"Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 687 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы № 513 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 желтоқсанда № 17969 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 687 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12475 болып тіркелген, 2016 жылғы 8 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімдерін әзірлеу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Болжамды теңгерім Қазақстан Республикасының, оның ішінде оның аумақтары бойынша бөлінген біртұтас электр энергетикалық жүйесі (бұдан әрі – ҚР БЭЖ) үшін әзірленеді.

      ҚР БЭЖ-де жылдық ең жоғары электр жүктемесі күніне әзірленетін электр қуатының теңгерімі бөлігінде мыналар ескеріледі:

      1) салу үшін уәкілетті орган тендер жеңімпазымен тиісті шарт жасаған, тендер негізінде жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың қолда бар электр қуатының көлемі;

      2) уәкілетті органмен жасалған жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісімдер шеңберінде пайдалануға берілетін, жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың генерациялайтын қондырғыларының қолда бар электр қуатының көлемі;

      3) жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдардың бұрыннан бар генерациялайтын қондырғыларының (осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген қолда бар электр қуатын қоспағанда) қолда бар электр қуатының көлемі;

      4) жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органмен жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға арналған инвестициялық келісімді жасаспай, осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген қолда бар электр қуатының көлеміне қосымша енгізуге жоспарлаған қолда бар электр қуатының көлемі (Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау-сметалық құжаттама болған кезде);

      5) уәкілетті органның пайдалануға жаңадан берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізу тетігін қолданбай пайдалануға беру жоспарланатын жаңа электр станцияларының қолда бар электр қуатының көлемі (Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау-сметалық құжаттама болған кезде).

      Жаңартылатын энергия көздері бойынша объектілер болжамды теңгерімде олар өндірген электр энергиясы бөлігінде толық көлемде, қуат бөлігінде мынадай көлемде ескеріледі:

      1) су ағынымен жұмыс істейтін бөгетсіз су электр станциялары – қолда бар қуаттан 30 %;

      2) жел электр станциялары – қолда бар қуаттан 20 %;

      3) күн электр станциялары – қолда бар қуаттан 0 %.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев