Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 5 наурызда № 13409 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 47) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.06.2024 № 295 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдардың тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (С.Н. Нүсіпов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберсін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Н. Нүсіповке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Сәрінжіпов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік

      комитетінің Төрағасы

      В. Жұмақанов __________

      2016 жылғы 4 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      Ә. Исекешев___________

      2016 жылғы 5 ақпан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрі

      Қ. Қасымов _____________

      2016 жылғы 29 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      И. Тасмағамбетов _________

      2016 жылғы 1 ақпан



  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 12 қаңтардағы
№ 20 бұйрығымен
бекітілген

Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 14.06.2024 № 295 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялауға ұсынылатын басылымдар тізбесіне (бұдан әрі – Басылымдар тізбесі) қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 47) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (бұдан әрі – Комитет) Басылымдар тізбесі үш деңгейден қалыптастырылады:

      1) бірінші деңгейлі ғылыми басылымдар (бұдан әрі – 1-тізім);

      2) екінші деңгейлі ғылыми басылымдар (бұдан әрі – 2-тізім);

      3) үшінші деңгейлі ғылыми басылымдар (бұдан әрі – 3-тізім).

      3. 1-тізімге Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Web of science Core Collection (Вэб оф Сайнс Кор Коллекшн) деректер базасындағы Arts and Humanities Citation Index (Aртс энд Хьюманитис Цитэйшэн Индекс), Science Citation Index Expanded (Сайенс Цитэйшэн Индекс Экспандид), Social Sciences Citation Index (Сошиал Сайенсиз Цитэйшэн Индекс) және Emerging Sources Citation Index (Эмержинг Соурсез Цитэйшэн Индекс) индекстеріне енгізілген немесе Scopus (Скопус) деректер базасындағы немесе Elsevier (Эльзевир), Brill (Брилл), CRC Press (СРС Пресс), DeGruyter (ДеГрюйтер), Edward Elgar Publishing (Эдвар Элгар Паблишинг), John Wiley & Sons (Джон Уайли и Сонс), McGraw Hill (Макроу Хилл), Palgrave Macmillan (Палгрейв Макмиллан), Peter Lang (Питер Лэнг), Prentice Hall (Прентис Холл), Routledge (Рутледж), Sage Publications (Сэйдж Публикейшен), Springer Nature (Шпрингер Нэйчар), Taylor and Francis (Тейлор и Фрэнсис), Wolters Kluwer (Вольтерс Клувер) сенімді баспаларында немесе US News Best Global Universities Rankings немесе Academic Ranking of World Universities (Академик Ранкинг оф Ворлд Юниверситиес) немесе Times Higher Education World University Rankings (Таймс Хайер Едукейшн Ворлд Юниверсити Ранкинг) немесе US News Best Global Universities Rankings (Юэс Ньюс Бэст Глобал Юниверситиз Ранкингс) топ-100 (жүз) рейтингіндегі университет баспасында шығарылған рецензияланған ғылыми басылымдар автоматты түрде енгізіледі.

      Отандық ғылыми басылымдар 1-тізімге ену үшін мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі № 101 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20296 болып тіркелген) "Мерзімді баспасөз басылымдарын, ақпараттық агенттіктерді және желілік басылымдарды есепке қою немесе қайта есепке алу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің, жазылу индексінің (болған жағдайда) және ISSN (International Standard Serial Number (Интернйэшнл Стандард Сериал Намбер)) халықаралық стандартты сериялық нөмірінің болуы;

      2) редакцияның мәлімдеген мақсаттары мен тақырыптық бағытын, оның кезеңділігін, жариялау шарттарын, рецензиялау түрін, мұрағаттауды және қолжетімділікті, сондай-ақ жариялау әдебін көрсететін баспа бекіткен журналдың редакциялық саясатының болуы;

