Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 қарашада № 12247 болып тіркелді.

Жаңартылған

      2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 35-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мамытбеков

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 7 қазандағы
№ 18-02/896 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің (бұдан әрi – Кодекс) 35-бабына сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер (бұдан әрi – тендерлер) өткiзу тәртiбiн белгілейді.

      Осы Қағидалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман ресурстарына қолданылмайды.

      2. Осы Қағидаларда Кодексте көзделген ұғымдар және мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) лот – мемлекеттiк орман иеленушiнiң тендерге қойылатын орман ресурстары бойынша белгiленген тәртiппен құжаттамалық ресiмделген ұсынысы;

      2) өтiнiм-лот – мемлекеттiк орман иеленушiнiң қалыптасу процесiндегi тендерге қойылатын орман ресурстары бойынша ұсынысы;

      3) тендерге қатысушы – осы Қағидаларға сәйкес ұзақ мерзiмдi орман пайдалану құқығын алу үшiн өзiнiң тендерге қатысатынын мәлiмдеген жеке және заңды тұлғалар;

      4) тендер өтiнiмi – тендерге қатысушы тендер комиссиясына тапсырған және тендер ұйымдастырушы мен осы Қағидалардың талаптарына сәйкес ресiмделген құжаттар жиынтығы;

      5) тендер құжаттамасы – лоттың сипаттамасын, ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының жобасын (бұдан әрi – шарт жобасы) қамтитын құжаттар жиынтығы және тендер өткiзу рәсiмiн айқындайтын құжаттар;

      6) тендердi ұйымдастырушы – тендерге қойылатын мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары функционалдық қарауында болатын облыстардың жергілікті атқарушы органдары немесе орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлімшелері;

      7) уәкілетті орган – мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру тәртiбiнiң сақталуын үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыратын орман шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлімшелері.

      3. Сүрек дайындау үшiн орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға бекітіп беру жөніндегі тендерге қатысуға мынадай талаптарға сай келетін жеке және заңды тұлғалар жіберіледі:

      1) меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында мынадай материалдық-техникалық базасының болуы: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 18-02/596 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11894 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларында белгіленген кеспеағаш жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемінің және орман шаруашылығы-экология талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін сүрек құлатуға, сүйретуге, тиеуге және тасып әкетуге арналған техника мен жабдықтар;

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12351 болып тіркелген) бекітілген Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларында көзделген өрт сөндіру жабдықтары мен сөндіру құралдарының болуы;

      3) мамандығы (ағаш дайындау, орман-инженерлік ісі, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) бойынша жоғары кәсіптік білімі немесе тиісті орта кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар инженерлік-техникалық жұмыскер – жауапты орындаушының болуы;

      4) ағаш құлату, бұтақ шабу, сүрек сүйреу, тиеу және тасып әкету жұмыстарын жүргізу үшін оқытылған персоналдың болуы;

      5) еңбекті қорғауға және қауіпсіздік техникасына жауапты маманның болуы;

      6) іс-шараларды қаржыландыру көздері көрсетілген, сүрек дайындау мен өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі перспективалық бес жылдық жоспардың болуы;

      7) салық берешегінің, міндетті зейнетақылық жарналар, міндетті кәсіби зейнетақылық жарналар және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болмауы. Конкурс ұйымдастырушысы салық төлеушінің берешегінің, міндетті зейнетақылық жарналар, міндетті кәсіби зейнетақылық жарналар және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болмауы (болуы) туралы мәліметтерді "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 13.06.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Тендерге орман ресурстарын пайдалануды бiр орман пайдаланушыға бере отырып, бiр учаскеде орман пайдаланудың бiр немесе бiрнеше түрiн көздейтiн лоттар қойылуы мүмкiн.

2. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу тәртібі 1-параграф. Өтінiм-лоттарды қалыптастыру тәртiбi

      5. Өтінiм-лоттарды мемлекеттiк орман иеленушi орман өсiру материалдарына сәйкес және орман ресурстары нарығының қажеттiлiктерi туралы ақпараттың негiзiнде әзiрлейдi.

      6. Орман пайдаланудың жекелеген түрлерiне өтiнiм-лоттарды қалыптастыру мына ерекшелiктердi ескере отырып жүзеге асырылады:

      1) сүрек дайындау үшiн орман ресурстары ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берілген жағдайда, орман пайдаланушыға мемлекеттiк орман қорының учаскесiнде орман орналастыру материалдарына сәйкес сүрек ресурстарын үздіксіз және таусылмайтындай дәрежеде пайдалануды қамтамасыз ететiн алаңдағы, бірақ орманшылық алаңынан аспайтын алаңдағы сүрек ресурстары беріледі.

      Орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру осы аумақта тұратын халықтың мүдделерін ескере отырып, жария түрде жүзеге асырылуға тиіс.

      Лоттар арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер құру үшiн орман пайдаланушыға мемлекеттiк орман қорының аумағында қосымша учаске беру мүмкіндігін көздеуі мүмкін;

      2) аңшылық шаруашылығының мұқтаждары үшiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру туралы ұсыныс дайындалған жағдайда, учаскелер "Қазақстан Республикасы аумағында шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 ақпандағы № 25-03-01/63 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7472 болып тіркелген) сәйкес iрiктеп алынады;

      3) мемлекеттік орман қоры жерлерінде құрылыс объектілеріне учаскелер беру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10751 болып тіркелген, 2015 жылғы 15 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру қағидаларының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 13.06.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6-1. Орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген жағдайда, мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану түрлері Кодексінің 31 тармағындағы 1-2) тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-параграф 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.11.2017 № 445 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Өтiнiм-лот мемлекеттiк орман иеленушi куәландырған мына материалдарды қамтуға тиiс:

      1) ықтимал орман пайдаланушы үшiн орман телiмдерi мен орамдары желiсiн, соқпақтар мен жол желiсiн, аралас жер пайдалану белгiсiн және басқа да қажеттi картографиялық ақпаратты қамтитын орман карталарының материалдары бойынша орындалған ұзақ мерзiмдi орман пайдалану учаскесiнiң абрисi;

      2) орман телiмдерi мен орамдарының тiзбесi қосылған, алаңдар мен қажетті таксациялық деректер көрсетiлген учаскенiң сипаттамасы;

      3) өтiнiм-лотқа енгiзілген орман пайдаланудың әрбiр түрi бойынша ресурстық деректер;

      4) өтiнiм-лотқа енгiзілген орман пайдаланудың әрбiр түрi бойынша жыл сайынғы орман пайдаланудың қолданыстағы тексеру кезеңi шегiндегi рұқсат етiлген көлемдерi;

      5) өтiнiм-лотқа енгiзілген орман пайдаланудың әрбiр түрi бойынша 2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 506-бабына сәйкес белгiленген ақы төлеу мөлшерлерi;

      6) ұзақ мерзiмдi орман пайдалану учаскелерiне тiкелей жақын маңда елдi мекендердiң бар-жоғы, оларда тұратын халықтың саны туралы мәлiметтер, сондай-ақ жергiлiктi халықтың жұмыспен қамтылуы, орман пайдаланудың дәстүрлi түрлерi, әлеуметтiк iс-шараларды iске асыруға және елдi мекендердiң инфрақұрылымын қолдауға қажеттiлiктер туралы деректер.

      8. Тендердi ұйымдастырушы өтiнiм-лоттар келiп түскен сәттен бастап екi апта мерзiмде оларды қарастырады, олар бойынша шарттардың жобаларын әзiрлейдi және тендерлік құжаттама топтамасын бекітеді.

