Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4-1/502 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 тамызда № 11848 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорларын құруға, олардың жұмыс iстеуі мен таратылуына қойылатын талаптар, астық қабылдау кәсiпорындарының астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жүйесiне қатысу шарттары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) кепiлдiктер алу және астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _____________Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 5 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ___________ Е. Досаев

      2015 жылғы 4 шілде



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 4-1/502 бұйрығына
1-қосымша

Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк
беру қорларын құруға, олардың жұмыс iстеуі мен таратылуына
қойылатын талаптар, астық қабылдау кәсiпорындарының астық
қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру
жүйесiне қатысу шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын құруға, олардың жұмыс істеуі мен таратылуына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) және астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу шарттары (бұдан әрі – Шарттар) "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорларын (бұдан әрі – Қор) құруға, олардың жұмыс істеуі мен таратылуына қойылатын талаптарды, сондай-ақ астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу шарттарын белгілейді.

      2. Осы Талаптарда және Шарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) астық қолхаттарын ұстаушылар туралы ақпарат – астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімінде қалыптастырылатын және астық қабылдау кәсіпорны Қорға беретін электрондық құжат;

      2) қатысу шарты – Қор мен астық қабылдау кәсіпорны арасында жасалатын шарт, оның негізінде астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;

      3) қатысушы – астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, онымен Қор қатысу шартын жасасқан және ол шарт қолданылатын астық қабылдау кәсіпорны;

      4) уәкілетті орган – құзыретi шегiнде астық нарығына қатысушылардың қызметiн үйлестiру мен реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.12.2015 № 4-6/1114 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2. Қорды құруға, оның жұмыс істеуі мен таратылуына
қойылатын талаптар

      3. Қор қызметінің негізгі мақсаты астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін астық қабылдау кәсіпорындарының өздері берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамауынан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Қорды құру және оның жұмыс істеуі үшін мынадай талаптар қойылады:

      1) акционерлік қоғам нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болуы қажет;

      2) Қордың меншікті капиталының мөлшері астық қолхаттарын ұстаушылардың алдында Қор қабылдаған шартты міндеттемелердің жалпы сомасының 5 (бес) пайызынан кем болмауы тиіс, бұл ретте мөлшері кемінде 1000000000 (бір миллиард) теңгені құрауы қажет.

      5. Қор мемлекеттік тіркелген күнінен бастап 3 айдан кеш емес мерзімде уәкілетті органға оның әділет органдарында мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттарды, құрылтай құжаттарын, сондай-ақ меншікті капиталының мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтерді ұсынады.

      6. Кепілдендіру жағдайы туындаған кезде астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын бірінші кезекте қамтамасыз ету мақсатында Қордың меншікті капиталы мөлшерінің кемінде 80 (сексен) пайызы тұрақты негізде өтімділігі жоғары қаржы активтеріне (ақша, екінші деңгейдегі банктердегі депозиттер, мемлекеттік бағалы қағаздар және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін сауда-саттықты ұйымдастырушылардың ресми тізімдеріне енгізілген құнды қағаздар) орналастырылады.

      7. Астық қабылдау кәсiпорындарының өздері шығарған астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерді орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында Қор кепілдік төлем жүргізу үшін өтемақы қорын (резерв) құрады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Қордың басқару органдарын қалыптастыру тәртібі мен құзыреті оның құрылтай құжаттарымен анықталады.

      9. Қор өз қызметін "Коммерциялық емес ұйымдар" туралы 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.

3. Астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары
бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне
қатысу шарттары

      10. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін астық қабылдау кәсіпорынына мынадай шарттар қойылады:

      1) қатысу шартын жасасу үшін азаматтық құқық қабілетіне ие болуы;

      2) астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясының және астық қабылдау кәсіпорнын жаңа өнім астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан зерттеп-тексеру актісінің (бұдан әрі – зерттеп-тексеру актісі) болуы;

      3) төлеу мерзімі өткен берешегінің болмауы:

      астық қолхаттарын ұстаушылар мен екінші деңгейдегі банктер алдында;

      Қорға өтініш берген күннің алдындағы 3 айдан астам мерзімге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударымдарды төлеу бойынша;

      4) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексімен көзделген негіздемелер бойынша таратуға жатпайды, оның мүлкіне тыйым салынбауы тиіс, оның мүлкі үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілдік нысаны болмауы тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметі тоқтатылмауы тиіс;

      5) Қорға өтініш берген күннің алдындағы он екі ай ішінде ол берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін соттардың жауапқа тартуы фактілерінің болмауы.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін осы Талаптардың және Шарттардың 10-тармағында көзделген талаптарға астық қабылдау кәсіпорнының сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды қоса бере отырып, Қор көздеген нысан бойынша Қорға жазбаша өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді:

