Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 506 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 тамызда № 11892 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Ғарыш қызметi туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті (Т.А. Мұсабаев):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімдік баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсiн.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 28 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      ______________ И. Тасмағамбетов

      2015 жылғы 14 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрінің

      міндетін атқарушы

      ______________ М. Құсайынов

      2015 жылғы 29 маусым

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В. Школьник

      2015 жылғы 10 шілде



  Қазақстан Республикасы
Инвестиция және даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 506 бұйрығымен бекітілген

Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық
құралдарды кәдеге жарату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.03.2020 № 93/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      1. Осы Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Ғарыш қызметi туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-тармағының 1-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртiбiн айқындайды.

      2. Әскери (қосарлы) мақсаттағы кәдеге жаратқан объекттер мен техникалық құралдарды кәдеге жарату, сондай-ақ іске асыруды, беруді, есепке алуды, есептен шығару "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес іске асырылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) кәдеге жарату – өз ресурсы сарқылған, табиғи тозған, кәдеге жарататын ғарыш объектілерінің және техникалық құралдардың бөлшектерін, тораптарын және материалдарын қайта пайдалану және қалдықтарды екінші метериалдық немесе энергиялық ресурстар ретінде пайдалану мақсатында шарттық мiндеттемелерге сәйкес жойылатын пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды бұзуды, бөлшектеудi, қайта өңдеудi қамтамасыз ететiн ұйымдық-техникалық iс-шаралар мен технологиялық процестердiң кешенi болып табылатын ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың өмiрлiк циклiнiң соңғы сатысы;

      2) техникалық құралдар – ғарыш жүйелерi мен ғарыш зымыран кешендерiнiң құрамына кiретiн және пайдаланудың барлық кезеңдерiнде олардың қалыпты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн техниканың кез келген (механикалық, электр, электрмагниттiк, электрондық) түрi.

2-тарау. Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәртiбi

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.03.2020 № 93/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      4. Мыналар:

      1) сақтаудың кепiлдi мерзiмi өткеннен кейiнгi ғарыш аппараттары, тиiстi макеттер мен оқу-жаттығу құралдары;

      2) тасымалдағыш зымырандардың, екпiн алу блоктарының және ғарыш аппараттарының (оның iшiнде дайындаушы зауытта орналасқан) жабдықтары;

      3) қайта жаңарту немесе күрделi жөндеу кезiнде босайтын техникалық құралдар;

      4) пайдаланудан шығарылған техникалық құралдардың құрамдас бөлiктерi;

      5) мақсат бойынша пайдаланғаннан және Жерге қайта оралғаннан кейiн ғарыш аппараттарының түсу аппараттары мен капсулалары кәдеге жаратуға жатады.

      5. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жаратуға ұсыну үшiн:

      1) нормативтiк-техникалық құжаттамада айқындалған пайдалану мерзiмiнiң өтуi;

      2) табиғи тозу (пайдалану мерзiмi өткенге дейiн);

      3) ескiрген жабдықты жоспарлы ауыстыру;

      4) қолайсыз климат факторларының, дүлей апаттардың, өрттiң әсерi салдарынан жөндеудiң және қалпына келтiрудiң экономикалық тұрғыдан орынсыздығы;

      5) тiкелей мақсаты бойынша пайдалану қажеттiлiгiнiң болмауы негiз болып табылады.

      6. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату үшiн ғарыш қызметiн жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар кәдеге жаратылуға тиiс ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың тiзбелерiн ғарыш қызметі садасындағы уәкілетті органның ведомоствосына (бұдан әрі-ведомство) жолдайды, онда:

      1) атауы, индексi;

      2) шығарылған жылы;

      3) зауыттық нөмiрi (бар болса);

      4) саны;

      5) жиынтықтаушы бұйымдардың болуы;

      6) орналасқан немесе жиып қойылған жерi;

      7) техникалық құжаттаманың болуы көрсетiледi.

      7. Ведомоство кәдеге жаратылуға тиiс ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың тiзбелерiн алған сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде оларды ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарға қажеттiлiктi айқындау үшiн ведомоствоның қарамағындағы ұйымдарға жолдайды.

      8. Ведомоствоның қарамағындағы ұйымдар кәдеге жаратылуға тиiс ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың тiзбесiн алған сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тиiстi ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарға қажеттiлiкке еркiн нысандағы жазбаша өтiнiмдi ведомоствоға жолдайды немесе ондайдың жоқтығы туралы жазбаша хабарлайды.

      9. Ведомоство ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарға қажеттiлiкке өтiнiмдердi алғаннан кейiн кәдеге жаратылуға тиiс ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды ведомоствоның қарамағындағы ұйымдарға:

      1) жеке меншiктегi ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар үшiн – Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінде;

      2) мемлекеттiк меншiктегi ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар үшiн – "Мемлекеттiк мүлiк туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен берудi ұйымдастырады.

