Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12457 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодексінің 282-бабының бесінші бөлігіне, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексінің 347-1-бабының бесінші бөлігіне, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 820-1-бабының бесінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. "Сот отырысының барысын тіркеп жазуды қамтамасыз ететін аудио- немесе бейнежазу құралдарын техникалық қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2015 жылғы 3 шілдедегі № 336 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік реестрінде № 11896 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 28 тамызда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының орынбасары Қ.О. Елібаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оны бірінші ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі, бірақ 2016 жылғы 1 қаңтардан ерте емес.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының жанындағы
      Соттардың қызметін қамтамасыз ету
      департаменті (Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының аппараты) басшысы І. Испанов

  Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз
ету департаменті (Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының
аппараты) басшысының
2015 жылғы 24 қарашадағы
№ 6001-15-7-6/486 бұйрығымен
бекітілген

Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - ҚР АПК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі - ҚР ҚПК) және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (бұдан әрі - ҚР ӘҚБтК) сәйкес әзірленген және сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін айқындайды.

      2. Сот отырыстарын аудио-, бейнежазбаға түсіру сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін сот ісін жүргізу мақсатында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде немесе тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады.

2. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану тәртібі

      3. Мынадай жағдайларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысының барысы аудио-, бейнежазбаға түсіріледі:

      1) азаматтық іс тараптардың шақырылуынсыз қаралған кезде (бұйрық арқылы, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу);

      2) азаматтық іс бойынша сот отырысына қатысатын адамдардың бәрі сот отырысына келмеген жағдайда, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі;

      3) егер өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде өз кінәсін толығымен мойындап, дәлелдемелерді зерттеу қажеттігі туралы мәлімдемесе;

      4) жабдықтың техникалық ақауы, оның болмауы немесе техникалық себептерге байланысты қолдану мүмкін болмаған жағдайда.

      Істі бірінші сатыдағы сотта сот талқылауына дайындау кезінде алдын ала сот отырысында, осы сатыда даудың мәні бойынша шешім шығарылатын жағдайларды қоспағанда, хаттама соттың қалауы бойынша жүргізіледі.

      4. Апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында аудио-, бейнежазба:

      1) азаматтық істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қараған, ҚР АПК-нің 413-бабының екінші бөлігінде және 420-бабының төртінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша жаңа дәлелдемелер зерттелген жағдайда;

      2) ҚР ҚПК-нің талаптарына сәйкес қылмыстық іс бойынша жаңа дәлелдемелерді зерттеген, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да адамдардан жауап алған;

      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарағанда, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптама қорытындыларын зерттеу, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ өз бастамашылығы бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның өтінішхаты бойынша жүргізіледі.

      5. Кассациялық сатыдағы сотта хаттама, қысқаша хаттама, сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілмейді.

      6. Сот отырысы барысында аудио- немесе бейнежазба құралдары үздіксіз пайдаланылады. Сот отырысы залында қатысып отырғандарға сот талқылауын кейінге қалдыру, үзіліс немесе сот шешімін қабылдау үшін соттың кеңесу бөлмесіне кетуі туралы хабарлаған сәттен бастап және оның сот талқылауын хабарлаған немесе қайта бастаған кезге дейінгі аудио-, бейнежазба құралдарының тоқтап тұруы үзіліс болып есептелмейді.

      7. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалануды сот отырысының хатшысы іске асырады.

      8. Сот отырысының хатшысы сот отырысы басталғанға дейін сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарының жұмысқа жарамдылығын тексереді.

      9. Сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарын қолдану мүмкін болмаған жағдайда аудио-, бейнежазбаны қолданбау себебін сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсете отырып, бұл туралы судьяға баяндайды. Сот отырысы аяқталғаннан кейін сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарының техникалық ақаулықтары туралы кеңсе меңгерушісін хабардар етеді, ол өз кезегінде облыстық және оған теңестірілген сот кеңсесінің ақпараттық технологиялар бойынша бас маманына хабарлайды.

