган;

      2) индустриялық сертификат – өтініш берушінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімінде бар екенін растайтын құжат;

      3) өтініш беруші – Электрондық өнеркәсіп пен бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне (нен) енгізу (алып тастау) немесе тізілімде қамтылған мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы өтінім берген электрондық өнеркәсіп немесе бағдарламалық қамтылым өнімін өндіретін жеке және/немесе заңды тұлға;

      4) тізілім – ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттары үшін құрылған бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізбесі;

      5) сәйкестікті растау жөніндегі орган - сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

      6) электрондық өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – электрондық өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Тізілім мемлекеттік органдарда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен электрондық өнеркәсіп және бағдарламалық қамтылым өнімдерін өндіретін отандық өндірушілерді дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында жүргізіледі.

      Елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын іске асыру мақсатында тауарларды сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімінен жүзеге асырылады.

      Бұл ретте сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімінде қажетті өнім болмаған жағдайда, тауарларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алуға жол беріледі.

      4. Тізілімде қамтылған мәліметтер мүдделі тұлғалардың танысуы үшін ашық және қолжетімді болып табылады.

2-тарау. Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі

      5. Тізілімді қалыптастыру мен жүргізу деп мыналар:

      1) тізілімге бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімі туралы мәліметтер енгізу;

      2) өтініш берушілер ұсынған мәліметтер өзгерген (толықтырылған) кезде, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімі тізілімнен шығарылған кезде тізілімді жаңарту;

      3) уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында тізілімді орналастыру түсініледі.

      6. Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді уәкілетті орган тізілімге бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімін енгізу және одан шығару, сондай-ақ тізілімдегі мәліметтерге өтініш берушілердің өтінімдері негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүзеге асырады.

      7. Тізілімді жүргізу осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүзеге асырылады.

      8. Тізілімге енгізуге осы Қағидалардың 20, 21-тармақтарында қарастырылған бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімін тізілімге енгізу жөніндегі өлшемшарттарға (бұдан әрі – өлшемшарттар) сәйкес келмейтін бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімдері, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізілген өндірушілердің бағдарламалық қамтылымы мен электрондық өнеркәсіп өнімдері жатпайды.

      9. Тізілімді қалыптастыру мен жүргізу бағдарламалық қамтылым мен электрондық өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің тізілімге енгізу (шығару) немесе тізілімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы берген өтінімдері (бұдан әрі – өтінім) негізінде жүзеге асырылады.

      10. Өтінімдерді уәкілетті органға бағдарламалық қамтылым мен электрондық өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер ұсынады.

      Тізілімге енгізу туралы өтінімдер осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылады.

      11. Бағдарламалық қамтылымды тізілімге енгізу туралы өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген бағдарламалық қамтылымның өніміне айрықша құқықты растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      2) индустриялық сертификаттың көшірмесі (қызмет түрі – "Бағдарламалық қамтылымды әзірлеу");

      3) ақпарат қауіпсіздік талаптары бойынша ақпараттық жүйелерді сертификаттау жүйесінің сенім білдірудің 4-деңгейінен төмен емес ҚР СТ ISO/IEC 15408-3 "Ақпараттық технология. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету әдістері мен құралдары. АТ қауіпсіздігін бағалау критерийлері. 3 Бөлім. Қорғауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар" (бұдан әрі - ҚР СТ ISO/IEC 15408-3) (сертификация өткізу кезіндегі өзекті нұсқада) сәйкес сертификаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі немесе Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 3 маусымдағы № 111/НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18795 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 7 маусымда жарияланған) "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйелерге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу қағидаларына сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган берген ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынау нәтижелері бойынша актінің (бұдан әрі – сынау актісі) болуы;

      4) мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі бағдарламалық қамтылымның сипаттамасы және талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2020 № 152/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      11-1. Электрондық өнеркәсіп өнімдерінің тізіліміне енгізу туралы өтінімге мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты растайтын құжаттың немесе Қазақстан Республикасының аумағында электрондық өнеркәсіп өнімін өндіру құқығын растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      2) ҚР СТ ISO/IEC 15408-3 электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылым үшін 4 сенім деңгейінен төмен емес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік сертификаттың (СТ РК ISO/IEC 15408-3 сәйкес электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымды сертификаттау мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымды сертификаттау мүмкін еместігі туралы қорытынды алу үшін кемінде екі сәйкестікті растау органына жүгінеді) немесе сынау актісінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      3) "СТ-KZ" нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификаттың көшірмесі;

      4) мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі электрондық өнеркәсіп өнімінің сипаттамасы және талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық, пайдалану сипаттамалары.

