Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 16 мамырдағы № 225 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 12 маусымда № 9508 тіркелді.

Жаңартылған

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспесі жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 20.01.2021 № 18 (ресми жарияланған бірінші күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әдiлет" ақпараттық-құқықтық жүйесiнде жариялауды қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 25.02.2015 № 154 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасына (В.В. Петров) жүктелсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 25.02.2015 № 154 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Божко

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2014 жылғы 16 мамырдағы
№ 225 бұйрығымен
бекітілген

Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 05.02.2024 № 38 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) уәкілетті органның жедел резерві - белгілі бір номенклатура мен көлемдегі техника және материалдық құндылықтар (бұдан әрі - материалдық құндылықтар), оның ішінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдардың запастары;

      2) жедел резервтен материалдық құндылықтарды шығару (пайдалану) - төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа шұғыл көмек көрсету үшін, сондай-ақ оқу-жаттығулар, машықтанулар және әзірлікті тексеру барысында зардап шеккен халық үшін іс жүзінде лагерьді өрістетуді жүргізу үшін жаңарту тәртібінде жедел резервтен материалдық құндылықтарды алып қою;

      3) жедел резервке материалдық құндылықтарды салу – жедел резервте сақтау үшін материалдық құндылықтарды қабылдау;

      4) жедел резервтің материалдық құндылықтары, оның ішінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдар - белгілі бір номенклатура мен көлемдегі төтенше жағдайлар туындаған кезде зардап шеккен халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз етуге арналған қажетті тауарлар;

      5) жедел резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу - мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қою, сақтау, ұстау, шығару және жаңарту;

      6) жедел резервті жаңарту - жедел резервтен материалдық құндылықтарды оларды сақтауға белгіленген мерзім өткенге дейін жедел резервке сондай мөлшердегі және тақылеттес сападағы құндылықтарды сонымен бір мезгілде немесе уақыт алшақтығымен сала отырып шығару;

      7) жедел резервке материалдық құндылықтарды жеткізу (толықтыру) - жедел резервтің материалдық құндылықтарын сатып алу және оларды сақтау пункттеріне жеткізу;

      8) жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері - жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      9) жедел резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру - материалдық құндылықтарды сақтау орнынан қолдану орнына дейін және кері тікелей мақсаты бойынша тасымалдау;

      10) жедел резервтің үйлестірушісі – жедел резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізуге бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті;

      11) жедел резервтің материалдық құндылықтарын ұстау - жедел резервтің материалдық құндылықтарын тиісті жағдайда ұстауға бағытталған пайдалану және жөндеу жөніндегі қызмет.

2-тарау. Уәкілетті орган жедел резервін құру және пайдалану

      2. Aзаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резерві алдын ала құрылады және төтенше жағдай аймағындағы халыққа бірінші кезекте тіршілікті қамтамасыз етуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге, Қазақстан Республикасы аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуге пайдаланады.

3-тарау. Уәкілетті орган жедел резервінің материалдық құндылықтармен операция жүргізу

      3. Жедел резервке материалдық құндылықтарды жеткізу (толықтыру) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы № 56 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26870 болып тіркелген) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен көлемімен қатаң сәйкестікте жүргізіледі.

      4. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сатып алу кезекті қаржы жылына тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді мемлекеттік сатып алу жоспарының негізінде жүзеге асырылады.

      5. Жедел резервке жеткізілетін материалдық құндылықтар стандарт талаптарына, техникалық шарттарға жауап береді, ұзақ мерзім сақтауға дайын, ал олардың сапалық жағдайы сертификаттармен, өнім паспорттарымен, сынақ хаттамаларымен немесе басқа тиісті құжаттармен расталады.

      6. Жедел резервтің материалдық құндылықтары:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар – Министрліктің "Апаттар медицинасы орталығы" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – "Апаттар медицинасы орталығы" ММ) филиалдарында;

      2) техника, шатырлар, шаруашылық мүлкі, заттай мүлік, гигиеналық құралдар – Министрліктің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарында сақталады.

      7. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды ұйымдастыру олардың орнын ауыстыруға әзірлігін, сондай-ақ осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес зардап шеккен халыққа арналған шатырлы қалашықтың құрылымына сәйкес зардап шеккен халық үшін шатырлы қалашықты өрістетуді қамтамасыз етеді.

      8. "Апаттар медицинасы орталығы" ММ филиалдары, азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдары сақтауда жатқан жедел резервтің материалдық құндылықтарының сапалық және сандық сақталуына жауапкершілікте болады.

      9. Жедел резервті шығару (пайдалану) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің немесе оның міндетін атқаратын тұлғаның шешімімен жүзеге асырылады.

      10. Жедел резервтен материалдық құндылықтарды шығару (пайдалану):

      төтенше жағдайларда зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету және бірінші кезектегі тіршілікті қамтамасыз ету;

      жаңартуға байланысты;

      оқу-жаттығулар, машықтанулар және әзірлікті тексеру барысында зардап шеккен халыққа лагерьді өрістету бойынша жеке құрамның іс-қимылдарын іс жүзінде пысықтау жағдайларында жүзеге асырылады.

