Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 20 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 наурызда № 13468 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2020 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары бекітілсін.

      2. "Пайдаланушы ұйым персоналының аттестаттаудан өту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 82 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10551 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 cәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2016 жылғы 17 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 20 қаңтардағы
№ 12 бұйрығымен
бекітілген

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 28.05.2018 № 215 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзiрленген және атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау (бұдан әрі - аттестаттау) тәртiбiн айқындайды.

      2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкестігін айқындау тұрғысынан аттестаттаудан өтеді.

      Аттестаттауды атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосымен (бұдан әрі - уәкілетті органның ведомствосы) жүзеге асырады.

      Уәкілетті органның ведомствосы:

      1) лауазымдық міндеттеріне атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кіретін мамандарға;

      2) лауазымдық міндеттеріне ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау, ядролық қондырғыларды және ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету кіретін ядролық қондырғының персоналына;

      3) лауазымдық міндеттеріне радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау кіретін радиациялық, электрфизикалық қондырғының персоналына аттестаттау жүргізеді.

      Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар аттестаттайды.

      3. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге:

      1) бастапқы аттестаттауға;

      2) мерзімді аттестаттауға;

      3) кезектен тыс аттестаттауға бөлінеді.

      4. Персоналды бастапқы аттестаттау қызметкер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі.

      Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет жүргізіледі.

      Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:

      1) атом энергиясын пайдалану объектілерінде тосын оқиғалар туындаған кезде олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;

      2) бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты – уәкілетті органның тексерулері нәтижесінде анықталған ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылған жағдайда;

      3) атом энергиясын пайдалану саласында қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.

      5. Кезектен тыс аттестаттауды тағайындау мерзімді аттестаттау жүргізу мерзімдерін өзгертпейді.

      6. Аттестаттауды өткізу үшін уәкілетті орган ведомствосының бірінші басшысының бұйрығымен атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттауды өткізу үшін комиссияның (бұдан әрі – комиссия) құрамы және ережесі бекітіледі.

      Комиссияның құрамына уәкілетті органның ведомствосы бірінші басшысының жетекшілік ететін орынбасары, уәкілетті органның ведомствосының құрылымдық бөлімшелері басқармаларының басшылары енгізіледі. Аттестаттауды өткізу барысында ашықтықты және әділдікті қамтамасыз ету үшін комиссия отырысына дауыс беру құқығы жоқ бақылаушылар шақырылады. Бақылаушылар ретінде қоғамдық бірлестіктердің (үкіметтік емес ұйымдар), коммерциялық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлері комиссияның отырысына қатыса алады.

      Комиссия мүшелерінің саны тақ болады және кемінде бес адамды құрайды. Хатшы комиссияның мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығы жоқ.

      Комиссияның отырысы комиссия құрамының кемінде үштен екісін құрайтын кворум болған кезде заңды.

      7. Аттестаттауды өткізу мерзімі аттестаттаудан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.

      8. Аттестаттау уәкілетті органның ведомствосында тестілеу және әңгімелесу арқылы өткізіледі.

      Әңгімелесу лауазымдық міндеттеріне радиациялық қауіпсіздікті бақылау кіретін персонал үшін жүргізіледі.

      9. Тест сұрақтарының тізбесін уәкілетті органның ведомствосы әзірлейді және бекітеді және ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білу, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатындағы сұрақтарды қамтиды.

      Бекітілген тест сұрақтарының тізбесіне өзгерістер енгізу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптары бөлігінде, сонымен қатар сұрақтарды орынсыз қалыптастыру анықталған жағдайда жүзеге асырылады.

      10. Тест сұрақтары қызметкердің лауазымдық міндеттеріне және жұмыста пайдаланылатын қондырғылардың, аспаптардың, материалдардың түрлеріне байланысты анықталады.

      Сұрақтар саны, тесті өтті деп тануға негіз болатын дұрыс жауаптардың шекті деңгейі, сондай-ақ тестілеу уақыты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал үшін тестілеу көрсеткішімен анықталады.