2-параграф. Тендерлердi ұйымдастыру

      9. Тендердi ұйымдастырушы құрамына тендердi ұйымдастырушының, орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мен жер қатынастары саласындағы облыстың жергілікті атқарушы органдарының, облыс мәслихатының, мүдделi мемлекеттiк орман иеленушiнiң, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерi енетiн тендер комиссиясын құрады. Тендер комиссиясының төрағасы болып тендердi ұйымдастырушы басшыларының бiрi, хатшысы болып тендердi ұйымдастырушының лауазымды адамы тағайындалады. Тендер комиссиясының хатшысы оның құрамына кірмейді.

      Тендер комиссиясы мүшелерiнiң саны кемiнде жетi адам болуға тиiс.

      10. Тендердi ұйымдастырушы тендер комиссиясымен бiрлесiп:

      1) тендердi өткiзу уақыты мен орнын;

      2) тендер комиссиясы орналасатын жердi;

      3) тендер құжаттамасын алу орны мен тәсілдерiн;

      4) тендер өтінiмдерiн беру мерзiмдерiн;

      5) тендер комиссиясы отырыстарының регламентiн айқындайды.

      11. Тендердi ұйымдастырушы кемiнде бiр ай бұрын Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын мерзiмдi баспасөз басылымында алдағы тендер туралы хабарландыру жариялайды. Тендердi өткiзу туралы хабарландыру тендерге қойылатын лоттардың атауын, сондай-ақ осы Қағидалардың 9-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген мәлiметтердi қамтуға тиiс, тендерді ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастырады.

      12. Тендерге қатысуға Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасы шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғалары жіберіледі.

      Тендерге қатысқысы келген адам лоттың (лоттардың) атауын көрсете отырып, тендер құжаттамасын алуға еркін нысанда сұраным бередi, тендер құжаттамасында белгiленген талаптарға сәйкес әрбір лот бойынша жеке-жеке тендерлік өтiнiм әзiрлейдi және оны тендердi ұйымдастырушыға мөрленген конвертпен тiркеуге тапсырады.

      Тендерлік өтiнiм тiркелген сәттен бастап тендерлік өтiнiм ұсынған тұлға тендерге қатысушы мәртебесiне ие болады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.11.2017 № 445 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Тендерге қатысушы тапсыратын тендер өтiнiмi:

      1) үмiткердiң тендерге қатысуға келiсiмiн қамтитын тендерге қатысуға берiлген өтiнiмдi және оның тендер талаптарын орындау және тиiстi шарт жасасу жөнiндегi мiндеттемелерiн;

      2) тендерге қатысушыға қойылатын құжаттар тiзбесiн:

      жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмелері;

      ескертпе: *"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Заңы күшіне енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлға ретінде өтінім берушінің заңды тұлғасының қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.

      жеке тұлғалар үшін – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын құжаттың көшірмесін, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін (салыстырып тексеру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда);

      бухгалтерлiк теңгерiмдi, тендер өтiнiмдерi салынған конверттер ашылатын күннің қарсаңында үш айдан асатын уақытқа банк (банктер) алдында тендерге қатысушының мерзiмi өткен берешегi жоқ екенi туралы банктiң (банктердiң) немесе оның құрылымдық бөлімшелерінің тендер өтiнiмдерi салынған конверттер ашылатын күннен кемінде бір ай ерте берілген анықтамасын;

      тендерге қатысушыда орман пайдалануды жүзеге асыру, ормандарды күзету, қорғау және молықтыру жөнiндегi iс-шараларды өткiзу үшiн қажет қаражат пен өндiрiстiк қуаттарылықтардың бар екендiгі туралы құжаттарды (оның iшiнде қызметкерлердiң бар екенi және саны туралы олардың бiлiктiлiгi, мамандығы бойынша жұмыс өтілі көрсетiлген құжаттарды);

      3) ормандарды күзетуге және молықтыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, жергiлiктi халыққа қызметтер көрсетуге бағытталған ұсынылатын қосымша қызметтер мен жұмыстарды;

      4) үш жыл ішінде іске асырылатын, осы жоспарды қаржыландыру көздері мен көлемдері көрсетілген сүректі толық өңдеуді және плантацияда өсіру үшін тұқымбақ ұйымдастыру бойынша кешенді даму жоспарын қамтуға тиіс.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 13.06.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Мемлекеттiк орман иеленушi тендер өткiзiлгенге дейiн тендерге қатысушыларды тендерге қойылатын орман пайдалану учаскелерiмен таныстырады.