      3) жарияланатын ғылыми мақалалардың (оның ішінде шолулардың) журналдың мәлімделген мақсаты мен тақырыптық бағытына сәйкестігі. Ғылыми мақала – бұрын жарияланбаған және жаңалығы бар авторлық әзірлемелерді, қорытындыларды, ұсынымдарды қамтитын, эксперименттік немесе талдамалық қызметтің, ғылыми зерттеудің өзіндік тұжырымдары мен аралық немесе түпкілікті нәтижелерін; немесе ортақ тақырыпқа байланысты бұрын жарияланған ғылыми мақалаларды қарауға арналған (жүйелі шолу) баяндау. Ғылыми мақаланың құрылымы IMRAD (ИМРАД) (түпнұсқа мақалалар үшін), атаудан, аннотациядан, түйін сөздерден, кіріспеден, материалдар мен әдістерден, нәтижелерден, талқылаудан, қорытындыдан, қаржыландыру туралы ақпараттан (болған жағдайда), әдебиеттер тізімінен тұрады. Әрбір түпнұсқа мақалада (әлеуметтік-гуманитарлық бағытты қоспағанда) зерттеу нәтижелері жаңғыртылатын болуы тиіс, жабдықтар мен материалдардың шығу тегі, деректерді статистикалық өңдеу әдістері және жаңғыртуды қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері көрсетіле отырып, зерттеу әдіснамасы сипатталуы тиіс. Жарияланымның түрі көрсетіледі – мақала, рецензия, шолу, жазба, редакцияға хат, редакцияға жазылған хатқа жауап. Жарияланымдардың басқа түрлерінің мазмұны нөмірдегі мақалалардың жалпы санының 10%-ынан (он пайызынан) аспайды. Соңғы 6 (алты) айда жарияланған мақалалар сапасы осы Талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша бағаланады және кемінде 30 (отыз) балды құрайды;

      4) автор немесе авторлар ұжымы тұжырымдамаға, ғылыми дизайнға, мәлімделген ғылыми зерттеуді орындауға немесе түсіндіруге және ғылыми мақала жазуға үлес қосады. Мұны авторлар жеке үлесін көрсету арқылы растайды. Авторлар тұрақты белсенді сандық идентификаторды (ORCID (ОРСИД) немесе институционалдық профильдерге сілтемесі көрсетеді. Редакциялық алқа авторлармен кері байланысты қамтамасыз етеді, оларды мақаланың қабылданғаны және қаралу мерзімі туралы хабардар етеді;

      5) журналды кемінде толық 2 (екі) жыл басып шығару, ғылыми басылымның уақытында шығуының мәлімделген мерзімділігін сақтау;

      6) журналдың әрбір нөміріндегі жарияланымдар санының кемінде 1/3 (үштен бірі) журнал бекіткен тақырыптық бағыт бойынша шетелдік авторлар мақалаларының, сондай-ақ ағылшын тілінде мақалалардың болуы немесе қазақстандық бірлескен авторсыз шетелдік автордың 1 (бір) мақаласы ескеріледі;

      7) баспамен үлестес емес авторлардың ғылыми мақалалары журналдың әрбір нөміріндегі жарияланымдар санының кемінде 50%-ын (елу пайызын) құрайды;

      8) журнал мақалаларының соңғы 5 (бес) жылдағы Web of Science (Сайнс веб-сайты) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базаларындағы дәйексөзділігі немесе журналдың шетелдік дәйексөз келтіру жүйелерінде немесе шетелдік репозиторийлерде таралуы;

      9) редакциялық алқада немесе редакциялық кеңесте Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында журналдың тақырыптық бағыты бойынша кемінде 5 (бес) Хирш индексі бар ғалымдардың, оның ішінде шетелдік ғалымдардың болуы. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдар үшін Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары бар ғалымдардың (оның ішінде шетелдік) болуы;

      10) жарияланатын мақаланың сапасын, нәтижелерді баяндаудың дұрыстығы мен дәйектілігін қамтамасыз ету мақсатында жасырын пікір беруді қолдана отырып, тиісті тақырып бойынша ғалымдардың немесе мамандардың ғылыми еңбектерді рецензиялауы. Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары не кемінде 2 (екі) Хирш индексі бар шетелдік рецензенттердің (әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдарды қоспағанда) болуы. Рецензенттерді таңдау жүйесінің, рецензиялауға арналған сауалнаманың болуы;

      11) аннотациялардың, кілт сөздер мен авторлар туралы ақпараттың – аты-жөндерінің, аффилиациясының (ұйымның атауы), ел атауының және барлық жарияланым авторларының электронды мекенжайларының (оның ішінде корреспонденция үшін авторын көрсете отырып) болуы. Аннотацияда зерттеудің мәні мен қолданылған әдістері баяндалады, аса маңызды нәтижелер мен олардың маңыздылығы жинақталады. Аннотацияның көлемі 300 (үш жүз) сөзден аспайды. Түйін сөздер мақала мәтінін іздеуге және оның пәндік саласын анықтауға арналған;