      11. Әңгімелесу барысында комиссия мүшелері аттесттаудан өтушіге (бұдан әрі – аттестатталушы тұлға) ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ жұмыста пайдаланылатын қондырғылардың, аспаптардың, материалдардың түрлеріне байланысты еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында сұрақтар қояды.

2-тарау. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттаудан өткізу тәртібі

      12. Аттестаттаудан өту үшін жеке немесе заңды тұлғалар (бұдан әрі – өтініш беруші) мынадай құжаттарды ұсынады (бұдан әрі – құжаттар):

      уәкілетті органның ведомствосына:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) қызметке тағайындау туралы бұйрықтың көшірмесі;

      3) қызметкердің лауазымдық нұсқаулығының көшірмесі;

      "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталына (бұдан әрі – портал):

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес электрондық құжат нысанындағы өтініш;

      2) қызметке тағайындау туралы бұйрықтың электрондық көшірмесі;

      3) қызметкердің лауазымдық нұсқаулығының электрондық көшірмесі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Уәкілетті органның ведомствосы осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда уәкілетті органның ведомствосы көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартады.

      Құжаттар топтамасын толық ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға аттестаттау өтетін орны мен күні туралы хат жолданады.

      Аттестаттауға жіберілген көрсетілетін қызметті алушы аттестаттаудың орны, күні, уақыты туралы электрондық нысанда портал арқылы хабардар етіледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Тестілеу аттестатталатын адамның таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде автоматтандырылған компьютерлік әдіспен өтеді. Шетелдік тұлғалар (бейрезиденттер) аттестаттауды осы Қағидаларға сәйкес жалпы негізде өтеді.

      Аттестатталатын тұлға аттестаттауға жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткенде жіберіледі.

      Тестілеу уақытында аттестаттаудан өтетін тұлғаларға өзара сөйлесуге, қандай да бір көмекші ақпараттық материалдарды (анықтамалық, арнайы әдебиет), байланыс құралдарын және электронды жеткізгіштегі жазбаларды пайдалануға жол берілмейді.

      Комиссияның хатшысы тестілеуден өту тәртібін бұзу фактісін анықтаған жағдайда аттестатталатын тұлғаны тестілеу тоқтатылады. Бұл бұзушылық фактісі бойынша комиссия хатшысы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тестілеуден өту тәртібінің бұзылғаны туралы акті рәсімдейді, және аттестаттаудан өтуші тұлғаға тестілеудің теріс нәтижесі беріледі.

      15. Тестілеуге бөлінген уақыт өткен соң бағдарлама автоматты түрде жабылады.

      Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу енгізілген компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі.

      16. Егер дұрыс жауаптар саны шекті деңгейге тең немесе одан жоғары болса, онда аттестатталатын тұлғаға "тесттен өтті" деген тестілеудің оң нәтижесі беріледі.

      17. Егер дұрыс жауаптар саны шекті деңгейден төмен болса, онда аттестатталатын тұлғаға "тесттен өткен жоқ" деген тестілеудің теріс нәтижесі беріледі.

      18. Тестілеу нәтижесі басылып шығарылады және комиссия хатшысының қолымен расталады. Түпнұсқасы аттестатталатын тұлғаға тестілеу өткен соң беріледі, көшірмесі уәкілетті органның ведомствосында аттестатталатын тұлғаның аттестациялық ісінде сақталады.

      19. Әңгімелесу сұрақ-жауап түрінде өткізіледі. Аттестатталушыға 10 сұрақ қойылады.

      Егер аттестатталатын тұлға 7 және одан көп сұраққа жауа берсе әңгімелесуден өткен болып саналады.

      Егер аттестатталатын тұлға 6 және одан аз сұраққа жауап берсе әңгімелесуден өтпеген болып саналады.

      20. Әңгімелесу нәтижесі бойынша аттестаттау комиссиясының хатшысы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес комиссия мүшелері және аттестатталатын тұлға қол қойған атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналмен әңгімелесу хаттамасын жасайды. Түпнұсқасы аттестатталатын тұлғаға әңгімелесу өткен соң беріледі, көшірмесі уәкілетті органның ведомствосында аттестаттаудан өтуші тұлғаның аттестациялық ісінде сақталады.