      10. Аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануға мүмкіндіктің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

      11. Сот отырысын аудио-, бейнежазу кезінде сот отырысының хатшысы тыңдағыштар арқылы тыңдау жолымен жазба сапасына ағымдағы бақылау, арнайы бағыттағы бағдарламада белгіленген аудио-, бейнежазба құралдарының дыбысжазу эквалайзері және сыртқы дыбысқа тербелу эквалайзер шкаласының тербелуіне әсер етуін бақылау жолымен дыбысжазба кешенінің жұмысқа жарамдылығына бақылау жасауды іске асырады.

      12. Сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдары жүйесінде сот отырысының аудио-, бейнежазбасының жазылуын, сондай-ақ сот отырысының қысқаша хаттамасынан кейін тізбеде көрсете отырып, іске қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіштің бір дана көшірмесін жазуды қамтамасыз етеді.

      13. Соттың аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланғаны туралы сот отырысының қысқаша хаттамасында аудио-, бейнежазба жазылған файлдың атауы көрсетіледі.

      14. Сот отырысы аяқталғаннан кейін автоматты режимде сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сот отырысы хатшысының электрондық цифрлық колы қойылып, аудио-, бейнежазба құралдары жүйесінің серверінде сақталады.

      15. Аудио-, бейнежазба бар материалдық (электрондық) жеткізгіштер орамада іс номері, сот отырысының күні көрсетіліп, оралған күйінде (конвертте) іс материалдарына қоса тіркеледі, сондай-ақ сот отырысы хатшысының қолы қойылады.

      16. Сот отырысы барысының аудио-, бейнежазбасын одан әрі жазу мүмкін болмаған жағдайда, бұл туралы сот талқылауының қатысушыларына хабарланады.

      17. Егер техникалық ақаулықтар салдарынан сот отырысы барысының аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы хаттамалау мүмкін болмағаны немесе сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілмегені анықталса, акт жасалады.

      18. Бірінші сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы мен аудандық және оларға теңестірілген сот кеңсесінің меңгерушісі қол қояды және сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      Апелляциялық сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы, облыстық және оған теңестірілген сотың кеңсе меңгерушісі және ақпараттық технологиялар бойынша бас маман қол қояды және сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      19. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасын заңсыз тоқтатуға немесе түзетуге тыйым салынады.

3. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасын сақтау және жою тәртібі

      20. Сот отырысының жазылуын қамтамасыз ететін сервер, жабдық, оларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейтін шаралармен қамтамасыз етіледі. Серверге қол жеткізу тәртібі "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      21. Іске қоса тіркелген сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмелерінің сақталуына, судьяның істі қарау кезеңінде және істі мұрағатқа өткізгенге дейін сот отырысының хатшысы, іс мұрағатқа тапсырылғаннан сәттен бастап сот мұрағатшысы қамтамасыз етеді.

      22. Мұрағатшы істі қабылдаған кезінде іс материалдарына қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіште сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмелерінің болуын тексереді.

      23. Бірінші және апелляциялық сатыдағы сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары күн сайын регламенттелген уақытта бірінші сатыдағы деректерді репликациялай отырып, облыстық және оған теңестірілген соттың аудио-, бейнежазба құралдары жүйесінің серверінде сақталады.

      24. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары соттың деректерді сақтау серверінде сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап 1 (бір) жылдан кем емес уақыт сақталады. Аудио-, бейнежазба жазылған материалдық (электрондық) жеткізгіштің сақталу мерзімі азаматтық және қылмыстық істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің сақталу мерзімдеріне сәйкес келеді.

      25. Аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгіш Сақтау мерзімдері көрсетіле отырып Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті және басқа да соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және Соттар кеңселері мемлекеттік мекемелерінің қызметінде жасалатын құжаттар тізбесіне сәйкес іспен бірге сақталады.

      26. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгішті жою Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және Қазақстан Республикасы соттарының кеңселері мемлекеттік мекемелерінің құжаттарын қалыптастыру, іріктеу, есепке алу, уақытша сақтау және мемлекеттік мұрағат мекемелеріне тұрақты сақтауға тапсыру тәртібі туралы қағидаларға сәйкес іске асырылады.