      12) ағылшын тіліндегі библиографиялық ақпараттың – мақала тақырыбының, аннотацияның, түйін сөздердің, авторлар туралы ақпараттың болуы;

      13) әрбір мақалаға әдебиеттің (пайдаланылатын көздердің) транслитерацияланған тізімдерінің болуы;

      14) әрбір мақалаға журналдың мазмұнын және Интернеттегі сілтемелерді бірегей және тұрақты онлайн сәйкестендіру үшін объектінің сандық сәйкестендіргіші болып табылатын және International DOI Foundation (Интернэйшенел ДОИ Фаундэйшен) тіркеу агенттігі беретін DOI (бұдан әрі – DOI (ДОИ)) болуы;

      15) плагиатқа тексерудің, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша тексерудің лицензиялық жүйесін пайдалану;

      16) жарияланымның редакцияға келіп түсу, мақұлдану және ресми сайтта бірінші рет жариялану уақытын көрсету;

      17) ғылыми басылымның ақпараттық ашықтығы – ғылыми басылымның жеке электрондық сайтының (бетінің) (оның ішінде ағылшын тілінде) болуы, онда төмендегілер көрсетілуі тиіс:

      ғылыми басылымның қағаз және/немесе электрондық нұсқасы туралы ақпарат, оның ішінде басылымның құрылтайшысы және (немесе) меншік иесі туралы мәліметтер және оның сайтына сілтеме;

      ғылыми басылымның мақсаты мен тақырыптық бағыты;

      ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы (болған жағдайда), жұмыс орны, белсенді цифрлық идентификаторы (ORCID (ОРСИД) немесе институционалдық бейіндерге сілтемесі көрсетілген редакциялық алқаның (редакциялық кеңестің) құрамы. Редакция алқасы мүшелерінің анықталуы және байланыс үшін қолжетімді болуы керек;

      мақалаларды рецензиялау түрі мен тәртібі;

      әрбір мақалаға DOI (ДОИ);

      жариялау әдебі, онда редакторлардың, рецензенттер мен авторлардың міндеттері мен құқықтары, сондай-ақ мүдделер қақтығысын, әдепсіз іс-әрекетті анықтау шаралары, мақалаларды қайтарып алу немесе түзету, түзетулер, кешірім сұрау, теріске шығару бойынша нұсқаулық, авторлардың тілі, жынысы, нәсілдік немесе этникалық тегі бойынша кемсітушіліктің болмауы, жасанды интеллектін пайдалану (жарияланған мақалалардағы ChatGPT (чат ДЖИПИТИ), жасанды интеллектке қарым-қатынасы туралы мәлімдеме) көрсетіледі. Авторлардың, редакторлардың немесе баспагерлердің өз мақалаларына өз бетінше рецензия беруімен, жасанды және жалған рецензиялаумен, ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау жөніндегі агенттік қызметтеріне жүгінумен, авторлар құрамын бұрмалаумен, жалған ғылыми мәтіндерді жариялаумен, авторлардың келісімінсіз мақалалардың мәтіндерін басқа журналдарға берумен, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға берумен, авторлық құқықтардың және редакциялық процестердің құпиялылық қағидаттарының бұзылуымен, дәйексөзді манипуляциялаумен, плагиатпен, бұрмалаумен және ойдан шығарумен байланысты іс-әрекеттері әдепке жатпайтын әрекеттер болып табылады. Егер журнал басқа ұйым немесе ұйымдар (WAME (УЭЙМ), COPE (КОП), Хельсинки декларациясы) тұжырымдаған қағидаттарды қолдаса және пайдаланса, дереккөзге дәйексөз салынған қағидаттардың толық мәтіні келтіріледі не толық мәтінге белсенді сілтеме беріледі;

      авторларға мақаланы ресімдеу, оның ішінде әдебиеттер тізімін ресімдеу үшін транслитерация әдістерін қолдану бойынша нұсқау;

      іздеу жүйесі;

      соңғы он екі айдағы нөмірдің мазмұны және мазмұнына қол жеткізілетін өткен жылдардағы нөмірлердің мұрағаты;

      байланыс ақпараты;

      мақалаларды рецензиялау және жариялау тәртібі;

      мақалаларды берудің және рецензиялаудың онлайн жүйесі;

      статистикалық деректер жүйесінің болуы (қарау және/немесе жүктеу).