      21. Аттестаттау нәтижесі бойынша комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) біліктілігі мен кәсіби даярлық деңгейі атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) біліктілігі мен кәсіби даярлық деңгейі атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.

      Комиссияның шешімі осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға аттестаттау жүргізу комиссиясы отырысының қорытындысы түрінде рәсімделеді.

      22. Комиссия осы Қағидалардың 21-тармағының 1) тармақшасында көзделген шешімді қабылдаған жағдайда, өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау туралы куәлік (бұдан әрі – Куәлік) жіберіледі.

      Куәлікке уәкілетті органның ведомствосы басшысының жетекшілік ететін орынбасары немесе оны алмастыратын тұлға қол қояды, атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау туралы куәліктерді беру журналына тіркеледі.

      Куәліктің көшірмесі уәкілетті органның ведомствосында аттестатталатын тұлғаның аттестаттау ісінде сақталады.

      Куәлік осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қағаз түрінде немесе портал арқылы өтініш білдірген жағдайда электрондық түрде беріледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Комиссия осы Қағидалардың 21-тармағының 2) тармақшасында көзделген шешімді қабылдаған жағдайда, өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде Комиссияның аттестатталатын тұлғаның біліктілігі мен кәсіби даярлық деңгейі атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы қорытындыны қағаз түрінде немесе портал арқылы өтініш білдірген жағдайда электрондық түрде жібереді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілігі мен кәсіби даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы комиссияның қорытындысын алған жұмыскерді жіберуіне тыйым салынады.

      25. Егер аттестатталатын тұлға аттестаттаудан өтуге уәкілетті орган ведомствосының хабарламасында көрсетілген мерзімде келмеген болса, онда аталған тұлға аттестаттаудың теріс нәтижесін алған болып саналады және комиссия біліктілігі мен кәсіби даярлық деңгейі атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні туралы шешім қабылдайды.

3-тарау. Тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелеріне шағымдану тәртібі

      26. Аттестатталатын тұлға тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелерімен келіспеген жағдайда олардан өткен күні осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш беру жолымен олардың нәтижелеріне шағымдануға құқылы.

      27. Тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелерін қайта қарау туралы өтінішті қарастыру үшін уәкілетті органның ведомствосы басшысының бұйрығымен тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелерін қайта қарау туралы өтінішті қарау жөніндегі апелляциялық комиссия туралы ереже және оның құрамы (бұдан әрі - апелляциялық комиссия) бекітіледі.

      Апелляциялық комиссия комиссияның құрамына кірмейтін салалық басқармалар басшыларынан тұрады. Апелляциялық комиссия мүшелерінің саны тақ болып табылады және кемінде үш адамды құрайды.

      28. Тестілеу және әңгімелесу нәтижелерін қайта қарау туралы өтініштерді қарауды апелляциялық комиссия өтініштер түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      29. Тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелерін қайта қарау туралы өтініштерді қарастыру қорытындысы бойынша апелляциялық комиссия осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттама түрінде рәсімделетін шешім шығарады. Түпнұсқасы апелляцияны өткізген соң аттестатталатын тұлғаға, көшірмесі уәкілетті органның ведомствосында аттестатталатын тұлғаның аттестаттау ісінде сақталады.

  Атом энергиясы
пайдаланылатын
объектілерде жұмыс істейтін
персоналды аттестаттау
қағидаларына
1-қосымша

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал үшін тестілеу көрсеткіштері

р/с №

Аттестатталатын тұлға

Сұрақтар саны

Тестілеу уақыты, мин

Шекті деңгей, %

Лауазымдық міндеттеріне мыналар кіретін мамандар

1

Ядролық қондырғыны тікелей басқару

30

45

70

2

Ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

50

75

70

Лауазымдық міндеттеріне мыналар кіретін ядролық қондырғының персоналы

3

Ядролық материалдарды есепке алу және бақылау

30

45

70

4

Иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау

30

45

70

5

Радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау

40

60

70

6

Ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету

30

45

70

Лауазымдық міндеттеріне мыналар кіретін радиациялық қондырғылардың персоналы

7

Медициналық гамма-терапиялық аппараттарды пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

