Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 5 наурызда № 13409 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 36-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдардың тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (С.Н. Нүсіпов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберсін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Н. Нүсіповке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Сәрінжіпов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік

      комитетінің Төрағасы

      В. Жұмақанов __________

      2016 жылғы 4 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      Ә. Исекешев___________

      2016 жылғы 5 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрі

      Қ. Қасымов _____________

      2016 жылғы 29 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      И. Тасмағамбетов _________

      2016 жылғы 1 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 12 қантардағы
№ 20 бұйрығымен бекітілген

Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдардың тізбесіне (бұдан әрі - Басылымдардың тізбесі) қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 36-2) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Білім және ғылым министрінің 30.04.2020 № 170 (01.01.2021 қолданысқа қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Басылымдар тізбесін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті қалыптастырады.

      Басылымдар тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар енгізіледі:

      1) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-I Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-3 бабының 2) тармақшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің, жазылу индексінің және ISSN (International Standard Serial Number) Халықаралық стандартты сериялық нөмірінің болуы;

      2) ғылыми басылымның әрбір нөмірінде мәлімделген саладағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің өзекті проблемалары бойынша ғылыми жұмыстар жарияланады;

      3) ғылыми басылымның мерзімділігі жылына кемінде екі рет, ғылыми басылымның шығу уақытын – мәлімделген мерзімін сақтау;

      4) ғылыми басылымның халықаралық ақпараттық ресурстарда таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз алу базасында нөлдік емес импакт-факторлы журналдың болуы;

      5) редакция алқасының немесе редакциялық кеңестің халықаралық немесе отандық дәйексөз алу жүйелерінде редакциялық алқа (редакциялық кеңес) мүшелерінің еңбектерінен дәйексөз алуды болжайтын ғылыми беделі және редакциялық алқа (редакциялық кеңес) құрамында шетелдік ғалымдардың болуы;

      6) ғылыми басылымның ақпараттық ашықтығы – ғылыми басылымның қағаз және электронды нұсқасы (бар болған жағдайда) туралы жалпы ақпарат, оның ішінде ғылыми басылымның редакциялық саясаты және тақырыптық бағыты туралы мәліметтер;

      дәрежесі және ғылыми атағы (болған жағдайда), жұмыс орны көрсетілген редакциялық алқаның (редакциялық кеңестің) құрамы;

      қолжазбаны ресімдеу бойынша авторларға арналған нұсқаулық;

      іздеу жүйесі;

      соңғы он екі айдағы нөмірлердің мазмұны және мазмұнына қол жеткізу мүмкіндігімен өткен жылдардағы нөмірлердің архиві;

      байланыс ақпараты;

      жарияланымдар этикасына қойылатын талаптар;

      мақалаларды рецензиялау тәртібі көрсетілген ғылыми басылымның дербес электрондық сайтының болуы;

      7) ғылыми еңбектерді редакция алқасы (редакциялық кеңес) құрамына кірмейтін кемінде екі тәуелсіз ғалымның немесе тиісті тақырып бойынша маманның рецензиялауы;

      8) "Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" акционерлік қоғамынан (бұдан әрі – ҰМҒТСО) мынадай ақпараттар көрсетілген анықтаманың болуы:

      қорларды қалыптастыру және электронды кітапханаға енгізу үшін ғылыми басылымдардың кемінде үш жылғы электрондық нұсқаларын ұсыну туралы;

      Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша Мемлекетаралық кеңес қабылдаған (1998 жылғы 28 мамырдағы № 1:3-98 хаттама) "Журналдар, жинақтар, ақпараттық басылымдар. Жарияланатын материалдарды баспалық ресімдеу" ГОСТ 7.5-98 бойынша мақалалардың, сондай-ақ Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша Мемлекетаралық кеңес қабылдаған (2003 жылғы 2 шілдедегі № 12 хаттама) "Библиографиялық жазба. Библиографиялық сипат. Құрастырудың жалпы талаптары және қағидасы" ГОСТ 7.1-2003 бойынша мақалалардағы библиографиялық тізімдердің ресімдеу жөніндегі базалық баспа стандарттарына сәйкестігі туралы;

      Қазақстандық дәйексөз алу базасында нөлдік емес импакт-факторлы журналдың болуы (бар болған жағдайда);

      редакция алқасы (редакциялық кеңес) мүшелерінің мақалаларына сілтеме жасалуы туралы мәлімет;

      9) шетелдік авторлардың жарияланымдарының, сондай-ақ журналдың әрбір нөмірінде шет тілдеріндегі жарияланымдардың болуы;

      10) жарияланымдар мен авторлар этикасына қойылатын талаптар.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.12.2017 № 606 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Web of Science, Scopus, Pubmed, zbMath, MathScinet, Agris, Georef, Astrophysical journal библиометрикалық деректер базасына енгізілген ғылыми басылымдар осы Талаптың 6-тармағындағы нормаларды қолданбай Басылымдар тізбесіне енгізіледі.

      4. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ғылыми басылымдарының кәсіптік қызметінің ерекшелігін ескере отырып, Басылымдар тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар енгізіледі:

      1) Заңның 4-3 бабының 2) тармақшасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің болуы (Заңның 12-бабына сәйкес таралымы 100 данаға жетпейтін басылымдардан басқасы);

      2) құқық қорғау қызметі, қорғаныс және қауіпсіздік, әскери, әскери-техникалық, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің өзекті проблемалары жөніндегі ғылыми жұмыстардың жарияланымы;

      3) Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша Мемлекетаралық кеңес қабылдаған (1998 жылғы 28 мамырдағы № 1:3-98 хаттама) "Журналдар, жинақтар, ақпараттық басылымдар. Жарияланатын материалдарды баспалық ресімдеу" ГОСТ 7.5-98 бойынша мақалалардың, сондай-ақ Стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша Мемлекетаралық кеңес қабылдаған (2003 жылғы 2 шілдедегі № 12 хаттама) "Библиографиялық жазба. Библиографиялық сипат. Құрастырудың жалпы талаптары және қағидасы" ГОСТ 7.1-2003 бойынша мақалалардағы библиографиялық тізімдерді ресімдеу жөніндегі базалық баспа стандарттарына сәйкестігі туралы ҰМҒТСО-дан берілген анықтаманың болуы;

      4) мемлекеттік құпияларды қамтитын басылымдарды қоспағанда, ақпараттық ресурстар арқылы журналға қол жеткізу;

      5) шетелдік авторлар жарияланымдарының болуын білдіретін журналдың халықаралық бағыттылығы, сондай-ақ материал жарияланатын ғылым саласындағы журналдың редакция алқасының халықаралық құрамы (мемлекеттік құпияларды қамтымайтын басылымдардан басқа). Журнал орналасқан ақпараттық ресурстарда дәрежесі және ғылыми атағы (болған жағдайда) көрсетілген редакция алқасы мүшелерінің деректері келтіріледі;

      6) журналдың уақытылы шығарылуы және басылым мерзімділігі жылына кемінде екі рет, таралымы кемінде екі жүз дана. Мемлекеттік құпияларды қамтитын басылым таралымын баспа айқындайды;

      7) тақырыптарына жақын салада зерттеулер жүргізетін мамандардың мақалаларды рецензиялауы;

      8) мемлекеттік құпияларды қамтитын басылымдардан басқа, шетел тіліндегі мақалалардың болуы.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 25.02.2019 № 89 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.