      Сайттағы ақпарат дәл және ақпараттық архитектура мен навигация жүйесі жарияланған контентке және барлық басқа функцияларға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сайтта және жарияланған мақалалар мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық және техникалық қателер мен жаңсақ жазылымдарға жол берілмейді.

      Докторлық диссертацияларды (PhD) қорғау үшін Басылымдар тізбесінен жарияланым ретінде 1-тізімге енгізілген журналдағы 1 (бір) мақала ескеріледі.

      4. Басылымдар тізбесінің 2-тізіміне мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар кіреді:

      1) Қағидаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің, жазылу индексінің (болған жағдайда) және ISSN (International Standard Serial Number (Интернйэшнл Стандард Сериал Намбер)) халықаралық стандартты сериялық нөмірінің болуы;

      2) редакцияның мәлімдеген мақсаттары мен тақырыптық бағыты, оның кезеңділігі, жариялау шарттары, рецензиялау түрі, мұрағаттау және қолжетімділік, сондай-ақ жариялау әдебін көрсететін баспа бекіткен журналдың редакциялық саясатының болуы;

      3) жарияланатын ғылыми мақалалардың (оның ішінде шолулардың) журналдың мәлімделген мақсаты мен тақырыптық бағытына сәйкестігі. Ғылыми мақала – бұрын жарияланбаған және жаңалығы бар авторлық әзірлемелерді, қорытындыларды, ұсынымдарды қамтитын, эксперименттік немесе талдамалық қызметтің, ғылыми зерттеудің өзіндік тұжырымдары мен аралық немесе түпкілікті нәтижелерін; немесе ортақ тақырыпқа байланысты бұрын жарияланған ғылыми мақалаларды қарауға арналған (жүйелі шолу) баяндау. Ғылыми мақаланың құрылымы атауынан, аннотациядан, түйін сөздерден, кіріспеден, материалдар мен әдістерден, нәтижелерден, талқылаудан, қорытындыдан, қаржыландыру туралы ақпараттан (бар болған жағдайда), әдебиеттер тізімінен тұрады. Әрбір түпнұсқа мақалада (әлеуметтік-гуманитарлық бағытты қоспағанда) зерттеу нәтижелері жаңғыртылатын болуы тиіс, жабдықтар мен материалдардың шығу тегі, деректерді статистикалық өңдеу әдістері және жаңғыртуды қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері көрсетіле отырып, зерттеу әдіснамасы сипатталуы тиіс. Жарияланымдардың басқа түрлерінің мазмұны нөмірдегі мақалалардың жалпы санының 10%-ынан (он пайызынан) аспайды. Бұл ретте автор немесе авторлар ұжымы тұжырымдамаға, ғылыми дизайнға, мәлімделген ғылыми зерттеуді орындауға немесе түсіндіруге және ғылыми мақала жазуға елеулі үлес қосады;

      4) журналды кемінде 2 (екі) толық жыл басып шығару, ғылыми басылымның уақытында шығуының мәлімделген мерзімділігін сақтау;

      5) журналдың әрбір нөмірінде шетелдік авторлар мақалаларының, сондай-ақ шет тілдерінде (оның ішінде ағылшын тілінде) мақалаларының болуы;

      6) баспамен аффилирленбеген авторлардың ғылыми мақалалары журналдың әрбір нөміріндегі жарияланымдар санының кемінде 50%-ын (елу пайызын) құрайды;

      7) шетелдік дәйексөз жүйелерінде немесе электрондық кітапханаларда ғылыми басылымның таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз базасында журналдың импакт-факторының болуы;

      8) редакциялық алқада немесе редакциялық кеңесте Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында кемінде 2 (екі) Хирш индексі (журналдың тақырыптық бағыты бойынша) бар ғалымдардың болуы. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдар үшін Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары бар ғалымдардың болуы;

      9) жарияланатын мақаланың сапасын, нәтижелерді баяндаудың дұрыстығы мен дәйектілігін қамтамасыз ету мақсатында жасырын пікір беруді қолдана отырып, тиісті тақырып бойынша ғалымдардың немесе мамандардың ғылыми еңбектерді рецензиялауы. Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында жарияланымдары бар шетелдік рецензенттердің (әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы журналдарды қоспағанда) болуы;

