Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 шілдедегі № 71 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 тамызда № 14157 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті (Д.Н. Бекманов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар


министрі

Д. Абаев


  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 29 шілдеде
№ 71 бұйрығымен
бекітілген

Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) электрондық абоненттік пошта жәшіктерін жасау, жұмыс істеу мен дамыту тәртібін және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыруды анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабар) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хат;

      2) пошта байланысы саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      3) пошта операторы – Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;

      4) пошта операторының қызметтерін пайдаланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен жасалатын шарттар негізінде ұсынылатын қызметті тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) Ұлттық пошта операторы – "Пошта туралы" 9 сәуір 2016 жылғы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген міндеттемелер жүктелген, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы;

      6) электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттар (хабарлар) мен құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының домендік атауы;

      7) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесі - пошта жөнелтілімдерінің электрондық нысанда, оның ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында электрондық құжат айналымы шеңберінде жіберілуін қамтамасыз ететін, Ұлттық пошта операторының баршаға қолжетімді ақпараттық жүйесі болып табылады.

2-бөлім. Электрондық абоненттік пошта жәшігін құру, қызмет етуі және дамыту тәртібі

      3. Ұлттық пошта операторы электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесін сүйемелдейді және электрондық абоненттік пошта жәшігінің құрылуын, қызмет етуі және дамуын осы Қағида бойынша қамтамасыз етеді.

      Ұлттық пошта операторы пошта операторының кез келген пайдаланушысына жеке электрондық абоненттік пошта жәшігін тегін құрады және оның тиісті түрде қызмет етуін, пайдаланушының жеке хат алмасуының құпиялығын қамтамасыз етеді.

      Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесі пошта жөнелтілімдерінің электрондық нысанда жіберілуін, электрондық құжат айналымы шеңберінде Ұлттық пошта операторының жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйесі болып табылады.

      4. Электрондық абоненттік пошта жәшігі Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланушыны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, бірегей, қайталанбайтын және қажетті электрондық құжаттарды жіберу мәселелері бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ететін жәшік болып табылады.

      Электрондық абоненттік пошта жәшігінің домендік атын Ұлттық пошта операторы анықтайды және ол пайдаланушы мен Ұлттық пошта операторы арасындағы абоненттік келісімде сипатталады.

      5. Электрондық абоненттік пошта жәшіктері пайдаланушыларға Ұлттық пошта операторы құрған және бекіткен электрондық абоненттік пошта жәшігіне қызмет көрсетуге арналған абоненттік келісім шарттарымен пайдаланушының келісуі негізінде беріледі.

      Ұлттық пошта операторының ақпараттық ресурстарында қажетті ақпарат электрондық абоненттік пошта жәшігін құру, қызмет ету және пайдалану шарттары бойынша электрондық абоненттік пошта жәшігіне қызмет көрсетуге арналған абоненттік келісім орналастырылады.

      6. Пайдаланушылар Ұлттық пошта операторына осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес электрондық абоненттік пошта жәшігін тіркеу немесе жасау туралы өтінішті береді.

      Өтінішті беру мынадай жолмен:

      1) Ұлттық пошта операторының ақпараттық ресурстарында нақты уақыт режимінде тіркеу арқылы, бұл ретте қауіпсіздік мақсатында арнайы коды бар қысқа хабарлардың қызметі бойынша екі факторлы тіркеу пайдаланылады немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану не болмаса "электрондық үкімет" порталы арқылы;

      2) Ұлттық пошта операторының өндірістік объектісінде;

      3) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүргізіледі.

      Ұлттық пошта операторының өндірістік объектісінде пайдаланушының өтініші ұсынылған кезде өндірістік объектінің жұмыскері тіркейді.

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында пайдаланушының өтініші мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жұмыскер тіркейді.

      7. Ұлттық пошта операторы пайдаланушының өтініші қабылданған бастап электрондық абоненттік пошта жәшігін жасайды.

      8. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің тиісті қызмет етуін Ұлттық пошта операторы келесі жолмен қамтамасыз етеді:

      1) пайдаланушылардың электрондық абоненттік пошта жәшігіне тұрақты, үздіксіз қол жеткізуі;

      2) пайдаланушылардың электрондық абоненттік пошта жәшігіне кедергісіз қол жеткізуі;

      3) пайдаланушылар арасында пошталық, гибридтік жөнелтімдер мен электрондық құжаттармен алмасуы;

      4) ақпараттық жүйені қолдауын және жұмыс қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

      9. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерін дамыту мақсатында Ұлттық пошта операторы өндірістік пайдалануға енгізілген ақпараттық жүйенің жаңартуын және қосымша қызметтік талаптарды іске асыру бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асырады.

      10. Ұлттық пошта операторы электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай базасының ақпараттық жүйесі жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ұсынылатын сервистердің авторландырған пайдаланушысына тұтастық, құпиялылық және қолжетімділік жөнінде кепілдік береді.

3-бөлім. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру тәртібі

      11. Пайдаланушыларды нақты уақыт режимінде авторландыруды Ұлттық пошта операторы пайдаланушының өзі таңдайтын логин және құпиясөз бойынша жүргізеді. Бұл ретте, пайдаланушы таңдаған логин басқа пайдаланушылардың басқа тіркелген логиндерімен қайталанбаған жағдайда, логин мен құпиясөзді тіркеу жүргізіледі.

      12. Пайдаланушы электрондық абоненттік электрондық пошта жәшігін электрондық құжат айналымы шеңберінде мемлекеттік органдардан ресми электрондық хаттарды (хабарларды) және құжаттарды алу және жіберу үшін пайдаланған жағдайда, пайдаланушы тіркелгеннен кейін жеке кабинеттегі мәліметтерін электрондық цифрлық қолтаңбамен растайды.

      13. Ұлттық пошта операторы пайдаланушыны авторландырғаннан кейін жасалған электрондық абоненттік пошта жәшігін электрондық абоненттік пошта жәшігінің бірыңғай базасына енгізеді.

      Электрондық абоненттік жәшік Ұлттық пошта операторының өндірістік объектісінде және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында жасалған жағдайда, бірыңғай базада абоненттік жәшік электрондық абоненттік жәшік жасалған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде ауыстырылуы қажет уақытша құпиясөзбен жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірімен тіркеледі.

  Электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің
бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және
электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің
бірыңғай жүйесінде пошта операторының
көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларды
авторландыру қағидаларға қосымша

Электрондық абоненттік пошта жәшігін құру/тіркеу туралы өтініш

      Өтініш беруші________________________________________________________

      (жеке тұлғаның ТАӘ, заңды тұлғаның толық атауы)

      ЖСН/БСН______________________________________________________________

      туған күні, айы және жылы ___________________________________________

      заңды тұлға тіркелген күн және орын__________________________________

      заңды тұлғаның заңды мекенжайы және нақты орналасқан жерінің

      мекенжайы____________________________________________________________

      Жеке басты куәландыратын құжат: _____________________________________

      Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (заңды тұлғалар үшін):

      № ___________________ "__" ___________20__ ж. _______________берген.

      Тұрғылықты мекен-жайы_____________________________________________

      Заңды мекен-жайы

      Телефондары: үй___________________ мобильді _________________________

      _____________________________________________________________________

      (пайдаланушының атауы)

электрондық абоненттік пошта жәшігін тіркеуді сұраймын.

      Осы Өтінішке қол қоя және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабын басшылыққа ала отырып, Ұлттық пошта операторының ақпараттық ресурстарында www.post.kz электрондық мекенжайы бойынша орналастырылған, электрондық абоненттік пошта жәшігіне қызмет көрсетуге арналған абоненттік келісімге қосыламын.