Құжаттарды заңдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2017 жылғы 6 желтоқсандағы № 11-1-2/576 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 желтоқсанда № 16116 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Консулдық Жарғысының 62-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Құжаттарды заңдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті:

      1) осы бұйрықтың заңнамада көрсетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Құқықтық сараптама басқармасына ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушы
М. Тілеуберді

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығына
1-қосымша

Құжаттарды заңдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Құжаттарды заңдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысының 62-тармағына сәйкес әзірленді және құжаттарды заңдастыру тәртібін белгілейді.

      2. Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің төлнұсқалығын белгілеу және куәландыру болып табылады.

      3. Құжаттарды заңдастыруды:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті (бұдан әрі – Консулдық қызмет департаменті);

      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде – Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі – шетелдегі мекемелері) жүзеге асырады.

      4. Заңдастыру бойынша функциялар:

      1) Консулдық қызмет департаментiнде дипломатиялық қызметтің уәкілетті қызметкерлеріне (бұдан әрi – уәкілетті қызметкер);

      2) шетелдегі мекемелерде - консулдық лауазымды адамдарға (бұдан әрі – консул) жүктеледі.

      5. Құжаттарды заңдастырғаны үшін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі)" (бұдан әрі – Салық кодексі) 628-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Салық кодексінің 627-бабына сәйкес консулдық алым алынады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 11.05.2018 № 11-1-4/175 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

2-тарау. Құжаттарды заңдастыру тәртібі

      7. Құжаттарды заңдастыру үшін Консулдық қызмет департаментіне немесе шет елдегі мекемеге еркін нысанда жасалған өтінішке қоса келесі құжаттар беріледі:

      жеке тұлға үшін:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (тұпнұсқасын салыстырып тексеру үшін);

      2) заңдастыруға жататын құжат;

      3) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;

      заңды тұлға үшін:

      1) өкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (тұпнұсқасын салыстырып тексеру үшін);

      2) заңдастыруға жататын құжат;

      3) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;

      4) құрылтай құжаттардың көшірмелері;

      5) өкілеттікті растайтын құжаттың көшірмесі.

      8. Заңдастыруға құжаттардың тұпнұсқалары, сондай-ақ олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелері қабылданады.

      Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған және Қазақстан Республикасының тысқары жерлерде әрекет жасауға арналған құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 32 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7445 тіркелді) бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі ереженің 10-тарауында бекітілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      9. Құжаттарды заңдастыру өтініш берілген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады, ал қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, мерзім күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімге дейін ұзартылуы мүмкін.

      10. Консулдық қызмет департаменті:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылатын құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға Қазақстан Республикасының уәкілетті ұйымдары мен мекемелерiнің, нотариустардың және тұлғалардың шығыс құжаттарын;

      2) егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде олар алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелердің шығыс құжаттарын;

      3) егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген және қоса атқаруы бойынша өкілдікті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелердің шығыс құжаттарын заңдастырады.

      11. Консулдық қызмет департаменті құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін:

      1) құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғалары мен нотариустардың;

      2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерде құжаттарды заңдастыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың қолтаңбалары мен мөрлердiң үлгiлерiн пайдаланады.

      Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда Консулдық қызмет департаменті құзыретті органға сұраныс жолдайды.

      12. Заңдастыруға ұсынылған құжаттың осы Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген уәкілетті қызметкер осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес құжаттың өзіне Консулдық қызмет департаментінің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

      13. Консул заңдастыруға:

      1) егер олар алдын ала болатын елінің заңнамасына сәйкес заңдастырылған болса, болатын мемлекеттің билеушілерінің;

      2) егер олар болатын елінде аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде заңдастырылған болса, шетелдік ұйымдар мен мекемелердің;

      3) Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерiнің және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылуға арналған шығыс құжаттарын қабылдайды.

      14. Құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін консул:

      1) болатын мемлекетінің ұйымдары мен мекемелерінің шығыс құжаттарын заңдастыруға болатын мемлекетінің биліктегі уәкілетті лауазымды тұлғаларының;

      2) болатын мемлекетінде аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің және консулдық мекемелерінің заңдастыруға уәкілетті лауазымды тұлғаларының қолтаңбалары мен мөр үлгілерін пайдаланады.

      Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда шет елдегі мекеме құзыретті органға сұраныс жолдайды.

      15. Жекелеген азаматтардан, ұйымдардан және мекемелерден Қазақстан Республикасының аумағында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде заңдастырылмаған құжаттар келiп түскен кезде консул құжаттардағы қолтаңба мен мөрдің төлнұсқалығын анықтау мақсатында мұндай құжаттарды Консулдық қызмет департаментіне жiбереді. Оң жауап алынған жағдайда, консул аталған құжаттарды осы Қағидалармен көзделген тәртiпте заңдастырады.

      16. Қазақстан Республикасынан құжат сұрату тәртiбi бойынша Қазақстан Республикасында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде заңдастырылмаған құжаттар консулға келiп түскен жағдайларда және егер болатын мемлекеттiң заңнамасы бойынша мұндай құжаттарды заңдастыру талап етілсе, консул оларды заңдастырады.

      17. Заңдастыруға ұсынылған құжаттың осы Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген консул осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес құжаттың өзіне Консулдық қызмет департаментінің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

      18. Заңдастыруға ұсынылған құжаттардың немесе құжатта баяндалған ақпараттың дерексіздігі анықталған жағдайда жағдайларда Консулдық қызмет департаменті және шет елдегі мекеме құжатты заңдастырудан бас тартады.

      19. Заңдастыру жазбасы құжатқа, ал құжатта орын болмаған жағдайларда, ол жазба қоса тiркелетiн, заңдастыруды жасаған адамның мөрi мен қолы қойылған жеке парақта жасалады.

      Заңдастыру жазбасын мастикалы мөртабанмен жасауға рұқсат етіледі.

      20. Консулдық қызмет департаменті және шет елдердегі мекемелер заңдастырудан өткен құжаттарды есепке алу бойынша тізілімді осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес жүргiзедi.

  Қазақстан Республикасы 
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Консулдық қызмет департаментiнің заңдастыру жазуы

      Осы құжат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде заңдастырылды.

      This document is legalized in the Department of Consular Service of the Ministry of Foreign Affairs of the Republic of Kazakhstan.

      20___ жылғы "___" ___________,

      № ___________

      Лауазымды қызметкер/Official

      ______________________

      Лауазымды қызметкер құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Official does not confirm the facts stated in the document.

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің заңдастыру жазуы

      Осы құжат _____________________________________________ заңдастырылды.

      (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесінің атауы)

      This document is legalized in _____________________________________________

      (name of the embassy/ consulate general/consulate of the Republic of Kazakhstan)

      20___ жылғы "___" ______________,

      № _____________

      Консулдық лауазымды тұлға/consular officer ____________________

      Консулдық лауазымды тұлға құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Consular officer does not confirm the facts stated in the document.

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
3-қосымша

Заңдастырудан өткен құжаттарды есепке алу жөніндегі тізілім

р/с

Заңдастыру күні

Құжаттардың атауы, кімнің атына, кім және қашан берді, берілген күні және нөмірі

Өтініш берушінің аты-жөні, әкесінің аты (болған жағдайда)

Өтініш берушінің төлқұжаты, кім және қашан берді

Консулдық алымның сомасы

Түбіртектің №

Өтініш берушінің қолы

Уәкілетті қызметкер/консул


  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 1350 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2001 жылы, № 2.).

      2. "Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2006 жылғы 7 қыркүйектегі № 08-1/262 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 4418 болып тіркелген, 2006 жылғы 11 қарашадағы № 46 (307) "Заң газет" газетінде жарияланған).

      3. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы № 08-1-1-1/613 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 9068 болып тіркелген, 2014 жылғы 20 ақпандағы № 35 (28259) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған).

      4. "Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 17 қазандағы № 08-1-1-1/463 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 9875 болып тіркелген, 2014 жылғы 12 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      5. "Консулдық заңдастыру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 20 тамыздағы № 11-1-2/348 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 12087 болып тіркелген, 2015 жылғы 13 қазаңда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      6. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 11-1-2/567 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімде № 12836 болып тіркелген, 2016 жылғы 21 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).