      27. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сот отырысы барысының жазылуы қамтамасыз еткен аудио-, және (немесе) бейнежазба құралдары жүйесінің деректерді сақтау серверінен сот отырыстарының аудио-, бейнежазбаларын сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін автоматты түрде жойылады. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот құжаттарының электрондық мұрағатының сервері жүйесіне беру (ауыстыру) жолымен сақталады.

4. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына қол жеткізу тәртібі

      28. Азаматтық немесе қылмыстық іске қатысушы адамдарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамдарды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің басқа қатысушыларын, олардың өкілдерін сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыру олардың өтінішхаты бойынша жүзеге асырылады. Таныстыру осы мақсатта арнайы жабдықталған жерде қажетті техникалық құралдарды пайдалану арқылы тиісті аудио-, бейнежазбаны тыңдауға (көруге) мүмкіндік жасау жолымен іске асырылады.

      29. Таныстыру аяқталғаннан кейін сот қызметкері көзбен шолып қарау арқылы сот отырысының аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгіштің сақталуын тексереді.

      30. Мәжбүрлеп оқшаулау орындарында ұсталып отырған адамдарды сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыру осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен олардың өкілдеріне аудио-, бейнежазба көшірмелерін беру арқылы іске асырылады.

      31. Осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген тұлғалардың өтінішхаты бойынша сот осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша арыздың негізінде сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін ұсынады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының м.а. 15.05.2017 № 6001-17-7-6/185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда, іске қатысушы адамдарға және олардың өкілдеріне сот отырысының аудио-, бейнежазбасы берілмейді, оларға сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі сотта жүргізіледі.

      33. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сот қызметкері аудио-, бейнежазбасының көшірмесін жазудан бұрын материалдық (электрондық) жеткізгішті форматтайды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының м.а. 15.05.2017 № 6001-17-7-6/185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Сот отырысы аудио-, бейнежазбасының көшірмесін сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде береді.

      35. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен танысқан не оның материалдық (электрондық) жеткізгіштегі көшірмесін алған адам аудио-, бейнежазбамен танысу немесе оның көшірмесін алу туралы өтінішхатқа тиісті белгі қояды.

  Сот отырысының барысын
түсіріп алуды қамтамасыз ететін
аудио-, бейнежазба құралдарын
техникалық қолдану, аудио-,
бейнежазбаны сақтау және жою,
аудио-, бейнежазбаға қол
жеткізу қағидаларына
қосымша
  нысан
  Судья_______________________
(Т.А.Ж. (болған жағдайда)
соттың атауы)
____________________________
____________________________
(өтініш берушінің Т.А.Ж.
(болған жағдайда)
____________________________
(тұратың мекен-жайы, телефон нөмірі)

Сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін беру туралы арызы

      Ескерту. Қағида қосымшамен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының м.а. 15.05.2017 № 6001-17-7-6/185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Маған ____________________________________________________________________

      іс/материал бойынша 20___ж. "___" __________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (материалдық (электрондық) жеткізгіште/ақпараттық сервис арқылы (астын сызыңыз).

      сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін беруіңізді сұраймын.

      Мыналарды:

      1) ұсынылатын сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін іске қатысатын басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, тек өз құқықтарын қорғау үшін ғана қолдануға;

      2) ұсынылатын сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Интернет желісінде таратпауға;

      3) ұсынылатын сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін үшінші тұлғаларға бермеуге міндеттенемін.

      20____ ж. "____" ________________________________ _______________.

      Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны, сонымен қатар, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін заңда белгіленген әкімшілік (ӘҚБтК-тің 79-бабы) және қылмыстық (ҚР ҚК-тің 147-бабы) жауаптылық туралы ескертілдім.

      Материалдық (электрондық) жеткізгіш қандай да бір жазбаларсыз қоса берілді.

      Қоса берілген материалдық (электрондық) жеткізгіштің форматталатыны және ондағы бар ақпараттың жойылатыны туралы хабардармын және онымен келісемін.

      __________ ___________

      (күні) (қолы)