Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 16 мамырдағы № 225 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 12 маусымда № 9508 тіркелді

Қолданыстағы

      «Aзаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 12-бабының 1-тармағы 4) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРAМЫН:
       1. Қоса беріліп отырған Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидалары бекітілсін.
       2. Aзаматтық қорғыныс департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеп, одан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жариялауды қамтамасыз етсін.
       3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор В.В. Петровқа жүктелсін.
       4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министр                                          В. Божко

Қазақстан Республикасы  
Төтенше жағдайлар министрінің
2014 жылғы 16 мамырдағы  
№ 225 бұйрығымен    
бекітілген       

Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

       1. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
       1) уәкілетті органның жедел резерві - белгілі бір номенклатура мен көлемдегі техника және материалдық құндылықтар, оның ішінде дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар запасы;
       2) жедел резервтен материалдық құндылықтарды шығару (пайдалану) - төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа шұғыл көмек көрсету үшін, сондай-ақ оқу-жаттығулар, машықтанулар және әзірлікті тексеру барысында зардап шеккен халық үшін іс жүзінде лагерьді өрістетуді жүргізу үшін жаңарту тәртібінде жедел резервтен материалдық құндылықтарды алып қою;
       3) жедел резервке материалдық құндылықтарды салу - жедел резервте сақтау үшін материалдық құндылықтарды қабылдау;
       4) жедел резервтің техникасы, материалдық құндылықтары, оның ішінде медициналық мақсаттағы дәрілік заттар - белгілі бір номенклатура мен көлемдегі төтенше жағдайлар туындаған кезде зардап шеккен халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз етуге арналған қажетті тауарлар;
       5) операция жүргізу - мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қою, сақтау, шығару және жаңарту;
       6) жедел резервті жаңарту - жедел резервтен материалдық құндылықтарды оларды сақтауға белгіленген мерзім өткенге дейін жедел резервке сондай мөлшердегі және тақылеттес сападағы құндылықтарды сонымен бір мезгілде немесе уақыт алшақтығымен сала отырып шығару;
       7) жедел резервке материалдық құндылықтарды жеткізу (толықтыру) - жедел резервтің материалдық құндылықтарын сатып алу және оларды сақтау пункттеріне жеткізу;
       8) жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері - жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
       9) жедел резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру - материалдық құндылықтарды сақтау орнынан қолдану орнына дейін және кері тікелей мақсаты бойынша тасымалдау;
       10) жедел резервті үйлестіруші - жедел резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізуге бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігінің Aзаматтық қорғаныс департаменті.

2. Уәкілетті орган жедел резервінің мақсаты

       2. Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резерві алдын ала құрылады және төтенше жағдай аймағындағы халыққа бірінші кезекте тіршілікті қамтамасыз етуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуге арналған.

3. Уәкілетті органның негізгі міндеттері мен функциялары

       3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) міндеті жедел резервті құру және қолдану болып табылады.
       4. Министрлік мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      жедел резервпен операция жүргізу, жедел резервтің материалдық құндылықтарын орналастыру, сақтау, толықтыру, олардың орнын ауыстыру, жаңарту және оларды нысаналы пайдалану кезінде осы Қағидалар талаптарын сақтау;
      Қазақстан Республикасының Үкіметіне жедел резервтің материалдық құндылықтарының көлемі мен қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      жедел резервтің материалдық құндылықтарын уақытында жаңғырту;
      жедел резервке материалдық құндылықтарды шығару немесе жеткізу туралы шешім қабылдау;
      жедел резервтің материалдық құндылықтарын сапалық және сандық сақталуын, есепке алуды және бақылауды қамтамасыз ету.

4. Уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтармен операция жүргізу

       5. Жедел резервке материалдық құндылықтарды жеткізу (толықтыру) қолданыстағы номенклатураға қатаң сәйкестікте жүргізіледі.
       6. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сатып алу кезекті қаржы жылына тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу жоспарының негізінде жүзеге асырылады.
       7. Жедел резервке жеткізілетін материалдық құндылықтар стандарт талаптарына, техникалық шарттарға жауап беруі, ұзақ мерзім сақтауға дайын, ал олардың сапалық жағдайы сертификаттармен, өнім паспорттарымен, сынақ хаттамаларымен немесе басқа тиісті құжаттармен расталған болуы тиіс.
       8. Жедел резервтің материалдық құндылықтары:
       1) дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар - «Aпаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында;
       2) техника, шатырлар, жиһаз мүлкі, шаруашылық мүлкі, тамақ өнімдері, жанар-жағар май материалдары, заттай мүлік, гигиеналық заттар, жууға арналған мүлік, киімді және ас үй ыдыстарын кептіру, кеңсе тауарлары, байланыс құралдары - Aзаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде сақталады.
       9. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды ұйымдастыру сағат сайын олардың орнын ауыстыруға әзірлігін қамтамасыз етуі тиіс.
       10. Ведомстволық бағынысты ұйымдар, Aзаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері сақтауға берілген жедел резервтің материалдық құндылықтарының сапалық және сандық сақталуына жауапкершілікте болады.
       11. Жедел резервті шығару (пайдалану) Төтенше жағдайлар министрінің немесе оның міндеттерін атқаратын вице-министрдің шешімімен жүзеге асырылады.
       12. Жедел резервтен материалдық құндылықтарды шығару (пайдалану):
       төтенше жағдайларда зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету және бірінші кезектегі тіршілікті қамтамасыз ету;
      жаңартуға байланысты;
      оқу-жаттығулар, машықтанулар және әзірлікті тексеру барысында зардап шеккен халыққа лагерьді өрістету бойынша жеке құрамның іс-қимылдарын іс жүзінде пысықтау жағдайларында жүзеге асырылады.
       13. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сандық есепке алуды, қолдануды ұйымдастыруды, операция жүргізуді, олардың орнын ауыстыруды, жаңартуды, пайдалануды, толықтыруды жүргізуді жедел резервтің үйлестірушісі жүзеге асырады.
       14. Пайдаланылған жедел резервтің материалдық құндылықтары республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеуге жатады.
       15. Мақсаты бойынша пайдаланғаннан кейін техника, шатырлар, жиһаз мүлкі, шаруашылық мүлкі тиісті техникалық қызмет көрсетуге (жөндеуге) және кейіннен жедел резервке салуға жатады.
       16. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтау орындарынан мақсаты бойынша пайдалану орындарына дейін және кері орнын ауыстыру Төтенше жағдайлар министрінің шешімімен айқындалатын көлік құралдарымен жүзеге асырылады

5. Уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтарын жаңарту тәртібі

       17. Жедел резервтің материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің шешімі негізінде сақтау, жарамдылық мерзімдерінің аяқталуына немесе тозуына қарай жаңартылады.
       18. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын уақтында жаңарту жауапкершілігі «Aпаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемелерінің басшыларына және Aзаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің командирлеріне жүктеледі.
       19. Жедел резервтің материалдық құндылықтарының жарамдылық (сақтау) мерзімдері аяқталу кезеңінде немесе мақсатқа сай пайдаланғаннан кейін «Aпаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемелерінің басшылары және әскери бөлімдердің командирлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің атына оларды жаңартуға өтінім береді, онда жаңартуға жататын материалдық құндылықтарды жаңарту себебі, олардың тізбесі, көлемі (саны) және құны көрсетіледі.
      Пайдаланған кезде жедел резервтің материалдық құндылықтарының толық тозуы себебі бойынша шекті, жарамсыз жай-күйде болған жағдайда өтінімдерге одан әрі материалдық құндылықтарды қолдануға жарамсыздығы туралы комиссияның қорытындысымен техникалық жай-күйінің тиісті актілері қоса берілуі тиіс. Техникалық жай-күйі актілеріне шекті, жарамсыз жай-күйді растайтын фотографияларды қоса алғанда, қажетті материалдар қоса берілуі тиіс
       20. Берілген өтінімдер негізінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің тиісті бұйрығы әзірленеді, онда жедел резервтің жаңартылатын материалдық құндылықтарын одан әрі пайдалану және толтыру тәртібі көрсетіледі.
       21. Жедел резервтің тамақ өнімдерін әскери бөлімдердің ағымдағы үлесінің тамақ өнімдері есебінен тең мөлшерде жаңартуға рұқсат беріледі. Бұл ретте өнімдердің сол немесе өзге атауларының жарамдылық мерзімдеріне сәйкес жаңарту жоспарлылығын ескеру керек.
      Тамақ өнімдерін жаңарту үшін бөлім командирі 3 жылға арналған перспективамен тамақ өнімдерін жаңарту кестесін әзірлейді және жедел резервтің үйлестірушісіне бекітуге ұсынады, оған сәйкес жыл сайын тиісті бұйрық шығарылады, онда жедел резервтің жаңартылатын және жедел резервке салынатын ағымдағы үлестегі тамақ өнімдерінің саны көрсетіледі.
       22. Дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды жаңарту «Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығының «Запастарды есепке алу тәртібі» 8-тарауына және «Өткізуге және медициналық қолдануға жарамсыз дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 қаңтардағы № 26 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.