      15. Тендерге қатысушы тендер нәтижелерiне қарамастан өзiнiң тендер өтiнiмiн дайындау және тапсыру жөніндегі шығыстарды көтереді.

3-параграф. Тендерлердi өткiзу

      16. Тендер комиссиясы тендер өтінiмдерi салынған конверттердi белгiленген уақытта ашады.

      17. Тендер өтiнiмдерi салынған конверттердi ашу кезiнде тендер комиссиясының хатшысы қатысып отырған адамдарға тендерге қатысушылардың атаулары мен орналасқан жерлерiн хабарлайды, олар қатысып отырған лоттың (лоттардың) атауын, тендер өтiнiмiне енгiзілген құжаттардың тiзбесiн оқиды.

      Тендер өтiнiмдерi салынған конверттердi ашу нәтижелерi бойынша конверттердi ашу хаттамасы жасалады, оның куәландырылған көшiрмелерi ашу рәсiмi кезiнде қатысып отырған тендерге қатысушыларға берiледi.

5. Тендер өтiнiмдерiн қарау және тендерлер жеңiмпаздарын анықтау

      18. Тендер өтiнiмдерiн бағалауды тендер комиссиясы конверттер ашылған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде жүргiзедi.

      Тендерге қатысушылар тендер өтiнiмдерiн бағалауға қатыспайды.

      19. Тендер өтiнiмдерiн қарау барысы туралы ақпарат және оларды бағалау материалдары құпия сипатта болады және бағалау рәсiмiне ресми қатысы жоқ тұлғаларға берiлмейдi.

      20. Тендер комиссиясының шешiмi бойынша ұсыныстары тендер құжаттамасында айтылған барлық талаптарға сай келетiн және тендер шарттарын орындау бөлiгiнде таңдаулы болып табылатын қатысушы тендер жеңiмпазы болып танылады.

      21. Басқа үмiткерлер болмаған жағдайда, егер лот бойынша тендердiң бiрден-бiр қатысушысы тендер өтiнiмiне қойылатын негiзгi талаптарды сақтаған және орман пайдалануды ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөнiнде ол жасаған ұсыныстар тендер шарттарына сай келетiн болса, сол қатысушы тендер жеңiмпазы болып танылады.

      22. Тендерге қатысушылардың ұсыныстарын тендер комиссиясы тендер шарттарын қанағаттандырмайды деп таныса, тендердi ұйымдастырушы оны өтпедi деп таниды.

      23. Тендерге қатысушылар қатарынан оның жеңімпазын таңдау тендер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда, тендер комиссиясының отырысында жүргізіледі. Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөніндегі тендер комиссиясының хаттамасында (бұдан әрі – тендер комиссиясының хаттамасы) тендер комиссиясының қандай да бір мүшесі болмаған жағдайда, осы фактіні растайтын құжатты (ол бар болған жағдайда) қоса отырып, оның болмау себебі көрсетіледі.

      Тендер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған тендер комиссиясына қатысушы мүшелердің жалпы санының көпшілік даусы берілген болса, ол қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, тендер комиссиясының төрағасы немесе ол болмаған жағдайда, төрағаның орынбасары дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі.

      Тендер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, осы тендер комиссиясының кез келген мүшесі ерекше пікір білдіре алады, ол жазбаша түрде баяндалып, тендер комиссиясының хаттамасына қоса тіркеледі.

