Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12457 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасын Азаматтық процестік кодексінің 282-бабының бесінші бөлігіне, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 347-1-бабының бесінші бөлігіне, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 829-13-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 147 бабының бірінші бөлігіне сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдық-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. "Сот отырысының барысын тіркеп жазуды қамтамасыз ететін аудио- немесе бейнежазу құралдарын техникалық қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2015 жылғы 3 шілдедегі № 336 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік реестрінде № 11896 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 28 тамызда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының орынбасары Қ.О. Елібаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оны бірінші ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі, бірақ 2016 жылғы 1 қаңтардан ерте емес.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының жанындағы
      Соттардың қызметін қамтамасыз ету
      департаменті (Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының аппараты) басшысы І. Испанов

  Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз
ету департаменті (Қазақстан
Республикасы Жоғарғы Сотының
аппараты) басшысының
2015 жылғы 24 қарашадағы
№ 6001-15-7-6/486 бұйрығымен
бекітілген

Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі - ҚР АПК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі - ҚР ҚПК) және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (бұдан әрі - ҚР ӘҚБтК) және Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес әзірленген және сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Сот отырыстарын аудио-, бейнежазбаға түсіру сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін сот ісін жүргізу мақсатында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде немесе тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Мынадай:

      1) азаматтық іс тараптарды шақырусыз қаралған кезде (бұйрық арқылы, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу);

      2) егер өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде өз кінәсін толығымен мойындап, дәлелдемелерді зерттеу қажеттігі туралы мәлімдемесе;

      3) жабдықтың техникалық ақауы, оның болмауы немесе техникалық себептерге байланысты қолдану мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысының барысы аудио-, бейнежазбаға түсіріледі.

      Азаматтық іске қатысушы барлық тараптар сот отырысына келмеген не сот отырысы жаңа дәлелдемелер зерттелместен өткізілетін жағдайларда, сот отырысының хаттамасын жүргізу туралы мәселені судья шешеді.

      Азаматтық істі бірінші сатыдағы сотта сот талқылауына дайындау кезінде хаттама тараптардың өтінішхаты немесе соттың бастамасы бойынша, сондай-ақ осы сатыда даудың мәні бойынша шешім шығарылатын жағдайларда шығарылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында аудио-, бейнежазба:

      1) азаматтық істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қараған, ҚР АПК-нің 413-бабының екінші бөлігінде және 420-бабының төртінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша жаңа дәлелдемелер зерттелген жағдайда;

      2) ҚР ҚПК-нің талаптарына сәйкес қылмыстық іс бойынша жаңа дәлелдемелерді зерттеген, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да адамдардан жауап алған;

      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарағанда, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптама қорытындыларын зерттеу, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алу қажет болған жағдайларда, сондай-ақ өз бастамашылығы бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның өтінішхаты бойынша жүргізіледі.

      5. Кассациялық сатыдағы сотта хаттама, қысқаша хаттама, сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілмейді.

      6. Сот отырысы барысында аудио- немесе бейнежазба құралдары үздіксіз пайдаланылады. Сот отырысы барысында аудио- немесе бейнежазба құралдары үздіксіз пайдаланылады. Сот отырысы залында қатысып отырғандарға сот талқылауын кейінге қалдыру, үзіліс немесе сот шешімін қабылдау үшін соттың кетуі туралы хабарлаған сәттен бастап және оның сот талқылауын хабарлаған немесе қайта бастаған кезге дейінгі аудио-, бейнежазба құралдарының тоқтап тұруы үзіліс болып есептелмейді.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалануды сот отырысының хатшысы іске асырады.

      8. Сот отырысының хатшысы сот отырысы басталғанға дейін сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарының жұмысқа жарамдылығын тексереді.