      10) аннотациялардың, кілт сөздер мен авторлар туралы ақпараттың – аты-жөндерінің, аффилиациясының (ұйымның атауы), ел атауының және барлық жарияланым авторларының электронды мекенжайларының (оның ішінде корреспонденция үшін авторын көрсете отырып) болуы. Аннотацияда зерттеудің мәні мен қолданылған әдістері баяндалады, аса маңызды нәтижелер мен олардың маңыздылығы жинақталады. Аннотацияның көлемі 300 (үш жүз) сөзден аспайды. Түйін сөздер мақала мәтінін іздеуге және оның пәндік саласын анықтауға арналған;

      11) ағылшын тіліндегі библиографиялық ақпараттың болуы – мақаланың тақырыбы, аннотация, түйін сөздер, авторлар туралы ақпарат;

      12) әрбір мақалаға әдебиеттің (пайдаланылатын көздердің) транслитерацияланған тізімдерінің болуы;

      13) әрбір мақалаға DOI (ДОИ) болуы;

      14) мәтінді пайдалануды анықтаудың лицензиялық жүйесін пайдалану, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша;

      15) ғылыми басылымның ақпараттық ашықтығы – ғылыми басылымның:

      ғылыми басылымның қағаз және/немесе электрондық нұсқасы туралы ақпарат, оның ішінде басылымның құрылтайшысы және (немесе) меншік иесі туралы мәліметтер;

      ғылыми басылымның мақсаты мен тақырыптық бағыты;

      ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы (болған жағдайда), жұмыс орны көрсетілген редакциялық алқаның (редакциялық кеңестің) құрамы;

      мақалаларды рецензиялау түрі мен тәртібі;

      әрбір мақалаға DOI (ДОИ);

      жариялау әдебі, онда редакторлардың, рецензенттер мен авторлардың міндеттері мен құқықтары, сондай-ақ мүдделер қақтығысын, әдепсіз іс-әрекетті анықтау шаралары, мақалаларды қайтарып алу немесе түзету, түзетулер, кешірім жасау, теріске шығару бойынша нұсқаулық көрсетіледі. Авторлардың, редакторлардың немесе баспагерлердің өз мақалаларына өз бетінше рецензия беруімен, жасанды және жалған рецензиялаумен, ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау жөніндегі агенттік қызметтеріне жүгінумен, авторлар құрамын бұрмалаумен, жалған ғылыми мәтіндерді жариялаумен, авторлардың келісімінсіз мақалалардың мәтіндерін басқа журналдарға берумен, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға берумен, авторлық құқықтардың және редакциялық процестердің құпиялылық қағидаттарының бұзылуымен, дәйексөзді манипуляциялаумен, плагиатпен, бұрмалаумен және ойдан шығарумен байланысты іс-әрекеттері әдепке жатпайтын әрекеттер болып табылады. Егер журнал басқа ұйым немесе ұйымдар (WAME (УЭЙМ), COPE (КОП), Хельсинки декларациясы) тұжырымдаған қағидаттарды қолдаса және пайдаланса, дереккөзге дәйексөз салынған қағидаттардың толық мәтіні келтіріледі не толық мәтінге белсенді сілтеме беріледі;

      авторларға мақаланы ресімдеу, оның ішінде әдебиеттер тізімін ресімдеу үшін транслитерация әдістерін қолдану бойынша нұсқау;

      іздеу жүйесі;

      соңғы он екі айдағы нөмірдің мазмұны және мазмұнына қол жеткізе отырып, өткен жылдардағы нөмірлердің мұрағаты;

      байланыс ақпараты;

      мақалаларды берудің және рецензиялаудың онлайн жүйесі көрсетілетін жеке электрондық сайтының (бетінің) болуы.

      Докторлық диссертацияларды (PhD) қорғау үшін Басылымдар тізбесінен жарияланым ретінде 2-тізімге енгізілген журналдағы 2 (екі) мақала ескеріледі. 