40

60

70

8

Радиоизотоптық диагностиканы немесе терапияны өткізу кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

40

60

70

9

Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

10

Уран кеніштерінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

11

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

12

Спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштерді пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

40

60

70

13

Өзге жұмыстар кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

14

Иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

40

60

70

15

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

60

90

70

16

Медициналық гамма-терапиялық аппараттарды пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

60

90

70

17

Радиоизотоптық диагностиканы немесе терапияны өткізу кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

60

90

70

18

Спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштерді пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

60

90

70

19

Өзге иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау, радиациялық қауіпсіздікті бақылау

60

90

70

Лауазымдық міндеттеріне мыналар кіретін электрфизикалық қондырғылардың персоналы

20

Медициналық рентгендік диагностикалық немесе терапиялық жабдықтарды пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

30

45

70

21

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

22

Өзге жұмыстар кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

23

Иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

40

60

70

24

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

50

75

70

25

Медициналық рентгендік диагностикалық немесе терапиялық жабдықтарды, сызықтық үдеткіштерді пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

50

75

70

26

Радиациялық қауіпсіздікті бақылау, өзге иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

50

75

70

Лауазымдық міндеттеріне мыналар кіретін радиациялық және электрфизикалық қондырғылардың персоналы

27

Радиоизотоптық диагностиканы немесе терапияны жүргізу, медициналық рентгендік диагностикалық немесе терапиялық жабдықтарды, сызықтық үдеткіштерді пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

28

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

29

Өзге жұмыстар кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау

50

75

70

30

Иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

40

60

70

31

Дефектоскопия кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

50

75

70

32

Радиоизотоптық диагностиканы немесе терапияны жүргізу, медициналық рентгендік диагностикалық немесе терапиялық жабдықтарды, сызықтық үдеткіштерді пайдалану кезінде радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау

50

75

70

33

Радиациялық қауіпсіздікті бақылау, өзге иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылау,

50

75

70

 
  Атом энергиясы
пайдаланылатын объектілерде
жұмыс істейтін персоналды
аттестаттау қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Өтініш

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.02.2019 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      __________________________________________________________________________

      (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты.(болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы)

      аттестаттаудан өтуге _____________________________________________________

                  (аттестаттаудан өтетін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда),

                  аттестаттаудан өтетін тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі)

      ______________________________________________________ рұқсат беруді сұрайды.

                        (лауазым атауы)

      Қоса берілетін құжаттар:_____________________________________________________

      Басшы ____________________________________________ ___________________

                        (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)             (қолы)

      "___"_______20__ж.

  Атом энергиясы
пайдаланылатын
объектілерде жұмыс істейтін
персоналды аттестаттау қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Тестілеу тәртібін бұзу туралы акт

      201 _ жылғы "____" __________ ____ сағат ______ минут

      Мен, ____________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 20 қаңтардағы

      № 12 бұйрығымен бекітілген Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде

      жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидалары 14-тармағының

      3-абзацын _______________________________________________ бұзу фактісін

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      анықтадым.

      __________________________________________________________________

      (бұзушылықты қысқаша сипаттау)

      Актіні жасаған адамның қолы: ______________________________________

      Актімен таныстым: _________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

  Атом энергиясы
пайдаланылатын объектілерде
жұмыс істейтін персоналды
аттестаттау қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналмен
№ әңгімелесу хаттамасы

      Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Нұр-Сұлтан қаласы 20___ жылғы "___" __________

      Бұйрық негізінде жұмыс істейтін аттестаттау комиссиясы ____________________ құрамында:

      (бұйрық нөмірі)

      Комиссия төрағасы: ______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      Комиссия мүшелері: ______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      анықтады:

      ________________________________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, лауазымы)

      ________________________________________________________________________________

      (өтініш берушінің жұмыс орны (мекеменің толық атауы)

      аттестаттаудан _____________________________________________________________ өтуші

      (бастапқы, мерзімді, кезектен тыс)

      20 ___ жылғы "____" ___________

      ___ сұраққа дұрыс жауап берді

      ___ сұраққа дұрыс жауап бермеді

      Әңгімелесу нәтижесі: _____________________________________________________________

