Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 22 қазандағы № 68 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 21 қарашада № 9890 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.12.2018 № 470 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңы 6-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.12.2018 № 470 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 22 қазандағы
№ 68 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.12.2018 № 470 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мындай ұғымдар қолданылады:

      1) жиынтық өтінім – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының уәкілетті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жүгінуі;

      2) өнім беруші – өнім беру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру және өткізу міндеті Заңмен жүктелген сұйытылған мұнай газын өндіруші немесе оған меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иесі;

      3) өтінім – сұйытылған мұнай газы сауда-саттығына қатысушының облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органына осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жүгінуі, оларды:

      газ желісі ұйымдары;

      мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар;

      сұйытылған мұнай газының сауда-саттығына қатысушылар ұсынады.

      4) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

      4. Өнім беру жоспарына Қазақстан Республикасының ішкі нарығына электрондық сауда алаңдарынан тыс және осындай алаңдар арқылы өнім берушілер өткізуі міндетті болып табылатын сұйытылған мұнай газының көлемдері кіреді.

      5. Заңның 27-1-бабының 11-тармағына сәйкес өнім беру жоспарының шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына:

      1) Заңның 27-1-бабы 11-тармағының 1) тармақшасына сәйкес газ желісі ұйымдары;

      2) Заңның 27-1-бабы 11-тармағының 3) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) енгізілген өнеркәсіптік тұтынушылар ие болады.

      6. Электрондық сауда алаңдары арқылы өнім беру жоспарының шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу Заңның 6-бабының 18-1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар тізбесіне енгізу тәртібі

      7. Тізбеге енгізу үшін сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар уәкілетті органға мынадай құжаттар мен мәліметтерді:

      1) мұнай-газ-химия кәсіпорнының мүліктік кешеніне өтініш берушінің меншік құқығын растайтын құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелері;

      2) мұнай-газ-химия кәсіпорнын пайдалануға енгізу актісі;

      3) мұнай-газ-химия кәсіпорнының жұмыс істеуі бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органдарының растау хаты;

      4) жобалық құжаттамаға сәйкес әрбір қондырғы қуаты, өндірістің материалдық теңгерімі келтірілген технологиялық процестің сипаттамасы;

      5) осы технология сипаттамасы келтірілген технология лицензиарларымен немесе технология мен технологиялық жабдықтарды жеткізушілермен келісімдер;

      6) республика үшін әлеуметтік-экономикалық әсері (жұмыс орындары, бюджетке төлемдер, аралас салалар үшін мультипликативті әсер);

      7) тұтынылатын сұйытылған мұнай газының, шығарылатын мұнай-газ-химия өнімдерінің (атауларын көрсете отырып) және мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемдері (жобалық қуаттарына сәйкес, айына және жылына мың тонна) бойынша ақпаратты қоса өтініш береді.

      Өтініш беруші ұсынылатын құжаттар мен мәліметтердің дұрыс болуына кепілдік береді.

      8. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттармен бірге өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Өтініш беруші құжаттарды толық бермеген жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды бере отырып, оларды өтініш берушіге қайтарады.

      Осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес құжаттар топтамасы толық берілген жағдайда, уәкілетті орган 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды қарайды, сондай-ақ осы құжаттар мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын пайдалану мәселелері жөніндегі комиссияға (бұдан әрі - Комисся) ұсынымдарын алу үшін жіберіледі.

      Комиссия мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын пайдалану мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында уәкілетті орган жанында құрылады және оның құрамына химия өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органның, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-зерттеу ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ өңдеу және мұнай-газ-химия салаларындағы тәжірибелі мамандар кіреді.

      9. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін Комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, 7 (жеті) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысаны бойынша тізбені бекітеді және оны өзінің ресми интернет-ресурсында жариялайды немесе 3 (үш) жұмыс күні ішінде дәлелді бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      10. Өтініш берушіні тізбеге енгізуден бас тарту үшін негіздемелер:

      1) өндірістің материалдық теңгерімінің жобалық құжаттамаға немесе мәлімделген технологиясына сәйкессіздігі;

      2) технология лицензиарларымен немесе технология мен технологиялық жабдықтарды жеткізушілермен келісімдерге сәйкессіздігі;

      3) егер өндірілетін мұнай-газ-химия өнімінің жоспарланған құны осындай өнімді өндіру үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газы көлемінің құнынан төмен болса.

