«Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Қ.Б.Әбсаттаров):
1) осы бұйрықты заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсында ресми жариялауды және мемлекеттік органдар интранет-порталында (МОИП) орналастыруды;
3) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы Р. Скляр
Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация министрінің
міндетін атқарушы
2013 жылғы 05 қыркүйектегі
№ 689 бұйрығымен бекітілген
Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын
пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағидалар Қазақстан Республикасы аумағында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану тәртібін айқындайды.
3. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының негізгі міндеттері:
1) нақты уақыт режимінде арнайы бейнебақылау камерасының және өлшеу құралдарының көмегімен автомобиль жолдарындағы көлік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг;
2) отандық және шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасы аумағында белгіленген рұқсат етілген көлемдік және салмақтық өлшемдердің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылау;
3) автомобиль жолдары желісінің және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының уақытынан бұрын нормативтік емес тозуын төмендету;
4) отандық және шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуін бақылау арқылы автомобильмен тасымалдаудың қауіпсіздігін арттыру;
5) Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль көлігі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, тыйым салу және анықтау процесін автоматтандыру.
4. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
1) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;
2) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото -, бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автокөлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және (немесе) көлемдік параметрлерін және қозғалыс жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық жабдығы;
3) көлік құралдарын өлшеу – міндетті метрологиялық тексеруден өткен және тиісті сертификаты бар стационарлық үлгідегі салмақ өлшеу жабдығы немесе тасымалданатын ұтқыр таразылар көмегімен автокөлік құралдарының жалпы массасы мен білікке түсетін жүктемесін анықтау процесі;
4) қатты жол қаптауы – жабындысы немесе цемент бетон немесе темір бетон негізіндегі жол қаптауы;
5) қатты емес жол қаптауы – қабаттары асфальт бетонның бірнеше түрінен, битуммен, цементпен, әкпен бекітілген кешенді және басқа да тұтқыр материалдардан, сондай-ақ әлсіз байланған қиыршықты материалдардан жасалған жол қаптауы;
6) өлшеу ауытқуы – өлшеу нәтижесінің өлшеніліп жатқан шаманың ақиқат (анық) мәнінен ауытқуы.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын
пайдаланудың тәртібі
5. Қазақстан Республикасы аумағында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында орналыстырылады.
6. Автокөлік құралдарын қозғалысты өлшеу стационарлық үлгідегі арнайы автоматтандырылған салмақ өлшеу құралында жүргізіледі.
6-1. Автокөлік құралдарының салмақтық параметрлерін анықтаған кезде автокөлік құралы салмағының өлшенген мәнінен көліктік деректер қоры мен тасымалдау қауіпсіздігі динамикасының мониторингі ақпараттық талдау жүйесімен (бұдан әрі – КДҚ АТЖ) автоматты түрде шегерілетін жол қаптауы конструкциясының типіне қарай өлшеу ауытқуы ескеріледі.
Өлшеу ауытқуы қатты жол қаптауы болған кезде: автокөлік құралдарының салмағынан – 5%, автокөлік құралдарының дара білікке түскен жүктемесінен – 8%, жүк, арнайы бейімделген және арнаулы автомобильдердің, өзі аударғыштың, автобустың, тіркемелердің немесе жартылай тіркемелердің біліктер саны үштен асатын сабақтас білікке, қосарланған және үштік біліктерге түскен жүктемесінен – 7% құрайды;
Өлшеу ауытқуы қатты емес жол қаптауы болған кезде: автокөлік құралдарының салмағынан – 10%, автокөлік құралдарының дара білікке түскен жүктемесінен – 15%, жүк, арнайы бейімделген және арнаулы автомобильдердің, өзі аударғыштың, автобустың, тіркемелердің немесе жартылай тіркемелердің біліктер саны үштен асатын сабақтас білікке, қосарланған және үштік біліктерге түскен жүктемесінен – 13% құрайды.
Ескерту. Қағида 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
7. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын тексеру «Өлшеу бірлігін қамтамасыз ету туралы» 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы мынадай функцияларды орындайды:
1) жүріп өтетін автокөлік құралдарын тіркеп, КДҚ АТЖ-ге тиісті мәліметтерді жіберу;
2) автокөлік құралдарды түрі бойынша жіктеу;
3) автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін байқап тану;
4) рұқсат етілген салмақтық және көлемдік өлшемдердің асыруын анықтау;
5) есептік деректерді қалыптастыру;
6) деректерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің Ахуал орталығының (бұдан әрі – Ахуал орталығы) КДҚ АТЖ-ге жіберу.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
9. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралымен автомобиль жолдарында автокөліктік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг мынадай тәртіппен жүзеге асады:
1) автокөлік құралы арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы арқылы жүріп өтеді;
2) нақты уақыт режимінде автокөлік құралының түрі анықталады, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі оқылады, салмақтық және (немесе) көлемдік өлшемдері анықталады, жүріп өтудің 4 данада сурет тіркелуі жүргізіледі (алдынан көрініс, бүйірден көрініс, алдыннан және артынан мемлекеттік тіркеу нөмірі);
3) аппараттық-бағдарламалық кешен қабылданған деректерді (сурет, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер арасындағы қашықтық, доңғалақтардың еңкулігі, жалпы салмағы, білікке түсетін жүктемелер, көлемдік өлшемдері және т.б.) тіркеп, өңдейді;
4) автокөлік құралдарының салмақтық габариттік параметрлерінің асуы анықталған кезде автокөлік құралы туралы фотобейне мен ақпарат бұзушылықтар туралы есепті қалыптастыру үшін КДҚ АТЖ-де сақталады;
5) өлшеу нәтижелері бойынша жүргізушіні хабардар ету мақсатында ауыспалы ақпарат тақтасында (тақта болған жағдайда) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер бойынша асыру және жалпы салмағы туралы ақпарат көрсетіледі.
6) алыстан бақылаудың барлық функциялары Ахуал орталығына арнайы автоматтандырылған өлшеу құралының байланыстың арналары арқылы түседі.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.