      10. Ведомоство ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарға қажеттiлiк жоқ екендiгi туралы хабарлама алған жағдайда осы ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар кәдеге жаратуға жатады, ол туралы ведомоство осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ғарыш объектілері мен техникалық құралдар алған сәттен бастап қырық жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлайды.

      11. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың жекелеген жүйелерi мен элементтерiн өнеркәсiп бұйымдары және халық тұтынатын тауарлар ретiнде пайдалану;

      2) жаңғырту және жаңа үлгiлер жасау кезiнде кәдеге жаратылатын ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдардың жиынтықтаушы бұйымдарын пайдалану;

      3) кәдеге жаратылатын ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар үлгiлерiнiң жабдықтарын, агрегаттарын, тораптарын, бөлшектерiн және материалдарын запас бұйымдар мен аспаптар ретiнде пайдалану;

      4) кәдеге жаратылатын ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар үлгiлерiнiң жабдықтарын, агрегаттарын, тораптарын, бөлшектерiн және материалдарын ғарыш саласының мамандарын даярлау жөнiндегi оқу мекемелерi мен оқу орталықтарының зертханалық жабдықтары ретiнде пайдалану;

      5) кәдеге жаратылатын ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды өнеркәсiптiк қайта өңдеу және кәдеге жарату өнiмдерiн өндiрiсте, экономиканың басқа салаларында (қара, түстi және қымбат бағалы металл сынықтары, материалдар және заттар) пайдалану.

      12. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстарын ұйымдастыру және жүргiзу процесi мынадай негiзгi кезеңдердi қамтиды:

      1) ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды қауiпсiз күйге келтiру;

      2) қорғау құжаттарының болуын тексеру (қажет болған жағдайда);

      3) құпиясыздандыру (қажет болған жағдайда);

      4) лицензиялау және (немесе) сертификаттау (қажет болған жағдайда);

      5) кәдеге жарату жөнiндегi тiкелей қызметтi жүзеге асыру.

      13. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар меншiгіндегі немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе оперативтік басқаруындағы жеке және (немесе) заңды тұлғалар оларды кәдеге жарату алдында жарылыс қаупi бар тораптар мен бөлшектердi алу, улы заттар болған ыдыстарды бейтараптандыру арқылы қауiпсiз күйге келтiрудi қамтамасыз етедi. Бұл жұмыстар қауiптiлiгi жоғары жұмыстарға жатады және "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқу оқыған және білімін тексеруден өткен (емтихан тапсырған) қызметкер орындауға тиіс.

      14. Құпиялық белгiсi бар ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды құпиясыздандыру "Мемлекеттiк құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабына сәйкес жүргiзiледi.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.03.2020 № 93/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      15. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату тәсiлдерi нормативтiк-техникалық құжаттарда, халықаралық келiсiмдер мен шарттарда белгiленедi.

      16. Таңдап алынған технологияларға және экономикалық орындылығына байланысты ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату олар пайдаланылатын (сақталатын) жерде немесе ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды, сондай-ақ олардың құрамдас бөлiктерiн кәдеге жаратуды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдарда жүргiзiледi.

      17. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары ғарыш техникасының нақты үлгiсiнiң жобалау-конструкторлық ұйым әзiрлеген және бекiткен техникалық процестерiне сәйкес Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Экологиялық кодекс), "Техникалық реттеу туралы" 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңының, "Өлшем бірлігін қамтамсыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының және "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы 23 сәуірдегі № 187 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығының (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17242 тіркелген) талаптарын сақтай отырып жүргiзiледi.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.03.2020 № 93/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      18. Кәдеге жаратуға жататын мүлiктi ол сақталатын жерлерден тыс, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 288-бабының талаптарына сәйкес келетiн өнеркәсiптiк алаңдарға немесе өндiрiстiк цехтарға шығару кәдеге жаратуды жүргiзетiн ұйымдар қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

      19. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарда шаруашылық жүргiзу немесе шұғыл басқару құқығындағы немесе мемлекет қатысатын заңды тұлғаларда меншiк құқығындағы ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары осы ұйымдардың меншiктi қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      Республикалық мемлекеттiк мекемелерде шұғыл басқару құқығындағы ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      Ғарыш қызметiн жүзеге асыратын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларда меншiк құқығындағы ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату жұмыстары олардың меншiктi қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      20. Ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдар меншiгiнде болған ғарыш қызметiн жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар ғарыш объектiлерi мен техникалық құралдарды кәдеге жарату аяқталғаннан кейiн оларды кәдеге жарату фактiсiн растайтын құжаттарды ғарыш объектiлерiнiң тiркелiмiне тиiстi жазба енгiзу үшiн ведомоствоға ұсынады.