      1) астық қабылдау кәсіпорнын мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      2) астық қабылдау кәсіпорны жарғысының көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      3) құрылтайшылар құрамы туралы құрылтай шартынан үзіндінің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады) немесе Қорға өтініш берген күнге дейін 1 ай бұрын берілген, "Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдер жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 249 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17803 болып тіркелген) бекітілген бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесіндегі бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзіндінің түпнұсқасы;

      4) астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның электрондық нысаны;

      5) жаңа өнім астығын қабылдауға дайындығы тұрғысынан зерттеп-қарау актісінің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      6) астық қоймасына (элеватор, астық қабылдау пункті) меншік құқығын және үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша оған салынған ауыртпалықтың жоқ екенін растайтын, "Құқықтық кадастрдан ақпарат ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 131 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7586 болып тіркелген) бекітілген жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;

      7) соңғы қаржылық жылға қаржылық есептілікті құрайтын құжаттардың көшірмелері (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады), сондай-ақ, бар болса, соңғы есептік кезең үшін аралық қаржылық есептіліктің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      8) астық қабылдау кәсіпорнының өткен қаржылық жыл үшін жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын растайтын аудиторлық есептің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады) (егер, өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде берілсе, соңғы қаржылық жылдың алдындағы қаржылық жыл үшін аудиторлық есептің көшірмесі ұсынылады (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      9) астық қабылдау кәсіпорнының өтініш берілген күннің алдындағы он екі ай ішінде астық қолхаттарын ұстаушылар алдында мерзімі өткен берешегінің және ол берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін соттың жауапқа тартуы фактілерінің жоқтығы туралы астық қабылдау кәсіпорнының басшысы мен бас бухгалтері қол қойған хабарландыру хаты;

      10) астық қабылдау кәсіпорнының өтініш берілген күннің алдындағы 3 айдан астам мерзімде банк алдында мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы бірінші басшының немесе қол қою құқығы бар адамның және бас бухгалтердің қолы қойылған, банктің мөрі бар банк анықтамасының түпнұсқасы (егер, астық қабылдау кәсіпорны екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болса, бұл анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады);

      11) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16601 болып тіркелген) бекітілген Жеке шоттарын жүргізу қағидаларына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) сұранымы бойынша мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінен алынған, есепке алынуы мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешегінің жоқтығы (бар болуы) туралы мәліметтер.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 23.10.2019 № 377 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Қор өзінің Қор жарғысында көзделген уәкілетті органының тұлғасында осы Талаптардың және Шарттардың 11-тармағында көзделген астық қабылдау кәсіпорынының өтініші мен құжаттарын Қорға түскен кезден бастап күнтізбелік 30 күн ішінде астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қосу (қоспау) тұрғысынан өтінішті қарастырады.

      Көрсетілген мерзімге астық қабылдау кәсіпорындарына жетіспейтін құжаттарды дайындау үшін Қор беретін уақыт кезеңі қосылмайды.

      13. Астық қабылдау кәсіпорны құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және Қор берген мерзімде жетіспейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда, Қор жетіспейтін құжаттарды ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде астық қабылдау кәсіпорнының өтініші мен құжаттарын қарамай қайтарады.

      14. Қор астық қабылдау кәсіпорнын астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне косу туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 7 күн ішінде Қор және астық қабылдау кәсіпорыны қатысу шартын жасасады және Қор астық қабылдау кәсіпорнына астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесінің қатысушысы куәлігін береді.

      Қордың және/немесе қатысушының атауы өзгерген жағдайда, Қордың атауы өзгерген сәттен және/немесе қатысушының растайтын құжаттарды ұсына отырып, атауы өзгергендігі туралы хабарламамен жүгінген сәтінен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысушыға бұрын берілген куәлік ауыстырылуы тиіс.

      15. Қатысушы кепілдік берілетін астық қолхаттарын мониторингтеу мақсатында ай сайын Қорға астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімінен (бұдан әрі – АҚҰМЭТ) астық қолхаттарын ұстаушылар туралы ақпаратты ұсынады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Қатысушы қатысу шартына сәйкес Қорға астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысудың жыл сайынғы міндетті жарнасын төлейді.

      Қаржы жылының қорытындысы бойынша жыл сайынғы міндетті жарна кепілді төлем жүргізу үшін өтемақы қорын (резервін) қалыптастыруға жіберіледі.