      9. Сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарын қолдану мүмкін болмаған жағдайда аудио-, бейнежазбаны қолданбау себебін сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсете отырып, бұл туралы судьяға баяндайды. Сот отырысы аяқталғаннан кейін сот отырысының хатшысы аудио-, бейнежазба құралдарының техникалық ақаулықтары туралы аудандық және оған теңестірілген Сот әкімшісінің басшысын (бұдан әрі - Сот әкімшісі) хабардар етеді, ол өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі департаментінің (бұдан әрі – Сот әкімшілігі департаменті) тиісті құрылымдық бөлімшесінің қызметкерін хабардар етеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануға мүмкіндіктің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.

      11. Сот отырысын аудио-, бейнежазу кезінде сот отырысының хатшысы тыңдағыштар арқылы тыңдау жолымен жазба сапасына ағымдағы бақылау, арнайы бағыттағы бағдарламада белгіленген аудио-, бейнежазба құралдарының дыбысжазу эквалайзері және сыртқы дыбысқа тербелу эквалайзер шкаласының тербелуіне әсер етуін бақылау жолымен дыбысжазба кешенінің жұмысқа жарамдылығына бақылау жасауды іске асырады.

      12. Сот отырысының хатшысы сот отырысының аудио-, бейнежазбасын, аудио-, бейнежазба құралдарымен қамтамасыз етеді, оның барысында міндетті түрде сот процесіне әрбір қатысушының сөз сөйлеуін тіркейтін дыбыс белгісін, сондай-ақ қысқаша хаттамадан кейін тізімдемеде көрсетіле отырып, іс материалдарына қоса тіркелетін бір данада материалдық (электрондық) жеткізгіштегі көшірменің жазбасын қояды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппаратының) басшысының м.а. 11.02.2019 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Соттың аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланғаны туралы сот отырысының қысқаша хаттамасында аудио-, бейнежазба жазылған файлдың атауы көрсетіледі.

      14. Сот отырысы аяқталғаннан кейін автоматты режимде сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сот отырысы хатшысының электрондық цифрлық колы қойылып, аудио-, бейнежазба құралдары жүйесінің серверінде сақталады.

      15. Аудио-, бейнежазба бар материалдық (электрондық) жеткізгіштер орамада іс номері, сот отырысының күні көрсетіліп, оралған күйінде (конвертте) іс материалдарына қоса тіркеледі, сондай-ақ сот отырысы хатшысының қолы қойылады.

      16. Сот отырысы барысының аудио-, бейнежазбасын одан әрі жазу мүмкін болмаған жағдайда, бұл туралы сот талқылауының қатысушыларына хабарланады.

      17. Егер техникалық ақаулықтар салдарынан сот отырысы барысының аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы хаттамалау мүмкін болмағаны немесе сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілмегені анықталса, акт жасалады.

      18. Бірінші сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы мен Сот әкімшісі қол қояды және сот отырысының хаттамасына тіркеледі.

      Апелляциялық сатыдағы сотта актіге сот отырысының хатшысы, Сот әкімшілігі департаментінің тиісті құрылымдық бөлімшесінің басшысы мен қызметкері қол қояды және сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасын заңсыз тоқтатуға немесе түзетуге тыйым салынады.

3-тарау. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасын сақтау және жою тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Сот отырысының жазылуын қамтамасыз ететін сервер, жабдық, оларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейтін шаралармен қамтамасыз етіледі. Серверге қол жеткізу тәртібі "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      21. Іске қоса тіркелген сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмелерінің сақталуына, судьяның істі қарау кезеңінде және істі мұрағатқа өткізгенге дейін сот отырысының хатшысы, іс мұрағатқа тапсырылғаннан сәттен бастап сот мұрағатшысы қамтамасыз етеді.

      22. Мұрағатшы істі қабылдаған кезінде іс материалдарына қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіште сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмелерінің болуын тексереді.

