Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 20 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 наурызда № 13468 болып тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Энергетика министрінің 28.05.2018 № 215 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары бекітілсін.

      2. "Пайдаланушы ұйым персоналының аттестаттаудан өту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 82 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10551 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 cәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2016 жылғы 17 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 20 қаңтардағы
№ 12 бұйрығымен
бекітілген

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс
істейтін персоналды аттестаттау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзiрленген және атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау (бұдан әрі - аттестаттау) тәртiбiн айқындайды.

2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс
істейтін персоналды аттестаттау тәртібі

      2. Атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органда аттестаттаудан (бұдан әрі – уәкілетті орган) персоналдың мынадай санаттары өтеді:

      1) лауазымдық міндеттеріне атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіретін мамандар;

      2) лауазымдық міндеттеріне ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау, ядролық қондырғыларды және ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету кіретін ядролық қондырғының персоналы;

      3) лауазымдық міндеттеріне радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау кіретін радиациялық, электрфизикалық қондырғының персоналы;

      Басқа персоналды атом энергиясын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – жеке және заңды тұлғалар) аттестаттайды.

      3. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге:

      1) алғашқы аттестаттауға;

      2) кезеңдік аттестаттауға

      3) кезектен тыс аттестаттауға бөлінеді.

      4. Персоналды алғашқы аттестаттау қызметкер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде өткізіледі. Кезеңдік аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:

      1) атом энергиясын пайдалану объектілерінде тосын оқиғалар туындаған кезде олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;

      2) бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты уәкілетті органның тексерулері нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есеп алу талаптары бұзылған жағдайда;

      3) жеке және заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.

      5. Кезектен тыс аттестаттау кезеңдік аттестаттау мерзімдерін ауыстырмайды.

      6. Аттестаттаудан өту үшін жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады (бұдан әрі – құжаттар):

      1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке және заңды тұлғалардан ұсыным;

      2) аттестатталуға тиісті қызметкердің білімін, біліктілігін және жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар;

      3) аттестатталуға тиісті қызметкердің лауазымдық нұсқаулығы;

      4) қызметке тағайындау туралы бұйрықтың көшірмесі (бірінші аттестаттауды өткен жағдайда).

      7. Уәкілетті орган құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде жеке және заңды тұлғаларға құжаттардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы хабарлайды. Құжаттар қабылданбаған жағдайда қабылданбау себептері көрсетіледі. Жеке және заңды тұлғалар көрсетілген кемшіліктерді жойғаннан кейін қайтадан құжаттарды береді.

      8. Құжаттар қабылданған жағдайда уәкілетті орган аттестаттау жүргізу күні мен орны туралы шешім қабылдайды, ол туралы жеке және заңды тұлғаларға хабарлайды.

      9. Аттестаттауды өткізу үшін уәкілетті органның бірінші басшысының бұйрығымен мүшелерінің саны тақ болып табылатын және кемінде бес адамды құрайтын атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын ведомство басшысының орынбасары, және осы ведомствоның басқарма басшылары арасынан комиссия құрылады.

      Комиссия отырысы комиссия құрамының кемінде үштен екісін құрайтын кворум болған кезде заңды.

      Хатшы комиссияның мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығы жоқ.

      10. Аттестаттау оны өткізу туралы шешім қабылдағаннан кейін отыз күнтізбелік күн ішінде өткізіледі.

      11. Уәкілетті органда аттестаттау мыналарды:

      1) тестілеуді;

      2) әңгімелесуді (радиациялық қауіпсіздікті бақылауға жауапты персонал үшін);

      3) аттестаттауды өткізу нәтижелерін куәландыратын хаттаманы беруді қамтиды.

      12. Тестілеу аттестатталатын қызметкердің таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде автоматтандырылған компьютер тәсілімен жүргізіледі.

      13. Тестілеу сұрақтарының тізбесін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді және ол атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнаманы білумен байланысты сұрақтарды қамтиды.

      14. Тестілеу сұрақтары аттестаттауға жататын персоналдың санатына байланысты анықталады.

      15. Тестілеу нәтижелерін оң деп тану үшін негіз болып табылатын дұрыс жауаптардың шекті деңгейі тесттегі сұрақтар санының 80 %-ын құрайды.

      16. Егер тестілеу нәтижелері белгіленген шекті деңгейден аз болған жағдайда аттестатталатын қызметкер аттестаттаудан өтпеген болып саналады.

      17. Сұрақ-жауап нысанында өткізілетін әңгімелесу кезінде комиссия қызметкердің Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын білуін тексереді.

      18. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша Комиссия қызметкерді радиациялық қауіпсіздік қағидалары мен нормаларын білуін "қанағаттанарлық", "қанағаттанғысыз" бағалары бойынша бағалайды.

      19. Комиссия аттестаттау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) қайтадан аттестаттаудан өтуі тиіс.

      20. Қайта аттестаттау үш айдан кейін өткізіледі.

      21. Жеке және заңды тұлғалардың қызметкері қайта аттестаттау кезінде теріс нәтиже алған жағдайда атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп танылады және осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген лауазымдарға жіберілмейді.

      22. Аттестаттаудың нәтижелері бойынша комиссия хатшысы Комиссия мүшелері қол қоятын және атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын ведомство басшысының орынбасары бекітетін хаттама ресімдейді.

      Хаттама аттестаттауды өткізгеннен кейін үш күнтізбелік күн ішінде ресімделеді.

      23. Хаттама екі данада ресімделеді. Бір данасы аттестатталатын қызметкерге беріледі. Хаттаманың екінші данасы атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын ведомствода сақталады.

      24. Аттестатталатын қызметкер аттестаттау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, оның атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын ведомство басшысының атына аттестаттау хаттамасын алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш ресімдеу жолымен аттестаттау нәтижелеріне шағымдануға құқығы көзделеді.

  Атом энергиясын пайдаланатын
объектілерде жұмыс істейтін
персоналды аттестаттау
қағидаларына қосымша

      Нысан

Ұсыным

      Әкімшілік

      ____________________________________________________________________

      (Жеке тұлғаның Т.А.Ә. немесе заңды тұлғаның атауы (болған жағдайда))

      ____________________________________________________________________

      (лауазымның, бөлімшенің, қондырғының, ұйымның атауы)

      лауазымы бойынша міндеттерді орындау кезінде

      ____________________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (болған жағдайда))

      аттестаттаудан өткізуді өтінеді.

      Қоса берілетін құжаттар:____________________________________________

      Басшысы ___________________

      (Т.А.Ә. (болған жағдайда))

      __________________

      (қолы)

      М.О. (болған жағдайда) 20 ____ж "___"_______