      11. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сандық есепке алуды, қолдануды ұйымдастыруды, операция жүргізуді, олардың орнын ауыстыруды, жаңартуды, пайдалануды, толықтыруды жүргізуді жедел резервтің үйлестірушісі жүзеге асырады.

      12. Пайдаланылған жедел резервтің материалдық құндылықтары республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеуге жатады.

      13. Мақсаты бойынша пайдаланғаннан кейін техника, шатырлар, шаруашылық мүлкі, байланыс құралдары тиісті техникалық қызмет көрсетуге (жөндеуге) және одан әрі жедел резервке салуға жатады.

      14. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын сақтау орындарынан мақсаты бойынша пайдалану орындарына дейін және кері орнын ауыстыру Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің немесе оның міндетін атқаратын тұлғаның шешімі бойынша көлік құралдарымен жүзеге асырылады.

      15. Жедел резервтің материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің немесе оның міндетін атқаратын тұлғаның шешімі негізінде сақтау, жарамдылық мерзімдерінің аяқталуына немесе тозуына қарай жаңартылады.

      16. Жедел резервтің материалдық құндылықтарын уақытында жаңарту жауапкершілігі "Aпаттар медицинасы орталығы" ММ басшыларына және aзаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің командирлеріне және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарының бастықтарына жүктеледі.

      Жаңарту осы Қағиданың 15 тармағына сәйкес көзделген адамның шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 маусымдағы № 567 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11808 болып тіркелген) Жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелеріне жәрдем көрсетуі үшін материалдық-техникалық жарақтандыру, ғимараттар мен құрылыстарды салу, реконструкциялау және жөндеу тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      17. Жедел резервтің материалдық құндылықтарының жарамдылық (сақтау) мерзімдері аяқталу кезеңінде немесе мақсатқа сай пайдаланғаннан кейін "Апаттар медицинасы орталығы" ММ басшылары, азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің командирлері және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық органдарының бастықтары жедел резервті үйлестірушінің атына оларды жаңартуға өтінім береді, онда жаңартуға жататын материалдық құндылықтарды жаңарту себебі, олардың тізбесі, көлемі (саны) және құны көрсетіледі

      Пайдаланған кезде жедел резервтің материалдық құндылықтарының толық тозуы себебі бойынша шекті, жарамсыз жай-күйде болған жағдайда өтінімдерге одан әрі материалдық құндылықтарды қолдануға жарамсыздығы туралы комиссияның қорытындысымен техникалық жай-күйінің тиісті актілері қоса беріледі. Техникалық жай-күйі актілеріне шекті, жарамсыз жай-күйді растайтын фотографияларды қоса алғанда, қажетті материалдар қоса беріледі.

      18. Дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды жаңарту "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 250-бабына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларының "Қорларды есепке алу тәртібі" 8-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

  Азаматтық қорғау саласындағы
уәкілетті орган жедел резервінің
материалдық құндылықтарымен
операция жүргізу, олардың
орнын ауыстыру, пайдалану,
толықтыру қағидаларына
қосымша

Зардап шеккен халыққа арналған шатырлы қалашығының құрылымы

      Ескерту. Қағидалары қосымшамен толықтырылды – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 05.02.2024 № 38 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

р/с №

Шатыр қалашығының әкімшілігі

Адам саны


Әкімшілік


1.

Шатырлы қалашығының бастығы

1

2.

Шатырлы қалашығы бастығының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары

1

3.

Шатырлы қалашығы бастығының МТҚЕ жөніндегі орынбасары

1

4.

Жедел қызметкерлері

2


Қарсы алу және тіркеу пункті


5.

Пункт бастығы

1

6.

Техникалық қызметкерлер – патруль

4


Медициналық тексеру пункті


7.

Пункт бастығы

1

8.

Дәрігер - хирург

1

9.

Дәрігер - терапевт

1

10.

Дәрігер - педиатр

1

11.

Медбике

2


Тарату пункті


12.

Пункт бастығы

1

13.

Техникалық қызметкерлер

4


Қауіпсіздікті қамтамасыз ету пункті


14.

Пункт бастығы - комендант

1

15.

Техникалық қызметкерлер

8


Тылдық және материалдық қамтамасыз ету пункті


16.

Пункт бастығы

1

17.

Қоймашылар

2

18.

Техникалық қызметкерлер

2


Асхана (су тарату пункті)


19.

Аспазшы

3

20.

Шаруашылық қызметкерлері

5


Байланыс пункті


21.

Техникалық қызметкерлер

2


Өрт сөндіру бекеті


22.

Қызметкерлер

4


Автопарк


23.

Автопарк күзеті

4

24.

Жүргізушілер

19


Барлығы

72