      Ескерту. 11-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2020 № 152/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Құжаттар тізімдемесі қоса берілген қағаз тасығыштағы ұсынылған құжаттары бар өтінімдерді Комиссия келіп түсуіне қарай, бірақ айына екі реттен артық емес ретпен қарайды.

      Тәуелсіз сараптамалық бағалау алу мақсатында уәкілетті орган Комиссия отырысына қатысу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.

      Осы Қағидалардың 10, 11 және 11-1-тармақтарына сәйкес келмейтін өтінімдерді уәкілетті орган қабылдамайды, бұл ретте өтініш берушіге өтінім түскен күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде анықталған сәйкессіздіктерді көрсете отырып, хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2020 № 152/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      13. Бағдарламалық қамтылым мен электрондық өнеркәсіп өнімін тізілімге (тізілімнен) енгізу (шығару) Комиссияның хаттамалық шешімі негізінде уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.

      Тізілімге бағдарламалық қамтылымды немесе электрондық өнеркәсіп өнімін енгізу туралы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес "Бағдарламалық қамтылым/электрондық өнеркәсіп өнімнің Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізілгені туралы куәлік" (бұдан әрі - Куәлік) қалыптастырылады, оған бағдарламалық қамтылымды (электрондық өнеркәсіп өнімін) тізілімге енгізу күніне уәкілетті органның басшысы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды және өтініш берушіге жіберіледі.

      Куәлік бағдарламалық қамтылым (электрондық өнеркәсіп өнімін) тізілімге енгізген күннен бастап жарамды болып саналады.

      Тізілімнен бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімі алып тасталған жағдайда, уәкілетті органның басшысы бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімін тізілімнен алып тастау туралы бұйрық қабылдаған күннен бастап Куәлік жарамсыз болып табылады.

      Уәкілетті орган бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімін тізілімнен алып тастау туралы бұйрық қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтініш берушіні хабардар етеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Уәкілетті орган бұйрық бекітілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өтініш берушіні өтінімді қарастыру нәтижелері туралы жазбаша түрде хабарлайды.

      15. Тізілімде қамтылған мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу Комиссияның хаттамалық шешімі негізінде уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Тізілімдегі мәліметтер өзгерген жағдайда, өтініш беруші уәкілетті органға ондай өзгертулер орын алған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тізілімге өзгертулер (толықтырулар) енгізу туралы мәлімделген өзгерістерді растайтын құжаттарды ұсынып, өтінім береді.

      17. Өтініш беруші осы Қағидалардың 11-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және 11-1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттардың қолданылу мерзімі өткен күнге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей уәкілетті органға құжаттардың өзектендірілген нұсқаларын ұсына отырып, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тізілімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы өтінім береді.

      Бұл ретте, уәкілетті орган жылына кемінде 1 (бір) рет желтоқсан айында тізілімде қамтылған мәліметтердің өзектілігіне мониторинг жүргізеді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Тізілімнен бағдарламалық қамтылымды немесе электрондық өнеркәсіп өнімін шығару мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға таратылғанда (дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметін тоқтатқанда);

      2) Тізілімге енгізілген бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімін өндіруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылғанда;

      3) осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген талаптар сақталмағанда;

      4) өтініш берушінің бастамасы бойынша тізілімнен шығару туралы еркін нысанда берілетін өтінім негізінде;

      5) мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес бағдарламалық қамтылым немесе электрондық өнеркәсіп өнімін өндіруші Мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізілгенде;

      6) уәкілетті орган өтініш берушінің дұрыс емес мәліметтерді және (немесе) дұрыс емес құжаттарды ұсыну фактілерін, сондай-ақ Қағидалардың 11 және 11-1-тармақтарында көзделген құжаттардың жарамдылығын жоғалту фактілерін өтініш берушінің бағдарламалық қамтылым (электрондық өнеркәсіп өнімі) тізілімде болған кезеңде анықтаған жағдайда, Комиссияның хаттамалық шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Тізілім, сондай-ақ тізілімге өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында бұйрық бекітілген 2 (екі) күннен кем емес жұмыс күні ішінде жариялануы тиіс.