      23. Бірінші және апелляциялық сатылардағы сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары күн сайын регламенттелген уақытта бірінші сатыдағы соттардың деректері репликацияланып, Сот әкімшілігі департаментінің аудио -, бейнежазба құралдары жүйесінің серверінде сақталады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Сот әкімшілігі басшысының 06.06.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары соттың деректерді сақтау серверінде сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап 1 (бір) жылдан кем емес уақыт сақталады. Аудио-, бейнежазба жазылған материалдық (электрондық) жеткізгіштің сақталу мерзімі азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің сақталу мерзімдеріне сәйкес келеді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгіш Сақтау мерзімдері көрсетіле отырып Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы жергілікті және басқа да соттарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және Соттар кеңселері мемлекеттік мекемелерінің қызметінде жасалатын құжаттар тізбесіне сәйкес іспен бірге сақталады.

      26. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгішті жою Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) және Қазақстан Республикасы соттарының кеңселері мемлекеттік мекемелерінің құжаттарын қалыптастыру, іріктеу, есепке алу, уақытша сақтау және мемлекеттік мұрағат мекемелеріне тұрақты сақтауға тапсыру тәртібі туралы қағидаларға сәйкес іске асырылады.

      27. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сот отырысы барысының жазылуы қамтамасыз еткен аудио-, және (немесе) бейнежазба құралдары жүйесінің деректерді сақтау серверінен сот отырыстарының аудио-, бейнежазбаларын сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін автоматты түрде жойылады. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот құжаттарының электрондық мұрағатының сервері жүйесіне беру (ауыстыру) жолымен сақталады.

4-тарау. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына қол жеткізу тәртібі

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Азаматтық, әкімшілік немесе қылмыстық іске қатысушы адамдарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамдарды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің басқа қатысушыларын, олардың өкілдерін сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыру олардың өтінішхаты бойынша жүзеге асырылады. Таныстыру осы мақсатта арнайы жабдықталған жерде қажетті техникалық құралдарды пайдалану арқылы тиісті аудио-, бейнежазбаны тыңдауға (көруге) мүмкіндік жасау жолымен іске асырылады.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Таныстыру аяқталғаннан кейін сот қызметкері көзбен шолып қарау арқылы сот отырысының аудио-, бейнежазбасы бар материалдық (электрондық) жеткізгіштің сақталуын тексереді.

      30. Мәжбүрлеп оқшаулау орындарында ұсталып отырған адамдардың сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен танысуы мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен азаматтық, әкімшілік сот ісін жүргізу бойынша іске қатысушы тараптардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудиожазба көшірмелері ұсынылады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Осы Қағидалардың 28-тармағында көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша сот осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша арыздың негізінде сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесін, азаматтық және әкімшілік істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қоспағанда, ұсынады.

      Сот азаматтық және әкімшілік істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот отырысының аудиожазбасының көшірмесін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сот отырысының аудиожазбасының көшірмесін беру туралы жазбаша арыздың негізінде береді.

      Бұл ретте адам дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы және алынған жазбаны осы Кағидалардың 2-тармағында көзделген мақсаттарда пайдалану туралы ескертіледі.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      32. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда, іске қатысушы адамдарға және олардың өкілдеріне сот отырысының аудио-, бейнежазбасы берілмейді, оларға сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен таныстыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі сотта жүргізіледі.

      33. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сот қызметкері аудио-, бейнежазбасының көшірмесін жазудан бұрын материалдық (электрондық) жеткізгішті форматтайды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Сотының аппаратының) басшысының м.а. 15.05.2017 № 6001-17-7-6/185 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Қылмыстық істер бойынша сот отырысының аудио-, бейнежазба көшірмесі сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап бес тәулік ішінде беріледі.

      Сот отырысының аудиожазба көшірмесі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша үш тәулік ішінде, ал азаматтық және әкімшілік істер бойынша сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап бес күн ішінде беріледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен танысқан не оның материалдық (электрондық) жеткізгіштегі көшірмесін алған адам аудио-, бейнежазбамен танысу немесе оның көшірмесін алу туралы өтінішхатқа тиісті белгі қояды.