      5. 3-тізімге мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар енгізіледі:

      1) Қағидаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылу туралы куәліктің, жазылу индексінің (бар болған жағдайда) және ISSN (International Standard Serial Number (Интернйэшнл Стандард Сериал Намбер)) халықаралық стандартты сериялық нөмірінің болуы;

      2) редакцияның мәлімдеген мақсаттары мен тақырыптық бағытын, оның кезеңділігін, жариялау шарттарын, рецензиялау түрін, мұрағаттауды және қолжетімділікті, сондай-ақ жариялау әдебін көрсететін баспа бекіткен журналдың редакциялық саясатының болуы;

      3) жарияланатын ғылыми мақалалардың (оның ішінде шолулардың) журналдың мәлімделген мақсаты мен тақырыптық бағытына сәйкестігі. Ғылыми мақала – бұрын жарияланбаған және жаңалығы бар авторлық әзірлемелерді, қорытындыларды, ұсынымдарды қамтитын, эксперименттік немесе талдамалық қызметтің, ғылыми зерттеудің өзіндік тұжырымдары мен аралық немесе түпкілікті нәтижелерін; немесе ортақ тақырыпқа байланысты бұрын жарияланған ғылыми мақалаларды қарауға арналған (жүйелі шолу) баяндау. Ғылыми мақаланың құрылымы атаудан, аннотациядан, түйін сөздерден, кіріспеден, материалдар мен әдістерден, нәтижелерден, талқылаудан, қорытындыдан, қаржыландыру туралы ақпараттан (болған жағдайда), әдебиеттер тізімінен тұрады. Әрбір түпнұсқа мақалада (әлеуметтік-гуманитарлық бағытты қоспағанда) зерттеу нәтижелері жаңғыртылатын болуы тиіс, жабдықтар мен материалдардың шығу тегі, деректерді статистикалық өңдеу әдістері және жаңғыртуды қамтамасыз етудің басқа да тәсілдері көрсетіле отырып, зерттеу әдіснамасы сипатталуы тиіс. Жарияланымдардың басқа түрлерінің мазмұны нөмірдегі мақалалардың жалпы санының 10%-ынан (он пайызынан) аспайды. Бұл ретте автор немесе авторлар ұжымы тұжырымдамаға, ғылыми дизайнға, мәлімделген ғылыми зерттеуді орындауға немесе түсіндіруге және ғылыми мақала жазуға үлес қосады;

      4) журналды кемінде 1 (бір) жыл басып шығару, ғылыми басылымның уақытында шығуының мәлімделген мерзімділігін сақтау;

      5) шетелдік авторлар мақалаларының, сондай-ақ ағылшын тіліндегі мақалалардың болуы;

      6) баспамен үлестес авторлардың ғылыми мақалалары журналдың әрбір нөміріндегі жарияланымдар санының 70%-ынан (жетпіс пайызынан) аспайды;

      7) цифрлық электрондық кітапханаларда/репозиторийлерде ғылыми басылымның таралуы немесе Қазақстандық дәйексөз базасында журналдың импакт-факторының болуы;

      8) редакциялық алқада немесе редакциялық кеңесте Web of Science (Вэб оф Сайнс) немесе Scopus (Скопус) халықаралық деректер базасында журналдың тақырыптық бағыты бойынша жарияланымдары бар ғалымдардың болуы;

      9) жасырын пікір беруді қолдана отырып, тиісті тақырып бойынша ғалымдардың немесе мамандардың ғылыми еңбектерді рецензиялауы; 

      10) аннотациялардың, кілт сөздер мен авторлар туралы ақпараттың – аты-жөндерінің, аффилиациясының (ұйымның атауы), ел атауының және барлық жарияланым авторларының электронды мекенжайларының (оның ішінде корреспонденция үшін авторын көрсете отырып) болуы; 

      11) ағылшын тіліндегі библиографиялық ақпараттың – мақала тақырыбының, аннотацияның, түйін сөздердің, авторлар туралы ақпараттың болуы;

      12) әрбір мақалаға әдебиеттің (пайдаланылатын көздердің) транслитерацияланған тізімдерінің болуы;

      13) DOI (ДОИ) болуы;

      14) плагиатқа тексерудің, оның ішінде халықаралық деректер базалары бойынша тексерудің лицензиялық жүйесін пайдалану;

      15) ғылыми басылымның ақпараттық ашықтығы – ғылыми басылымның жеке электрондық сайтының (бетінің) болуы, онда төмендегілер көрсетілуі тиіс:

      ғылыми басылымның қағаз және/немесе электрондық нұсқасы туралы ақпарат, оның ішінде басылымның құрылтайшысы және (немесе) меншік иесі туралы мәліметтер;

      ғылыми басылымның мақсаты мен тақырыптық бағыты;

      ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы (болған жағдайда), жұмыс орны көрсетілген редакциялық алқаның (редакциялық кеңестің) құрамы;

      мақалаларды рецензиялау түрі мен тәртібі;

