Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 687 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 желтоқсанда № 12475 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 3 желтоқсандағы
№ 687 бұйрығымен
бекітілген

Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңы 5-бабының 70-13) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу тәртібін (бұдан әрі – болжамды теңгерім) айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар:

      1) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімі – алдағы жеті жылдық кезеңде мемлекеттің электр энергиясы мен қуатының ішкі сұраныстарын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің техникалық мүмкіндіктерін көрсететін құжат.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар мен анықтамалар қолданылады Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2. Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу
тәртібі

      3. Болжамды теңгерім Қазақстан Республикасының, оның ішінде оның аумақтары бойынша бөлінген біртұтас электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі – ҚР БЭЖ) үшін әзірленеді.

      ҚР БЭЖ-де жылдық ең жоғары электр жүктемесі күніне әзірленетін электр қуатының теңгерімі бөлігінде мыналар ескеріледі:

      1) салу үшін уәкілетті орган тендер жеңімпазымен тиісті шарт жасаған, тендер негізінде жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың қолда бар электр қуатының көлемі;

      2) уәкілетті органмен жасалған жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісімдер шеңберінде пайдалануға берілетін, жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың генерациялайтын қондырғыларының қолда бар электр қуатының көлемі;

      3) жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың бұрыннан бар генерациялайтын қондырғыларының (осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген қолда бар электр қуатын қоспағанда) қолда бар электр қуатының көлемі;

      4) жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органмен жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісімді жасаспай, осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген қолда бар электр қуатының көлеміне қосымша енгізуге жоспарлаған қолда бар электр қуатының көлемі (Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау-сметалық құжаттама болған кезде);

      5) уәкілетті органның пайдалануға жаңадан берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізу тетігін қолданбай пайдалануға беру жоспарланатын жаңа электр станцияларының қолда бар электр қуатының көлемі (Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау-сметалық құжаттама болған кезде).

      Жаңартылатын энергия көздері бойынша объектілер болжамды теңгерімде олар өндірген электр энергиясы бөлігінде толық көлемде, қуат бөлігінде мынадай көлемде ескеріледі:

      1) су ағынымен жұмыс істейтін бөгетсіз су электр станциялары – қолда бар қуаттан 30 %;

      2) жел электр станциялары – қолда бар қуаттан 20 %;

      3) күн электр станциялары – қолда бар қуаттан 0 %.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 14.12.2018 № 513 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жүйелік оператор жыл сайын он бесінші қазанға дейінгі мерзімде болжамды теңгерімді әзірлейді және келесі материалдармен бірге уәкілетті органға енгізеді:

      1) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес болжамдық теңгерімде есепке алынған электр станцияларының тізімін;

      2) осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес болжамды теңгерімде есепке алынған электр станцияларының генерациялық қондырғысының қолда бар электр қуатының болжамды мәні туралы ақпаратты;

      3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тиісті энергия өндіруші ұйымдардан алынған растаушы хат көшірмелерін.

      Егер уәкілетті органға енгізілген болжамдық теңгерімде ҚР БЭЖ электр жүктемесінің ең жоғарғы жылдық сағатқа жатқызылатын араласқан ҚР БЭЖ аймақтарындағы электр жүктемесінің болжамдық көлемі өткен жылда бекітілген болжамдық теңгерімдегі тиісті көлемге қатысы бойынша өзгерген жағдайда жүйелік оператор уәкілетті органға осы өзгерісті негіздейтін, материалдарды енгізеді.

      5. Уәкілетті орган электр энергиясы мен қуатының алдағы жеті жылдық кезеңге арналған болжамды теңгерімін келіп түскен күнінен бастап үш ай ішінде бекітеді.

      6. Бекітілген электр энергиясы мен қуатының алдағы жеті жылдық кезеңге арналған болжамды теңгерімі бекітілген күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органның және жүйелік оператордың интернет-ресурсында орналастырылады.

  Электр энергиясы мен қуатының болжамды
теңгерімдерін әзірлеу қағидаларына
1-қосымша

      нысан

Болжамдық теңгерімде есепке алынған электр станцияларының
тізімі.

№ п/п

Электр станциясының атауы

1) Конденсаторлық электр станциялары

1


2


NN


2) Жылу электр орталықтары

1


2


NN


1) Су электр станциялары

1


2


2) Газ-турбиналы және бу газды электр станциялары

1


2


NN


3) ЖЭК пайдалану бойынша объектілер

1


2


NN


  Электр энергиясы мен қуатының болжамды
теңгерімдерін әзірлеу қағидаларына
2-қосымша

      нысан

Болжамды теңгерімде есепке алынған электр станцияларының
генерациялық қондырғысының қолда бар электр қуатының болжамды
мәні туралы ақпарат.

      МВт

№ п/п

Генерациялық қондырғы

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

19.12.

ХХХХ г.

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

1










2










….










NN











БАРЛЫҒЫ










      Ескертпе:

      1) Аталған кесте теңгерімде есепке алынған әрбір электр станциясы үшін осы электр станцияның генерациялық қондырғысы бөлінісінде толтырылады;

      2) Егер қандайда бір қолданыстағы генерациялық қондырғыны қайта құру немесе жаңғырту, ауыстыру жөндеу (ағымдағы, күрделі) кезеңі ҚР БЭЖ ең жоғарғы электр жүктемесі күндерінде өтіп жатса аталған генерациялық қондырғының реттік электр қуатының мәні ретінде тиісті ұяшықта "0" (нөл) мәні көрсетіледі. Осы ретте, ескертпесінде жөндеу түрі көрсетіледі.