3-тарау. Өтінімдерді және жиынтық өтінімдерді қалыптастыру тәртібі

      11. Газ желісі ұйымдарының, сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйтылған мұнай газын беруге өтінімдері (бұдан әрі - өтінім) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дайындалады және жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 35 (отыз бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органына жіберіледі.

      12. Газ желісі ұйымдары өз мұқтаждықтары үшін пайдаланатын сұйытылған мұнай газының көлемдері өтінімдерге енгізілмейді.

      13. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың өтінімдерінде мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемдері (бар болған жағдайда) жеке көрсетіледі.

      14. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген өтінімдерге оларда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.

      15. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген өтінімдердің негізінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жоспарланып отырған күнтізбелік айға сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінім (бұдан әрі – жиынтық өтінім) әзірлейді.

      16. Жиынтық өтінім электрондық сауда алаңдарынан тыс және осындай алаңдар арқылы тиісті өңірге жеткізу үшін қажетті көлемдер туралы ақпаратты қамтиды. Электрондық сауда алаңы арқылы беру үшін мәлімделген, жоспарланған айға арналған жиынтық өтінімде белгіленуі тиіс сұйытылған мұнай газы үлесінің мөлшерін уәкілетті орган жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 40 (қырық) күннен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.

      17. Жиынтық өтінім газ желісі ұйымдарының және сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      18. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органының қарауына мынадар өтінімдер қабылданбайды:

      1) мәліметтер толық және (немесе) дұрыс болмаса;

      2) ағымдағы айдың алдындағы айдағы сұйытылған мұнай газын өткізу туралы мәліметтерді ұсынбаған немесе қате мәлімет ұсынған газ желісі ұйымдарының;

      3) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингі шеңберінде оларға қатысты Заңмен белгіленген, сұйытылған мұнай газын өткізу тәртібін бұзушылықты жоймау фактісі анықталған газ желісі ұйымдарының;

      4) тізбеге енгізілмеген сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардын өтінімдері.

      19. Жиынтық өтінім дайындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті өңірдің жоспарланып отырған кезеңге сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігін айқындайды, ол мынадай мәліметтерге негізделеді:

      1) алдыңғы кезеңдердегі сұйытылған мұнай газын нақты тұтыну көлемдері;

      2) мотор отыны ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланатын өңірде тіркелген жеңіл, жүк және жолаушы көлігінің саны және осындай көліктің сұйытылған мұнай газын тұтынуының есептелген көлемдері;

      3) өңірде сұйытылған мұнай газын топтық резервуарлық қондырғылар арқылы және тұрмыстық баллондармен тұтынатын абоненттер саны;

      4) сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушыларды қоспағанда, өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері;

      5) тиісті өңірдің аумағында орналасқан және тізбеге енгізілген сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері.

      20. Сұйытылған мұнай газын жеткізуге өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия) газ желісі ұйымдары ұсынған өтінімдерді осы Қағидалардың 19-тармағына және осы Қағидаларға 4-қосымшада келтірілген газ желісі ұйымдары үшін сұйытылған мұнай газы көлемдерін айқындау тетігіне сәйкес өңірдің сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігін ескере отырып, олардың негізділігі мәніне қарайды.

      Жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережені Заңның 6-бабының 18-5) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітеді.

      21. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар ұсынған өтінімдер осы Қағидалардың 19-тармағына сай өңірдің сұйытылған мұнай газына деген қажеттілігін ескере отырып, олардың негізділігі мәніне төмендегі өлшемшарттар негізінде қарастырылады:

      1) өтінім берушілер сұрататын сұйытылған мұнай газ көлемдерінің тізбеде көрсетілген көлемдерге сәйкес келуі;

      2) өтініш берушілердің алдыңғы өткен кезеңде сұйытылған мұнай газын тұтынуының нақты көлемдері.

      22.Қалыптастырылған жиынтық өтінім сұйытылған мұнай газын беруге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияның қарауына жатады.

      23. Жиынтық өтінімді қарау нәтижелері бойынша сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия жиынтық өтінімді мақұлдау туралы немесе оны түзету қажеттігі туралы шешім қабылдайды.

      24. Сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімімен мақұлданған жиынтық өтінім облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органының бекітуіне және жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде Комиссия хаттамасымен қоса уәкілетті органға жолдауына жатады.