      әрбір мақалаға DOI (ДОИ);

      жариялау әдебі. Егер журнал басқа ұйым немесе ұйымдар (WAME (УЭЙМ), COPE (КОП), Хельсинки декларациясы) тұжырымдаған қағидаттарды қолдаса және пайдаланса, дереккөзге дәйексөз салынған қағидаттардың толық мәтіні келтіріледі не толық мәтінге белсенді сілтеме беріледі;

      авторларға мақаланы ресімдеу, оның ішінде әдебиеттер тізімін ресімдеу үшін транслитерация әдістерін қолдану бойынша нұсқау;

      іздеу жүйесі;

      соңғы он екі айдағы нөмірдің мазмұны және мазмұнына қол жеткізілетін өткен жылдардағы нөмірлердің мұрағаты;

      байланыс ақпараты.

      Сайттағы ақпарат дәл және ақпараттық архитектура мен навигация жүйесі жарияланған контентке және барлық басқа функцияларға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сайтта және жарияланған мақалалар мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық және техникалық қателер мен жаңсақ жазылымдарға жол берілмейді.

      Докторлық диссертацияларды (PhD) қорғау үшін Басылымдар тізбесінен жарияланым ретінде 3-тізімге енгізілген журналдағы 3 (үш) мақала ескеріледі.

      6. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының кәсіби қызметінің ерекшелігін ескере отырып, Басылымдар тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін ғылыми басылымдар енгізіледі:

      1) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес таралымы 100 (жүз) данаға жетпейтін басылымдарды қоспағанда басқа, Қағидаларға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қою туралы куәліктің болуы;

      2) құқық қорғау қызметі, қорғаныс және қауіпсіздік, әскери, әскери-техникалық, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің өзекті проблемалары жөніндегі ғылыми жұмыстардың жарияланымы;

      3) мақалаларды және мақалалардағы библиографиялық тізімдерді ресімдеу жөніндегі стандарттарды пайдалану;

      4) мемлекеттік құпияларды қамтитын ғылыми басылымдарды қоспағанда, журналға ақпараттық ресурстар арқылы қол жеткізу;

      5) шетелдік авторлар жарияланымдарының болуын білдіретін журналдың халықаралық бағыттылығы, сондай-ақ материал жарияланатын ғылым саласындағы журналдың редакция алқасының халықаралық құрамы (мемлекеттік құпияларды қамтитын басылымдардан басқа). Журнал орналасқан ақпараттық ресурстарда дәрежесі және ғылыми атағы (болған жағдайда) көрсетілген редакция алқасы мүшелерінің деректері келтіріледі;

      6) журналдың уақытылы шығарылуы және басылым мерзімділігі жылына кемінде төрт рет;

      7) тақырыптарына жақын салада зерттеулер жүргізетін мамандардың мақалаларды рецензиялауы;

      8) мемлекеттік құпияларды қамтитын басылымдардан басқа, шет тіліндегі мақалалардың болуы.

  Ғылыми қызметтің нәтижелерін
жариялау үшін ұсынылатын
басылымдар тізбесіне қосу
үшін ғылыми басылымдарға
қойылатын талаптарға
қосымша

      Нысан

Журналды сараптамалық бағалау нысаны

Бағалау атауы

Бағалау (1-ден 5 балға дейін)

Пікірлер

1

Ғылым үшін маңыздылығы

1 балл – мақалалардың көпшілігі ғылым үшін маңызды емес не олардың ғылым үшін маңыздылығы мақалалардың көбінде ашылмаған;
2 балл – мақалалардың жартысынан кемі ғылым үшін маңызды, алайда олардың маңыздылығы толық ашылмаған;
3 балл – мақалалардың жартысынан кемі ғылым үшін маңызды және олардың маңыздылығы жақсы ашылған;
4 балл – мақалалардың көпшілігі ғылым үшін маңызды және олардың маңыздылығы жақсы ашылған;
5 балл – барлық мақалалар ғылымға айтарлықтай үлес қосады және олардың маңыздылығы жақсы ашылған.


2

Жаңалығы

1 балл – көпшілік мақалалардың жаңашылдығы ашылмаған немесе жоқ;
2 балл – мақалалардың жартысынан кемінде жаңа ғылыми ілімдер бар, бұл ретте олардың жаңашылдығы толық ашылмаған;
3 балл – мақалалардың жартысынан кемінде жаңа ғылыми ілімдер бар, бұл ретте олардың жаңашылдығы жақсы ашылған;
4 балл – мақалалардың көпшілігінде жаңа ғылыми ілімдер бар, ал олардың жаңашылдығы жақсы ашылған;
5 балл – барлық мақалаларда жаңа ғылыми ілімдер бар және олардың жаңашылдығы жақсы ашылған.