  Сот отырысының барысын
түсіріп алуды қамтамасыз ететін
аудио-, бейнежазба құралдарын
техникалық қолдану, аудио-,
бейнежазбаны сақтау және жою,
аудио-, бейнежазбаға қол
жеткізу қағидаларына
1-қосымша
 нысан
  Судья_______________________
  (Т.А.Ә. (болған жағдайда)
  соттың атауы)
  ____________________________
  ____________________________
  (өтініш берушінің Т.А.Ә.
  (болған жағдайда)
  ____________________________
  (тұрғылықты жері, телефон нөмірі)

Сот отырысының аудио-,бейнежазба көшірмесін беру туралы арыз

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 25.08.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Маған_______________________________________________________________

      20___ж "___" қылмыстық іс/материал бойынша сот отырысының аудио-, бейне жазба көшірмесін ________________________________________________________________

      (материалдық (электрондық) жеткізгіште/ақпараттық сервис арқылы (астын сызыңыз) беруіңізді сұраймын.

      Мыналарды:

      1) ұсынылатын сот отырысының аудио-,бейнежазба көшірмесін тек сот ісін жүргізу мақсатында, сондай-ақ нақты деректерді анықтау мақсатында пайдалануға;

      2) егер субъектінің құқықтары мен бостандықтары бұзылатын сондай-ақ озге де жеке және (немесе) заңды тұлғалардың заңды мүдделері қозғалатын болса, дербес деректерді таратуға жол бермеуге міндеттенемін.

      20____ ж. "____" ________________________________ _______________

      Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны, сонымен қатар "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін заңда белгіленген әкімшілік (ӘҚБтК-нің 79-бабы) және қылмыстық (ҚР ҚК-нің 147-бабы) жауаптылық туралы ескертілдім.

      Материалдық (электрондық) жеткізгіш қандай да бір жазбаларсыз қоса беріліп отыр.

      Қоса берілген материалдық (электрондық) жеткізгіштің форматталатыны және ондағы бар ақпараттың жойылатыны туралы хабардармын және онымен келісемін.

      (күні) ________(қолы)__________

  Сот отырысының барысын
түсіріп алуды қамтамасыз ететін
аудио-, бейнежазба құралдарын
техникалық қолдану, аудио-,
бейнежазбаны сақтау және жою
аудио-, бейнежазбаға қол
жеткізу қағидаларына
2-қосымша
  Судья_______________________
(Т.А.Ә. (болған жағдайда)
соттың атауы)
____________________________
(өтініш берушінің Т.А.Ә
(болған жағдайда)
____________________________
(тұрғылықты жері, телефон
нөмірі)

Сот отырысының аудиожазба көшірмесін беру туралы арыз

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Соты аппараты) басшысының 21.06.2021 № 26 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Маған________________________________________________________

      20___ж "___" азаматтық және әкімшілік істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот отырысының аудиожазба көшірмесін

      __________________________________________________________________

      (материалдық (электрондық) жеткізгіште/ақпараттық сервис арқылы (астын сызыңыз) беруіңізді сұраймын.

      Мыналарды:

      1) ұсынылатын сот отырысының аудиожазба көшірмесін тек сот ісін жүргізу мақсатында, сондай-ақ нақты деректерді анықтау мақсатында пайдалануға;

      2) егер субъектінің құқықтары мен бостандықтары бұзылатын сондай-ақ озге де жеке және (немесе) заңды тұлғалардың заңды мүдделері қозғалатын болса, дербес деректерді таратуға жол бермеуге міндеттенемін.

      20____ ж. "____" ________________________________ _____________

      Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны, сонымен қатар, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін заңда белгіленген әкімшілік (ӘҚБтК-нің 79-бабы) және қылмыстық (ҚР ҚК-нің 147-бабы) жауаптылық туралы ескертілдім.

      Материалдық (электрондық) жеткізгіш қандай да бір жазбаларсыз қоса беріліп отыр.

      Қоса берілген материалдық (электрондық) жеткізгіштің форматталатыны және ондағы бар ақпараттың жойылатыны туралы хабардармын және онымен келісемін.

      (күні) _______(қолы)__________