Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2013 жылғы 05 қыркүйектегі № 689 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 07 қазанда № 8788 тіркелді.

Жаңартылған

      "Автомобиль көлігі туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Қ.Б.Әбсаттаров):

      1) осы бұйрықты заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің интернет-ресурсында ресми жариялауды және мемлекеттік органдар интранет-порталында (МОИП) орналастыруды;

      3) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ. Бектұровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация министрінің
міндетін атқарушы
2013 жылғы 05 қыркүйектегі
№ 689 бұйрығымен бекітілген

Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасы аумағында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану тәртібін айқындайды.

      3. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының негізгі міндеттері:

      1) нақты уақыт режимінде арнайы бейнебақылау камерасының және өлшеу құралдарының көмегімен автомобиль жолдарындағы көлік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг;

      2) отандық және шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасы аумағында белгіленген рұқсат етілген көлемдік және салмақтық өлшемдердің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылау;

      3) автомобиль жолдары желісінің және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының уақытынан бұрын нормативтік емес тозуын төмендету;

      4) отандық және шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуін бақылау арқылы автомобильмен тасымалдаудың қауіпсіздігін арттыру;

      5) Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль көлігі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, тыйым салу және анықтау процесін автоматтандыру.

      4. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;

      2) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы – метрологиялық салыстырып тексеруден өткен, фото -, бейнетүсірілімді жүзеге асыратын, автоматты режимде жұмыс істейтін, автокөлік құралдарының түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмақтық және (немесе) көлемдік параметрлерін және қозғалыс жылдамдығын тіркейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық жабдығы;

      2-1) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы дұрыс өтпеу – арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары арқылы автокөлік құралдарының тұтас таңбалау сызығын басып немесе қиып өтуі, қарсы қозғалыс жолағына шығып өтуі, жылдамдық режимін бұзып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тіркеу нөмірлік белгілері жоқ көлік құралдарының жүріп өтуі, өлшеу аумағында тежеумен, үдеумен немесе тоқтап жүріп өтуі;

      3) көлік құралдарын өлшеу – міндетті метрологиялық тексеруден өткен және тиісті сертификаты бар стационарлық үлгідегі салмақ өлшеу жабдығы немесе тасымалданатын ұтқыр таразылар көмегімен автокөлік құралдарының жалпы массасы мен білікке түсетін жүктемесін анықтау процесі;

      4) алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      5) алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6) өлшеу ауытқуы – өлшеу нәтижесінің өлшеніліп жатқан шаманың ақиқат (анық) мәнінен ауытқуы.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.09.2018 № 677 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдаланудың тәртібі

      5. Қазақстан Республикасы аумағында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында орналыстырылады.

      6. Автокөлік құралдарын қозғалысты өлшеу стационарлық үлгідегі арнайы автоматтандырылған салмақ өлшеу құралында жүргізіледі.

      6-1. Автокөлік құралдарының салмақтық параметрлерін айқындаған кезде көліктік дерекқор мен тасымалдау қауіпсіздігі динамикасының мониторингі ақпараттық талдау жүйесі (бұдан әрі – КДҚ АТЖ) автокөлік құралы салмағының өлшенген мәнінен автоматты түрде шегеретін өлшеу ауытқуы ескеріледі.

      Жүк автокөлік құралдарының біліктік жүктемелерін өлшеу кезінде шекті рұқсат етілген қателігі немесе дәлдік тобы осьтік жүктің өлшенетін массасынан – 10% құрайды.

      Жүк автокөлік құралдарынының осьтік жүктерін және жалпы массасын өлшеу кезінде шекті рұқсат етілген қателігі немесе дәлдік тобы осьтік жүктің немесе осьтік топтың өлшенетін массасынан – 3% құрайды.

      Ескерту. Қағида 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 23.02.2016 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      7. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын тексеру "Өлшеу бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы мынадай функцияларды орындайды:

      1) жүріп өтетін автокөлік құралдарын тіркеу, кейін тиісті мәліметтерді КДҚ АТЖ-ге жіберу;

      2) автокөлік құралдарды түрі бойынша жіктеу;

      3) автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін айырып тану;

      4) рұқсат етілген салмақтық немесе габариттік параметрлердің асуын анықтау;

      5) есептік деректерді қалыптастыру;

      6) деректерді Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Ахуалдық орталықтың (бұдан әрі – Ахуалдық орталық) КДҚ АТЖ-ге жіберу;

      7) автокөлік құралдарының дұрыс өтпеуін айқындау.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.09.2018 № 677 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      9. Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралымен автомобиль жолдарында автокөліктік құралдарының қозғалысын бақылау және мониторинг мынадай тәртіппен жүзеге асады:

      1) автокөлік құралы арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы арқылы жүріп өтеді;

      2) нақты уақыт режимінде автокөлік құралының түрі анықталады, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі оқылады, салмақтық және (немесе) көлемдік өлшемдері анықталады, жүріп өтудің 4 данада сурет тіркелуі жүргізіледі (алдынан көрініс, бүйірден көрініс, алдынан және артынан мемлекеттік тіркеу нөмірі);

      3) аппараттық-бағдарламалық кешен қабылданған деректерді (сурет, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер арасындағы қашықтық, доңғалақтардың еңкулігі, жалпы салмағы, білікке түсетін жүктемелер, көлемдік өлшемдері және т.б.) тіркеп, өңдейді;

      4) автокөлік құралдарының салмақтық габариттік параметрлерінің асуы анықталған кезде автокөлік құралы туралы фотобейне мен ақпарат бұзушылықтар туралы есепті қалыптастыру үшін КДҚ АТЖ-де сақталады;

      5) өлшеу нәтижелері бойынша жүргізушіні немесе тасымалдаушыны хабардар ету мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылған жерде визуалды шолу үшін қолжетімді жерде орналасқан ауыспалы ақпарат тақтасында (тақта болған жағдайда) автокөлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі, біліктер бойынша асыру және жалпы салмағы туралы ақпарат көрсетіледі.

      Электронды тақтада көрсетілген рұқсат етілген салмақтық габариттік параметрлерінің асқандығы туралы ақпаратпен келіспеген жағдайда автокөлік құралын жүргізуші немесе тасымалдаушы жүру бағыты бойынша жақын көлік бақылау бекетінде ерікті түрде автокөлік құралын қайта өлшеуден өтеді;

      6) алыстан бақылаудың барлық функциялары Ахуалдық орталыққа арнайы автоматтандырылған өлшеу құралының байланыс арналары арқылы түседі.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.09.2018 № 677 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 18.11.2021 № 602 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.