3

Әдіснамасы

1 балл – мақалалардың көпшілігінде әдіснаманы таңдау негізделмеген немесе әдіснама жеткілікті түрде толық сипатталмаған;
2 балл – мақалалардың жартысынан кемінде әдіснаманы таңдау негізделген, алайда ол жеткілікті түрде толық сипатталмаған;
3 балл – мақалалардың жартысынан кемінде әдіснаманы таңдау негізделген және ол жеткілікті түрде толық сипатталған;
4 балл – мақалалардың көпшілігінде әдіснаманы таңдау негізделген және ол жеткілікті түрде толық сипатталған;
5 балл – барлық мақалаларда әдіснаманы таңдау негізделген және ол жеткілікті түрде толық сипатталған.


4

Негізгі тұжырымдардың дұрыстығы

1 балл – мақалалардың көпшілігінде негізгі тұжырымдар ғылыми тұрғыдан ауқымды дәлелдерге негізделмеген, ғылымға қайшы не нашар негізделген (qualitative research (куолитатив ресҰч) үшін);
2 балл – мақалалардың жартысынан кемінде негізгі тұжырымдардың басым бөлігі ғылыми тұрғыдан ауқымды дәлелдерге негізделген не жеткілікті түрде жақсы негізделген (qualitative research (куолитатив ресҰч) үшін);
3 балл – мақалалардың көпшілігінде негізгі тұжырымдардың басым бөлігі ғылыми тұрғыдан ауқымды дәлелдерге негізделген не жеткілікті түрде жақсы негізделген (qualitative research (куолитатив ресҰч) үшін);
4 балл – мақалалардың көпшілігінде барлық негізгі тұжырымдар ғылыми тұрғыдан ауқымды дәлелдерге негізделген не жеткілікті түрде жақсы негізделген (qualitative research (куолитатив ресҰч) үшін);
5 балл – барлық мақалаларда барлық негізгі тұжырымдар ғылыми тұрғыдан ауқымды дәлелдерге негізделген не жеткілікті түрде жақсы негізделген (qualitative research (куолитатив ресҰч) үшін).


5

Дереккөздер мен ұсынылған ақпараттың дұрыстығы

1 балл – мақалалардың көпшілігінде көптеген маңызды тұжырымдар өзекті және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталмаған;
2 балл – мақалалардың жартысынан кемінде маңызды тұжырымдардың басым бөлігі өзекті және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталған;
3 балл – мақалалардың көпшілігінде маңызды тұжырымдардың басым бөлігі өзекті және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталған;
4 балл – мақалалардың көпшілігінде барлық маңызды тұжырымдар өзекті және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталған;
5 балл – барлық мақалаларда барлық маңызды тұжырымдар өзекті және сенімді ғылыми әдебиеттерге сілтемелермен расталған.


6

Мақалалардың жазылу және ресімделу сапасы

1 балл – барлық мақалалар нашар жазылған және ресімделген (ғылым үшін тиімсіз);
2 балл – мақалалардың көпшілігі нашар жазылған және ресімделген (ғылым үшін тиімсіз);
3 балл – мақалалардың жартысы нашар жазылған және ресімделген (ғылым үшін тиімсіз);
4 балл – мақалалардың көпшілігі өте жақсы жазылған және ресімделген;
5 балл – барлық мақалалар өте жақсы жазылған және ресімделген.


7

Жалпы рецензиялау сапасы (мақалалар сапасы және ғылыми қауымдастық пікірлері негізінде)

1 балл – журналдағы рецензиялау сапасы өте төмен немесе жоқ;
2 балл – көпшілік мақалаларды рецензиялау сапасы төмен;
3 балл – мақалалардың көпшілігі (50%-дан (елу пайыздан) жоғары) қатаң тәуелсіз рецензиялаудан өткен;
4 балл – мақалалардың басым көпшілігі (75%-дан (жетпіс бес пайыздан) жоғары) қатаң тәуелсіз рецензиялаудан өткен;
5 балл – барлық мақалалар қатаң тәуелсіз рецензиялаудан өткен.