      17. Қатысушы атауының өзгергендігі туралы Қорды күнтізбелік 30 күн ішінде хабардар етеді, сондай-ақ Қорға жыл сайын мынадай құжаттарды:

      жаңа өнім астығын қабылдауға дайындығын зерттеп-тексеру актісінің көшірмесін;

      өткен қаржы жылына аудиторлық есептің көшірмесін ұсынады.

      18. Қор өз қатысушыларының тізімі туралы ақпаратты Қордың корпоративті интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      19. Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысу:

      1) қатысушыны қатысу шартында көзделген Қордан шығару жағдайы болған кезде;

      2) соттардың шешімі бойынша;

      3) қатысу шарты тараптарының бірі таратылған кезде тоқтатылады.

      Астық қабылдау кәсіпорнының Қорда қатысуы тоқтатылған күннен бастап 5 күн ішінде Қор оны Қордың корпоративті интернет-ресурсындағы қатысушылар тізімінен алып тастауды қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 4-1/502 бұйрығына
2-қосымша

Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк
беру қорының (қорларының) кепiлдiктер алу және астық қолхаттары
бойынша мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру қорының
(қорларының) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердi өтеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) кепілдіктер алу және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) кепілдіктер алу және астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) (бұдан әрі – Қор) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) баға кестесі – кепілдік төлемдердің мөлшерін айқындау үшін қажетті және нарықтық құнына сәйкес белгілі бір кезеңге Қор белгілеген астықтың құнын қамтитын құжат;

      2) кепілдік жағдай – жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі белгілеген, астық қабылдау кәсіпорнының астық сапасын жоғалту немесе нашарлату фактісі;

      3) кепілдік жағдайы туындаған күн – жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі қатысушының міндеттемелерді орындамау фактісін растайтын құжатты астық қолхаттарын ұстаушыларға берген күні;

      4) қатысу шарты – Қор мен астық қабылдау кәсіпорны арасында жасалған шарт, оның негізінде соңғысы астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру жүйесіне қатысады;

      5) қатысушы – астық қолхаттарын шығара отырып қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, онымен Қор қатысу шартын жасасқан және ол шарт қолданылатын астық қабылдау кәсіпорны;

      6) жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі – тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың Ауыл шаруашылығы басқармасы.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Қордың кепілдігін алу және Қордың міндеттемелерді өтеу тәртібі

      3. Қор Заңның 6-бабы 12) тармақшасына сәйкес қатысушымен шығарған астық қолхаты бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Кепілдік жағдайы туындаған кезде Қор өтеу сәтінде қалыптасқан жоғалған немесе сапасы нашарлаған астықтың нарықтық құнының 80 (сексен) пайызынан кем емес мөлшерде қатысушының міндеттемелерін ақшалай өтеуді жүргізеді.

      5. Кепілдік жағдайы туындаған кезде астық қолхатын ұстаушы не кепіл ұстаушы кепілдік жағдайы туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кепілдік төлемді алу үшін Қорға жүгінеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Кепілдік төлемді алу үшін Қорға:

      1) кепілдік төлемді жүзеге асыруға астық қолхатын ұстаушының өтініші;

      2) жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесінің астықтың жоғалу немесе сапасының нашарлау фактісін растайтын құжаты (анықтама, акт көшірмесі);

      3) АҚҰМЭТ-дан астық қолхаты бойынша дербес шотынан үзінді-көшірме;

      4) сақтау шартының көшірмесі;

      5) қарыз, кепіл шарттарының көшірмелері және Қор кепілдік берген астық қолхатымен қамтамасыз етілген міндеттемелердің орындалмағандығын растайтын құжаттар (кепіл ұстаушы жүгінген жағдайда);

      6) оның жеке тұлға екенін растайтын құжаттың көшірмесі (егер астық қолхатын ұстаушы жеке тұлға болса), құрылтай және тіркеу құжаттарының көшірмелері (егер заңды тұлға болса);

      7) кепілдік төлемін алу үшін Қорға жүгіну құқығына сенімхат (астық қолхатын ұстаушы жеке тұлғаның өзі немесе заңды тұлғаның басшысы жүгінбеген болса) ұсынылады.

      Қор талаптарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда осы тармақтың 3) – 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары ұсынылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Қор күнтізбелік 30 күн ішінде астық қолхатын ұстаушының талабын қарайды және оны қанағаттандыру не одан бас тарту туралы шешім шығарады.

      Көрсетілген мерзімге осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген тәртіппен талапты қарауды тоқтата тұру мерзімі қосылмайды.

      Талаптарды қарауға кепілдік жағдайдың туындауына жол берген қатысушы тартылады.