      25. Уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органынан келіп түскен жиынтық өтінімдер Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия) қарауына жатады.

      Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 384 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 17494 нөмірімен тіркелген).

4-тарау. Өнім беру жоспарын қалыптастыру тәртібі

      26. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына электрондық сауда алаңдарынан тыс және осындай алаңдар арқылы сұйытылған мұнай газын беру жоспары осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті өтінімдерінің негізінде, жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органға өндірушілер және меншік иелері жіберетін жоспарланып отырған айға сұйытылған мұнай газын өндірудің болжамдық көлемдері ескеріле отырып, қалыптастырылады.

      27. Егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген мерзімде жиынтық өтінімді уәкілетті органға жібермесе, онда өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімімен тиісті өңірге арналған өнім беру жоспарында сұйытылған мұнай газын беру көлемдері ағымдағы ай деңгейінде белгіленеді.

      28. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына өткізу міндетті болып табылатын сұйытылған мұнай газының көлемі өнім беру жоспарында әрбір өнім беруші үшін сұйытылған мұнай газының өнім берушісі жалпы өндірген көлеміне пайыздық қатынаста белгіленеді. Пайыздық қатынас барлық өнім берушілер үшін бірыңғай болып белгіленеді.

      Бұл ретте, егер өндірушінің есептік айдағы сұйытылған мұнай газын өндірудің нақты өндірілген көлемі жоспарланған көлемнен 110 (жүз он) пайыздан астам болса, онда есептік айдан кейінгі айға осындай өндірушінің сұйытылған мұнай газының нақты өндірілген көлемі мен жоспарланған көлем арасындағы айырмаға өсірілуге жатады.

      29. Электрондық сауда алаңдарынан тыс және осындай алаңдар арқылы сұйытылған мұнай газын өткізудің пайыздық арақатынасы сұйытылған мұнай газын өндірудің жобалық қуаты айына (сұйытылған мұнай газын өндірудің жиынтық көлемі) үш жүз тоннадан аспайтын өнім берушілерді қоспағанда, барлық өнім берушілер үшін бірыңғай белгіленеді. Осындай өнім берушілердің сұйытылған мұнай газының барлық көлемі өнім беру жоспарының шеңберінде электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге жатады.

      30. Электрондық сауда алаңдарынан тыс сұйытылған мұнай газын тиісті өңірлерге жеткізу үшін өнім берушілерді анықтау өнім берушілердің өндірістік қуаттарының географиялық орналасқан жеріне сүйене отырып, жүзеге асырылады.

      31. Егер сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі өндіруші көрсететін қызметтерді екі және одан да көп өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иесі пайдаланатын болса, онда мұндай өнім берушілердің арасында бөлу пропорционалды түрде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің өнім беру жоспарының шеңберінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындау үшін олардың сұйытылған мұнай газының көлемдерін шоғырландыруды және алушылар арасында бөлуді тиісті өндіруші жүргізеді.

      Егер өндіруші сұйытылған мұнай газының екі немесе одан көп маркаларын өндіретін болса (меншік иесінің көмірсутегі шикізатынан сұйытылған мұнай газының екі немесе одан көп маркасы өндіріледі), онда мұндай өнім беруші оның өнім беру жоспарында көрсетілген барлық газ желісі ұйымдары үшін оларды өндіру көлеміне пропорционал түрде өндірілген сұйытылған мұнай газының барлық маркаларын жеткізуді жүзеге асырады.

      32. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушыларға сұйытылған мұнай газын жеткізу үшін өнім берушілерді анықтау өнім берушілердің өндірістік қуатының географиялық орналасқан жеріне сүйене отырып, сондай-ақ қажет болған жағдайда сұйытылған мұнай газының құрамында қажетті фракциялардың бар болуын ескере отырып жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мұнай-газ-химия өнімдерін (терең өңдеу процесінде химиялық өзгеріске түспеген) шығару үшін тікелей шикізат ретінде пайдаланылмайтын сұйытылған мұнай газының фракциялары өнім беру жоспарының шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс осындай өнеркәсіптік тұтынушының пайдасына иеліктен шығарылмайды және тараптармен келісілген мерзімде және тәртіпте өндірушіге қайтаруға жатады.

      33. Жергілікті атқарушы органдар Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген мәліметтерді ескере отырып, тиісті өңірдің сұйытылған мұнай газына деген қажетті көлемін Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның алдында қорғайды.

