"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының 2016 жылғы 2 қарашадағы № 37 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 5 желтоқсанда № 14479 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары бекітілсін.

      2. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 8 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12711 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 15 қаңтарда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаменті заңмен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығының" шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің төрағасы
Қ. Қожамжаров


  Қазақстан Республикасының
  Мемлекеттік қызмет істері және
  сыбайлас жемқорлыққа қарсы
  іс-қимыл агенттігі Төрағасының
  2016 жылғы 2 қарашадағы
  № 37 бұйрығымен бекітілген

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес әзірленген және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасасу, ұзарту және бұзу тәртібін айқындайды.

2-тарау. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен
еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібі

      2. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Президенті актілерінде өзге мерзім белгіленбесе, ол адаммен төрт жыл мерзімге, аталған мерзімге бір реттен артық емес ұзарту мүмкіндігімен еңбек шарты жасалады. Еңбек шарты осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес үлгілік еңбек шартының негізінде жасалады. "А" корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу барысында еңбек шарты "А" корпусының осы лауазымды атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің уақытша орнында болмайтын кезеңіне жасалады.

      3. "А" корпусының қызметшілерімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) – (бұдан әрі – уәкілетті тұлға) жасасады.

      Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жасасады.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындайтын "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы жасасады.

      4. Еңбек шарты жазбаша нысанда екі данада жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шартының бір данасы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінде, екіншісі – мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде), оның жеке ісінде сақталады.

      5. Еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тараптардың келісімі бойынша жазбаша нысанда жүзеге асырылады.

      6. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін басқа "А" корпусының мемлекеттік лауазымына жоспарлы ротациялау барысында, онымен осы лауазымды атқару үшін заңнамамен қарастырылған мерзімге жаңа еңбек шарты жасалады.

      7. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне ротациялау жоспарында көзделмеген ротациялау жүргізген жағдайда, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен оны ротациялау жүргізілгенге дейін жасалған еңбек шартының қалған мерзіміне жаңа еңбек шарты жасалады.

      Ротациялау жоспарында көзделмеген мемлекеттік орган ішіндегі сектораралық ротациялау жүргізілген кезде "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартына, еңбек шартының мерзімінен аспайтын қосымша келісім жасалады.

      8. Мемлекеттік органның қайта құрылуы барысында еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі, ал "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі атқарып жүрген лауазымында қызметін жалғастыра береді.

      9. Уәкілетті тұлға еңбек шарты мерзімінің аяқталуынан кемінде төрт ай бұрын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға негізделген ұсыныс енгізеді:

      1) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартының мерзімін ұзарту туралы;

      2) еңбек шартын бұзу туралы.

      Еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тиісті шешім болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) не Ұлттық комиссия өкілеттігін берген жағдайда – уәкілетті тұлға шешім қабылдағанға дейін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі атқаратын лауазымында жұмысын жалғастырады.

      9-1. Уәкілетті орган уәкілетті тұлғалардан ұсыныстар алынған күннен бастап оларды он жұмыс күні ішінде Ұлттық комиссияға жолдайды.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 20.12.2018 № 282 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9-2. Ұлттық комиссия материалдарды қарайды және:

      1) "А" корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшісімен еңбек шартын ұзарту туралы;

      2) "А" корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшісімен еңбек шартын бұзу туралы;

      3) алып тасталды - ҚР ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 22.09.2020 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. 2-тарау 9-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 20.12.2018 № 282 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 22.09.2020 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9-3. Уәкілетті орган Ұлттық комиссияның шешім қабылдаған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті тұлғаларға шығарылған ұсынымдарды жолдайды.

      Ескерту. 2-тарау 9-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 20.12.2018 № 282 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ұлттық комиссия ұсынымының негізінде уәкілетті тұлға еңбек шартының мерзімін ұзарту немесе оны бұзу туралы шешім қабылдайды.

      Растайтын құжаттардың көшірмелері шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жолданады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 20.12.2018 № 282 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін олардың жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтініш берген кезде "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шарты Ұлттық комиссияның ұсынымысыз бұзылады.

      12. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жағдайда "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шарты Ұлттық комиссияның ұсынымысыз бұзылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамның "А" корпусының лауазымында болу мерзімі тараптардың өзара келісімі бойынша еңбек шартқа қосымша келісім жасау арқылы бір жылға ұзартуға жол беріледі, бірақ еңбек шарттың мерзімінен аспайды.


  "А" корпусының мемлекеттік
  әкімшілік қызметшілерімен
  еңбек шартын жасау, ұзарту
  және бұзу қағидаларына
  қосымша

"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен
үлгілік еңбек шарты
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы еңбек шарты (бұдан әрі – Шарт) бір тараптан

      ________________________________________________________________________________

      (мемлекеттік органның атауы, лауазымды тұлғаның тегі, аты, жөні

      (болған жағдайда)

      (бұдан әрі – Уәкілетті тұлға) және екінші тараптан азамат __________

      _________________________________________ (бұдан әрі – Жұмыскер) арасында

      (жұмыскердің тегі, аты, жөні (болған жағдайда) жасалды.

      2. Уәкілетті тұлға Жұмыскерді ________________________________________________

      (лауазымның атауы)

      лауазымына қабылдайды.

      Жұмыскер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінде, уәкілетті тұлғаның актілерінде, лауазымдық нұсқаулықтарда көзделген еңбек міндеттемелерін орындайды.

      3. Осы шарт 20__ жылғы "___" _____________ бастап қолданылады. Шарттың қолданылу мерзімі_____жыл (мемлекеттік лауазым "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген жағдайда: 20___жылдың "___" ___________бастап мына оқиғалардың бірі басталғанға дейін:

      мемлекеттік лауазым "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап алты айдың ішінде осы лауазымға орналасқан;

      мемлекеттік лауазым "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап алты ай өткенге дейін – осы лауазымға орналаспаған жағдайда).

      4. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті және Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 17 қаңтардағы № 1284 Жарлығына сәйкес Жұмыскерге осы лауазым үшін көзделген жалақы төленеді.

      5. Жұмыскерге кепілдіктер мен өтемақыларды ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Уәкілетті тұлға мен жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері

      6. Уәкілетті тұлға Жұмыскерден өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуын, Қазақстан Республикасы заңнамасының, уәкілетті тұлға актілерінің сақталуын талап етуге, Жұмыскерді көтермелеуге, тәртіптік жаза қолдануға құқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.

      7. Уәкілетті тұлға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, өзінің шығарған актілерін сақтауға, Жұмыскерге жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.

      8. Жұмыскер өзінің лауазымдық міндеттерін атқаруға қажетті ақпараттар мен материалдарды алуға, өз құзыреті шеңберінде өзінің мемлекеттік қызметті өткеру мәселелерін қарау мен олар бойынша шешім қабылдауға қатысуға, олардан тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың орындауын талап етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.

      9. Жұмыскер мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкілетті тұлғаның актілеріне сәйкес еңбек міндеттерін орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.

3-тарау. Тараптардың жауаптылығы

      10. Осы шартта көзделген міндеттемелерді орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін тараптар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты.

4-тарау. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату

      11. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы және еңбек заңнамасында көзделген тәртіпте және негіздерде жүзеге асырылады.

      12. Шарт ___ данада жасалды, оның әрқайсысының бірдей заңдық күші бар.

      13. Еңбек шарттың қолданылуы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымнан босатылған күннен бастап тоқтайды.

Уәкілетті тұлға _______________________

(қолы, күні)


Жұмыскер ___________________________

(қолы, күні)