      8. Талапты қараған кезде Қор ақпарат үшін мемлекеттік органдарға және/немесе тиісті құзыретті органдарға (ұйымдарға) жүгіне алады, сондай-ақ қатысуға мамандарды тарта алады.

      9. Қор кепілдік төлемді жүзеге асыру туралы талапты қанағаттандырудан мынадай жағдайларда бас тартады:

      1) кепілдік жағдайы туындамағанда;

      2) талапты қарау мерзімі ішінде қатысушы астық қолхаты бойынша өз міндеттемелерін ерікті түрде орындағанда;

      3) осы Қағидалармен белгіленген Қорға жүгінудің мерзімі өтіп кеткен болса;

      4) сақтау шартының жасалуына байланысты қатысушы жауапкершіліктен босатылған жағдайда (еңсерілмейтін күштің әрекетін, астық қолхатын ұстаушының өрескел абайсыздығын және кінәсін қоса алғанда);

      5) ол бойынша астық қолхаты жарамсыз деп танылған және/немесе қатысушы астық қолхаты бойынша міндеттемелерден босатылған заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;

      6) АҚҰМЭТ-да астық қолхаттары туралы деректердің болмауы;

      7) осы Қордың қатысушысы болып табылмайтын астық қабылдау кәсіпорнымен шығарылған астық қолхатын ұстаушы жүгінген кезде.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Қор астық қолхатын ұстаушылардың талаптарын қарауды мынадай жағдайларда тоқтата тұрады:

      1) астық қолхаты бойынша кез келген даудың сот тәртібімен қаралуы;

      2) құзыретті құқық қорғау және/немесе сот органдарының тиісті шешімінің шығарылуына және/немесе заңды күшіне енуіне дейін – тараптардың жосықсыз іс-әрекеттерінің фактісі бойынша қатысушының және/немесе астық қолхатын ұстаушының лауазымды адамдарының іс-әрекетін қарауы (астық қолхатын қолдан өзгерту кепілдік жағдайының туындауына бағытталған немесе оның туындауына себепші болған астық қолхаттарын ұстаушының және қатысушының заңсыз қасақана іс-әрекетін, ұрлық, оның ішінде сөз байласу, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты беруді қоса алғанда);

      3) Қор ақпаратты және/немесе астық қолхатын ұстаушының талаптарын қарауға тартылған маманның қорытындысын алуға жүгінген жағдайда тиісті жауаптарды және/немесе қорытындыны алғанға дейін.

      11. Уақытша басқару енгізілген қатысушының астық қолхатын

      ұстаушыларының талаптарын қанағаттандыруды Қор бірінші кезекте жүргізеді.

      Бұл ретте Қор мұндай қатысушының астық қолхаттарын ұстаушыларының талаптарын қараған кезде уақытша әкімшіліктен кепілдік төлемді жүзеге асыру мақсатында қажетті ақпаратты талап етуге міндетті.

      12. Қор астық қолхатын ұстаушының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған жағдайда Қор шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде астық қолхатын ұстаушыға оның есеп шотына ақша қаражатын аудару арқылы кепілдік төлемін жүргізеді.

      13. Астық қолхатын ұстаушыға осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес есептелген астық құнының тиесілі бөлігі қайтарылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Қор тиісті шешім қабылданатын ағымдағы айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша астыққа арналған нарықтық құнды қолдана отырып, кепілдік төлемдер жүргізілетін, астыққа арналған баға кестесін бекітеді.

      15. Кепілдік төлем үш көрсеткіштің:

      1) қатысушы бермеген астық көлемінің;

      2) баға кестесі бойынша, астық қолхатында көрсетілген астықтың сапасына ұқсас сапалық көрсеткіштер бойынша бір тонна астық құнының;

      3) 0,8 (нөл бүтін оннан сегіз) пайыздан кем емес мөлшерде Қор белгілеген төлем коэффициентінің туындысы ретінде анықталады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Астық қолхатын ұстаушының астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі қатысушының алдында берешегі болған жағдайларда, кепілдік төлемінен көрсетілген қызметтер үшін қатысушы алдындағы берешек сомасы шегеріледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Астық қолхатын ұстаушы алдындағы қатысушының міндеттемелерін өтеуді жүзеге асырған Қорға ол төлеген сома шегінде астық қолхатын ұстаушы осы қатысушыға қоятын талап ету құқығы өтеді. Қор берешекті толық көлемде өтемеген жағдайда, астық қолхатын ұстаушы тиісті өтелген көлемге арналған астық қолхаты бойынша құқықты астықтың көлемін бірнеше астық қолхаттарына бөлу және астық қолхаттары бойынша астықтың тиісті көлемін беру арқылы береді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.