3-тарау. Бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімін сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізу жөніндегі өлшемшарттар

      20. Бағдарламалық қамтылымның тізілімге енгізу жөніндегі өлшемшарттары мыналар болып табылады:

      1) айрықша құқықты қолданудың барлық мерзімдерінде бағдарламалық қамтылымның өніміне айрықша құқығын растайтын құжат бүкіл қолдану мерзіміне мынадай тұлғалардың (құқық иеленушілердің) біреуіне немесе бірнешеуіне: Қазақстан Республикасының жеке тұлғасына/ларына немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;

      2) бағдарламалық қамтылымның ҚР СТ ISO/IEC 15408-3 стандартына сәйкес 4 қауіпсіздік деңгейінен төмен емес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келуі немесе немесе сынау актісінің болуы;

      3) бағдарламалық қамтылымның жергілікті қамту үлесі кемінде 70%.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2020 № 152/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Электрондық өнеркәсіптің тізілімге енгізу жөніндегі өлшемшарттары мыналар болып табылады:

      1) электрондық өнеркәсіп өніміне айрықша құқық немесе Қазақстан Республикасының аумағында электрондық өнеркәсіп өнімін өндіру құқығын растайтын құжаттың бүкіл қолдану мерзіміне мынадай тұлғалардың (құқық иеленушілердің) біреуіне немесе бірнешеуіне: Қазақстан Республикасының жеке тұлғасына/ларына немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;

      2) электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымның ҚР СТ ISO/IEC 15408-3 стандартына сәйкес 4 қауіпсіздік деңгейінен төмен емес ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келуі (ҚР СТ ISO/IEC 15408-3 сәйкес электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымды сертификаттау мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші электрондық өнеркәсіп өнімінің құрамына кіретін бағдарламалық қамтылымды сертификаттау мүмкін еместігі туралы қорытынды алу үшін кемінде екі сәйкестікті растау органына жүгінеді) немесе сынау актісінің болуы;

      3) электрондық өнеркәсіп өнімдеріндегі жергілікті қамту үлесі кемінде 20%-ды құрайды.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2020 № 152/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
сенім білдірілген өнімінің
тізілімін қалыптастыру және
жүргізу қағидаларына, сондай-ақ
электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
өнімін электрондық өнеркәсіп
пен бағдарламалық
қамтылымның сенім білдірілген
өнімінің тізіліміне енгізу
өлшемшарттарына
1-қосымша
  Нысан

Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізілімі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Тізілімдік жазбаның реттік нөмірі

Тізілімдік жазбаны қалыптастыру күні

Бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің атауы

Өтініш беруші туралы ақпарат

Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің коды (кодтары) (СЭҚ ТН)

Экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуішіне сәйкес бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдернің коды (кодтары) (ЭҚ ТӨЖ)

Тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына сәйкес бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің коды (ТЖҚ БНА)

Бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімдері үшін техникалық және функционалдық сипаттамалардың қысқаша сипаттамасы

Алдыңғы және (немесе) балама атаулар, бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің нұсқасы (бар болса)

Тізілімге енгізілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің шетелдік аналогтары (бар болса)

Өтініш берушінің ЖСН/БСН

Аты-жөні /Заңды тұлғаның атауы

Өтініш берушінің байланыс деректері

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10


  Электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
сенім білдірілген өнімінің
тізілімін қалыптастыру және
жүргізу қағидаларына, сондай-ақ
электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
өнімін электрондық өнеркәсіп
пен бағдарламалық
қамтылымның сенім білдірілген
өнімінің тізіліміне енгізу
өлшемшарттарына
2-қосымша
  Нысан

Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізу туралы өтінім (керегінің астын сызу)

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      __________________________________________________________________________

      (уәкілеттік органның атауы)

      _________________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы/ жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))

      _________________________________________________________________________

      (бағдарламалық қамтылымның (электрондық өнеркәсіп өнімінің) толық атауы)

      _________________________________________________________________________

      қызмет түрі

      _________________________________________________________________________

      басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) _______________________