      34. Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімі негізінде Өнім беру жоспары қалыптастырылады.

      35. Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімі жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.

      36. Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия сұйытылған мұнай газын өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды, тиеп-жөнелтуді және өткізуді мониторингтеу деректерінің негізінде жиынтық өтінімнің өзгеруі туралы дәлелді шешім қабылдайды және осы Қағидалардың 35-тармағында көрсетілген мерзімде бұл туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органын хабардар етеді.

      Осы мақсаттар үшін Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия, қажет болған жағдайда, газ желісі ұйымдарынан немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардан алдыңғы кезеңдерде сұйытылған мұнай газын көлемін өткізу және инфрақұрылымдары туралы мәліметтерді, сондай-ақ экономикалық және техникалық жағынан негізделген деңгейлерден асатын сұйытылған мұнай газының көлемдері бойынша есептеулерді сұратады.

      37. Бұл жағдайда жиынтық өтінімді 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде жиынтық өтінімді қалыптастыру жөніндегі тиісті комиссия түзетеді және оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы уәкілеттті органға жолдайды.

      38. Егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жиынтық өтінімді осы Қағидалардың 37-тармағында көрсетілген мерзімде уәкілеттті органға жібермесе, онда Өнім беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссияның шешімімен осындай жиынтық өтінімде көрсетілген барлық алушылар үшін сұйытылған мұнай газын беру көлемдерін пропорционалды түрде өзгерту жүргізіледі.

      39. Уәкілетті орган өнім беру жоспарын өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілерге, оның меншік иелеріне жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді және уәкілетті орган өзінің ресми интернет-ресурсында жариялайды.

      40. Өнім берушіде газ желісі ұйымы немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуына байланысты, электрондық сауда алаңдарынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығына өткізу үшін міндетті болып табылатын өнім беру жоспары шеңберінде көзделген сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған жағдайда, мұндай өнім беруші уәкілетті органға күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде алдын ала хабар бере отырып, электрондық сауда алаңдары арқылы басқа тұлғаларға тиеп-жөнелтілмеген көлемдерді өткізуді жүзеге асырады.

      41. Газ желісі ұйымы және сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартқан жағдайда:

      1) газ желісі ұйымы немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушының уәкілетті адамы қол қойған сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуы туралы немесе ақысы төленгенді алудан бас тартуы туралы өнім берушінің мекенжайына хат;

      2) өнім берушінің өнім беру шартын жасасу туралы, сұйытылған мұнай газына ақы төлеу немесе тиеп-жөнелту туралы жазбаша сұрауына газ желісі ұйымы немесе сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде ресми жауап жібереді;

      3) 5 (бес) күнтізбелік күн өткен соң сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын газ желісі ұйымынан немесе өнеркәсіптік тұтынушыдан ресми жауап алмау сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тарту болып саналады.

      42. Өнім берушіде Қазақстан Республикасының ішкі нарығында электрондық сауда алаңдары арқылы өткізу үшін міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері туындаған жағдайда, ол Заңның 6-бабының 18-1) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына сәйкес ережелерді сақтаған жағдайда, мұндай өнім беруші уәкілетті органды алдын ала хабардар ете отырып, тиеп-жөнелтілмеген көлемдерді өзге тұлғаларға өткізуді жүзеге асырады.

      43. Заңның 27-1-бабының 14-тармағына сәйкес сұйытылған мұнай газын өндірушілер, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері өнім беру жоспарын орындауға міндетті.

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газы беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінім ________ (жылғы) ________( айы) арналған жеткізілетін өңір_____________________

      Өңірдің сұйытылған мұнай газына 20_____ жылғы қажеттілігі ______

      тоннаны құрайды, оның ішінде электрондық сауда алаңдары арқылы ___% немесе

      ______ тонна, электрондық сауда алаңдарынан тыс ___% немесе ______ тонна,

      оның ішінде:

  тоннамен

р/с

Алушының атауы, орналасқан жері*

Алушының бизнес-сәйкестендіру нөмірі

өнімнің сұратылатын көлемі

оның ішінде ары қарай өткізу түрлері бойынша бөле отырып

Автогазқұю станциялары арқылы

Газ толтыру пункттері арқылы (тұрмыстық баллондар)

Газ тарату қондырғылары арқы лы

меншік

бөгде

меншік

бөгде

1

2

3

4

5

6

7

8

9










оның ішінде ары қарай өткізу түрлері бойынша бөлумен бірге

Мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемі (бар болған жағдайда)