      Тендер комиссиясының хаттамасы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.

      24. Тендер комиссиясының әрбiр лот бойынша хаттамасына тендер комиссиясының қатысқан барлық мүшелерi, сондай-ақ оның хатшысы қол қояды.

      25. Тендерді ұйымдастырушы тендерлік комиссияның хаттамасына қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік орман иеленушіге және тендер жеңімпазына (жеңімпаздарына) хабарлама жібереді. Мемлекеттік орман иеленуші хаттамаға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде орман пайдаланушымен мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі ұзақ мерзімді орман пайдалану шартын жасасады.

      Тендер нәтижелерi туралы хабар тендер өткiзу туралы хабарландыру жарияланған баспа басылымында жарияланады. Тендердің нәтижелері туралы ақпарат тендерді ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналастырылады.

      26. Тендер нәтижелері туралы есепті тендерді ұйымдастырушы тендер комиссиясының хаттамасына қол қойылғаннан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде уәкілетті органға ұсынады.

      27. Тендер комиссиясының шешiмiмен келiспеген жағдайда, тендер нәтижелерiне 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 292-бабының 1-тармағына сәйкес шағымдануға болады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 13.06.2016 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Мемлекеттiк орман қоры
учаскелерiндегi орман ресурстарын
ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру
жөнiнде тендерлер өткiзу қағидаларына
қосымша

      Нысан

Тендер комиссиясының хаттамасы

      _____________ 20__ ж. "___" _____________

      (елдi мекен)

      Тендердiң басталу күнi және уақыты ________________

      Тендердiң аяқталу күнi және уақыты ________________

      1. Мына құрамдағы (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және

      лауазымы көрсетiлсiн):

      __________________________________________- комиссия төрағасы

      комиссия мүшелерi:

      _________________________________________________;

      _________________________________________________;

      _________________________________________________;

      _________________________________________________;

      құрған,____________________________________________________________

      (тендер комиссиясын құрған органның актісі, құжаттың күнi

      мен нөмiрi көрсетiлсін)

      тендер комиссиясы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман

      ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендер

      өткiздi.

      2. Тендерге мынадай лот қойылды:

Лот

Лоттың сипаттамасы




      3. Тендер құжаттамасын алғандар:


Жеке немесе заңды тұлғаның атауы

Мекен жайы

1



2



3




      4. Тендерге қатысуға тендер өтінiмiн тендердiң мына

      қатысушылары тапсырды:


Тендерге қатысушылардың атауы

Мекен жайы

Теңдер өтiнiмдерiн берген күнi мен уақыты

1




2




3





      5. (Конверттердi ашу кезiнде тендер өтінiмдерiнiң

      қабылданған-қабылданбағаны және олардың қабылданбау себептерi

      көрсетiлсiн).

      6. Тендерге қатысушылар мынадай құжаттар тiзбесiн тапсырды:

Құжаттардың атауы

Тендерге қатысушылардың атауы










































      7. Тендерге қатысушылар тендер құжаттамасының шарттарына

      мынадай қосымша ұсыныстар тапсырды:

Тендерге қатысушының атауы

Ұсыныстар










      8. Тендер комиссиясы тендер өтінiмдерiн бағалау және салыстыру

      нәтижелерi бойынша ШЕШІМ шығарды:

      1. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстарын

      ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға берудiң мынадай шарттарына:

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (лот бойынша тендер жеңiмпазының атауы)

      сәйкес тендер өтiнiмi тендердi жеңіп алды деп танылсын.

      2. Мемлекеттік орман иеленуші күнтізбелік он күн ішінде

      мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстарын ұзақ

      мерзiмдi орман пайдалануға беру туралы ________________шарт жасасын.

      Комиссия төрағасы __________________________

      Комиссия мүшелерi __________________________

      __________________________

      __________________________

      Комиссия хатшысы ___________________________;

      Тендерді ұйымдастырушының

      мөр орны

      (бар болса)