      БСН/ЖСН

      __________________________________________________________________________

      сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес бағдарламалық

      қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің коды (кодтары) (СЭҚ ТН)

      ________________________________________________________________________

      экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуішіне сәйкес бағдарламалық

      қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің коды (кодтары) (ЭҚ ТӨЖ)

      _________________________________________________________________________

      тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай номенклатуралық

      анықтамалығына сәйкес бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп

      өнімдерінің коды (ТЖҚ БНА)

      _______________________________________________________________________

      бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімдері үшін техникалық және

      функционалдық сипаттамалардың қысқаша сипаттамасы

      _______________________________________________________________________

      алдыңғы және (немесе) балама атаулар, бағдарламалық қамтылымның және

      электрондық өнеркәсіп өнімінің нұсқасы (бар болса)

      ______________________________________________________________________

      Тізілімге енгізілген бағдарламалық қамтылым және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің

      шетелдік аналогтары (бар болса)

      тіркелген заңды мекенжайы ______________________________________________

      байланыс тел. нөмірлері: _______________________________________

      интернет-ресурсының мекенжайы: _______________________________

      Өтінімге қоса беріледі:

      1)______________________________________

      2) _____________________________________

      (заңды тұлғалар үшін: қолданыстағы сенімхат негізінде заңды тұлғаның атауы және

      басшының немесе заңды тұлға өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      (сенімхаттың берілген күні және нөмірі))

      _____________                         _____________ 20 __ жылғы "____"_______.

                  (қолы)

      М.П. (болған жағдайда)

  Электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
сенім білдірілген өнімінің
тізілімін қалыптастыру және
жүргізу қағидаларына, сондай-ақ
электрондық өнеркәсіп пен
бағдарламалық қамтылымның
өнімін электрондық өнеркәсіп
пен бағдарламалық
қамтылымның сенім білдірілген
өнімінің тізіліміне енгізу
өлшемшарттарына
3-қосымша
  Нысан

Уәкілетті органның бланкісі Бағдарламалық қамтылым/электрондық өнеркәсіп өнімін Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізілгені туралы № ___________куәлік

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 14.09.2020 № 334/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Осымен _________________________________________________________________

      (өтініш берушінің Т. А.Ә. (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі; заңды

      тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны және атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі)

      ________________________________________________________________________

                  (бағдарламалық қамтылымның/электрондық өнеркәсіп өнімнің толық атауы)

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің __________ № ____ бұйрығына сәйкес Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне енгізілгенін расталады.

      Министр                               ________________             Т.А.Ә.

      (қолы)

                                                20 __ жылғы "____"_______.



      Тізілім интернет-ресурстардың бірыңғай платформасында жарияланған

  Сенім білдірілген
бағдарламалық қамтылымның
және электрондық өнеркәсіп
өнімінің тізілімін қалыптастыру
және жүргізу қағидаларына,
сондай-ақ бағдарламалық
қамтылым және электрондық
өнеркәсіп өнімін сенім
білдірілген бағдарламалық
қамтылымның және
электрондық өнеркәсіп өнімінің
тізіліміне енгізу жөніндегі
өлшемшарттарына
4-қосымша
  Нысан

"Сенім білдірілген бағдарламалық қамтылымның және электрондық өнеркәсіп өнімінің тізіліміне" өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы өтінім

      ________________________________________________________________________________

      (уәкілетті органның атауы)

      ________________________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы/ жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) )

      Өзгерістер (толықтырулар) енгізілетін тізілімдік жазбаның атауы мен мазмұны:

      ________________________________________________________________________________

      Жаңа редакциядағы тізілімдік жазбаның атауы мен мазмұны:

      ________________________________________________________________________________

      Мәлiмделген өзгерістердің (толықтырулардың) себебі:

      ________________________________________________________________________________

      өтінім беруші туралы мәліметтер:

      ________________________________________________________________________________

      байланыс тел.(факс) нөмірлері:

      ________________________________________________________________________________

      1) ______________________________________________________________________________

      2) ______________________________________________________________________________

      (заңды тұлғалар үшін: қолданыстағы сенімхат негізінде заңды тұлғаның атауы және басшының немесе заңды тұлға өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) (сенімхаттың берілген күні және нөмірі))

      ____________________                  20 __ жылғы "____" ____________.

      (қолы)

      М.О. (болған жағдайда)