      (әңгімелесуді өтті/әңгімелесуді өтпеді)

      Комиссия мүшелері:______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      20 ___ жылғы "____" ____________

  Атом энергиясы
пайдаланылатын объектілерде
жұмыс істейтін персоналды
аттестаттау қағидаларына
5-қосымша
  Нысан

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналға
аттестаттау жүргізу комиссиясы отырысының № қорытындысы

      Ескерту. 5-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Нұр-Сұлтан қаласы 20___ жылғы "___" _________

      Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін

      персоналды аттестаттаудан өткізу үшін 20___жылғы __________ № ____

      бұйрығы негізінде жұмыс істейтін комиссия құрамында:

      Комиссия төрағасы: ______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      Комиссия мүшелері:______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      1.Тестілеу нәтижесін

      2.Әңгімелесу хаттамасын (аттестатталушы тұлға әңгімелесуден өткен жағдайда) қарастырып:

      ШЕШТІ: ________________________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) мен кәсіби даярлық

      деңгейі атқаратын лауазымына сәйкес келеді/ сәйкес келмейді)

      Комиссия мүшелері:______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

  Атом энергиясы
пайдаланылатын
объектілерде жұмыс істейтін
персоналды аттестаттау
қағидаларына
6-қосымша
  Нысан

Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау туралы КУӘЛІК

      Осы куәлік Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және

      энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Аттестаттау комиссиясының

      шешімімен біліктілігі мен кәсіби даярлық деңгейі атқаратын лауазымына

      сәйкес келеді деп танылған____________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), лауазымы)

      _________________________________________________________________ берілді.

      Куәлік:______________дейін жарамды

      (мерзімі көрсетіледі)

      Тіркеу нөмірі №__________

      Берілген күні: __________

      Басшының орынбасары ___________________________ ________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      Мөрдің орны

  Атом энергиясы
пайдаланылатын
объектілерде жұмыс істейтін
персоналды аттестаттау
қағидаларына
7-қосымша
  Нысан
  Атом энергиясын пайдалану
саласында басшылықты жүзеге
асырушы уәкілетті орган
ведомствосының басшылығына
____________________________
(Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)
____________________________
(лауазымы)
____________________________
(мекеме атауы)

Өтініш

      Сізден _________________________________ аттестаттау барысында

      (күні (бастапқы, мерзімді, кезектен тыс)

      жүргізілген тестілеу немесе әңгімелесу нәтижелерін қайта қарастыруды

      сұраймын, себебі

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Өтініш берушінің қолы: _______________

      Өтініш берілген күн: 20__ жылғы "___" ____________

  Атом энергиясы
пайдаланылатын объектілерде
жұмыс істейтін персоналды
аттестаттау қағидаларына
8-қосымша
  Нысан

№ _______ Хаттама

      Ескерту. 8-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 07.11.2019 № 358 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Нұр-Сұлтан қаласы 20___ жылғы "___" ___________

      Апелляциялық комиссия құрамында:

      Комиссия төрағасы:______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      Комиссия мүшелері:______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      _______________________________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, лауазымы)

      _______________________________________________________________________________

      (өтініш берушінің жұмыс орны (мекеменің толық атауы)

      20___ жылғы "___" ___________ ____________________________ тестілеу немесе әңгімелесу

      (бастапқы, мерзімді, кезектен тыс)

      нәтижелерін қайта қарастырып анықтады:

      дұрыс ________________________ жауап

      дұрыс емес___________________________ жауап

      персоналдың осы санаты үшін шекті деңгей ___________________ құрайды.

      Апелляциялық комиссия шешім қабылдады:

      1. тестілеуден немесе әңгімелесуден өту нәтижесі өзгеріссіз қалсын

      ("тесттен өткен жоқ" немесе "әңгімелесуден өткен жоқ")

      2. тестілеуден немесе әңгімелесуден өту нәтижесі оң деп танылсын

      ("тесттен өтті" немесе "әңгімелесуден өтті")

      Комиссия мүшелері: ______________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы)

      20___ жылғы "___" ____________