Түсіру орны:
газтолтыру станциясының орналасқан мекенжайы (аккредиттеу туралы куәлікте және/немесе сақтау (ауыстырып тиеу) шарты бойынша көрсетілген)

сыйымдылық газы

тұрмыстық тұтынушыларға

коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға

өнеркәсіптік тұтынушыларға

10

11

12

13

14
















      Өңірге бөлінген жалпы көлем: __________________(тоннада)

      Ескертпе:

      - * алушының атауы, орналасқан жері - мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын газ желісі ұйымдары немесе өнеркәсіптік тұтынушылар;

      - сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін пайдаланатын өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін 2, 3, 4 және 13- бағандар толтырылады.

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газын беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

      Сұйытылған мұнай газын жеткізуге газ желісі ұйымының, мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушының және сұйытылған мұнай газы сауда-саттығына қатысушылардың өтінімі ________ (жылғы) ________(айы) арналған ____________

                                                                  (алушының атауы)

      Бизнес-сәйкестендіру нөмірі ___________ орналасқан жері_____________ жеткізілетін

      өңір__________________________________________________________

                  (жергілікті атқарушы органның атауы көрсетіледі)

  тоннамен

Өнімнің сұратылатын көлемі

Оның ішінде ары қарай өткізу түрлері бойынша бөле отырып

Автогазқұю станциялары арқылы

Газ толтыру пункттері арқылы (тұрмыстық баллондар)

Газ тарату қондырғылары арқы лы

сыйымдылық газы

меншік

бөгде

меншік

бөгде

тұрмыстық тұтынушылар ға

коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ға

өнеркәсіптік тұтынушыларға

1

2

3

4

5

6

7

8

9










Мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемі (бар болған жағдайда)

Түсіру орны:
газтолтыру станцияның орналасқан мекенжайы (аккредиттеу туралы куәлікте және/немесе сақтау (ауыстырып тиеу) шарты бойынша көрсетілген)

* 50 текше метрден кем емес ыдыстарды сақтаудың жиынтықты көлемі бар, 1 жылдан артық мерзімге жекеменшік және/немесе жалға алынған автогазқұю станциялары, моноблоктар және/немесе газ толтыру пункттері бойынша құжаттар

Автогаз құю станцияларын, моноблокты және/немесе газ толтыру пункттерін жалдау шартының № және күні

Автогазқұю станцияларын , моноблокты және/немесе газ толтыру пункттерін пайдалануға қабылдау актісінің № және күні

қысыммен жұмыс істейтін ыдыстың көлемі, паспортының № және күні, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға есепке қою күні

жекеменшік құқығына арналған актінің немесе моноблок орнату үшін жер учаскесін жалдау шартының № және күні

10

11

12

13

14

15







      Ескертпе:

      сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін пайдаланатын өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін 1 және 10 бағандар толтырылады.

      - * мәлімделген өңірде газ толтыру станциясы болмаған кезде, газ желісі ұйымдары толтырады;

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газын беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар тізбесі

р/с №

Өнеркәсіптік тұтынушының атауы

Өнеркәсіптік тұтынушының орналасқан жері

Тұтынылатын сұйытылған мұнай газ көлемі (жобалық қуаты), мың тонна

Шығарылатын мұнай-газ-химия өнімдерінің атауы

Шығарылатын мұнай-газ-химия өнімдерінің көлемі (жобалық қуаты), мың тонна

Мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемі, мың тонна (бар болған жағдайда)

айына

жылына

айына

жылына

айына

жылына

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10








      Ескертпе: мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың тізбесі мынадан тұрады:

      1) № р/с – реттік нөмірі;

      2) өнеркәсіптік тұтынушының атауы - мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру кезінде шикізат ретінде пайдалану үшін сұйытылған мұнай газ сатып алатын заңды тұлғаның атауы;

      3) өнеркәсіптік тұтынушының орналасқан жері – мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы орналасқан облыс, қала, аудан;

      4) және 5) тұтынылатын сұйытылған мұнай газының көлемі - мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының ай сайынғы және жылдық көлемі (өлшем бірлігі – мың тонна);

      6) шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің атауы;

      7) және 8) шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемі – өндірілетін мұнай-газ-химия өнімінің ай сайынғы және жылдық көлемі (өлшем бірлігі – мың тонна);

      9) және 10) мұнай-газ-химия өнімін өндіру процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының көлемі - мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін терең өңдеу процесінде химиялық өзгеріске түспеген сұйытылған мұнай газының ай сайынғы және жылдық көлемі (өлшем бірлігі –мың тонна).

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газын беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
4-қосымша

Газ желісі ұйымдары үшін сұйытылған мұнай газы көлемдерін айқындау тетігі

      1. Газ желісі ұйымдары ұсынған өтінімдер мынадай өлшемшарттарға сүйене отырып қарастырылады:

      1) өтініш беруші пайдаланатын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері объектілерінің қуаты (бұдан әрі - P1 көрсеткіші);

      2) топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын өткізуді қоспағанда, сұйытылған мұнай газын өткен кезеңдерде өткізудің нақты көлемдері (бұдан әрі – P2 көрсеткіші);

      3) сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда өткізу (бұдан әрі – P3 көрсеткіші).

      2. Әрбір өлшемшарт бойынша жалпы мәннен пайыздық арақатынастағы үлесі шығарылады. Газ желісі ұйымы көрсеткішінің қорытынды мәні пайыздық көрсеткіштердің орташа өлшенген мәні ретінде белгіленеді.

      3. Топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілуі тиіс сұйытылған мұнай газының көлемдері өткен жылғы орташа айлық тұтынуды ескере отырып, толық көлемде белгіленеді.

      4. Жалпы көлемнен үлес:

      1) газ желісі ұйымының инфрақұрылымы артқан кезінде;

      2) газ желісі ұйымының орташа айлық өткізу көлемі өскен кезінде арттыруға жатады.

      5. P1 көрсеткішін бағалау кезінде газ желісі ұйымының пайдаланымдағы қуаттары жалпы көлемінің жиынтықты көрсеткіші көрсетіледі:

      1) газ толтыру станциялары;

      2) газ толтыру пункттері;

      3) автогазқұю станциялары.

      Аталған қуаттың бар болуын растау үшін газ желісі ұйымдары құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      6. P2 көрсеткішін бағалау кезінде топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілген сұйытылған мұнай газы көлемін қоспағанда, газ желісі ұйымының өткен тоқсандағы өткізуінің нақты көлемі көрсетіледі.

      7. P3 көрсеткішін бағалау кезінде сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондармен өткізетін газ желісі ұйымының нақты көлемі көрсетіледі.

      8. Өлшемшарттардың әрқайсысының үлесі мына формула бойынша есептеледі:



      мұндағы:

      P1 көрсеткіші – өңірдің газ желісі ұйымдары қуатының жалпы көлемінен үлес;

      PГСО (көлем) – газ желісі ұйымдары қуатының нақты көлемі;

      PГСО жалпы (көлемі) – өңірдің газ желісі ұйымдары қуатының жалпы көлемі;



      мұндағы:

      P2 көрсеткіші (%) – топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілген сұйытылған мұнай газы көлемін қоспағанда, газ желісі ұйымының өткен күнтізбелік үш айдағы өткізу көлемінің үлесі;

      PГСО (реал көлемі) – топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілген сұйытылған мұнай газы көлемін қоспағанда, газ желісі ұйымының өткен күнтізбелік үш айдағы өткізуінің нақты көлемі;

      PГСО жалпы (реал көлемі) – топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілген сұйытылған мұнай газы көлемін қоспағанда, газ желісі ұйымының өткен күнтізбелік үш айдағы өткізуінің жалпы көлемі.



      мұндағы:

      P3 көрсеткіші (%) – тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын өткізу үлесі;

      PГСО (тб) – тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын өткізу үшін инфрақұрылымның бар болуы (болған жағдайда =1, жоқ болса= 0);

      PГСО жалпы (тб) – тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын өткізу үшін инфрақұрылымы бар өңірдің газ желісі ұйымдарының жиынтық саны.

      Тиісті өңірде арнайы автокөліктің, авариялық-диспетчерлік қызметтің, тұтынушылардың абонеттік есебі, тұрмыстық баллондардың газтолтыру цехінің және тұрмыстық баллондарды жөндеу және кәдеге жарату цехтарының бар болуы тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын өткізу үшін инфрақұрылымы деп түсіндіріледі .

      Аталған мүліктің болуын растау үшін газ желісі ұйымдары тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      9. Газ желісі ұйымы көрсеткішінің қорытынды мәні көрсеткіштердің пайыздық орташа сараланған мәні ретінде анықталады:



      мұндағы:







      10. Электрондық сауда алаңдарынан тыс өнім беру жоспарының шеңберінде газ желісі ұйымдарының өткізу көлемінің қорытынды мәні мына формула бойынша көлемдік мәнде анықталады:



      мұндағы:

      Vrco(ЖӨ)– әрбір газ желісі ұйымы үшін электрондық сауда алаңдарынан тыс жиынтық өтініммен белгіленген көлем;

      Vжоспар- топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізу үшін бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемін қоспағанда, әрбір өңір үшін электрондық сауда алаңдарынан тыс жиынтық өтінімде көзделген жалпы көлем.

      VГСО(ГРУ)– әрбір газ желісі ұйымы бөлінісінде топтық резервуарлық қондырғылар арқылы өткізілетін сұйытылған мұнай газының көлемдері.

      11. Газ желісі ұйымдары бойынша деректер:

      1) өткен үш күнтізбелік ай үшін газ желісі ұйымдарының өткізу көлемдері бойынша;

      2) газ желісі ұйымдарының растаушы құжаттарды ұсыну шамасына қарай жобалық қуаттары бойынша жаңартуға жатады.

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газын беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
5-қосымша
  Нысан

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына электрондық сауда алаңдарынан тыс сұйытылған мұнай газын беру жоспары ________(жыл) ________(ай)

  тоннамен

р/с №

Өнім берушінің атауы, орналасқан жері

Жеткізу өңірі

Алушының атауы

Электрондық сауда алаңынан тыс алушы үшін берілетін сұйытылған мұнай газының көлемі, тонна
(Жүктеме деңгейі пайыздық қатынаста барлық өнім берушілер үшін бірыңғай белгіленеді)

Әрбір өңір үшін маркалары және партиялары бойынша бөлу арқылы

Түсіру орны

техникалық бутан

техникалық пропан-бутан

техникалық пропан

1

2

3

4

5

6

7

8

9










      Ескертпе: Өнім беру жоспары мыналарды қамтиды:

      1) № р/с – реттік нөмірі;

      2) өнім берушінің атауы , мекенжайы – өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, өндірушілердің тізбесі және олардың орналасқан жері;

      3) жеткізу өңірі –өтінімдер бойынша сұйытылған мұнай газы жеткізілетін облыс, республикалық маңызы бар қала, астана;

      4) алушының атауы - газ желісі ұйымдарының, мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың тізбесі;

      5) алушылар бөлінісінде электрондық сауда алаңдарынан тыс жеткізілетін сұйытылған мұнай газының көлемі,сондай-ақ жүктеме деңгейі пайыздық қатынаста барлық өнім берушілер үшін бірыңғай белгіленеді, тоннада;

      6, 7), 8) –сұйытылған мұнай газы маркалары бойынша бөлу: техникалық бутан, техникалық пропан-бутан, техникалық пропан;

      9) түсіру орны – аккредиттеу туралы куәлікте көрсетілген немесе сақтау (ауыстырып тиеу) шарты бойынша газды сақтауды жүзеге асыратын газ толтыру станциясының орналасқан мекенжайы, ал мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін сұйытылған мұнай газын шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар үшін – газды сақтауға арналған сыйымдылықтар;

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын беру жоспары ________(жыл) ________(ай)

  тоннамен

р/с №

Өнім берушінің атауы, орналасқан жері

Жеткізу өңірі

Электрондық сауда алаңы -арқылы алушы үшін берілетін сұйытылған мұнай газының көлемі, тонна

Әрбір өңір үшін маркалары және партиялары бойынша бөлу арқылы

техникалық бутан

техникалық пропан-бутан

техникалық пропан

1

2

3

4

5

6

7








      Ескерпе: Өнім беру жоспары мыналарды қамтиды:

      1) № р/с – реттік нөмірі;

      2) өнім берушінің атауы, мекенжайы – өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, өндірушілердің тізбесі және олардың орналасқан жері;

      3) жеткізу өңірі –өтінімдер бойынша сұйытылған мұнай газы жеткізілетін облыс, республикалық маңызы бар қала, астана;

      4) өңір бөлінісінде электрондық сауда алаңдары арқылы жеткізілетін сұйытылған мұнай газының көлемі, тоннада